Монғолияда тұратын қандасымыз белгілі жазушы Сұлтан Тәукейұлы «Монғолияның Халық жазушысы» атағын алды.
60 жылдан астам ел үшін, туған жер үшін қызмет ете жүріп, ондаған повесть, роман, драма, сценарийлер жазып, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға талантын арнаған, «Монғолдың құпия шежіресі», «Ежелгі Монғол патшаларының ұлттық Ұлы Сары кітабы» қатарлы монғол тарихының негізгі көздерін, «Монғол халық мақалдары», «Монғолия Конституциясы» қатарлы еңбектерді қазақ тіліне аударып, қазақ халқының қолына берді. «Құран», «Ислам туралы негізгі мәліметтер», Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» сияқты шығармаларды монғол тіліне аударып, халық ағарту ісіне қосқан зор үлесін ескеріп, Монғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ұлы құрылдың бұрынғы мүшесі, Халықаралық экономика институтының кеңесші оқытушысы Сұлтан Тәукейұлына «Монғолияның Халық жазушысы» атағы берілді – деп хабарлады Монғолия президенті іс басқармасы.
Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы 17 қарашада Монғолияның Баян-Өлгей аймағы, Цэнгэл ауданының Аққол деген жерінде дүниеге келген.
Ол 1966 жылы Монғолия университетін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Мемлекет және қоғам қайраткері.
Сұлтан Тәукейұлы әр жылдары Монғол Халық Республикасында Сауда министрлігі департаментінің бастығы, аудандық, қалалық, аймақтық партия комитеттерінің екінші және бірінші хатшысы болды. Ол Монғолия Ұлы құрылы мүшесі болған санаулы қазақтың бірі. Монғолияның Венгрия, Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.
С.Тәукейұлы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүріп, 1964 жылдан бастап әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма жанрларында жемісті еңбек етіп келеді. Оннан аса кітаптың авторы.
Шығармаларын екі тілде – қазақ және монғол тілдерінде жазады.
Қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Жұмаділов, Т.Нұрмағанбетовтың шығармаларын монғол тіліне аударған. Бірсыпыра шығармалары орыс, украин, түрік, қытай, венгр тілдеріне аударылып басылған.
«Арқалық», «Келін», «Атбасқан қоңыр» секілді пьесалары Баянөлгей халық театрында қойылған. «Сеңгір таулар» романы үшін Монғолия Жазушылар одағының сыйлығына ие болған.
Монғолияның «Алтын жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
«Жайдарман», повестер мен әңгімелер. Баянөлгей, 1975;
«Балапан қанаттанған таулар», повестер мен әңгімелер (монғол тілінде). Уланбатор, 1986;
«Тау бораны», роман (монғол тілінде). Уланбатор, 1990;
«Арман тау», роман. Баянөлгей, 1993;
«Арман», повестер, драмалар. Уланбатор, 1997;
«Шежіре», Анкара, 1995;
«Мұңлы таулар», повестер (монғол тілінде). Уланбатор, 1998;
«Ақыр Жәнібек», роман. Уланбатор, 2000.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.