Мұхтар Әуезов әңгімелері көтерген қоғамдағы рухани дағдарыс пен адамдық, ізгілік мәселесі

Бүгін заңғар жазушы, академик ғалым Мұхтар Әуезовтің туған күні. Осы айтулы күнге орай жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Толымбек Әбдірайымның «Мұхтар Әуезов әңгімелері көтерген қоғамдағы рухани дағдарыс пен адамдық, ізгілік мәселесі» атты мақаласын жариялап отырмыз.

138

Мұхтар Әуезов әңгімелері көтерген қоғамдағы рухани дағдарыс пен адамдық, ізгілік мәселесі - adebiportal.kz

Мұхтар Әуезов мұрасы ХХ  ғасырдан бүгінгі күнге, бүгіннен болашақ заманға шеру тартқан қазақ өмірінің игілік көші іспетті. Әуезов мұрасы талай тар жол тайғақ кешу, небір алай-түлей шайқастардан аман-сау шығып, бар қасиетін енді аша бастаған, кейінгі толқын ұрпақтары үшін күллі әлем жұртының ұлы көш-керуеніне қосылған сайын даладағы сахара елінің еркіндігіндей аса қымбат, арман-мақсатындай асқақ, кір баспаған таза жүрегіндей адал имани мұра...

Қай кезде де, қай уақытта да асыл сөз зергерлерінің шығармаларын оқу шынайы білім алудың басты шарты боп табылады. «Классиктерге жабылыңдар, оларды дымын қалдырмай сорып алыңдар, әдеби жағынан орта қол дүниелерді оқымаңдар» - деп кеңес береді француздың атақты жазушысы Гюстаф Флобер.

Қазақ әдебиетінің классигі, заңғар суреткер, біртуар жазушы, бірегей драматург, шебер публицист, кемел әдебиеттанушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ елінің көркем шежіресін жасап, ХХ ғасырдың үздік шығармалары саналған туындыларын дүниеге әкелді. Әлем әдебиеті Мұхтар Әуезов шығармалары арқылы хәкім, ұлы ойшыл Абайды таныды, көшпелі қазақ тұрмысы мен мәдениетіне қанықты.

«Су анасы – бұлақ» дегендей, онсыз ұлы өзен бола ма? Демек, әйгілі «Абай жолына» дейін де Әуезов айтулы шебер болатын» - деп жазады Шыңғыс Айтматов. Тағы бір сөзінде Айтматов: «Орыс мәдениеті үшін Пушкин қандай болса, шығыс халықтарының мәдениеті үшін Әуезов сондай»  деуі де жазушы қасиетін шынайы бағалай білуінен туындаған тұжырым.

Әуезовтануға қомақты үлес қосып, жазушының терең һәм күрделі, көркемдік әлемін ашу жолында зерттеу жасаған белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың еңбегін ерекше атаған ләзім. Әуезов шығармашылығы мен өміріне қатысты тиянақталған материалдары негізінде 1990 жылы «Бейуақ», 1997 жылы «Бесіңіңді түзе», «Талқы» аталатын көлемді монографияларында тың тұжырымдар жасады.

Біз бертінге дейін Әуезов шығармаларының сұлулығына ғана тамсанып,  түшынған болсақ, Тұрсын Жұртбай Мұхтар Омарханұлы сөзімен айтқанда, «жер әңгімеші, жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» дегендей, шежірелі Шыңғыс жерінен тамыр тартатынын, әрбірінің астарында өмір шындығы жатқандығын нанымды түрде, тарихпен сабақтастыра отырып ұсынады. Әуезов кейіпкерлері қиялдан туған жоқ. Әр кейіпкер артында ХХ ғасыр басында орыстандыру, отарлау, ескімен күресу саясаты туындаған тұста өмір кешкен қарапайым адамдар бар.

Мұхтар Әуезов алғашқы шығармаларының көбін әңгіме түрінде жазды.

Әңгіме, көлемі шағын болса да, мағыналық сиымдылығымен жазушының идеялық және эстетикалық бағыт-бағдарын айқындауға, өзіндік стиль қалыптастырып, суреткерлік шеберлігін жетілдіруге бірден-бір қолайлы жанр. 

«Әңгіме, ұзын-қысқалығына қарай он минуттан бір сағатқа дейін оқып бітіруге болатын, әбден аршылып алынған бір-ақ нәрсе, бір ғана оқиға, немесе бірігіп кеткен оқиғалар тізбегі туралы жазылған шығарма. Әңгімені еш нәрсе қосуға да, алуға да болмайтын етіп жазу керек» - дейді ағылшын жазушысы Сомерсет Моэм.

Әуезовтің «Оқыған азамат» деген әңгімесі әп деп басталғаннан оқырманды елітіп, алда болар мұңды, қайғылы көріністер мен оқиғаларды білуге жетелей түседі. 

«Суық қыстың орта кезі. Күн түске тақап қалған. Аспанда бұлт жоқ, ашық. Жарығы көз тайдыратын нұрлы күн бүгін жазғы түріне түскендей болып, өзгеше жарқырап тұрса да, ызғарлы қар, суық ауа қызуын жоғалтып, жарығына жансыздықтың табын басып тұрғандай.

Жер қарлы. Үш-төрт күннен бері қарай айықпаған шыңылтыр аяз бүгін де мықырлап білініп тұр. Күншығыстан соққан баяу жел суықтың көрігіндей болып, ызғарды көбейте түсті. Кейде сүйкеп өткен салқыны бетті шымырлатып, денені тоңазытады...». (М.Әуезов,Алматы, «Атамұра», 2002 жыл, 28 бет)

Табиғат кескін-келбетін суреттеу барлық ақын, жазушыға тән болғанымен Әуезовтің табиғат суреті, пейзаж жасау шеберлігі, оны қолдану әдісі айырықша. Осынау табиғат суреті арқылы шығарма өзегіне қан жүгірткен, рең берген және табиғат көрінісінің шығармаға жол бастауы алғашқы баспалдақ ретінде қолданған. Оқырман қазір-қазір кездесер сүреңсіз, сұсты оқиғадан хабар алғандай әсерде отырады.

Сібірдегі үлкен өзеннің бойындағы қалада кәшауа шанада көшірі бар оқыған жігіттердің бірі Мейірхан келеді. Ат-шана тоқтап, Мейірхан сыртқы табалдырықтан аттай бергенде алдан сәнді киінген, сүйкімді пішінді жас әйел шықты. Түрінде абыржу бар, ажары кетіп, қатты жүдеп, ақсұрланған. Қабағы болар-болмас  түйіліп, уайым таңбасынан шытынаған. Әлгінде ғана жылағаны көрініп тұр. 

«-Немене, Қадиша, қалай? Неғып жүдеп тұрсың мұнша? – деді келген адам.

Қадиша түксиген қабағын жазбастан, үмітсізденген пішінмен ақырын:

- Сағат сайын төмендеп барады, білмеймін: жазыла ма, жоқ па?.. Бүгін таңертеңнен сізді «әкеп бер» деген соң, әдейі кісі жіберіп едік, - деді де, көзіне мөлтілдеп жас келген соң, төмен қарап кетті. Мейірхан жұбатқан болып, бір-екі ауыз сөз айтты да, үйге кірді...» (М.Әуезов,Алматы, «Атамұра», 2002 жыл, 29 бет).

Томашадай екі бөлмелі үйдің төргі бөлмесінде, биік төсек үстінде ыңқылдап Мақсұт жатыр. Ақсұр түсі күреңіткен, қатты жүдеген. Көзі қанталаған. Еті қашып арыған жіңішке қолдары дірілдеп, сырқат кеудесін сипалай береді. 

Екі дос бірі-бірін іштей ұғысқандай, бірімен-бірі қоштасқандай болып, үнсіз біраз отырған соң Мейірхан Мақсұттың жайын сұрай бастады.

Мақсұт өз жайынан хабар айтпақ еді, алқынып, сөзіне сыбыр араласып, не айтқаны түсініксіздеу шықты. Уайымы – қарт анасы мен жас баласының жайы сияқты. Мейірхан көзіне жас алды. Аузынан жұбатарлық лебіз шықпады. Көңіл үшін «Жазыласың!.. Өлімді ойлама!..» деген сөздері бәсең және әсерсіз болып шықты. Мақсұтты жабырқатқан тағы бір жағдай екен. Таңертең дәрігер келіп, науқасты қарап: «емдеуден өтіп кетіпті, өледі» депті. 

Мақсұттың қарт анасы шөгіп кетіпті. Ұлының басындағы қайғылы жағдай мүлдем тұралатып тастаған. Осындай қайғылы минуттар өтіп жатқанда үйге Мақсұттың екі жолдасы – Жұмағұл мен Ақтай кірді. Бұлар біраз сөзбен аурудың жайын сұрасты да, үндемей, тым-тырыс отырып қалды.

Ауру жанның ауыр халі көп күндерге созылған жоқ. Еңсесі түскен еркекті, төтелей келген ажал құрығы құтқарар емес. Кешікпей көз жұмды... Үй іші у-шу болды. 

Арада ауыр, қайғылы айлар өтіп, жадырап жаз шықты. Бұл кезде жас жесір, сұлу келіншек те серпіліп, өз жағдайын ойлай бастаған. Көп қайғырып, баласын ойлайтын қарт ана ғана. Ал Қадиша болса Жұмағұлға күйеуге тиді. 

Бұл Мақсұттың анасына үлкен соққы еді. Онымен қоймай кешегі келіні Қадиша мен оның күйеуі Жұмағұл, Мақсұттан қалған кішкене қызды көлденең тартып, заңдастырып, Мақсұттың бар байлығын алып тынды. Мұндай көпе-көрінеу жасалған қысастыққа қарсы тұрған кемпірге доқ көрсетіп, Жұмағұл қолындағы бұйрық қағазды милицияға алып барып, содан үш солдат ертіп, Мақсұттың үйіндегі нәрселерді алуға кемпірдікіне келді. Кемпірдің: «Бермеймін... Өлтір... Өлтіріп кет... Өлдім... Мақсұт құтқар!..» деп, сылқ етіп шалқасынан жығылып қалды да, көп ұзамай көзі жұмылып, жақтары тістесіп, үзіліп кетті... 

Неше жерден оқып, өз пайымдауларында көздері ашық, көкіректері ояу деп саналғанымен, нәпсі-сайтан қалауына ерген тоғышар, дүниеқоңыз кісілердің тірліктерін көріп, «оқыған азаматтар осы ма?» деп оларды жек көресіз. Үйткені, Жұмағұл мен Қадиша бір-біріне ұқсас, пиғыл-ниеттері қара, адамшылықтан, сезімнен жұрдай қатыгез жандар. Жұмағұлдың ауылдағы ата-анасының да есептері түгел, дүниеқоңыздығымен ел аузында жүрген адамдар. 

Жалпы Әуезов шығармаларына қуатты күш, тегеурінді серпін беріп, шығарманы шырайландырып, көріктендіріп тұрған терең психологизм. 

Осы орайда танымал сыншы, дарынды әдебиеттанушы Бақытжан Майтановтың: «Әуезов психологизмін дүние жүзі әдебиетіндегі Стерн, Стендаль, Лев Толстой, Достоевский, Тургенев, Чехов, Джоис, Кафка үлгілерімен салыстыру обьектісі қажет емес. Әдеби орта, ұлттық дәстүр, суреттеу обьектісі, қаламгер мақсаты, адамдар тағдыры мен ара-қатынасы әр алуан болғандықтан, стильдік ізденістер де басқаша шығуы даусыз» деуі орынды. 

«Оқыған азамат» әңгімесі оқырманды адамгершілік қасиеттердің мән-маңызын пайымдап, адам құндылығын жете білуге, түсінуге жетелейді. 

Әуезовтің әңгімелеріндегі үздік табыстар «Абай жолы» эпопеясының дүниеге келуіне баспалдақ және мықты әзірлік болды. Айқын Нұрқатов Әуезовтің шығармашылығы жайында былай дейді: «М.Әуезов шығармашылығының алғашқы жылдарында-ақ жоғары көркемдік-реалистік шығармаларды жасаған болатын, оны еске салуымыз қажет, өйткені соңғы уақытқа дейін жазушының көптеген реалистік дүниелері дұрыс бағаланған жоқ және шығармаларының ең жақсысы, оның алғашқы кезеңінде жазылғандарынан, жалпы назарға алынған жоқ болатын. Олай болуы, М.Әуезов шығармалары талай рет сынға ұшырады. Біреулер ұлтшылсың деп айыптаса, біреулер мүлдем басқаша пікір айтты. Әуезовтің ұшан теңіз шығармашылық әлемі талай сынды басынан өткерді...»

«Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Сөніп-жану», «Кім кінәлі?», «Ескілік көлеңкесінде», «Жетім», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» секілді әңгімелерінің қай-қайсысынан да ауыл өмірін, елдік тұрмыс жайын, әдет-ғұрпын жетік білгендігі айқын танылады. Алғашқы әңгімелерінде-ақ, жазушының шебер суреткерлігі арта түсіп, кейіпкерлердің мінез-құлқындағы ерекшелігін, психолгиясын, жүру-тұру, ойлау-сөйлеу мәнерін тамыршыдай тап басып тани білген көрегендігі мен сезімталдығы назар аудартады. Сол замандардағы рухани дағдарыс пен адамдық ізгілік мәселесі; адамдардың өмір-тұрмысы, күн көрісі, үйлену, шаңырақ көтеру және құдаласу, күйеу келуі, қыз көру сияқты әдет-ғұрыптар, оқыған жігіттердің жан дүниесіндегі тұрақсыздық,  толқулар, сөздері мен істері бөлек іс-әрекеттері, адамгершілік идеялары – қатыгездік пен қараулықтан туындаған жетім тағдыры, әйелдің бас бостандығы, әділеттілікті қорғау тұрғысынан ашып көрсетілген.

«Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлы таудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бойсұнған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді...» (М.Әуезов, Алматы, «Атамұра», 2002 жыл, 107 бет) - деп басталатын «Жетім» әңгімесінің жазылып, жарық көргеніне бір ғасыр болса да әлі оқылады. 

Бұл – Әуезовтей классик жазушының шеберлігі!

Жоғарыдағы табиғат суреттері; жаз ортасының қоңыр кеші, қоңыр салқын жел, күннің батып ымырт жабылып бара жатуы, күнбатысты қалың қара бұлттың басуы, айналадағы күңгірт тартқан төбелердің қоңырқай тартуы, түн тыныштығына табиғаттың ғана бойсұнуы емес, алдағы болар қайғылы, қасіретті, қапалы оқиғадан хабар бергендей. Қалың таудың ішіне бет алған үш салтаттының жүрістері де суыт. Сол сәттерде таудың сыртында жігіттер келе жатқан жақты бетіне алып, жалғыз жаяу бала келе жатты.

Айдалада, қараңғы түнде жападан-жалғыз жүрген  бала кім? Оны алды-артына қаратпай дедектеткен не жағдай? Сөйтсе, ол осыдан бір жыл бұрын әке-шешесінен, кейінірек сүйікті әжесінен айрылған он бір жастағы жетім бала Қасым. Сол кезде өтірік жаны ашығансып, «жақыныңмын» деп Иса есімді туысы қолына алыпты. Исаның сондағы ойлаған бақай есебі - Қасымның әке-шешесінен қалған отыз шақты қой мен он шақты ірі қараға ие болу. Жұрттың Қасымның малын берерде: «Жетімнің малына қиянат қылма! Өзіне дұрыс қара, асыра, жылатпа!..» деген сөздері далада қалды. Ақыры қатыгез, дүниеқоңыз Иса мен ұстасып қалған Қасым төбелесіп, бала оны тізеден таспен ұрып қашып кетеді. Сондағы ойы – қыстау маңында зираты бар әке-шешелерінің басына бару. 

Қасым алды-артына қарамай жүгірді. Шошынып, қайта-қайта алды-артына қарайды. Қорыққанға қос көрінбей ме? Қараңғы түнде қайдағы-жайдағы қарайған бірдемелер елестеп, зәре-құты одан сайын ұшады. Үлкендерден естіген, түнде кездесетін жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар, міне-міне жетіп келердей, баланы бас салатындай. Өлген деген осы болар-ау деп жүрегі дүрсілдей соғып, естанды күйде жүре берді, жүре берді. Бір қараса, ысқырып келіп құйындай соққан белгісіз бірнәрсе елестеген соң көздерін тарс жұмған. Ақырын көзін ашса, алдында түксиген құбыжық біреу қарап тұр. «Түс алдыма!.. Жан-жағыңа қарама!.. Шаршасаң да, аяғыңа шөгір кірсе де елеме!..» деді құбыжық бұйыра сөйлеп. Қасым: «Ағатай, жетіммін...» дей беріп еді, құбыжық қайта көз қарықтыра жарқ еткенде жүгіріп жөнелді... 

Үш жолаушының аттары бір жамандықты сезгендей алға аттамай, осқырынған. Бұл кезде жел қатайып, күннің күркіреуі жиілеп тұрған. Міне, тағы найзағай жарқ етті. Сонда барып үш жолаушы ағашқа сүйене жығылып, қатып қалған баланы көрді.

Бұл өңі құп-қу болған, жүдеу, аш-арық, жыртық киімді он бір жасар жетім Қасымның өлігі болып шықты. 

Сұмдық оқиға!.. 

Қорғансыз, панасыз жетім бала Қасымның өліміне себепкер, дүниеқоңыз, имансыз, тоғышар, надан Иса мен оның әйелі мейірімсіз Қадишаның тірлігі төбе құйқаны шымырлатады. 

Өмірдің шынайы кескін-келбетіне терең үңілу, ащы шындықты айтудың қиындығы сол заманда аяққа тұсау, қол байлау болса да, Әуезов алғашқы шығармаларында-ақ шындықты тұспалдап болса да жеткізгені анық.  

Толымбек Әбдірайым, жазушы, 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan