“Мұхтар Әуезов – құбылыс, біздің өміріміздің ұлы символы,
аңыз-адам, жаңа заманның данышпаны, нағыз ақын һәм адам”.
Ираклий Андроников,
грузин текті орыс жазушысы,
Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
Бұл өзі осыдан екі жыл шамасы бұрын болған оқиға еді. Қашанда өзіне де, өзгеге де биік талғаммен қарайтын Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз маған өзі туралы мәскеулік автор жазған кітапты сыйға тартты. “Небо в чашечке цветка” деген әп-әдемі атауы бірден-ақ назарымды аударғаны болмаса, бояуы оңған, суреттері солған, безендіруі кемшін кітапты оқып шығуға онша құлқым бола қойған жоқ.
Мәскеуге барған әр сапарымда басқаға мүмкіндік таппасам да, білім атаулының мәңгі таусылмас қайнар бұлағы саналатын кітап әлемін армансыз аралауды әлдеқашан әдетке айналдырған болатынмын. Сөредегінің бәрін аларың анық болмаған соң кейде аңдатпасын қайта-қайта оқып, ең болмағанда авторының есімін жадыңда сақтап қалғың келетін кез болады. Кейін аңғардым: маған әуелгіде аты-жөні тым таныс сияқты көрінген кітап авторы талғамы биік Мәскеу оқырмандары ортасында есімі үлкен құрметпен аталатын МГУ-дің профессоры Николай Аркадьевич Анастасьев болып шықты.
Коммунистік жүйе кезінде Батыстың аузымен құс тістеген неше алуан жазушыларының шығармалары идеологиялық шектеулер мен “қырағы көздердің” кеселінен кеңестік оқырмандардың назарынан тыс қалып отырды. Әйгілі америкалық жазушылар Нобель сыйлығының лауреаттары Э.Хемингуэй мен У.Фолкнер туралы бұлай айта алмайсың. Олардың “капиталистік жүйенің бар шындығын жалғанның жарығына шығарған” шығармалары миллиондаған тиражбен басылып, үлкен-үлкен зерттеулер жазылды. Сол жылдарда Н.А.Анастасьев жоғарыдағы екі шоянға екі бірдей кітап арнады. Ал идеологиялық шектеуліктер алынып тасталған кезде бір кездері шығармалары орыс оқырмандарына “самиздат” арқылы ғана жеткен Владимир Набоков туралы “Одинокий король” дейтін классикалық монография жазған сабазың да дәл осы Анастасьев еді.
Ертесіне Әбең телефон шалып: “Оқыдың ба?” деген жалғыз ауыз сұрақ қойды.
Мен де қысқа қайырып: “Бастадым”, – деп жауап қаттым.
“Сен жассың, көзің өткір, жылдам оқисың. Тез бітір. Сосын пікір алысайық”, – деп Әбең шегінуге жер қалдырмастан алдағы атқаратын шаруаны біржолата шегендеп тастады.
Сол түні мен есімі әлі күнге дейін ашылмаған сан алуан жұмбақтарға толы ағылшынның иллюминат-ақыны Уильям Блейктың әдемі бір ғана жолымен аталып, Әбең шығармашылығын қазіргі заман әдебиеті жампоздарымен қатарластыра талдаған әуелде сүйкімсіздеу көрінген кітапты сүйсіне оқып шықтым.
Әбеңнің бойында бүгінгі қазақ жазушыларының көбінде кездесе бермейтін тамаша қасиеттер бар.
Біріншіден, ол өз шығармасының орыс тіліне аударылуына аса мұқият қарайды. Әрқашан аудармашыны өзі таңдап, әр сөйлем, кейде тіпті әрбір сөзінің аударылуына айрықша мән беріп, кітап басылып шыққанша өзін де, аудармашыны да әбден әлекке түсіріп, шығармасы бар қырынан жарқырап шықпайынша тыным таппайтын жазушы. Оның әр туындысы орыс тіліне түпнұсқаның бар бояуын сақтаған қалпында аударылатыны да осыдан болса керек.
Екіншіден, қисынды пікірге құлақ аса білетін қаламгер. Өзі туралы орнықты сөзге де ешқашан бей-жай қараған емес. Қазақ әдебиеті Қарт Қожағының бұғалықты Анастасьевтай америкалық “мустангке” тастауы осы суреткерлік биік талғамның белгісі болса керек.
Ертесіне Әбеңе өзім телефон шалып, кітаптан алған әсерім мен авторға деген ерекше ризалығымды қуанышпен жеткіздім.
Телефондағы әңгімеде бұл жобаның жүзеге асқаны анау-мынауды жалына жармастыра бермейтін тарпаң мінезді қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалық, үлгі боларлық үрдіс екендігін білдірдім.
– Ендеше өзің мақтап отырған сол автормен кешке кең отырып сұхбат құрайық, – деді Әбекең телефонның ар жағынан әр сөзіне салмақ түсіре сөйлеп.
Жұмысбасты болып отырған мен Әбеңнің аузынан “қазір” емес, “кешке” деген сөзді естісімен бірден-ақ келісе кеттім.
Әбеңнің әрбір әрекеті кәнігі шахматшының көп комбинациялы жүрісі сияқты. Ағамыздың маған кітапты сыйлап, ізін суытпай пікірімді білуінің соңында осындай бір ұсыныстың болатынын ішім әлдеқашан-ақ сезген. Оның үстіне “Одинокий корольдің” авторымен жүздесуге өзім де ерекше бейіл таныттым.
Бұл бір естен кетпес ерекше кеш болды. Николай Аркадьевич американ әдебиетінің ғана емес, жалпы әлемдегі ағылшын тілді әдебиеттің терең білгірі болып шықты. Бірнеше сағатқа созылған әсерлі әңгіме үстінде қарт Чосерден бастап, ұлы драматург Шекспир, қайсыбір деректерде Қара теңіздің солтүстігін мекен еткен көшпелі скиф тайпасынан шыққан аты аңызға айналған король Артур бастаған рыцарлар туралы даңқты роман авторы Мэлори (орайы келгенде айта кеткен жөн: ортағасырлық еуропа әдебиетінде барынша дамыған рыцарлық романдар Испания араб билігінде болғанда мысырлық баһадүр билеушілер Салах ад-дин, Бейбарыс туралы мұсылман шығысында кең тараған халықтық романдар әсерімен пайда болды), ағылшынтілді жаңа романның басында тұрған Филдинг, Ричардсон, бергі заман ақындары Бернс, Байрон, Блейктерден бастап, Уайльд, Шоу, Джойсқа дейінгі ұлы ағылшын әдебиетінің классиктері түгел түгенделіп шықты. Әдебиетті ары кетсе профессор В.Ф.Железнов пен М.В.Мадзигондардың алдын көрген студент, беріде көзі қарақты оқырман ретінде ғана білетін мені Анастасьевтің әсіресе осы заманғы американ әдебиетінің ұлы тұлғалары Хемингуэй, Фолкнер, Стивенс, Воннегут, Апдайк, Стейнбек шығармаларын ерекше құштарлықпен талдағаны былай тұрсын, олардың өмір тарихына қатысты айтқан талай-талай қызықты хикаяттары мүлде елітіп әкетті.
Дәл осы кеш бұрындары “Бұл жігіттің ар жағы қалай өзі?” деп маған қырындау қарап жүрген Әбеңмен біржолата жақындастырып жіберді.
Кеш соңында Әбдіжәміл аға “Әдетте мен сөйлеп, жастар тыңдаушы еді, бұл жолы сендер сөйлеп, мен тыңдадым”, – деді әзіл-шыны аралас. Шындығында, қызды-қыздымен бірде ойға, бірде қырға шығандап кеткен біздерді Әбең қақпайлап, қазақ әдебиетінің қорасына қайта-қайта қайырумен болды. Қазір бажайлап қарар болсам, ағамыздың кейде тату, кейде қату қабағының астында ортағасырлық араб философы Әнуар әл-Арабидің “Өзгені тану өзіңді танудан басталады” дейтін үлкен ұлағаты жатқан екен.
Әбең қанша қайырып салғанымен қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы әңгімеміз онша мандымады. Анастасьев тамырын тереңнен тартқан қазақ әдебиетімен енді ғана таныса бастаған сияқты. Абай, Әуезов шығармашылығынан аздап хабардарлығы болмаса, бұл тақырыпты арнайы зерттемегені бірден-ақ көзге ұрып тұрды.
Ертесінде мен Николай Аркадьевич жатқан қонақ үйге соғып, оған “ЖЗЛ” сериясы бойынша М.Әуезов туралы кітап жазуды ұсындым. Бірден мәселенің басын аша сөйлеп, оны шығаруға қажетті барлық жағдайды өзім туғызып, бар шығынды өзім көтеретінімді де ашық айттым. Ол ойлануға мұрсат сұрап, ертесінде Мәскеуге аттанып кетті.
Бір-екі аптадан соң менің электронды поштама профессордан көптен күткен жауап та келіп жетті. Жаңа тақырыптың оңайлықпен алдыра қоймайтынын білген автор өзінің бірқатар талап-тілектерін алға тартып, солар орындалған жағдайда кітапқа кірісуге әзір екендігін білдіріпті. Біз оларды түп-түгелдей хош алып, жобаға Мұхаңның бел баласы, үлкен білімпаз азамат Мұрат Әуезов бастаған бірқатар кеңесшілерді тарттық. Көп ұзамай Николай Аркадьевич қазақтың ұлы жазушысы жайлы кітапқа кірісіп те кетті. Биылғы жылдың қыркүйегінде қалың оқырман қауыммен табысқан әйгілі “ЖЗЛ” сериясымен шыққан Мұхтар Әуезов жайлы кітаптың қысқаша жазылу тарихы осындай болатын.
Сәтімен жүзеге асқан бұл жоба көптен көкейімде жүруші еді.
Сексенінші жылдардың ортасында мен академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен революцияға дейінгі орыс энциклопедияларындағы Қазақстан тарихының проблемаларын зерттей бастадым. Сол кездерде менің қолыма орыс баспагері Ф.Ф.Павленковтың 1899 жылы Санкт-Петербургте басылған бір томдық әмбебап энциклопедиясы түсті. Бұл орыс тарихындағы ең ықшам, ең жинақы, барлық мәліметтері бір томға топтастырылған әрі ең көп тиражбен басылған энциклопедия еді. Тіпті баспагер дүние салғаннан кейін тағы да қатарынан төрт рет басылып, энциклопедияның жалпы тиражы 100 мыңнан асып жығылды.
Төңкеріске дейін жарық көрген 86 томдық “Брокгауз-Ефрон”, 58 томдық “Гранат”, 18 томдық “Жаңа энциклопедиялық сөздік” т.б. көп томдық энциклопедиялардың таралымы аз, бағасы қымбат болғандықтан, қай елде болмасын қалтасы жұқа келетін қарапайым оқырмандардың игілігіне айнала қоймады. Осы олқылықтың орнын толтырып, Ресейдің алыс-жақын өлкесіне бірдей тараған бірден-бір әмбебап анықтамалық дәл осы Павленков энциклопедиясы болды.
Диссертация тақырыбына, Павленковқа қатысты деректер жинай жүріп, оның 1890 жылы “Жизнь замечательных людей” атты кітаптар сериясын шығарғанын білдім. Павленковтың көзі тірісінде басталған бұл жоба ол дүние салғаннан кейін де жалғасыпты.
Павленковтың “ЖЗЛ-і” бүгінгімен салыстырғанда көлемі өте шағын (4-5 баспа табақ), мұқабасы жұқа, бағасы арзан (небары 25 тиын) кітаптар болды. Кейін белгілі орыс баспагері Н.Рубакин: “Эта библиотека ... незаменима по своей социальной и психологической ценности... Ни одно из павленковских дел, по моим наблюдениям, не может сравниться с тем огромным влиянием, которое оказала на русских читателей всех слоев, классов и рангов изданная Павленковым и почти законченная (если ее только можно закончить) “биографическая библиотека” или “Жизнь замечательных людей”, – деп жазды.
Шындығында, Павленков өмірінің тек кейінгі он жылы ішінде (1890-1900) осы сериямен Гюго, Колумб, Франклин, Теккерей, Вагнер, Мольер, Рафаэль, Данте, Шопенгауэр, Моцарт, Линкольн, Конфуций, Будда т.б. туралы 212 кітап (қайта басылғандарын қоса есептегенде) шығарыпты. Олар ғылым-білім мен әдебиетке талпынған Ресейдің талай-талай арманшыл жастарына қанат бітіріп, ұлы мақсаттарына жол ашты десе де болғандай. Өздерінің жазуы бойынша солардың қатарында Н.Бердяев, В.Вернадский, И.Бунин, А.Толстой сияқты орыс ақыл-ойының ХХ ғасырдағы аса көрнекті тұлғалары болды. Жалпы Павленковтың сериясымен 1890-1924 жылдар арасында 193 кітапта 198 өмірбаян жарық көріпті (қайта басылғандарын қоса есептегенде – 244 басылым).
Жас кезінде өзі де қызыға оқыған серияны ұлы пролетар жазушы, социалистік реализм әдебиетінің атасы М.Горький 1933 жылы қайта жалғастырып, оқырмандар көз жазып қалған серияға тың тыныс береді, бірақ советтік басылымдарда оның төл басында Ф.Ф.Павленковтың тұрғаны мүлде “ұмыт қалдырылып”, серияның негізін салған М.Горький деп қана көрсетілді. Горькийдің зор беделі арқасында басылымның тиражы шарықтап өсіп, одан шығатын кітаптар қатары да көбейе түсті.
“ЖЗЛ-ға” еліктеп, барлық одақтас республикаларда осы тектес клон-кітаптар сериясы пайда болды. Қазақстанда да “Тамаша адамдардың өмірі”, “Өнегелі өмір”. “Ғибратты ғұмыр” деген айдармен әлі күнге дейін шығып келе жатқан кітаптар сол солықтаулардан туындаған сериялар.
“Молодая гвардия” баспасының деректері бойынша, 2001 жылға дейін “ЖЗЛ” сериясымен жалпы тиражы 100 миллионнан астам тұп-тура 1000 кітап шығыпты. Сондықтан орыс мәдениеттанушылары бұл серияны орыс кескіндеме өнерінде Третьяков галереясының орны қандай болса, орыс кітап басу ісіндегі “ЖЗЛ-дің” орны да соншалықты биік деңгейде деп орынды бағалайды.
Қысқартып айтар болсақ, “ЖЗЛ” – Ресейде, бәлкім бүкіл дүние жүзінде 116 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан бірден-бір басылым. Егер оның алғашқы кітабы жарық көргеннен бері адамзат тарихында екі дүниежүзілік соғыс өтіп, әлем картасында жүзден астам жаңа мемлекеттер пайда болғанын ескеретін болсақ, бұл серияның қадір-қасиеті өзінен-өзі түсінікті бола түседі.
Міне, осындай даңқты сериямен кеңес жылдарында Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин және кейін зор қиындықпен Қаныш Сәтбаев туралы кітап жарық көрді.
Әзірбайжан ағайындар өзінің “Низамиын” сонау қырқыншы жылдары, ал татар туғандар “Тоқайды” жетпісінші жылдары шығарды. Сол кітаптарды оқи жүріп, осы қатарда Абай мен Әуезовтің жоқтығына қатты қынжылушы едім.
Мен 2001 жылы министр қызметіне тағайындалдым. Сол жылы дағыстандықтар “Имам Шәмілді” шығарды. Мен енді осы сериямен Абай, Әуезов, Абылай, Кенесарыны шығаруды мықтап қолға ала бастадым. Келесі жылы ресейлік әріптесім М.Е.Швыдкойды алға сала жүріп, аталған кітаптарды шығаруға ресейлік министрліктің де, баспаның да келісімін алып, тақырыптық жоспарға енгізіп те қойдым. Ендігі қиыны автор табу еді.
Жалпы, “ЖЗЛ-дің” кез келген кітап авторына қоятын үш шарты бар: кейіпкердің өнеге болатындай өмірі, деректердің ғылыми дәлдігі және шығарманың жоғары әдеби деңгейі.
Мен енді осы талаптарға жауап беретін авторларды іздей бастадым. Абайды жазуға Әбіш Кекілбай, Әуезов үшін Рымғали Нұрғали ағаларыма қолқа салдым. Бірі – әдебиеттің, екіншісі әдебиеттанудың айдынында еркін жүзетін екі классиктің екеуі де қай қазақ үшін құдіреттей көрінетін ұлылар аруағы алдындағы жауапкершілік жүгінен жүрексінді ме, әлде бауырын жазып, еркін көсілуге әбден үйренген қалам-қарымын “ЖЗЛ-дің” қатаң талабымен шектегісі келмеді ме, екі ағамның екеуі де менің бастамама баталарын беріп, ақ тілеумен шығарып салды.
“Наполеондай” ғажайып кітап жазған академик Е.Тарленің үлгісімен Абылай туралы кітап жазу жөніндегі ұсынысымды академик Манаш Қозыбаев қабыл алса да, жобаға кірісуге денсаулық шіркіннің мүмкіндік бермейтінін ашық айтты. Әрі тарихшылығы, әрі бір атаның баласы екендігі бар, әйтеуір Едіге Уәлиханов қана “Кенесарыны” жазуға бірден келісіп, уағдаласқан мерзім ішінде хан Кене жайлы іші де, сырты да жұқалтаң кітапты дайын етті. Амал жоқ, “Кенесарыға” бұған дейін шыққан Шоқан, Қаныш ағаларымыз туралы кітаптардың өңделіп, толықтырылған нұсқаларын қосып, 2003 жылы оларды қайта басып шығардық. Бұған сол жылдың соңында дипломат-тарихшы Тайыр Мансұровтың қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, қайраткер Нәзір Төреқұлов туралы кітабы қосылса да бір өкініш, бір үміт ішімізде кетті.
Сондықтан Анастасьевпен танысу менің Әуезов жайлы “ЖЗЛ-дан” шығаруға жоспарлаған кітап туралы ойыма қайтадан қанат бітірді.
Оған ұсыныс жасауымның да өзіндік себептері бар еді.
Біріншіден, Н.Анастасьев – әдебиетші ғалым. Ғалым болғанда әлем әдебиетіне оннан астам Нобель сыйлығының лауреаттарын берген ағылшын-американ әдебиетінің асқан білгірі. Әуезовтің бүкіл драматургиясы – Шекспирмен, алғашқы әңгіме, повестері – Дж.Лондон, Дж. Конрад, ұлы эпопеясы – Дж.Голсуорси, У.Фолкнердің әйгілі романдарымен үндесіп жатыр. Ал Анастасьев еуроатлантика әдебиетінің айдынында армансыз жүзіп, жоғарыдағы жампоздардың әр шығармасын жілік майын шаға талдаған зерттеуші.
Екіншіден, Анастасьев қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі, Мұхтар Әуезов әдеби мектебінің түлегі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы тамаша монографиялық кітап жазған адам. Демек, Нұрпейісов шығармашылығы туралы кітап жазу арқылы ол қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын шолып шыққан әжептәуір дайындығы бар ғалым. Егер бұған Анастасьевтың айтуы мен қайтуы, толқуы мен шалқуы, қарпуы мен шарпуы қатар келетін әлем әдебиеті алып мұхитының ортақ стихиясын он саусағындай білетін хас шебер және күн сайын құбылып жатқан әдебиет айдынындағы тіл, стиль, жүйе, жүлге, толқын, ағым сияқты сан алуан құбылыстар тылсымын тап басып анықтай алатын білімпаздығын қосар болсаңыз, Әуезовтей алып жайлы кітапқа бұдан артық автор табудың қиын-ақ екендігі өзінен-өзі түсінікті болады.
Үшіншіден, Әуезов шығармашылығы кеңес заманында түрлі идеологиялық шектеуліктердің кесірінен қазіргі әлем әдебиетінің дамуы контексінде қарастырылмай келді. Ол замандастары ішінде ары кеткенде француздың коммунист жазушылары Луи Арагон, Андре Стиль, неміс қаламгері Анна Зегерс, беріде Михаил Шолохов шығармаларымен ғана шендестіріліп зерттелді. Ал кеңес заманының өзінде әдеби зерттеулерінің басты тақырыбы ретінде батыс әдебиетін таңдаған Анастасьев – осы олқылықтың орнын толтыра алатын бірден-бір әдебиетші ғалым еді.
Сөз жоқ, Нобель сыйлығының лауреаты М.Шолохов орыстың ұлы жазушысы. Бірақ кеңес заманы әдебиетшілерінің қазақ кемеңгерін “Шығыстың Шолоховы” деуі оны көтермелеу емес, керісінше, кемсіту сияқты көрінеді. Әуелі асыл тек, бекзат болмысты бүкіл профессурасы сақталған Императорлық Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін, кейін түбі бір түркі зиялылары түгел бас қосқан Орталық Азия университетінің аспирантурасын тәмамдап, елуінші жылдары Кеңестер Одағының бас жоғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры болған академик Әуезовті небары 4-сыныптық білімі бар Шолоховпен салыстыруды кемсіту демей не дерсің.
Төртіншіден, және ең бастысы, біз енді бұрынғыдай “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп өз буымызға өзіміз пісе бергенше, ең алдымен өзімізді өзгелерге танытып, “мықтылардың” мықтысына мойындата білуіміз керек. Сонда ғана біз ұлттық рухтың ұлы тұлғаларын Қазақстанның шеңберінен шығарып, әлемдік биікке көтеретін боламыз. М.Әуезов туралы кітаптың авторы мәскеулік автор, жай ғана мәскеулік емес, шығармалары көптеген шет елдерде басылып, әдеби жұртшылықтан өте жоғары бағасын алған әйгілі автор болуының осындай артықшылықтары бар.
Әрқашан азаматтық арлы позиция ұстанып, кәсіби кіршіксіз репутация қалыптастырған Анастасьевтей ғалымның Әуезовтей ақылман туралы кітап жазуға тартылуының сыры осындай еді.
Міне, қазақстандық оқырмандар тағатсыздана күткен кітап қазір алдымызда жатыр. Әсем мұқабалы, аппақ қағазға басылған, шытырлап ашылған әр парағы әдемі әуездей естілетін кітапты біз де үлкен ықыласпен парақтап шықтық.
Қазіргі орыс әдебиеттану ғылымында Анастасьев, ең алдымен, Э.Хемингуэй, У.Фолкнер және В.Набоков шығармаларын зерттеуші ретінде танылған адам. Бұлардың үшеуіне “ЖЗЛ” үш кітап арнаған. Бір қызығы, үш жазушының өмірі мен шығармашылығына үш бірдей монография арнаған Н.А.Анастасьевтей дап-дайын автор тұрғанда баспадағылар оны есімі белгісіздеу басқа біреулерге жаздырған. Шынын айтқанда, Анастасьев кітаптары олардың қай-қайсысынан болмасын оқ бойы озық тұрған туындылар еді. Демек, баспа мен автор арасында біз білмейтін бір кілтипан бар сияқты. Мұның шет жағасын Николай Аркадьевич ептеп сездірсе де, мен автор таңдауда алған бетімнен қайтпадым.
Осылайша Н.А.Анастасьев М.Әуезов туралы кітаптың авторы ретінде бекітіліп, жаңа жобаға кірісіп кетті. Мәскеу – Алматы – Семей – Бөрілі – Қарауыл арасындағы талай әсерлі сапарлар мен ізгілікті ізденістердің жемісі ретінде “ЖЗЛ” сериясымен шыққан “Мұхтар Әуезов: триумфатор трагедиясы” кітабы дүниеге келді.
Кітапта ұлы жазушының ғибратты ғұмыры ғылыми дәйектілікпен, әдеби шеберлікпен әдемі өріліп шыққан.
Әуезов, ең алдымен – қазақ, сосын тұтас түркі, бұдан кейін мұсылман Шығысынан шыққан ұлы жазушы. Ұлы тұлғаның ұлтын шексіз сүюі, түркі дүниесінің тұтастығына қызмет істеуі, әлемдік ғылым-білім мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мұсылман ойшылдары, философтары мен ақындары шығармаларына жиі-жиі жүгініп өтуі осының айқын айғағы болса керек. Сол үшін де ол өмір бойы ұлтшыл, пантюркист, панисламист ретінде қудаланып өтті.
Мұхтар Әуезовтің шығысшылдығы – оған ана сүті, ата тәрбиесі, Алла нәсібімен келген қасиет. Анастасьев шығысшылдық жас Мұхтарға ұстаған қалам, оқыған кітап, тоқыған шежіремен ғана емес, тіпті ата-бабалардың қанымен дарыған кие екендігін тарқата, тарата жазады. Берісі Омархан, Әуез, арысы Бердіқожа, Саяқыптардан басталып, әріде Баб Арыслан, Ясауи, Бақсайыс қожадан бір-ақ шығатын ата-баба шежіресі де автор назарынан тыс қалмаған. Бұл – Әуезовтің көзі тірісінде өзі де шешіліп айта алмаған, өзгелер де өз биігінде көтере алмаған тақырып. Ислам өркениеті дүниеге қанат жайып, көне араб, парсы, түркі, үнді әдебиетінің озық үлгілерімен түрленіп, орта ғасырларда Шығыс пен Батыстың бар әдебиетіне шамшырақ болған мұсылман ренессансы атты құдіретті құбылысты туғызды. Міне, осы мұсылмандық қайта өрлеу батыс пен шығыстың философиялық ой-санасын жаңа биікке көтеріп, әдебиетін жаңғыртты.
Жас Мұхтар алғашқыда өз атасы Әуездің әдемі әңгімелерінің әсерімен, кейін данышпан Абай шығармалары арқылы, ал қалам ұстап, қара таныған кезде оқыған кітаптарынан, студенттік жылдары Бартольд, Самойлович, Жирмунскийлерден тыңдаған лекциялары арқылы шығыс әдебиетінің бар құнарын бойына сіңіріп, бал шырынымен сусындады. Шығармаларын араб, парсы, кейде түркі тілдерінде жазған Ибн әл-Араби, Ибн әл-Фариди, Фирдоуси, Рудаки, Хафиз, Жами, Сағди, Сайхали, Руми, Физули, Шамси, Низами, Науаи сияқты ғажайып ақындардың жырлары оның жан-дүниесіне шуақ болып шашылып, шырақ болып жағылды. Бұған мұсылман шығысы ғана емес, Еуропадағы ортағасырлық философиялық ой-сананың дамуына өлшеусіз әсер еткен Ибн Рушд, Әл-Фараби, Әл-Ғазали, Ибн Синалардың шығармашылық мұрасын қосар болсаңыз, қашанда алып мұхиттай толқып, тасып жататын Әуезовтің телегей-теңіз білімінің сыры түсінікті бола түседі. Профессор Анастасьев осы тақырыпты барынша ашуға талпыныс жасаған және мұнысы өте сәтті шыққан деуге болады. Ол шығыс поэзиясының орыс, батыс ақындары шығармашылығының да шырайын қалай кіргізгенін әдемі мысалдармен әдіптей білген.
Әуезов әлемінің тағы бір тұнық тұмасы – қазақ әдебиетінің көне қайнарлары – фольклор, миф, көк түрік, көне түркі әдебиеті, би-шешен байламдары, ақын-жырау толғаулары. Анастасьев осының бәрінің Әуезов шығармаларында кейіпкерлерінің кесек-кесек сөз тастауларында, образдар жүйесінде қалай көрініс тапқанын шеберлікпен талдай білген. Тіпті, дала данышпандарының ой-толғамдары батыс философтарының еңбектерімен қалай үндесетіндігіне де назар аударуды ұмытпаған.
Әуезов әдебиетінің тағы бір үлкен айдыны – батыс әдебиеті. Бұл тақырыпқа келгенде профессор Анастасьев төрт аяғын тең басқан жорғадай жөнеп береді-ай, дерсіз.
Автор Әуезовтің кез келген туындысын әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен шендестіре зерттейді. Әсіресе, “Еңлік-Кебекті” Шекспирдің “Ромео-Джульеттасымен” салыстыра отырып, Кебек – Еңлік – Есенді Ромео – Джульетта – Париспен қатар қойып, қабаттастыра қарастыруы, Монтекки мен Капулетти арасындағы күйкі тірлік кикілжіңдерін наймандар мен тобықтылар арасындағы бітпейтін даумен салыстыра суреттеп, типологиялық түрлендірудің суреткерлік сырына үңіледі. Автор мұнымен де шектелмей, шығыс әдебиеті үлгілеріне де қайырылып, “Еңлік-Кебектен” Әлішер Науаидың “Ләйлі-Мәжнүніне” ұқсас қайырымдар мен ортақ үндесулер іздейді.
Мұхтар Әуезов өмірінің әр кезеңінде Шекспир драматургиясына айналып соғып отырған. Ұлы драматургтың қазақ тіліндегі ең үздік аудармасын жасаған да дәл осы – Әуезов. Ендеше Анастасьевтің алтын шыққан жерді белден қазып, Мұхаңның таңдаулы драмалық туындыларынан Шекспир әсерін іздеуі құптауға тұратын ізденіс.
Н.Анастасьев Әуезов драматургиясының “Еңлік-Кебектен” кейінгі тағы бір шыңы “Айман-Шолпанды” тағы сол Шекспирдің “Қателіктер комедиясы”, “Асауға тұсау” атты туындыларымен салыстыра талдап, ұлылар үндестігі жайлы тұщымды тұжырымдар жасайды. Автордың “Қарагөз” бен “Гамлет” авторлары арасындағы көзқарас жақындығы, Офелия мен Қарагөз образындағы трагедия төркіні мен табиғаты жөніндегі соны авторлық байламдары кітап оқырмандарын тың ойларға жетелейді.
Мұхтар Әуезов – өзінің 20-30-шы жылдары жазған әңгіме, повестерімен-ақ сол тұстағы еуропалық проза биігіне көтерілген суреткер. Егер ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті өзіне дейінгі классикалық ағылшын, француз және неміс әдебиетінің әсерімен бой түзеп, иық теңестірсе, бұл жылдарда Әуезов алдыңғысын кейінгі үшеуіне қоса түгел тауысып, қаламгерлік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген еді. Дәл осы кезеңде Әуезов сияқты әлем әдебиеті алыптарының шеберлік мектебінен өткен мұхиттың арғы-бергі жағындағы әдебиеттің жас бөрілері шығармашылық табыстың қансонарына шыққан болатын.
Автор Әуезовтің 20-30-шы жылдарда жазған “Қорғансыздың күні”, “Қаралы сұлу”, “Кім кінәлі”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Бүркітші”, “Барымта”, “Қилы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы”, “Көксерек” шығармаларын талдай келе Мұхтар Әуезовті даланың ұлы жыршысы немесе дала Айвазовскийі деген тосын теңеуді алға тартады. Шындығында Дж.Лондон үшін – солтүстік, Э.Хемингуэй үшін – саванна, Д.Конрад үшін – теңіз, М.Твен үшін – жабайы америкалық батыс, Х.Борхес үшін – пампа қандай жақын болса, Мұхтар Әуезовтің жүрегіне дала да сондай жақын. Өйткені, ол – Дала перзенті. Осы туралы ойын Н.Анастасьев: “это передаст прежде всего исторический слом степной цивилизации и культуры, который, собственно, и составляет основные содержание, именно содержание, а не частные сюжеты, ранних вещей Мухтара Ауэзова”, – деп түйіндейді.
Н.Анастасьев “Көксеректі” Фолкнердің “Аюы”, Дж.Лондонның “Ақ азуы”, Л.Толстойдың “Холстомерімен”салыстыра суреттеп, Әуезов әңгімелеріндегі Дала келбетін, поляк текті ағылшын жазушысы Джозеф Конрадтың “Тайфун”, “Түнек төрінде” повестеріндегі теңіз стихиясымен шендестіреді. Осы тұста мына бір ақиқатты айта кетпеске болмайды. “Көксеректі” Чеховтың “Каштанкасы”, Толстойдың “Холстомері”, Лондонның “Ақ азуы”, Сетон-Томпсонның “Виннипег қасқырымен” салыстыра зерттеген тұңғыш әдебиетші қазақ ғалымы, академик Рымғали Нұрғали болатын.
Автор шығармашылық параллельдер жүргізген У.Фолкнер, Дж.Конрад шығармаларын дәл сол жылдары жас Әуезов оқи қоймаған да болар, бірақ қазақтың ұлы жазушысы әлем әдебиетіндегі жаңа үрдісті хас суреткерге ғана тән ерекше интуициямен сол кездің өзінде-ақ аңдай білген.
Мұхаңның бас кітабы – “Абай жолын” талдауға кіріспес бұрын автор дала данышпаны Абайдың ұлы тұлғасын тануға өзінше талпыныс жасайды. Ол Абайдың кемеңгерлік келбетін мифтік Протейден бастап, Сократ, Аристотель, Марк Аврелий, әл-Фарабилермен қатарластыра зерттесе, оның ақындық талантын Абай – Гете – Байрон – Пушкин – Лермонтов арқылы тануға тырысады. Ал Абайдың ойшылдығын Еуропа ақыл-ойының алыптары француздың философ, ғалым, жазушылары Ларошфуко, Монтень, Монтескье, Клодель, тіпті Паскальға дейін, ағылшын философы Бентам, дат данышпаны Кьеркегордың дүниетаным көзқарастарымен салыстыра талдап, Абай ақылмандығы жөнінде батыл да байсалды, көкейге қонып, көңілге ұялайтын тұжырымдар жасайды. Автордың Абай тақырыбын герменевтикалық талдауының тереңдігі соншалық, оның орыс тіліндегі ең таңдаулы аудармаларының түпнұсқадан әлдеқайда алыста жатқанын да орынды аңғара білген.
Тағы да қайталап айтайын: мен әдебиетші емеспін, бірақ өмірімнің әр кезеңінде ұлы жазушының мол мұрасына жиі-жиі оралып, бойыма қуат, жаныма нұр аламын. Егер Әуезов қазақ әдебиетінің шырқау шыңы болса, “Абай жолы” – оның ұшар биігі. Ендеше қазақтың бас жазушысының басты туындысы туралы көрнекті орыс ғалымының пікірі мені де бей-жай қалдырмаса керек. Енді автордың “Абай жолын” қалай талдағанына келейік.
Біз бұған дейін: “Абай жолы” – қазақтың тұңғыш эпопеясы, қазақ өмірінің энциклопедиясы, кең тынысты тарихи-эпикалық туынды, терең философиялық роман деген сияқты анықтамаларды оқып келдік. Анастасьев осының ешқайсысын жоққа шығармай-ақ, ұлы туындының бұған дейін өзге зерттеушілер назарынан қаға беріс қалып келген, өзі байқаған жеті сипатын ашады.
Біріншіден, “Абай жолы” – тәрбиелік роман. Автор мұның Гетенің “Вильгельм Мейстері”, Р.Ролланның “Жан-Кристофы”, Дж.Лондонның “Мартин Идені”, Дж.Джойстың “Суретшінің жастық шақтағы портретімен” шендестіре отырып дәлелдейді.
Екіншіден, “Абай жолы” – шытырман оқиғалы роман. Төрт кітаптан тұратын эпопеяның алғашқы кітабындағы “Қайтқанда”, “Қат-қабатта”, “Жолда”, “Шытырманда”, “Бел-белесте”, “Өрде”, “Қияда” дейтін тарауларының өзі-ақ келесі кітаптарда одан әрі ширыға түсіп, соңғы кітапта “Түн-түнекте”, “Құз-қияда”, “Қапада”, “Қастықта”, “Шайқаста”, “Жұтта” деген тараулармен толығады. Егер бұған шапқан ат, ұшқан құс, жүгірген аң, қуғын-сүргін, қашу-құтылу сияқты үнемі шиыршық атқан шым-шытырық оқиғаларды қосар болсаңыз, эпопеяның осындай сипатына еш күмәніңіз қалмайды. “Абай жолының” шытырмандығы Фенимор Купер, Майн Рид романдарындағы әбден жауыр болған жеңіл экзотикадан емес, әр кейіпкердің қилы тағдыр-талайы мен өмірлік коллизиясының қиын түйіндерінен тұрады.
Үшіншіден, “Абай жолы” – әскери роман. Әрине, Стендаль, Хемингуэй, Ремарк шығармаларындай “Абай жолының” әр бетінен оқ-дәрі иісі аңқып тұрған жоқ. Бір кездегі Аттила, Шыңғысхан әскерлерінің жантүршігерлік жаһангер соғыстарын да таппайсыз. Тіпті жарты әлемді қайқы қылыштың қаһарымен табанына түсірген кешегі көшпенділердің жауынгерлік рухы да мүлде көрінбейді. Бірақ романда орыс патшасының озбыр, отаршыл саясатының арқасында қылыш орнына – шоқпар, найза орнына құрық ұстап қалған сол жауынгер халықтың бүгінгі жұқана ұрпағының талас-тартыс, барымта-қарымта, тіпті үш күнге созылған қанды шайқасынан (Мұсақұл шайқасы) дейінгі дала вендеттасының бүкіл белгілері көрініс тапқан.
Төртіншіден, “Абай жолы” – махаббат жайлы роман. Романда Абай – Тоғжан, Абай – Қуандық, Абай – Әйгерім арасында ыстық сүйіспеншілік бар. “Махаббатсыз дүние бос”, – деп жер-жаһанға жар салған Абай туралы эпопеяның махаббатқа арналмауы да мүмкін емес. Әрине, мұнда батыс романдарындағыдай лап етіп жанып, үп етіп сөнетін бір сәттік махаббат емес, сахараның қай тұсынан болмасын самаладай жарқырап көзге түсіп, жас жүректердегі сезім шоғын маздата жағатын сыпайы да шынайы махаббат бар.
Бесіншіден, бұл – психологиялық роман. Шығыс пен Батыс, бодандық пен бостандық, ескі мен жаңа, ата мен бала арасындағы талас-тартыс – бәрі-бәрі “мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма” деп Шыңғыстау биігінен қарап тұрған ұлт ұстазының ұлы бейнесі төңірегінде топтастырылған.
Алтыншыдан, бұл – натуралистік роман. Батыс әдебиетіндегі Э.Золя, ағайынды Гонкурлар мен Г.Гауптман шығармаларының үлгісіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының бар шындығын ешбір бояма-бүкпесіз көрсете білген, өмір шындығына суарылған туынды.
Жетіншіден, “Абай жолы” – мифологиялық роман. Эпопеяда ежелгі мифологиялық желілер еленіп, екшеліп, кейіпкерлердің өңі, түсі, сөзі, ойы, іс-әрекеті арқылы үнемі көрініс тауып отырады.
Автор өзі ұсынған “Абай жолының” алғашқы үш сипатын әлем әдебиетінің классикалық туындыларымен шендестіре талдағанымен, кейінгі төртеуін санамалап шығумен ғана шектелген. Әуелгі тәсілмен бұларды да одан әрі нақты мысал, үлгілермен дәлелдеп, тереңдете түскенде оның айшықты ойы одан әрі әрлене түсер еді деп ойлаймыз.
Профессор Анастасьев “Абай жолы” туралы өз ойын жинақтай келе, оны авторларына Нобельдік сыйлық әперген ХХ ғасырдың ең ұлы романдары – Р.Ролланның – “Жан Кристоф”, Дж.Голсуорсидің – “Форсайттар туралы сага”, Роже Мартен дю Гардың – “Тибоның отбасы”, М.Шолоховтың – “Тынық Доны” және У.Фолкнердің әйгілі трилогиясымен қатар қояды. Онымен де шектелмей, қазақтың ұлы классигі туралы өз ойын: “Быть может, он вообще последний классик в литературе ХХ века, последний законный наследник Золотого века романа” деген тамаша тұжырым жасайды. Шынын айту керек, бұл бағаның өзге емес, осы заманғы орыс әдебиеттану ғылымының ең озық тұлғасы профессор Н.А.Анастасьев сияқты білімпаздың аузынан шығуы біз үшін өте қымбат, өте қажет.
“Триумфатор трагедиясы” – ғұмырнамалық шығарма. Автор сан алуан шырғалаң, шытырманға толы Әуезов өмірінің әр кезеңдерін сол заманның шындығымен, өмірде, өнерде болған нақты кейіпкерлерімен бірегей бірлікте қарастыра білген.
Мұхтар Әуезовтің ата-бабасы, ата-анасы, өнген өңірі, өскен ортасы, оқыған мектебі, білім алған университеттері, қызмет істеген орындары, дәріс оқыған білім ордалары – бәрі-бәрі автор назарынан тыс қалмаған.
Ғұмырнамалық баянда біз кеңесшілік жасаған Әуезов және Алаш тақырыбы да жан-жақты ашылған. Әуезовтің Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы, ұлы жазушының үлкен жолдағы сенімді серіктері, серттескен достары, алдағы аға, соңдағы іні, қатардағы қаламдастарымен байланыстары түгел-түгел қамтылған.
Кітапта А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтердің есімдері аталып қана қоймай, олардың өмірінің әр кезеңіндегі Әуезовпен рухтас, ниеттес, серіктес болғандығы нақты фактілермен дәлелденген. Алаш партиясы бағдарламасының мазмұны, “Алқа” әдеби ұйымының қам-қарекеті, Әуезов-Ермековтердің әйгілі “мойындаулары”, тіпті төңкерістен кейінгі бүкіл ғұмырын Түркияда өткізген башқұрт зиялысы Зәки Уәлиди Тоғанның естеліктері өз ісіне зор жауапкершілікпен қараған автордың назарынан тыс қалмаған.
Әуезовтің бүкіл өмірі “соқтықпалы, соқпақты заманда өскен” данышпан Абай сияқты үнемі талас-тартыс, қуғын-сүргінде өткені белгілі. Мәскеулік автор мұны да ұмытпайды. Әуезов – Мұқанов арасындағы әр кезеңде әртүрлі “сипат” алған күрмеуі қиын қарым-қатынастың жай-күйі, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлымен аға-інідей кіршіксіз көңілмен ұғынысуы, әр кезеңде ұлы жазушының қасынан табылған қаламдас достары мен үміт артқан шәкірттері – бәрі-бәрі өзіне лайықты орын тапқан.
Кітапта мыңдаған кісі есімдері, жүздеген шығармалар атауы, көптеген жер-су, елді мекендер аталады. Соларды жазуда редактор, корректорлардың бір ғана қағып тастауынан қалмайтын ұсақ-түйек қателер де кеткен. Оларды шағын рецензияда теріп, сүзіп жатпай-ақ, келесі басылымда ескеру үшін авторға тапсырғанды жөн көрдік. Әйтсе де автор бақайшығына дейін шағып талдаған төрт кітаптан тұратын эпопеяны баспаның аңдатпада “трилогия” деп көрсетуін немқұрайдылық қана емес, кітап редакторының білімсіздігі ретінде қабылдаған жөн.
Автордың келесі басылымдарда ескеретін кітаптың тағы бір кемшін тұсына назар аударғымыз келеді.
Әуезовтанушылардың назарынан күні бүгінге дейін қаға беріс қалып келе жатқан тақырыптардың бірі – оның ядролық қару-жарақты сынау мен таратуға қарсы жаһандық қозғалыстың көш басында тұрғандығы. Ұлы жазушы өзі зор шабытпен жырлаған Абай туған киелі өңірде КСРО Үкіметінің жасырын қаулысымен 1947 жылы ядролық полигон құрылғаннан кейін ұлы дала Әуезовтің көз алдында біртіндеп солып, қуарып, сөніп, уланып бара жатты. Дегелеңнің жақпар жартастары күлге айналып, әуеде, жерде жасалған қисапсыз көп сынақтардан қасірет шеккен қандастарын көргенде жазушының онсыз да жаралы жүрегі қалайша қан жылағанын түсіну қиын емес. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің “Бейбітшілік кіндігі” атты кітабында: “Сонау 1957 жылдың өзінде Жапонияның астанасында өткен атом және сутегі бомбасына тыйым салу жолындағы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде жер бетіндегі алғашқы ядролық сынақтардың тажалды зардаптары туралы Мұхтар Әуезов айтқан болатын. Ол өзінің кіндік қаны тамған өңірге, ежелгі Семей жеріне атом полигонымен ілесе келген қасірет туралы, түсініксіз сырқаттардан баз кешкен адамдар мен мутанттар туған жүздеген аналар туралы толғады...”, – деп атап көрсеткен еді. Тоталитарлық заманда айтылған жазушының бұл сөзі ерлікпен пара-пар еді. Ал дәл осы кезде сутегі бомбасының авторы, бүгінде бүкіл әлем әулие санап жүрген академик А.Сахаров Социалистік Еңбек Ерінің екінші жұлдызын омырауына қадап үлгерген болатын.
Қазір антиядролық халықаралық ұйымдар, қозғалыстар, партиялар жыртылып айырылады. Ал солардың қайнар бастауында қасиетті қасқа маңдайы жарқырап қазақтың ұлы жазушысы тұрғанын өзге жұртты былай қойып, бүгінгі қазақтың көпшілігі біле бермейді. Ендеше, келесі басылымда осы бір олқылықтың орны толады деп үміттенеміз.
Жапония туралы әңгіме болған соң мына бір жәйтке де назар аудара кеткен жөн: ұлы жазушының күншығыс еліне деген қадір-құрметі оның көк қауырсын, жас қанат кезінде-ақ басталған. Әдебиетке жаңа ғана келген балғын шағы – 1920 жылы “Жапония” атты мақала жазып, әйгілі Мейдзи реформасынан кейін ескіліктің сарқыншақтарын серпіп тастап, жаңғыру жолына түскен жапон елін қазақ қоғамына үлгі-өнеге ретінде ұсынып, жақсыдан шарапат алуға шақырған. Өзі көптен құмартқан елге алғаш рет бара тұрса да, күшігінен таланған жазушы жапон тақырыбына қалам тартпады. Көзі қарақты адамға оның өзіндік себебі де бар болатын.
Кезінде сталиндік репрессияның қанды қырғынына ұшыраған қазақ зиялыларының бір тобы “жапон тыңшысы” деген қисынсыз айыппен атылып кетті. Мәселен, қазақтан шыққан тұңғыш тіл білімі профессоры Құдайберген Жұбанов қазақ-жапон тілдері салыстырмалы грамматикасын зерттегені үшін репрессия құрбаны болды. Талай тергеу мен адам төзгісіз абақты азабын тартқан Әуезов өзі үшін күнделік жүргізсе де Жапония жайлы әсерлерін жариялауға асықпады. Сондықтан біз әуелі жазушы архивіндегі жапон сапары күнделіктерін ғылыми түсіндірмелермен толықтырып, оқырман назарына ұсынуымыз керек. Екінші кезекте жазушының сол жазбалары негізінде қазақ-жапон әдеби, мәдени, тіпті рухани байланыстары төркініне үңіліп, оны ғұмырнамалық баянның кәдесіне жаратсақ, жаңа кітап тағы бір қырынан жарқырап шыға келер еді.
Ғұмырнамалық баянда тағы бір тарқатыла түсер тақырыптың бірі – Әуезовтің “Америка әсерлері”.
Ұлы жазушы өмірінің соңғы кезеңінде, 1960 жылдың ақпан-наурыз айларында кеңес жазушылары С.Щипачев, Л.Леонов, О.Гончарлармен бірге бір ай бойы Американы армансыз аралайды. Жазушының өз жазбалары бойынша ол Нью-Йорк – Вашингтон – Лос-Анджелес (Калифорния штаты) – Финникс (Аризона штаты) – Бостон (Массачусетс штаты) – Нью-Йорк маршрутымен жүріп өткен. Өзі жазғандай “тілсіз цехтар, станоктар, агрегаттар жанындағы үнсіз жұмыскерлер” қаласы саналатын Чикаго, Детройт сияқты ірі өндіріс орталықтарына барудан бас тартып, “Американың байырғы тұрғындары – индеецтердің резервация аталатын байлаулы мекен-жайларын” көруге ықылас білдіреді.
“Америка әсерлері” – аяқталмаған шығарма. Жазушы Нью-Йорк пен Вашингтоннан алған әсерлерін ғана машинисткаға бастырып үлгерген. Оның өзі жазушы қайтыс болғаннан кейін, 1964 жылы ғана жарияланды және әлі күнге дейін орыс тіліне аударылған емес. Қазақ тілін білмейтін Анастасьевқа бұл тұрғыдан қояр еш кінәміз болмаса да, автордың қаперіне мына бір жәйттерді сала кеткен жөн деп білемін.
Сапар барысында Әуезов көптеген американ жазушыларымен кездесіп (мәселен, америкалық әйгілі ақын Карл Сэндберг), бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат береді. Жазушының өз жазбасы бойынша осындай көлемді сұхбаттың бірі Нью-Йорктің “Сатедей ивнинг” басылымында жарық көріп, онда Э.Хемингуэй шығармаларының Кеңес Одағында кең таралуының сыры жөнінде өз пікірін ортаға салған. Егер “Триумфатор трагедиясының” авторы осы сапар ізімен індете жүріп, америкалық басылымдар мен Әуезов кездескен әдебиет, өнер қайраткерлерінің шығармаларын шолып шықса, ғұмырбаяндық кітаптың бәсін арттыра түсетін тың деректермен толыға түсер еді деп ойлаймыз.
Америка сапарында профессор Әуезов өз өтініші бойынша Колумбия, Лос-Анджелес, Гарвард университеттерінің профессорлары, студенттерімен кездесіп, америкалық әйгілі университеттердің жай-күйімен танысқан. Колумбия университетінде болған кезде осы университет ғалымдарының бірі қазақ батырлық жырына қатысты докторлық диссертация қорғағаны жайлы тебірене жазады. Мұндай әсерлі кездесулер аталған университеттердің толып жатқан басылымдарында атаусыз қалмаса керек. Соларды бір сүзіп шыққан жағдайда академик Әуезов жайлы тың деректердің төбе көрсетіп қалуы ғажап емес.
Ұлы жазушы сапар барысында соңында аңдушы жүргеніне қарамастан саяси қуғын-сүргіннің кеселінен мұхит асып кеткен ежелгі достарымен кездесуге де мүмкіндік тапқан. Әрине, “Америка әсерлерін” былай қойып, күнделік жазбаларында да бұл туралы бір ауыз сөздің болмайтыны белгілі. Бірақ туысқан башқұрт халқының ұлы перзенті, үлкен ғалым, Алаш ардагерлерімен қиын жолда қиыспас дос болған Зәки Уәлиди Тоғанның 1969 жылы жарияланған естеліктерінде Нью-Йоркте Мұхаңның сондағы қазақ эмигранттарымен кездескендігі туралы дерек бар. Бұл ұлы жазушының ғұмырының соңына дейін Алаш идеясынан айнымай өткендігінің белгісі.
Америка әсерлерін толықтыра түсу үшін онымен сапарлас болған Л.Леонов, С.Щипачев және О.Гончар естеліктерін, сол тұстағы кеңес баспасөзіндегі материалдарды да қарап шыққан жөн. Осы тұста Анастасьевтың Щипачев естеліктерінен “Нью-Йорк” өлеңін қалай жазып, оны не үшін Әуезовке арнағаны туралы келтірген кішкентай фрагмент кемеңгер жазушының сан қырлы талант иесі екендігін аша түскендігін де айта кеткен ләзім (осы бір оқиғаны қаз-қалпында “Америка әсерлерінде” Әуезовтің өзі де келтіреді). Бар ғұмырын қазақтың бас ақыны шығармашылығына арнаған Әуезов аса сезімтал суреткер болған. Ол Нью-Йорктің төбесі көк тіреген үйлерін Манхэттен аралының аспанына жазылған поэмаға, ал ұзынды-қысқалы небоскребтарды осы поэманың жолдарына теңейді. Дала данышпанының табан астында суырып салған керемет теңеуі орыс ақынын ерекше толқытып, ол осы тақырыпқа “Нью-Йорк” өлеңін жазып, оны Әуезовке арнайды. Автор жазушының сапарлас серіктері естеліктерін дәл осылай екшей түссе, кемеңгер келбетін толықтыратын жаңа деректердің табылып қалуы бек мүмкін екендігін еске салғымыз келеді.
Әуезов және Америка тақырыбын қорытындылай келіп, оқырмандарға “халқымыздың бар екенін, нар екенін американ халқына тұңғыш танытқан қазақ кім еді?” деген сауал салғым келеді... Тағаттарыңызды тауысып қайтейін: көк мұхитты көк семсердей тіліп, Америка құрлығына жеке дара жол салған алғашқы қазақ Әуезовтің мәңгі сыйынып өткен пірі, халқымыздың ұлы ойшылы, данышпан Абай болатын.
Бұл сөз сыралғысы ретінде әншейін айтыла салған сөз емес, бұлтартпас нақты дерекке құрылған айқын факт.
Он тоғызыншы ғасырдың соңында америкалық журналист-жазушы, саяхатшы Джордж Кеннан қайғы-мұңға бөгіп, қасірет шеккен орыс ормандарын аралап, Сібір өлкесіне сапар шегеді. Көрген-білген, көкейге түйгендерін 1887-89 жылдары Нью-Йорктың сол тұстағы ең беделді журналының бірі “Сэнчури мэгэзинге” мөлдірете жариялайды. Оның бұл жазбаларын мұхиттың арғы-бергі жағындағы Марк Твен, Лев Толстой бастаған әдебиет алыптары қуана қостап, үлкен баға береді. Бұл жазбалар 1891 жылы “Сібір және сүргін” деген атпен бір мезгілде Нью-Йорк пен Лондон қалаларында басылып шығады. “Сенчуридегі” жарияланымдар сиясы кеппей жатып орыс басылымдарында жарияланып, кереқарыс қос томдық кітап толығымен 1906 жылы “Сибирь и ссылка” деген атпен Ресейде басылып шығады.
Орыс революционер жазушыларының библиясына айналған кітаптың 7-тарауы “Үлкен қазақ даласы” деп аталады. Америкалық публицист Түмен – Омбы – Павлодар – Семей – Өскемен – Барнаул бағытымен жүріп өткендіктен, оның еңбегінде қазақ жерінің отарлануы туралы көптеген деректер бар. Кітаптың “Менің саяси жер аударылғандармен алғашқы кездесуім” атты тарауында автор Семей қаласына келіп, ондағы саяси жер аударылған жергілікті зиялы қауыммен қалай кездескені жайлы дерек бар. Сонда императорлық Паж корпусын бітіріп, Санкт-Петербург университеттерінде оқыған, саяси айдауда жүрген жас ғалым А.А.Леонтьев “Я знаю одного образованного старика-киргиза, которого зовут Ибрагим Кононбай, так он не только ходит в библиотеку, но и читает таких авторов, как Бокль, Милль, Дрейпер. ...Когда я впервые увидел его он поразил меня тем, что спросил разницу между индукцией и дедукцией. Потом я узнал, что он и вправду изучал английскую философию и прочитал в русском переводе всех названных мною авторов”, – деп Кеннанды таң-тамаша қалдырады (Кеннан Дж. Сибирь и ссылка. С-Пб, 1999, 1-том, 198-бет).
Әрине, Еуропаға терезе ашқан тұңғыш қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов еді. Ол туралы 1865 жылы Англияда басылған ағайынды Джон және Роберт Митчеллдердің “Капитан Уәлиханов пен М.Венюковтың жазбаларындағы Орта Азиядағы орыстар” кітабынан бастап, бірқатар француз, неміс басылымдарында қазақтың алғашқы ағартушы ғалымының есімі мен еңбектері жайлы еңбектер жарияланды. Бірақ америкалық журнал мен кітапта есімі аталған тұңғыш қазақ – данышпан Абай екендігі еш күмәнсіз факт. Сондықтан араға ғасырға жуық уақыт салып Америка төріне сол Абайдың рухани мұрагері Әуезовтің шығуы қазақтың қос алыбының өмірбаянындағы ғана емес, халқымыздың рухани-мәдени тарихындағы аса айтулы оқиға деп білеміз. Сол себепті бұл тақырып ғұмырнамалық кітапта тарқатыла, тереңдетіле түсуі керек.
Автордың ерекше назар аударар тақырыптарының бірі – Әуезов және Үндістан.
Ұлы жазушы ұзақ жылдар бойы үнді-кеңес достық қоғамы қазақстандық бөлімшесінің төрағасы болды. Екі рет қатарынан Үндістанға сапар шекті. Азияда енді ғана көтеріліп келе жатқан алып елге үлкен құрметпен қарады. Әуезовтің Үндістанды ерекше жақсы көруінің басты себебі осы елдің қырық қатпарлы тарихында жатқан сияқты.
Үндістан мәдениеті аса бай, тамырын көне ғасырлар қойнауынан тартқан қаншалықты үлкен ел болса да, оның тарихындағы сыртқы дүниеге кеңінен танылған алғашқы мемлекет Үндістанның солтүстігінде 13-ғасырдағы Мұхаммед Гур бастаған мұсылман билеушілері құрған Дели сұлтандығы болды. Бұлардан кейін Үндістанды үш жарым ғасырға жуық Бабыр негізін салған ұлы моғолдар әулеті биледі. Акбар тұсында оның жер көлемі екі есеге, ал Аурангзеб билік құрған кезде қазіргі Үндістан жерінің 90 пайызға жуығы және Пәкстан мен Ауғанстан жері тұтастай дерлік ұлы моғолдар империясы құрамына кірді.
Міне, осындай жер көлемі, халқының саны, экономикалық күш-қуаты Қытаймен қарайлас алып империя 16-17-ғасырларда керемет гүлдену дәуірін бастан кешірді.
Моғолдардың түп атасы монғол болса да, ата қоныстан ерте ажыраған олар әбден түріктеніп кеткен еді. Тілі түркі моғолдар еліндегі мемлекеттік тіл парсы тілі болды. Сондықтан империяда парсы тіліндегі әдебиет, әсіресе поэзия ерекше дамыды. Олардың діні мұсылман болса да өзге діндерге, әсіресе индуизм мен жайнизмді де жатырқаған жоқ. Нәтижесінде империядағы ислам жергілікті діни наным-сенімдермен модернизацияланып, өзгеше арнада дамыды. Алып мемлекеттегі сан алуан халықтардың әдет-ғұрып, салт-саналарының мидай араласуы олардың рухани, мәдени өмірін де жақындастырып жіберді. Ал мұның бәрі ұлы моғолдар мемлекетін үлкен биікке көтерген сәулет, сұңғат, сурет өнерінен көрініс тауып, қайталанбас үнді-мұсылман стилін қалыптастырды. Мұның бәрі Әуезовтің жүрегіне етене жақын еді. Сондықтан “Индия очерктерін” еркін көсіліп, қанатын жаза зор шабыт, үлкен сүйіспеншілік сезіммен жазды.
“Индия очерктеріндегі” Әуезов тағылымы туралы айтар болсақ: бүгінгі заманда адамзатқа мәдениет, өркениет, дінаралық соғыс емес, тоғыс керек. Көшпелі мәдениеттен шығып, түркі өркениеті арнасында дамып, орта ғасырларда мұсылман қауымының қуатты күшіне айналған ұлы моғолдар тарихы бүгіндері біз кейде үміт, кейде үреймен жиі-жиі ауызға алатын жаһандануды қалай ғана мемлекет мүддесіне, ұлт игілігіне бағындыру керек екендігін ұғындыра түскендей.
“Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” күллі әлемге жар салған данышпан Абай рухында тәрбиеленген Әуезовтің “Менің Үндістанымды” (орыс тіліне осылай аударылған) басқаша жазуы да мүмкін емес еді. Ендеше Үндістан сапарының жазбалары арқылы Әуезов және жаһандану тақырыбы тереңдетіле түскені жөн.
Осындай кейбір кемшіліктеріне қарамастан, кітапта ұлы жазушының ғибратты ғұмыры, тағылымды тағдыры, өркенді өнері өз биігінде көрініс тапқан деуге толық негіз бар.
Ең бастысы, Әуезов әлем әдебиетіндегі Р.Роллан, Дж.Голсуорси, У.Фолкнер, Э.Хемингуэй сияқты алыптар деңгейінде бағаланып, сол биіктен ойып тұрып орын алғандығы. Егемен еліміздің бүгінгі ұрпағының мойнындағы ең үлкен парызы – ұлы жазушыны өзімен теңдес, тұлғалас, иықтас таланттармен қатар өз тұғырына қондыру еді, сол парыз сәтімен орындалды деп сенуге болады.
Осымен Әуезов мұрасы түгенделді деуге бола ма? Әрине, жоқ. Ендеше, алда қандай міндеттер тұр. Соған да тоқталып өтейік.
Біріншіден, осыдан он жыл бұрын қолға алған ұлы жазушының елу томдық мол мұрасын ұзын арқан, кең тұсауға сала бермей тезірек аяқтаған жөн.
Екіншіден, кейде асығыстықпен, кейде әдеби-саяси коңюнктураның салдарынан М.Әуезовтің орыс тіліне сапасыздау аударылған туындыларын бар мәйегін сақтап қайта аударуды кешіктірмей қолға алу керек.
Үшіншіден, Мұхаңның әйтеуір аударылса болды деп құлағын кесіп құнтитып ағылшын, неміс, француз, т.б. тілдерге құнтсыз аударылған туындыларын қайта қарап, ең болмағанда, ағылшын тіліндегі бес томдық канондық нұсқасын әзірлеу керек. Осы мақсатты орындауда әйгілі батыс университеттерін бітірген қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген қазақ жастарының білім-білігін пайдаланған жөн.
Бір сөзбен айтқанда, Әуезов Абай арқылы қазақты әлем әдебиетінің биігіне көтерді, ал біз халқымыздың несібесіне бұйырған осы ұлттық брендті бостан еліміздің бүгінгі ұрпағының игілігіне барынша жарата білуіміз керек.
Ел егемендігі, ұлт тәуелсіздігі, ең алдымен, рух бостандығынан басталса керек. Соңғысы болмаса, бастапқы екеуі – баянсыз бос тірлік. Ал Әуезов туындылары – қазақтың әлі талай буыны қанып ішер рух азаттығының мәңгі сарқылмас қайнар бұлағы.
* * *
Ғұмырнамалық баянның эпилогында автор оқырманды Алматыдағы ұлы жазушы зиратының басына әкеледі. Өзіміз талай тағзым еткен киелі орын. Тас тұғырға қашалған ескерткіштің төменгі жағында екі-ақ ауыз сөзбен жазушының аты-жөні жазылған.
Менің есіме дәл осы автордың ең үздік туындысы “Одинокий корольдің” алғашқы бетінде суреттелген В.Набоковтың зиратындағы “жазушы” деген жалғыз ауыз сөз түсті. Әуезовте бұл да жоқ. Өйткені, оның бүкіл болмыс-бітімін, құбылысқа ғана тән құдіретті бейнесін ешбір сөзбен айтып жеткізу қиын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.