Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі. Қазақ мәдениеті жер жүзіне бой көрсетіп, дүние майданына шыға алмай тұрған уақытта, бұл мәселені бір жөнге салудың пайда, зияны жұрт көзіне байқалмайды. Бірақ бұл күндегі қылтанақтап келе жатқан мәдениет – қазақ жұртының бүгіндік қана керегі, ертең тағы тосыннан бір жол салып алуымыз оңай десек, сөз бір басқа: егер де бүгінгі жол, бүгінгі еңбек мәңгілік дейтін болсақ, ғылым тілі аса қарауды көтермейтін шетін мәселе.
Мәдениет бәйгесінде алда келе жатқан жұрттың қатесі кейінгіге сабақ. Алдыңғы келе жатқан жұрттың жығылған жары, сүрінген томары кейінгінің бетін еріксіз бұрғызады. Өзге жолдағы істерінің оң, терісін қойып, осы тіл жолындағы Орыс пен Япониялардың істеген қаталары бізге айқын үлгі боларлық. Орыс әдебиеті аяғын апыл-тапыл басып, буынын бекіте алмай жүргенде, жазушылардың қолданатын әдеби тілдері «церковнославянский» (дін кітаптарының тілі) болатын. Орыс әдебиетіне негіз салушы Ломоносов, Кантемир, Тредиаковскийлер жұрттың бетін бұра алмай, өлеңі, қара сөзі болсын, бәрін де сол тілмен аламыштап былғап жазған. Орыс ол қатесін бері келген соң зорға түзепті.
Бұдан кейін Япония жұрты надан күнінде жазу, оқу, аз-аз өнер үлгілерін берген апасы Қытай болып, қытайды көсемі қылып алдына салып, етегінен ұстап жүріп, қытай тілін әдеби тіл қылып ұстады. Бұл күнде Қытай жұртта қалып, Япония ұзап кетсе де, қытай тілі әдеби тіл болып қалып, Японияға дерт болып, құтыла алмай, әуреде жүр. Қазіргі уақытта Японияның баласы өз оқуын оқудан бұрын қытай оқуын оқып, содан кейін басқа жұрттың өнерін, басқа жұрттың ғылым тілдерін оқиды. Қытай оқуы Японияда ешбір пайдалы оқу емес: жалғыз-ақ ерте уақыттағы Японияның басшыларының ойланбағандығынан өз оқуларын қытай оқуына араластырып алып, өз оқуын өзінікі қылып әкете алмағандығынан, керексіз бір нәрсені жамап алып отыр. Міне, осындай халге қазіргі бетімізбен жүре берсек, біз де бір күні ұрынатын секілдіміз.
Қазіргі қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі – мұсылманша оқығандардың жолы. Ғылым тілін арабшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі – орысша оқығандар жолы, ғылым тілін орысшаға, Европа негізіне тартады. Бұл жік-тәртібі бастауыш мектептердің һәм курстардың оқуында айқын білініп отыр. Әркімнің өз білген негізіне тартатыны мәлім нәрсе. Мұсылманша оқыған мұғалім Европаның ғылым тілін білмейді, орысша оқыған учитель мұсылманшаны білмейді. Осыдан ошақтың үш бұтын үш жаққа тартып отырғандық-ғажаптанарлық нәрсе емес. Бірақ салыстырып, осы екі жолдың бірін алып, бәріміздің бетіміз бір жөнге сайып келуі мұқтаж. Бұл мұқтажды ұғу – бәрімізге парыз.
Қазақ мәдениетін түрік үлгісіне қарай тарта беретін мұғалімдердің тұтынатын негізгі жолдары – «пантюркизм», «панисламизм» тағы әр түрлі «пан-пәленизмдерді» жол қылып ұстайтыны белгілі. Бірақ сол «пандардың» жолына қай жұрт болсын надан күнінде ғана мойынұсынады. Мәдениетке бет қойып, басқыштап ілгерілеген сайын пандардан жұрт жиреніп, пайдасыз бір іс деп санап, далада қалдырады. Осы күнде көзін жұмып, аузын ашып, тәтті хиялды қорек қылған адам болмаса, ширақ ақылмен қараған кісіге бұдан кейінгі «пан»-саясат хаосы екені мәлім боларлық болған. Себебі: қай жұрт болсын, өз бетінде жұрттығы болмаған күнде ғана басқа, өзіне жақын жұрттың тілеуін тілейді. Өз жұрттығы буын бекітіп, бас қалқайтса, алыстағы жұртқа тілеген тілекті қайтып алып, өз жұртына жұмсайды. Бұл – адам баласының сүйегіне сіңген табиғи мінезі. Қазақ кешегі езгіде жүрген уақытында пантүркистер үйретпей-ақ қырда жүрген қойшы-қолаңшы да түріктің тілеуін тілейтін. Бұндай екі халықтың бірін-біріне иілтіп, мейірлендіріп отыратын: 1) дін туысқандығы, 2) сыртқы саяси қалпы, 3) надандығы болады. Егер осы жұрттар қатардағы жұрт болып, еркіндік пен мәдениеттің төріне шыға бастаса, бірінен-бірінің берекесі, мақсаты айырылып, аздан соң қас та жұрт болып кетуі оңай. Бұның мысалын діні бір, қаны бір, тұрмыс ыңғайы бір болған Европа жұрттары баяғыдан бері көрсетіп келеді. Қашан болсын, адам баласының қазіргі «өз шыққан тауым биік болсын» деген мінезі қалмаса, еш уақытта күндегі саясат хаосының артынан ермей, бүгінгі досымен ертең қас болмай отырмайды. Бұлай болған соң, ақ жолды, әулиелікті дүние жүзіне мен орнатамын деп мәдениеттің түзу, кең жолын тар, қисық жолға салам деу-қазақтың алға басуына кедергі шығарамын дегенмен бірдей.
Бұл сөздің қорытындысы қазақ жұрты қазіргі уақытта күндегі саясаттың ыңғайымен жүріп отырып, түзу жолмен мәдениеттің буынын бекітуді ғана мақсат қылуына керек. «Пантюркизм» қазақ мәдениетінің жолын өрлетіп, жұрттықтың бойын өсірмейді. Саясат жолына кірген жұрт туысқандық, жақындық деген нәрседен айырылады.
Енді әуелгі ғылым тіліне қайтайық. Туысқандық дегенді қолмен аз да болса бұрауға келетін саясат көтермейтін болса, бірбеткей ғылым жолы туысқан едім деп бұралауға тіпті көтермейді. Біреу оңға, біреу солға тартып, илей бергенге көне беретін ғылым жолы – терінің пұшпағы емес. Әуелде қалай беттесе, көп уақытқа шейін сол бетінде жол болып бекіп қалады. Сол себепті қазақ оқуының бетіне қандай жаңалық кіргіземіз десек те, әуелі кеңінен толғап ойланбай іс қылудың артынан талай аурулы мәселе туып кетуін ұмытпау керек.
Қазір бізде ғылым тілін арабшадан аламыз деген ағыс бар екен. Арабшадан алудың ғылыми дәлелі не? Біз ғылым тілі туралы сөйлесек, қазақтың оқуының жолын бір түзу жөнге салу турасын ғана еске алу керек. Оқу мәселесіне туысқандық, болмаса келешектегі саясат бетін қосып шешеміз деу кімнің ісі? Ешбір істі алға бастырмайтын ретсіздік сол емес пе? Болмаса, заманның өзі көрсетіп отырған дәлелге мойынұсыну керек. Ол дәлел мынау: біз ғылым тілін арабшадан аламыз дегендегі дәлеліміз – арабта да бұрынғы уақытта мәдениет болған, сол себепті ендігі бізге керек болатын ғылым арабтан табылады дейміз. Ертеде араб мәдениеті болған бір заман бар. Бірақ ойлап қараңыздар, біз осы күнде оқысақ, сол ХIII, ХIV, ХV ғасырлардың ғылымын оқимыз деп отырмыз ба? Мәдениет «пантюркист» болып, сол арабта болған қалпын әлі күнге сақтап тұр ма? Осы күнде дүние жүзіне жарығын шашып отырған ғылымдардың қайсысын аласыз, біреуі сол күйде ме? Алайық, медицинаны (дәрігерлікті), механиканы (машина ғылымы), химияны (кимия), политика-эканомиканы (саяси шаруа ғылымы), кооперацияны (сауда ұйымдары), һәм басқаларды. Біреуі осы күйде ме еді? Бұның көбінің ол уақытта аты да жоқ еді? Ал қазіргі уақытта күндегі қолыңа ұстайтын құралың болды. Бұның бәрін кім шығарды? Европа шығарды! Бұдан кейін қазіргі мұсылмандардың мәдениетін алайық. Мысалы, Түркияның университеттеріндегі тіл, онан соң жайшылықтағы ғылым тілдері кімдікі? Түріктің бірінші университеттеріндегі басты тілдер Англия, Франция, Германиянікі. Бұған біз не айта аламыз? Сол боламыз деп отырған түркіміз өзі, Европа жұрттарының өз арасында солай-ды.
Қай жұрттың білгіші бір жаңалық шығарса, сол нәрсеге өз тілінде ат қояды; бұл атты өзге жұрттың бәрі сол тілде қолданады. Біз көбінесе татар мен түріктің Европа тіліндегі сөздің «г» харпін «ғ» қылып, «к» харпін «қ» қылып алып жүрген сөздерін өз тілі деп, сырттан жала жауып жүрміз ғой деймін. Болмаса, бұл күнге шейін түріктен білгіш шығып, оның тапқан нәрсесін түрік тілімен қолданып жүрген Европа жоқ. Міне, заман көрсетіп отырған дәлел – осы.
Жә, түріктің өз бетімен тапқан мәдениеті жоқ болса, өзі де Европаның дастарханының шетінен орын алып отырса, біздің не істеуіміз керек? Ол уақытта да мәдениеттің кіндігі болған жерге тура тартпай, өзіміздің қалпымыздағы түрікті өткел қылғанымыз оқу ісін түзу жөнге салғанымыз ба, салмағанымыз ба? Қазақтың оқуын Европа жолына салғанмен, қазақ түріктен алыстап кетіп, оқу үлгісін түріктен алумен, түрікпен туысып кете қоюына кімнің көзі жетеді? Жұрттың рухы бірігуде тұрса, саясат ыңғайы жұрт рухының сол күйіне қарап бет алатын болса, оқу ісі, оның ішінде ғылым тілі еш уақытта алыстатып әкете алмайтынын біздің ұғуымыз керек.
Бұл мәселе турасында қарсы пікірде болған кісілер болса, дәлелдерін баяндағаны жөн. Осымен, тезірек оқу ісін бір негізге құрып, мұғалімдер, учительдер ғылым тілінің жолында бір-ақ түрлі құралды қолдануы керек.
Биылғы Омбыда болған жастар съезінде де ғылым тілін Европадан алуды қаулы қылып жасаған жобалары: әуелі ғылым тілдерін жеткенше қазақтың өз тіліне аудару керек. Қазақ тіліне аударуға болмаған тілдерге ғана Европадан алу болатын. Жастар съезінің қаулысында қазақ тілінде шығатын журналдарда ғылым тілі деген бір бөлімі болып, сол бөлімге Европа қолданып жүрген ғылым тілдерін әркім өзінше перевод қылып оқушының сынына берсін дескен. Бұл жоба да әркімнің есінде болсын.
Мұхтар
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.