Қазақ филологиясы мамандықтарының мәселесін айғай-шумен емес, ақылдасып шешуіміз керек
Елімізге белгілі және беделді академик ағаларымыз бен көрнекті ғалым-филолог апайларымыздың «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттары жіктеуішінің» жобасына байланысты ерекше алаңдаушылық білдіре отырып, өткен аптада ана тіліміздегі біраз мерзімді басылымдарда және әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлерінде көтерілген өзекті мәселелерді барынша қолдап-қуаттаймыз.
Алайда, кейбір БАҚ-тардағы: «Еліміздің Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторы» деп аталатын білім құжатының жаңа нұсқасын 1 ақпан күні (2017 ж.) қолданысқа енгізді», - деген мәліметтің шындыққа жанаспайтын, қате ақпарат екенін айтқымыз келеді.
2017 жылдың 1 ақпанынан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі бойынша мамандықтардың ешқандай да жаңа жіктеуіші қолданысқа енгізілген жоқ. Негізінде жіктеуіш жобасының маңдайшасында орыс тілінде «Дата введения 2017.01.02» деп жазылған. Осыны біздің ағайындарымыз «2017 жылдың 1 ақпанынан бастап бекітілді» деп шатастырып жүр. Шындығында, бұл жобаны о баста 2017 жылдың 1 ақпанынан емес, 2 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізу жоспарланған. Алайда, жоғары оқу орындары мен басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдарда әлі де талқыланып жатқандықтан, ол әлі бекітілген де, қолданысқа енгізілген де жоқ.
Сондай-ақ кейбір мерзімді басылымдарда және әлеуметтік желілерде «жабылып қалды» деп жазылған «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан тарихы» деген өз алдына дербес мамандықтар бұған дейін де болған емес. Қазіргі кезде «5B011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті» деген бір мамандық, «5B012100 – Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «5B020300 – Тарих», «5B020501 – Филология: Қазақ тілі» мамандықтары бар.
Сонымен бірге кейбір мерзімді басылымдарда және әлеуметтік желілердегі: «Жақында ғана мәлім болғандай, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен жоғары және одан кейінгі оқу орындарындағы мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ əдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» сияқты ең қажетті пəндер алынып тасталынды», - деген мәліметтер де ақиқатты бұрмалау сипатында таратылған ақпараттар екенін атап көрсеткіміз келеді.
Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларынан «Қазақ тілі», «Қазақ əдебиеті», «Қазақстан тарихы» («Қазақ тарихы» емес және қазіргі кезде «Қазақстанның қазіргі заман тарихы») пәндері алынып тасталған жоқ. Бұл пәндер одан әрі де студенттерге оқытылып жатыр. Ал «5В020900 – Шығыстану», «6М020900 – Шығыстану», «6DВ020900 – Шығыстану» – бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінің, «6М021300 – Лингвистика», «6D021300 – Лингвистика» – магистратура және докторантура деңгейлерінің мамандықтары болып табылады.
Анықтап айтатын жайт – Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жаңа жіктеуіші жоба ретінде 2016 жылдың тамыз айынан бері жоғары оқу орындарында, жұмыс берушілер болып табылатын бизнес құрылымдарында әлі күнге дейін талқыланып жатыр.
Бізге белгілі мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 2 маусымдағы №353 бұйрығымен Қазақстан Республикасының Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішін қайта қарау бойынша Жұмыс тобының құрамы бекітілген. Құрамына білім, жұмыс берушілер мен бизнес салалары, оның ішінде «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тараптарынан барлығы 46 өкіл енгізілген бұл Жұмыс тобының алғашқы мәжілісі 2016 жылдың 12 тамызында Алматы қаласында өткізіліп, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жаңа жіктеуішінің жобасы қаралған.
Жалпы жіктеуіштің жаңа жобасында қазіргі бакалавриаттың 175 (магистратура мен PhD докторантура мамандықтарын қоспағанда) мамандығын 10 ғылыми салаға, 27 мамандар даярлау бағытына және 98 мамандыққа жинақтау жоспарланған еді.
Осыған орай, жіктеуіштің осы жаңа жобасына байланысты көптеген сын-ескертпелер айтылып, жазылған. Мысалы, жіктеуіштің алғашқы жобасында қазіргі 29 педагогикалық білім беру мамандығын бір-бірімен біріктіріп, оларды 8 педагогикалық білім беру бағытына айналдыру көзделген болатын.
Сол сияқты «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» атты бөлім өз алдына бөлек жаңа ғылым саласы ретінде көрсетіліп, оның ішінен «Журналистика және ақпарат» бағыты бөліп шығарылған еді.
Журналистика, ақпарат және коммуникация салаларының күні бүгінгі халықаралық жүйе мен қазақ қоғамы үшін маңызы ерекше артып отырғандықтан бұл өзгерісті барынша қолдап-құптай келіп, қазіргі қолданыста бар «5В042200 – Баспа ісі» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтарының жойылып, жаңа жіктеуіштің жобасына енгізілмей қоюына байланысты ерекше алаңдаушылық білдіріп, біз де әлеуметтік желілер мен қазақ баспасөзінде жедел түрде дабыл қаққанбыз.
Біз жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар қауымының академиялық ортасында осы тақырып қозғала бастаған 2016 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуіші туралы мәселеге байланысты Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев мырзаның атына бірнеше рет арнайы хат жаздық. Министр мырзаның бізге жолдаған жауабында министрліктің 2016 жылғы 2 маусымдағы №353 бұйрығымен Қазақстан Республикасының Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішін қайта қарау бойынша Жұмыс тобының құрамы бекітілгендігі хабарланған.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев мырза өзінің бізге жолдаған жауап хатында: «Қазіргі қолданыстағы жіктеуіште бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура бойынша барлығы 598 мамандық бар. Бұл тізімдегі мамандықтар саны еңбек нарығы мен қоғамның қажеттілігіне байланысты жыл сайын артып келеді. Жан-жақты кеңейтілген негізгі дайындық пен қажетті құзыреттілікті меңгерген әмбебап мамандар даярлаудың маңыздылығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Жаңа жіктеуіштің жобасынан көптеген мамандықтардың түсіп қалуы бұған дейін болған бағыттар бойынша мамандар даярлауға кедергі келтірмейді», - деп жазған болатын.
Сондай-ақ біз «Қазақ әдебиеті» газетінің 2016 жылдың 18 қарашасындағы нөмірінде жарияланған «Қағазбастылықтан арылмай» атты мақаламызда да өзіміздің осындай пікірімізді айтқанбыз.
Осы тұрғыдағы ерекше сын-ескертулерден соң жоғарыдағы жобадан кейін жіктеуіштің тағы бір жаңа нұсқасы жасалды. Оған алғашқы кезде тізімнен түсіп қалған «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Тарих», «Филология: Қазақ тілі», «Шығыстану», «Лингвистика», «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», сонымен қатар қазіргі қолданыстағы басқа да мамандықтардың барлығы дерлік өз алдына бөлек білім беру бағдарламалары ретінде қайта енгізілді.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жаңа жіктеуіші не үшін жасалған? Енді осыған келейік.
Мұның басты себебі Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес келтірілетін болады», - деп жазылған.
Осыған байланысты еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуішін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіру қолға алынуы заңды.
Қазіргі уақытта қазақ баспасөзі мен әлеуметтік желіде қызу пікірталастың өзегіне айналған «Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттары жіктеуішінің» жобасы дәл бүгін бекітілмегенімен, ертең немесе оның арғы күні, яғни алдағы уақытта бәрібір қабылданып, бекітілуі тиіс. Өйткені Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі және басқа да құзырлы мемлекеттік органдар Елбасымыздың арнайы Жарлығымен бекітілген, жоғарыда аталған Мемлекеттік бағдарламаны мүлтіксіз жүзеге асыруға міндетті.
Сонымен бірге алғашқы кезде Интернеттегі «Электрондық үкімет – Ашық үкімет» порталында жарияланған, ал қазір Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми Интернет-ресурсында орналастырылған «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында да жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жаңа жіктеуіші жасалатыны туралы айтылған.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №905 қаулысы бойынша жоғарыда аталған Заң жобасы Парламенттің қарауына 2017 жылдың сәуір айында ұсынылуы қажет.
«Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламентте қабылданған соң ғана Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жіктеуіші белгіленген тәртіппен талқылау жүргізудің нәтижесінде бекітілуі немесе академиялық және ғылыми ортадағы қызу пікірталастар мен қоғамдық пікірді ескере отырып, оның басқа нұсқасы жасалуы мүмкін.
Иә, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жасап, жоғары оқу орындарына танысып шығуға және талқылауға ұсынған «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттары жіктеуішінің» жаңа жобасынан «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ филологиясы» және т.б. салаларға қатысты мамандықтар қысқарып кетпесін деп бәріміздің де қатты алаңдап жатқанымыз түсінікті.
Енді мынадай бір мәліметтерге де назар аударайықшы.
«2016-2017 оқу жылына арналған мамандықтар бөлінісінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 4 шілдедегі № 418 бұйрығымен бекітілген 2016-2017 оқу жылына арналған күндізгі оқу нысанындағы мамандықтар бөлінісінде жоғары білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша күндізгі оқу нысанына:
- «5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына – 335;
- «5В012100 – Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына – 45;
- «5В020500 – Филология: қазақ тілі» мамандығына – 79;
- «5В020900 – Шығыстану» мамандығына – 10;
- «5В021200 – Түркітану» мамандығына – 8;
2016-2017 оқу жылына арналған сырттай қысқартылған оқу нысанындағы мамандықтар бөлінісінде жоғары білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша сырттай қысқартылған оқу нысанына:
- «5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына – 41;
2016-2017 оқу жылына магистрлерді даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша магистрлерді даярлауға:
- «6М011700 – Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығына – 95;
- «6М012100 – Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына – 28;
- «6М020500 – Филология» мамандығына – 85;
- «6М020900 – Шығыстану» мамандығына – 15;
- «6М021200 – Түркітану» мамандығына – 10;
- «6М021300 – Лингвистика» мамандығына – 8;
- «6М021400 – Әдебиеттану» мамандығына – 7;
2016-2017 оқу жылына PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша PhD докторларын даярлауға:
- «6D011700 – Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығына – 11;
- «6D020500 – Филология» мамандығына – 8;
- «6D020900 – Шығыстану» мамандығына – 5;
- «6D021200 – Түркітану» мамандығына – 4;
- «6D021300 – Лингвистика» мамандығына – 6;
- «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығына – 6 мемлекеттік білім гранты бөлінді.
Яғни жыл сайын жоғарыда аталған мамандықтар бойынша бакалавриатқа, магистратураға және PhD докторантурасына шамамен осындай мөлшерде мемлекеттік білім беру гранты бөлініп келеді.
Енді өзімізден өзіміз сұрап көрейікші: жоғарыда аталған мамандықтар бойынша мемлекеттік білім грантымен және ақылы негізде жоғары оқу орындарын бітірген бакалавр мамандарының, магистрлеріміздің, PhD докторларымыздың қаншасы тікелей өздерінің төл мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр немесе жұмысқа орналасты? Мемлекеттік гранпен немесе ақылы негізде университеттердің дипломдарын алып шығып жатқан филолог, шығыстанушы, түркітанушы, лингвист, әдебиеттанушы, тілші жастарымызды өздерінің тікелей мамандықтары мен салалары бойынша жұмысқа орналастырып жатырмыз ба?
Ащылау болса да, айтпасқа амалымыз жоқ. Шынын айтқанда, біз, жоғары оқу орындарында қызмет істейтін профессор-оқытушылар қауымы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жасап шыққан «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттары жіктеуішінің» жаңа жобасынан өзіміздің салаларымыз бойынша мамандықтар қысқарып қалатын болды деп дабыл қаққанда, көп ретте ең алдымен өзіміздің қара басымыздың жағдайын ойлап отырғанымызды да мойындауымыз керек. Өйткені ертеңгі күні мамандықтар қысқарып қалса, тиісінше мемлекеттік білім гранттарының саны да қысқаруы мүмкін. Соған байланысты студенттер де азаюы мүмкін. Студенттердің саны азайған соң жоғары оқу орындарындағы сағаттардың мөлшері де қысқарады. Ақыр аяғында студенттер мен сағаттар қысқарған соң, сол мамандықтар бойынша сабақ беріп жүрген профессор-оқытушылар да қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалуы мүмкін.
Міне, біз – профессор-оқытушылар тікеле й өзімізге қатысты осындай жағдай орын ала ма деп қатты уайымдап отырмыз. Ал енді өзіміз жыл сайын оқытып, жоғары оқу орындарын бітіртіп жатқан шәкірттеріміз жұмыссыз қалып жатқан жоқ па?
Нарықтық қарым-қатынасқа көшкен Қазақстан экономикасында біздің даярлап, оқытып, қолдарына диплом беріп, шығарып салып жатқан филолог, шығыстанушы, түркітанушы, лингвист, әдебиеттанушы, тілші шәкірттерімізге – бакалаврларымызға, магистрлерлерімізге және PhD докторларымызға жұмыс беруші ұйымдар тарапынан сұраныс бар ма?
Біз осы мәселелер бойынша зерттеу жүргізіп көрдік пе?
Кейбір әріптестерімізге мүлдем ұнамай қалуы мүмкін мұндай сауалдарды тікелей қабырғасынан қойып отырғанымыздың өзіндік себептері де бар.
Егер «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қабылданатын болса, онда жоғары оқу орындарына студенттер қазіргідегідей мамандықтар бойынша емес, олардың өзара бәсекелестік жағдайындағы жұмысқа орналасуы, еліміздің өңірлері мен еңбек нарығының талаптары негізінде және мамандарды даярлау бағыттарының білім беру бағдарламалары бойынша қабылданады.
Яғни мемлекеттік білім беру тапсырысының оқу гранттары бүгінгі күнгідей мамандықтарға емес, жоғары және жоғары оқу орынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының білім беру бағдарламалары бойынша берілетін болады. Оған қоса арнайы білім беру мониторингі жүргізіледі. Қандай кәсіпке сұраныс бар екені, қандай саланың бітірушілері жұмысқа орналаса алмай жатқаны анықталып отырады.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еңбек нарығындағы өңірлердің шынайы талаптарын ескеріп, білім беру бағдарламаларының арнайы тізімін жасап, оны жүйелі түрде жаңартып, жүргізіп отырады. Бұл тізімге жұмыс күшіне деген нақты қажеттілік пен сұраныс бар салалардағы білім беру бағдарламалары ғана енгізіліп, ал түлектері жұмысқа орналаса алмай жатқан білім беру бағдарламалары, керісінше, тізімнен шығарылып тасталады.
Осыған байланысты жоғары оқу орындарының білім беру қызметін жүргізуі үшін мемлекеттік лицензия қазіргідегідей мамандықтар бойынша емес, ғылыми салалар және мамандар даярлау бағыттары бойынша беріледі. Соған сәйкес сол салалар мен бағыттардың шеңберінде жоғары оқу орындары өз бетінше тиісті білім беру бағдарламаларын ашуға мүмкіндік алады. Ал білім беру бағдарламалары әр саланың кәсіптік стандарттары негізінде және біліктіліктің ұлттық және салалық шеңберіне сәйкес жасалады.
Сонымен бірге кейбір кәсіптер бойынша жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері өздерінің кәсіптік дайындықтары мен біліктіліктерін жұмыс берушілер қауымдастықтары растағаннан кейін ғана кәсіби қызметке рұқсат алатын болады. Ондай рұқсат арнайы сертификаттармен расталуы қажеттігі талап етіледі.
Ал жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын ең алдымен нарықтық қатынастағы бәсекелестік жағдайын ескере отырып жасауы тиіс және білім алушылар мен жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып оларды үнемі жаңартып тұруы керек болады.
Сондай-ақ әрбір кәсіптің өзіндік стандарттары жасалып, оған қойылатын талаптар бекітіледі. Бұл құжат кәсіптік стандарт деп аталады.
«Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы №414-V ҚРЗ Еңбек Кодексінің 9-шы тарауының 117-бабы бойынша кәсіптік стандарт дегеніміз – кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейіне және құзыретке, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт. Мұндай кәсіптік стандарттарды әзірлеуді, енгізуді, ауыстыруды және қайта қарауды жұмыс берушілер бірлестігі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бекітетін салалық біліктілік шеңберлері негізінде жүргізеді.
Бұл жерде мәселенің осы бір тұсы мен жай-жапсарын жіліктеп айта кетсек дейміз. Жоғарыдағы Заң жобасында жазылғанындай, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жіктеуіші» бір бөлек құжат, ал «Білім беру бағдарламалары» және оның тізімі деген өз алдына бөлек құжаттар ретінде жасалады. «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттарының жіктеуішінде» қазіргі таңда жалпы халықаралық тәжірибеде қолданылып келе жатқан ғылыми салалар мен мамандар даярлаудың бағыттары көрсетілсе, ал білім беру бағдарламаларын мемлекеттік білім беру ісіне арнайы лицензиялары бар жоғары оқу орындары әрбір еліміздің экономикасына дәл бүгінгі күні қажет болып отырған кәсіптер бойынша өздері дербес жасап, бекітіп және ұдайы өзгертіп отырады.
Жоғарыда айтылған жайларды түйіндей келгенде, білім саласының ерекшеліктерін терең түсінетін білікті мамандарды және жоғары оқу орындарын бітірген жастардың жұмысқа орналасуына ықпал ете алатын, заңды тұлға болып табылатын мекемелер мен ұйымдарды, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Жазушылар Одағын, ана тіліміздегі газет-журналдардың және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларын тарта отырып, бір-бірімен сабақтас Қазақ филологиясы, қоғаммен байланыс және журналистика бойынша жұмыс берушілердің салалық қауымдастығын (бірлестігін) құруымыз керек.
Еліміздің болашағына және халқымыздың рухани-мәдени құндылықтарына жанашыр азаматтарымыз басқаратын мекеме, ұйымдардан тұратын осындай салалық қауымдастық (бірлестік) келешекте Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге «Қазақ тілі және әдебиеті», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология: қазақ тілі», «Шығыстану», «Түркітану», «Лингвистика», «Әдебиеттану», сондай-ақ «Қоғаммен байланыс», «Журналистика», «Баспа ісі» және басқа да мамандықтар бойынша жоғары оқу орындары мен талапкерлерге мемлекеттік білім гранттарын бөлу ісіне белсене қатысып, осы салалар бойынша кәсіптік стандарттар жасап, бекіту жауапкершілігін де өз мойнына ала алар еді. Сондай-ақ біз болашақта «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттары жіктеуішінің» жобасы қабылданған кезде жоғары білімді мамандар даярлаудың барлық ғылыми бағыттарының (қазіргі ұғыммен айтқанда - мамандықтардың) білім беру бағдарламаларына "Қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті" , "Қазақ журналистикасы" секілді пәндерді міндетті түрде енгізу керек деп ұсыныс айтқымыз келеді. Бұл пәндерді тек қана гуманитарлық бағыттағы емес, жаратылыстану-техникалық салалардың студенттері де оқуға тиіс.
Міне, осындай өзекті мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшылары мен жауапты қызметкерлері, Қоғаммен байланыс басқармалары мен бөлімдері Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асырудың барысында туындап жатқан түрлі түсінбеушіліктердің алдын алып, қарапайым халықтың арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс еді. Алайда, министрліктің басшылығы мен кейбір әріптестеріміз: «Ондай классификатор қабылданған жоқ», - деген құрғақ бір ауыз сөз айтылған бейнежазбаларын ғаламтор желісінде таратумен ғана шектеліп, жұртшылықты одан әрі шатастырып жатқаны бізді де қатты мазалайды!
Әрине, академик, ғалым-филолог аға-апаларымыз мамандықтар жіктеуішіне қатысты тақырыпты өте дұрыс, дер кезінде көтеріп отыр.
Дегенмен білім саласының мәселелерін айтқанда, оны саяси ойынға, өзімізге ұнамайтын жандардан өш алуға, өздерінің қара бастарының жайын күйттеп, ұпай жинағысы келетін жеке адамдардың жалаң ұрандарына айналдырып жібермесек екен деген өтініш-тілегіміз бар. Өкінішке қарай, бізде өздері білмейтін, бірақ білгеннің тілін алмайтын, соған қарамастан білім саласына «сарапшылық» жасағысы келетін азаматтар кейінгі кезде тым көбейіп кетті. Осындайда еріксіз «Сондай «сарапшылар» неге мектептер мен колледждерге, университеттерге барып, оқушылар мен студенттерге сабақ беріп, бала оқытудың ыстық-суығын көріп, дәмін татып, білім саласындағы кемшіліктерді өздері бастап жөндемейді екен?» деген ой да келеді.
Білім саласында болып жатқан өзгерістерді бұрмалап, қоғамды дүрліктіруге тырысатын арнайы күштер де жоқ емес екені бүгінде белгілі болып қалды. Олар өздері де дұрыс түсінбейтін мәселелерді жұртшылыққа мүлдем басқа сипатта «түсіндіріп», жоғары оқу орындарында «Қазақ тілі» пәні оқытылмайтын болыпты» деген бұрмаланған мәліметтер жариялап жатыр.
Өздері «Мамандықтар» мен «Пәндер» деген ұғымдардың аражігін ажырата алмай отырып, ондай күштер білім саласының ішкі ерекшеліктерін жетік білмесе де, өтірікті – шындай, шынды – Құдай ұрғандай етіп, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп шикілі-пісілі, теріс ақпараттарын іркілмей таратып отыр. Олар үшін білім саласының сапасы шын мәнінде жақсарғаны маңызды емес, ондайларға қазақ қоғамының дүрлігіп, у-шу болып жатқаны қажет!
Білім саласы – сондай күштердің кезекті «тақырыптары» болып тұр. Бұл «тақырып» төңірегінде пайдасыз, мән-мағынасыз талас-тартысқа жол ашып берген соң, олар келесі бір «тақырыптарды талдауға» кіріседі.
Білім беру ісі – еріккеннің ермегі емес, ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілігі мол, адал адамдардың жанашырлықпен айналысатын абыройлы жұмысы!
Сол себепті әртүрлі арандатушылық іс-әрекеттер мен өсек-аяңға алданбайық, ағайын! Білім саласының шын мәніндегі жағдайын білгіміз келсе, осы салада шын мәнінде жұмыс істеп жүрген, оқу ісінің ішкі қалтарыстарын жетік білетін кәсіби мамандарға жүгінейік!
Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor),
филология ғылымдарының кандидаты (PhD),
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.
Астана.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.