Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мирас Асанның топтама өлеңдері...

13.05.2015 6255

Мирас Асанның топтама өлеңдері

Мирас Асанның топтама өлеңдері - adebiportal.kz

 

***

  Жапырақтың махаббаты сен бе екен?

 

Жапырақтың махаббаты мен бе екем?

 

Жапырақтың махаббаты Күн әлде?

 

Жапырақтың махаббаты Жел ме екен?

 

 

 

Сарғаяды сағынышқа төзе алмай,

 

Сарғаямын сағынышты жаза алмай...

 

Үнсіз ғана бір нүктеден көз алмай,

 

Үзілермін жазмышымнан оза алмай...

 

 

 

Мендік сезім –

 

махаббаттан үзінді,

 

Ал, жапырақ – мені күткен қыз үлгі.

 

Махаббатым таң моншағын жүк көріп,

 

Сағынышын көтере алмай үзілді...

 

 

 

Махаббатсыз өнер әсте өнер ме?

 

Жапырақтай көз жасымды төгерде,

 

Бір ой келді:

 

«Біз бақытты болар ма ек?

 

Жапырақтар сарғаймаса...

 

егерде...»

 

***

 

Жаңбыр дауысын естідің бе, күркірі

 

Бізге жеткен бағзы жыр мен бұлт үні!

 

Неге көзім жасаурады бейуақта,

 

Неге сенің қолшатырың шылқыды?..

 

 

 

Бұлттан басқа кім жылады мен үшін,

 

Көз жасы үшін жасасқам жоқ кешірім.

 

Жай оғының кіреуке бұлт – құрбаны,

 

Қанша ғасыр өтеп келед өз ісін…

 

 

 

Бұлттар менің көз жасым ба Көктегі?

 

Бұлттар сенің көз жасың ба төкпелі?

 

Бір сезімнің кеш келді деп көктемі,

 

Екеуміздің бірімізге өкпелі…

 

 

 

Бұлттай менің уайымым бар жаным,

 

Жанарымның ерігін бер ардағым!

 

Басқа жанның кірерсің де қойынына,

 

Қолшатырдан талған күні қолдарың…

 

 

 

Тәңірсый

 

Т.Әубәкіровке

 

Күлтегіннің

 

Азбан Ағын ұшырып,

 

Боз қанаты құс іліп,

 

Көкке самғап бара жатты

 

Баһадүр,

 

Көк Түркінің

 

көк сүңгісін ұсынып!

 

 

 

Қыраннан да

 

биік ұшты жоғары,

 

Туған Жерін сүйіп ұшты.

 

Сол – Ары!

 

Ауызында Ұлы Абайдың сол әні,

 

(Туған Жердің қасиетін

 

әлі ешкім,

 

Сендей ұққан жоқ әлі!)

 

 

 

Сен ұшқанда құс қанаты

 

сөгілер,

 

Сен – ителгі,

 

тепкен қазын дөп ілер,

 

Сен – қаршыға,

 

қанағатсыз көп ілер,

 

Сен Ғарышқа ұшқан кезде

 

көкшулан,

 

Көкке қарап неге ұлыды

 

бөрілер?!

 

 

 

Сен алыстан

 

Тоғжаныма тіл қаттың,

 

Сен ғарышқа жүрек үнін

 

тыңдаттың!

 

Сардар аға!

 

Алтын Күнге тура ақтың,

 

Тоқтар аға!

 

Күміс Айға ту қақтың!

 

 

 

Сеңкібайдың сауытына

 

сыймаған,

 

Көздеген жау дәл атуға қимаған,

 

Күн түбіне жортып кетті

 

Баһадүр,

 

Ай түбіне жортып

 

айыл жимаған!

 

 

 

Алаш рухын арқала, аға!

 

Көк тер боп,

 

Алаш туын арқала, аға!

 

(Көкпар көп...)

 

Көк бөрілер ұлыған Көк Тәңірге,

 

Көк Түркілер бара жатыр

 

Тоқтар боп!

 

***

 

Құдай маған көлеңкесін түсірмей –

 

Кері кетіп қалады өстіп ісім кей!

 

Пенде біткен перде ұстайды ақынға,

 

Періштенің пешенесін түсінбей!..

 

 

 

Жүрегіме қорғасын құй қолыңмен,

 

Күйдіріп түс тіліңдегі сөліңмен,

 

Солай.

 

Солай.

 

Сорға біткем маңдайға,

 

Тағдыр қысқа.

 

Тауқымет көп.

 

Өмір кем.

 

 

 

Көзің жасы шайып кеткен жүзіңде,

 

Әзірейіл жазып кеткен тізімде,

 

Қанталап тұр тағдырымның тыртығы,

 

Тәнімдегі тырнағыңның ізінде!

 

 

 

Көктем – аңсар.

 

Қыс –күнәлі ой.

 

Күз – үміт.

 

Кірпігіме іркіліп сәл сызылып,

 

Бір тамшы жас тамып кетті жалғанға,

 

Періштенің қанатынан үзіліп…

 

 

 

Ұмай Ананың жыры

 

Қан жұмып туған қолымды бермедім,

 

Іргеміз сөгілер еді...

 

Қан жұтып жатқан елімді көрмедім,

 

Көз жасым төгілер еді...

 

 

 

Ұлым уызымды тауыса алмай,

 

Орысқа омырауымды еміздім.

 

Қызым құнан қойды тауыса алмай,

 

Қытайға қалжамды жегіздім!

 

 

 

Кәріске кәрімді шашпадым,

 

Жөйтті жолынан тоспадым.

 

Қарақорымды құрақ қып төседім,

 

Басыма балбал жастадым!

 

 

 

Ала сәлдеге азан шақырттым,

 

Ұлымның ұйқысын күзеттім.

 

Қара шекпенге қазан төңкерттім,

 

Қызымның күлкісін күзеттім.

 

 

 

Алтын киген ұлдарымды оятты,

 

«Алтынымды ал, адам қалсын дедім»

 

Жалын түйген жиренімді оятты,

 

Тұлпарымды емес, тағамды алсын дедім!

 

Қорымымды іздеп қырларымды оятты,

 

Күйеуім емес, ағам қалсын дедім.

 

Жорығымды іздеп жырларымды оятты,

 

Бірлігімді емес, баламды алсын дедім!

 

Далам қалсын дедім!

 

 

 

Атыңнан айналайын, Қарқаралы...»

 

(Жаңа нұсқа)

 

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы...»

 

Тілімнен у тамады,

 

бал тамады!

 

Жусанның әлсіз түбі сүрлеу көргем,

 

Қызылжар – Қояндының жол торабы...

 

 

 

Қараөткел – Баянауыл – Қарқаралы,

 

Қазақ әнді үшеуден қолқалады.

 

Мизамкөк Қояндыға жөңкілген жұрт,

 

«Біржанды бір көрсем» деп анталады!..

 

 

 

Базары ардақты елдің тарқамады,

 

(Алтынын тауысқан жоқ.

 

Орталады...)

 

Жабыққан көңіліне медеу таппай,

 

Жабықтан сығалаған қалқа қані?..

 

 

 

Көтеріп келін зорға сары табаны,

 

Тұлпарға қисық қағып шал тағаны,

 

Қояндыда жәрмеңке басталған жоқ,

 

Жалаңбұт бүлдірген жеп, жол торады...

 

 

 

Әлиханның қаңырап хан тағы әне?!

 

«Үшқара – Үш Жүз» дегем қарт обаны.

 

Мәдидің Мәліксайда мәңгілігі,

 

Маңдайынан кеткен жоқ сор табы әлі...

 

 

 

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы...»

 

Қасымның жарты жүрек – жарты аралы!

 

Адырна күшіген оқ Алаш үшін,

 

Талған жоқ,

 

Сеңкібайдың тарта қары!

 

 

 

Қоңыр күз.

 

Аспандағы Ай шалқалады,

 

(Абай теріс бұрылса,

 

Жар тоңады...)

 

«Қарқаралы басында жалғыз арша...»

 

Сол – Менмін,

 

Қылқанымнан қан тамады!..

 

Сол – Сенсің,

 

Кірпігіңнен таң тарады...

 

 

 

Жоқтау

 

(Әмірхан Балқыбекке)

 

 

 

 

 

Қыз назаға,

 

Ұл қазаға ұшырады!

 

автор

 

Маңдайыңнан сүйейін деп едім,

 

Сұп-суық тасты өптім.

 

Масайрап күлейін деп едім,

 

Ып-ыстық жас төктім...

 

 

 

Суық тас – сілейген балбал екен,

 

Ыстық жас – мөлдір арман екен...

 

 

 

Ертоқымын бауырына ап ат келді,

 

Есі кірген ұл жебесін қақ бөлді.

 

Төрдегі бәйбіше қара жамылды,

 

Тоқалы естіртушіге тап берді!..

 

 

 

Күңнің басқан наны көтерілмеді,

 

Құл көк қаншығын май беріп, атты...

 

Арқа маусымнан кете гүлдеді,

 

Алтай қары он ай бойы жатты...

 

 

 

Жетім қозы оттығып жетілер,

 

Жетім көңілді қайтем?!

 

Жетім лақ тас-тасқа секірер,

 

Жетім қорымды қайтем?!

 

 

 

Басыңа балбал тас та қойылар,

 

Жылыңда аста-төк ас та берілер.

 

Құлын тастаған қулық та сойылар,

 

Сегіз жүз бас, қос та тігілер...

 

Жетім көңілді қайтем?!

 

 

 

Ұлытау

 

Шыңына ұлар жайылған,

 

Құмына құлан тойынған.

 

Домбырасы добалдай

 

Бітіктастан ойылған

 

Бітеудомбыра – Ұлытау...

 

 

 

Құланы Ханын шайнаған,

 

Жыланы шағып тоймаған,

 

Домбырасын қорғасын

 

Тескенінше ойнаған

 

Бітеудомбыра – Ұлытау...

 

 

 

Кеңгірі киік ағызған,

 

Сеңгірі кәусар тамызған,

 

Кейкісі қайқы қылышын

 

Орағытқан Оғыздан

 

Алтын Орда – Ұлытау...

 

 

 

Бетіне құс саңғыған,

 

Мәңгілікке қалғыған,

 

Келін кесіп өте алмай

 

Бітіктастың алдынан

 

Балбалқонған – Ұлытау...

 

 

 

Ұлытау кем бе Алтайдан?

 

Апанында арлан талтайған,

 

Тарланы төстеп алшайған,

 

Он үшке келген Алаша

 

Еңкейгенге еңкейген,

 

Шалқайғанға шалқайған

 

Бижантайған – Ұлытау...

 

 

 

Тұлпары үрккен айылдан,

 

Сұңқары ауыр қойыңнан,

 

Таутекесі, ұлары

 

Таласып отқа жайылған!

 

Домбырасын көп Найман

 

Бітеу шапқан қайыңнан

 

Бітеудомбыра – Ұлытау...

 

 

 

Ұлытаудың төрінен,

 

Қолтығы тесік періден,

 

Шашы түкті Әзізден,

 

Қалған ұлы – Едігем!

 

Бижантайған – Ұлытау...

 

 

 

Қырымыңа лап қойған,

 

Мәскеуіңе от қойған,

 

Хан өлетін жер екен,

 

Би көметін жер екен,

 

Артық туған несібем,

 

Бір басыма көп екен,

 

Бір басыма кем екен...

 

 

 

Құл мен ұлды тең көрер,

 

Күңнен қызды кем көрер,

 

Байқоңырсыз бай көңіл

 

Ердені жоқ.

 

Жер бөлер!

 

Елайрылған – Ұлытау...

 

 

 

Алғы сөз

 

(Модильяни)

 

Мен – көшеде,

 

Сен – кеңседе...

 

Күн кештік.

 

Бірге жанған жоқ шығармыз – бірге өштік!

 

Біздің қастық – ең дөрекі достық-тын,

 

Бояулардың тіліндегі үндестік...

 

 

 

Қасиет пен Қасірет

 

Түлкі мен Қасқырдың күшігін

 

Айыра алмапты аңшы да!

 

Құдайдың қарашы, ісінің

 

Түбінде мəн бар ма, ал, сұра:

 

 

 

Түлкі мен Қасқырдың күшігі

 

Айнымай туады!

 

Біреуі - аярлық пішіні,

 

Біреуі - Қыпшақтың ұраны!

 

 

 

Ез де, ер де аспаннан түспейді,

 

Айнымай туады!

 

Біреуі – күнəні істейді,

 

Біреуі – жуады...

 

 

 

Екі Мирас

 

«Отаным бар!» деді екеуі көпіріп,

 

Дегендерін, өлеңдерін оқыдық;

 

Біреуінде болса болған шығар, рас,

 

Біреуінде басынан жоқ!

 

Өтірік!

 

 

 

Адай аңызы. Суын жыры

 

Ұрғашы құлын есейген соң түсінде суынды көріп, ғашық болады. Суын - теңіз жылқысы.

 

(Әпсана)

 

Тау толқынмен суын келген,

 

Шайнай бергем уымды ермен...

 

Шелектей қос танауынан,

 

Бұрқыраған буын көргем!

 

 

 

Сауырынан су сигектеп,

 

Қанаттарын қуша иректеп,

 

Дәу толқынмен суын келген,

 

Жанарды жас жуса игі ептеп...

 

 

 

Жағада көк байтал тұрды,

 

Жап-жарық қып сайқал түнді,

 

Су ішінен Суын шыққан,

 

(Толқын құмға қайта артылды...)

 

 

 

Сүттей аппақ Теңіз түні.

 

Тамыры бір, егіз түбі.

 

Су ұсынған еріне әйел,

 

Суын келген – Оғыз пірі!

 

 

 

Әлі тайған тірсегінен,

 

Қан ұйыған құрсағынан,

 

Көк байталдың бүйірін түртіп,

 

Тұрса суын –

 

Тұрса құнан...

 

 

 

Толқын жатты төңкеріліп,

 

Жер танабын өрте күлік!

 

Суынкөктің сауырынан,

 

Ақсын көк тер –

 

Ертегі үміт!

 

 

 

Байтал суға ағып өлген...

 

Суын келген – тағы желмен...

 

Жуынып тұр жағада ару,

 

Жуыспаған анық ермен...

 

 

 

Гамзатов әуенімен

 

Белгісіз бекет.

 

Ой алаң...

 

Вагоннан түскем жаңбырмен.

 

 

 

Бір қысқа аялдамадан:

 

Өзіңді көріп қалдым мен!

 

 

 

Белгісіз алыс бір елде,

 

Белгісіз айлақ.

 

Таң болдым.

 

Ешкім жоқ...

 

Бірақ,

 

Жүрерде

 

Өзіңе ұқсас жан көрдім!..

 

 

 

Егемен – 95

 

"Егемен", жаңалық айт ескі ауылға,

 

Ескі ауыл ел көшінен кеш қалуда...

 

Тезекпен от тұтатқан ғасыр өткен,

 

Газетпен тұтатамыз пешті ауылда!

 

 

 

Экспромт

 

Тасқа да жазған бұл өлең,

 

Басқа да жазған бұл өлең!

 

Таспаға жазған бұл өлең,

 

Баспаға жазған бұл өлең,

 

 

 

Əнге де жаздым өлеңді,

 

Нəнге де жаздым өлеңді!

 

Тілге де жаздым өлеңді,

 

Гүлге де жаздым өлеңді...

 

 

 

Жазам деп өлең жазғам жоқ,

 

Өзінен-өзі маздауда от...

 

Ермегіне елдің айналды,

 

Кермеде тұрған Азбан көк!

 

 

 

Шындық па?

 

Шындық жоқ елде...

 

Таппайсың тіпті оны емге!

 

Музаны ғана сүйем деп,

 

Өтірік айттым өлеңге!

 

 

 

Шырша ойыншығы

 

Баламыз,

 

Жаңа жыл деп атқа қонып,

 

Шыршаны әшекейлеп жатқан едік,

 

Қолымнан түсіп кетті нәзік шыны,

 

Қуаныш, ренішті қаққа бөліп!

 

 

 

Қаладан Қайрат ағам ала келген,

 

Сыйлығын быт-шыт қылдым жаңа, жерге...

 

Салбырап екі иығым үнсіз тұрмын,

 

Сұп-суық бола қалды ана бөлме!

 

 

 

Ойыншық шынында да әдемі еді,

 

Ілуге оны інім де дәмелі еді,

 

Ілуге оны аға да құлықты-тын,

 

Шыршаға қонған гүлдің көбелегі!

 

 

 

Мен солай бүлдіргенмін шатты күнді,

 

Балалық – тәтті күн-ді, сәт ғұмырлы!

 

Ол кезде баламын ғой, қайдан білем,

 

Мұзға өскен үзгенімді, ақ гүлімді...

 

 

 

Р.S.

 

Тарихқа тас атпасын тойынса ұлың,

 

Бұл менің уәж, датым – ойын, шыным!

 

Қиратып ап жүрмейік масқара ғып,

 

«Азаттық» дейтін шырша ойыншығын!

 

 

 

Төрттаған

 

Азамат көрдім - ар екен,

 

Ару көрдім - жар екен!

 

Атақ көрдім - мал екен,

 

Лақат көрдім - тар екен...

 

***

 

Төзімім бітті, таусылды,

 

Төзбедім одан арғыға.

 

Сақамды, тағдыр, алшымды,

 

Тәйке ғып тікті жамбыға!

 

 

 

Селт етпес зағип, соқырмын,

 

Ұмытқам лақап атымды.

 

Тағдырдан көріп отырмын

 

Мезгілсіз махаббатымды.

 

 

 

Сүймесем жүдеп, солмас ем,

 

Сарғайған төзім, тозды үміт.

 

Таныр ең жазбай сонда сен,

 

Қалдырмас еді көз күдік.

 

 

 

Ұмытқым келген расымен,

 

Ұрымтал сәттер көп алдап.

 

О, сезім неткен асыл ең,

 

Маған жақ, біресе, оған жақ.

 

 

 

Езіліп жатыр жүрегім,

 

Егіліп жатыр қос жанар.

 

Бұл дертім емі – бір оғың,

 

Тағдырдай жоқ шын оспадар!

 

 

 

Мұңайып жүрген күнімді,

 

Мұңсызбен қалай өткерем?

 

Жазылған күллі жырымды

 

Жазғанмын саған өкпемен...

 

 

 

Дем жетпей енді жатырмын,

 

Өксіктен құрап тәтті өлең.

 

Айтпай-ақ ұқшы жанымды,

 

Желкенін жайсын хат-кемем.

 

 

 

Ойласам өмір хошыңды,

 

Ойылады екі жанарым.

 

Өлеңнен алып өшімді,

 

Қайғыма қағаз жамадым...

 

 

 

Күнге екен жалғыз ғашық Ай,

 

Некемді Хаққа қидырып,

 

Өтемін Сені осылай

 

Өкінішіме сыйдырып...

 

 

 

Ауыш

 

Ғайникештің жары өліпті деді жұрт,

 

Бір сұмдық ой басып алды мені күрт.

 

Жанарымды кеулей берді жегі құрт,

 

Нені біліп даурығады ел, нені ұғып?

 

 

 

Еститінбіз Оразбегін ауыш деп,

 

Елестейтін Ғайникеші тауыс боп.

 

Тауыс демей,

 

ертелі-кеш көйлегін,

 

Ауыстыра беретұғын... таныс леп...

 

 

 

Қайтарам деп Оразбектің ес-түсін,

 

Көйлектердің киді жаңа, ескісін!

 

Ақ көйлегін киді құлқын сәріде,

 

Жай көйлегін,

 

шай көйлегін кешкісін...

 

 

 

Кие берді, камзол, қынай белді де,

 

Жоқ әлде есі кіреді деп сенді ме?

 

Кие берді ауыстырып күні-түн,

 

Бара-бара бастайды енді ел күле...

 

 

 

Тауыс құсап құлпырады күніге,

 

Ауыш бірақ өлі ме, әлде, тірі ме?

 

Сол шарбаққа сүйенетін міз бақпай,

 

Мың көйлектін қараған жоқ біріне!

 

 

 

Көздің құрты өлгені ме, бұ қалай?

 

Сөздің кілтін көмгені ме тіл орай!

 

Жағынан кеп тартып қалды Ораздың,

 

– Ғайни, Ғайни!

 

– Қоя қойшы, Құдай-ай!

 

 

 

Арашалай бердік көрші-қолаң боп,

 

Еңірейді сорлы әйел маған кеп.

 

Мөңірейді қысыр қалған көк сиыр,

 

Бедірейді сорлы Ораз соған кеп!

 

 

 

Өлді Ораз бір ауыз тіл қатпастан,

 

Көзін жұмды, мұңлы тарих – хат-дастан!

 

Мөңіреді қысыр қалған көк сиыр,

 

Пышақ жатты жүзін қоңыр тот басқан...

 

 

 

Ғайни неше көйлек киді кейін де,

 

Көйлегіне назарыңды бейімде.

 

Өзі ауып кеткендігін білмейді,

 

Шоқ салам деп зейінге...

 

 

 

Ағаш адам

 

Аспазиядан

 

Қолдарымды кесіп таста, бәрібір,

 

Кестің, өстім. Мен – ағашпын. Жаны – гүл.

 

Дауыл басты екі иіннен, иықтан,

 

Тағдырыма күліп өттім миықтан.

 

Жапырағымды бұршақ келіп сабады,

 

Жапырақтың шуылы ғой – жаз әні!

 

Құрғақшылық келді досы қаңбақтың,

 

Көлеңкемді таса қылып жан бақтым...

 

Қоңыр күздің қолы жұлды шашымды әр,

 

Көктем келсін, құлпырамын, тосыңдар!

 

Қолдарыңа балта алыңдар тым өткір,

 

Содан кейін тамырыма ұр, жүрекке ұр!

 

Кейде мәңгі өле алмау да – қасірет,

 

Шіріндімнен бұтақ шықты, басы көк!..

 

1910-2014

 

 

 

Джоконда

 

Сурет сыры ашылған жоқ әлі де,

 

Мұнша ғасыр ашылмауы мәні не?

 

Жылап тұра бермекші ме мәңгілік,

 

Күліп тұра бермекші ме бәріңе?!

 

 

 

Мона Лиза –

 

уақыттың жұмбағы,

 

Қашан көрсең езу тартып тұрғаны.

 

Баласы өлген әйел дейді біреулер,

 

Тауқыметтің батқан дейді тырнағы...

 

 

 

Суретшінің өз анасы дейді енді,

 

(Ана, сенің қашан салам бейнеңді?)

 

Мына өмір –

 

Мона Лиза сияқты,

 

Кейде ұсқынсыз көрінеді, кейде өңді...

 

 

 

Қылқаламның керегі не шеберін,

 

Сұлулықтың таба алмады себебін.

 

Мен де сосын шимайладым өлеңмен,

 

Тәңірінің өмір-өрмек кенебін!

 

 

 

Пенделердің есін алған сұрақ бұл,

 

Сонша қиын сұрақ емес бірақ бір;

 

Мона Лиза – Леонардоның өз түрі,

 

Тағдырына күліп, мүмкін...

 

жылап тұр!..

 

 

 

Рамка

 

(Рюноскэ Акутагаваға)

 

Өмір мені түсінген жоқ әлі күн,

 

Мен де өмірді шала-пұла таныдым.

 

Ақ-қарасын айырып бер, анығын,

 

Тірлігімнің бұза алмадым қалыбын.

 

 

 

Өмір – түрме. Қоршап қойған, іші кең.

 

Аты суық, жан түршігер түсінен!

 

Өзіме өзім сыймай кеткен кездерде,

 

Тұтқын ғана екенімді түсінем.

 

 

 

Сенің өмір ұстанымың дем берген,

 

(Өлгім келіп әлденеше мен де өлгем...)

 

Сен өзіңе қол жұмсады деп жүрсем,

 

Шығып кеткен екенсің ғой шеңберден!

 

***

 

Неге менің жұлдызым жанды жалғыз,

 

Бәлкім біздер салқындау, солғын әнбіз.

 

Ерініңде дірдектер сүмбіле-мұң,

 

Кірпігіңде көз ілер қалғыған күз…

 

 

 

Неге мендік жалғыздық жалғыз қалды,

 

Жан қызғанды біреуді, тән мұзданды…

 

Жолықпауым керек ед саған жаным,

 

Жолықпауым керек ед сол қызға әлгі…

 

 

 

О, жалғыздық –

 

Жесірдің көңілдесі,

 

Қай бекетте тұрсыңдар өмір көші?

 

Жалғыз аяқ жолменен кеттің ұзап,

 

Сорың қалың неге екен сенің де осы?!

 

 

 

Жалғыздыққа өзіңді қимады кім?

 

Жалғыз-жалғыз біздерге сыйлады мұң…

 

Жалғыз қалдыр періштем екеумізді,

 

Көз жасыңды бокалға құй да, күнім…

 

 

 

Бөтен

 

Мал өрістен келетін жамырасып,

 

Қой бөлуге шығамыз адыр асып.

 

Бөтен үйге кететін қозы-лақтар,

 

Бері қашып, біресе, ары қашып.

 

 

 

Балалық шақ қалайды алданбақты,

 

Әлі қуып келеміз сол қаңбақты.

 

Ыңырантып, көтеріп әкелеміз,

 

Енесінен адасып қалған лақты.

 

 

 

Бөтен іздеп көп барам көршіге мен,

 

Адасқан лақ көрші үйде болшы дер ем.

 

Көйлегі аппақ көрші қыз есік ашты,

 

Сол шын сезім еді ғой, сол шын өлең!..

 

 

 

Жылдар өтті. Өзім де сан адастым,

 

Саған аштым сырымды, оған аштым...

 

Бізді ауылға ешкім кеп әкеткен жоқ,

 

Қамын ойлап кеттік те қара бастың...

 

 

 

Бөтен іздеу ұнайды өте маған,

 

«Бөтен іздеп кел» деді шекер анам.

 

«Бөтен бар ма?» деп едім көрші үйге кеп,

 

Есік ашты бөтен қыз – бөтен адам...

 

 

 

Шолпанның күнәсі

 

Мен – Шолпанмын.

 

Күнәм көзім жасында.

 

Шолпым куә сыңғыр қаққан шашымда.

 

Қырық шелек су деген не, тәйірі,

 

Көз жасымның қасында?!

 

 

 

Төсек

 

(Мұхтар Шахановқа)

 

Сықырлаған кереуетім бар-тұғын,

 

Жантая қап алушы едім сәл тыным.

 

Оңаша өзі тұратын да қоятын,

 

Соған мәлім мен мұңайған әр түнім.

 

 

 

Ағаш төсек.

 

Жасы да үлкен өзімнен,

 

Сонда жаттым,

 

Сонда шаршап көз ілгем.

 

Сол төсекте тәтті түске бөленіп,

 

Сол төсекте аңғал сезім сезілген...

 

 

 

Қайсар досым ойнап-ойнап үйге кеп,

 

Сол төсекте ұйықтар еді күйде ерек.

 

Сол төсектен ол да аттанған мектепке,

 

Сол төсекте Жұлдызды алғаш сүйген ед...

 

 

 

Есейдік те, кеттік түгел қалаға,

 

(Қанша жылдар қалды дейсің арада?..)

 

Түсімде ылғи төсектердің жапқышы,

 

Қолын бұлғап тұрады бір балаға...

 

 

 

Үйлендік те, жеке шықтық үй болып,

 

Баламызға төсек алдық күйме ғып,

 

Жар екеуміз төсек алдық кең жайлау,

 

Төсекте өтті көп жылдарым иленіп!

 

 

 

Әлгі төсек тұрды ауылда жүк артып,

 

Менің сәби иісіме құмартып.

 

Көрпе, жастық жиналатын мүлік боп,

 

Көрген көзге Алатаудай мұнартып!

 

 

 

Алып кеттім бір реті келгенде,

 

Қазіргі орны қаладағы үй, төр бөлме.

 

Есік пенен төрдей болып тұрғаны,

 

Сен де жатқың келер еді көргенде!

 

 

 

Қайсар досым төсек тартып жатыр деп,

 

Суық хабар келді бір күн «атом» боп!

 

Сұлық түсіп жата кеттім төсекке,

 

Түсімде бір алыс таудан шақырды от...

 

 

 

Жұмыстан кеп, келе сала кешқұрым,

 

Қарғып міндім арқасына бестінің.

 

Әлгі төсек сынып кетті быт-шыт боп,

 

Сол түн Қайсар жайлы хабар естідім...

 

Жайсыз хабар естідім...

 

 

 

Қайсар көзін жұмған кезде сыныпты,

 

Қайсар төзім көзін сол сәт жұмыпты,

 

Жан досымның қайтпас жаққа кеткен,

 

Қайран төсек менен бұрын ұғыпты...

 

 

 

Біз ажалға ренжиміз кеш келсе,

 

Ренжиміз ерте тағы ескерсе.

 

Өмір деген – қас-қағым сәт екен ғой,

 

Бір төсектен бір төсекке көшкенше...

 

 

 

Күнә

 

(Аударма)

 

Но оба они желали другого.

 

ОШО. Монах и проститутка.

 

 

 

Күріш алқабын аралап жүрген баламын,

 

Жоқ онда

 

Қағаз,

 

Қаламым.

 

Білмейтін кезім өмірдің сауап-обалын,

 

Тілінбеген кез табаным.

 

 

 

Күріштің бойы жейдемнің соңғы түймесін

 

алқымдап қалған,

 

Сұрапыл түстім күйге шын.

 

Алдымнан шығып кірпікке күлкі үйіресің –

 

Сен бөлек көйлек,

 

Мен бөлек көйлек кигесін!..

 

 

 

«О» деген әріп жаза алам дедің қаламмен,

 

Сүйсініп тұрдым соған мен.

 

«О» деген әріп бал құйған ыдыс аузындай,

 

Болмаса ұқсас Ғаламмен!

 

 

 

Ғашық боп тұрдым,

 

Сұрапыл сезім ішке еніп,

 

Сен жазған әріп бойыма тылсым күш беріп!

 

(Күріш алқабын күзетіп жүрген баламыз,

 

Дақылын, дәнін бүлдірмесін деп құс келіп.)

 

 

 

Біз содан кейін кездескен жоқпыз көп жылдар,

 

Сыйдырмай бізді тар жолда бөлген тағдыр бар.

 

Күріш алқабын кейіннен қори бастады,

 

Ағашқа қаққан қалбырлар.

 

 

 

Замана зәрін көп іштім мен де ер жетіп,

 

Қайғының бұлты селдетіп.

 

Сезімсіз қалбыр салдырлап тұрды алқапта,

 

Сен кетіп қалдың...

 

Мен кетіп...

 

 

 

Илеуі қатты,

 

Тағдырдың қатты қолдары,

 

Біз әлсіз,

 

Неге зор бәрі?!

 

Екеуміз енді екі үйде жалғыз отырмыз,

 

Тотықұстармыз тордағы.

 

 

 

Үйіміз қарсы,

 

Бір-бірімізге бара алмай,

 

Екеуміздің үй екі ессіз тұрған аралдай.

 

Сенің бөлмеңнің шамы өшпеуші еді түнімен,

 

Таң қылаң бермей, ағармай...

 

 

 

Мен тұрған үйім –

 

Құлшылық қылар үй еді,

 

Тәңірдің құнсыз сыйы еді.

 

Сен тұрған үйің –

 

Ертеректе өлген күйеуі,

 

Жесірдің үйі –

 

Қар басқан әйнек жиегі.

 

 

 

Бір күнде біздер өмірден оздық ажал кеп,

 

Шашылып жатты мен саған жазған ғазал көп.

 

Біздерді бір-бір періште келіп әкетті,

 

Аза тұтқандар.

 

Үй іші азан-қазан боп.

 

 

 

Періште мені жұмаққа ала жөнелді,

 

Апармаушы еді көп елді.

 

Періште сені тозаққа ала жөнелді,

 

Құшқаның үшін көп ерді.

 

 

 

Бірақ та мені қақпадан кері қайтарды,

 

Тозаққа сені апарғандарды тойтарды.

 

Орынымызды ауыстырмақшы біздердің,

 

Шындықтың биік бақаны қатты шайқалды:

 

 

 

Бүтін сыртымды іштегі түтін жеңді ме,

 

Тозаққа кеттім –

 

Мен саған жеткім келді де!

 

Сыртың лас,

 

Ішің сау екендігін көрді ме,

 

Жұмаққа кеттің –

 

Сен маған өткің келді де...

 

 

 

Мағжан

 

Бір ақиқат айтайыншы сенгісіз,

 

Бір түсінер адамсыз ғой

 

шерді Сіз.

 

Ақындардың туған жылы – белгілі,

 

Өлген жылы – белгісіз!

 

 

 

Көктем

 

...Көктің ризашылығын алмай, малды пышаққа іліндірмеңіз.

 

«Қарқаралы басында»

 

Д.Амантай

 

Уа, Көк Тәңірі!

 

От Тәңірі!

 

Нұрыңды төк, Тәңірі!

 

 

 

Көк бөрі ұлып, әуелі керілмейінше,

 

Аспан мен Жер қайыра бөлінбейінше,

 

Асқардан – тас,

 

Көзден – жас төгілмейінше,

 

Ай менен Күн теңесіп көрінбейінше,

 

Келмейді көктем!

 

 

 

Самарқанның көк тасы дымданбайынша,

 

Тамғалының тақтасы былғанбайынша,

 

Сарыарқаның соқтасы дегдімейінше,

 

Бәйшешектің сабағы ырғалмайынша,

 

Келмейді көктем!

 

 

 

Алтай тауы қозғалып, күбірлемейінше,

 

Онон өзені оқыранып, дүрілдемейінше,

 

Он үшке келген Алаша оянып түнде,

 

Көк құртқаның тірсегі дірілдемейінше,

 

Келмейді көктем!

 

 

 

Көлеңке

 

Келемін алдап көп ертегіммен,

 

Көлеңкелердің құлы боп.

 

Көлеңкесің сен, көлеңкемін мен,

 

Түрі бар, бірақ тілі жоқ!

 

 

 

Қалған да емеспін, озған да емеспін,

 

Қарамын, кейде қоңырмын.

 

Жазғанмын, мүмкін, жазған да емеспін,

 

Көлеңкесі өлең өмірдің!

 

 

 

Береке таппай байғұс қаламым

 

Жыр жазам.

 

Тән де,

 

Жан да ұқпан.

 

(Мен түнде ылғи жалғыз қаламын,

 

Көлеңкем болмағандықтан!

 

 

 

(Көлеңкемін мен қасыңда жүрген,

 

Сөйлейсің, үнсіз тыңдаймын.

 

Көлеңкең екем.

 

Басында білгем,

 

Сен жүрсең тоқтап тұрмаймын...)

 

 

 

Көлеңкем қайда, құлдығым, арым,

 

Қайыр жоқ достан, қастан да...

 

Мен жерде қалам, бір күні жаным,

 

Көлеңкем кетіп аспанға!

 

 

 

Жезөкше

 

Сен жасаған көрсетші қайда күнә?

 

Сен тазасың.

 

Сүттей ақ Ай да куә.

 

Құдай жазып тастапты тағдырыңды,

 

Өлең жазып кетер ем маңдайыңа!..

 

 

 

Менің қабірім

 

(Янис Эсенбергистентен)

 

 

 

Тас жүрек күллі пендеге кіл:

 

Тас қойма жаным, басыма!

 

Мен жатқан жерге жеп-жеңіл,

 

Гүл егіп, сумен асыра!

 

 

 

Осы тас батқан табанға,

 

Сызы өткен тастың тергеуде!

 

Маза берші өлген адамға,

 

Жаншылып бітті көр-кеуде...

 

1884

 

 

 

Оян, Қазақ

 

(Інжіл желісі)

 

 

 

Ицхок – Лейбуш Перецтен

 

Қап-қара түн.

 

Күбір-сыбыр.

 

Жау кірді.

 

Біздің қалаға!

 

Сақшы сезіп қалды бірақ, әлгі үнді,

 

Үнсіз қала ма?!

 

 

 

Кернейін ап, бар күшімен ысқырды,

 

Дабыл –

 

ұрғаны!

 

Тірілерді оятып ап күш қылды,

 

Мәйіт тұрмады!

 

 

 

Таласуда ырзық пенен нәсіпке,

 

Қиян-кескі әрбір аула, есікте!

 

- Анасы мен кескілесті жары үшін,

 

- Ұлты үшін ұл отты кешті ары үшін!

 

 

 

Шындық пенен еркіндік деп – қан майдан,

 

Өлдік, әйтсе, жеңдік.

 

Сонда – қандай мән?!

 

Әйтеу сақшы дұрыс парыз өтеді,

 

Күллі өлке оған басын иіп өтеді!

 

 

 

Ұйықтамаған жан көтерер дүрмекті,

 

Кірпік ілмей өту парыз, міндетті!

 

Ұры-қары үйіңде жүр деп кеткен, -

 

Ұлтшылдарға үйіп-төксін құрметті!

 

 

 

Мәнгілік жаза,

 

Мәңгілік мазақ,

 

Мәңгілік тозақ сол жанға –

 

Ұйықтап қалғанға!

 

 

 

Өзінің арын,

 

Дүние-малын,

 

Отанын,

 

Жарын,

 

Шыбын жанын

 

Отқа салғанға!

 

 

 

Жұлдыз

 

Михай Эминескуден

 

 

 

Туған жұлдыздың сәулесі,

 

Жеті қат Көктен өткенше,

 

Мыңдаған жылдың әуресін,

 

Арқалап Жерге жеткенше,

 

 

 

Жарығы бізді өпкенше,

 

Жан тапсырған да шығар – Ол!

 

(Шыға алмай шыңға кеткенше,

 

Шыңырауыңнан құлап өл!)

 

 

 

Жұлдыз да сөнді, өлді әлгі,

 

Жарығы тамып сәл еппен:

 

Біз көрмей тұра – болған-ды,

 

Біз көрген кезде – жоқ, әттең!..

 

 

 

Сезім де болған, күшті Ұлы,

 

Түнектен көзін ашпаған...

 

Сол сезімдердің ұшқыны,

 

Соқыр ғып мені тастаған...

 

1886-2014

 

 

 

Өлім алдындағы хат

 

Михай Эминескуден

 

 

 

Cен үшін туғам, сен үшін онда өлем де,

 

Өліп те жатып шұғыла шашам көп елге.

 

Шашымнан менің ұя тоқыды қарлығаш,

 

Тәнімді жерге берерде!

 

 

 

Жүрегімді ұрлап жыландар жеке жерледі,

 

Күнәхарларды жазалар жаққа көмгені!

 

«Жазады емдеп,

 

Жүрегім құтқарады» деп,

 

Иудадан - Икарға дейінгі пендені!

 

 

 

Янис Поруктың әуенімен

 

Қолдарым қалтырап тұрып,

 

Киелі шындықты жаздым.

 

Жан – сырқат,

 

Тән – құлап, тұрып,

 

Махаббат бүр атты аз күн!

 

 

 

Сөз қылды, өсекке таңды,

 

Бәріне кінәлі – өзім!

 

Солды да, көз жұмды мәңгі –

 

Тірі жан білмеген сезім...

 

1903

 

 

 

Қоштасу

 

(Анна Ахматовадан)

 

Қоштасу білмейміз біз әлі,

 

Иығың мұң артты иыққа.

 

Жапырақ парады…

 

Күз әні…

 

Мен де үнсіз…

 

Сен де сол тұйықта,

 

 

 

Шіркеудің есігін қайырдық,

 

Вальсі ойнап тұр некенің!

 

Кірпіктей көз жасқа шайылдық,

 

Білмейміз не керек екенін?..

 

 

 

Келеміз домбығып ақпанда,

 

Қорымдар күрсінді. Сол ма өлім?

 

Суретін саласың ақ қарға,

 

Біз бірге отырған бөлменің…

 

 

 

Ескерткіш

 

(Анна Ахматовадан)

 

 

 

Менің онда сүлдерім тұр мәрмәрдан,

 

Кәрі ғасыр — кәрі еменнің астында.

 

Көл суындай жасым тамды жалғанға,

 

Қайран көңіл қарсы жүзді тасқынға,

 

 

 

Қайран жүрек қапылыста от құшып,

 

От дәуірі түсіп кетті санама!

 

О, дариға!

 

жаным бір күн көкке ұшып,

 

Менің тәнім мәрмәр болып қала ма?..

 

 

 

Жусан исі

 

Жусанның исі - жанымның исі аңқыған,

 

Бұл иіс мүмкін бір өлең шығар, бәлкім - ән!

 

Бір жұлдыз ерте туды да қайта кетті ағып,

 

Ай туды сонсоң артынан!

 

 

 

Жусанның исі кермек-тін көзім жасындай,

 

Құлаймын бір күн құмарым дерті басылмай.

 

Менің ғұмырым жусандай ғана қып-қысқа,

 

Бір өлеңімнің аяғы менен басындай!

 

 

 

Жусанның дәмі өмір сияқты тым ащы,

 

Тіршілікпенен тілдесіп тұрмын түн асты,

 

Жанға ешбір ашпас жырларым менен сол түні

 

Жусанға ғана ашылып жаным сыр ашты...

 

 

 

Кім кешпей жатқан дүние дейсің кім кешіп,

 

Тербеп тұр бізді Қара Жер дейтін бір бесік!

 

Сен менің ертең кеудемнен өсіп шыққанда

 

Тамырың менен қабірім жатсын тілдесіп!

 

 

 

Жусанның исі аңқып тұр қоңыр салқынмен,

 

Ей, өмір, өзі тасыңмен қоса алтын ба ең?

 

Жусанды жиі иіскей берем тұщынып,

 

Біреуді сонда сағынып тұрдым бәлкім мен?!

 

 

 

Соңғы сөз

 

(Пикассо)

 

Есіміңді атап өлдім, не шықты?

 

Саған – қоғам,

 

Маған – адам өшікті...

 

Ішім боп-бос бокалыңдай босаған,

 

Құдай Мені

 

Саған қарап жасаған!

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар