Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Мо Ян. Гаулияң арағы ...

29.07.2020 5995

Мо Ян. Гаулияң арағы 16+

Мо Ян. Гаулияң арағы  - adebiportal.kz

Қытайшадан аударған: Серік НҰҒЫМАН

Басы мына жерде.

І

Гаумидің Дұңби ауылында гаулияң арағының иісі қалай мұрын жарып, ішкен соң таңдайыңда қалар шырын дәмі тіпті де күшейіп, кәйіп қылғанмен, ақыл-естен аудармайтын ғажап араққа айналғанын анам маған талай рет айтып берген болатын. «Бір шаңыраққа тән арақ ашыту әдісін, жеңілтектік қылып, басқаларға айтып қоюға болмайды. Құпия сыр ашылып қалса, әулетіміздің бетіне шіркеу болатыны өз алдына, күндердің күнінде зәузатымыздан шыққан біреу арақ ашытумен қайта айналысса, басқалар бәсекелес бола алмас басымдықтан айрылады» дегенді де қайта-қайта таптаған-тұғын. Біздің елде, аз-көп өнер қонған шаңырақтардың өзгеше мұралары кейінгі ұрпаққа қыздарының қолымен емес, түп-түгел келіндері арқылы жалғанатын болыпты. Бұл, тіпті, кейбір мемлекеттегі заңдар сияқты, қатаң сақталатын ережеге айналған.

Анамның айтуынша, біздің шыңырақтың арақ қайнататын қазаны әкем жалғыз айналысқан кезде кәдімгідей үлкен болыпты. Ол тұстағы гаулияң арағының дәмі әжептәуір жақсы болғанмен, дәл кейінгідей жұпар иісті, бал татыған шырын дәмді емес екен. Біздің шаңырақтың арағының ерекше дәмге ие болып, Гауми ауданындағы басқа әулеттер арағынан оқ бойы озып кетуі атам әлгі әкелі-балалы екеуін жер жастандырып, әжем талай күнге созылған уайым мен үрейді бастан өткеріп, белін әрең-әрең бекітіп, ес жиып, аяғына тік тұрғаннан кейін ғана жүзеге асыпты. Көптеген ғылыми жаңалықтардың тосыннан және ың-жыңсыз ашылғаны секілді, біздің үйдің арағының аяқ асты дәмденіп кетуі де атамның арақ күбісіне ойда жоқ сарып қоюынан басталыпты. Сарыма қалай бір күбі жай арақты бір күбі ерекше сұрыпты гаулия арағына айналдырды? Бұл, әрине, ғылым анықтайтын мәселе. Мен өтірік айтып, босқа әуреленбей-ақ, мұны ғалымдардың зерттеуіне қалдырайын. Кейін әжем бар, Лохан ата бар, бәрі бірге қайта-қайта сынақтан өткізіп, құлшына ізденіп, тәжірибелерді қорытындылай келе, ескі несіп құтысының орнына сідік сілтісінің қызметін атқаратын қарапайым да қолайлы, дәлдігі жоғары ауыстырылмалы қолөнер бұйымын жасап шығыпты. Құпия болғаны сонша, кезінде мұны әжем, атам және Лохан ата – үшеуінен басқа ешкім білмепті. Айтуларынша, ауыстыру жұмысы жеті түнде атқарылады екен. Ел аяғы басыла аулаға шыққан әжем иістендіргіш шам тұтатып (діни рәсім), үш жүз қағаз жармақ өртеп (діни рәсім), сонан соң барып дәріні қабаққа орап алып, үлкен күбідегі араққа араластырады екен. Ауыстыру кезінде әжем әдейі түрлі тосын әрекеттер жасап, біреулер жасырынып келіп ұрламақшы болса, шатассын деп, әрі біздің үйдің жын-перілермен әлдебір қатынасы бардай, сауда-саттығын Тәңір демеп, қолдап жүргендей көрсету үшін, сан түрлі би билеп, қалыпсыз қозғалыстарға барады екен. Сол себепті біздің үйдің арағы аз күннің ішінде маңайдағыларды басып озып, базарды жалғыз иеледі деуге тұратын биік нәтижеге жетіпті.

ІІ

Әжем төркініне қайтып келеді. Ептеп үш күнді өткізсе, аржағында қайын жұртына қайтар уақыт та төбе көрсетеді. Ал бұл үш күнде әжем асқа тәбеті тартпай, іштей сарсаң болып, анасы айтқан тәтті сөз, шырын лепестер құлағына кірмей, қаққан қазық боп қақайып отырады да қояды. Алайда, үш күн бойы жарытып нәр татпағына қарамастан, маңдайы жарқырап, екі беті нұрланып, күреңіткен қабақ астындағы көз ұясынан шоқтанған жанары бұлт арасынан көрінген жарық айдай жарқ-жұрқ етіп, ажарлана түсіпті. «О, менің кішкентай ғана әке-шешем! Сен не ішпейсің, не жемейсің, періштеге айналдың ба, әлде әулиеге? Анаңды әбден ішқұста қылып біттің ғой!» дейді шешесі қайта-қайта келіп ызыңдап. Әжемнің терең мінәжатқа отырғандай үн-түнсіз түрін көргенде оның кірпіктерінен екі тамшы мөлдір жас ыршып кетіпті. Жанарының терең түкпірінен әрі-сәрілік пен абыржуға толы екі шоқ сәуле ұшқындаған әжем байқұс анасына құдды бір зәулім жағалауда тұрып арындаған өзен суында жанталасып жүрген кәрі балыққа қарағандай сүлесоқ назар тастапты.

Әкесі әжем үйге келген соң екінші күн дегенде қалың мастықтан әрең айығыпты. Дән Тиіңшиу берем деген құнан шығар қара қашырды әлі ұмытпаған екен. Ояна сала тақтайдай тегіс жолда құйындай құйғытқан қара қашырдың аяқ дыбысы құлағында жаңғырып, бірден есіне алады. Қашыр! Көздері шоқтай жанып, тұяқтары тостағандай дөңгеленген қара қашыр! «Кәрі қақпас, қызың тамақ жемесе, маған нағыл дейсің?» – дейді ол кемпіріне. Мастығы тарқамаған көз қиығымен бір қарап қояды да: «Өртеп жібер оны! Түгін қалдырмай өрте! Ол кімнің шежіресін жалғастырар дейсің!» – дейді.

Әжемнің алдына келіп, ентіге дем алған әкесі:

– Қызым, сен не істемексің? Өмірбойына жалғасар некені болмашы ғана себеп ұстап тұрады. Сүйіспеншілік болмаса, ешкім де ерлі-зайыпты бола алмайды. Өшпенділік болмаса да ерлі-зайыпты бола алмайды. Басың тауыққа байланса, тауықпен кетесің, итке байланса, итпен кетесің. Әкең болған мына мен... елден асқан адам емеспін. Сен де алтын ағаштың асыл жапырағы емессің. Мынандай дәулетті кісіге кез болуың – сенің де, әке болған менің де бағым. Қайын атаң алғаш ауыз ашқанда-ақ маған бір бас қара қашыр беретін болған. Қандай ірілік десеңші!..

Әжем орнынан қозғалмайды. Екі көзі тарс жұмулы күйі отыра береді. Дымқылданған тал-тал кірпіктері тақ бір бал жағып қойғандай бір-бірімен созыла айқасып, қабағының астында қарлығаштың қанатындай доғаланып, тікірейеді де тұрады. Мұны көрген әкесі одан сайын ызаланып:

– Жақсы, сен көзіңді ашпай-ақ қой! Мен керең болған болайын! Сен өліп кеткен күннің өзінде Дән шаңырағының кісісісің. Дән шаңырағының бейітінде саған орын жоқ, – дейді.

Әжем қарқылдап күліп жібереді.

Қолын көтерген әкесі оны шапалақпен осып қалады.

Шарт еткен дыбыспен бірге әжемнің миығындағы қызыл нұр сейіліп, жүзі демде сұрланып шыға келеді. Қаны тартылған әппақ жамалына бірте-бірте қайта қызыл жүгіріп, құдды бір таңертең шыққан күндей нарт түске енеді. Артынша жанары шоқтанып, тісін тістене басып, әкесіне бұрылып зәрлене күледі де:

– Тек сен әлгі қашырдың бір тал түгін де көре алмай қаласың ба деп қорқам, – дейді.

Солай деп көзін тайдырған әжем қолына сақпысын (қос таяқ) алады да, алдындағы әлі буы бұрқырап тұрған тамақты сыпырып-сиырып соғып алады. Соңынан босаған кесенің біреуін төбеге қарай үйіріп, жіберіп қалады. Кеңістікке көтерілген кесе шыркөбелек айланған күйі маңына жарқ-жұрқ сағым шашып, арқалыққа барып соғылып, ондағы неше жылғы шаң-тозаңға бір бөгіп алады да, қайыра еңіс құлдайды. Еденге түскен соң шамалы домалап, жарты шеңбер айналып барып, түбі көкке қарап бүк түседі. Әжем келесі кесені де лақтырады. Қабырғаға барып тиген ыдыс қақ бөлініп құлайды. Қайран қалған әкесі аузы ашылған қалпы көпке дейін тіл қата алмай қалады. «Ақыры жедің-ау, балам» дейді қасында тұрған әжемнің анасы.

Кеселерді шағып болған әжем іле еңіреп кеп жылайды. Құлындаған дауысының көкке жеткені сонша, көкірегін жарып ұшқан аяр үн үйге сыймай, есік-терезеден лап қойып, сырттағы егіс алқабына жамырап, ондағы жаз соңына қарай әбден піскен гаулияңның жапырақ сыбдырымен тоғысып, жайылып кете барады. Алысқа шалқыған өз өксігін тыңдаған әжем осыдан аз күн ілгері күймеге отырып ұзатылып кеткенін, одан есекке мініп қайтып келгенін және осы үш күнде бастан кешкен кешірмелерін есіне алып, ой елегінен тағы бір өткізеді. Үш күндегі әрбір сурет, әрбір дыбыс, әрбір иіс жадында кезегімен қайта жаңғырады.

Қиқылдаған-шиқылдаған, бақырған-шақырған, гүрсілдеген-дүрсілдеген, ысқырған-пысқырған дыбыстар... ұзаққа созылғаны сонша, жап-жасыл гаулияң алқабы қызыл түске енгендей, тұп-тұнық аспаннан жаңбыр тамшылары кенет құйып бергендей... жай оты жиі жарқылдап, есіре соққан жел іргені кеулеп, бірде өр, бірде еңіс лақтырған нөсер өтіндегі тынымсыз тербелістен жүрегі аузына тығылып, лобыған бір сәттер... осы бір кедір-бұдыры көп күдір жолда күйме көтерген ана бір шомбал жігіттің ерекше қимыл-әрекеті әжемнің көз алдында қайта көрініс береді. Өзі үйірлі қасқыр ішіндегі арлан тәрізді осы топтың көш бастар серкесі екен. Жас мөлшері жиырма төрттер шамасында болар деді, қараағаштай қатқан бетінен бір сызық әжім көрінбейді. Осы аралықта әжем оның жүзінің өзінікіне соншама жақын келгенін, маржан құртының қабығындай қатты ернінің өз ернін қалай суыра сорғанын ойлап өтеді... Сол бір өзгеше сәтте әжемнің жүрегі кенет тоқтап қалып, артынша қайта атқалақтап соға жөнелген екен. Бойына тараған ыстық қаннан кеудесіне күшті діріл жүгіргенін артынан сезеді. Іле бақай сіңірлері тартылып, құрсақ еттері бүлкілдеп қоя береді. Сол мезеттегі олардың шетін әрекетіне айналадағы жігерлене тербелген қалың гаулияң сыбдырлай дем береді. Өскелең гаулияңның мұнартқан тозаңы дым сезбегендей әжем мен ана жігіттің үстіндегі ашық кеңістікті қымтай орап, торлап тұрады... Әжем бар ынты-шынтысымен тіленіп, бастан кешіп жатқан жастықтың керемет ләззатты шақтарын басында ұстап қалғысы келеді-ақ, бірақ, амал нешік, ұстап қала алмайды... тек тосын жарқ етіп, жатталып қалған ана жігіттің шіріген сәбіз тәрізді шикіл жүзі ғана көз алдында тұрып қалады... қарға тұяғынан аумайтын ана бір он саусағымен қоса. Тағы әнеу бір шүйдесіне тұлым өрген қатпа қара шал, беліне іліп алған бір тізбек сап-сары жез кілттерімен. Қазір отырған жері ол арадан неше шақырым қашық болса да, қолқаны қапқан гаулияң арағының исі мен тұншықтырып әкететін ашытқы лебі танауының астында үйіріліп тұрғандай болады. Әлгі бір әйел секілді жүретін екі еркек те есінде қалыпты. Екеуі де арақ күбісінен жаңа шығарып алған, терісіндегі әрбір тесіктен арақ сорғалап тұрған мас қаздан аумайды екен... қолындағы жүзі майырылған кішкене қылышпен талай жердің гаулияңын шауып құлатып, құлаған сабақты реттеп ат тұяғының астына тастағанда, сол арадан жасыл түсті қою сұйықтық жылып ағады. Құдды бір гаулияңның қаны дерсің. Жігіттің «Үш күннен кейін қайтып кел!» дегені құлағында, сол сөзді айтқан сәттегі сығыр көзінен қанжар жүзіндей өткір сәуле шашырағаны да есінде еді. Осы жайлардан алда өзін үлкен оқиғалар күтіп тұрғанын тұспалдауға бола ма, қалай?

Белгілі бір мағынадан алғанда, батырды Тәңір жаратады. Оның ержүрек рухы тасада тығылып жатады да, сырттағы әлдебір жайдың себебімен тысқа шығып, шұғыл әрекетке айналады. Әжем ол кезде бар болғаны он алты жастағы, көз ашқаннан кесте тігіп, біз түйреген, ісмер болуға талпынып, ине ұштап, қайшы қайраған, аяқ орайтын кездеме мен шаш майлайтын жүйхуа майын серік еткен қарапайым бойжеткен ғой. Бар көрген-баққаны көрші үйдегі әпеке-сіңілілері болған қызда ойда жоқ жүз берген үлкен оқиғаларды пайымдайтын қабілет пен жүрек... басқа түскен ауыр күндерді еңсеретін дайындық қайдан болсын?! Бірақ, ол, бәрібір, қиялға кірмеген ерен өжеттік танытады. Бұл енді бір айтып жеткізу қиын тосын жағдай.

Әжем сонша ұзақ жылағанда жүрегін тырнаған ешбір қайғыны сезбейді. Қайта іштей буып жүрген бір құсаның сейіліп, тарап бара жатқан ғажап рахатын түйсінеді. Солығын тарта отырып, өткен шақтың қуанышы мен қайғысын, мехнаты мен ләззатын кезек татады. Өксік атқан үн өңешінен емес, құдды бір сонау шалғайдағы, санасында қабаттаса сәулеленген көрікті де сүреңсіз суреттердің қосалқы күйі боп шертіліп жатқандай шетін әсерге бөленеді. Ақыр-соңында әжем: «Дүниеге келген екенсің, көретінің бір көресі! Тәуекелге бел бусам, онда тұрған не бар?!» деген шешімге келеді.

– Жиу-ар, кететін уағың болды, – дейді әжемнің анасы.

Кеттік... онда кеттік!

Әжем бір шылапшын су әкеліп бетін жуады. Опасын жағып, далабын сүркейді. Айнаға қарап тұрып желкесіндегі түюлі торын тартып алғанда, ішіндегі шоқпардай қолаң шашы тарқатыла құлап, тұтас иығын жауып қалады. Ұзындығы сондай, күлтелене төгіліп, сәкіде тұрған әжемнің қылтасына жетіп бір-ақ тоқтайды.

Қолына тарақ алған әжем, шашын иығынан асырып әкеліп, алдына жайып, бөліп-бөліп тарайды. Әжемнің шашы өте қалың әрі қап-қара еді, тек ұшына таман ғана қоңырқай тартатын. Тарап болған шашын түйреуішпен түйреп, шиыршықтап түйіп, қара жібектен тоқылған ұзақ көзді тор дорбаға тоғытып, төрт тал күміс бекіткішпен қарақұсына мықтап бекітіп тастайды. Маңдайдағы кекілін қайшымен тура қабағының үстінен тегістеп қияды. Сонан соң аяғын қайта орап, ұзын шалбарын киіп, балағын қаусыра байлап, кестелі аяқ киімін кигенде, ана бір тік бақайлары тіпті де ерекшеленіп, қазықтай боп шыға келеді.

Дән Тиіңшиудің назарын алғаш аударған әжемнің осы ши аяқтары екен. Күйме көтерген жігіттің есін аударып, талағын тарс айырған да – осы тік сирақтар. Әжем оны әрқашан мақтан тұтыпты. Осындай кішкене аяқтарың болса, жүзің толы шұбар болғанына қарамай, отырып қалмайды екенсің. Ал аяғың үлкен болса, бетің перизаттың жамалындай ақ болса да, ешкімге керек болмай қалады екенсің. Аяғы кіші, ажары нұрлы әжемнің сол тұстың арманындағы ару болғанында күмән жоқ. Менің ойымша, сол бір тарихи уақытта әйелзатының аяғы жыныстық белгілердің ішіндегі айырықша біреуі болған. Үп-үшкір, сүп-сүйкімді, тік бақайлар сол замандағы еркек затының нәзік жыныстылардан табатын, арасында әуейі сезім де бар, ерекше ләззаттырының бірі болған.

Әжем тап-тұйнақтай боп реттеліп, дік-дік басып үйден шығады. Әкесі көрпе салып, жетектеп әкелген есегін көлденең тартады. Есектің жәудір көздерінен әжем өзінің сұлу бейнесін көреді. Өзіне қадалған үлкен шараны аңдаған сәтте одан адамды түсіне алатын бір сұңғыла түйсіктің ұшқындап тұрғанын байқайды.

Әжем есекке қарғып мінеді. Сол кездегі әйелдердің ат, қашыр, есек мінгендегі бұлжымас дағдысына сай қырымен отырмай, есектің қос қапталын екі тақымының астында қалдырады. Анасы оны түзеліп отыруға шақырады. Бірақ, әжем өкшесін сермеп, тебініп қалады да, қитыңдап жүріп кетеді. Бойын тіктеп алған әжем назарын іле алдына салады.

Сол қозғалғаннан артына қайырылмайды. Алғашында есектің тізгінін ілгері озған әкесі жетектеп жүреді де, ауылдан шыққан соң, жинап өз қолына алады. Әкесі амалсыз артқа өтіп, сөлпектеп еріп отырады.

Үш күннің ішінде бір рет алапат нөсер жауып өтіпті. Әжем жолдың оң қапталындағы түсі сәл солғын тартқан жасыл жыныс арасынан саркүйіктей сарғайып күйіп кеткен, айырықшы оқшауланып, алыстан көзге түсетін бөлек-бөлек гаулияң шоғырларын байқайды. Оның найзағай түскен жер екенін іштей шамалайды. Есіне осыдан бір жыл бұрын құрбысы Чиән-арға жасыл түскені келеді. Он жеті жастағы қыздың шашы ұйпалана үйтіліп, киімдерінен сау-тамтық қалмапты дейді. Жон-арқасынан көлбей тартылған ирек сызық табылған. Біреулер оны аспандағы шөмішбалықтың (жұлдыз) ізі деп жүрді.

Жұрт сол тұста Чиән-ардың бір жас ғұмырға қастандық жасап, оң жақта отырып туып қойған қыздың шақалағын қыршынынан қиғанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай әңгіме ғып жүрді. Айтуларынша, Чиән-ар базарға бара жатқан жолында жол бойы бір нәрестенің жылаған дауысын естиді. Барып қараса, әлгі бөбектің құндағы екен. Бетін ашқанда, ішінен қызыл шақа ұл шығады. Тағы бір парақ қағаз. Онда мынандай сөздер жазылыпты дейді: әкесі мұның он сегізде, ал шешесі он жеті, ай ауғанда батысқа, туды, есімі Лу Ши. Кейін әкесі батыс ауылдан Жаң Арже деген талыс аяқ қызды алды, шешесі шығыс ауылдық тыртық көзге қосылып, тастады бөлшек еттерін. Әкесі мұрнын сіңбіріп, шешесі сүртті көз жасын. Жүргіншілер естір деп, жылай алмай тұншықты. Лу Ши деген, бұл – олжа, кім алса – соның перзенті. Орадық асыл шағиға. Жиырма жамбы (күміс ақша) тағы бар. Өтініш, қамқор жолаушы, құтқарып мұны сауап ал!

Жұрттың айтуынша, Чиән-ар шағи мен жамбыны алғанымен, баланы алмай, гаулияң алқабына тастап кетеді. Сол себепті Тәңірдің қаһарына ұшырап, жай түсіпті дейді. Әжем Чиән-армен жақын құрбы болғандықтан, мұндай аңызға сенбейді. Дегенмен, адам өмірінде болжаусыз нәрселердің көп болатынын ойлап, көңілін бұлт торлап, көлеңке басқаннан да аман қала алмайды.

Назағайлы нөсер жауып көп өтпегендіктен, жол әлі батпақ екен. Жауын шайған жол қыртысы таза, ойлы-шұңқыр тұстарын сұйық лай тегістеп тастапты. Есек тұяғынан түскен іздер ылғал сүрлеуде бадырайып қалып жатады. Ерте бүр жарған ошаған гүлдері солғын тартыпты. Қауашағы мен жапырақтарынан шашыраған балшық тамшылары көзге түседі. Шөп сабағына, гаулияң жапырағына қонақтап алған көк шегірткелер ұзын мұрттарын дірілдетіп, күн көрінетін жұқа қанаттарын қағып, зарлы үнмен тынымсыз шырылдайды. Ұзаққа созылған жаздың соңы көрініп, маңайдан күз белгілері біліне бастапты. Соны сезген топ-топ көк бас шегірткелер дәнге толы қарындарын тырситып, гаулияң аңызынан ығысып, жол бойындағы қатқақ жерге жиналыпты. Алда сонда құйрықтарын тығып алып шұбырта балаламақ.

Әжемнің әкесі гаулияңның ұзын сабағынан біреуін үзіп алып, тұяғын сылбыр қыбырлатып келе жатқан есектің шабынан түртіп қалады. Құйрығын шыжбың еткізіп бір қаққан шабан көк біраз жерге қитыңдап барып, жайбасар қалпына қайта көшеді. Өз ісіне масаттанған болу керек, артта келе жатқан қарт кісі іле сол тұста Гаумидің Дұңби ауылына кең тараған «Хай мау зы чиаң» деген әнді бастап кетеді. Өлең сөздерін ойдан құрап, озандай әуелетеді: У дәрі ішкен У Далаңның іші әлемтапырақ... жеті тарау тоқ ішек, сегіз жапырақ өкпе бәрі астаң-кестең... ақымақ қатын алған бәкененің басына бұлт үйірілді... а-а-а, о-о-о, оу-оу-оу... іші ауырып, жаны қиналған У Далияу... інісінің тезірек келуін күтеді... келіп, ана сұмырайдың көзін құртса екен дейді...

Әкесінің өтірікті суқитып келе жатқанын біле тұра әжем тебіреніп, жүрегі шоршып, аузына тығылады. Үш күннің алдындағы ана бір қолына қанжар ұстаған жігіттің қою қасты, өткір жанарлы кескіні көз алдына тағы көлбеңдейді. «Ол кім... не қылған жан?» дегенді ойлайды әжем. Ешқашан кездеспегені, көрмегені анық. Бірақ, солай бола тұра, балық пен судай етене, әлдеқайдан бір көргендей, кездескендей, санасында бір жақындық сезіліп, түс көргендей күй кешеді. Рухтары шарпысып, жандары тоғысқандай бір халге түседі. «Тағдыр жазуы деген осы шығар» деп ойлаған әжем демін тереңнен алып, күрсініп жіберді.

Есектің шылбырын еркін қағып келе жатқан әжем әкесінің У Далаңның қайғы-қасіреті туралы толғаған ұзақ толғауын тыңдап, бір суып, бір ыси жүріп, жолдағы Бақалы ойпаңына қалай жеткендерін білмей қалады. Басын оқыс көтеріп алып, қайта түсірген есек танауын тартып, жеткен жерінде төрт тағандап тұрып қалады. Әжемнің әкесі гаулияң сабағын құйымшағына сұққылап, жамбасынан қанша ұрғанмен, бәрібір, қозғалмайды. «Жүр, оңбаған! Әй, жүр деймін, оңбаған есек!» – деп одан ары сұққылайды. Есек жүргеннің орнына кері шегініп, көткеншектеп, қылтасы тіпті майыса түседі. Осы аралықта әжемнің мұрнына жүрек айнытар жаман иіс келеді. Есектен қарғып түсіп, жеңімен танауын басып алып, шылбырдан ұстап, алдыға қарай тартады. Басын кегжитіп, аузын шайнаңдатқан есектің көзі көп өтпей жасқа толады.

– Әй, есек, тістеніп алып өтсеңші! Жер бетінде асу бермес тау, өткел бермес өзен жоқ қой! – дейді әжем.

Есек әжемнің сөзінен әсерленеді. Келістіріп бір аңырап алады да, басын көтеріп, алға қарай тұра ұмтылады. Әжемді аяғын-аяғына тигізбей сүйреген беті қолындағы түйіншегімен қоса жел ұшырған бұлттай ала жөнеледі. Өткен жерде адамның мәйітін көреді. Сәп сала қараған әжемнің көзі атыздай болады: әбден семірген сан мың қорқау қоңыз әлгі кісінің етін жеп болып, тек сүйек-саяғын ғана қалдырған екен.

Әжем есегін сүйреп Бақалы ойпаңынан өткен соң орнына қайта қонжияды. Көп ұзамай алдынан шығыс-терістік желі ұшырған гаулияң арағының иісі келеді. Әжем өзін қанша жерден тежеп, бекем ұстауға тырысқанымен, ақыр-соңы, бәрібір, ішкі бір әрі-сәріліктен жеңіле береді. Күн көтеріліп, әбден ысыған бір тұста көк жүзінен қазбауыр бұлттар көрініп, сонда барып шамалы дамыл тапқандай болады. Бірақ, сонау алыста мұнартып жатқан ауылды көріп, қоюлана түскен арақ иісін иіскегенде, сүйек майының қатып қалғандай болғанын аңдайды. Батыс қапталдағы қалың гаулияң арасынан әлдекімнің созақтата ән салған қарлығыңқы дауысы естіледі.

Тістері болат,

Сүйегі құрыш,

Сен алға жүр, қарындас, қаймықпа!

Күнге барар жол тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз,

Сен алға жүр, қаймықпа!

Шық енді сен гүлге оранған қызыл мұнараға,

Лақтырған кестелі қызыл добың,

Тисін менің басыма.

Өзіңмен сосын ішейін бір шәйнек гаулия арағын, – дейді қырылдап.

– Ей, бәйітші, шық бері! Ана әуенге бір, мына әуенге бір соғып, әбден жұлмалап біттің ғой! – деп айғайлайды бір кезде шыдай алмай кеткен әжемнің әкесі алқапқа қарап.

ІІІ

Қыспа нанын жеп болған әкем батар күннің қызыл арайына шомылған қалың шалғынды кешіп, өзен жиегімен аяңдап жағадағы суға тойып, нілі тасыған жасыл өлеңді ендеп өтіп, аяғының ұшымен аңди басып су бойына келіп бір-ақ тоқтайды. Мошүй өзеніндегі тас көпірдің үстіндегі төрт мәшине қаңқиып мүлгіп тұрады. Алдыңғы екеуінің дөңгелектері атылып, быт-шыт болыпты. Кебеже тақтайларына, шатырларына жұғып қалған қан дақтары мен езілген ми шашырандылары алыстан көзге ұрады. Бір жапон әскерінің жарты денесі тіркеменің жақтауына асылып, төмен құлаған темір дулығасы мойнына ілініп қалыпты. Мұрнынан аққан қызыл қан дулыға ішіне тырс-тырс тамады. Өзен суы ырғала толқып, ыңырана ағады. Әбден піскен гаулияң масағы қинала ысқырады. Күннің мол, шүлен шұғыласын су бетіндегі ұсақ толқындар орай жұтып, жоқ қылады. Күздің ұсақ жәндіктері шөп түбіндегі ылғал жерлерге тығылып алып, күңірене ызыңдайды.

Үшінші, төртінші мәшинелер отқа оранып, өртеніп бітуге таяпты. Қарайған қалың тақтайлары шытынай жанып, шартылдай өртенеді. Осы бір алуан ырғақты үн мен түрлі түсті бояулар ортасында маңына үңіле қараған әкем көретінін көріп, арасында жапон әскерінің біз тұмсығынан ағып, дулығасына құйылып жатқан қанның үзіле сырғыған сырылы мен тасқа тамған тамшыдай құлақты тескен өткір тырсылын да естиді. Бұл – мың тоғыз жүз отыз тоғызыншы жыл, ескіше тамыз айының тоғызыншы жұлдызы – әкемнің он төрттен жаңа асқан шағы екен. Алтын күннің жанып бітуге таяп, қоламтаға айналған соңғы қалдығы аспан астындағы барша тіршілікті қызыл түске бояйды. Бір күндік кескілескен шайқастан әбден шаршап, құр сүлдері ғана қалған әкемнің бетін бір қабат күлгін тозаң қаптап алады.

Әкем Уаң Уынидің әйелінің мәйітінің үстіне жүрелей отырып, қос уыстап су ішеді. Саусақтарының арасынан аққан мөлдір тамшылар төмен сорғалап, үн-түнсіз төгіліп жатады. Тобарси жарылған еріндері суға тиген кезде қатты ауырады. Іле қан татыған сұйықтық ауыз қуысын аралап өтіп, кеңірдегіне барып құйылады. Сол сәт түйіле қалған жұтқыншағы қырылдата бір кекіргесін барып әрең-әрең әуелгі қалпына келеді. Мошүй өзенінің жып-жылы суы әкемнің өңешінен өткен соң, кеуіп қалған кенезесін жұмсартып, бойына қиналысқа толы бір рахат сезім сыйлайды. Қан татыған сұйықтық асқазанын астаң-кестең еткеніне қарамай, шеңгелдеп алып көмейіне құя береді, құя береді... тек өзен суы құрсағындағы қыспа нанды толық жібіткенде барып, белін жазып, жайлана дем алады. Бұл қараңғы түсуге таяған, қызыл күннің соңғы сәулесі көк күмбезінің етек жағына ұзын жиек боп тартылған мезет екен. Тас көпірдің үстіндегі үшінші және төртінші мәшинеден тарап жатқан күйік иісі де сейіле бастайды. Дәл осы кезде «гүрс» еткен күшті дыбыс әкемнің зәресін ұшырады. Басын көтеріп қарағанда, жарылыстан соң быт-шыты шыққан мәшине дөңгелегінің құдды бір қара көбелекке ұқсап қалықтап барып өзенге түскенін көреді. Әуелеп ұшқан ақ-қара күріш дәндері де су бетіне жаңбырша жауады. Бұрыла бере әкем қызыл қанмен боялған өзен суының шетінен өрмелеп бара жатқан Уаң Уынидің кішкене қызын көреді. Өзен жағасындағы биік қырға шыққан әкем:

– Әке! – деп қатты айқайлайды.

Бір-ақ күнде жүзінің еті қашып, қарайған терісінің астынан арса-арса бет сүйектері сыртқа тепкен атам өзен жиегінен төбе көрсетеді. Жап-жасыл іңір мезгілінде әкем оның бір елідей өсіп кеткен тіп-тік шашының түгел ағарып кеткенін байқайды. Таңғалыс пен қорқыныш арасында үркектей жүріп таяп барады да, қолымен ақырын түртіп:

– Әке! Саған не болды? – дейді.

Жүзінен екі тарам жас аққан атамның кеңірдегінен шыққан гүріл бір-біріне ұласып кете барады. Лың бастық рахым етіп тастап кеткен жапон әскерінің жаусатпа қаруы аяғының астында арлан қасқырдай едірейіп тұрады. Үңірейген ұңғысын құдды бір ежірейген иттің көзі дерсің!

– Әке, сөйлесеңші... нан же! Нан жеп, аздап су іш! Ішпесең, жемесең, қаталап өлесің... аштан қатасың!

Атамның мойны сәл алдыға иілгені сол, басы сылқ етіп омырауына құлап түседі. Басының зіл салмағын көтере алмағандай денесі де бірте-бірте басылып, шөге береді. Ақыры щойлап, өзен жиегіне тізерлей отырады. Қос қолымен басын ұстап, шамалы бөгелген соң, иегін көтеріп: «Дугуан! Ұлым! Біздің осылай біткеніміз бе?» – деп ызалана айғайлайды.

Әкем атама тіксіне қадалып ұзақ тұрады. Бақырая ашылған үлкен көздерінің ішіндегі алмастай өткір қарашығынан әжеме тән әлгі бір өжет батылдық, тізгін-шылбырға бас бермес асау аттай өр рух, түнек қараңғылық түбінен қылаң беретін өміршең нұр қатар жамырап, алдында отырған әкесінің жүрегіне сәуле құяды.

– Әке! – дейді әкем. – Сен тым қамықпа! Мен мылтыққа жақсылап жаттығып, құдды өзің жас күніңде су иірімдерін айналып балық атқаныңдай әбден машығып, құралайды көзге атар мерген болып шығып, ана Лың Мазы деген иттен туған оңбағанды тауып, есеп алатын боламын.

Атам орнынан оқыс шоршып, секіріп кетеді. Не күлген, не жылаған емес, қырылдаған үн шығарады. Езуінен бір жолақ қарақоңыр қан саулайды.

– Айтқаның рас, ұлым... дұрыс айтасың!

Атам жер беті – қара топырақ үстінен әжем пісірген бір қыспа нан тауып алып, қарпыта асайды. Сарғыш тартқан тістерінің арасынан қыспа нанның қыртысы мен қан көпіршігі қатар жарысып көрініс береді. Әкем атамның нан шайнағандағы малжаңдаған үнін естіп, қоймалжыңға айналған таңдайындағы астың кеңірдегінен асып, жоғалып бара жатқанын көріп тұрады.

– Әке, енді өзенге түсіп су ішіп, ішіңдегі нанды жібіт, – дейді әкем.

Атам тәнтіректей басып өзен жағасына барады да, жағадағы шөпке тізесін тірей бере, қашыр құсап мойнын созып, суға бас қояды. Су ішіп болған соң, екі қолын жазып жіберіп, басын суға мойнына дейін бойлата тыққанын, кедергіге тап болған ағыннан доға толқын пайда болғанын әкем анық көреді. Атам басын суда біршама уақыт ұстайды. Жағадан бақылаған әкем оны тарбиған үлкен мыс бақаға ұқсатып, жүрегі дірсіл қағады.

Атам суға малшынған басын жұлып алып, ырсылдай дем алады. Сосын орнынан тұрып, жағаға көтеріліп, әкемнің алдына келіп тоқтайды. Атамның басынан құлап жатқан мөлдір тамшыларды әкем ап-анық көреді. Атам басын шайқап қалғанда қырық тоғыз милиграмм үлкендіктегі, бір-біріне ұқсамайтын сансыз моншақтар құдды бір меруерт маржан шашылғандай жан-жаққа серпіле жамырайды.

– Дугуан, – дейді атам. – Әкеңмен бірге барып бауырластарды көр.

Атам жолдың батыс жағындағы гаулияң алқабына еніп, сүрініп-қабынып келе жатады. Артында – әкем. Қоғадай жапырылған гаулияң сабақтары мен өлеусірей жылтыраған оқ жездерін кешкен күйлерінде, оқтын-оқтын еңкейіп, көлденең жығылған, тік сұлаған, аузы ашылып, тісі ақсиып қалған жасақ мүшелерін түгендеуге кіріседі. Олардың бәрі өлген екен. Атам мен әкем тірі біреуіне кездесіп қаламыз ба деген үмітпен оларды аударып-төңкеріп, қозғай береді. Бірақ, олар түгелімен мерт болған екен.

Әкем мен атамның қолдары қызыл қанға боялады. Аралықта батыс жақта жатқан екі кісіні әкемнің көзі шалады: мылтық ұңғысын тістеген біреуінің желке тұсы құдды бұзылған бал арасының ұясындай быт-шыт болыпты; ал жантая құлаған екіншісінің кеудесіне қадалған қанжар сабы алыстан көзге ұрып тұрады. Атам барып аударып жатқызғанда, әкем олардың аяқтарының сынып, іштерінің жарылғанын байқайды. Қатты күрсінген атам олардың аузындағы мылтықты алып, кеудесіндегі қанжарды суырады.

Әкем атама еріп, іңір қараңғысынан өзгеріп, жарқырай түскен тас жолдан өтіп, жолдың шығыс жағындағы сұрапыл атылған оқ қырыққан гаулияң сабағының маңына жеткенде тағы да анда бір, мұнда бір құлап жатқан ауылдастарын көреді. Қос қолымен дауыс күшейткішін тас қып құшақтап алған Лиу Дахау әлі сол орнында, кернейін үрлеуге әзір қалпында, жүгінген күйі жатыр екен. Толқып кеткен атам: «Лиу Дахау!» деп айғайлайды. Дахау үндемейді. «Көке!» деп айғайлайды әкем де қасына барып. Дауыс күшейткіш сырғып жерге түседі. Еңкейіп қарағанда, кернейші кісінің бетінің тас болып қатып қалғанын аңдайды.

Өзен бойынан ұзап, қатты бүлінбеген гаулияң алқабына жеткенде атам мен әкем ішегі сыртына шығып қалған Фаң Чи мен «Лаулау сы» (құрт төрт) аталып кеткен жасақ жауынгерін (ол кезек бойынша төртінші, кішкене кезінде құрт ауруына шалдыққан еді) тауып алады. «Лаулаусының» қара санына оқ дарып, қан көп кеткендіктен, есінен танып қалған екен. Атам қанға боялған саусақтарын оның тұмсығына апарғанда, танауынан ескен болмашы лепті сезеді. Фаң Чидің ішегін ішіне салып, кесілген жерін гаулияң жапырағымен бітеп, тығындап қояды. Демі әлі үзілмеген ол атам мен әкемді көре сала еріндерін жыбырлатып: «Сардар... мен біттім! Менің қатынымды көрсеңіз... аз-тола ақша беріңіз... басқа күйеуге шығып кетпесін деңіз... менің артымда... егер ол үйден кетсе... Фаң әулетінде шырақ жағушы қалмайды...» дейді. Әкем оның бір жастан асқан ұлы бар екенін білетін. Қатынының сүт тіреген қабақтай емшегі сәбиін құнарлы да шырын азықпен қамтамасыз етеуге толығымен жететін еді.

– Бауырым, мен сені көтеріп алып кетемін, – дейді атам.

Соны айтады да, отыра қалып, Фаң Чидің екі білегін иығына салып, көтереді. Фаң Чи баж ете қалады. Әкем оның кесілген жерін бітеген гаулияң жапырағының түсіп қалғанын, ақбоз ішектерінің тесілген қарнынан буы бұрқырап шығып тұрғанын көреді. Атам Фаң Чиді қайта жерге қояды. Ауырсына ыңыранған Фаң Чи: «Аға... болды... мені қинамаңыз... одан да мені бір оқпен қатырыңыз...» – дейді.

Жүгініп отыра қалған атам Фаң Чидің қолын ұстайды.

– Бауырым, мен сені көтеріп Жаң Шіниге апарам. Жаң мырза сенің жарақатыңды емдеп жазады, – дейді.

– Аға... тезірек... мені қинама... мен мал болудан кеттім...

Атам көзін жұмып, он неше жұлдыз өшіп-жанып, зорға көрініп тұрған тамыздың бозғыл аспанына қарап, ұзақ өкіріп жылайды. Сосын әкеме қарап:

– Дугуан, сенің құралыңда оқ бар ма? – дейді.

– Бар, – дейді әкем.

Атам әкем лақтырып берген браунікті қағып алып, серіппесін қайырады да, ала көлеңкеде үңіле бір қарап, оқ салатын айланба шығыршығын айландырып қалады.

– Чи інім, сен алаңсыз кете бер... мен барда ешкім талғажаусыз қалмайды. Келін мен ұлды аш қалдырмаймын, – дейді артынан.

Басын изеген Фаң Чи көзін жұмады.

Атам қаруын көтереді. Сол сәт құдды бір тау арқалағандай күйге түсіп, тұла бойы дірілдеп кетеді.

Көзін ашып алған Фаң Чи:

– Аға... – дейді.

Атам жүзін ала береді. Наган аузынан лақ еткен бір құшақ от Фаң Чидің жалтыр басын бір сәт нұрлы жарыққа бөлейді. Жартылай жүгініп отырған ол алдыға қарай құлап, ақтарылған ішек-қарнын басып қалады. Әкем адамның ішіне соншама көп ішек сыятынына сене алмай аңырып тұрады.

– Лаулаусы, сен де жолыңа түс. Ерте қайтсаң – тірлік мехнатынан ерте құтыласың! Сосын қайтып келіп, шығыстық мына азғындармен жақсылап айналысарсың!

Атам қару таңдайындағы тағы бір оқты ақтық демі ғана қалған Лаулаусының жүрегіне қадайды.

Лаулаусыны да өлтіріп, жақындарын жайратып салған атамның қолындағы құралы сылқ етіп жерге құлап түседі. Білектері өлі жылан құсап былқ-сылқ етіп, қайта көтере алмай қалады.

Қаруды әкем алып, беліне қыстырады да, есі кіресілі-шығасылы болып тұрған атама қарап:

– Әке, үйге қайтайықшы... үйге кетейік... – дейді.

– Кетейік... кетейік ... – дейді атам.

Әкем атамды жетектеп өзен жағасындағы қырға шыққан соң, теңселе басып батысқа қарай жүріп кетеді. Тамыздың тоғызында жартылай толған ай тік төбеге көтеріліп, төгілген салқын нұры әкем мен атамның үстіне жарық түсіріп, терең де ұлы хан мәдениетіне ұқсайтын Мошүй өзенінің бетіне сәуле себеді. Қанды су арбап, рухы тасыған жыланбалықтар өзен бетіне қарғып шығып, бұратылып ойнайды. Сызық-сызық боп тартылған күміс жолақтар ашық айдында алыстап барып, кері қайтады. Өзен бетінен көтерілген сап-салқын көгілдір бу мен гаулияң алқабынан тараған қып-қызыл жылы бу өзен жиегінде тоғысып, біте қайнасып, аржақ-бержағы анық көрінетін ақбоз тұманға айналады.

Әкемнің есіне таңсәрі жорыққа аттанған тұстағы сағызша созылып, шудаша шұбатылған қалың тұман түседі. Күн, бір қарағанда, он жылдай ұзақ сезілгенімен, енді бір қарағанда, қас қағымдай тез өткен екен. Әкем тағы сол тұтасқан тұман ішінде анасының өзін жолға шығарып салғанын ойлайды. Жер түбінде қалғандай болған сондағы көрініс кірпік ұшында ғана тұрғандай жақын сезіледі. Әкем соған қоса және әскерлердің гаулияң атызында көрген көресісін – гранаттың Уаң Уынидің құлағына келіп дәл тигенін, елу неше жасақтың тасжолда қой құмалағындай қаптап көпірге қарай лап қойғанын, үнсіз қылпылдаған өткір пышақ, қан толған оқты көз, әуеде қалықтаған жаудың басы, дұшпанның қатып-семген арық құйрығы... қанат жайған самурықтай өзен қырына шыға келген анасы... қыспа нан... қырмен домалап бара жатқан қыспа нан... құлай жапырылған қызыл гаулияң... құдды бір қаһармандар секілді арт-артынан құлаған қызыл гаулияң... бәрін түгел жадына алады.

Атам ұйқы меңдеп келе жатқан әкемді көтеріп алады. Жараланған білегі мен сау білегі де әкемнің тақымының арасында қалады. Әкемнің ышқырына қыстырулы наганы арқасына батқан атам іштей қатты ыңғайсызданып келе жатады. Бұл наган жоғары білімді, келбеті де келіскен, қатқан арық қара Рын орынбасардың құралы екен. Атам дәл осы қарудың Рын орынбасарды, Фаң Чи мен Лаулаусыны атып өлтіргенін ойлағанда, жек көргені сонша, жексұрын пәлені Мошүй өзеніне лақтырып жібергісі келеді. Соған ниет қылып, шамалы еңкейіп, арқасындағы ұйқыдағы ұлын жоғары қарай сілки көтергенімен, мұнысы тек жүрегін тырнаған ащы қайғыны сәл жеңілдету үшін жасаған жай әрекет болып шығады.

Атам жүре береді. Жүре-жүре аяғының қандай жерді басып келе жатқанын сезуден қалады. Бұл, анығында, жүрсем деген күшті ынтаның жетегінде ұйып қалған ауаның серпіме толқынында қиналып жанталасу еді. Есі кіресілі-шығасылы күйде келе жатып бір кезде алдыңғы жақтан талығып жетқен толқын тәрізді шуылды естиді. Басын көтеріп қарағанда, алыстағы өзен жағасынан айдаһар тәрізді ұзаққа созылған иір-қиыр от тізбекті көреді.

Атам тіксіне қарап аз тұрады. Көз алды бірде тұманданап, бірде қайта тұниды. Тұманданған кезде әлгі бір ұзын айдаһар аузын аша айбат шегіп, бұлт үйіріп, боран соқтырып, зорая түскен денесіндегі алтын қабығы тынымсыз сыңғырлап, оған қоса, жел ысқырып, тұман ұйытқып, күн күркіреп, найзағай жарқылдап, бар дыбыс жиыла тоғысып, дүлей дауыл дүние бетін тазалап, сыпырып жатқандай болады; ал алды ашылған тұста, тоқсан тоғыз алау ұстаған неше жүз адам жөңкіліп жүгіріп келе жатқандай хал кешеді. От жарығы алаулап, өзеннің оңтүстік, солтүстігіндегі қалың гаулияңды нұрға бөлейді. Ілгері тараптағы от арт жақтағы адамдарды, ал арт жақтағы от ілгері тараптағы адамдарды жарыққа шомылдырады.

Атам арқасындағы әкемді түсіріп, теңселіп тұрып, бар күшімен:

– Дугуан! Тез оян! Ауылдастар бізді қарсы алуға келе жатыр... ауылдастар келді... – деп айқайлайды.

Әкем атамның қарлыға шыққан дауысын естиді. Және көзінен жас тамшыларының ыршып кеткенін де сезеді.

VI

Әкелі-балалы Дәндерді өлтіргенде атамның жасы жаңа ғана жиырма төрттен асыпты. Әжем екеуі гаулияң алқабында ынтық самрұқтардай жасырын жанасқанда, сол бір жартылай бақытты, жартылай қасіретті күнде әжем кейін ерлігімен елге танылып, Гаумидің Дұңби ауылында аты аңызға айналатын менің әкемді көтереді. Әжем ол кезде Дән әулетінің араға елші салып, айттырып алған келіні болғандықтан, атаммен кездесуі қиынға соғады. Бастарына еріксіздікке, тұрақсыздыққа толы, әлденені шарасыз күткен ауыр жағдай орнайды. Оның сыртында, әкемнің әлі дүниеге келмеген кезі ғой... сол себепті, ол тұстағы оқиғаларды баяндағанда, мен оған Үй Жанау деген ат бергенді дұрыс деп таптым.

Сол күні қайғыдан қан жұтқан әжем Үй Жанауға өзінің заңды күйеуі Дән Пиянлаңның ақпа кеселге кіріптар болған бейбақ екенін айтады. Мұны естіген Үй Жанау қолындағы өткір қанжарымен екі тал гаулияң сабағын қиып түседі. «Ештеңеден алаңдамай үш күннен кейін қайтып кел» дейді әжеме. Махаббат иіріміне тұншығып, басы айналған әжем оның сөз астарында басқа мағына жатқанын ойламайды. Үй Жанау сол кезде-ақ адам өлтіру ниетіне келген екен. Әжемді ту сыртынан қадала қарап шығарып салған ол гаулияң сабақтарының арасынан әжемнің ақылды есегін дауыстап шақырғанын, сол аралықта әбден мас болып ұйықтап қалған әкесінің оянғанын түгел көріп тұрады. Артынша шала ес кісінің тілі күрмеле:

– Қызым, сен... бір сигенде, жарты күн сидің ғой... сенің қайын атаң... бізге бір қашыр беретін болды, – деп міңгірлегенін де естиді.

Әжем әкесінің сандырақтаған сөздерін елемейді. Есегіне мініп, самал сипап, ажарланып кеткен ақ жүзін жолдың түстігіндегі гаулияң алқабына бұрады. Әлгі күймеші жігіттің өзін таяу арадан бағып, қарап тұрғанын көңілі сезеді. Іле ішін өртеп, жүрегін жандырып бара жатқан әлемтапырақ халінен суырылып шығып, алғы тарапқа қарағанда, көз алдына тартыла қалған шыт жаңа, мүлде бейтаныс, бетіне гаулияң дәндеріндей қызыл меруерт төселген даңғыраған кең жолды, екі қапталдағы терең арықта сылдырап ағып жатқан гаулияң арағын көреді. Қос жағалау онсыз да теңіздей толқып, теңселіп тұрған қызыл гаулияң ғой, өмірде бар қызыл гаулияң мен санасында сәулеленген қызыл гаулияң біте қайнасып, ара-жігі ашылмай, жымдасып кетеді. Әжем осындай елес пен шындық мидай араласқан, болған істің бараны анық танылмас әңкі-тәңкі күйде ұзап бара жатады.

Әжем бір тұмсықтан айланып кеткенше Үй Жанау гаулияң сабағына сүйеніп қарап тұрады. Кенет сұмдық шаршағанын сезген ол ештеңеге қарамай, Фаң Сәйдің ауласына келеді де, сондағы бір үлкен құмыраға құлап, қорылдап ұйқыға кетеді. Содан күн ұясына еңкейгенде бір-ақ оянады. Көзін ашар алдында анталаған қалың гаулияң сабағын, оған жағылған бір қабат қан қызыл қанық бояуды көреді. Жейдесін желбегей жамылып, гаулияң алқабына барады. Жолай болмашы желемік есіп, гаулияң сабақтары ызыңдап ән салады. Өзінің сәл жаурағанын сезіп, жейдесін киіп, қымтанып алады. Білегі құрсағына тиіп кеткені сол, ішек-қарны шұрылдап қоя береді. Сол сәт осыдан үш күн бұрын ана бір жас келінді көшіріп апарғанда, ауылдың шетіндегі үш бөлмелі сабан үйдің дөдегесінде жаңбыр жеп, жел тоздырған ескі арақ туының желбіреп тұрғанын көргені есіне түседі. Ашқан қарны маза бермеген соң, ақыры тәуекелге мініп, гаулияң алқабынан шығады да, әлгі ауылға қарай жол алады. «Дұңби ауылына келіп, «Үйленгендерге қызмет көрсету» орталығына жұмысқа тұрғаныма әлі екі жыл болған жоқ, мені кім таниды дейсің. Әлгі ауылдың шетіндегі арақ дүкеніне барып, тоя жеп, шөлімді қандырып алайын да, орайын тауып, көздеген шаруамды бітірейін. Сонан соң кері қайтып, гаулияң арасына еніп, теңізге сүңгіген балықтай қарамды батырайын» деп ойлайды. Сол оймен кешкі шапаққа маңдайын сүйгізіп, батысты бетке алып кете береді. Күн ұясының үстінде қызғылт түсті бұлт көбейіп, құдды бір мудан гүлі ашылғандай, жоғарғы жағы өрт шалғандай алтын жиектеніп, көрер көзге тым қорқынышты боп көрініп тұрады. Аяңдап аз жүрген соң, қайта солтүстікке бұрылып, тіке әжемнің атастырылған күйеуі Дән Пианлаңның ауылына қарай тартады.

Адам қарасы әлдеқашан сейілген кең алқап тыныштыққа шомып, мүлгіп жатады. Ол ас ішіп, аяқ босата алатын жанның бәрі ерте жарықта үйін табатын заман ғой. Кеш қалуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Өйткені, қараңғы түсе сала, гаулияң алқабы қарақшы мен тонаушының илеуіне айналып шыға келеді екен. Ол күндерде Үй Жанаудың жолы болыпты. Жол торыған тентетердің ешбіріне кездеспейді, әуре-сарсаңға түспейді.

Түтіні көкке үнсіз көтеріліп жатқан ауылдың шетіне ілінгенде, қос құмыра көтерген бір еркектің көшені бойлап, құдықтан келе жатқан баранын байқайды. Шылпылдаған суының дыбысы, тіпті, алыстан естіліп тұрады.

Үй Жанау ескі ту ілінген сабан үйге кіреді. Үй іші аңырайған ашық, ортада кедергі болар ештеңе жоқ екен. Тек балшық кесектен жасалған биік сөре ғана үлкен бөлмені екіге бөліп тұрыпты. Ішкі жақтан жылы сәкі, ошақ және құмыра көзіне шалынады. Беріде – сирағы қисық, жүзі айқаш-ұйқыш сызылған абажадай екі үстел. Қасынан қалай болса солай шауып, жасай салған үш-төрт ұзын орындық орын алыпты.

Балшық сөренің үстіне үлкен арақ құмырасы қойылыпты. Араққұйғыш құмыраның ернеуінде ілулі тұрады. Сәкіде ішке жаңа енген кісіге тесіле қарап етжеңді шал отырады. Үй Жанау бір қарағаннан жазбай таниды: «кәрісшоқпар» атанып кеткен, ит союмен айналысатын әлгі бір кісі екен. Бір жолы сәті түсіп, Мадианжиде оның бір минуттың ішінде бір итті жайғап салғанын көргені бар. Артынан естісе, Мадианжидегі ит біткеннің бәрі оны көрсе жүндері үрпиіп, тап беруге батылдары жетпей, қыңсылап қоя береді екен.

– Қожайын, бір жарты арақ беріңіз, – дейді Үй Жанау ұзын орындықтардың біріне отырып жатып.

Семіз шал орнынан қозғалмайды. Тек шүңірейген сұрғылт көздерін бір аударып қояды.

– Қожайын!

Үй Жанау айғай салады.

Семіз шал сонда барып тізесіндегі ит терісін алып, сәкіден түседі. Ол қара иттің терісін жауып, ақ иттің терісін астына төсеп алған екен. Үй Жанау тамда ілулі тұрған тағы жасыл, көк және ала иттердің терілерін байқайды.

Шал текшенің қуысынан қызыл қоңыр түсті кесе алып, оған араққұйғышпен арақ құяды.

– Тіске басар не бар? – деп сұрайды Үй Жанау.

– Иттің басы, – дейді шал ызбарланып.

– Менің иттің етін жегім келеді, – дейді Үй Жанау.

– Иттің басы ғана бар.

– Иттің басы болса, иттің басы болсын, – дейді Үй Жанау.

Семіз шал барып қазанның қақпағын ашады. Үй Жанау онда бүтін бір иттің былқып пісіп тұрғанын көреді.

– Менің иттің етін жегім келеді! – деп айғайлайды Үй Жанау.

Семіз шал елемейді. Қолына үлкен пышақ алып, иттің мойнына қарай сілтеп қалады. Шалп етіп сорпа шашырайды. Кесілген басты темір істікпен шаншып алып, сөренің сыртына қарай тастай салады. Көкірегін ашу кернеген Үй Жанау:

- Аға-шөнеңнің иттің етін жегісі келеді! – дейді даурығып.

Иттің басын текшеден асыра тастаған шал:

– Жесең – же, жемесең, көзіңді құрт! – дейді ашуланып.

– Мені боқтауға қалай дәтің барды?

– Тып-тыныш жайыңа отыр, бала, – дейді шал. – Сен иттің етін жеуге әлі жараған жоқсың! Оны Хуа Бозыға алып қойғам.

Хуа Бозы – Гаумидің Дұңби ауылындағы аты шулы қарақшылар серкесі. Атын естігенде Үй Жанау әнтек тіксініп қалады. Айтуларға қарағанда, Хуа Бозының қолында керемет бір мылтық бар екен. Аты – «Үш басты самұрық». Жұрт осы мылтықтың дауысын естігенде-ақ Хуа Бозының келгенін біледі екен.

Үй Жанау іштей аса мойынсал болмаса да, ашуын жұтып, үнсіз қалады. Бір қолымен кесені көтеріп, екінші қолына иттің басын алады. Сосын арақтан бір ұрттап қойып, әлдеқашан шегіне жете піссе де, өзінің қабаған қалпынан әлі арылмаған иттің көзіне тік қарап, ашылған аузын мұрнына туралап, ызалана қауып алады. Бал татыған дәмі тілін үйіреді. Шыныман-ақ, ашыққан екен. Езуін жалап, тамсанып үлгермейді, иттің көзін жұтып, миын обады. Тілін сорып, жағын мүжиді. Кеседегі арақтың да түбін көрсетеді. Соңынан иттің әбден аршылып, жалаңаштанған бас сүйегіне қарап отырып, жақсылап бір кекіреді.

– Бір теңге, – дейді семіз шал.

– Менде жеті тиын ғана бар.

Жеті тиынын алып шыққан Үй Жанау үстел үстіне тастай салады.

– Бір теңге!

– Менде бары тек жеті тиын.

– Бала, сен мұнда садақа ас ішуге келдің бе?

– Менде бары тек жеті тиын.

Үй Жанау орнынан тұрып, жүруге ыңғайланады. Семіз шал сөре ішінен жүгіріп шығып, Үй Жанауды ұстай алады. Ұстаса бергендері сол, еңгезердей біреу дүкенге кіріп келеді.

– Кәрісшоқпар, неге шам жақпағансың? – дейді әлгі адам.

– Садақа ас ішетін біреу келіп қалып... – дейді семіз шал.

– Тілін кесіп таста оның! Шам жақ! – дейді әлгі кісі түнерген қалпы.

Шал Үй Жанауды босатады. Сөренің ішіне кіріп, шақпағын шағып, білтелі шырағданын жағады. Шалқыған шам жарығы әлгі кісінің қара сұр жүзіне түседі. Үй Жанау оның қара торқадан киім киіп, сықиып қатып алғанын көреді. Жейдесінің шалғайы толған түйме, бұтында ерепайсыз кең жұқа шалбар. Оның балағын жіңішке қара баумен мықтап байлап тастапты. Аяғында бір жұп үшкір тұмсық кездеме шоқай. Сұңқиған ұзын әрі жуантық мойын біткен адамның сағағында алақандай ақ тері бар екен. Үй Жанау іштей дәу де болсаң Хуа Бозы боларсың деп тұспалдайды.

Үй Жанауға шола бір көз жүгірткен Хуа Бозы кенет сол қолының үш саусағын шығарып, ұшын маңдайына басады. Түкке түсінбеген Үй Жанау оған бақырая қарайды.

Үмітсізденген бейнемен басын шайқап-шайқап қойған Хуа Бозы:

– Көмектеспейсің бе? – дейді.

– Мен жүк көтеріп күн кешкен күймешімін, – дейді Үй Жанау.

– Иықпен ас айырған жегіт екенсің ғой, – дейді Хуа Бозы алымсынбай. – Қалай, менімен қыспа нан жегің келе ме?

– Жоқ, – дейді Үй Жанау.

– Қараңды батыр! Жас болғаның үшін тіліңді аман қалдырайын, қыздарды өп! – дейді Хуа Бозы. – Сыртқа шыққан соң аузыңды бағып жүр!

Үй Жанау өзінің ашуланғанын, әлде қорыққанын білмеген күйі кері шегініп, қабақханадан шығады. Қарақшыда болуға тиіс басты қасиеттерді әзірлегенімен, шын қарақшының қасында жетпейтін тұстары әлі де көп екен. Оларға қосылмай жүруінің себебі де жетерлік еді. Жинақтап айтқанда, олар, негізінен, мына үш түйінге саятын: біріншісі, алған ахлақ тәрбиесінің шектемесі еді. Оның ойынша, қарақшылық – зорлық, Құдай заңын бұзу болып есептелетін; онда тағы билікке деген өте зор соқыр сенім бар еді. «Адал» жолмен мал тауып, қатын алуға болады деген үміті әлі сөне қоймаған-ды. Екіншісі, әзірше шарасыздан «Лияң шанға шығатын» (қарақшы болатын) қиын жағдайға тап келмеген, өз алдына тырбанып күн кешіп жатқан, тірлігі әлі тұйыққа тірелмеген еді. Үшіншісі, оның өмірге деген көзқарасы әлі толық қалыптаспаған, балаң қалпы, жеке бас тіршілік пен қоғам туралы түсінігі дәл қарақшылардікіндей шегінен шығып, қалыбынан асып кетпеген-ді. Алты күннің алдындағы ана бір жол торыған тонаушылардың шолғыншы кісісін жаусатып салған ұрымтал сәтте ерекше ерлік көрсеткенімен, оған себеп болған нәрсе таза әділетшілдік пен аяушылық сезім ғана еді, қарақшыларға тән бассыз асаулық жоққа тән болатын. Үш күннің алдында менің әжемді алып, гаулияң алқабының терең түкпіріне кетіп қалуы да, негізінен, әйел сұлулығына деген ынтызарлықтың бір көрінісі еді, жабайылықтан мүлде ада болатын.

Гаумидің Дұңби ауылы қарақшылардың ұясы, ал қарақшылардың құрамы өте күрделі еді. Менде Гаумидің Дұңби ауылындағы қарақшылар туралы көлемді кітап жазайын деген үлкен жоспар, нақты дайындық, соған қоса, жасалған терең зерттеулер де бар болатын – алдын-ала үлкен сөздер айтып, әлдекімдерге қоқаңдап отыруымның себебі содан.

Үй Жанаудың жүрегінде қарақшылар серкесі Хуа Бозының іс-әрекетіне деген жасырын құрмет әрі жек көру бар болатын.

Үй Жанау кедей отбасында дүниеге келді. Әкесі ерте қайтыс болып, шешесі екеуі жеті сотоктық үш жерге егін салып, күн көрді. Қашыр саудасын жасайтын көкесі Үй Дая анда-санда қол ұшын беретін. Дегенмен, мөлшері тым аз еді. Он үш жасқа шыққан жылы анасы Тиян Чи бұтханасындағы бір монақпен барыс-келіс жасай бастайды. Қолында бар монақ үнемі ұн, күріш әкеп беріп тұрады. Ол келген сайын анасы Үй Жанауды әлдеқайда жұмсап жіберіп, есікті жауып алатын. Іштен шыққан көңілді әуенді естігенде бозбаланың бойын ашу кернеп, өршіген өшпенділіктен үйге от қойып, өртеп жібергісі келетін.

Ол он алтыға толған жылы анасы мен монақтың барыс-келісі тіпті қалыптан шығады. Ауыл ішінде түрлі қауесет тарайды. Ауылдас досы Шың Шияу темірші бір күні оған алмас қанжар сыйлайды. Көктемнің бір жаңбырлы кешінде Үй Жанау әлгі монақты алмұрт гүлдеген бұлақ бойында пышақтап өлтіреді. Әлгі бұлақтың жағасы толған алмұрт ағашы екен. Монақ өлген кезде күні толып, жаппай гүлдеп жатады. Себезгілеген жауын арасында алмұрт гүлінің жұпар исі маңайға жамырай тарайды. Монақты өлтірген Үй Жанау ауылдан кетіп, қиыр жайлап, шет қонады. Басынан талай іс өтеді. Ақыры құмар ойынының құрығына ілінеді. Ай аунап, жыл жылжыған сайын шеберлігі арта түседі. Мыс теңгенің нілі екі қолын түгел жасыл түске бояйды.

Сау Мыңжиу Гауми ауданына әкім болып келген соң, ол күн-түн демей құмарпаздарды қуғындайды. Сонда Үй Жанау әлдебір қабырлықта қолға түсіп, аяқ киім табанымен соғылатын дүреден екі жүзін жейді. Тағы бір бұтына қызыл балақ, екінші бұтына қара балақ шалбар кигізіліп, аудан орталығында екі ай көше сыпыру жазасына кесіледі. Одан босап шыққан соң, Дұңби ауылында сенделіп жүріп, кейін кірекештің жұмысына тұрады. Монақ өлген соң анасының да есік кәзинегіне асылып өлгенін естиді. Түн жамылып барып бір рет көреді. Артынан гаулияң алқабында менің әжеммен болған әлгі бір іс жүз береді.

Қабақханадан шыққан Үй Жанау гаулияң алқабына келіп жасырынып, кішкене дүкеннен өлеусірей тарап тұрған білте шамның жарығын бағады. Жаңа ай туып, қайта батқанға дейін. Бір кезде аспанда жұлдыздар жамырап, гаулияңға тұнған таң шықтары жерге тамып, жер бетінен сүйек қарығандай суық бу көтеріле бастайды. Түн ортасына таяған шақ болар, кенет дүкен есігінің салдыр еткен дыбысы естіледі. Сыртқа лап қойған мол жарық арасында үлкен қара көлеңке қалбаң етіп, жан-жақты бір шолып алып, қайта ішке кіреді. Үй Жанау оның семіз шал екенін шамалайды. Шалдың үйге кіргені сол, алпамсадай Хуа Бозы қарақшы сондай бір тездікпен лып етіп шығып, қара түнге сіңіп жоқ болады. Семіз шал есігін бекітіп, шамын сөндірген соң, жұлдыз жарығы астында көзге сондай қораш көрініп тұрған арақ туы жын шақырар сұрықсыз кейіпке еніп, мағынасыз далбақтайды.

Хуа Бозы қарақшы жолды бойлап жақындай түседі. Тынысын ішіне тартқан Үй Жанау қимылдауға батпайды. Тура алдына келгенде Хуа Бозы қарақшы тоқтап, дәрет сындырады. Несіп исі қолқасын қабады. Үй Жанау қолындағы қанжар сабын сығымдай түседі. Жүзді қаруын алға қарай сілтеп қалса болды, аты жер жарған қарақшы серкесінің күмірен қабатынын ойлайды. Бұлшық еттері ширай түседі. Тек Хуа Бозымен арасында ешбір өшпенділік жоғын, Хуа Бозының әкім Сау Мыңжиуге ымырасыз жау болып жүргенін, ал Сау Мыңжиудің өзіне аяқ киім табанымен екі жүз дүре соққанын, Хуа Бозыны өлтірсе, үлкен жөнсіздік болатынын ойлап, іркіліп қалады. Соңында «менің атағы жер жарған бұл қарақшыны былай да былай жайғап тастауыма болатын еді, бірақ, оған мақсатты түрде бармадым» деген тоқтамға келеді.

Хуа Бозы қарақшы, әрине, өзінің қандай қатерге тап келгенін білмейді. Ал екі жылдан кейін, еш лыпасыз, тыр-жалаңаш күйінде, Мошүй өзенінің бойында, осы жігіттің қолынан мерт болатынын тіпті де ойламаған еді.

Үй Жанау орнынан тұрып, мүлгіп кеткен ауылға қайта барып кіреді. Аяғын аңди басып, ешбір үйдің итін оятып алмай, алға жылжып, Дән әулетінің ауласына таяғанда ғана демін шығарып, еркін тыныстайды. Жер жағдайын шолады.

Дән шаңырағының үйі бір қатар болып тізілген жиырма бөлмелі үй еді. Ортадағы көлденең там оны қақ бөліп тұратын. Доғалана келіп қосылған аула қоршауында қос қақпа бар болатын. Шығыс жақтағысы – арақ қайнататын қалтқы; ал батыс жақтағысы – баспана-тұрақ-тын. Батыс аулада батысқа қарай іргелес үш бөлме, шығыс жақ аулада шығысқа қарай іргелес тағы үш бөлме бар-тын. Дәл осы шығыс жақтағыда арақ қайнататын кісілер жататын. Шығыс жақтағы аулаға тағы үлкен лапас, диірмен орналасқан-ды. Лапаста екі қашыр үнемі жемделіп бағылатын. Осы ауланың түстік жағына ірге тепкен және үш бөлмелі үй бар еді. Есігі сыртқа қарайтын бұл үйде арақ сатылатын.

Қоршау тым биік болғандықтан, Үй Жанау ауланың ішін көре алмайды. Қолын созып, аяғын көтергенмен, саусақтары тамның қырына ілінбейді. Кезекті рет қатты серпіліп қарғығанда, қабырға дүңкілдеп, іштегі иттер арсылдап қоя береді.

Жүз қадамдай кері шегініп, Дән әулетінің гаулияң сатып алатын алаңқайының бас жағына барып жатып, тың тыңдайды. Алаңқайда бір үймек гаулияң сабағы, және бір үймек гаулияң жапырағы бар екен. Гаулияң жапырағы жаңа орылған көк күйінде жиналғандықтан, керемет бір жағымды иіс тарап, жамырап тұрады.

Үй Жанау гаулияң сабағының ық жағына жүрелеп отыра қалып, жанынан шақпақ тасы мен білте алып шығып, от жағып, сабаққа тамызады. Жаңа лаулай бергені сол, есіне бірдене түскендей, ұстай алып, оны қайта өшіреді. Артынша жиырма неше қадам жерге барып тасаланып, алдыңғы гаулияң үймегінен сәл қашықтағы тағы бір үймектің бүйірін тұтатады. Қу жапырақтардың арасы ашық, бос болғандықтан, тамызуға да, сөндіруге де ыңғайлы еді. Үп еткен леп жоқ желсіз түнде көкте құс жолы доғалана керіліп, жұлдыздар жымыңдап, оған қосылған жалынды өрт терең ұйқыдағы ауылдың жартысын күндізгідей жап-жарық қып жібереді.

– Өрт сөндіріңдер... өрт сөндіріңдер! – деп бірнеше рет айғайлаған Үй Жанау Дән шаңырағының батыс жақ ауласының бір бұрышындағы қараңғы қалқаға барып тығылады. Апанды жалаған өрт тілі тынымсыз сумаңдап, әлденеше рет гүрсілдеген дыбыс шыққан соң, тұтас ауылдың иті өре түрегеліп, арсылға басады. Дән әулетінің шығыс ауласындағы арақ қайнататын кісілер тәтті ұйқыларынан шошып оянып, естері шыға ойбай салады. Қақпа салдыр етіп ашылып, іштен толық киініп үлгермеген жартылай жалаңаш жігіттер сыртқа қарай лап қояды. Батыс қақпа да ағытылып, ол жақтан шашын бір тұтам қып өріп алған қатпа қара шал көрініп, қарғанып-сіленген күйі еңкеңдеп, безіп бара жатады. Ауладан атып шыққан қос сары ит жалынды өртті айнала үріп, құтырып кеткендей абалайды.

– Өрт сөндіріңдер... өрт сөндіріңдер!

Қатпа шал өксік ата айғайлап, жыламсырай жалынады. Сәл кідірістен кейін қайта жүгіріп келген арақ қайнатушылар қолдарына шелек алып, құдыққа қарай зытады. Қатпа шалдың өзі дедектеп үйге кіріп, қап-қара ежір құмыра көтеріп шығып, құдыққа қарай емпеңдейді.

Үй Жанау жейдесін шешіп тастап, там іргесінде отырады да, бір кезде лып беріп батыс аулаға енеді. Дән әулетінің артқы керегесінің тасасында тұрып, әрі-бері жүгіріп, әбден әбігерге түскен кісілердің жанталасын сырттан бақылайды. Бір жігіт көтеріп келген бір шелек суын отқа қарай лақ еткізеді. Төгілген су өрт ішіне құйылғанда кенет бір буда ақ жібекке айналғандай лау етіп, алау-далау жанып бара жатады. Сөйтіп, кісілер төккен шелек-шелек су табанда буға айналып, бірде доғалана, бірде түзу тартылып, кейде араласып кетіп, керемет көркем сурет салады.

– Қожайын, өшіріп қайтесіз... жіберіңіз еркіне! – дейді бір кезде егде тартқан бір ақылды дауыс.

– Өшіріңдер... ойбай, өшіріңдер... – деп жыламсырай жалынады қатпа шал. – Тез өшіріңдер... бұл деген қашырдың бір қыстық азығы...

Үй Жанау сыртта болып жатқан жайларды бұдан ары күзетіп тұра алмайды. Мысықтабандап үйге кіреді. Кірген жерде іштен ұрған дымқыл леп бетін жасқап, төбе шашын тік тұрғызады. Құлағына батыс беттегі бөлмеден шыққан шірік аралас ылғал үн естіледі.

– Әке... не өртеніп жатыр?

Білте шамның жарығына кіргенде тас қараңғыға тап болғандай болған Үй Жанау көзін үйретіп алу үшін қалт бөгеледі. Әлгі бір үн сұрағын қайта қойғанда, қатар қимылдап, терезеден түскен өрт жарығы ала көлеңке ғып тұрған бөлмеге енеді. Жастық үстінде жатқан сопақша келген жалпақ басты көреді. Қолын созып, басты ұстайды. Алақанындағы бас қатты шошып: «Кім... сен кімсің?..» деп айғайлайды. Былық-сылық еткен иір-иір екі қол да жоғары өрмелеп келе жатады. Үй Жанау қанжарын суырып алып, созылып кеткен ұзын мойынға қарай күшпен сермеп қалады. Қанжар тиген тұстан әлдебір салқын леп үрлейді білезігін. Ізінше атқыған ыстық қан қолын бір-ақ тұтып қалады. Жүрегі айнып, көтерліген лоқсығы кеңірдегіне келіп тіреледі. Шошығаннан жаны қашып, қары босай береді. Жиырылып-жазылған ұзыншақ, жалпақ бас жастықтың үстінде илектеніп, қорылдап жатады. Алтын сары түсті қан сыртқа қарай атқақтай береді. Қолын көрпеге сүрткенмен, одан сайын жиіркеніп, құсқысы келеді. Сабы жылпылдап тайғанақ боп кеткен қанжарын қармаған күйі ортаңғы үйге шығып, ошақ астынан күл алып, қолын, қанжарын ысқылап сүртеді. Ысылған қанжар дүзі лезде жарқырап, жан кіріп кеткендей жалаңдайды...

Досы Шын Шияудан алғалы бері осы қанжармен күнде жасырын ойнайтын. Әр жолы монақ пен анасы ентігіп, ыңырана бастағанда-ақ қын ішіндегі қанжар бұлқынып, тоқтамай кететін. Ауылда көзін бақырайтып қойып қанша адамның «монақтың ұлысың» деп жерлегені есінде жоқ, әр жолы көзіне қан толып, безірейетін де тұратын.

Кейін жастықтың астындағы қанжар күн сайын қайралып, ұйқысын қашыратын болды. Бозбала межелі уақыттың жеткенін біледі. Сол күні аспандағы ай да дөңгелене толады. Бірақ, артынан оны қорғасын түсті қалың бұлт бүркеп алады. Ел ұйқыға кеткен бір кезде себезгілеп жаңбыр жауа бастайды. Мөлдіреген кішкентай тамшылар жер бетін тегіс суға малшындырып, кейбір ойпаң тұстарға күміс түсті көлшіктер пайда қылады. Қолына сары қолшатыр ұстаған монақ сыртқы есікті ашып, ішке енеді. Өз бөлмесінде жатқан Үй Жанау оның тақыр басы жұрқ-жұрқ етіп, қолшатырын жиып жатқанын көреді. Артынан ол аспай-саспай есік табалдырығына табанындағы батпақты сүртеді. Анасының: «Неге осынша кешіктің?» деп сұрағанын естиді. «Батыс ауылдағы «қыршаңқының» шешесі жетілік өткізіп, соған барып, қасиетті кітаптан үзінді оқып бердім» дейді монақ. «Осынша кешіккеніңе қарап, келмейді екен десем». «Қалайша келмейін?..» «Жаңбыр жауып тұр ғой». «Жаңбыр емес, тас жауса да келем». «Тез кірсеңші енді». Есіктен еніп бара жатқан монақтың тағы: «Ішің әлі ауырып жүр ме?» дегенін естиді. «Онша білініп жүрген жоқ. Қап!..». «Сен нені уайымдап жүрсің?» «Күйеуімнің он жылдығы келіп қалды ғой... мен болсам, мынандай болдым... шықсаң да қиын, шықпасаң да қиын». «Шық... мен қасиетті кітаптан үзінді оқиын».

Сол күні ол таң атқанша көз ілмейді. Жастығының астындағы қанжардың шиқылдаған, терезе сыртындағы жаңбырдың сіркіреген үнін, терең ұйқыға кеткен монақтың қорылын және анасының ұйқысырап сөйлеген сөзін естіп жатады. Таяу арадағы орманнан сықылықтап жапалақ күлгенде қорыққаннан басын көтеріп, жиналып отырады.

Киімін киіп, қанжарын алып, монақ пен анасы жатқан бөлменің есігіне барып, ішке құлақ түріп сәл тұрады. Жандүниесі иесіз қалған даладай қаңырап қалады. Есікті еппен ашып, аулаға шығады. Аспанға қарағанда, бұлт қабатының шамалы жұқарғанын көреді. Шығыс жақ жаңа бозаңданып келе жатқан екен. Көктем жаңбыры дәл кешегісіндей баяу себезгілеп, аспай-саспай төгіліп тұрады. Тамшылар жер бетіне үн-түнсіз құлағанымен, көлшіктерге тамғандары сырылдаған жұмсақ дыбыс шығарады.

Тиян Чи бұтханасына апаратын бұраң соқпақпен тартып кетеді. Бір жарым шақырымға созылатын бұл сүрлеу жолай жылып ағатын бір құлақ судан өтетін. Судың ортасында аяқ қоюға арналған тастар бар болатын. Күндіз ерекше тұнып, түбіндегі балық-шаянын санап алуға болатындай болып кететін ағын бүгін лайланып, бетін бір қабат тұман тұтып жатыпты. Суға тамған жауын тамшыларының сыбдыры адамды белгісіз бір үрейге бөлейді. Қара тастар суға малшынып, жылпылдап кетіпті. Еппен басып үстіне шыққан соң төмен қарап, ағыстың табанындағы тасқа қалай соғылып, толқын пайда қылатынын бақылайды. Ұзақ күзетеді. Жағадағы құмдауыт жазық гүл аша бастаған алмұрт ағашына толыпты. Арғы жаққа секіріп өтіп, ағаш арасына барып кіреді. Аяғының асты былқ-былқ етіп, төбесінен меруерт тамшылар төгіледі. Алмұрт гүлі күңгірт мұнар ішінен тым ағара көзге ұрады. Тазарған мөлдір ауадан оның жұпар иісі аса білінбейді.

Алмұрт орманының терең түкпірінен әкесінің бейітін тауып алады. Қабірдің үстіне он неше тал шөп өсіпті де, қурап қалыпты. Түбінен тышқан ін қазған. Бар ықыласымен әкесінің әлпетін есіне алуға тырысқанда, дөңгелек селеу сақалы аузын басқан арық сары кісінің күңгірт бейнесі жадына оралады.

Жол жағасына қайтып келіп, бір ағаштың тасасына жасырынып, сонда отырып, ағын ортасындағы қара тастарға келіп соғылып, қайта кері құлап жатқан ақ сағал толқындарды бағады.

Бір кезде әуе тұнып, жарық молая түседі. Бұлттар дамылдап, тыныштыққа шомады. Жалғыз аяқ соқпақ айқындалып, анық ажыратуға келеді. Қолшатырын ұстап, жіңішке соқпақпен дедектеп келе жатқан монақ та қара көрсетеді бір кезде. Бірақ, қолшатырдың астында болғандықтан, басын көре алмайды. Ал көк түсті сырт киімдерінен жаңбыр тамшыларының ізі анық байқалып тұрады. Судан өткен кезде сырт киімінің ұзын етегін қайырып ұстап, қолшатырын биік көтергенде, толықша келген денесі теңселіп кетеді. Дәл сонда ғана оның ана бір дөңгелене ісінген әппақ жүзі көзіне түседі. Жанындағы қанжарын сипағанда, әлгі бір ыңыранған үн тағы естіледі. Қолының білезігі талып ұйығандай болып, саусақтары қарысады.

Судан өткен монақ етегін түсіріп, табанымен жер тебеді. Жер тепкен кезде екі тамшы балшық ыршып келіп, етегіне жабысады. Таяу жерде тұрған монақ етегін кере ұстап, саусағымен шертіп, балшықты ұшырып жібереді. Әппақ неме қашанда осылай, тап-таза қалпында, бойынан сабын ағашының жағымды иісі бұрқырап, сергек жүретін.

Сабын ағашының иісі мұрнына келіп, монақтың қолшатырын жиып жатқанын байқайды. Жауып-ашып, жауып-ашып, әбден сорғытып, қолтығына қысады. Оның тақыр басы жарқырап, еңбегіндегі он екі ноқаты жылт-жылт етеді. Ілкіде анасының осы басты қос қолымен құдды бір асыл гаухарды аялағандай сипайтынын, ал басын анасының алдына қойған мұның тақ бір жаңа туған сәбидей балбырап, тыншып қалатынын есіне алады. Монақ тым жақын келеді, тіпті, алған деміне дейін естіліп тұрады. Қолындағы қанжар құдды бір шөміш балыққа айналып кеткендей жылпылдап, бекем ұстауға келмей қалады. Саусақтары шылқып терлейді. Әне-міне құлап қалардай, құлағы шыңылдап, басы айналады. Өтіп бара жатқан монақ тамағын қырнап түкіргенде, шөп басына ілінген қақырығы төмен созылып, шұбатыла ағады. Үй Жанаудың қарадай зығырданы қайнайды. Алға қарай ұмсынып қалғандай болады. Миы барабан терісіндей керіліп, шекесі барабан соғылғандай дыңылдайды. Қанжар өзі барып монақтың бүйіріне қадалғандай болады. Тәнтіректеп кеткен ол алға қарай екі-үш қадам аттап барып, ағашқа сүйеніп, артына бұрылады. Оның көздері қасірет пен аянышқа толы екен. Сонда барып бұл өз ісіне қатты өкінеді. Монақ тіл қатпаған қалпы, қармаған ағашымен бірге үн-түнсіз құлап түседі.

Монақтың бүйірінен өткір қаруын суырып алады. Оның қаны жып-жылы, бейне бір құс мамығындай жұмсақ екен. Ағаш жапырағына жиналған мол жауын суы одан ары іркіле алмай, төмен құлап, құмдауыт жерді төпеп кетеді. Неше тал алмұрт гүлінің жалпақ тілі қалқып түседі. Алмұрт орманының терең түкпірінен сап-салқын самал ұрып, сонда ғана алмұрт гүлінің жұпар иісі мұрнына келіп, мәңгілікке кетпес болып есінде қалады.

Үй Жанау Дән Пиянлаңды өлтіргеніне еш өкінбейді, шошымайды да. Тек бір адам төзгісіз, қашып құтылғысыз жаман әсердің құрсауында қалады. Лапылдаған өрт алауы сәл әлсірегенмен, жарығы әлі күшті еді. Биік тамның көлеңкесі жер бетінде дірілдеп тұрады. Арсылдаған иттердің дауысы бүкіл ауылды басына көтереді. Шелек құлағы тынымсыз шиқылдап, жүйкесіне тиеді. Отқа төгілген су жалын өңешінде пыс-пыс, тыс-тыс еткен дыбыс шығарып, лаулай береді.

Алты күннің алдында, әлгі бір сіркіреген сел нөсердің астында қалғандары әлі есінде еді. Күймеші жігіттермен бірге суға тоғытып алған тауықтай болып еді-ау сонда! Іштегі қыздың өңірі малмандай болғанымен, арқасы кебу болатын. Күймешілер кернейшілермен бірге жаңбыр суы сіңген лайсаңды басып аулада тұрғанда, орта жастардағы екі адам шығып, қалыңдықты көтеріп, үйге кіргізіп кеткен-ді. Далиған үлкен ауылда тамаша көруге ешкім келмеген. Күйеу жігіт те бастан-аяқ төбе көрсетпеді. Үй ішінен тат басқан жездің шірік иісі жамыраған. Көлеңкесін көрсетпей тығылып алған күйеу жігіттің ақпа кеселге шалдыққан бейбақ екенін күймешілер іштей шамалаған. Тамаша көруге келгендер болмаған соң, кернейшілер де жұмыстарын жеңілдетіп, кез-келген бір күйді бастап, озандатып еді. Әлгі бір қатпа шал тостаған толы мыс теңге алып шығып: «Сыйлық ақша! Сыйлық ақша!» деп айқайлап, уыстап шашты. Бақыр ақшалардың шолп-шолп етіп суға түскенін көрсе де күймешілер мен кернейшілер тырп етпеді. Ешкім барып шөпеңдеп терген жоқ. Тұрғандарға шола бір қараған үй иесі лайға шыланған теңгелерді өзі барып теріп жатты. Шалдың ұзын мойнынан пышақпен бір тартсам деген ой дәл сол сәтте келіп еді. Енді, міне, алапат өрт тұтас ауланы бітіріп, отау үйдің маңдайшасына жапсырылған тойлық белгіні де жалмап барады. Үй Жанау шала-пұла қара танитын. Жазылған сөзді оқып, түсінгені сол, әлдебір ашудың өрт-жалыны жүрегіндегі нәумез ниетті отқа орап, жандырып, алаулатып жіберді.

Сөйтіп, ол өзін ақтап алудың жолын тапты. Өз ойынша, басқаларға жақсылық жасап, сауап жинау ылғи да ұшпаққа шығара бермейді. Керісінше, кейде адам өлтіріп, өрт қою мәнсапты өсіріп, байлыққа жеткізеді. Оның сыртында, ана келіншекке уәде беріп қойды ғой, оған қоса, баласын өлтіріп, әкесін қалдырса, бәрі бір, мән-жайды білген соң, қайғырып, қан жұтады... не де болса тәуекел десе, болары болып, бояуы сіңген соң, ана жас әйелге жаңа өмірдің есігі ашылады. «Дән ақсақал! Келер жылғы бүгінгі күн – сенің жылың!» дейді ішінен күбірлеп.

Өрт бірте-бірте бәсеңдеп, айналаны ақыры қараңғылық басады. Аспанда жұлдыздар самсап, от үйінділерінің үстіндегі әлі толық жанып бітпеген шалалар бықсиды. Арақ қайнатушылар сол шалаларға тоқтамай су құйып жатады. Бырт-бырт жарылған күріш ұшқындарының үстінен көтерілген бозғыл бу он неше метр биіктікке шыққан соң ғана әрең сейіледі. Шелек көтерген арақ қайнатушылар ары-бері теңселіп, тұрақтап тұра алмай, күңгірт тартқан көлеңкелері жер бетінде тынымсыз көлбеңдеп жүреді.

– Қожайын, қиналмаңыз... боқ-дүние ғой жанып кеткен, – деді әлгі бір егде тартқан ақылды дауыс.

– Тәңір жолы – ар жолы... Тәңір жолы – ар жолы... – дейді Дән Тиіңшиу мылжыңдап.

– Қожайын, арақ қайнатушыларды жібере берсеңіз қайтеді... ертең ерте тағы жұмыс қой...

– Тәңір жолы – ар жолы... Тәңір жолы – ар жолы...

Арақ қайнатушылар арт-артынан шұбап шығыс аулаға кіреді. Там тасасындағы Үй Жанау шелектердің салдырын естіп сәл тұрған соң, ішкі жақ жым-жырт боп тына қалады. Сыртта «Тәңір жолы – ар жолы...» деп мылжыңдап біраз жүрген Дән Тиіңшиу ақыры жалықты білем, қыш құмырасын тастап, қақпаға қарай беттейді. Иесінен бұрын енген екі дәу ит, әбден шаршағандықтан болар, Үй Жанауды көргенде қыңсылап-қыңсылап қойып, ұясына жер бауырлай сүңгіп, тып-тыныш боп жата қалады.

Үй Жанау шығыс ауладағы қашырлардың тіс қайраған, тұяқ тықырлатқан дыбыстарын естиді. Үш арқар жұлдызы батыс бетке ауған екен. Демек, уақыт түннің соңғы жарымы деген сөз. Бойын бекітіп, қанжарын серт ұстаған ол Дән Тиіңшиудің босағасынан үш-төрт қадамдай аралықты шамалап алады да, солай қарай серпіле атылады. Сірә, жұмсаған күші артық болды, қолындағы қанжары Дән Тиіңшиудің кеудесіне сабына дейін бойлап кетеді. Шүйке шал қос қолын қомдап, ұшатындай бір әрекет жасайды. Қыш құмыра жерге түсіп, күл-талқаны шығады. Сосын ақырын-ақырын шалқайған кәрі дене гүрс етіп құлайды. Әлгі екі ит ыңыранған сияқтанып үш-төрт рет үреді де, сол күйі жайында қалады. Үй Жанау қанжарын суырып алып, шалдың киіміне екі-үш қайтара сүртеді. Бойын тіктеп, жүрмек болып адымдай бере, қалт бөгеледі.

Ол Дән Пиянлаңның сүйегін де сүйреп, аулаға шығарады. Түкпір жақтан жіп тауып келіп, өлі денелерді белінен біріктіріп байлайды. Тәнтіректей көтеріп, көшеге шығады. Былқ-сылқ еткен жансыз мәйіттер икемге келсеші, сорайған ұзын сирақтар жерге сүйретіліп, сойдақтаған із қалдырады. Жарақаттан аққан қан тоқтаусыз тамшылап, күреңіткен жолақ тартады артына. Үй Жанау Дән әулетінің әкелі-балалы екеуін арқалап, ауылдың батыс жақ шетіндегі үлкен иіннің жағасына әкеледі. Тынық айдын жарты аспанның жұлдызы жамырап, айна құсап жарқырап жатыр екен. Шет-шетінде сұлама тұңғиық гүлдері бейне бір елес әлеміндегі тірі сұлбадай бұралып, билеп тұрады. Он үш жылдан кейін, Үй Жанаудың туған көкесі Үй Даяны мылқау атып өлтіргенде, иінде көп су қалмайды. Бір неше тал сұлама тұңғиық гүлі ғана ырғалып билеп тұрады.

Үй Жанау екі кісінің мәйітін иінге тастайды. Судан шыққан дыбыс ұзаққа жаңғырады. Жансыз денелер су түбіне кетіп, толқындар тынған соң, иіннің бетін қайта аспанның суреті жабады. Үй Жанау иіннің жиегіне түсіп, қол шаяды. Бетін жуады. Сумен қанжырын тазалайды. Қанша шайып, неше рет жуса да, бәрібір, әлгі бір күлімсі қан исі мен борсыған шірік иісті кетіре алмайды.

Ол Дән шаңырағына қайта барып, батыс ауланың сыртынан жейдесін алуды ұмытады. Күре жолды қуып, батысты бетке алып кете барады. Шамамен жарты шақырымдай жүрген соң бұрылып, гаулияң алқабына кіреді. Гаулияң сабақтары бақайын қаққаны сол, тұмсығынан тіреле ұшып түседі. Өзінің өліп шаршағанын сезеді. Жатқан жерінің сыз екеніне қарамай, бір жағына қарай аунап түседі де, көктегі жұлдыздарды бір шолып өтіп, бірден батып, ұйқыға кетеді.

V

Ауыл әкімі Дән У маймыл сол түнгі өрттің аяқасты лап ете қалуы сәл шетін жай екенін біледі. Жылы орнынан тұрып барып, өшірісіп, өзінің әкімдік міндетін атқармашы да болады. Алайда, қойнында жатқан, жасырын апиын сатумен айналысатын, «аққозы» деп аталып кеткен әйел жібермей қояды. Аққозы толықша келген аққұба өңді, қос жанары қашанда қиыла қарайтын, қылымсыған қарашығы жаныңды жадылап, аңсарыңды аударып әкететін әйел еді. Сол сиқырымен ілкіде екі қарақшыны пышақ сілтесіп, мылтық атысуға дейін апарып, ел аузында «таластағы ұя» атанып кеткен танымал жан болатын.

Мың да тоғыз жүз жиырма екінші жылы солтүстік үкімет атқамінер Сау Мыңжиуді Гауми ауданына әкім етіп тағайындап, арада үш жыл өткенде, ол келе сала тұтатқан «үш үлкен өрттің» шарықтау шегіне жеткен кезі еді.

Сау Миңжиу Гауми ауданы тарихындағы атақты адамдардың біріне айналады. Оның еселі еңбегі, тіпті, «сырлы адам» атанған Ән Иннен (ертедегі Чи елінің уәзірі) де асып түседі. Жың Шүан (ежелгі шығыс Хән елінің үлкен оқымыстысы) ғой маңына жолай алмай қалады. Дегенмен, аты шулы «Мәдениет зор төңкерісі» кезіндегі Гауми ауданының басты тұлғаларымен салыстырғанда, межеден сәл асып барып жығылады. Аяқ киімнің табанын жаза құралы ретінде пайдалануды ұнатқандықтан, ол «Сау-ар табан» деген лақап атқа ие болады. Жас кезінде жеке меншік мектепте бес жыл оқып, кейін біраз жыл әскерде борыш өтепті. Қарақшылықты, апиын шегуді және құмар ойынын дүние бүлінуінің басты себебі деп білгендіктен, былыққан жағдайды реттеуден бұрын оларды түбірімен құртуды қолға алады. Қулық-сұмдығына құрық бойламайтын жырынды болғандықтан, жұрт құйрығын ұстай алмайды. Ол істеген қызық істер туралы Гаумидің еліне аңызға бергісіз әңгімелер тарайды. Тіпті, күні бүгінге дейін тоқтаған емес. Ол – өте күрделі тұлға. «Жақсы» не «жаман» деген сөздермен сипаттауға мүлде келмейді. Оны мен менің ата-бабаларымның арасында үлкен байланыс болыпты. Соның бір парасын айтып өтейін, алда баяндалатын кейбір жайларға «дәнекер» болар.

Сау Мыңжиу түбегейлі өшірем деп жанын салған үш үлкен өрт: құмар ойыны, апиын шегу, қарақшалық... екі жыл шындап айналысқанмен, сөне қоймайды. Жаза қатал, жарлық рақымсыз бола тұра, Дұңби ауылы аудан орталығынан тым шалғай, оның үстіне, үш үлкен апат бір-бірімен жең ұшынан жалғасып, жымдасып кеткендіктен, көріністе бәсеңсіп, басылып қалғандай болғанымен, қаға берісте қайта қоздап, қоламталанып жатады.

Дән У маймыл Аққозыны құшақтап таң атқанша ұйықтайды. Жарық түсе әйел тұрып, білте шамды жағады. Күміс істікпен алдынала дайындалған темекі түйіншегін іліп алып, шамның отына қақтайды. Шамалы күйген соң оны күміс қорқорға салып, У маймылға береді. Еңкейіп отырған У маймыл қолындағы түтікті бір минуттай үнсіз сорады. Қорқордағы түйіншектің бармақ басындай ақ ұнтыққа айналғанын көріп, тынысын ішінде іркіп, екі минут отырады. Сосын көк түтінді будақтатып аузы-мұрнынан қатар жібереді. Дәл осы кезде Дән әулетінен келген жас жігіт аптыға есік ұрып, жағдайды баяндамақ болады.

- Әкім... әкім... сұмдық болды... адам өлді...

Дән У маймыл шақырып келген жігітке еріп, Дән әулетінің үйіне жетеді. Басқа жігіттер де топырлап ере кіреді.

Дән У маймыл әр жерге жұққан қан дақтарын қуалай жүріп, ауылдың батыс жағындағы үлкен иінді табады. Артынан ілескен жұрт бәрін өз көздерімен көреді.

– Сөз жоқ, иіннің түбінде! – дейді Дән У маймыл.

Тұрғандар үндемейді.

– Кім түсіп, алып шығады? – деп сұрайды Дән У маймыл.

Тұрғандар бір-біріне қарағанмен, ешкім үн қатпайды.

Иіндегі су жап-жасыл болып, жасыл жақұттан аумай жарқырап жатады. Бетінен ешбір қыбыр байқалмайды. Бірнеше тал сұлама тұңғиық гүлі сондай алаңсыз, нық орныққан қалпында өсіп тұрады. Жапырағына қонып, жабысып алған мөлдір шықтар меруертке ұқсап үйіріле уылжиды.

- Бір теңге күміс ақша... кім түседі?

Бұл жолы да ешкім тіс жармайды.

Иіннен сондай бір сүйкімсіз иіс келіп, жағаны шарпиды. Жиектегі қалың жалбыз гаулияң алқабының арт жағынан тараған қызыл арайға шағылысып, нарт түске боялады. Тым сүреңсіз-ақ сурет.

Таңғы күн гаулияң алқабының дәл орта тұсынан өрлеп келе жатады. Үстіңгі жағы үлкен, асты жіңішке, құдды бір гаулияң өлшейтін үсті ақ, асты жасыл өлшеуіш дерсің. Күреңіткен бейнесі жартылай қорытылып, жартылай шала қалған құрыштан аумайды. Көкжиекке өте жақын. Нақтап айтқанда, гаулияң алқабының бетіне тиіп, тым тақау тұр. Өте алыстан бір жолақ қара сызыққа айналған бұлт үзігі көрінеді. Әлі сұлбаланып үлгермеген күңгірт нобайы кісі көңіліне күдік қашырғандай. Иіндегі судан алтын сағым ұшып, сәуле тарайды. Ақ түсті сұлама тұңғиық гүлі сарғыш нұр ішінде бұлғаңдайды. Пәни-жалғандағы елеусіз бір нәрсеге тіпті де ұқсамайды.

– Кім түсіп алып шығады?.. бір теңге күміс ақша! – деп тағы айқайлайды У маймыл дауысын көтеріп.

Біздің ауылда сол жылы тоқсан төртке келген бір кемпір маған: «Жаңа түскен жас келінмін! Кім түсіп, алып шықсын? Иін толы ақпа кеселдің қаны... Біреу түссе, біреуін, екеу түссе, екеуін қосақтап алып қалады... қанша ақша берем десе де, түсуге ешкім батпады... барлығы сенің әжең мен атаңның қып жүрген қылығы ғой» деді. Кемпір, сөйтіп, бар жауапкершілікті менің атам мен әжемнің иықтарына арта салды. Мен жабырқап қалдым. Дегенмен, тоқсан төрт жастағы кәрі кісінің ежір құмырадай тозған өңімен бетпе-бет келгенде, мен бар болғаны... күлдім де қойдым.

– Ешқайсың түспейсің бе? Ой, өңкей шешеңді... қорқасыңдар, ә... онда әкелі-балалы екеуі су түбінде әбден «салқындасын». Лиу атай, Лиу Лохан, сіз сол үйдің шаруашылығына жауапты кісісіз ғой, аудан орталығына барып, Сау-ар табанға жағдайды мәлімдеңіз!

Таңғы асын ертелетіп, шала-пұла ішкен Лиу Лохан ата арақ күбісінен жарты шөлмек арық іліп алып, құтысына құяды. Қара қашырдың біреуін жетектеп шығып, тоқпанына кендір дағардан біреуін тоқиды. Мойнына асылып барып арқасына қонжияды да, батысқа қарай созылып жатқан күре жолға түсіп, аудан орталығы қайдасың деп тартып кетеді.

Лиу Лохан ата сол күні таңертең өз-өзінен түйіліп, көңілсіз жүреді. Әлдекімге кекті, әлде ашулы екенін айыра алмайды. Қожайынын, және оның жалғыз ұлын біреудің қосақтап өлтіріп кеткенін елден бұрын біледі. Әуелі жеті түнде тұтанған өрт көңіліне күдік қашырғанмен, анық-қанығын таң атқан соң, орнынан тұрғаннан кейін білуге қалдырып, жатып қалады. Жерге жарық түсе батыс аула қақпасының ашық тұрғанын көргенде, қатты таңданады. Ішке енгенде қан дақтарын көзі шалып, бөлмеге бас сұққанда тіпті де көп қан тамшыларын көріп, шошып кетеді. Дегенмен, сол сілейіп тұрған сәтінде-ақ адам өлтіруші мен өрт қоюшының бір кісі екенін шамалап үлгереді.

Лохан ата мен арақ қайнатушылар қожайынның баласының ақпа кеселге шалдыққанын бұрыннан білетін. Жайшылықта ол тұратын аулаға аттап баспайтын. Бара қалған күннің өзінде, алдымен арақ ішіп, бойларын әбден қыздырып алатын. Лохан ата гаулияң арағының мың түрлі микробты жоятынын үнемі айтып жүретін.

Дән Пиянлаң қалыңдығын алып келген күні көмектесуге ешкім келмейді. Тек Лохан ата, тағы бір карт арақ қайнатушы ғана әжемді демеп, гүлді күймеден түсіреді. Лохан ата әжемді қолтығынан сүйейді. Сол сәт көзінің қырымен әжемнің бір жұп ши аяғын және жұп-жұмыр білезігін шолып өтеді... осыларды аһ ұрып отырып айтатын. Дән әулетінің әкелі-балалы екеуінің бірдей өлгенін біліп, қатты шошығанда Лохан атаның санасында әжемнің қазық аяғы мен етті білезігі қайта-қайта жаңғырады. Тап болған жайға қайғырарын да, қуанарын да білмей, дал болады.

Лохан ата қашырын тынбай қамшылай береді. Қолынан келсе, көлігіне қанат бітіріп, ұшырып жіберердей еді. Ол артта әлі талай қызықтың бар екенін қапысыз шамалайды. Ертең түске дейін ана бір гүлге ұқсаған жас келіншектің есегіне мініп қайтып келері анық еді. Дән шаңырағының мол дәулеті енді кімнің қолына өтпек? Лохан атаның ойынша, бұған тек Сау әкім ғана үкім шығара алады.

Сау Мыңжиудің Гауми ауданында билік жүргізгеніне, міне, биыл үшінші жыл. Жұрт тарапынан «Ашық аспан Сау» деген жақсы атқа да ие болды. Із кесуде көріпкелдей білгір, әрекет етуде қимылы шалт, үкім шығаруда өте әділ, туысқандыққа жоқ, жазалауда рақымсыз деген аңыз тарағалы қашан!.. Лохан ата астындағы қашырын тағы бір рет қамшыланып қояды.

Майлы жүні жалт-жұлт сәуле шашқан қара қашыр аудан орталығына апаратын топырақ жолда шоқытып келе жатады. Қолтығы жиырылып-жазылып алға қарай екпіндей ұмтылады жануар. Алдыңғы аяқтары жерге тиген кезде артқы аяқтары көтеріліп, артқы тұяқтары жерге түскен кезде алдыңғы тұяқтары жоғары серпіледі. Осы әрекеттер бір-біріне ұласқан кезде, төрт тұяқ барабан соққандай жерге кезек тиып, ырғағы айқындалып, ұзақ тапыраққа айналып кете барады. Жарқылдаған тағалардан бұрқылдап шаң шығып, бұйралана қалып жатады артында. Күн түстік шығысқа қарай еңкейген тұста Лохан ата құйындатып қос темір жолдың қиылысқан жеріне жетеді. Қара қашыр енді темір жолдан өтпей қиғылық салады. Қарғып түскен Лохан ата шылбырынан тартып, байқап көреді. Одан сайын тыртысқан қашыр табандап тұрып алады. Жеңе алмасын аңдаған Лохан ата бір жерге бөксе басып, дем ала отырып, ұтымды амал ойлайды. Шығыс тараптан созылып келген қос реліс күн нұрына шағылысып, көз шағады. Күпісін шешкен Лохан ата онымен қашырдың басын бүркейді де, бірнеше айналдырып әкеліп, жетектеген күйі шойын жолдан өте шығады.

Аудан орталығының солтүстік қақпасында қолдарына Хәниаңда жасалған мылтық ұстаған қара киімді екі сақшы қарсылайды. Сол күні Гаумиде үлкен жәрменке болып, арба сүйреген, жүк көтерген, есек мінген, жаяу жүрген кісілер түгел қалаға ағылған екен. Көздері қыз-келіншекті бағып, назары басқаға ауған сақшылар ештеңеге ден қойып қарамайды.

Қала қақпасынан енген соң аяңдап бір дөңнен асып, келесі қырға көтерілген Лохан ата қашырын жетектеп, шағыл төселген кең даңғылға түседі. Теп-тегіс жолға дік-дік қадалған тұяқтар құмыққан дыбыс шығарып қыбырлап отырады. Тас жолмен алғаш жүрген қашыр аяна басып, кібіртіктей жылжиды. Жолай сирек те болса ұшырасқан кісілердің жүздері салқын көрінеді. Кең даңғылдың оң жақ беті далиған кең алаң екен. Адам біткен сонда жүреді сеңдей соғылысып. Жан-жақтан ағылған базаршылар толқыны сонда тоғысып, бағаға келісе алмай, у да шу болып, затын сатқандар керегін таңдап алып жатыпты.

Лохан атаның бұрылып, тамаша көруге зауқы соқпайды. Қашырын жетектеген беті аудан әкімдігінің қақпасына келіп бір-ақ тоқтайды. Әкімдік тозған бұтхана кейіпті жұпыны үй екен. Екі-үш қатар шикі кесек там. Кейбірінің төбесіндегі су ағар құймалардың арасынан көктеп шыққан сары, жасыл шөптер көзге шалынады. Қызыл қақпаның сыры әбден кетіпті, беті айғыз-айғыз. Сол жақ босағада қаздиып, қолында мылтығы бар күзетші әскер, ал оң босағада беліне дейін жалаңаштап шешіп тастаған біреу бүкірейе еңкейіп, қос қолымен ағаш таяққа сүйеніп тұрады. Таяқтың ұшында сасық исі мұрын жарған дәрет шелегі.

Көлігін жетектеген Лохан ата әскердің алдына барып, бас иіп, тағзым жасайды.

– Қорғаушы, мен Сау әкімге арыз айтуға келдім, – дейді.

– Сау әкім Иән төрені ертіп, жәрменкеге кеткен, – дейді әскер.

– Қашан қайтып келеді? – деп сұрайды Лохан ата.

– Оны қайдан білейін. Шұғыл шаруаңыз болса, сол жерге барып іздеңіз, – дейді әскер.

– Жол көрсеткеніңіз үшін рахмет, қорғаушым, – дейді Лохан ата тағы бір рет бас иіп.

Қақпаның оң босағасында тұрған әлгі ғажап адам Лохан атаның кетпек болғанын көріп, қимылға келеді. Қос қолымен тас қып ұстаған таяғын көтеріп-түсіріп, дәрет шелекті түйіп-түйіп жібереді. Келесі рет түйген соң: «Келіп көріңдер! Келіп көріңдер, жарандар! Келіп, көріңдер!!! Менің атым Уаң Хаушан! Жалған келісім-шарт жасап, кісі алдадым! Әкім мені дәрет шелегін түйгізіп жазалады!...» деп айқайлайды.

Лохан ата қашырын жетектеп жәрменкенің иіріміне енеді. Базарда не жоқ дейсің: пеш қармасын сататындар да, қыспа нан сатқандар да, шөп кебіс, кітап жайғандар да, бал ашқандар да, қарсы шыға келіп қайыр сұрайтындар да, алдап-арбап құлқын асырайтындар да, алтын мылтық сатып, оқ-дәрісін бермейтіндер де, маймыл ойнататындар да, барабан соғып, арпа шырынын саудалайтындар да, мақта қант сататындар да, балшық бала сататындар да, күй аспабын шертіп, У Арлаң бәйітін жырлайтындар да, жусай, қияр, усарымсақ сататындар да, ұстара, қорқор сататындар да, бұршақ ұйымасы, тышқан дәрі, тәтті шабдол сататындар да, арнайы «бала базарында» бала сататындар да бар екен. Сатылған балалардың жағасына қураған шөп қыстырып қойыпты. Қара қашыр ауық-ауық басын көтеріп, ауыздығын қарш-қарш шайнап қойып ілесіп отырады. Оның біреуді басып кетуінен алаңдаған Лохан ата алды-артын бағып, сақтана аяңдайды. Уақыт тал түске таяғанда күн тіпті де жанып кетеді. Лохан атаның шүмектеген тері күлгін түсті гүлі бар ақ жейдесін малмандай қылады.

Лохан ата Сау әкімді тауық базарынан табады.

Сау әкім қызыл шырайлы, көздері сыртқа шығыңқы, аузы төрт бұрыш, ернінің үстінде шатыр пішіндес қияқ мұрты бар кісі екен. Үстіне қаракөк түсті жұңсан шапан, басына қоңыр түсті делегей киіп, қолына ақсүйектер асасын ұстап алыпты.

Қораланған көп адамның ортасында таласты бір іске үкім айтып тұрады. Лохан ата алдына жетіп барудан қоймығып, қара қашырын жетелеп, топтың сыртын айнала жүреді. Изектеген бастар қалқалап, іште не болып жатқанын көрсептейді. Басқа амалы болмаған Лохан ата ақыры оқыс қимыл жасап, қара қашырға қарғып мінеді. Сонда барап орны биіктеп, төменде қалғандардың төбесінен үңіліп, ортада не болып жатқанын анық көреді.

Сау әкім еңсегей бойлы адам екен. Қасында тұрған тығыршықтай тапалды Лохан ата «дәу де болсаң күзетші айтқан «Иән төре» боларсың» деп тұспалдайды. Сау әкімнің алдында екі еркек, бір әйел қол қусырып, жүгініп тұр. Аққан терлері шылқып, жүздерін жуыпты. Ортадағы әйелдің шүмектеген термен қоса, сорасы да сорғалапты. Аяғының жанында әбден семірген бір мекиен жатыр.

– Ашық аспан төрем, – дейді әйел кемсеңдей үн қатып. – Менің енем қан тоқтамайтын ауруға душар болған. Дәрі алуға ақша жоқ. Әлгінде келіп, жұмыртқа туатын мына мекиенімді сатайын десем... мына кісі келіп, менікі деп жабыса кеткені...

– Бұл тауық менікі... мына әйел таласып жатыр, әкім мырза... егер сенбесеңіз, менің көршім келіп, айғақ болады...

Әкім алты сайлы бөрік киген ер кісіге қарап:

– Сен айғақ бола аласың ба? – дейді.

– Әкім төре, мен пақыр У Сәнлаудың көршісі боламын. Олардың осы тауығы күнде біздің үйге барып, менің тауықтарымның жемін тартып жейді. Осыған бола менің қатыным бұл кісімен түс шайысып қалған, – дейді ер кісі.

Сасқалақтаған әйелдің аузы-мұрны қисаңдып, не айтарын білмей, ақыры бетін басып жылап жібереді.

Сау әкім делегейін шешіп, ортаңғы саусағымына іліп, бірнеше рет айналдырады да, басына қайта киеді.

– Бүгін таңертең сен тауықтарыңа қандай жем бердің? – деп сұрайды сосын ол У Сәнлаудан.

– Дәнді топан және кебек бердім, – деді У Сәнлау көзін бір айналдырып алып.

– Рас айтады, төрем. Таңертең мен оның үйіне балта алуға барғам, сонда әйелінің тауықтарына жем беріп жатқанын өз көзіммен көрдім, – дейді алты сайлы бөрік киген кісі.

– Мына тұрған ауылдық әйел, сіз жыламаңыз... сіз айтыңызшы, бүгін тауықтарыңызға не бердіңіз? – деп сұрайды Сау әкім енді жылап тұрған әйелге қарап.

– Гаулияң, – дейді әйел өксіп тұрып.

– Бала Иән, тауықты сой! – деп бұйырады Сау әкім.

Бала Иән ерекше бір жылдамдықпен тауықтың жемсауын жарып, қолымен мытып қалады. Іштен илектенген гаулияң дәндері ақтарылады.

– Оңбаған алаяқ, У Сәнлау, мына тауықты саған бола өлтірдік, ақшасын төле! Үш теңге күміс ақша бер! – дейді Сау әкім мырс-мырс күліп.

Құты қашқан У Сәнлау қалталарын сипалап жүріп, екі теңге жиырма неше тиын күміс ақша алып шығады.

– Әкім төрем, жанымда бары осы-ақ екен, – дейді алақтап.

– Саған арзанға кетті, – дейді Сау әкім.

Теңге мен тиындарды алып, әйелге береді.

– Әкім ием, менің тауығым мұнша көп ақша болмайды... артығын алмаймын, – дейді ауылдық әйел.

Сау Мыңжиу қос қолымен маңдайын ұстап, «Паһ!» дейді.

– Қандай ақкөңіл, неткен адал, текті әйелсің! – дейді сөзін ары жалғап. – Сау Мыңжиу саған құрмет білдіреді! – Солай деген ол екі аяғын жұптап қатып тұра қалып, басынан қалпағын алады да, әйелге еңкейіп, тағзым жасайды.

Тіксініп қалған әйел жас толы жанарын Сау Мыңжиуға қадап тұрып қалып барып, кенет есіне келіп, тізерлеп отыра кетеді.

– Ашық аспан ием! Ашық аспан ием! – дей береді сасқалақтап.

Ақсүйектер асасымен әйелдің қолтығынан демеген Сау Мыңжиу:

– Түрегел! Түрегел! – дейді қатаң бұйырып.

Әйел орнынан тұрады.

– Жұпыны киім, жүдеген түріңе, қалаға кіріп, тауық сатып, енеңе дәрі алмақ болғаныңа қарағанда, сен бір адал келін болдың! Мен әкім ретінде адалдықты өте жоғары бағалаймын! Құрмет пен жазаны бөліп қараймын! Жылдам ақшаны ал да, үйіңе қайт. Енеңе ем жаса! Мына тауықты ала барып, жүнін жұлып, боршалып, енеңе сорпа қайнатып бер! – дейді Сау Мыңжиу.

Ақшаны алып, тауықты көтерген әйел алғысын айта-айта алыстай береді.

Тауыққа таласқан У Сәнлау мен жалған айғақ болған алты қырлы бөрік киген кісі күн астында дірілдеп әлі тұрған болатын.

– Алаяқ У Сәнлау, шалбарыңды шеш! – дейді Сау Мыңжиу енді соларға бұрылып.

Қипақтаған У Сәнлау шешкісі келмейді.

– Сен ашық аспан астында әйел адамды жәбірледің. Тағы қандай намыс болуы мүмкін сенде? Сен «ұяттың» бір уысы қанша тұратынын білесің бе? Шеш шалбарыңды! – деп бұйырады Сау Мыңжиу.

У Сәнлау шалбарын сыпырады.

Сау Мыңжиу аяқ киімінің біреуін шешеді де, жанында тұрған бала Иәннің алдына тастайды.

– Екі жүз дүре соқ! Төртке бөліп, бөлек-бөлек жерден ұр! – дейді сосын.

Әкімнің қалың табан кебісін алған бала Иән У Сәнлауды бір теуіп құлатып, өрге қараған май құйрығын дәлдеп, оң жағына елу, сол жағына елу – жүз дүре соғады. У Сәнлаудың құлындаған дауысы көкке жетеді. Зар еңіреп жалынады. Қос жамбасы көптің көз алдында гүп боп шыға келеді. Құйрықтан соғып болған соң, беттен ұру басталады. Тағы сол оң жақтан елу, сол жақтан елу... Бұл кезде У Сәнлаудың үн шығаруға шамасы келмей қалған еді.

У Сәнлауды ақсүйектер таяғымен түрткен Сау Мыңжиу:

– Ей, алаяқ, бұдан кейін сұғанақ істерге барасың ба, жоқ? – деп сұрайды.

У Сәнлаудың аузы ісіп, жақ ашуы қиындағандықтан, етбеттеген қалпы басын шайқай береді.

– Тағы сен!.. – дейді Сау Мыңжиу енді жалған куәлік берген адамды нұсқап. – Сен өтірік сөйлеп, басқаның сойылын соқтың. Дүниеде мұндай адамдардан асқан намыссыздар болмайды. Мен әкім ретінде сені ұрғым келмейді. Сенің ана лас қоң етің менің кебісімнің табанын былғайды. Саған біраз тәттінің дәмін татырайын. Дәулетті кісінің артын жалауға бұйырамын. Бала Иән, барып, бір шыны бал сатып әкел!

Бала Иәннің асыға басып сыртқа қарай жүргенде, қораланып тұрғандар қақ жарылып жол береді. Жалған куәлік беруші тізерлей жығылып, бас ұра бастайды. Тіпті, қолындағы алты қырлы бөрігін қоса соғады жерге.

– Тұр... тұр... орныңнан тұр! – дейді Сау Мыңжиу зекіп. – Біріншіден, мен сені ұрмаймын, екіншіден, жазаламаймын. Тек алып келген балды жегіземін. Сол үшін кімнен кешірім сұрайсың?

Бал көтерген бала Иән қайтып келеді. У Сәнлауды нұсқаған Сау Мыңжиу:

– Ананың құйымшағына жақ! – дейді.

У Сәнлауды кері аударып жатқызған бала Иән қолына бір жаңқа алып, шыны толы балды көнектей боп ісіп кеткен май құйрыққа біркелкі қылып жаға бастайды.

– Ал енді жала! Сен құйрық жалағанды жақсы көресің емес пе... жала! – дейді Сау Мыңжиу жалған куәлік берушіге қатулана қарап.

Жалған куәлік беруші басын жерге дікілдетіп ұра береді. Арасында:

– Әкім ием, әкім ием, пақырыңыз енді мұндайды қайталамайды... – дейді арт-артынан жітірмелетіп.

– Бала Иән, бір табан тауып, жақсылап соқ! – дейді Сау Мыңжиу.

– Жо-жоқ, болды, ұрма! Мен жалайын! – дейді жалған куәлік беруші безек қағып.

Ол У Сәнлаудың артына барып тізерлеп отырып, тілін шығарып, төмен ағып, мөлдір сүңгілерге айналған бал тамшыларын бір-бірден жалай бастайды.

Қарап тұрғандардың бетін ыстық тер басады. Айтып жеткізу қиын өзгеше бір күйге кешеді.

Жалған куәлік беруші бал жалауын кейде тездетіп, кейде баяулатады. Бір жалап, бір құсады. Ақыры У Сәнлаудың құйрығын айнадай қылып жарқыратып шығарады. Сәті туғанын байқаған Сау Мыңжиу:

– Тоқтат енді, хайуан! – деп ақырады.

Жейдесінің етегімен басын бүркеп алған құйрық жалағыш еңбектеген жерінен тұрмай қояды.

Сау Мыңжиу бала Иәнді ертіп, орнынан қозғалуға ыңғайланады. Осы орайды тап басқан Лохан ата қашырынан қарғып түсіп:

– Ашық аспан ием! Датым бар! – дейді айқайлап.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар