Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мұқағали Мақатаев. АРУ АНА (поэма)...

08.02.2016 23107

Мұқағали Мақатаев. АРУ АНА (поэма)

Мұқағали Мақатаев. АРУ АНА  (поэма) - adebiportal.kz


a64128e1a9e9e48b85f3abe0c14733c4.jpg


Бас бәйге



Бір төбеде бір топ тұр а құдайлап,
Бір төбеде бір топ тұр Абылайлап.
Мысық мұрт бағзы біреу аллалайды,
Ала бесті тағдырын қабыл ойлап.



Ала бесті иесі - аты Кұрман,
(Ол емес-ті бұл тойға шақырылған).
Жанын алған жатқанның қарақшы еді.
Алты болыс Албанды запы қылған. 

 

Қарақшы еді мал тапқан ат жалынан,
Қарғыс атқан өмірі қатпа қылған.
Жортып өткен Құрманның жолдарынан
Жойқын-жойқын әлемет ақтарылған.



Сұрапылдай сұсты еді суық тағы,
Бұрыс жолдан тағдыры бұрылтпады,
Құрақ ұшып Құрманнан қорқатұғын
Туған елдің сықырлап уықтары.



Мекені жоқ, елі жоқ тұрақ қылған.
Жерді төсек, жұлдызды шырақ қылған.
Кезбе өмірі делбе етіп кер кедейді
Кез келген қиырларға лақтырған.



Кұрман сол той ішінде аялдады,
(Бәйгі аттар оралуға таяу қалды).
Бай отырған төбеге бетін түзеп,
Кәнігі кәззәп бөрі аяңдады,
Барды да, байға былай баяндады.



- Байеке, озады атым, бәс тігемін,
Тұлпарыңды тұғырым басты менің.
Алты болыс Албанды дүрліктірігі,
Құнанында бәйгі алған тас түлегім.



- О, сәуегей, әулие, көріпкелім,
Құдайдан құжат алып келіп пе едің?!
Қастерлеп, қанат байлап жіберсең де,
Тұлпардан түғыр озбас, желікпегін! 

 

Қайдан білдің ат әлде бап шабарын,
Қалай-қалай бөсесің, қатпа жаным?!
Жөніңді айтқын әуелі, елірме олай,
Қайдан жүрген пендесің, бәтшағарым?



- Жұртым — жер, руым — көк, далада өстім,
Қорлык көріп байлардан, нала кештім.
Бәс тігемін, байеке, бәйгемді бер.
Бәйгемді бер, озады ала бестім.



Бәс тігем де, қаласаң, жамбы атамын,
Қиырға қой киікті, қандатамын.
Шығаршы шымыр дене палуаныңды,
Аяғыңның астына аунатамын!..



Атып тұрды құр белбеу, саптама етік,
(Алып ұрып, кетпекші аттап өтіп).
Апыл-ғұпыл Құрман да ұстай алды,
Қолын қару, кеудесін кақпақ етіп.



Қос дүлей ұмар-жұмар түйдектелді,
Сығады қабырғаны күйреткелі,
Бай намысын қорғаған пақырыңды
Әп-сәтте-ақ Құрман пері илеп берді.



Алып ұрды алдына, шыдатпады,
Жолбарыстай атылып, бір аттады.
Қыз-келіншек қымсынып, бетін шымшып,
Мәрт жығылған палуанды ұнатпады. 

 

Барлық назар Кұрманда, таң көреді,
Сүмбедей сұңғақ бойлы, паң денені.
...Осы сәтте ойпатта үздік-создық,
Шуатылғап шудадай шаң келеді.



Жұрт дүрліге ойысып, ұрапдады,
Аруақтарын шақырды, тұра алмады.
Қою шаңнан үзіліп жалғыз қара
Жалғыз дара ойнақтап, қылаңдады.



Жалғыз қара үзіліп суырылды,
Қара жолдың апшысы қуырылды.
Айтып-айтпай не керек, сол бәйгеде
Тұлпарлардың енесін тұғыр ұрды...



Дүрліктіріп, тандантып рулы елді,
Ала бесті сөреге бұрын келді.
Бай алдында ала атпен ойқастаған
Жұрт жабыла қарап жүр жырынды ерді.



