Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мырзабек Нәсіпқан: Ер намысы...

28.11.2016 4425

Мырзабек Нәсіпқан: Ер намысы

Мырзабек Нәсіпқан: Ер намысы - adebiportal.kz


Пьеса

Қатысушылар:


Ажы – Он екі абақ керейдің төбе биі

Нұрбике – Ажының бәйбішесі

Арқалық – Ел кегін қуған батыр

Бөрібай – Арқалықтың әкесі

Арқалықтың шешесі

Бейсенбі – Он екі абақ керейдің биі

Көкен – Он екі абақ керейдің биі

Тәтен – Арқалықтың досы, Ажының бауыры

Далай – Моңғол ханы

Ноян – Далайдың батыры

Қоңқа – Қуғын көрген моңғол батыры

Бауасина – Далай ханның қызы. Қоңқаның ғашығы

Қара шешен – Ажының ақылшысы

Жалғыз – Байлық аңсаған адам

Есентай – Ел болашағын ойлаған үкірдай (мансап аты)

Есенгелді – Шабарман


Бірінші көрініс


Шымылдық ашылғанда Ажының бәйбішесі аз-кем ойланып тұрып асығыс үйге кіреді.


Нұрбике: Астапыралла, ел аман болса екен әйтеуір!

Ажы: Ия, не боп қалды? Тал түсте тәубеңді үйіріп. Қатын деген осы, қиядағы жыбырды көріп, сыбырын тыңдайсыңдар. Ал, сонан түймедейді түйедей қылып көпіртіп айтасыңдар да жатасыңдар. Міне, далаға шықтың да тәубеңді үйіріп үйге кірдің. Қазақ бекер айтпаған «қара ат мініп шапқылағанша, қара қатынға айта сал» деп. Ал, неден үрктің, не жетті?

Нұрбике: Далаға шығып едім, ауылға қарай біреу атпен шауып келеді екен. Содан тіксіне қалғаным.

Ажы: Ауылға қарай атпен шауып келгені не сұмдық! Жау шаппаса болғаны. Қазақ даласына қашан ғана бейбіт заман орнар екен, жасаған!

Осы кезде ат дүбірі естіледі.

Нұрбике: Ия, алла, тыныштық бере гөр! Жалақтаған жаудан, жалаңдаған өрттен сақтай гөр.

Есіктен шабарман кіріп келеді.

Есенгелді: Алдияр! Жау, тағы жау шапты! Барымта әкетті.

Ажы: Тағы дөрбіттер ме, қанша жылқы әкетті?

Есенгелді: Салықтан жиылған жылқылардың жартысын қуып кетті.

Ажы: Екі күнде бір жау шапты, жылқы әкетті деп келіп тұрасыңдар, сонда сендер жылқының қасына тіккен қарақшы, шаншыған қурайсыңдар ма?

Есенгелді: Бейғам отырғанбыз, жасанып келген жау тұтқиылдан соқты. Жылқышылардың көбі жараланды. Екеуі...

Ажы: Екеуіне не болды?

Жігіт: Мерт болды. Алдияр!

Ажы: Қап, әттеген–ай, мына дөрбіттің қылған қорлығы-ай! Бір емес, екі емес, үш рет шапты. Тіпті түн жастанып жасырынбай тал түсте келіп айбатын асырып астамсыды–ау. Ықса желге, қуса жауға кеткен қайран қыл құйрықтарым–ай!

Ажы сылқ етіп отыра кетті.

Жігіт: Қайран арыстарым – ай!

Ажы: Шақырыңдар!

Есенгелді: Кімді, алдияр?

Ажы: Осы ауылдың атқа мінерлері түгел келсін. Үкірдай, залыңдардан ешкім қалмасын.

Шабармандар шығып кетеді. Аздан соң есіктен асығыс басып, жасы 50 – 60 тағы кісілермен қоса жасы 30 мөлшеріндегі бір жігіт кіріп келеді.

Кіргендер: Ассалаумағалуйкум, алдияр.

Ажы орнынан атып тұрады. Сәлемдерін алмайды.

Ажы: Естідіңдер ме ел жайын?

Келгендер: Иә, естідік.

- Ауылдан–ауылға шапқылаған адам қаралы үйлерге кетіп жатыр.

- Кеткен малдың қайыры болсын.

Ажы: Мұндай қайыры болғаны бар болсын. Тірнектеп жиғанымды тізбектеп қуып кетіп отырмай ма. Не лаж бар, айтсаңдаршы?

Келгендер: - Дәніккеннен құныққан жаман деген, олар тағы келеді.

- О,жағыңа жылан жұмыртқаласын! Ірігеннің аузынан, шіріген сөз шығады деген!

- Сен, не тантып тұрсың? Менің жағыма жылан жұмыртқалады екен деп дөрбіт тыныш жатпайды бәрібір, тағы келеді. Шындықты есту қашан да ашшы болады.

Есентай: Барымташылардың саны қанша екен?

Есенгелді: Онның үстінде.Өңкей жырынды батырлар. Мінгендері түгелдей сүліктей қатырған сайгүлік. Жабылып келіп, жылқыны қақ бөліп, қиқулап алып жоғалды.

Есентай: Бізде де кесер басында кесім ет жоқ, пысқырығы түңлік көтерер құлын мүсін тұлпарлар, алысса білегі, арбасса жүрегі бар азаматтар жетерлік. Біздегі әлсіздік қайсы? Біз неге қарсы тұрмаймыз!

Бәрі жігітке қарайды.

- Сонда дөрбітке қарсы шап демекпісің?

- Оған біздің күшіміз жете ме?.

- Арыстанға айбат шегіп қайтпекпіз?

- Дұрыс-ақ, халықты шулатып қан кештіргенше, алам дегенін берейік. Келіссөзге келіп жылына лайықтап салық төлеп отырайық.

Есентай: Көрінген көлденең аттының бәріне өңгерте беретін қайдағы қазына? Қазақ өз жерінде өзі бодан болған не сұмдық! Бұлай бетіңмен кетсең ертең барып Далайдың табанын жаларсың!

Ажы: Сөзіңді ашып айтшы не демекшісің?

Есентай: Елді біріктірейік, күш топтайық, біз де халықпыз, дөрбітпен еселесетін уақыт жетті.

Басқалар: Оһо, жолың болсын батыр, аман барып сау кел!

- Ат жалымен таласқан Қара Ертістен аман өтіп келсең де батыр атағын береміз.

- Жаның олжа батыр, жаның олжа. Дөрбіттен жылқы әкеле салу оңай деп пе едің?

Есентай: Бірігейік десе бүлініп, жиылайық десе шашылып, сіздерге не жетті? Мынау күлетін кез бе? Сүйегіңе таңба салып, тапа-тал түсте малыңды әкетсе, ертең қойныңдағы жарыңа қол салар. Осылай кері ауыз керіспен жауға жем болып омалып отыра береміз бе? Жау бізді бес саусағындай біліп алған соң, тайраңдап тал түсте тап беріп отыр. Бізге осындайда тапжылмайтын табан керек. Алтайдағы төрт биге хабар берейік, оларға дөрбіттер де батпай отыр, ендеше, он екі абақ керей біріксек жау жылқы қумақ түгілі есігімізден де сығалай алмас.

Ажы: Тоқтат сөзіңді! Төре басыммен сол қарадан шыққан төртеуіне баруым керек екен ғой! Мен кім, олар кім? Мен қара көктің тұқымымын, осы елдің төбе биімін. Ел іздесең жүр міне қара құрым халық. Бұлар да кеше ғана Ер Жәнібек батырмен бірге қалмақты Алтай асыра қуып, ата жұртына келген елдің баласы. Бірлікшілін қара, бірлік болсын деп төрдегі басымды есікке сүйрей алмаймын. Кешегі Шұбаш батыр бүкіл шеруші руын бастап қалмақты ығыстырып жерін басып алғанда кімнен көмек алды? Дегеніне жетпеді ме?

Есентай: Жоқ алдияр! «Саусақ бірікпей ине ілікпейді, бірліксіз тірлік жоқ». Дәл осылай тарыдай шашылсақ, тауықтың жемі болып, сайда санымыз, құмда ізіміз қалмай құрдымға кетеміз, сондықтан, он екі абақ керей емес бүкіл қазақ болып, бір тудың астына жиналуымыз керек!

Ажы: Бүкіл қазақ болып біріксе оның ханы кім болмақ?

Есентай: Әйтеуір халқтың ертеңін ойлайтын, бірлігін бекемдейтін, көзі ашық, көкірегі ояу, құлқынның емес құдайдың құлы болған қазақ болса болғаны.

Ажы: Ондай арманыңды балаларға айт, мен сенен арман емес ақыл сұрағалы шақырғам, жоғал көзіме көрінбей!

Есентай: Надандық жайлап елімді,

Батырлық қалған санаттан.

Қалмақтан алып кегімді,

Боларма бір күн таң атқан.

Ел қамын ойлар серкелер,

Туар күн бар ма қазақтан.

Ел бірлігін қашырған,

Билереден сақта жаратқан.

Ажы: Ей, ауыз өзімдікі деп көки берме! Мынаны сүйреп шығарып, алпыс дүре соғып, бұл өңірден қуыңдар.

Оны сүйреп алып шығып кете.

Тәтен: Дат тақсыр!

Ажы: Айт, не демексің?

Тәтен: Ашуыңызды басыңыз! Ашу адамға абырой әкелмеген! Маңайыңызға қараңызшы, кімдер бар? Өзңізге сәл қарсы келіп тура сөйлейтіндерден кім қалды? Барлығын қарсы келді деп айып салып, дүрелеп бұл маңнан қудыңыз. Олардың орнын өңкей жағымпаз, өздері білмейтін, білгеннің тілін алмайтын, шаш ал десе бас алатын даңғойлармен толықтырдыңыз. Енді келіп басқа шоқпар тигенде ақыл тап дейсіз, бұлардан жаудан кек алудың емес, жағынудың, ішіп жеудің, халықты қан қақсатудың амалын сұрасаңыз жақсылап айтып береді.

Ажының маңында тұрғандар қозғалып кетеді.

- Ей, Тәтен, сонда ақылдың қалған сарқыты сен бе?

- Біз болдық қой өңкей мыжыма!

- Өзіңді кіммін деп жүрсің?

- Сынықтан басқаның бәрі жұғады деген рас екен-ау. Жаңағының қасынан ажырамаушы едің.

Ажы: Жау жағадан алғанда бөрі етектен деген, сен де найзаңды маған қараттың ба? Ақылың асып бара жатса, айтшы қане тура жолды!

- Иә айт, бағытымызды айырып адаспай тура жолға түсейік.

Тәтен: Сіздер көз алдағыны көрмейсіздер! Осында Қарақас руынан шыққан жас батыр Арқалықты шақырайық. Қазір бізде қара үзіп қайрат көрсетер сол ғана, ешкімнен тайсалмайды. Нағыз жас қыран, ұстай білсеңіз, алмас жүзді ақ семсер. Кеудесімен тас соқ десең тау сүзеді, уақыт ұзартып дауласпай шақыртып, ердің намысын елдің кегін айтайық.

Ажы: Алдыңғы жолғы найманмен болған дауда төбе көрсетпеген батыр ма?

Тәтен: Дәл өзі.

Ажы: Арқалық, Арқалық дегенге сенім артқан едік, шақырғанда бәлсіне қалмады ма. «Мен, рудың батыры емеспін, елдің батырымын. Ел арасына ірткі сала алмаймын. Топ бастап даурыққан талай батырларың бар еді ғой, соларды жібер» деп біреу ерігіп жүргендей көсемсій қалған. Найманға батпаған қорқақ батыр азуын айға білеген Далайға қарсы қайдан шапсын!

Тәтен: Арқалықтың атағынан ел жасқанатын батыр, оған жер қайысқан қол бастап, желкілдеген ту ұстап жүрген жарасады. Ол, қазақ арасындағы дауға іш жимағанымен, ел шетіне жау келгенде қарап жата алмайды. Алыс сапарға кеткеніне бірнеше ай болған еді, сол екі арада дөрбіт үш рет шапты. Арқалық кеше ғана елге оралды, бұл жағдайдың бәрінен хабарсыз. Құр сөзбен уақыт оздырмай іске көшейік.

Ажы: (Басқаларға қарап) Арқалықты осында дереу шақыртыңдар!

Бір жігіт шығып кетеді. Есіктен екі иығына екі кісі мінгендей Арқалық кіріп келеді. Барлығының көзі Арқалықта. Арқылық кеудесіне қолын қойып сәлем береді.

Арқалық: Ассалаумағалайкум, игі жақсылыр!

Ажы: Уағалйкумуссалам! Келдің бе қыраным, естідің бе ел жайын, белге соққан жыландай күй кешіп отырмыз.

Арқалық: Жол жөнекей естідім.

Ажы: Естіген болсаң басынан айтып қайтейін. Халқың қамығып, ханың қаймықты. Ел үшін ереуіл атқа ер саларсың батырым, дөрбітке кеткен кегімді әперерсің.

Арқалық: Сонда не тапсырар екенсіз, ашып айтсаңыз екен...

Ажы: Мал ашуы жан ашуы деген. Дөрбітке барып есе қайтар, барымта әкеліп халқыңа үлестір, ел намысын жоқтатпа батыр.

Арқалық: Ел шабылып, ар тапталып жатқанда, ер азамат қарап жатса елдігі кетер. Егер сұрағанымды берсеңіз, әзір аттануға дайынмын.

Ажы: Сұрайтының адамның жаны, қасқалдақтың қаны емес шығар, айт, тартынба.

Арқалық: Біріншіден, жорыққа мінетін тұлпар, екінші, қасыма өзім таңдап жігіт ертемін.

Ажы: Жарайды, қалауыңды бердім.

Арқалық: Қуса жетіп, қашса құтылатын ер серігі көкжалды мінейін.

Осы кезде Сейілхан орнынан атып тұрады.

Сейілхан: Болмайды әке, оны жаратып бәйгеге қосқалы отырмын.

Ажы: Кет ары, сырты түк, іші боқ бір тайға таласпай. Осы жолы Арқалық қалағанын алады, таңдағанын мінеді. Бұл елдің қамы, ердің намысын жоқтайтын кез.

Сейілқан: Әке-ау, ол енді...

Ажы: Тоқтат, болды! Сөз біреу, құлақ екеу отыр. Кеңгірбай, сен бар да көкжал атты алып кел.

Кеңгірбай шығып кетеді.

Арқылық: Бірге баратын адамды көп ертпеймін. Бұл жер қайысқан қол бастап баратындай соғыс емес. Қасыма атқан оғы, сілтеген сойылы мүлт кетпейтін Жұбайды; қысылғанда ақыл қосып жөн көрсетер Тұяқты; жер сырына қанық, жеті қараңғы түнде жетпіс жыл бұрын қаққан қазығын табатын Қияқты; жас та болса жалынды, қыран көз, қырағы Сейтенді ертемін.

Ажы: Шақырыңдар төртеуін, айтқаныңды бердім Арқалық! Ер кезегі үш, басқа айтарың бар ма?

Осы кезде төртеуі кіріп келеді.

Арқалық: Бар, бұл жолғы жортуыл жай жүріс емес! Егер іс кесірге шауып, кісі өлтірер күн болса оған кім жауап береді? Мына жігіттердің обалы кімге дейсіз?

Ажы: Уа, батырым, міне, қарайған халық отыр, хан екі сөйлесе қара болады. Алдымен соқтыққан дөрбіттер кісі өлтірді, жылқы әкетті. Олардың құны жоқ па, еруліге қарулы деген. Әр қалай іс болса өз мойныма аламын. Құнын сұрап келсе жалғыз ұлым Сейілханды ұстап берсем де сендерді аман алып қаламын. Сен халықтың адамысың, сондықтан еш уайым қылмаңдар. Ал, жолдарың болсын батырларым! Аттаныңдар, жақсы хабарларыңды күтеміз.


Екінші көрініс


Даланың көрнісі. Бір биіктеу жерде бесеуі ұйықтап жатыр. Кенет Арқалық орнынан атып тұрады да маңайына қарап сөйлейді.

Арқалық: Жасымнан бірге жүрген соң, мені жалғыз қалдырып кетуге қимаған екен ғой. Жұбай, Сейтен, Тұяқ, Қиақ тұрсаңдаршы, неге кете бремегенсіңдер? Арттарыңнан жетіп алар едім ғой.

Жұбай: Сені жалғыз тастап қалай кетеміз?

Тұяқ: Арқалық, өңің бұзылып қобалжып тұрсың ғой, не болды?

Арқалық: Түс көрдім.

Сейтен: Па, түс түлкінің боғы, батыр да түстен қорқа ма екен? Мен күнде түс көрем, бірақ ешқашан қорыққан емеспін, әсілі, қас батыр мен болдым ғой.

Қиақ: Арқалық, сен шошитындай ол қандай түс?

Арқалық: Кеше мына жылқыларды Қара Ертістен өткізгенде көзімізше сегіз құлын шырқырап суға кетті ғой. Содан өзім де тіксініп қалып едім. Ол аз болғандай мені ұйқы басты, жүре алмадым. Ақыры сендерге жылқыны айдап жүре беріңдер деп ұйықтап қалдым. Түсімде өрт шықты, мен өшіруге ұмтылдым. Өртке шамам келмей белуардан отқа күйіппін. Соны өшірейін деп қолыма қарасам, білегімнен төмен қанға батып тұр, осыдан шошып ояндым.

Барлығы Тұяққа қарайды.

Тұяқ: Жақсы сөз жарым ырыс деген, түсіңдегі өрт мына біз құған жылқылар, ал өртке күйгенің айтқан сертке жетіп, аман - есен, жүзіміз жарқырап, оттай лаулап ауылға барармыз. Екі қолыңның қан болғаны (қолымен алдыңғы жақты сермейді) дөрбіттен қуған мына бес жүз жылқыны қан сорпа қылып айдап келе жатқанымыз. Жау жорықпен жүргенде бұндай түс көру қуаныштың алды.

Арқалық: Айтқаның келсын.

Сейтен: Арқалық, алаңдама! Жолымыз болады екен, қайта босқа қорықпай осындай түстен және біреуін көр, ауылға тездетіп жетіп алайық.

Тұяқ: Асығып түсіңмен ұшып бармақшысың ғой, ә.

Арқалық: Сендер жылқыны айдап жүре беріңдер, мен осы төбеде қарауылда тұра тұрайын.

Тұяқ: Жарайды, онда көкжалды төменге байлап кетеміз. Қасыңда Жұбай бірге болсын.

Үшеуі кетіп қалады.

Жұбай: Әлі де болса қобалжығаның басылмай отыр-ау, шынымды айтсам менің де жүрегім өз-өзінен тулап отырғаны. Арқалық, қарашы, анау не қылған шаң?

Арқалық: Ақыры жеткен екен ғой, қуғыншылар. Умақ–шумақ қосар атпен шауып келеді.

Жұбай: Бір, екі, он, он бес, он алты... он алты адам екен. Енді не істейміз?

Арқалық: Жұбай, біздің де сыналатын кезіміз келген сиақты.

Жұбай: Қалай соғысамыз? Олар он алты, біз екеу, Тұяқтар жылқыда.

Арқалық: Ер жолдасы тәуекел, оларды ептеп тау басына шығарайық. Сонда олардың күші бытырайды. Қазір сен көрініп айғайла. «Жәнібек, Жәнібек!»- деп ұран сал, олар көрсін.

Жұбай тас үстіне шығып «Жәнібек, Жәнібек»- деп ұрандайды. Арқалық Жұбайдың қасына келеді.

Жұбай: Олар көрді, осылай беттеді.

Арқалық: Тау басына шыққанша шаршайды, шықпауына болмайды. Ханның қаһарлы әмірімен келе жатқан бұларға шегінер жол жоқ, қайтсе де бізді ұстауға тырысады. Әбден асқақтап алғандар көзсіз келеді. Көрде тұр, қазір шығады.

Жұбай: Әне, жарымы өрледі, жартысы қалып қойды.

Арқалық: Бізге құдай берді, садағыңды дайында, (Жұбай екеуі садақ тартады). Жарайсың Жұбай, қалғандарына қылыш жауап берсін.

Сахнаға төртеу шығады. Олар сайыса жөнеледі. Арқалық екеуін шауып тастайды да сахнадан шығып кетеді. Сырттан «жекпе жек!» деген дауыс естіледі. Жұбай алысып жүріп екеуін өлтіріп, сахнаның сыртына көз жібереді

Жұбай: Арқалық, қайт! Қашқан жауға қатын би, қума оларды.

Арқалық қайтып келіп Жұбайға ашулана тіл қатады.

Арқалық: Уа Жұбай, қастығың ба, әлде жастығың ба? Бұның не, атымды неге атайсың? Анау көгала атты дөрбіт жөнімізді біліп кетті. Әттен, астындағы аты алды аласа, арты биік ор қояндай орғыған тұлпар екен. Қылыш сілтеп, найза ұратын жерге жеткізбеді, бір оңтайлау жерге келгенде шылбырға байлап лақтырған найзам дарымады. Ақыры құтылып кетті. Кетерінде ескертіп айтып кетті. « - Аты шыққан Арқалық сен болсаң, еліме де жетермін, есемді де алармын» - дейді. Анау ұзын қарала ат мінгені қызыл тасты батыр екен. Он бес адам өліп, бір адам құтылды. Тегімізді білді, әттең Жұбай, түбі не болар екен.

Жұбай: Кешір батыр, албырттық істедім. Енді не көрсек те бірге көреміз! төре қарабауыр болатын еді, іс түссе сөзінен тайып байлап берер ме екен?

Арқалық: Берген уәдесі бар ғой, көрерміз, ақыры қайырлы болсын дейік.


Үшінші көрініс


Ажы ордасы. Ордада Ажымен бірге бірнеше адам отыр, есіктен сүйіншілеп Есенгелді кіреді.

Есенгелді: Шүйінші, төре!

Ажы: Иә, не болды? Әйелім егіз тауып па?

Есенгелді: Арқалықтар келді.

Ажы: Жылқы әкеліппе?

Есенгелді: Өңкей қазысы кере қарыс, мөлшері 500 жылқыны төңкеріп айдап келеді.

Ажы: Дереу алдынан шығыңдар. Қан сорпалатып айдауды тоқтатсын. Қызыл май қылады. Өзім барып өткізіп алам.

Есенгелді: Ләппәй тақсыр!

Шабарман шығып кетеді. Арқалықтар кіріп сәлем береді. Ажы сәлемді сараңдау алып тұрлеріне бажайлап қарап шығады.

Ажы: Қанша жылқы әкелдіңдер?

Арқалық: 500 жылқы.

Ажы: Қарасам түрлерің өрт сөндіргендей боп кетіпті, бір сойқан болған–ау, шамасы.

Бесеуі бір–біріне қарап сәл мүдіріп қалады. Ажы бұларға сұстана қарап отыр.

Арқалық: Тақсыр, Дөрбіттен жылқы қуып, Қара Ертістен өткенде артымыздан 16 қуғыншы келіп жетті. Ешкімнен беті қайтып көрмеген Далайдың аш бөрілері тек жылқыларды ғана емес, бізді де ат құйрығына сүйретіп әкетуді көздеді. Жан бермек оңай ма! Ақыры қян-кескі соғыс салдық. Олардың 15 сі жер жастанды. Біреуі кері қашты. Өлгендердің ішінде Далайдың қызыл тасты нояны да бар екен.

Ажы: Не дейсің? Қорқыт десе өстіп қорқытамысың деген. Керең болғыр құлағым не естіп тұр. Қисайт десем жығып, ұрла десем қырып келген екенсіңдер ғой. Бұны естіген жаны бар жау үйінде қарап жата қоймас!

Арқалық: Біздің жылқымызды қуып, кісімізді өлтіруге болады, ал олардан өлсе болмай ма? Бұл бізден қаза тапқан боздақтардың бодауы. Егер қалмақ қотарыла атқа мінсе, бізде қара тұяқтан хал кеткенше қарсы тұрамыз.

Ажы: Сөзің түйеден түскендей, шамасы, қазаққа абырой әпердім деп отырсың-ау. Соғысып абырой таппаспыз, әліптің артын бағайық. Ал, қазір барып жылқыларды көрейік.

Ажы бастап бір тобы сыртқа беттейді. Бесеуі біріне-бірі қарайды.


Төртінші көрініс


Ажы ордасы. Қалың адам. Төрде Дөрбіттің кебеже қарын бір нояны отыр.

Ноян: Я, Ажы, араға ай салғанға бізді қайтып айланбайды дедіңдер ме? Ештеме көріп білмегендей, қанды қырғынмен келген жылқының қазысын керте жеп, кекіре тойып жатырсыңдар ма?

Ажы: Сөзіңіздің астарын түсінбедім, батыр.

Ноян: Білмей қалдың ба? Есіңе салайын! Осы елді билейтін төресі сен едің,есерлерің көбейіп еркінсіп кетіпсің. Көзің қарайып там сүзіпсің. Мүйізің басқа емес қарқарадай Далай ханға қадалғанын айтсаңшы. Сол біз мүйізің мұжылып сынбай қадалған жерінен шыға қоймас. Сол мүйізіңді мына алмас қылышпен түбінен қағып, шел басқан көзіңді ашпаса соқыр болып қаларсың. Енді түсіндің бе, бәтшағар?

Ажы: Жұмбақтамай ашығын айтыңызшы. Далай хан болса Алтайдың арғы бетінде, мен болсам бергі шетінде. Ортада асқар тау, ақжал өзен жатыр. Мүмкін, бір білместік болған шығар.

Ноян: Жоқ, Ажы, білістік болып келіп отырмын. Білмей шабатын мен сен емеспін. Асқар таудан, аққан судан қорқатын болса қазақ пен қалмақ киіз туырлықты туысқан болмас еді. Аттың сауырындай ғана Сауырға тығылып жеген ет, ішкен қымызына мастанған сен түгілі, жүрегіне түк бітіп, түгі сыртына тепкен, ерен жайлап Қарасеңгірге дейін моңғылдарды ығыстыра ірге тепкен Бегеннің оқиғасы есіңде шығар, Ажы? Ары кетсе сен Бегендей, Арқалық Ізқұттыдай болар, есіңді жи, мойында барыңды.

Ажы: Кешіріңіз батыр, сіздің айтқаныңыз Арқалық тентек туралы сөз-ау, шамасы. Алдыңғы жолы сіздер жақтан үш рет барымта алған соң, Арқалық сырымта ретінде жылқы қуып келді деп естігем.

Ноян: Басқа не естідің?

Ажы: Соны ғана. Жылқы алу сіздер жақтан басталған дейді ғой.

Ноян: Осы елге төре болғаныңа болайын. Еліңнің жәйін білмей он екі қанат ақ ордада керегенің көзін санап отырасың ба? «-Ажы қаһарлы, ақ ордаға түстік жерге атпен барсаң ат-шапан айып салады.»- деген жалған дақпырт екен-ау. Сен құдайдың момыны болдың ғой, мүмкін, біз де айып төлерміз!

Ажы: О, не дегеніңіз, батыр. Арқалық жылқы қуғанда адам өлімі болыпты ғой.

Қолымен аузын баса қояды.

Ноян: Біледі екенсің ғой, монтаны. Ештеңеден хабарсыз екен, қате келіппін, енді сарбаздарымды бастап қайтайын деп ойлап тұрған едім. Басқаның жөні бір басқа, Далай ханның хас батыры қызыл тасты түмен басының кегі кеудемізде сахар болып қайнайды. Оны білмеймін дегенің барып тұрған залымдық, осы үшін жауап беретін боласың әлі.

Ажы: Кешіріңіздер, Арқалықты өздеріңіз білесіздер, ол бір жүрген сойқан. Жүрген жері шу. Кезеген аяқ боқ басар деген, бұл да бір қаңғып жүріп басқан шоғы да, табанының күйерін білмеді-ау сорлы.

Ноян: Ол білмесе білдіреміз, табанын күйдірмек түгілі тілгілеп тұз себерміз. Бұл жолғы қырғынның бір пұшпағында сенің де үлесің бар деп естідік. 500 жылқыны өз өрісіңе салыпсың ғой? Бұған қандай пәтуә айтасың?

Ажы: Ондай сұмдықты айтқанның аузы қйсайсын, мен қалай ғана ондай іске барамын? Тектеп келсе Далай хан маған аға болады. Ағамның жағасына жармасатын мені тексіз деп пе едіңіз? Арқалық жылқы қуып келді дегенді естіп қузағам. Ол бұны кек қайтару дейді, мен ашуланып іздеп келсе береміз деп сол қалпында бағып жатырмын.

Ноян: Егер осы айтқаның шын болса, сол бетімен кетіп тезге түспеген Арқалықты өз қолыңмен ұстап бер.

Ажы: (Шошып кетеді) Жо, жо, жоқ! Ол бір жүрген дию, ешкімнің шамасы келмейді. Мына аз сарбазыңыз оған бұйым емес, оны тек қапыда басып қалу керек! Айласыз асығу - өзіңді өлімге байлау. Арқалық ұсталып кетсе маған да тыныштық болар еді.

Ноян: Арқалықтың қасындағы серіктері қайда? Біздің келгеніміз туралы хабар тарамай тұрғанда бірін біріне қоспай қолға түсірейік.

Ажы: Табылған ақыл, мен қазір сарбаз қосып берейін.

Ноян: Жоқ, сенің жасағыңа сенбеймін. Қазақ айқайға ілесіп кетеді. Олар бір ұрандаса қосқан адамдарың қылышының жүзін бізге қаратар. Маған сенімді жолға да, жөнге де жүйрік бір адам қосып берсең болды.

Ажы: Қарашешен!

Қарашешен: Бармын!

Ажы: Сен бар, күшке салмаңдар, қапы қалмаңдар! Жолдарың болсын, тез оралыңдар.

Барлығы шығып кетеді. Ажы ордада жалғыз қалып арлы-берлі жүреді. Есіктен Тәтен кіріп келеді.

Тәтен: Ауылды айнала дөрбіттер қоршап алыпты ғой? Кірген- шыққандарды тексеріп жатыр. Ал сіздің бұл қай жүрісіңіз?

Ажы: Ия, білем! Енді не істейін. Бұның бәрі де Арқылықтың әлегі.

Тәтен: Онда дереу Арқалыққа жасырын адам жіберейік. Жұбайлар да қапы қалмасын. Ауылды қырғындамас үшін күндіз алдандыра тұрып, түнде түгел тұтқындайық. Төменгі Алтайға кісі шаптырып, төрт биге хабарлайық.

Ажы: Төре басыммен тағы қайсы қарадан көмек сұрайын, қалып қалғандары жоқ па?

Тәтен: Сөзіңіздің түрі жаман ғой, бұл не дегеніңіз? Арқалықты ұстап бермекшімісіз? Олар шыбын жандарын шүберекке түйіп сіз үшін осы іске бармады ма? Егессе тұрстық берейік, дауласса шыдастық берейік!

Ажы: Жап аузыңды! Сыртта біреу-міреу болмасын. Оның кетерде маған келгені шын. Бірақ ол тентек мен жібермесем де өзі барып ұрынар еді. Бұдан бұрын бармағанына сөз бере аласың ба? Сенің көргенің ел ішіндегі Дөрбіттер ғана, қалған жасағын Қара Ертістің бойына жасырып қойыпты, олар келсе, ордамыз ойран болмай ма?

Тәтен: Сөзіңізден қадыр қашқан екен. «Батыр болсаң бопсаға шыда» деген. Осындай алдауға сеніп, қалтырай қорқсаңыз, елдің күйі не болмақ? Халық кімге сенеді? Кімнен үміт күтеді?

Ажы: Сонда халықтың қамын ойлайтын сен ғанамысың! Халық деген бір қора қой, қалай айдасаң солай жүреді. Егер еркімен жіберсең ие бола алмайсың, әр серкенің соңынан бытырайды да кетеді. Ал, бұра тартқанын ептеп қырқып отырсаң, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүреді.

Тәтен: Халық теңіз, хан қайық. Егер теңіздің қатты толқуына себеп болсаңыз қайықты толқын ұрып теңіз түбіне ғарық болары даусыз.

Ажы: Тілің шығайын деген екен. Хан қарадан қатын алса одан туған бала тауға қарап үлиды екен-ау. Білмеген екем сіздің шешеңіздің тәрбиесі інісін ағасына қарсы қоярын.

Тәтен: Кешіріңііз, қара деп халыққа тіл тигізбеңіз. Аспанға қарап түкірсең өз бетіңді былғайды. Текті екенің шын болса Арқалық әкелген олжадан халыққа үлестіргенің қане? «Қас сұңқар қанатымен шашып жейді, құзғын бауырына басып жейді. Атаның баласы асатпай жемейді, тегі жаман алдындағы асқа кел демейді» дейтін аталы сөздің қай жағындасың? Өзіңе қараған халықтың қайсысын жарылқап қарық қылдың? Екіншіден, шешеме тіл тигізбеңіз, ол маған жастайымнан адамгершілік, ерлік, ел мен ер жөніндегі аңыздарды білеулеп жұтқызды, сондықтан мен халқыма қарсы оқ атпаймын.

Ажы: Мені оқ атты деген кім саған? Менің ойым халықты қырмай, ел ішіндегі екі-үш есерді істікке шаншып жауыммен бітісу!

Тәтен: Бұл ел қорғау емес, халықтың намысын таптап, рухын қорлау. Ел қорғайтын ерін есерсоқ деп ұстап берсең, ертең келіп Далай хан төбеңе шай қайнатып, ордаңа от қояр әлі. Сенің ойың елдің бәрі Арқалыққа қарай ауа бастаған соң, билігіңнен қорқып білегіңді сыбану, батырдың аңғалдығын пайдаланып аяғынан шалу ғой баяғы.

Ажы: Жап аузыңды! Жетер енді сынағаның! Ақылы айран болып ағып кеткен ақымақ. Мен сені еркелетіп болдым. Ендігәрі жолама маңыма, аулақ кет, аулақ! Ағалық батам теріс саған. Көрінбе көзіме!

Тәтен шығып кетеді. Ажы орнына барып сұлық отырып қалады.


Бесінші көрініс


Арқалықтың қараша үйі. Үйде Арқалықтың әке-шешесі, Арқалық және әйелі отыр. Есіктен Тәтен кіріп келді.

Тәтен: Ассалаумағалайкум!

Бөрібай: Уағалайкумуссалам, қай баласың?

Тәтен: Ақсақал, мен ғой, Тәтенмін.

Бөрібай: Жүрісің тым суық қой, не болып қалды? Тағы барымта алдыма?

Тәтен: Барымта алғаннан да жаман, ақсақал! Дөрбіттер Арқалықты ұстағалы келіпті.

Шешесі: А, не дейді, қүлыным-ау!

Тәтен: (Арқалыққа қарап) Арқалық сақтан, Жұбайды ұстағалы кетті деп естідім, мені де ордадан қуып шықты. Сен қапы қалмасын, соны ескертейін деп келдім. Менің көп тұруға уақытым жоқ. Сақ бол Арқалық, ең жақсысы төменгі Алтайға қарай тарт!

Арқалық: Бұл қалай болғаны? Ажының берген серті, айтқан сөзі қайда? Әлде ол да білмей қалды ма?

Тәтен: Ажы сөзден тайды. Арқалық, енді оған сенбе, тек өзіңе ғана сен! Қарап жатпа, сақ бол.

Бөрібай: Қарғам, тізеңді бүгіп тамақ ішсеңші, сөзіңді дұрыстап ұқтыршы.

Тәтен: Ақсақал, менің артымда жансыз болуы мүмкін, тезірек кетейін. Тек Арқалық қапыда қалмасын деген оймен келген едім. Сау болыңыздар!

Арқалық: Рахмет досым, сау бол!

Тәтен шығып кетеді.

Әйелі: Енді не істейміз?

Шешесі: Батыр болып нең бар еді, құлыным-ау. Әкесі, айтсаңшы, енді не істейміз?

Бөрібай: Тоқтат сөзді, жый есіңді! Орынсыз байбалам сала берме, балаң қасыңда отыр!

Арқалық: Әке, мен не болса да айқасам бұлармен!

Бөрібай: Көпке топырақ шашасың ба қарағым. Алдымен қол жиып, адам топтайық. Төрт бйге шап қарағым.

Арқалық: Қораға келген қасқырды тұмсықтан ұрып қанды аузын қақпай, сіздерді тастап қашқаным арыма таңба болар, әке! Мен оларды күтемін.

Бөрібай: Батыр аңғал, балуан қапы деген, айласыз батыр алдырады, құлыным. Күшке емес, ақылға сал. Айтқаның жөн, жолдасың тұтқындалып, жақыныңды жау басты, оны қорғау ерге сын. Ал, қазір еліңнің жақынын жатқа сатып, қасқырға қанды ауыз төбет қосылды. Бұлар сені таба алмаса еліне қайтады, сол шақта жолда тосып жатып, досыңды құтқар. Сен қолға түссең құтқаратын адам қалмас.

Арқалық: Онда мен бұларды ел арасында күтем. Батаңды бер, әке!

Бөрібай: (Қолын жайып) Жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын. Жаратқан ием Жәнібектің жолын берсін, бақытың жансын, әумиін!

Бәрі бетін сипайды. Арқалық найза, қылышын алып шығып кетеді.


Алтыншы көрініс


Ажының ордасы. Ажы жалғыз отыр. Есіктен Ноян және Қарашешен кіріп келеді.

Ноян: Жұбайды ұстап әкелдік. Ұсталарда қарсы шығып үш жігітімізді ұрып жықты. Ақыры қаумалап лақ текедей бақыртып, қол-аяғын байлап әкелдік.

Ажы: Қалғандары қайтті?

Қарашешен: Біреуі найман асып нағашысына кетіпті, екеуі Алтайға кеткеніне біраз болыпты.

Ажы: Қап, ұсталмай қалып, елді бұлдірмесе болғаны.

Ноян: Басшысы ұсталса қосшысы қайда барады? Маған керегі Арқалық. Қазір барамын да, бейғам жатқан жерінде байлап әкелемін.

Ажы: Жоқ, болмайды! Ол хабарсыз жатпаған шығар. Арқалық алыстап кетсе ақыр заман төнді деген сол. Қайқы қылышы сермелсе бас домалап, қара тамақ найзасы қозғалса қолқаңа қадалады.

Қарашешен: Менде бір тамаша ақыл бар.

Ажы,Ноян: (Қатарынан жарыса) Ол қандай ақыл?

Қарашешен: Арқалық қазір бізге тиспейді. Егер бізге соқтықса ел қырылатынын біледі. Сондықтан сіздердің елден алыстауларыңызды күтеді. Оған дейін ел ішін паналайды. Біз қазір жарлық шығарайық, егер Арқалықтың хабарын айтқан, не ұстап бергендер болса екі тай тұяқ, бір үйір жылқы, және үкірдайлық мансап береміз дейік. Сонда оны қолға түсіру оңай.

Ажы: Табылған ақыл. Сары ізіңе шөп салып, өнеріңді көрейін. (Үшеуі қарқылдай күледі) Жарайсың, Қарашешенім! Арқалық ұсталса сені де құрқол қалдырмаспын. Ел бұзар тентекті ептеп қырқып отыру керек.


Жетінші көрініс


Сахнада жалғыз адам сөйлеп жүр.

Жалғыз: Арқалықтың біздің үйді паналағанына екі күн болды. Бір күні киізге жасырдым, бір күні шиге жасырдым. Енді қайда жасырам? Ағылып келіп тұрған байлық мынау. Басыма келіп тұрған бақытты басына теуіп қайтем. Ұстап берем дағы.

Осы кезде бір дауыс шығады.

Дауыс: Арқалық елдің бақыты ғой?

Жалғыз: (Ыршып кетеді) Астапралла! Бұл кім? (Аз тұрып) Оң миымдағы ақылдың ескертпесі екен ғой. Ақылдың да алжасатын кезі болады. Арқалық өзін қорғай алмай жүріп кімге пана болмақ? Алдыма келген байлықты ескермесем мен ақымақ. Арқалық кімге байлық үлестіріп жатыр дейсің. Қолымда барда қоншынан басайын да. Байлықтан бұрын билікті айтсаңшы. Үкірдай болсам жамбы мен малды елдің өздері-ақ әкеліп жатар.

- Алмаймын! –деймін.

- Сіз деп әкелдік. –дейді.

- Бұл екінші рет қайталанбасын! Деймін. Олар тағы әкеледі. Әуелі кейбір жақсылары қалтаңа салып кететінін қайтерсің. Анау мені менсінбей жүрген қулар;

- Жаке, құда болайық!- дейтін шығар. Мен жауап бермей сызданамын. Ақыры;

- Ойланайын!- деймін. Олар болса бірінен бірі асам деп тайтұяқ, жамбыны аткөпір үйіп, малды қоралап әкеледі. Мен оның ішіндегі ең байына құда болам, осылайша аз күннің ішінде байлыққа да, билікке де белшемнен батамын. Ас пен той менсіз өтпейді. Басты маған қаратып қояды. Ептеп Ажымен құда болсам, біртіндеп Далайға да қолым жетер. Ха ха ха!

Дауыс: Далайдың тілі де , діні де басқа, саған жат ел ғой. Йтпен құда болсаң боқпен той жасайсың деген, ертең ұрпағың азады.

Жалғыз: Жат деп жасқанғанмен болмас, байлық болса бәрі болады. Ол үшін кішкене ардан безе түру керек, әйтпесе қолға қарға түгілі қотыр тауық та тышпайды.

Дауыс: Бұл ардан безу ғана емес, арамдыққа белшеден бату. Қарға тышады деп жүріп өзің қармақтың жемі, қарғаның боғы болып кетпе?

Жалғыз: Мейлі, қалай болса да байу керек, жету керек!

Сырттан дауыс шығады. Бір кемпір көрінеді.

Кемпір: Әй, бір отырып, бір тұрып өз өзіңе сөйлеп сені жын соққан ба?

Жалғыз: Барлығы сендердің қамдарың ғой.

Кемпір: Жүзің сұрланып, көзің қызарып, саған не болған? Арқалықты бүгін түн жасырын ауылдан шығарып жіберейік. Бір жақсы ат тауып кел! Ер басына күн туғанда сен де бір ерлік қыл, басында дәурен тұрғанда саған аз көмек жасаған жоқ, еруліге қарулы іс қыл балам.

Жалғыз: Жарайды, бара беріңіз. (кемпір кетеді). Бұндай болғанда қазір Ажыға шаппасам орайдан айрылатын секілдімін ғой. Арқалық маған жақсылық істегені рас еді. Бұл соңғы жақсылығы болсын, мені билікке жеткізіп кетсін, іс бітсе апам қайда барар дейсің Кетеді.


Сегізінші көрініс


Ажы ордасы. Жалғыз сәлем беріп кіріп келеді. Ажы сәлемін алмайды.

Жалғыз: Шүйінші, алдияр!

Ажы: Айта бер, не жаңалық?

Жалғыз: Арқалықтың дерегін айтайын деп келдім.

Ажы, Ноян, Қарашешен үшеуі де орнынан атып тұрады.

Ажы: Ол қайда?

Жалғыз: Біздің үйде.

Ноян: Қандай дәлелің бар?

Жалғыз: Куәм есік алдында тұр. Баса-көктеп ақ ордаға алып кіруге батылым бармады. Арқалықтың найзасы, қанжары тұрғанда ол ешкімге дес бермейді. Соларды ұрлап алып келдім.

Ажы: (Қаһарланып) Мен айтқан силықтарға бола ғана айтып тұрсың. Бізді сандалтпай ерте хабарлауың керек еді. Сен Арқалықтың сыбайласысың! Арқалықты не үшін жасырдың, жауап бер кәне?

Жалғыз: (Қалтырап) Мен, мен... Арқалық жаңа келді.

Ажы: Жаңа келсе тал түсте қаруын қолға түсіре аласың ба? Демек ол саған сенеді. Айт, ол қарақшыны не үшін жасырып, бізді қаңғыртып елдің есін шығардың?

Ноян: Басын кесіп алыйық бұндайлардың!

Жалғыз: Кешіріңіздер, Арқалықты тауып бергенім үшін болса да, кешіріңіздер.

Ажы: Сен бізді кім деп тұрсың? Сен болмасаң Ажыны таба алмайды деймісің?

Жалғыз: Жаздым, жаңылдым.

Ажы: (Қарашешенге қарап) Мынаның айыбына астындағы атын алып қал. Орнына кешегі маңқа болған жабағыны жетектетіп жібер!

Қарашешен: Ол тай үйіне жетпей өлетін шығар?

Ажы: Білемін! (жалғызға қарап) Барған соң тереңдетіп жер қаз да тайды өлтіріп, көміп таста. Басқа жылқыға жұқпау үшін үстіне үйіп от жақ! (Жалғыз теріс қарап. «Ішіне Ажы екеуімізді қоса көміп, от емес, басқаларға жұқпау үшін үстіне өрт қою керек шығар».) Ал, енді табаныңды жалтырат!

Қарашешен: Жалғыздың үйі иендеу, бұлтарыс жерде еді. Осы орайды жібермейік.

Ноян: Онда аттанайық!

Ажы: Жолдарың болсын!


Тоғызыншы көрініс


Қараша үй сыртын найза, қылыш ұстаған адамдар қоршап тұр.

Ноян: Арқалық, шық бері, енді қайда қашар екенсің? (Арқалық сыртқа шығады) Мен сені ер екен десем, көрінген қуысты паналап басын сауғалаған ез екенсің ғой. Сені үйде шыға алмай жатып қалды деп естіп тұрғызуға келдім.

Арқалық: Ұран салып майдан тартпай, жекпе-жекке жұлқынып шықпай, бірін алдап, бірін арбап, қаруымды ұрлатып ап, құр қол қалған адамға қаптап келіп қоқыйланып тұрғаның батырлық па? Мен жүрсем өз елімде жүрмін, қашып жүргем жоқ! Ер болсаң жекпе- жекке шық!

Ноян: Жекеге шығар едім, үстіңде сауытың, қолыңда қаруың, астыңда арғымағың жоқ, қараша үйден шығып қағынғанның бәрімен алысар жайым жоқ. Ұстаңдар мынаны!

Арқалық босағада сүйеулі тұрған бақанды ала салып қарсы келген екеуін ұрып жағады. Қалғандары қаймығып тұрып қалады.

Ноян: Жан қысылғанда жаман бақан да жақсы қару болады екен ғой.

Арқалық: Қолдана білген адамға ғана, ал сен секілділерге жылан тіл найза, қайқы қылышта бір, қурайда бір.

Ноян: Ха, ха, ха! Сен қанша найзагер болғаныңмен, дәл қазір сол қурайды қырқар шамаң да жоқ, сырттан келер көмек те жоқ жалғыз қалдың, Арқалық! Қазақтың батыры қазақтың даласында жалғыз қалды, соны біл, Арқалық! Келіңдер, арқан әкеліңдер!

Екі арқанның үшін төрт жігіт айқастырып Арқалыққа жоламай алыстан орай бастайды, арқалық тесірейіп Нояннан көзін алмай қарап тұр. Бұған шыдамай үйден кемпір жүгіріп шығады.

Кемпір: Арқалық, кешір мені, сені орға түсірген менің ұлым ғой кешір бізді.

Жүгіріп келіп біреуінің қылышын жұлып алады да Ноянға тап береді. Ол кемпірді шауып тастайды. Арқалық бұлқынғанда төрт жігіт қасына жетіп келеді. Барлығы жабылып әрең байлайды.

Ноян: Ендігәрі босамастай етіп шандып байлаңдар. Арқалықтың еркіндік күні осымен тәмәм болсын! Алып жүріңдер!

Арқалықты төрт жігіт көтеріп алып кетеді. Жалғыз келеді. Шешесін құшақтай алады.

Жалғыз: Байлық көздеп жауымның,

Бал тіліне алдандым.

Ағып дүлей толқында,

Тал таба алмай қармандым.

Адастырып өзімді,

Жол таба алмай қалғаным.

Енді қайда барамын, кімнен ақыл табамын? Әттең, әттең атымды қойдың жалғыз деп, жалғыз қалдым ақыры. Қазақта жаманнан жалғыз мен ғана болсам екен. Дұшпаным да бұндай арсыздыққа барып, алданып қалмаса екен! Енді маған барар тау, басар жол жоқ, маған қылғанын Ажыға істейін, маңқа тайын жылқысына қосайын. Қырылсын Ажының үйір-үйір жылқысы. Арқалықты құтқару үшін жаным пида болсын.


Оныншы көрініс


Ажы ордасы. Шабарман кіреді.

Шабарман: Тақсыр, Арқалықтың әке-шешесі, әйелі келіп тұр, баламызбен қоштасып қалсақ дейді.

Ажы: Шешесі мен әйелін жолықтырыңдар.

Байлаулы Арқалыққа шешесі келеді.

Арқалық: Анашым, кешір мені, ақ сүтіңді ақтай алмадым. Қартайғанда аяқ-қолдарыңды жылы суға малдырып қарағанның орнына, қара күркеге аңыратып тастап кеттім. Кешір ана!

Шешесі: Тәйіт әрі, қайдағыны айтып сандалмай. Кебін кйіп бара жатқан жоқсың, кебенек киіп барасың. Мен ұл тапқанда, үйде туып үйде өлетін үйкүшік, алдындағы асын дұрстап іше алмайтын ынжық таптым деген жоқпын, еліне қорған ер таптым деп қуанғам. Есірік дұшпан иінімнен басты деп еңсеңді түсірме. Алланың ісіне амалың барма? Бұл да болса саған сын. Біреудің айбаты асып, мысы баспасын, дұшпаныңның аяғына жығылып досыңды сатпа, алтын тәж берсе де дұшпаныңа қызымет қылып мені жерге қаратпа, құлыным! Ер жақсысы түрмеде, ат жақсысы кермеде, қайда жүрсең де аман бол, арстаным! Хош, бір аллаға тапсырдым!


Он бірінші көрініс


Далай ханның ордасы.

Далай хан: Арқалық деген сен бе?

Арқалық: Ия, мен.

Жасауыл: Осы, дәл осы. Алдыңғы жолы 15 сарбазыңды бір өзі жалғыз жайратқан. Егер көк ала ат болмаса мені де өлтіретін еді! Қолға түстің бе, қу дүлей!

Арқалық: Тұрыстық бермей тұра қашқан қоян жүрек, сен бе едің?

Жасауыл: Өлетін бала молаға қарай жүгіреді деуші едіңдер ғой, сенімен алысып, қарға-құзғынға жем болатын ақымақты тапқан екенсің!

Арқалық: Басына іс түскенде досын тастап қашатын сендейлерді бізде адам қатарына жатқызбайды. Және сендер секілді әлі жеткенін өлтіріп иен далаға тастап, қарға-құзғынға жем болғанын мақтан тұтар мен емес, дұшпаным болса да адам ретінде жерлеп кеткенмін.

Далай хан: Қылмысың басыңнан асып батырымды өлтірдің, желқанат жылқымды барымталадың, бұл үшін сені басыңнан сипай қоймасымызды білетін шығарсың!

Арқалық: Батырың өлсе артымнан қуып барып армансыз алысып өлді, жылқыңды қусам іргелі ел екенімді білдіріп есе қайтарғаным. Басымнан сипамасаң жазаларсың, бас кессе де, тіл кеспек жоқ. Сенің қаһарыңнан ығып аяғыңа жығылар екен, тілін тиып тілегімнен шағады екен деме! Мені өлтіргеніңмен қазақ тағынан таймайды. Қазақтың бәрі айтқаныңды атқарар қара жүрек Ажы екен деме. Сенімен еселесетін ел табылар әлі.

Далай хан: (Сәл үнсіз отырады, маңайындағылар күбір-сыбыр әңгімелеседі) Хас батыр екеніңді жанарыңдағы жалын, сөзіңдегі салмақ, бойыңдағы қуат айтып тұр. Амал не, асылын бағаламаған елде туып, арманда қалдың! Бірақ сені оған бола мүсіркейін деп тұрғаным жоқ, мен сені азаптап, абақтыда өлтіремін! Арқалық, әлі де болса ойлан, саған шығар жол көрсетейін!

Арқалық: Жолыңның бұраңдығы сұрағыңнан-ақ көрініп тұр.

Далай хан: Арқалық, маған қызымет қыл, алдыңа мал, қасыңа жар беремін. Ешкімнен кем қылмаймын. Ішсең алдыңда, ішпесең артыңда, көл-көсір тұрмыста боласың. Қаласаң, әке-шешеңді алдырайын, қызығыңды көрсін.

Арқалық: Ха, ха, ха! Мен мұндай тамаша ертегіні бұрын естімеген екем, азаптанып ұстап әкеліп атақ беретін. Саған қызымет қылсам ішкенім бал емес ірің, жегенім жал емес желім болар. Сенің алдыңа әкеліп әке-шешеме май шайнатпай-ақ қояиын. Ондай өмір олар үшін айтып жеткісіз азап. Қызмет қылсам халқыма ғана, ал, жатқа жаным үшін жағымси алмаймын. Қазынаң тасып жатса қазақтың жерінде нең бар еді, көзің қанталап күнде барымта ап!

Далай хан: Қайда отырғаныңды біл, шаңыраққа қарап сөйле!

Арқалық: Сен шаңыраққа қарап жылқы алып па едің!

Далай хан: Оны әуелі өздерің әкеліп тастауларың керек еді. Мен сендерді сырттарыңнан қорғап отырам. Сол үшін сендерден алуға тиісті салық.

Арқалық: Қазақ өзін-өзі қорғай алады. Сенсіз де халық болғанбыз. Ұлан қайыр даламызды кім көрінген байлығын сорсын деп қорғағанымыз жоқ. Оның әр тал шөбі, әрбір тасы, жортқан аң, ұшқан құсы қазақтікі.

Далай хан: Осылай бетіңмен кетсең мен сені азаптап өлтіртем!

Арқалық: Баянды тірлік кімнің басында тұрған? Алтын тақта екен деп ажал саған келмей кетпейді. Мен баратын жерге тағыңнан тайып сен де барарсың! Мені абақты азаптаса, сені ауру меңдеп қу жаның азаптасын, ант ұрған!

Далай хан: Әкетіңдер, мойнына ажырғы, аяғына кісен салып зынданға тастаңдар! Айға жетпей ажалымен көріссін. Қазақтың намысын жоқтаушысы! (Мысқылдай күледі.) Әлін білмеген әлек деген!


Он екінші көрініс


Арқалық пен Жұбай түрме де жатыр.

Жұбай: Арқалық, мына қалмақтың ажырғысы мойнымды қиып барады. Сенің жайың қалай? Жас ғұмыр жарқ еткен жасындай жоқ болар ма? Қайран бостандық, қадіріңді білмеппіз-ау, сенің!

Арқалық: Налыма, Жұбай, ер жігіт бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді деген.

Жұбай: Ол айтқаның рас. Бірақ, осы жолы семіре алмай кетеміз бе деп қорқам.

Арқалық: Әттең, қолымның қонышыма жетпей тұрғанын қарашы.

Жұбай: Не болды, аяғың қиылып барама?

Арқалық: Жақсылық ұста жасап берген, жыланның уына суарылған кездігім бар еді. Сол етігімнің табанында жасырулы. Егер қолыма бір іліксе мына кісенді бауырша турайтын едім.

Жұбай: Оны енді қай қалмақ тауып алып қажетіне жаратар екен десеңші!

Арқалық: Түңілме, Жұбай! Түсіме Жәнібек батыр кіріпті. Ақ сақалы кеудесін жауып қасымда тұр. Ол маған «Атымды ұран қылған батырым, жасыма, жаныңды кемірген қайғының табы көп ұзамай жоғалады.»- деді. Содан оянып кеттім.

Жұбай: Айтқаның келсін, батыр бабам! Мынауың түс емес, аян ғой, алланың бізге берген аяны, Арқалық. Бірақ менің халім мүшкіл.

Осы кезде жарық көрінеді.

Арқалық: Бізге қарай біреу келе жатыр. Күнделік беретін жарты кесе ботқасын беріп қойған еді, мынау кім болды екен?

Жарық таяп келеді. Екі адам көрінеді. Алдыңғысы:

Бауасина: Арқалық бар ма?

Арқалық: Менмін, қандай жұмысың бар?

Бауасина: Әлі тірімісің? Арқалық деген батыр келді деп естігем, атың бүкіл сахараға мәшһұр болған соң көруге келдім.

Арқалық: Көрдің ғой, енді қайта берсең болады. Батырды тамашалайтын жерді тапқан екенсің!

Бауасина: Кешір батыр, мен сені табалағалы келіп тұрғаным жоқ. Бұл ханның ең ауыр қылмыстылары жататын жері. Бұнда тұрған адам ары кетсе бір ай ғана шыдайды. Сені өз ханынан зәбір көріп, алдаумен торға түскен азулы арыстан деп естіген соң, хас батыр болса азапқа айдан артық шыдар деп сынаған едім. Міне, сен тұрғалы бір ай, жеті күн болды, бұған да төзіпсің.

Арқалық: Бұның бәрін білетін сен кімсің? Малына кйіп масайраған жүрісің мынау, бұл жер сендей ханшалар жүретін жер емес. Бірақ, сөзіңде діріл, көзіңде мүң бар, бір себеппен келдің-ау шамасы. Сөзіңнің басын ашып айт.

Бауасина: Батыр, менің атым Бауасина - ханның қызымын. Сен өлтірген батыр – әкемнің маған атастырған қызыл тасты нояны еді. Бірақ менің сүйгенім, атақты Қоңқа батыр. Оның тегі қарадан шыққандықтан ортамызда құпия махабат орнады. Бір күні әкем біліп қойып «ханның басын қорлады» деп оны жазаламақшы болған еді. Бірақ Қоңқа қашып кетті. Қайда жоғалғаны белгісіз. Бір өзі жүзге шабар хас батыр еді, хан қадірін білмеді. Маған да қаһар қылып, разы болмасам да сен өлтірген ноянға қоспақшы болды. Менің бақытыма қарай сен барымта алдың да, ол өліп, мен құтылдым.

Арқалық: Сенің бақытың маған сор болған екен. Соны өлтіргенім үшін екеуіміз абақтыда жолығып тұрмыз.

Бауасина: Мен сенің атыңды алғаш Қоңқадан естігем, ол соңғы рет жолыққанда маған: «Алтайға, Арқалыққа барам, батырдың күйін батыр түсінер» деп сені іздеп кеткен. Сенің бұл күйіңді естісе тауы шағылып, тауаны қайтар. Қайда жүр екен, аман ба екен өзі?

Арқалық: Қазір менен не қайыр, айтып шеріңді тарқатпасаң, мен тыңдап, сырыңа қанғаннан басқа шара барма.

Бауасина: Мен күзетшіге көп алтын, күміс беріп әрең кірдім. Менің келгенімді хан білсе оңдырмас, күзетші де аман қалмас, сондықтан мен қайтайын. Мына тамақтан жеп әлденіңіздер, қолымда ажырғының кілті бар, кісеннің кілтін таба алмадым. Есікте екі күзетші бар, осы үш күнде амалдап құтыла алсаңыздар мен шығар ауызға екі тұлпар байлатып қоямын. Тез бұл арадан құтылыңыздар, жолда Қоңқаға жолықсаңыздар, мына жүзікті аманат етіңіздер. Ал кезікпесеңіздер қарызы жоқ. Сау болыңыздар!

Ол ажырғыны босатып кетіп қалады.

Жұбай: Арқалық, әкелші бері алдымен әлденіп алайық. Одан кейін алмас кездікпен кісенді қяйық.

Жұбай әрең қозғалады.

Арқалық: Мына ажырғы әбден батыпты-ау, неткен жансебіл едің. Қалай ғана шыдағансың?

Жұбай: Батты деген жәй сөз, желкемді қиып сүйегіме жетті.

Арқалық: Жасымнан бірге жортқан жолдасым едің, жастай азап тарттың-ау!

Жұбай: Налыма, Арқалық, менің адам болуым екі талай. Мен кеткенде әйелімнің ішінде бала қалып еді, соны көре алмайтын болғаным жаныма қатты батады.

Арқалық: Жоқ, Жұбай, әлі ауылға барасың, талай қызық көресің!

Арқалық алдына алып тамақ береді, өзінің аяғын әрең шешіп кісенді қяды.

Жұбай: Аз да болса бостандыққа шыққандай болдым ғой.

Арқалық: Жұбай, бүгін түнде қашамыз.

Жұбай: Сен жалғыз кет, Арқалық! Мен саған кедергі болам, атқа отыра алмаймын.

Арқалық: Жоқ, сені тастап кете алмаймын, өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеде боламыз.

Жұбай: Мен үшін Ажыдан кек ал! Желкесінен теріс бауызда қан жауғырды!

Арқалақ: Жоқ, бірге қашамыз, сені тастап кете алмаймын. Әлі талай бірге жортамыз!

Жұбай: Жорықты айтпашы, Арқалық! Көрген күніміз мынау, ердің намысы, елдің кегі деп едік. Соны білгендер бар ма? Ұстап берді де қарап отырды. Тек жылаған, қайғырған өзіңнің бірге туғандарың ғана.

Арқалық: Олай деме, ел тізгінін өзі сеніп тапсырған адамына қарады. Ол болса көзі соқар, өресі тар болды. Утты жылан болды. Елдің билігін қырандар ұстағанда ғана елдің түтіні түзу ұшып, арысы бағаланады. Ал, алтын тақта құзғын отырса көздегені жем болмай қайтсін.

Жұбай: Дұрыс айтасың, батыр, бізге бірігу керек!

Арқалық: Бірігу үшін сен тұруың керек! Қане, кеттік!

Жұбай: Алла! Жаным шығып кете жаздап тұр. Абайлашы Арқалық. Арқалық Жұбайды көтеріп алып жүріп кетеді.


Он үшінші көрініс


Бір үйілген төмпешіктің жанында Арқалық жалғыз өзі сөйлеп отыр

Арқалық: Осыдан он ай бұрын, дәл осы арада, Жұбай, сен екеуіміз 14 дұшпанды қан жұттырып едік. Амал қанша, кезек айналып саған да келіпті. Далайдың азабында ай жарым жатып қашып шыққанда мен сені жерлеуге асыққан жоқ едім ғой. Батыр Жұбай, арысымнан айрылып, қанатымнан қайрылып қалай барам ауылға? Жан жарыңа, балаңа не айтам? Айтшы Жұбай! Тай-құлындай тебісіп өскен жан серігім едің, жалғыз тастап сен де кеттің. Ажы сұм ғой осы күйге жеткізген! Әлі-ақ ақ семсерім ақ ордаңда жарқылдар сұрқия Ажы!

Осы кезде Арқалықтың арт жағынан біреу шығады. Арқалық жалт бұрылады.

Қоңқа: Бұл арада адасып жүрген кімсің ей?

Арқалық: Мені тектейтін сен қай қалмақсың? Жақсы кезіктің. Жұбайымның жоғын жоқтай алмай отырғанда, қаныңды шашайын сенің!

Қоңқа: Өліміңе асықсаң кел бері! Мен де шерімді тарқатайын.

Екеуі қылыштарын суырысып алып алыса кетеді. Бір кезде қылыштарын тастап күресе бастайды, бірін бірі ала алмайды. Ақыры, екеуі шаршап екі тасқа отыра қалып жөн сұрасады.

Қоңқа: Өзім өз болғалы алысқан жаудан қаймыққаным осы. Жүзің жүдеу, киімің жұтаң, көкірегің өрт, көзің жалын, қай қазақсың?

Арқалық: Қазақтың Арқалығы едім, Далай ханның тұтқынынан қашып шығып келемін. Жолдасым осы арада мерт болды. Ашудан жарылар болып, қайғыдан қан жұтып, көзіме ештеңе көрінер емес.

Қоңқа: (Орнынан атып тұрып) Арқалық, бұл сен бе? Екі қыршаңқы тоғайда кездеседі деуші еді, екеуіміздің жолыққан жерімізді қарашы. Мен сені іздегелі қашан! Менің атым Қоңқа, қалмақтың қашқын батырымын. Далайдың торынан тірі жан құтыла алмаушы еді,қалай ғана бұғаудан босадың, батыр?

Арқалық та Қоңқаны құшақтай алады, жан дәрмен қалтасынан жүзікті алып шығып.

Арқалық: Мынаны таныйсың ба?

Қоңқа: (Жүзікті алып, сүйіп-сүйіп алады) Бұл менің Бауасинамдікі ғой, қайдан алдың? Айтшы, ханшайым аман ба? Бұны кім берді, Арқалық?

Арқалық: Батыр сабыр ет, алып тұлғаңа қарап сенен мұндай нәзік жүрек күтпеп едім. Не болды, абдырап, буындарың қалтырап. Бала болып кеттың бе?

Қоңқа: Адамда махабат болмаса барлық дүние мейірімнен жұрдай болары хақ. Ол дененің үлкен кішілігіне қарамайды, батыр...

Арқалық: Менің түрмеден қашып шығуыма осы жүзіктің иесі себепкер болды. Сонда сеның атыңды алғаш естіп, батырлығыңа тәнті болғам. Бауасина ханшайымдай қыз ғашық болған азаматты көруге аңсарым ауды. Абақтының есігін теуіп шағып, күзетшіні соққыға жығып қашқанымызбен, көп ұзамай қуғыншының дүбірі естілді. Қатты жүруге жолдасым жарамады. Мен тастап кете алмадым. Таң ата қуғыншының қарасы көрінген соң Жұбайға, «сен азда болса буыныңды бекітіп тұр» дедім де, өзім жауды қарсы алдым. Жекпе-жекке шақырдым. Қуғыншылар іркіліп қалды. Ешкім шықпаған соң «Жәнібектеп» ұрандап тап берген едім, батылдық қыла алмай кері қашты. Дегенмен батырға да жан керек қой, қызыл тасты ноянның қазасымен 15 адамның өлімі бұларға үлкен үрей тудырыпты. Қарсы келе алмады. Ақыры Жұбай батырға топырақ осы арадан бұйырыпты.

Қоңқа: Батыр, енді не істейсің? Маған не ақыл айтасың?

Арқалық: Алдымен Ажыдан кек аламын, онан соң Бауасинаны алып қашамыз!

Қоңқа: Жөн, онда не тұрыс, кеттік!

Арқалық: Сен менімен бірге барма! Себебі, сен осы арадан Далайдың адамдарын тос, егер қуғыншы келсе маған хабарла, қапы қалмайық. Алла амандық берсе мен де аз уақытта оралармын.

Қоңқа: (Қуанып) Жарайды, Арқалық, егер Далайдың адамдары келіп жатса мен де бекер жібермеспін. Істеген істері әбден жаныма батқан еді, енді мен де жалғыз емеспін ғой, Арқалық.

Арқалық: Әрйне солай ғой! Еліне ерлік сйлаған Алтайдың ақбас шыңдарына жақындаған сайын, қан тілеп қлпылдаған алдаспаным қынабына симай келеді. Мен елімді оятып ерлігімді білдірейін, қыранымды тұғырына қондырып тура жол сүрайын.

Қоңқа: Батыр, ашуға жеңдірме, ақылмен салмақтап іс қыл. Оның да қолтығына су бүркіп қасында жүрген талай змиян бар, сақ болғайсың!

Арқалық: Жарайды, сау бол!

Қоңқа: Жолың болсын. Мен осында күтемін!


Он төртінші көрініс


Ажының ақ ордасы. Ажы сөйлеп отыр.

Ажы: Қонақтар келіп болды ма?

Есенгелді: Келіп жатыр, ағылып келіп жатыр!

Ажы: Барлығын реті бойынша орналастырыңдар! Ақ орданың маңындағы шалғынды жапырып жүрмесін, қатаң ескертіңдер! Бейсенбілер келді ме? Неге кешікті екен?

Есенгелді: Келгелі сүт пісірім уақыт болды.

Ажы: (Қатаңдау) Олар неге маған келіп сәлем бермейді?

Есенгелді: Олар «-Алдымен ғасырмен құрдас Тоқсанбай ақсақалға барып сәлем беріп шығайық, аттап өте алмаспыз»- деп солай бұрылды.

Ажы: (Кекесінмен мырс етіп) Тегі қаракөк болса ақ ордаға тартатын еді, тегіне тартып тұр екен ғой. Бұлардан қай бір жетіскен би шығар дейсің, әйтеуір атқа мініп, ел аралағанына қуанады ғой байқұстар.

Есенгелді: Олар Арқалықтың ұсталғанын естіген екен.

Ажы: (Сәл ойланып) Оны жеткізген Тұяқтар ғой баяғы. Қашып жүріп паналаған жерін, олардың да тегін тектеп ініне су құйдырармын, көрейін кімнің кім екенін!

Осы кезде сырттан аттың дүбірі естіледі. «Жәнібек-Жәнібек» деген ұран жетеді.

Ажы: Бұл қай антұрған! Шалғынымды жапырып, ордама ат ойнататын. Сейлханым үйленгелі жатқанда ұрандап қайдағы жоқты бастап жүрген, кім?

Сыртта шу күшейе түседі. Ажы отырған үйдің іргесінен сұғылған найзаның ұшы көрінеді. Ажы орнынан атып тұрып, есікке қарай қашады. Арқалықтың өктем даусы шығады.

Арқалық: Қаны бұзық, қара жүрек, халықты қан қақсатқан ит төре, шық бері. Сенімен еселесетін уақыт жетті. Ақ ордаңды атпен таптап, босағаңды қанмен суарайын сенің! Шық бері, Ажы сұм!

Айғайдан қорққан төре жата қалып еңбектейді де, жүкаяқтың астына кіріп кетеді.

Есенгелді: «Үріккенде түйе жаман, қорыққанда төре жаман» деген осы екен-ау. Өз ісіне жауап бере алмай, батырдың айбатынан паналаған жерін қара, жүзіқараның!

Ажы кемсеңдеп жылай бастайды, үйге Тәтен кіріп келеді.

Тәтен: Төрем, нағып жатырсыз?

Ажы: Ойбай, естімей, көрмей тұрмысың? Өлетін күнім таяу.

Тәтен: Ертерек ойлану керек еді! Асқақтап кеп аспаққа асылып отырсың ғой, енді не амал?

Ажы: Бейсенбі, Көкендерді тездетіп шақырыңдар, мені құтқарсын.

Тәтен; Есенгелді: : (Қатарынан) Олар қаракөктің тұқымы емес, қарадан шыққан ғой. Үлкен басыңызды кішірейтіп қайтесіз?

Ажы: Бұл кісі таңдайтын кез бе, төре, қара деп бөлетін не бар? Адамның бәрі бірдей, түптеп келгенде шығу тегі Адам ата мен хау анадан тарайды, бәріміз бір нәсілміз.

Тәтен: Енді басқаша сайрай бастадың ба? Қараға күнім қарамас деп астам сөйлеуші ең! Енді не болды? Жарайды, өткенге салауат дейік, мен бір амал айтайын.

Ажы: Ол қандай амал? Айтсаңшы тез!

Ол басын көтергенде жүк аяққа басын соғып алып шошығанынан бұға қалады.

Тәтен: Мен қазір ұстара алып келейін.

Ажы: Маған өзіңді өлтір деймісің, маған болысар жан қалмаған ба?

Тәтен: Жоқ, онымен сақал, мұртыңды қырып, басыңа жаулық тағып ал да, әйелге ұқсап қашып құтыл!

Ажы: Табылған ақыл, әкел бері, тез бол!

Тәтен: Өлсең де намысыңды жықпай өлсеңші! Қайтер екен десем. Қаракөкпін дейді тағы.

Ажы кемсеңдеп жылайды. Сыртта айқай-шу.

-Батыр, сабыр ет, батыр!

-Батыр, ауылыңды үркітпе!

Арқалық келеді, қасында бір топ нөкер.

Арқалық: Жолда қор болып жолдасым Жұбай өлді! Артта зар жылап, запыран құсып әйелі, жетімек болып жаңа туған баласы қалды. Халқым, есіңді жыи! Ел намысын жоқтаған ерін сатқан опасызға өлім де аздық етеді!

Тәтен шығып құшақтай алады.

Тәтен: Уа, батыр, ашуыңды бер, үйге кір.

Арқалық: Босағаны аттап тізе бүкпеймін, Ажының асын да ішпеймін! Жұбайдың кегін алмай тынбаймын! (Жанып тұрған отқа қарап) Ажының жаққан оты, түтеткен түтінін өшірем! Халқым, мені босқа бөгемеңдер!

Оттың жанына келеді. Осы кезде Бейсенбі, Көкендер келеді.

Бейсенбі: Батыр, ұсталғаныңды кейін біліп, сан ұрып қапыда қалдық. Айтқаның дұрыс, Ажыда бітпес кегің бар, бұның барлығы да бытырай қоныстанып, хабарсыз қалғандықтан болған жай. Ажы да бармағын шайнап өкініп отыр. «Қорқып тұрса жұдырқтай берме, біліп тұрса нықтай берме» деген аталы сөзге жүгін, батыр. Қан төгіп халқыңды шулатып қайтесің. «Жәнібек» деп, ұран шақырғанда кәрі-жас бақан, сойылын ала жүгірді. Бүйте берсең еліңді араз қыласың, батыр. Ел бүлінсе есін жя алмайды. Бір Ажының қанымен жұмыс бітпес, алдымен күш біріктірейік.

Арқалық: Бәрібір, ит боқ жегенін қоя ма?

Көкен: Арқалық, төре жылап отыр, жаным қалса болды деп сенен сауға сұрайды.

Арқалық: Оның жаны Жұбайдан артық па екен?

Көкен: Батыр, бұлай елге үрей салмай бабадан қалған жол бойынша Жұбайға құн төлетейік, тіпті артығымен. Оның артындағы ұрпағына пайдалысы сол. Олар ешкімнен кем болмай, әкесінің жолын қуып өссін.

Арқалық: Мен Жұбайдың баласына мал да әперем, төрені де өлтірем!

Арқалықтың әке-шешесі келіп маңдайын искейді.

Шешесі: Балам, елді шулатпа, таста қаруыңды, халқыңда кінә жоқ, астан аттама, ұлым!

Әкесі: Балам, мойныңа қан жүктеме, үлкендердің тілін ал!

Арқалық: (Отырады) Мен келісім берейін; Ажыға суырған қылышымды қынабына салайын. Бірақ Ажы алдыма келіп кешірім сұрауға бата алмаса маған келіп Сейлхан сәлем берсін! Әйтпесе бітпеймін!

- Дұрыс, кешірім сұрасын!

- Батырдың алдына келсін!

Анадайдан елді жарып қалтырай басып Сейлхан келіп батырға сәлем береді.

Сейлхан: Ассалаумағалайкум!

Арқалық орнында отыра алмай от басында қызып тұрған көсеуді алып, Сейлхан қолын бергенде ұстай алып шалбарын шешіп жамбасына таңба салады. Ел шу ете қалады.

Арқалық: (Қарқылдай күліп) Жұбайдың кегі енді қайтты! Мен Ажыға өлсе кетпес, ұрпағынан ұрпағына өшпес таңба салдым. Енді таңбалы құйрық төре атанады. Бұл ескерту, бикке шыққанда төменді ойлау үшін, сүйенішін, халқын ұмытса оңбай құлайтынын біліп жүру үшін!


Он бесінші көрініс


Ажы көрінеді. Жүкаяқтың астынан қылтиып шығып, кемсеңдеп жылап отыр. Бас киімі жерде жатыр.

Ажы: Әттең, әттең! Бұдан да өлгенім жақсы еді ғой! Қор болған алтын басым-ай! Таңбалы құйрық атанғаным ай! Масқара болдық –ау!

Тәтен: Опасыздық адамды орға жығады, тақсыр!..

Ажы: Бүйткенше өлтіре салсашы!

Тәтен: Рас айтасың ба? Арқалықты шақырайын.

Ажы: Ойбай, шақырма!

Жүкаяққа қайта кіріп кетеді.


Он алтыншы көрініс


Далайдың ордасы. Барлық кеңесшілері жиналған.

Далайхан: Ханшайым қайда кетті, айтыңдар?

Біреуі: Қоңқа батыр алып қашып кетіпті, қасында Арқалық бар.

Далай: Неге қумадыңдар? (Барлығы төмен қарайды.) Батылдарың бармады ма? Қоңқа барда қандай еді, ештемеден қайтпайтын, айтқанынан таймайтын, нағыз хас батыр еді. Барлығың қарсы тұрдыңдар. Ал, енді қандй ақыл қосасыңдар?

Біреуі: Хан ием, қазаққа барайық, тағы да алдап торға түсіріп, келген соң басын алайық!

Далай: Ақылдысын ақымақтың! Әлсіреп қашқан Арқалыққа бата алмағаны ойында жоқ, аузымен орақ орады, бұлар. Сол Арқалық пен Қоңқа сендерді тосып жатыр, бізді келіп алдап алып кетсін деп! Бір жібі түзу сөз айтсаңдаршы!

Тағы біреуі: Менің ойымша, тағы да, Ажыға бопса жасайық, екі жақтап қыссақ қайда барады.

Далай: Мағанда керегі, сол, Ажы сияқтылар еді, Амал қанша! Кеше ғана жансыз жібергем, Ажы өзі қазған орға өзі түсіпті.

Жасауылдар: Сонда, Ажы өліппе?

Шу ете қалады.

Далай: Иә, өзі алдаған, Жалғыз атты жігіт түбіне жетіпті. қазір бүкіл қазақ ұлысының басы біріккен. Негізгі билік Бейсенбіде екен, енді қазаққа тисіп көр. Бұрынғыдай бытырап жүрсе біртіндеп құртуға болатын еді. Қазір қазақтар есін жип алды. Егер тиісе қалсаң бұкіл қазақ бірігеді. Олар кіріссе ордамызды таптап өте шығатыны сөзсіз. Қазақ біріксе қарсы тұру орыс пен қытайдың да қолынан келмейді, тек олардың арасына ірткі салу керек. Қазақ жай жатқанда ғана бірімен бірі түртіседі, сол кезде жеңіліс табады. Ал басына сойыл тисе бүкіл денесі әрекетке көшеді. Қазір олар сол күйде. Оның сыртында Арқалықтай батыры бар. Ол қылыш сілтесе кеуде біткеннен бас домалайды. Енді қазақпен бітімге келуден басқа жол жоқ. Кешегі Абылай, Жанібектердің Қобықтағы хан ордасын талқандап, бізді Алтай асыра қуғаны естеріңнен шыққан екен. Бұлар да қазір сол күйде. Енді Қалқаны асырып тастамай тұрғанда ес жяиық.

Біреуі: Ал, ханшаны не істейміз?

Далай: Біз батырымызды бағалай білмедік, білгімізде келмеді. Қоңқа кім еді? Ел ардақтар ер еді. Бауасина кім еді? Үлбіреген гүл еді, онсыз күнім түн еді. Ерім елден кетіп, құсымның көкке ұшқаны. Ел болатын елдің белгісі ме, айтыңдаршы?

Бәрі үндемейді.

Далай: Арқалық кім еді? Кеше ғана, Ажыдан қорлық көріп, қолыма түскен ер еді, ебін тауып, сытылып, еліне кетті. Міне, бұл ненің белгісі, ел болатын елдің белгісі! Қазақтың басын біріктірмеу керек еді. Ондағы жалғаз амал, табаны тайғақ Ажы сияқтылыр болатын. Олар тұрғанда, қазақ бізге, таусылмайтын май шелпек. үмітім үзілді. Сендер бас-басыңа би болғаннан басқа не бітірдіңдер, ерді елден алстатуға көп көмек еттіңдер! Сондықтан, Қоңқаны әкеліп оң қол уәзір етемін. Қазақ, қалмақ осыдан бастап қастықпен емес достықпен, бірлікпен өмір сүреді. Енді қазақтың күні туған екен. Не жазсаңда, көнбесіме амалым барма тағдыр!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар