31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1997 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан осы бір санадағы салмағы ауыр күнге қатысты бұл материалда қазақ шекарасының солтүстік-шығыс бетінде өмір сүрген Мінәт Шамовтың өмір жолы арқау болды.
Мінәт Шамов – қазіргі Ресейдің Алтай Республикасы, Қосағаш ауданында туып-өскен қазақ. Өз заманының еті тірі, атқамінер адамдарының бірі болған Мінәт Шамовтың айтыскер ақын болғандығы айтылады. Ол Қосағаш ауданындағы алғашқы қазақ мектепті негіздеуші болды. 20-30 жылдарда Шүй өңірінде жүрілген қым-қуыт оқиғалардың бел ортасында жүрген азаматтың ақыры басына бұлт үйіріліп, ұсталып кете барады.
Мінәт Шамов пен оның ата-бабаларының басынан кешкен тағдыр жолына көз жүгірткенде, өткен ғасырлардағы зобалаңды жылдардың тамыры тереңде жатқанын көруге болады. 1927 жылы әйгілі шығыстанушы-түрколог ғалым, КСРО ҒА академигі Александр Николаевич Самойлович (1880-1938) Шүй немесе Қосағаш қазақтарының тілі, тарихы, мәдениеті жайлы зерттеу жүргізу үшін 1927 жылы маусым айында осы өңірге келеді. 1938 жылы өзі де қызыл террордың құрбаны болған атақты ғалым өзінің осы сапары жайындағы «Ойрат автономиялы облысы, Қосағаш аймағының қазақтары» атты еңбегінде былай деп атап көрсетеді: «Мен 1927 жылы Шүй даласында болғанымда екі қазақ: Мінәт Шамов пен Дүйсенір маған мынаны айтып берді. Шыңғыстай ауданынан 54 Жыл бұрын Қытайдан найман тайпасының қаратай, самай және қаракерей (менің ақпарат берушілерімнің бірі тек қаратай мен қаракерейді ғана атады) рулары қашып келгенін айтты. Бұл қазақтар 10 жылдан соң аз-аз тобымен Қалуты, Үкек, Жазатыр, Жұмалы, Аюты, одан соң Дарқыты, Шағанбұрғыс, ары қарай Қаратал, Төбелер, Қарашатқа қарау тілеуіт жеріне көшіп орналасқаны туралы айтты. Қазақтар тілеуіт жерін зайсандарға сый беріп жүріп алған. М.Шамовтың елі Құлжабай ауылы 35 жыл бұрын (1892 жылы) Шүйге 35 жыл бұрын қоныстанған.»
Және де А.Н.Самойловичтің көрсетуінше Мінәт Шамов өзінің ата-тегін былай деп таратып береді: «Маған мәлімет беруші қазақтар өздерінің аталық бөліктерін ру емес, сүйек деп атайды және Шамов өзінің шежірелік тізбегін былай таратады: Найман, Ергенекті, Көкжарлы, Қаратай, Бораншы, Сарғалдақ, Сары, Өтетілеу, Құлжабай, Отыншы, Бұйдахан, Әміре, Шам, Мінәт».
Суретте: солдан - академик А.Н.Самойлович, ортадағы шошақ қалпақты - Мінәт Шамұлы
Алты қаратай аталатын қара орман елдің бір бұтағы болушы осы бір әулеттің шежірелік тізбегіне ой жүгіртсек, сонау ұлы атасы Бұйдаханнан бастап, Мінәттің өзіне, балаларына дейін жалғасқан, Алтайдың төрт пұшпағын айнала бұйда созған ұзақ-сонар мәжбүрлі көш сорабын көреміз. Бұл мәжбүрлі көшке түрткі болған не еді? Оның жауабын Шүй қазағынан шыққан даңғылкөкірек шежіреші, өлкетанушы, жазушы Пионер Мұхтасыровтың «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» (Алматы: «Фолиант», 2013) кітабынан табамыз: «Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Шындығатайға орыстар қаптап кетеді. Орыстар сұраусыз жерге кіріп алды, «бірге отырам десеңдер крест тағынып, орыстың дінін қабылдайсыңдар», - деді. «Алған жерін алсын, дініне кірмейміз», - десіп ру басылары Алтай тауын айнала жер іздей бастады. Ол уақытта шекара дегеннің не екенін білмейтін кез». Міне осылайша Шындығатай өңірінен қазақтарды қуу басталған еді. Қуғанда, әрине түп қопарылып бәрі кеткен жоқ, азайтып отырған. «Шыңғыстай болысының қазақтары 200 жыл бойы жайлап келген Шабанбай жайлауы 1867 жылы «кабинеттік» жер (яғни, Романовтар әулетінің үлес жері) ретінде тартып алынды да, қазақтар Бұқтырманың сол жағалауы мен Тарбағатай аралығына ығыстырылды», - деп жазады Сәбит Мұқановтың баласы Мәлік Мұқанов (М.Мұқанов. Қазақ жерінің тарихы. Алматы: 1994). Міне осы кезде атакүлдік мекені кабинеттік жерге кірген қазақ руларына басқа өңірлерге еріксіз табан аударып көшкеннен басқа жол жоқ еді. «Кабинет жері» дейтін жер – орыс патшасының өз мүлкі, Том губернесіндегі Алтайск округтегі кабинет жерінің мөлшері 45 миллион десятина. Орыс қол астындағы Алтай тауының бəрі осы кабинет жерінің ішінде», - деп жазған еді кезінде, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов. (ҚЫР БАЛАСЫ, «Қазақ», № 10, 1913 жыл).
1867-жылы Қаратайдың ежелгі қонысы, Отыкеннің жүрегі Шабанбайды ақ патша жекеменшігім деп жариялап қызына тарту етті. Бұқтырмадан ат суарып, жағасында ат шалдырған «аборигендерді» сотсыз-заңсыз атып тастап, «жакан – и дух долой» дейтұғын жазылмаған заң шығарған, - деп жазады осы өңірдің төл перзенті, әйгілі жазушы Қалихан Ысқақов.
Құлжабайдан тарайтын Отыншының бес баласы – Қалдеке, Жәйдеке, Бұйдахан, Тұрдыбай, Тұрдыбек. Бес «Отыншы» атанған осы аталардың ішінде Қалдеке би атанып, өзіне қараған елді бастап көше-көше Қытайға қараған Ертіс басы Өр Алтайға дейін жетеді. Мұнда да тұрақтап қала алмай, Алтайдың Қобда бетіне, қазіргі Монғолияның Баян-Өлгий аймағының Делуін өлкесіне келіп аз жыл тұрақтайды. «Көшкен елдің бұқасын, тұрғылықты елдің бұзауы қорқытады» дегендей, мұнда да жергілікті ұраңқайлардың қыспағына ұшырап, Қалдеке би қақтығыста қайтыс болады. Қалдеке бидің баласы Абдолла өз руы құлжабай мен өзге де аталықтарды бастап, 1880 жылдың арғы-бергі жағында Алтайдың терістігі Шүйге келіп қоныстанады. Бұл өлкеге қоныстанудың бір себебі – бұл қазақтар әу баста Том губерниясының халқы болып саналушы еді. Шүйге ығысқан көш тек Қобда беттен ғана емес, Шыңғыстайдан тікелей де келеді. Пионер Мұхтасыров ақсақал өз кітабында келтірген мынау бір жыр – сол ел-жерден ауа көшкен елдің зарлы жоқтауы екен:
Тағдырдың тауқыметін тартқан елім,
Аз жүгін ала өгізге артқан елім.
Шалқыған Шабанбайын артқа тастап,
Кеттік қой бөтен жерге телім-телім.
Шабанбай, қайта дәмің татамыз ба?
Сыйындық аруақты айтып атамызға.
Топырақ туған жерден бұйырмаса,
Томпайып бөтен жерде жатамыз да.
Біз сөйтіп жылай-жылай кетеміз-ау,
Дәм тартқан бөтен жерге жетеміз-ау.
Жыр қылып артта қалған туған жерді,
Зар жылап бұл дүниеден өтеміз-ау.
Жер бетіндегі жұмақтай болған Шабанбайдан осылайша еркісіз қоныс аударған бұл ел айналасы қырық-елу жыл ішінде Шүй даласына ендеп кіріп, әбден қоныс теуіп үлгереді. Шүй мен Катонның арасында жатқан Жазотыр өңірінде де атақоныстағы Әбдікәрім болыс пен Бұйдаханұлы Ақы болыстың екеуіне де тараптас бір қауым ел бар, барлығы ру-руымен мекендеп жатқан еді. Бұл туралы А.Н.Самойлович мынадай мәліметті келтіреді: Шүй даласындағы ең беделді рулық бөліктер мыналар: Құлжабай, одан соң жетіген, одан кейін дәулет. Төңкеріске дейін жоғарда атап көрсеткеніміздей, Шүй қазақтың бейресми басшысы Ақы Бұйдаханов – құлжабай буынынан шыққан болса, төңкерістен кейінгі көрнекті қоғам қайраткері, маған мәлімет беруші Мінәт Шамов та осы атаға жатады. Қазақтар Қосағашта орналасқан жалпыаймақтық кеңес мекемелері жұмсына араласып отырады. Мен атап өткен М.Шамов аймақтық шауарлардың өзара көмек кооперативінің төрағасы.» Қазақтар Қалдеке немересі, Абдолла ұлы Шәкірт қажы өз заманында Томскідегі губернаторға барып Шүй қазақтарына жер бөлдіртіп, жергілікті тілеуіттермен тең құқылы болдырған еді. Осылайша Шүй өңірінің тұрақты тұрғыны болып, әбден тұрақтай бастаған еді.
«Шүй жері малға жайлы, шөбі шүйгін», -
Дедік те көшіп келдік қылмай күйбің.
Қыс демей, жаз да демей көші жүріп,
Пайдасын сонда көрдік киіз үйдің.
Ескірді ескі қайғы жылдар өтті,
Жас өсіп, жарлы байып, ұл ер жетті.
Жалғасып ұрпағымыз өскеннен соң,
Шүй бойы атамекен болып кетті.
Шүйге бауыр басып, аз жыл тыныштық тапқан қазақтардың мазасы Ресейдегі төңкерістер мен соғыстардың салдарынан бек кетеді. Қысылғанда қара бала сары қазанның қамы үшін Монғолияға да ауып барып қайта оралады. Бұл заман қандай заман еді: «Ақтар келіп, тамақ керек, көлік керек деп, сұрап әуре болмай-ақ, берсе қолынан, бермесе жолынан, күшпен қорқытып алып кетсе, артынан қызылдар келіп тағы соны істеді. Ағын ақтау керек пе, қызылын жақтау керек пе, халық не істерін, қайда барып күн көрерін білмей сандалған уақыт болды», - депжазады Пионер ақсақал. Осылайша ақ пен қызылдың табанында тозуға айналғанда, қызылдар біржола жеңістік алып, енді ғана саябырси бастағанда коллективтендіру, байлардың мүлкін тәркілеп итжеккенге айдау науқаны басталады. П.Мұхтасыров ақсақал өз кітабында былай деп жазады: «Ертеден де бейбіт өмір сүріп, тыныш жатып көрмеген елге, жер әлемді дүр сілкіндірген кеңес өкіметі де келіп жетті. Олар келе сала құдайсыздар ұйымын құрып, елдің жақсылары мен жайсаңдарын атты, Сібірге айдап, жоғалтудың неше түрлі тұрпайы амалдарын қолға алды. Кешегі ел басқарғандардың тұқымы жау саналды, имандылыққа шақырған молдалар қор саналды. Үкімет соларды біржола қырып, құртуды мақсат етті. Өстіп талай боздақтар кетті ғой.»
Сталиндік қуғын-сүргіннің зардабынан торғай-тоз болған елдің бас көтерер азаматының бірі Мінәт Шамов бастабында осы елде мектеп салдырып, қоғамдық жұмысқа белсене араласып тұрған себепті қолға алына қоймайды. Ол 1925 жылдан бастап мектеп салуға кірісіп, Абдолла бидің ағаш үйін бұздырып әкелдіреді. Бес жылдың ішінде мектепті салдырып бітеді. Ақыры салдырған құрылысының есебінде кемшілік бар деген желеумен ұсталып, үш жылға сотталып бара жатқанда екі адамның кепілімен босап шығып, өзінің ақ екенін дәледеуге Мәскеудегі Жоғарғы сотқа дейін барып, қабылдауға кіре алмаған соң, амалсыз өзіне кепілдік берге адамдарға хат жазып, Қытайға қашып кетеді.
«Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген. Дұшпандарға өлімімді көрсетпейін деп кеттім, кешіріңіздер, мен кезең асып кеттім деп, өзі кепілдікке алғандарға арналған бір бет қағазды поштаға тастай салып, бет алған жағына кетеді».
Осыдан кейін жағдай тіпті ушыға түседі. Кепілдік берген екі адам сотқа тартылып, Мінәтті тауып бере алмағаны үшін бестен он жыл арқалап кете барады. Мінәттің шетелге қашып кетуі ОГПУ-ге «тап жауларын ұстауға «таптырмас тақырып, шен-шекпен алуға үлкен мүмкіндік болады. «Шүй қазақтарының Қытайға кеткен Мінәтпен байланысы болуы әбден мүмкін. Мінәт Қытайдан қару-жарақ тасып, Қосағаштың елін қаруландыратын мүмкіндігі бар. Катонқарағайдың бұрынғы биі Ережепұлы Әбдікерім де қытай жерінде. Мінәт пен Әбдікерім Қытайдан немесе Жапониядан қарулы әскер сұрап алып, Қосағаш арқылы Кеңес үкіметіне соғыс ашуға дайындық жасауы мүмкін. Штабта отырып жорамалдаған еріккен офицерлердің қиялын, шекараға жауапты ОГПУ-дің саққұлақтары жорамалды шынға айналдырған. Жоқ жерден халық жауын табу оңай емес», - деп Пионер ақсақал сол дәуірдегі шекара, ішкі істер қызметкерлерінің жоқ жерден жау табу жолындағы «қиял әлемін» жақсы ашып көрсетеді.
Осылайша Қосағаш комендатурасы Мінәттің ісін желеулеп, «халық жауларын ұстау», «куәгерлерді табуды» үдетіп, олардың аузынан «Мінәттің елге сәлем жоспарын» құрастырып «айтқызып», «Кеңес үкіметіне қарсы соғыс ашпақ болған», «Жапониямен байланыс жасаған» деген себеппен атқанын атып, атпағанын Сібірге айдатып жатады. «Осылайша өтірік құрастырылған іспен үш-төрт жыл Шүйдің елі ұсталып абақтыға алынып жатты. Өтірікті өте шебер ойлап табушы сенімді тоқылдақтар болды. Олар жағымпаздана жүріп тамақтарын асырады, халық жауын табудағы ерен еңбектері үшін үкіметтің медаль, ордендерін тағынды», - деп жазады Пионер Мұхтасыров.
Мінәт «халық жауы» атанған соң отбасын қайдан тыныш қойсын. Олардың тағдыры туралы «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» кітабынан мынадай мәліметті көреміз: «Мінәтпен «кездескендер» Қосағашта ұсталып айдалып жатқанда, Мінәт Қытайда Сарсүмбеде (қазіргі Алтай қаласы) әйел алып, балалы болып жанын сақтап жүрді. Қос-ағашқа келіп елге кездескенді қойып, Қытай жеріне қашып келген жерлестерге көрінбесем екен деп шамасы келгенше жасырынып жүрді. Мінәтқа Қосағашта халық жауы деген ат қойылып, айдар тағылғанда екі әйелі де айдалды. Бұрынғы әйелі Сәмекқызы Қадиша ұлдары Мұрындық, Сіргетай үшеуі Қарағандыға жер аударылды, елге оралған жоқ. Соңғы әйелі Әубәкірқызы Қызай, өзіміздің аймақтың шеткері ауылы Қурайға жер аударылып, соңында Шүйде өмір сүріп қартайған шағында қайтыс болды. Зықайдан туған Мінәттің қызы Кәмән балаларының қолында, құрметті кәрлікпен өмірін сүріп жатыр. Мінәттің қытай жерінде алған әйелінен екі ұлы Ханзада мен Бекзада өсіп ер жетті, ұрпақтары баршылық». Бұл біраз жыл бұрынғы мәлімет. Қазіргі күні Кәман апа да өмірден өткен. Алтайдың төрт бұрышынан пана іздеп жас сауғалаған қазақтың жалпы адамзаттық бір ұлы мақсаты – ертеңгі күнге тұқымын жалғар ұрпақ қалдыру болғаны анық. Мінәт та Өр Алтайға өткен аз жылында үйленіп, ұрпақ қалдырады. Ал бұрынғы Совет Одағы аумағында жер аударылып кеткен ұрпақтарының кейінгі тағдыры туралы дерек жоқ.
Мінәттің өз басына қара бұлт ілінген заманда Қобда беттегі нағашы жұрты да қызыл биліктің қысымынан Қытайға үдере көшеді. Осы көш туралы да азырақ тоқталып өтелік. Бұл дағы Алтайдың күншығысын мекендеген қазақтардың басынан өткен зобалаңды күндер болды. Үш Ойғырдың басынан қозғалып, Қызылкезеңді басып Алтайдың қар-мұз бүркенген Бітеу Қанас асуымен аспақ болған төрт жүзден астам үйлі бұл көш қырғынға тап болады.
Мұрағаттанушы, өлкетанушы азамат Дүйсен Бралинов тауып жариялаған Шындағатай заставасынан орталыққа, Катонқарағайға берілген жедел отырған жедел мәліметтер, мұрағаттық құжаттан үзінді берелік: «Жедел барлау мәліметі №3 (Оперразведсводка) 6 маусым 1931 жыл.
...Кавешников отрядының құрамында 30 жауынгер бар, оның 14-і шекарашылар мен қызыләскерлер және 16-сы коммунар-комсомолецтер мен партизандар. Шайқаста көші-қонушылардан 30 000-ға жуық қой, екі мың ірі қара, 1000-ға жуық жылқы, көптеген үй тұрмыстық заттары тартып алынды, ірі қара малдары Ақалаха өзенінің солтүстік жағына өткізілді, қойлар әлі өткізілген жоқ, өзеннің оңтүстік жағында.
Банда жетекшісі Қажы Баямбаев өлтірілді. Көші-қон бандыларын Бұқат Керпембаев, Бұлатқан Бекеманов және Қанжерақ Тұрдықанов басқарады.
...Қолға түскен бандылардың айтуынша көші-қонушылар ірі моңғол байлары, керей, көкмоншақ, ақсоян руларынан тұрады. Көші-қону Моңғолияда Кеңес өкіметінің орнауынан қауіптену салдарынан туындаған.
Аудандық ПП ОГПУ бөлімінің бастығының орынбасары Рахвалов. Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты. ф. 139-П, оп. 1, д. 65, л. 29-30. Түпнұсқа.»
Келесі бір құжатта «көшіп-қонушы бандылардың» 20 адамы өлтірілгені, жаралылары көп екені, алынған мүлік заставаға жіберілгені, өткізілген қойдың саны 45 мыңға жетіп, жайлауға айдалғаны айтылған. Осы көштің куәсі болған ақын Мыса Рақымбайұлы өзінің «Қанас жолы» дастанында:
Күн туды басымызға заманақыр,
Қалың көш болып жатыр апыр-топыр.
Аударып арқан қиып, жүгін тастап,
Жан олжа, малды тастап ғапыл-ғұпыл.
Солдаттан алғаш келген жиырма кісі,
Қанша өлді, қанша қалды жоқ белгісі.
Әйтеуір бір бөгеттің болғаны рас,
Халықты жібермес ед жеңілмесе, -
деп жазғанындай, қызыл отряд асудағы алғашқы шайқаста күші жетпегендіктен ғана жіберіп алғанға ұқсайды.
Анығы: қазақ жері арқылы Қытай аспақ болған Қажы бастаған көшті Бітеу Қанастың асуында күтіп алған Чазовтың қызыл отряды пулеметтен оқ бүркіп, әбден қырғындап, тонап қуып жібергенін көріп отырмыз. Осындағы «банда жетекшісі» деп көрсетілген Қажы Баямбаев – Мінәт Шамовтың туған нағашы ағасы еді. Ақтайұлы Бәйімбайдан Қажы, Мінәш және Мінәттің анасы Жұлдыз туады.
Отызыншы жылдардың зобалаңы Мінәттің өз жұртына қоса, нағашыларын айналып өтпеді. Қажыға немере туыс болып келетін он төрт азамат сол баяғы «халық жауы», «жапон тыңшысы» деген жаламен 1938 жылы ұсталып кетіп, қайта оралған жоқ.
Қажы бастаған көштің Укөк даласында қырғын табуынан кейін Қобда бет, яғни Монғолия қазақтарының Қазақстанмен тікелей шекарасы жойылған екен. Бұл жөнінде Пионер Мұхтасыров ақсақал былай деп жазады: «Қанас асуында болған жағдай шекарашылардың баяндауымен Мәскеуге жеткен. Ол заманда бұл шекараны Қазақ үкіметі Алматыдан басқарып тұрған екен. Осы оқиға себеп болып: «Алматыдан басқаруға жер алыс, ол жерді Ресейге қаратып, Читадан басқару дұрыс болады», - деп Мәскеу шешім шығарады. Міне, сол жылдан бастап Жазотыр өлкесі, Қалғұты, Үкек жайлау қыстаулары Ресейге қарап қалды». Міне, осылайша Алтайдың төрт пұшпағын тұтаса мекендеген қазақтардың «алыс та болса жақын, жақын да болса алыс» дейтін пұшайман күйі осылай күрделене беріпті.
Сонымен кешегі қаракөктің тұқымы, кейінгіде кеңес үкіметіне қызмет етіп жүрсе де, істі болып бір күндік ішер су, көрер жарығымен Өр Алтайдағы туыстарын қара тартып Қытай асқан Мінәттің тағдыры қалай болды? Тағы да Пионер ақсақалды сөйлетелік: «Мінәтті ОГПУ тыңшылары 1939 жылы Қытайда қолға түсіріп, Қосағашқа әкеліп соттайды: «Сот алдында Мінәт «қазақта «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген нақыл сөз бар, мені бәрібір соттайсыңдар, соттаңдар. Менің қалғыншы сөзде айтарым, мені отыз үшінші жылы нақақ соттамаған болсаңдар, мен Қытайға қашпаған болар едім, мені қашқын қылған өздерің. Мінәтпен кездесті деп өтірік қанша адам сотталды, оның есебі қолдарыңда, барлығы өтірік жаламен сотталды. Елге өтірік жала жабушыларды жауапқа тартып, сотталғанын көретін күн туса, мен куәгер болсам, бұл жалғаннан армансыз өтер едім», – депті.» Міне, Шүй өңірінің белгілі қазағы Мінәт Шамовтың қайтадан ұсталып келтірілгендегі соңғы сөзі осы болыпты. Сот жазасына кесіліп, айдауға кеткен Мінәттің кейінгі тағдыры белгісіз. Жоғарыда атап өткеніміздей, ұрпақтың үзілместігі үшін арғы атасынан бастап, Алтайды айнала көшкен әулеттің бастан өткерген зобалаң құқайы – бір ғана Отыншы би ұрпағының емес, сан мыңдаған әулеттің кер заманға тап келген талайлы тағдыры еді. Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан мұндай қуғын-сүргінді қасіретті тағдыр бұдан былай қайталанбасын, қара шаңырақ Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болсын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.