- Байеке, бәйгем қайда, атым келді,
Бас бәйгені байлану қақымда енді.
...Бұғыбай нөкерлерін жиып алып,
Өзара сөйлесуді мақұл көрді.



- Жолаушы тойсын менің жұғыныма,
Қыз бермеймін кедейдің тұғырына.
Сары атанды бас қылып мал беріңдер,
Жетер сол да пақырдың ғұмырына.



Жалғыз атты жолаушы қара қасқа,
Адуынды неме екен алақашпа.
Еліме күшік күйеу болам десе,
Атын әкегі байласын мамағашқа.



Жақыным болам десе жатсынбаған,
Астындағы Аласын сатсын маған.
Құйын қуған келімсек кер кедейді
Алласы асыра деп тапсырмаған!



Есітіп мұны Құрман жалынбады,
Жалынбады және де қабынбады.
Сипай соққан самалға бетін төсеп,
Ала аттың арқасында дамылдады.



- Байекеңе айт, естісін, Құрман-атым,
Зауқым жоқ занды олжадан құр қалатын.
Табиғаттың тауда өскен тағысымын,
Тақыр кедей мен емес құл болатын.



Кесір бай кесе алмайды қанатымды,
Бар малына бермеймін ала атымды.
Заңды олжамды алдыма тарт көлденең,
Байыңа айт, тауыспасын тағатымды.



Сұр қашты хабаршыдан сумаңдаған,
Сыбыр мен үрей жетті “Құрмандаған”.
Құрман есім құлаққа тигенінде,
Байдың да мысы құрып, тұр қалмаған.



- Байеке, екі айтпаған тұқымыңыз,
Төніп тұрған түлейді тұқырыңыз.
Жетім қызды артына мінгестіріп,
Қызыл көзді пәледен құтылыңыз.



Елден безген есерсоқ, соқпа құрғыр,
Арыстандай айбат қып шапқалы тұр.
Қарғап қойған кұдайдың шатпағы бір,
Ала атыңмен адасып отқа кіргір...



Талқан болды Бұғыбай тас қамалы,
Жұлқа тартып тәсбиғын тастады әрі.
Жеңіп алған жендетке бас бәйгеге
Қыз беруден қалмады басқа амалы.



...Тамашалап тобыр топ дуылдайды,
Қол ұшын беріп біреу бұрылмайды.
Ей, өлепат ит өмір, естисің бе?
Торға түскен торғайың шырылдайды.



Көзің қайда, көк аспан, көремісің,
Жарылсаңшы, осыған көнемісің?
Қара құс кеп қарлығаш балапанын
Қағып кетіп барады қорегі үшін.



Ар-намысы жаншылып, қараң қалып,
Зарлайды он бес жасар Жамал налып.
Туылмаған нәресте!
Мінгестіріп,
Бір жырыңды барады Ананды алып. 

 

Өмірге келме, сәби, шақырмаймын,
Шықпаған күнім болшы, аһ ұрмаймын.
Қарақшыға мұрагер болғаннан да,
Қапымда қалғаныңды мақұлдаймын.



Қара жер жемсауында нала барда,
Осылай құс іледі қара қарға.
Сор-Жамал сорасы ағып зарланады,
Заңына замананың шара бар ма?



- Ағажан, ажыратшы ақ-қараны,
Жетімек ем, өмірдің ақ табаны.
Арыздасып қалайын атыңды бұр,
Артымда сорлы бауыр қап барады.



Кеше ғана екеуміз гүл қарап ек,
Ағажан, анау қырға бір қарап өт!
Болайық біріміз - құл, біріміз - күң,
Ағажан, екеумізді бірге ала кет!



- Ағажан, солай бұршы атың басын,
Артымда қап барады ақылдасым,
Шер жүрек, шерменде бір ғазиз еді,
Қуарып, құса кешіп, аһ ұрмасын,
Ағажан, солай бұршы атың басын!



Қыз даусын Құрман тыңдап желкесімен,
Зекиді оқта-текте келтесінен.
Қос құлағын қайшылап ала бесті,
Қояндайын жымады жер төсімен.



- Тәйт әрі, неткен ащы сұм дауысың!
Мен бе екен жыртатұғын күң намысын?!
Берілмеген қос құлақ ер жігітке
Әйелдің бақырғанын тыңдау үшін.



Өз-өзінен таусылып өшкені не?!
Анаң қыз, атаң ұл боп өспеді ме?!
Ағасы нес-с... Әлде сол әке-шешең
Бірі ерім, бірі әйелім деспеді ме?! 

 

Қашаннан қас әдетін ұмытпапты,
Қарақшы жатағына суыт тартты.
Қыза-қыза өртеніп шоқтанған күн
Нарттай жанып, батуға жуықтапты.



Сарыла ойлай-ойлай иі қанған,
Тұншықты Жамалдағы тұйық арман.
Күн батты. Ал батыста талауранып
Тапжылмай жатып алды ұйыған қан.



Ауыздықпен алысқан ала бесті,
Апырай, қайда сенің қараң өшті?!
Құзар тау, құлама өзен, ну қарағай,
Сыпырып сай-саланы самал есті.



Бұлықсып былдыр бұлақ сайда аунады,
Бұралып бұйра талдар Айды алдады.
Қарағай сыбдырымен қалғып-мүлгіп,
Суып тұр ала бесті байлаудағы.



Шыңыраудан үн шықты шырылдаған:
- Өлдім-ау... өлдім,.. апа,.. Күнім қараң!..
Қарақшы, сұм қарақшы... затың құрсын!
Өлдім, апа... естімей жатырмысың?..



Ай кетті бір орныңда шыр айналып,
Тояттап төбеде отыр құмай барып.
Әлгіндегі жап-жасыл ашық аспан
Әлемет боп барады лайланып...



Сәбилік сөнді... тауда қала берді...
Ей, өмір, балаң емес Жамал енді!
Арман-өмір, аманат тек өзіңе,
Алдыңа ашулы Ару-Ана келді!


ҚҰЗДА


- Үш жыл өтті, бас ием, тұтқындадың,
Өміріңнен еш дерек ұқтырмадың.
Бөлтіріктей бағасың бейбағыңды,
Ұрлап әкеп жазықсыз жұрттың малын.



- Жап аузынды! - деп Құрман шатынады.
Қатын деген пенденің ақымағы...
Сабыр, сабыр, жарқыным, қаласаң, жұт,
Сен - бір атан, мен - шөлдің жапырағы. 

 

Жалмарсың да жұтарсың, тұрыппын ғой,
Жас күнімді кәрі еттің, суыттың бой...
Тағдыр қосқан тәңірім емес пе едің,
Адамша тілдесуді ұмыттың ғой.



Жалтармаймын, жарқыным, жалақтама,
Көретіпім сені мен ала ат қана.
Мен де өзіңдей адамның баласымын,
Теңгермейсің көлдегі шабаққа да.



Елің бар ма, әміршім, елің қайда?
Ел-жұртың, дос-бауырың, теңіңді ойла.
Қашаңғы қарақшы боп күнелтеміз,
Адамша күн кешейік, белің байла!



- Сендей заржақ көрсемші бұл жасымда,
Апырай, іштен оқып туғансың ба?!
Сәби керек! Тек сонда жөн түзеймін,
Тумаған тұл қатын да ұрғашы ма?!



Нөсері жоқ дауылдай бұрқанасың...
Перзент керек және де ұл табасың!
Тағдырымды тау-таста қуалаған
Атам қазақ менен де ұрпақ алсын!



Елім шетін көремін қай бетіммен,
Жапа шегем, жан күтем айла етумен. ...
Ақ патшаның ордасы опат болып,
Бұ күні шаруа күйреп, бай кетілген.



Осы еді сенен бүккен сырым ғана,
Босуда елің Қытайға, Қырымға да,
Аңысын аңдиық та, күн кешейік,
Сөзіңді маған енді шығындама.


* * *



Төртінші қыс таудағы, үңгірдегі,
Ай сығалап, нұр шашып күн кірмеді.
Төртінші рет тұншығып мұз астында
Бұлықсыған бұлақ-күй күмбірледі.
Төрт жыл болды тау-пері тарлан үкі
Таста отырып, тапжылмай міңгірледі.
Төрт жыл өтті, ал Жамал дым білмеді.



Ақиреттей аяз тұр жалаң қағып,
Үңгіріне қисайды Жамал барып.
Жолбарыстай тояттап Құрман жатыр,
Жортуылы жаздайғы тамамдалып.
“Осы үңгірде мың рет өксідім-ау,
Осы үңгірде мың рет арамдалып.
Еркек біткен егерде болса осылай,
Жалғаңдағы неғылған жаман халық. ...



Өлтірігі қашсам ба екен...
Қайда барам?..
Қарсы алар ата-анам жоқ аймалаған...
Жөн сілтеп, жол көрсетер бір пенде жоқ.
Әлде су, әлде құзда, сайда қалам. 


Ақ патша дегені кімі тағы?!
Құдай білсін, өзіндей ұры тағы...
Ой, сұмдық-ай, пенделер жұмыр басты
Қалайша елі-жұртын ұмытады?!



“Босуда елің Қытайға, Қырымға да?!” -
Деді-ау маған, ой, тоба... Зұлым жаңа.
Аң мен құс аждаһаның мекенінде
Өлем бе жабайы боп, шынында да?! 

 

Жалған-ай, тынысымның тарылғаны-ай!
Бақытсыз басым қара жамылғаны-ай...”
Қалғып кетті.
Келеді шыңға өрмелеп,
Шатынап шанағынан жарымжан Ай.



Құзар тау, құлама құз, боз жотаны
Астына ап аяз бейбақ боздатады.
Сайларда сайтан боран көкпар тартып,
Көкесін қорқыныштың қоздатады. 

 

Құздарда пері жортып, жын аунайды,
Шынарда тозақ оты алаулайды.
Бораннан сауға сұрап қарағайлар,
Жезөкше келіншектей бұраңдайды.



Жарқ етпей жанындағы асыл үміт,
Жалт етпей жанарында жасы бұғып.
Тотысы иесіз таудың ерке бұлақ
Қалыпты мұз астында жасырынып. 

 

Сетінеп бара жатыр түн жиегі,
Ақ басын Ата тау да түнге иеді.
Үрейлі үңгірдегі май шам ғана
Үмітсіз аурудай ілмиеді.



Хандайын тояттаған ханшасынан,
Қорылдап Құрман жатыр шалқасынан.
Кеңсірігін кенеп бір жібергенде,
Демінен тас үгіліп, шаң шашылған. 

 

Үстіне асқар таудың тасын үйіп,
Жамал жатыр жаны - өрт, басы - күйік.
Заман-ай, өлі ұйқының өзінде де,
Қалыпты төңіріне басын иіп.



Ала ат тұр ұйқылы-ояу, күркешікте,
Ол да тұтқын, басы байлау, кілт есікте.
Қара тағдыр үшеуін ұмар-жұмар,
Әкеліп қамағаны-ай бір тесікке.



Таң атты, күн де шықты құлақтанып,
(Тіршілік өз міндетін жүр атқарып).
Жылайды қапастағы қайран бұлақ
Қайрымсыз әлдекімге мұң ақтарып.



О, таулар, таулар, таулар басы бұлт,
Тындың ба түні бойы тасың ұлып?
Түнімен асыр салған перілерің
Қалды ма шың-құзыңа жасырынып?!



Түнде ғана тұр едің сұрапылдай,
Тасың қалған қалайша уатылмай?!
Енді міне, аязың аппақ шыны
Маңдайдан шертіп қалса сынатындай.



- Ал, қатын, мосыңды іл, асынды қой,
Тысқа шық, түнгі әлемет басылды ғой.
Не деген бетпақ еді салдақы түн,
Адамның берекесін қашырды ғой.



Тұр, қамда тірлігіңді, жарамайды,
Жатқанды алла пендеге баламайды.
Асың әзір болғанша мылтығымды ап,
Бір аралап келейін қарағайды.



Ыққан аң түнгі дауыл түнегінен
Паналайды тоғайды, білемін мен.
Бұйрық болса, сергиік жас сорпа ішіп,
Сыбағамыз бар шығар бұл өмірден.



Жамалға қарады да қиық күліп,
...Ол кетті бердеңкесін иыққа іліп.
Жамал бей-жай, көтерді әзер басын,
Ұйып жатып төсекте, ұйып тұрып.



Түн өтеді, қайтадан күн келеді,
Күн өтеді, тағы да түн келеді.
Ғазиз Жамал төсскке сүт боп еніп,
Айран болып ертесі түрегеледі.



Ол байлаулы құлынды желі-күнге,
Екіталай енші жоқ ерігінде.
Жанын жеген жалғыз ой Жамалдағы:
“Осы мен тірімін бе, өлімін бе?!»



Ойлайды да, өзегі өртенеді,
Өзіне өзі ібіліс, жеркенеді.
Ғазиз жанның өткені бүгін болып,
Бүгінгісі сорлының ертеңі еді...


ТОЛҒАҚ



Болар-болмас желбіреп боз жалауы,
Шың басында бір нүкте қозғалады.
Талма түсте талаурап өртенген Күн
Сексеуілдің шоғындай қозданады.



Өшіріп, өмір дейтін шырай қалып,
Бас имекші өлімге құлай барып.
Тау тағысы пендені күзеткендей,
Төбесінен төнеді шыр айналып.



Құз жартастың құлама қиясында,
Балапандар шулайды ұясында.
Шыныменен, ей, Жамал, мына өмірді
Ажалдың ақымына қиясың ба?!



Қарашы жан-жағыңа ғажап қандай,
Бар тірлік саған қарап наз атқандай.
Тыйыл мынау ойыңнан, тиянақ тап,
Албастыға-ажалға мазақ болмай. 

 

Қарашы анау масаты сай-саланы,
Саған қарап күнәсіз жайқалады.
Саған арнап, ей, Жамал, сезесің бе?
Сан рет бұлбұл әнін қайталады.



Қара орманға қарашы қалғып тұрған,
Қайрымдылық күтеді барлық қырдан.
Сінлің-бұлақ әнеки, жылай-жылай
Сынғыр үнін сылқ үзіп, қарлықтырған.



Болар-болмас желбіреп боз жалауы,
Шың басыпда бір елім қозданады.
Шың басында, Ананың құрсағында,
Басталмаған бір өмір қозғалады.



Бір өмір тұр құрсақта оянғалы,
(Опат болды Жамалдың ой-арманы).
Құшағына құз қанша тартқанымен,
Екі бірдей өмірді жоя алмады.



Ақ кебінін ажалдың жамылмады,
Ақ шырағы өлімнің жағылмады.
Қайта оралып ғайыптан ғазиз Ана
Жатағына келді де дамылдады.



Құрман отыр, отыр ол сесі биік,
Құрап отыр жас талдан бесік иіп.
-Жарқыным, неменеге тұнжырайсың?
Ұрыдан ұрпақ қалса, несі күйік?!



Несіне түнересің, аһ ұрасың?!
Түнерме, тұңгиыққа батырасың.
Қиядан қыранымды ұшырмасам,
Қара жер қарс айрылып қақырасын!
Несіне түнересің, аһ ұрасың?!



- Белгілі енді сенен айнымасым,
Ей,батыр, қашан маған қайрыласың?
Енді маған ел шетін көрсетпесең,
Менен де, сәбиден де айрыласың.



Қарама ондай кейіппен ұнатпаған,
Ит емен босағаңда шуақтаған.
Иесіз таудың елігі емеспін ғой,
Кез келген жыраларда лақтаған.



Ғашык етіп ғаламды келбетіне,
Жаз жамырап болған кез жер бетіне.
Аспанның астындағы алып бесік
Асқар тау абдырап тұр тербетіле.



Жалаң аяқ самал жүр сай-салада,
Шыңылдаған шыңдар бір қайсар аға.
Бұлдыраған бұлақтар - бұйығы іні,
Жасыл өңір, жалпақ жаз - жайсаң Ана. 

 

Бұл аймақтан күн нұрын аямайды,
Сағым болып желпиді, аялайды.
Жер бетінде тыныштық болса егер,
Осынау тауга келіп саялайды.



Шыңдарында найзағай дамылдаған,
Құздарыңда қорқыныш мамырлаған.
Талма түсте тау ару ұйқыдағы,
Боз көрпесін бойына жамылмаған. 


 
...Талма түс...
Тастөбеге күн шығады,
Тар үңгірде әлдекім тұншығады.
Ет жүрегін Құрманның езіп ұстап,
Арын келіп әлдене шымшылады.



Ол үңгірге беттейді, бата алмайды,
- Әрі кет! - деп ары оны бақандайды.
Берекесін қашырған берместердің
Берен-мылтық, мінеки, от алмайды. 



Құрақ ұшып Құрман тұр, елеңдейді,
Құлын даусы Жамалдың бебеулейді.
Ол өмірден түскен бір пенде еді ғой,
Пенде еді ғой... Апырау, неге өлмейді?!



Ғазиз Жамал құлындай шыңғырады,
Құз шатынап, талықсып, шың жылады.
Бебеулеген бейбақтың беймаза үні
Тас жігерін Құрманның құм қылады. 

 

Бір түседі атынан, бір мінеді,
(Не сыйлайды тағдыры, кім біледі?!)
Тайыншадай теңселіп тентек болғаң,
Телміреді, бір сәтке ділгіреді.



Бір дел-салдық басып тұр тау-алыпты,
Бар тыныштық осында қамалыпты.
Құжыр-құжыр жартастар ұмсынады,
Ұғатындай ұлы бір жаңалықты.



Самал да жоқ сайдағы сыбырлаған,
Қалт кідірді құрақ та қыбырлаған.
Құздан құзға сол сәтте жаңғырығып,
Үні шықты сәбидің шырылдаған.



Таң-тамаша табиғат аңырады,
Таң-тамаша таудың да тағылары,
Құрбысының үніне құлақ асып
Қуанып тұр арқардың ақ лағы.



“Иә, алла, көрдім бе, көрмедім бе?!
Иә тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!
Шырылдаған үніңнен айналайын,
Шыныменен өмірге келгенің бе?!



Қызым болсаң, қырымда құралайсың,
Ұлым болсаң, ұлы бір мұрадайсың.
Естисің бе, есі жоқ, ей, дүние,
Менен неге сүйінші сұрамайсың?! 

 

Қызым болса, қырмызы қызғалдағым,
Ұлым болса, түнекті бұзған жалын.
Бақытыңды осы бір, ей, дүние,
Қи маған, қырын қарап қызғанбағын!”



Шарасында шатынап, көзі жайнап,
Көңілінде дауыл тұр, сезім ойнап.
Алақанға арманын алды дағы,
Өзі кесті кіндігін, өзі байлап.



Жаба қойып бетіне орамалды,
Жамал тынды, тым-тырыс бола қалды.
Құрман жалғыз жейдесін дар айырып,
Қуанышын құндақтап орап алды.



“Қашан менің тағдырым тыным көрді,
Қан қақсатқан бөрі едім рулы елді.
Ұрпағым бар, дүние, енді менің,
Естисің бе, ей, өмір, ұлым келді.



Жалғыз едім таста өскен шыршадайын,
Жабырқаушы ем дауылда сынса қайың.
Су боп кетпей неге тұр қос шырағым,
Ну боп кетпей неге тұр қу самайым?!



Жанарыңнан айналдым, жаным Жамал,
Жарым болып мәңгілік жанымда қал!
Келешегің, бақытың келді, міне,
Көгершінім, көтеріл, қабылдап ал!



Шолпапым боп шоқтанған таң атарда,
Ақ қанатты құсым бол алақанда.
Тәңірім бол табынып, бас иетін
Ұшып шығар ұя бол балапанға.



Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едім,
Жалғыздықпен жалғанда сырлас едім.
Ей, дүние, неге сен қуанбайсың,
Күйің келмей күйігіп тұр ма сенің?!”




* * *




Арқаңдаулы ала тұр шыбындаған,
Күйбең-күйбең Құрман жүр қыбырлаған.
Көкейінде бір ой жүр шымырлаған:
“Адам тек азап үшін туылмаған,
Өмір жок ең өзгертіп құбылмаған.
Өкінішпен өткерген сәттерім-ай,
Өмір, сенің өзіңнен құнымды алам!”



Алып келді ала атты арқандағы,
(Қабыл болсын қашанғы қарт арманы.)
Бердеңкесін соққылап қара тасқа,
Үңғысын уатты да, талқаңдады. 

 

“...Жанып барам, Жамалжан, жанып барам,
Қарақшы деп ат қойды халық маған.
Қарабет боп мәңгілік қалсам дағы,
Екеуіңді еліме алып барам!”



Солай бастап сезімі қаралы ерді,
(Қандай жаза болса да бара көрді)...
Құлазыған құзар тау бөркін бұлғап,
Қоқыс үңгір қоштасып қала берді.
Өз өмірін өткерген өгей Құрман
Өзге өмірді еліне ала келді.



“Қан қақсатқан кешегі рулы елді,
Мекендеген тау-тасты жырыңды еді.
Қаласаңдар қағыңдар, басым міне,
Есенбісің, ел-жұртым, ұрың келді...



Қандай менің аяйтын тағдырым бар,
Суға тастап иә отқа жандырыңдар.
Тек бір ғана тілегім, ағайындар,
Ұрпағымды артымда қалдырыңдар! 

 

Алдыңда тұр, ағайын, қаңғыбасың,
Қаласаңдар, мінеки қанды басым.
Аманат қып аранда қалдырамын,
Жаңа өмірдің жазықсыз қарлығашын...”



Салтанат құрмағанмен салқында өсіп,
Алтын бесік ел іші, алтын бесік.
Жаңа өмірді біз осылай бастап едік,
Тентегімнің қылығын халқым кешіп. 

 

Қалғамыз жоқ опық жеп, ойрандап оқ,
Бай да жоқ, басымызда байлау да жоқ.
Ел қатарлы күнелттік еркімізбен,
Егін салып, мал бағып, жайлауда боп.



Тәрік етіп бар күшін, бар амалын,
Орындады ол елінің қалағанын.
Қайта туған, өмірге қайта келген,
Жер кайыспай қайыспас қара нарым...





ЭПИЛОГ


- Ана, армысың!
- Уа, бар бол, балам, саумысың?
Сәл сабыр ет, қарағым,
Інішегің қалғысын.



Далада өскен емес пе бабаларың,
Талпынады далаға інішегің.
...Пай, пай, қандай мына бір самала күн!
Есен-саусың, қарағым, тыныш елің?.. 

 

Сайрады жасыл бақтың кенті - бұлбұл,
Уыз сәби ұйқыда елтіді құр.
Тентек самал әжейдің шәй жаулығын
Бүлк еткізіп, абайлап желпіді бір.



Жапырақтар жайылған алақандай,
Жәудірейді бұтақтан, тағат алмай.
Жасыл жәннәт. Ақ үрпік әжей отыр,
Ұядан жаңа шыққан балапандай. 

 

Саялатып самал тұр жасыл бақты,
(Ақ жаулығы әжейдің қасын жапты.
Кәрілікке әлі де бас ұрмапты,
Ақша жүзін әлі әжім жасырмапты).



Мен де отырмын, алқызыл айналам гүл,
Айналам гүл. Жалпақ жаз. Жайнаған нұр.
Салауатпен сал әжей жалт қарады,
Қос жанардың қуаты таймаған бір.



- Оңаша осы баққа күнде келем,
Балам, сені осыннан күнде көрем.
“Түсі жылы, түңілме” дейді ғой жұрт,
Түсің жылы бала екен, білмеген ем.



- Күнде түсті осында өткеріп ем,
Мен де сізді осыннан көп көріп ем.
Үлкен адам болғасын, сәлем беріп,
Парызымды өтейін деп келіп ем...



- Күнде осыннан шұбырып ел де өтеді
Қалмаған-ау кішілік елде, тегі...
Жөн-жөн, балам, әмәнда осылай бол,
Сәлемдесіп жүргенге нең кетеді?!



...Әңгімеден әңгіме қозды-ай дерсің,
Сері самал теректі қозғай берсін,
Әлдеқайда асыққан жүрдек пойыз
Ботасы өлген інгендей боздай берсін... 

 

Уыз сәби ұйқыда балбырасын,
Жайып құшақ жәннәт бақ албырасын.
Ертегідей өмірін еске ап әже,
Ет жүрегі езіліп, қан жыласын...



(Сауал қойдым әжейге тұрган бойда),
- Құрман ше, Кұрман... әже, Құрман қайда?
- Оқ тиіп қан майданда қайтыс болған,
Соры бір арылмаған қу мандайға...



Сол тұңғышым осында дәрігер-ді,
Қалғандары, қайтейін, бәрі де өлді.
Қайсібірін айтайын, қалқам, саған,
Білесің ғой кешегі әбігерді...



Мына біреу немерем...
Қарғам менің!
Шүкіршілік аллаға, арманда едім.
Айта берсе, қалкам-ау, арман көп қой,
Бұл өмірде армансыз жан бар ма еді...


Мұқағали Мақатаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар