Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Талқы" Мұхтар Мағауиннің рухани мұрасын талқылады...

04.03.2025 1386

"Талқы" Мұхтар Мағауиннің рухани мұрасын талқылады 12+

"Талқы" Мұхтар Мағауиннің рухани мұрасын талқылады - adebiportal.kz

2025 жылдың 3 наурызы  – Халықаралық жазушылар күніне орай, Астанада Қазақстан Жазушылар одағы мен «Түркістан» газетінің «Талқы» бірлескен жобасы  аясында  классик жазушы Мұхтар Мағауин өмірі мен шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өтті. Сағат 15:00-де басталған дөңгелек үстелге жазушылар, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері мен жас қаламгерлер қатысып, ұлы жазушының әдеби мұрасы, оның рухани әсері мен қазақ әдебиетіндегі орны кеңінен талқыланды. "Талқы" жобасы аясында классик жазушының шығармаларына арналған талдаулар мен пікірлер алдағы күндерде "Түркістан" газетінде жарияланатыны хабарланып, дөңгелек үстел барысында жазушы  мұрасының болашақ ұрпаққа жетуіне бағытталған әр түрлі қадамдар жайында пікірлер айтылды. Шарада Мұхтар Мағауиннің өмірі, шығармашылық жолы мен қазақ руханиятына қосқан үлесі жан-жақты қарастырылды.

Ақын, ҚР Жазушылар одағы, Астанадағы филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы ойталқы тиегін былайша ағытты: 

«Бүгінгі Халықаралық жазушылар күнінде орай ұйымдастырылған «Талқыны» Мұхтар Мағауин шығармашылығынан бастауымыздың өзінің символдық мәні бар. Қазақ тарихын бірнеше ғасырға жылжытқан ұлы суреткерге қалай құрмет қылсақ да жарасады. Оның шығармашылығы – әдебиетіміздің ғана емес, ұлттық санамыздың да айнасы болды. «Талқы» жобасы Мағауин шығармашылығынан бастау алғанына шынымен бір сәйкестік бар секілді көрінді. Ай сайын осылай әр қаламгерлердің туындыларын «Талқыда» талқылап, кейін «Түркістан» газетінде жариялау арқылы олардың мұрасын жаңғырта насихаттауды көздеп отырмыз», - деді.

Қоғам қайраткері, қонаевтанушы, жазушы  Ораз Қауғабай қаламгердің рухына бас иіп, тағзым ете келгенін былай жеткізді: «Мені құдай айдап, Мұқаңның аруағы осы дөңгелек үстелге жетеледі. Басқа жердегі кездесуімді қойып, Мұхтар Мағауиннің рухы үшін осы жерге келдім. Тоғыз жыл «Жұлдыз» журналында ағалы-інілі болдық. Ол кісі 1996 жылы 22 наурыз күні: «Айналайын, Ораз, бүгіннен бастап сен «Жұлдыздың» қызметкерісің», - деді. Мағауиннің қарапайымдығы мен ағалық қамқорлығы мені әрқашан таңғалдырады. Мұқаңмен бірге өткізген әр сәт – әдебиеттің рухани әлеміне саяхат еді. Ол: «Қазақтың тарихы – әр шығармамда жатыр», - деп айтатын, мен оның әр сөзінен ұлттың рухын сездім», - деген тебіренісін жасырмады.

Ақын, жазушы Ұларбек Дәлей де классик туралы толғамды пікірін айтып өтті:  «Мұхтар Мағауин – қазақ рухының өшпес шырағын жаққан, аруақпен сырласқан ұлы рухтың иесі. Жазушының сексен жасында жазған «Алтын Ордасы» – қазақтың мыңжылдық тарихына сәуле түсірген алтын қазына. Оны әр жолы оқыған сайын ұлттың мәңгілік рухына еріксіз бас иесің. Ол Шыңғысхан дәуірін Көшпенділер қағанатының жалғасы деп дәлелдеп: «Жетпіс мың әскермен Еділден Дунайға дейін жеткен бабаларымыздың ерлігін қаламыммен жаңғырттым», - дейді. Оның еңбегі – ұлттың терең тамырынан нәр алған өлмес мұра, әр сөзі – қазақтың рухын асқақтатқан мәңгілік самал. Мағауин: «Мен тарихты жазғанда, ұлттың жанымен сырластым», - деп еді. Оның қаламы – өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғаған алтын жіп. Оның шығармалары – қазақтың рухани мұрасының шексіз көкжиегі, оны оқығанда әр қазақтың жүрегінде мәңгілік от жанып тұратынын сезінесің».

Баспагер, тіл жанашыры, жазушы  Арман Әлменбет өзінің дайындалған тақырыбы бойынша арғы дәуір мен бергі дәуірді салыстырмалы түрде қарау керектігін тілге тиек етіп, былай деді: «Мұхтар Мағауин шығармаларында жиі кездесетін мотив – отарланған елдің ішінде өз ұлтына қарсы жұмыс істейтін адамдардың бейнесі. Бұл әсіресе "Аласапыран" және "Көкбалалық" романдарында айқын көрінеді. Ол кеңестік дәуірде қазақ халқының мәдениеті мен өркениеті жоққа шығарылғанын сынға алады.

Мысалы, "Аласапыран" романында қазақ елшісінің орыстармен дипломатиялық қарым-қатынасы көркем сипатталған. Орыс шенеуніктері мен қазақ елшісінің арасындағы ұсақ, бірақ маңызды қимылдар арқылы Мағауин сол кездегі теңсіздікті айқын көрсеткен. Бұл көрініс отарланған елдің өкілдері мен отарлаушылардың психологиялық қақтығысын бейнелейді.

Мағауиннің ең басты еңбегі – қазақтың тарихи жады мен ұлттық рухын жаңғырту. Ол Кеңес үкіметінің шектеулеріне қарамастан, өз халқының рухани тәуелсіздігі үшін күресті».

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, жазушы, Қанат Әбілқайыр жазушы шығармашылығына қысқа да, нұсқа тұщымды пікір айтты.

«Егер Мағауиннің буыны ұлттық рухқа қатысты болмаса тарих танымға байланысты дүниелерді жазбағанда, тарихи тақырыпты уақытында қалың оқырманға таныстырып үлгермегенде, біздің буын осы дүниеге ұрынуға тура келетін еді. Мағауиндердің арқасында тарихын танып отырғандықтан, қазір бізде тарихи сана бар. Біздер соның негізінде түрегеліп әдебиетке ұлттық таныммен келіп отырмыз», - деді.

 Жас жазушы Есбол Нұрахмет Мағауин шығармашылығына ұзақ тоқталып, кеңінен толғады: «Совет кезіндегі жазушылықтың қиындығы – цензура мен кедергілер еді. «Мен» романында сол заманның ақиқаты ашылады, бұл шығарма отаршылдықтың қараңғы құрсауынан өрілген қазақ рухының асқақ әнұраны іспетті. Мағауин отаршылдықтың темір торына қарамастан, ұлттың терең тынысын қаламмен сызып, жастардың жүрегіне мәңгі шырақ жаққан ұлы сөз зергері болды. «Мен» романын оқығанда, отар елдің әдебиеті – сырттай бәрі кереметтей көрінгенімен, іштей қарсылықтың нәзік жібімен тоқылған дүние екенін түсіндім. Мағауиннің: «Жазушылық деген не екенін, қайтсең жазушы боласың?», - деген сауалы әр жас қаламгерді шығармашылықтың сырлы жолына шақырды. Ол жазушы болам дегендерге: «Жазушы болу – төрт фундаменталды нәрсе: дарын – қиялдың қанаты, сезімталдық – жүректің әуені, қиял – рухтың самалы, байқампаздық – болмыстың айнасы», - деп жол сілтейді».

Жас қаламгер  Бақытбек Қадыр жаушы тілінің құнарлығы мен сонылығына тоқталып былай деді: «Аударма тілді сөзге тойып алған біздің буынның лексикасына Мұхтар Мағауиннің сөз қуаты кәдімгідей әсер етті. Студент кезде «Құмырсқа қырғын» сынды шығармаларын алғаш оқып таңғалдық. Оның шығармалары бізді Әбішке, Төленге жетелеп, қазақша ойлаудың мәнін түсіндірді. Оны оқығанда қазақтың рухани тереңдігін сезіндік. Жалпы, Мағауин туралы әлі бір тұщымды дүние жазылмапты, осы күнге дейін Мағауинді Мағауиннің өзінен артық ешкім жаза алмапты». 

Ақын Тізімбек Анашұлы, Мағауин мен Гетенің шығармашылығыжәне тағдыр тәлейіндегі ұқсастығына тоқталып өтті. Сонымен қатар ұлы жазушының соңғы өмірі туралы тұщымды пікірлер айтты.

«Мағауин соңғы сұхбатында: «Жазушының өмірі – тас қазғандай азап. Құдайдан 25-30 жыл сұрадым, Алла қалауымды берді, шығармаларымды аяқтадым», - деп еді. Ол – ұлы рухтың шырағы, оның әр шығармасы – қазақтың мәңгілік мұрасы. Мұхтар Мағауиннің зерлі сөздері – рухани байлығымыздың кілті еді. Ол: «Өмірдің соңына дейін жаздым, себебі қазақтың рухы – менің қаламымда», - деп еді, оны оқығанда оның шығармашылыққа арналған өмірін сезінесің».

Жазушы, «Әдебиет порталының» тілшісі Жадыра Шамұратова Мағауиннің «Әйел махаббаты» әйелдің ішкі әлемін ашады дей келіп: «Шығарма өз сүйгеніне құлдық ұрған, өзін толықтай құрбан еткен махаббат жайлы емес, ер мен әйел арасындағы махаббат тек сезім емес, сенім мен құрбандыққа да негізделетінін түсіндірген», - деп айтып өтті. Сондай-ақ: «Жас жазушы әйелдің психологиясын жазғанда кәдімгідей қырағылықты сезесің, бұл – Мағауиннің әйел тағдырын шынайы бейнелеген шеберлігі», - деп тоқталды. Ж.Шамұратова өз сөзінде жазушы Мағауиннің шығармашылығына: «Оның әйел туралы жазғаны – ішкі дүниесінде қаншама нәрсе болып жатқанын сыртынан қарап сездіретін шеберлік бар», - деп баға берді.

"Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі Дүйсенәлі Әлімақын Мұхтар Мағауиннің әлемдік әдебиеттегі орнына тоқталды. Ол: “Мұхтар Мағауин ақсақалды күнделікті өмірде кездестірмеппін, бірақ мұхиттың ар жағындағы Америка топырағында аралығымыз жүз километр қашықтықта болды, 2023 жылы тамыздың аяғында оны іздеп барғанымда, жазушы ақсақал: «Алтын Орданың” соңғы нүктесін қоймай, ешкіммен кездеспеймін, - деді», - деп еске алды. Дүйсенәлі Әлімақын М.Мағауиннің шетелдегі танымалдығын атап өтіп: «Вашингтондағы Орталық Азиятанушы ғалымдары оны жақсы біледі, тіпті, қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тілінде оқыған америкалық профессор Петер Роллбергке бірде Мағауиннің ағылшынша аударылған «Тазының өлімін» тыңдатқанымда, ол кісі әңгімені бұған дейін орысшадан оқығанын, Мағауин шығармашылығымен жақсы таныс екендігін айтқан еді», - деді. Ол сондай-ақ: «Мағауин – бақытты жазушы, оның есімі тек қазақ оқырмандарының ғана емес, америкалықтардың арасында да құрметке ие», - деп, жазушының әлемдік мойындалуын да баса айтты.

Жоба ұйымдастырушылары бұл үрдістің тоқтап қалмайтынын, алдағы уақытта басқа да қазақ жазушыларының шығармашылығы талқыға салынып, олардың еңбектері де осы бағытта зерттеліп, жарияланатынын мәлімдеді. Осылайша, "Талқы" жобасы ұлттық әдебиеттің бай мұрасын сақтау және насихаттау жолындағы маңызды қадамын бастады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар