Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Максималар мен қоғамдық ойлар......

24.03.2025 457

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Дидар Амантайдың «Пұт-кітап» хикаясын оқығаннан кейін санамда жаңа бір кеңістік жаралғандай сезімді басымнан кешірдім. Жаңа болатыны – хикаяда автор өзі айтқандай,  «Жанры белгіленбеген. ...Бұрын-соңды кездестірмеген, көрмеген нәрсе». 

Дәл осы үлгіні Абай өлеңіндегі өлшемге айналдырсақ, «Шу дегенде құлағың тосаңсиды, Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей». 

Рас, әбден санамыз үйренген классикалық үлгіден ада, жазу стилі жат, оқиға мен сюжетке сараң, бөгенайы бөлек мұндай дүниені оқығанда шығарма бірден баурап әкетті  десем, өз-өзімді алдаған болар едім. 

Осы орайда  автономды тұлға ретінде мына бір субъективті пікірімді сөз арасына қыстыра кетейін. 

Асылық айтты демессіздер, Дидар Амантайдың  бұл ізденісі бұдан кейінгі прозаның даму бағдары мен тың өрісі, жаңа сөйлемнің ақ қағазға түскен алғашқы үлгісі секілді көрінді маған... 

Бір данышпан (қапелімде есім-сойы есіме түспей отырғаны) «Бір нәрсені түсіну үшін сол оқып отырған дүние, я оның авторы жайында оқырманның кем дегенде жетпіз пайыз мағлұматы болуы керек. Енді одан да маңыздысы – сол нәрсені  мұхият түсінбекке деген шын ынтызарлықтың болуы», – дейді. Басқаны қайдам, дәл осы Дидарға келгенде біз шіркінде осының екеуі де жетіспей жатады. 

 «Пұт-кітап» хикаядан гөрі философиялық трактатқа көбірек жақын келеді.  Хикаядағы сөз арасында «...Көркемдік құндылығы, әдеби маңыздылығынан гөрі дүниетанымдық мәні әлдеқайда зор» дегені осы ойымызға саяды. 

 «Біз – қайталанамыз. Түрленеміз. ...Пенденің іс-әрекетінде алғашқы жоқ. Бәрі еске түсіру ғана. Қосарланады. Ақиқаттың түбіне жетпейсің. Қайсысы бірінші – таппайсың. Түпнұсқадан айырылдық. Негізі, айырылған жоқпыз, түсінігіміз өзгерді» деген түйдек ой ішіндегі осыбір «түпнұсқа» түсінігі үлкен ұғымға негіз тартады. Философияда  түпнұсқасы жоқ жазба симулякр деп аталады. Тілі өзгерген ұлттың түрі де (антропологиялық бет пішіні де) өзгеретіні секілді болмыстың өзгеруі адам ішіндегі таңбалар танымының да қағидасын бұзады. Ұлт болмысы өзгеріске  түссе, оның нышандары мен  бейнелері де өзгереді. Енді оны тану мен түсіну ұрпақ үшін үлкен трагедияға айналады. Шығармадағы таңбаның бұзылуы танымның да бүлінгені екендігін, автор осы арқылы бозжусан болмысымызға түскен ұзақ жылдар бедеріндегі отарлық зардабын ишаралап отыр ма деп те ұғындым. Хикая ішіндегі жиырма тақырып тұтас түсінігіміздің қайыра түрегелуіне қолғабыс етеді. Содан болса керек, шығарманы оқып біткен соң бейне бір  көрген түсіңді есіңе түсіре алмағандай бейнетті басыңнан кешіресің. «Жат сөйлем, бөтен мәтін» – жазушының негізгі миссиясы. Мұрат мұнарасына тіккен бейнебір рухани байрағы іспетті. Осы арқылы ол бізді бір өзгеріске бастағысы келетін тәрізді. Ең бастысы көрген «түсімізді» есімізге түсіре алсақ болғаны... 

 

***

Не нәрсеге болсын объективті баға бермей, анық пен танықтың нарқына жету қиын. Мұны айтып отырғаным, кәсіби әдебиетті фольклормен еш шатастырмаған жөн. Айталық, кешегі аграрлық қоғам ахуалынан туған  айтыс пен термені «жалпы жұрт жақсы көреді» деп бір шімірікпестен өтірік айтпай, бұл көбіне төмен танымға тән, дұрысы, «тобырлық өнер» деп өз атымен атаған әлдеқайда кісілікке жатады.

 

***

Адам үрейі мен қорқынышының табиғаты тастай қараңғылықтан туған. Есесіне электр жарығының жоқтығынан дүниеге ертегілер мен әпсаналар келді.  Әлем ертегісінің  көбіне тән, оқиға соңында «жарық» пен «жеңіске» талпынған адам үміті  осы қараңғылықты барынша  ыдыратуға тырысады. Әсіресе бұл қараңғылықты алаяқтар мен дін қызметкерлері өте сәтті пайдаланып кетті. 

Біз көп дүниені қасақана мойындағымыз келмейді. 

Түнекті түрген электр жарығымен бірге мистикалық сананың да дәуірі бітті. Мүмкін Ницшенің «Құдай өлді» деп отырғаны да сол. Ол, ол ма ағылшын әлеуметтанушысы Энтони Гидденстің «Электр түнді отарлады» деп ағынан ақтарылуының да, міне, мәнісі осы болса керек. 

 

***

Әрине, қазақ тарихындағы өзге тұлғалар жайлы көп сөз шығындауға болады...

Бірақ біздің ұлт ретінде ұжданымызды қорғап, ұрпақ пен уақыт, тарих пен мәдениет алдында қарабет болудан сақтап қалған бірден-бір феномен,  ол – алаш арыстары.

 

 

***

Жалын бүріккен Жаһаннам оты дегеніміз не?

Кеше Сталин мен Голощекиннің, кейін  келе егемен ел ретінде Назарбаевтың «тозағына» түскен қазақ баласын енді  қай молла тозақ азабымен қорқытып,  сай сүйегін жасытпақ екен.

Тозақ дәл осы үш есімнің мейманасынан ыстық, қиянатынан қатерлі емес болар. 

Біз от пен жалынға көз тірімізде-ақ түскен елміз.

«ЕКІ КҮЙМЕК БІР ЖАНҒА ӘДІЛЕТ ПЕ?» 

Енді Абайдың осы сауалын өзіме де, өз ішімдегі Құдайға да қоюға толыққанды құқым да, құқайым да бар деп есептемеймін.

 

***

Бізде тұлға мен билік, ақыл-ой  мен  өндіріс  арасында  ешбір байланыс жоқ. Керісінше, бұлар бірін-бірі  мүлде танымайды десек те болады. 

Әрине, өте қатерлі жағдай. Өркениетті елдерде аталған мәселелер керісінше мазмұнға ие. Сөзімнің дәлелі үшін бір ғана мысал  келтіре  кетейін. 

Қазір әлемдік брендке айналған «Тойота» көлігі Жапония елінің екінші есімі іспетті. Сол  «Тойота»  компаниясының негізін салушы Киичиро Тойода: «Біз Масааки  Имайдың «Кайдзен»  пәлсапасын  жіті  зерделеп,  осы идеяны заттандырғанның  арқасында  ғана мұндай табысқа қол жеткіздік», – дейді. Міне, мәселенің мәні мен түпкі нәтижесі қайда жатыр?

Ал біз басқасын айтпағанда,  Абай  мен  Алаш  идеясын заттандыра алдық па? 

Әгәрәки, Абайдың  «әділет» ұғымын я болмаса  «толық адамын» өмірге қолданбалы қылғанда бүгінгі рухани ахуалымыз бен материалдық жағдайымыз  дәл осындай жағдайда болмас еді. 

Ең өкініштісі, біздің саяси корпус бұл ұғымдарды әдебиеттің, қала берді тарихтың ғана тақырыбы мен мәселесі деп немқұрайлы түсінетінінде болып отыр.

 

***

Әдебиеттегі әр сөйлемге тәу етіп табынғаннан гөрі, ең әуелі, онда не жазылып, не айтылған сол төңірегінде ой жарыстырсақ жөн болар еді. Қазақ халқы үшін қашан да кітаптың орыны бөлек-тұғын. 

Бәлкім, кітап атаулының біз үшін қастерлі болуының басты себебі, баспа ісінің кеш дамығаны, сол себептен де кітапқа енген әр сөйлемнің Құран аятындай киелі көрінетіндігі болса керек. 

Бұл, әрине, кітапқа байланысты кешегі таным...

Мейлі, солай-ақ болсын дейік.

Бірақ қағаз бетіне түскен әр сөзге құрметіміз ерекше еді десек те, біздегі сана  мен таным не себептен тез есейіп кете алмады.  Неге? 

Мұның себебі басылған кітаптан гөрі  оның архаикалық мазмұнында жатыр.

Себебі ауыз әдебиетіндегі әдемі сөздер мен тәтті мезеттердің (эмоцияның) молдығы біздегі рационалды сананың шындап жетіле алмауының көрінісі еді. Мәтінде эмоция көп болған сайын адамның когнитивтік есеюі де барынша кенжелей береді. Мысалы, мен түгенше фильмді көріп еңіреп шықтым дегеннен гөрі, есейіп қайттым деген әлдеқайда сындарлы (крититкалық) сананың сөзі. Адамды жылату әртіс тұрмақ  сарымсақтың да қолынан келеді десек, Сократтың «Күлме, жылама, ойлан»  деп отырғаны да сол. 

Осы орайда мына бір дүниені де айрықша атай кетсем деймін.

Әдебиет те бейне бір жеміс топырағы тәрізді. Тыңайтқыш есебінде түрлі тәжірибелермен үнемі толығып отырмаса,  қозғалыс көрмеген ой жүлгесі жыл өткен сайын уақыт эрозиясына ұшырайды.

Бұл жағынан келсек,  біз ишара қылып отырған әлгі түрлі тәжірибелер мен тың эксперименттер ауыз әдебиетінен гөрі (негізі)  жазба әдебиетінің табиғатына тән. Себебі қағаз да қара жер секілді ғой. Бәрін де көтеріп, бәрін де өз ішіне сыйғыза алады. Ендеше бұл пайымнан шығатын тобықтай түйін, біз фольклорды бүгінде уақыт эрозиясына ұшыраған көне жазба деп қарастырсақ та болады. Бұл фольклорды енді белінен бір сызып, күресінге тастайық деген көзқарас емес, реті келсе үнемі ілгеріге қадам басайық деген тілекші лебіз еді. 

Енді бұл  өлшемді өзімізбен емес, әлемдік өре тезінде бағамдасақ, мынадай шешімге келуге болады. Бұл жағынан ауыз әдебиетін қолына қобыз  ұстаған (бұрнағы) Жанақ ақын, ал жазба әдебиетін Жан-Поль Сартрдың кәсіби әлеуетімен салыстыруға келеді. Әрине, екеуінің нарқы жер мен көктей, мүлде салыстыруға келмейді...

Бүгінде Сартрды төрт тарап  түгелге жуық таниды десек, біздің Жанақ пен Шөжені өзге түгіл өзіміз ұмытқалы қашан…

Мінекей, осы дилемманың өзі  қандай шындықтың болсын бетіне тура қарап үйренуді, ең бастысы, өзімізді-өзіміз алдамаудың бір мысалы емес пе?

(жалғасы бар…)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар