Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мұзафар Әлімбаев. ...Деген екен№24...

01.10.2015 7058

Мұзафар Әлімбаев. ...Деген екен№24

Мұзафар Әлімбаев. ...Деген екен№24 - adebiportal.kz




4eda84385dbd71a4f18ca4abad5d26c5.jpg


Ақын Мұзафар Әлімбаев бірде қолына ала дорба ұстап, кітап дүкенінен шығып келе жатса, бір қаламгер інісі кездесіп:

− Мұзаға-ау, мына бір дорбаңыз модный ғой,− депті.

Сонда Мұзафар:

− Бәрекелді, модный болғаны үшін емес, годный болғаны үшін ұстап жүрген ғой,− деген екен.

 


***

 


Көктем кезі болса керек. Ғалым, жазушы Баламер Сахариев ақын Мұзафар Әлімбаевқа кездесіп қалып, әзілмен:

−Ауылымның қонғаны Киз-де деймін,

Бір өзіңнен басқаны іздемеймін,−дейді. Сонда Мұзафар тұрып:

−Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік,

Айналып бір соғарсың күзге дейін,− деген екен.

 


***

 


Мұзафар Әлімбаев өзінің туған жері Маралдыға барса, тай-құлындай тебісіп бірге өскен Қабылбақ деген досы кездесіп қалып, шұрқыраса амандасып тұрып:

− Мүскен-ау, шашың селдіреп, қартайып қалыпсың ғой! – дейді.

Сонда Мұзағаң іркілместен:

− Қабылқақ, рас айтасың−

Шашымнан тарақ қалды,

Аузымнан арақ қалды,

Ойыннан картам қалды,

Қойыннан қалқам қалды!− деген екен.

 


***

 


1958 жылы Ғабит Мүсірепов Қазақ ССР Жоғарғы Советіне Қызылордадан депутат болып сайланады. Сайлаушылармен кездесу үшін ақын Мұзафар Әлімбаевты ертіп, жолға шығады.

Күннің суық кезі болса керек. Ғабең Қызылорда дүкеніне кіріп іштен киетін лайықты киім іздейді ғой. Содан бір жылы іш киімді әрі-бері қарап, ұзындығын өлшеп тұрса, Мұзафар әлгі іш киім үшін бұрынырақ барып ақша төлесе керек.

− Әй, Мұзафар, сен не, қалтаң қалың ба еді? – дейді Ғабең.

Сонда Мұзафар:

− Жоқ, асып төгіліп жатқаны шамалы. Бірақ, Ғабиттің өзіне дамбал алып бергенмін деген аты неге тұрады!− дейді Мұзафар әзілдеп.

− Мұның шықты, жарайды!− деген екен Ғабең.               

 


***


 

Кітап дүкеніне ақын Мұзафар Әлімбаевты бір жігіт таниды да, кітабына автограф жазып беруді өтінеді. Мұзафар мақұл деп, жігіттен:

− Атың кім? – деп сұрайды.

− Қабай, − дейді жігіт.

− Ендеше давай!− дейді де, Мұзафар кітабына былай деп бір шумақ өлең жазып беріпті:

«Ұсындым мұны Қабайға,

Бізді де оқып абайла,

Көңілімізді бермейміз,

Өзге түгілі Абайға!»

 


***

 


Бірде Мұзафар Әлімбаев Алматы облысының бір ауданында қонықта болып, демалыс сәтнде ауыл жігіттерімен карта ойнапты. Ойын барысында Мұзағаң картадан ұтып, Шымберген деген мектеп директоры ұтылып қалады. Шымбергеннің қалтасында толық төлейтіндей ақшасы болмаса керек, жартылай ғана төлепті. Сонда Мұзағаң отырып:

− Ау, Шымберген, Шымберген,

Қонақ едік бір келген.

Екі тиыннан келісіп,

Бір тиыннан құн берген,

Бұл сұмдықты кім көрген! – деген екен.

 


***

 


Бірде, Алматының көшесінде дедектеп келе жатқан ақын Қайнекей Жармағамбетовке досы Мұзафар Әлімбаев ұшыраса кетеді.

− Ау, қайда асығып барасың? – дейді Мұзафар.

− Ойбай атама, баяғыдағы сөгісімді алдыртайын деп обкомға бара жатырмын!− дейді Қайнекей.

− Мұның тағдырлы сапар екен, қалтаңда ақшаң бар ма, батамды берейін? – дейді Мұзафар. Досының сөзін ырым көрген Қайнекей:

− Бар! – деп, он сомдықты ұстата береді. Сонда, Мұзафар тұрып:

−Бердім саған батамды,

Кешірсін обком қатаңды.

Бала-шағаңды жылатып,

Әулетіңді шулатып,

Көтере берме көрінен,

Кәрі аруақ атаңды! − деген екен.


Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар