Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрбек Нұржанұлы: Әр тамшыда бір періште болса еге...

07.07.2016 3548

Нұрбек Нұржанұлы: Әр тамшыда бір періште болса егер...

Нұрбек Нұржанұлы: Әр тамшыда бір періште болса егер... - adebiportal.kz

 

 

                                                                         

        Көктем келеді...

 

zXZ3sxnj_Gs (1).jpg

Ұйықтады түн жасыра сап сан отты,

Самғап барад сағынышым қанатты...

Алтын шашын жайып тастап әлемге,

Бүгін тағы ең керемет таң атты.

 

Қыс қабағы отыр, әне, бейтарап,

Күн нұрының ішегінен күй тарап.

Нұр қауырсын қанаттары құстардың,

Ұшып барад жүрегімді сипалап.

 

Көктем іздеп отыр, әне, бақтарда,

Ғазалың жоқ жапырақтар, хаттарда.

О, көктемім, сені күттім адамнан,

Мені ешкім түсінбеген шақтарда.

 

Бұлттың жүгі арқасында жоқ артқан,

Қара шашын көктем нұры ағартқан.

О, көктемім, сені күттім қоғамнан,

Кездерінде мейірімін жоғалтқан.

 

Күз қойнында, қыс жеңінде қалғанда,

Кейде көктем жоқ секілді жалғанда.

О, көктемім, сені күттім арудан,

Гүл жанардың шығы құлап, солғанда.

 

Маған, көктем, өкпелеме, кектенбе!

Ақиқат бар мен жайында көктерде.

О, көктемім, сені күттім өзімнен,

Жас жүрегім күзге айналып кеткенде...

 

Менің жасым табылады көлдерден,

Менің жырым саған жетер желдермен.

Сені күттім саған ғашық қайыңнан,

Сені күттім сен сүйетін белдерден...

 

Еркін ұшқан өзім емей, көкте кім?

Беу сүйінші, далаларым, бөктерім!

Құс хаттарын маған қарай жіберіп,

Әне, қара! Келе жатыр көктемім!

 

 Нұр оранған гүлзарым                     

                                                   «Ләйләсі бар дүниеден ажырап,

                                                            Қалдым бір күн Ләйләсі жоқ қалада.»

                                                                                         Жұматай Жақыпбаев

Жанарымды жатыр менің өбіп мұң,

Сағыныштың мұңлы күйін төгіп түн.

Тек үш рет көрген ағам Ләйләсін,

Ал мен сені төрт ақ рет көріппін...

 

Ақ жібімен нұр көйлегін таң тіге,

Сағынады, көнеді ғой жан түге!

Төрт мың рет жараландым төрт көріп,

Төрт көріп мен ғашық болдым мәңгіге.

 

Қайда жүрсің, от жүрегім, пақыр-ау?!

Ғасыр, әлде жыл өтті ме, апыр-ау?!

Мені сенен әкетті ғой Алматы,

Сені менен әкетті ғой Атырау.

 

Жұлдыздардан құшағыма тама мұң,

Сен үрлесең, маған ескен самалың.

Ай көзінде қалды сенің жанарың,

Күн жүзінде қалды сенің жамалың.

 

Сен ғазалсың, менде қалған жыр едің,

Таң оралар түн пердесін түре күн.

Атырауға аман-есен жетсең де,

Алматыда қалған шығар жүрегің...

 

Жүрегіңнен қай жүрекке көшемін?

Саған неге апармайды көше мың?

Ақ Жайықтай жанарыңда саялап,

Көз жасыңның жағалауын кешемін.

 

Сен сыйлаған дерті тәтті жаным мұң,

Кірпіктерің – әр сәулесі таңымның.

Жүрегіңнің жамалынан көз алмай,

Ғашық болдым жанарына жаныңның...

 

Қарашығы, мөлдірісің көзімнің,

Қабырғамсың, бөлшегімсің өзімнің.

Сансыз түндер кестеленген ғазалмен

Сыйға тартшы орамалын сезімнің.

                              

Саусағыңа мен жапырақ түстім бе?

Кірпігіңе қар боп қонғам,

Қыс... түнде.

Кездесейік кітаптардың ішінде,

Жүздесейік жұлдыздардың үстінде.

 

Күтер ме едің?

Тән – көйлегім тозса шы?

Перизатым, жүзі – көктем, жаз – шашы!

Екеумізді жалған мынау бес күндік,

Бесінші рет көрісуге жазсашы...

 

Шаһарда шер...

Терезем мұң... түн жарым...

Білтелі шам... төгіледі мұң-зарым.

Мен күздегі жапырақпын сағынған, 

Сен аман бол, көктемдегі гүлзарым!..

 

Жаңбыр

 

Әр тамшыда бір періште болса егер,

Кірпігіңе қонса, алма ұшырып.

Жанарыңнан мөлдіреп жас тамса егер,

Періштелер әуреленер түсіріп...

 

Сезім жұлдыз жанған мынау өңір түн,

Көктемінде жүрегіңнің – жаңбырым.

Барады ағып жанарынан өмірдің,

Мөлдіреген көз жасындай тағдырың...

 

Арқалаймын ғазалыңның хаттарын,

Көздің жұлдыз сағынышын бағамын.

Гауһар-гауһар көз жасымның сафтарын,

Ақ мойныңа алқа ғылып тағамын...

 

Жүрегіңнен үзіп ал да, піссе мұң,

Маған сыйла, қалсын мәңгі сағыныш...

Қауырсындар кірпігіңнен түссе мың,

Қанат қылып байлап ал да маған ұш...

 

 

 

 

Жаңбырдың тыңдашы үнін...

 

Әуезі мұң жаңбырдың тыңдашы үнін,

Жылап жатыр төбемде түн ғашығым.

Мені жоқтап қалды ма сансыз жылдар,

Мені іздеп жүр ме екен мың ғасырым...

 

Кірпігінен бұлттардың моншақ құлап,

Алақанын жаяды сан жапырақ.

Мен бұлттарға сыйлармын көз жасымды,

Жанарымнан бір күні тамса бірақ.

 

Сағынышы жүректің әй, тегінбе,

Күн ғашығын іздейді, Ай теңінде.

Тереземе жылайды Аспан ару,

Сырғанайды көз жасы әйнегімде.

 

Дәл осылай көкірек күймеп еді,

Жауын бізге сүюді үйретеді.

Жаңбыр қыздың терезем сахнасы,

Түніменен билейді, билетеді.

 

Сафтар жатыр белінде қанша қырдың,

Маңдайынан тамшылап сан шатырдың.

Жаңбырменен билеймін жаңбыр болып,

Керегі жоқ үйдің де, қолшатырдың...

 

Мені іздеген жарыққа жетсем бе екен,

Мені сүйген самалды өпсем бе екен?

Жаңбырларды арқалап жыласам ба,

Ақ жауынға айналып кетсем бе екен...

 

Жауын күлді, жылады сүрді міне!

Таңдар атар ауаға нұр тігіле.

Менің ғұмыр жаңбырым тамбасыншы,

Еш арудың кіршіксіз кірпігіне...

 

Жаңбырдың тыңдашы үнін...

 

 

Әже көрсем туған жерді сағынам...

 

Мұң сияға матырып-ап қаламды,

Жырлай берем өзімді де ғаламды.

Әже көрсем әжімі бар қатпарлы,

Әз жүзінен көрем сорап даламды.

 

Ойларымды, жырларымды бақсам мұң,

Сөнер бір күн ақ сәулесі от шамның.

Әже көрсем жанарынан мұң көрем,

Кеугім тартқан сәулесіндей ақшамның...

 

Кеуананы құшақтасам төсіме,

Қарияны бөтен көрем несіне.

Солғын басқан жапырақтай жанары,

Әже көрсем күз түседі есіме.

 

О, жарық таң атасың да батасың,

Аз ғұмырдың кермек дәмін татасың.

Әже көрсем керегі жоқ байлықтың,

Риза етіп алсам болды батасын.

 

Шекпен болған құшағымды жаямын,

Жылына ма мәсі болсам аяғың?

Таста, әже таяғыңды қайтесің,

Маған сүйен, мен болайын таяғың...

 

Мен ғашықпын іңіріме, күзіме,

Қарай бергім келеді ақ жүзіне.

Тарам-тарам әжімдерің оюлы,

Көз жасыңның ағып өткен ізіме...

 

Жастығың боп о, қария жетсем бе?

Көздеріңде көктем болып өтсем бе?

Әже көрсем еркелегім келеді,

Көтеріп-ап құбылаға кетсем бе?

 

Солған Айдай жанар неге семеді,

Тереземе еркелеген жел еді.

Әже көрсем сіңген қара топырақ,

Алақанын сүйіп алғым келеді...

 

Тым алыста аспан жағып шырағын,

Үнсіз, мұңсыз қара мақпал құла түн.

Әже көрсем еркелегім келеді,

Келеді рас құшағында жылағым...

 

Мен іздеппін басқа шаттық, басқа мұң,

Кірпік сынды өмір қысқа қас-қағым.

Әжелердің жанарынан көремін,

Туған жердің мөлдіреген аспанын.

 

Термей гүлді кеттім бе екен тере мұң,

Еркелеймін Абайы боп Зеренің.

Әже көрсем туған жерді сағынам,

Әз жүзінен кең даламды көремін...

 

         Қайыршы шал

 

Тар көшелер...

Құшағымда қыңыр мұң,

Жер қойнына күн шапағын сіңірді.

Ақшам нұрдың жағалауын кешемін,

Иығыма жамылып-ап іңірді...

 

Мен білмеймін сағат қазір нешеде?

Дәл осындай ымырт түскен кешеде.

Баян тартып баянсыз бұл тірлікке,

Шал отырды қайыр тілеп көшеде...

 

Неге, неге өз-өзіне өш пенде?

Сұрақ қалды көшеденде, кештенде...

Төңкерілген алдындағы тақия,

Іші толған екі теңге, бес теңге...

 

Бәрін, бәрін бөтен көрер, тең көрер,

Төсі баян өлең сыйған кең келер.

Төңкерілген тақияға мөлдіреп,

Кірпігінен құлап жатты теңгелер...

 

Исін аңсап жусан, шалғын, гүлдердің,

Жатады ол құшағында түн көрдің...

Жанарынан сәулесіндей ақшамның,

Қазақ көрдім...

Дала көрдім...

Мұң көрдім...

 

Сағынған-ау мейірімін шешенің,

Жүрегінде неше нота, неше мұң?

Тербеледі әуезіне баянның,

Сәби қоғам бесігінде көшенің...

 

Қарап тұрды тас шаһарға, қалаға,

Қос жанары толы ойға, налаға.

Жетім шалдың жанарынан жетім жас,

Күртесінен домалады далаға...

 

Неге жүрек?

Неге қала?

Тас бүгін...

Отырды шал сағынып бал жастығын.

Тіленші шал бақыр емес, бақ емес,

Сұрап отыр дініменен, дәстүрін...

 

Кезіп келед көщелерді аза мұң,

Ғайып ғазал жұлдызбенен жаза түн...

Қайыршы шал ақша емес, пұл емес...

Сұрап отыр, іздеп отыр қазағын...

 

Тоңған бізден көңілі сең, жаны мұз,

Баян тартып қала берді кәрі күз...

Өзімізді өзімізден сұраған,

Көшедегі қайыршымыз бәріміз...

 

 

 

 

  ***

 

Ұшады жұлдыздарға ойым қарға,

Қара түн мұңың бар ма?..

Айың бар ма?..

Із болып жан баспаған көшелерге,

Мен келем көлеңке боп қайыңдарға.

 

Кеудемнен шыққан күйді, тыңдар үнді,

Естиді Ай шерімді, түн зарымды.

Келем жалғызсыратпай жалғыздықты...

Келем мұңайтып алмай мұңдарымды...

 

Барамыз қиял қуып, сағым жырлай,

Жанарым май шамдағы шағын нұрдай.

Адасқан іздерімді іздеп келем,

Келемін сағынышты сағындырмай...

 

Үнсізбін...

көмейімде тас қамалып,

Қайтемін текке күйіп, босқа налып...

Соқыр түн... кірпік көше... мұңымын мен...

Келемін  жолдарымды жасқа малып.

 

Батыс – қыс,көктем қайда?

Таң шығыс - күз,

Дүрелеп қайғы деген қамшымыз жүз.

Кірпіктей қысқа ғана бұл өмірден,

Бір күні құлап кетер тамшымыз біз...

 

Менің сағынышым

 

Көтемгі ме, әлде күзгі қай айсың?

Мен құстарды, сен гүлдерді аяйсың.

Жұлдыз нұрын ақ жүзіңе опалап,

Күн сәулесін көздеріңе бояйсың...

 

Сен самғайсың, сен жүресің ақырын,

Дала үйің, аспан сенің шатырың.

Қырмыз гүлмен ерініңді далаптап,

Себінесің ескен самал әтірін...

 

Бұлт көйлектің қайырып түн жағасын,

Ай арайын алқа ғылып тағасың.

Ақ қайыңның жапырағын сарғайған,

Күз аңқыған шаштарыңа жағасың...

 

Сен аспанды және мені сүйесің,

Мәжнүн сынды алжасады жиі есім.

Ақша бұлтты орамал ғып орайсың,

Айдың нұрын ақ көлек қып киесің.

 

Сен гүлзарсың, сен самалсың, даласың,

Жүрегімнің түкпірінде қаласың.

Жанарыңды  мұң тұмаға жуып-ап,

Кірпігіңді түнге бояп аласың.

 

Түнде аппақ мұңдарыңның шашы қап,

Қабағың күз, жаның көктем жасыл-ақ.

Екеуміздің сағыныштар билейді,

Қанатының сәулелері шашырап.

 

Көріспедік көлден, көктен, жерден біз,

Біздің жүрек не еткен әлсіз, пәрменсіз.

Екеуміздің мұңдарымыз жылайды,

Бірін-бірі жұбата алмай дәрменсіз.

 

Ізім ізсіз, жапырақсыз түнек күз,

Көзім көзсіз, тілім тілсіз, жүрек сыз.

Қала алмайды сезіміміз сезімсіз,

Соға алмайды жүрегіміз жүрексіз...

 

Аспанға бұлт, шық боламыз жерге біз,

Бүл өлкеде күнде сезім, күнде күз.

Бәріне де сіңген біздің сағыныш,

Ауадамыз...

Сәуледеміз...

Түндеміз...

***

 

Көк төсінен орын алды түн ойып,

Ай шеріне түн құшағы тыңайып.

Сенің мөлдір болсам егер жанарың,

Бұл өмірге қарар едің мұңайып...

 

Сезімдердің мекеніне аңсап бар,

Қиялыңда қалды ма екен сол шақтар?

Сенің найза кірпіктерің болсам ба?

Қаққан сайын үзілетін моншақтар...

 

Ескі мұңдар толған Аймен жаңарып,

Ақ мойныңа ай сәулесін тақ, алып!

Сенің мақпал қара шашың болар ем,

Бір-ақ түнде кетер еді ағарып...

 

Жанымды түн, сезімімді бағып күз,

Қара түннің мойнындағы жақұтпыз.

Сенің нәзік болсам ба екен жүрегің?

Әй, бірақта болар еді бақытсыз!..

 

Тоғысады біздің лүпіл ғарышта,

Бастым талай қадамымды шалыста.

Бақытымды бақытсыз ғып алғанша,

Ғашық болып қала берем алыста...

 

***

Қайда қалдым?

Қайда барам ұмсынып?

Шатқалдардан әжім шекем қымсынып.

Жанарымның қанатынан шық құлап,

Бара жатыр тағдырыма мұң сіңіп...

 

Қыс оралды өтекеріп-ап жыл айды,

Тереземді жел қылаумен сылайды.

Қос жанарым қаққан сайын қанатын,

Мөлдір-мөлдір қауырсындар құлайды.

 

Жер аңқиды тоз-тоз болған көңілім,

О, жанарым шақырады өңірің.

Бақыты мен, бағыты да белгісіз,

Тереземнен өтіп барад өмірім...

 

Сағыныш аңқыған шырақтар

 

Қызарасың жүз бұрылып, бір қарап,

Бұлттар – ғазал, аспан деген нұр парақ.

Мөлдір-мөлдір арлар, нұрлар, ұяттар,

Сенің мұңлы жанарыңнан тұр қарап...

 

Саған бәлкім ұқсамайды мұңсыздар,

Егізің бе көктем деген бір қыз бар.

Қара түнның жанарынан үзіліп,

Кірпігіңе тамып жатыр жұлдыздар...

 

Көктем болдың маған қарап күзіңе,

Қанаты түн мұң қонады жүзіңе.

Неге құстар ғашық сенің көзіңе,

Неге жолдар ғашық сенің ізіңе...

 

Сынған әйнек жанарынан төге мұң,

Жұлдыздарға жырларымды егемін.

Жанарыңды сағынады неге таң?

Мұңдарыңды сағынады неге түн?

 

Шырақтары алаулаған маздар түн,

Сенің үнсіз тұрысыңда саз бар-тын.

Сенің үнің әуезінде бұл-бұлдың,

Сағынышың қанатында қаздардың...

 

Кірпігімнен өлең ұшты пыр-пырлап,

Жүрегімде үміттерім жылтылдап.

Жанарымнан аққан мөлдір тамшылар,

Бара жатыр табанымда шылқылдап...

 

Тәні – шумақ, жаны – мәні жыр қыздан,

Қабағымның ортасына мұң сызғам.

Қиялыңның қанаты қап ақ бұлтта,

Көз жасыңның исі аңқиды жұлдыздан...

 

Сен мендіксің, мен сендікпін дегенмен,

Қалықтаған аспаныңда шөгел ем.

Маған ғана ғашық болдың неге сен?

Саған ғана ғашық болдым неге мен?

 

    Көк көйлекті көктемім

 

Сені әкетіп жолдар жатыр кес-кестей,

Жырдан көйлек сыйға тартам шешпестей.

Жүрегіңнің дәптеріне жазамын,

Саған жазған жырларымды өшпестей...

 

Ұмыта алмай сен тек мені бақ күзін,

Жолдар... жолдар... қайда кетті тапшы ізін...

Көк аспандай көк көйлегі ап-ашық,

Жанарың – күн, ақша бұлттай – ақ жүзің...

 

Түн жатады жұлдыз жеміс тағы үзіп,

Маңдайыма көмескі мұң тамызып.

Көк көйлегің көк теңіздей тербеліп,

Сені маған әкелер ме ағызып...

 

Сен аппақсың, жүрегімде шынарсың...

Талай құсқа, сансыз бұлтқа ұнарсың.

Жерге тимей сенің нәзік табаның,

Көшелерді баспағанда шығарсың...

 

Көзбен алдым қара түннен мың ұрлық,

Өрем өлең шұғыладан іңірлік.

Қарап едің бір ғана сәт, бір секунд,

О, сағыныш дертім болдың ғұмырлық...

 

Қолды бұлғап қайрылмайтын күндерге,

Жырым қалды жүз тамшыда, мың шерде.

Бақытты боп жүргеніңмен сеземін,

Мені ойлап мұңаясың түндерде...

 

Мұңлықпын-ау, шермендемін не еткен мен,

Бір гүл қалып шер төсімде өткеннен.

Аспан ашық, көктеген шөп, бірақта...

Көк көйлегің көрінбейді көктемнен...

 

Жолдар...

 

Жанады кеуде де қызып от,

Түндегі шырақтар жүзі шоқ.

Осынау жетімек жолдарда,

Қаншама іздердің ізі жоқ.

 

Жолдарда жанардың өрті бар,

Жыры бар ақынның серті бар.

Осынау жолдардың шегі жоқ,

Қаншама жүректің дерті бар.

 

Аспанға шырақтар шашылар,

Ай қолы бұлтқа кеп асылар.

Осынау жолдардың төсінде,

Қаншама көздердің жасы бар.

 

Түн бақтан мұң гүлін үзіп ал,

Жаныңа әжімдер сызылар.

Осынау көшеде күрсінген,

Қаншама ойлардың ізі бар.

 

Сезімдер сүрінер, жығылар,

Жан бар ма гүлдерді шын ұғар.

Осынау асфальтта тас жүрек,

Қаншама арудың мұңы бар.

 

Бұлттардан Ай нұры сүзілген,

Кірпікке сары мұң күз ілген.

Осынау сорапта кәртиген,

Қаншама үміттер үзілген.

 

Жұлдыздар жаурады самсаған,

Жұлдыздар көктегі қар шаған.

Осынау соқпақта тәкәппар,

Қаншама армандар шаршаған.

 

Жанады жылтылдап от аспан,

Жердегі ойлар көп шатасқан.

Осынау сүрлеуде қым-қиғаш,

Қаншама сенімдер адасқан.

 

Мен келем жолдарда кеш кірген,

Иен жол кешегі ескірген.

Қаншама мұңдарды бастым мен,

Қаншама көз жасын кештім мен.

 

Арманда, армандар қалмайды,

Сеніңдер, Сенімдер солмайды.

Бұл жолдар шаршатар мені де,

Алайда сөндіре алмайды НҰРЫМДЫ...

 

***

Нұрға еніп көздеріңнің қарасы,

Күтер сені жүрегіңнің даласы.

Самалөттің терезесінен әлемге,

Менің мұңлы жанарыммен қарашы...

 

Маған бүгін терезе дос, қалам дос,

Армандарға қорықпай-ақ қадам бас.

Құсты көрсең, гүлді көрсең сәлем айт,

Дала көрсең, тауды көрсең амандас...

 

Арман гүлі төсімізде солмаушы ед,

Қанат қағып ұшушы ек, талмаушы ек.

Біріміз бен бірімізсіз күндердің,

Өтетінін елестете алмаушы ек.

 

Самғап ұштық асып өтіп жүз белді,

Көктем өтіп кірпіктерге күз келді.

Бір-бір жұлдыз кеттікпе екен арқалап,

Бір-бір арман әкетті ме біздерді...

 

Армандаушы ек шың достықтың асқарын,

Бастық ойдың тікен, шөбін, тастарын.

Біздің жолдар тоғыспады қайтеміз,

Сау болыңдар, қош болыңдар достарым!

 

Қалды мұңдар арасында шимайдың,

Көкірекке сағынышты жинаймын.

Өздеріңмен өткен сонау сан жылдар,

Тек аңғалдау балалықты қимаймын...

 

***

Мен гүлзарды, сағынады көк нұрды,

Аспанда бұлт бірнеше күн көп тұрды.

Жауыннан соң таудан соққан өкпек жел,

Су-су болған қайың шашын кептірді...

                                          

Жүрек білем ауырады, тоңады,

Сезім сезем сарғаяды, солады.

Ық іздеген көбелектер ұшып кеп,

Көкірегімнің гүлзарына қонады.

 

Қара түннің май шамдары жана мың,

Сөнген, жанған сан ұятым, сан арым.

Шұғыласын шашыратып аспанға,

Шырақтармен шағылысқан жанарым.

 

Тау басында бұлт шаштары желбіреп,

Мендік шырақ, анау жұлдыз, сол жүрек.

Сол жұлдыздың сынығының бір нұры,

Тамып кетті жанарыма мөлдіреп.

 

Асау жүрегім

 

Жанарлардан жанарыма нұр сіңбек,

Уақыт мені Айға, Күнге жүр сілтеп.

Жүрек – қасқа кісінеп-ап кеудемде,

Шауып барад әлдеқайда дүрсілдеп.

 

Екпіндеймін халқым қайда? Көшім кім?

Ой қылыштан тілінеді есім мың.

Кең ғаламға жүрегімнің дүбірі,

Шапқылайды шаңын қағып төсімнің.

 

Ойлар құшқан, мұң жамылған кештерде,

Шауып барсам бұлттар кеткен көштерге.

Қолдарына надандықтың, күнәнің,

Жүрек – тұлпар тізгініңді еш берме.

 

Ұқсайды екен күн көктемге, түн күзге,

Сүрінуде, жығылуда сын бізге.

Жүрек – күрең ұстатпа еш жалыңнан,

Басынғанды тұрманыңа мінгізбе...

 

Оянады кірпігімен таңым жүз,

Көктем нұрды, сар сағыныш жамыл күз.

Төс даламда о, жүрегім, жүйрігім,

Енді қанша шапқыларсың дамылсыз...

 

Көк еркесі қыраны да шөгелі,

Қаттырақ қақ тағадағы шегені.

Тұлпарымды қамшыласа бұл өмір,

Екпіндесін, жүйрік болсын дегені...

 

Жұлдыздардан маңдайыңа бақ тама,

Сен азатсың қайғыда да бақта да.

Әлдекімдер кетседағы тұсаулап,

Шапқылай бер, шапқылай бер тоқтама!

 

Мен өлеңмін

 

Мені біреу шалса кеп таңғалмадым,

Күн болмадым неге мен түн болмадым?

Өлеңде тек өзімді табатынмын,

Ал өмірде кім болып, кім болмадым...

 

Құлап алып аламын жүре тыным,

Сырласады жырыммен төне түнім.

Өлеңде тек өзімді көретінмін,

Ал өмірде, мен емес көретінім.

 

Ілеседі ізіме, жол басады,

Күз бен көктем, күн мен түн алмасады.

Өмірдегі ғұмырым аяқталса,

Өлеңдегі ғұмырым жалғасады.

 

Шығара жыр жазамын шығара мұң,

Мен де бір күн күйбеңді доғарамын.

Өмірдегі орыным босап қалса,

Өлеңдегі өзімді шығарамын...

 

Сағыныш хаттары

              

Кейде күліп, кейде жылап жүрсің бе?

Жапырақ па әлде солған гүлсің бе?

Жұбатамын жаңбыр болып ымыртта,

Еркелетем шуақ болып күрсінбе.

 

Самал болғам мен шашыңнан өпкен боп,

Жасқа малған кірпіктерің кепкен жоқ.

Сағындырам ерте келген күз болып,

Аялаймын кеш оралған көктем боп.

 

Сыр айтасың мен жайында ақ қарға,

Мұңаяды сағынады бақтарда.

Қайта-қайта есімімді жазасың

Жүрегіңнен көкке ұшқан хаттарға.

 

Ғазал жазып жарығымен май шамның,

Түн төсіне құшағымды жайсам мұң.

Тоңған, өшкен әріптерді сен жазған,

Түн оқиды жарығымен Ай шамның.

 

Өкініштің ақ шидемін кеш кидім,

Шерге толған шекпенімді не істеймін?

Сен шырқаған сағыныштың әуенін,

Қас қарайса түнгі лептен естимін.

 

Ақша бұлтты қара бұлт кеп жамады,

Бұрымыңда бәйшешектер солады.

Сен жыласаң жанарыңның тамшысы,

Бұлтты күні тереземе тамады.

 

Күрсінеді жүрегіңнің жамалы,

Қайғы шығар қабағыңда қалары.

Сен мұңайсаң көзіңді алмай аспаннан,

Мұңаяды жұлдыздардың жанары.

 

Кірпіктерден құлап кетті бақи мұң,

Сезім жіптен мұң көйлегін тоқимын.

Сен оқыған кітаптардың барлығын,

Жанарыңа қарау үшін оқимын.

 

Сен көктемсің мен тордағы құстаймын,

Көктемімді тоңдырды ма қыс қайғым.

Сен сипаған жапырақтың барлығын,

Саусағыңды сипау үшін ұстаймын.

 

Жүрегің кімдер қонып, ұшты кім?

Дарияға қызыл шапақ түсті күн.

Сен кешетін жағалауды мен кешем,

Сезу үшін табаныңның ыстығын.

 

Мен білмеппін сезімніңде жұғарын,

Гүлге тұнған мөп-мөлдір ғой шық арың.

Мен самалға танауымды тосамын,

Иіскеу үшін шаштарыңның жұпарын.

 

Шаштарыңды самал болып тараймын,

Мен көгіңде бұлт жамылған араймын.

Жұмбағы көп мынау жалған өмірге,

Жуылмаған тереземнен қараймын...

Сені іздеп...

 

        Көк аспан мен қара аспан

 

Жанарымды алды менің қамап түн,

Құшағымнан түн қойнына тарап мұң.

Иректелген жазуынан бұлттардың,

Мен оқыдым ғазалдарын арабтың.

Күн сарғалдақ бұлт ішінде солады,

Күннің жасы кірпігіме тамады.

Құстар ғазал көк парақтан ұшып кеп,

Жүрегімнің парағына қонады.

 

Аспан көлде бұлт жүзеді балық боп,

Күн самғайды көкжиекке шарықтап.

Көк аспаннан ұшқан құстар келеді,

Қара аспан жанарыма қалықтап...

 

Қоғамнан мен қоян сынды қалтару,

Жұлдыздай ақ мәңгілікке бұлтару...

Аспан деген портретке қарасам,

Маған қарап жылайтындай бұлт ару...

 

Мені кейде сағынады жылап таң,

Мен келемін ғашығың боп күт ақ таң...

Күнде, күнде сан мың өлең оқимын,

Ашық жатқан аспан деген кітаптан.

 

Мен іздедім балалықтың шағын мың,

Маған сезем жақын аспан, жақын мұң.

Мен де бір күн өлеңі боп кетемін,

Бұлтпен жазған Аспан деген ақынның...

 

Күннің шашы бұлт қолына ұсталып,

Нұр көбелек бұлт гүлзарға жүз қонып.

Қара аспан жанарымнан бір күні,

Көк аспанға ұшып кетем құс болып...

 

 

 

 

          Шопырдың әуезі...

 

Арман қайда ақ маңдайын бақ сүйген?

Асығамын дала деген жақсы үйге...

Қалтамдағы жүз теңгемен бар жоғы,

Тұрдым жолда қолды бұлғап таксиге...                    

 

Аз болсада қалтамныңда бақыры,

Сырлас болдым ақ мұрттыға ақыры...

Ескі көлік темекі исі мүңкіген,

Ұқсайды рас жигули мен шопыры?

 

Жүректер ай тұрақтаған мәңгі Айда,

Шипа кәні, бұл жүрекке ем қайда?

Батпан, батпан мұңдарымды арқалап,

Таксименен кетіп барам мен қайда?

 

Байлап көзге бейуақтағы нұр жіпті,

Қабағымнан әжім шықты сыр шықты.

Қылау мұртты шопыр отыр ыңылдап,

Ұмыттырып күйбең мынау тірлікті...

 

Қала шуын терезеден желге іліп,

Тозаң тозаң қонып жатты шер келіп.

Сәби жүрек бесік болған көлікте

Дырылымен келе жаттық тербеліп...

 

Көктем нұрды, ұнатады желді күз,

Үнсіз шерді тарқатайық енді біз...

Ыңылынан ғазал кетті өріліп,

Әуен шықты авторы да белгісіз...

 

Терезеден қарадым да отырдым,

Жүрегімде ұйқысы жоқ отыр мұң...

Қамыстары менің туған жерімнің,

Ызыңдайды әуезімен шопырдың...

 

Жамылдым да қара кештің іңірін,

Мен ұмыттым шаһар шуын, шыңылын.

Естіп келем ауылымның құстарын,

Естіп келем қылау мұрттың ыңылын...

 

Мен уфілеп, уһілейді ал, аға,

Недейін мен бұл тәкәппар қалаға...

Көшелерде адасқанша жүрші, аға ...

Бәрін тастап кетейікші далаға...

 

Жүрші аға дала шипаң, тау емің,

Көк сағыныш, ауа сезім, әуе мұң...

Саған жетпей жүргені де жолсерік,

Маған жетпей жүргені де әуенің... 

 

Мен оқимын түн ғазалын Ай хаттан,

Санамды кеп сілкілейді ой батпан...

Безінейік сатқындықтан, жаладан,

Кетейікші өтіріктен, ғайбаттан...        

 

Күнге күйіп, шомылайық жауынға,

Ешбір дауыл кедергі емес тау ұлға...

Таусылғанша сапарымыз ғұмырлық,

Сапарлатып қайтайықшы ауылға...

 

Қара түнде құшақтап ап жатам мұң,

Ақ рауанның шапағымен атам мың..

Шопыр аға ыңылдай бер, ыңылда,

Естиінші күмбір үнін атамның...

 

Ақ түсіпті мұртыңа да шашыңа,

Шопыр аға мұңаймада, жасыма.

Кетейікші даласына әкемнің,

Топырақ салып қайтайықшы басына...

 

Шымшылайды өкініш пе, қапа ма?

Соққылайды мейірім һәм жапа ма?

Тоңып қалған жылынсыншы жүрегі,

Отын жарып қайтайықшы апама...

 

Көріп тұрмын солған жылдар күзден мен,

Ренжімеймін шаттығымды үзгенмен.  

Шопыр аға аппақ қардай пейілім,

Жүз алтыннан артық менің жүз теңгем...

 

Самғап келед батыс жақтан түн жерге,

Оранып ап қауырсыны мың шерге...

Жүз теңгемен кетейікші аулаққа,

Жүз жылыңда татымайтын күндерге...

 

Асфалттардың құшақтарын ашыңыз,

Көшелерге тамса тамсын жасымыз.

Шопыр аға газыңды бас, аяма!

Кетейікші ауған жақа басымыз...

 

Берік ұстап үміттерден үзілмес,

Мен күздерді көргенім жоқ түсімде еш... 

Кетейікші жанарлардан жасанды,

Жүректерден жүрегіңді түсінбес...

 

Аға көктем келеді ғой, келе күз,

Бұл шаһарды түсінбейміз неге біз...

Ойланайын шопыр аға тоқташы,

Кімнен қашып, неден қашып келеміз?..

 

Самғасам ба шағалаға ілесіп,

Самайыма салқын самал тұр есіп...

Тоқта, аға жеңілетін мен емес,

Мен өлсемде, өлейінші күресіп...

 

Қаладағы үміт етіп бақ, арға,

Қарамай ақ ғадауатқа, қаһарға.

Сен ыңылда, мен тыңдаймын...

Дегенмен...

Руліңді бұр, орайлайық шаҺарға...

(Күресейік...)

 

 

 

 

 

 

Қайың ақын !

(Мұхаммедқали Сүлейменұлына)

                                                    

                                                            Жапырақ жүрек жас қайың!

                                                           Жанымды айырбастайын.

                                                           Сен адам бола бастасаң,

                                                          Мен қайың бола бастайын,

                                                          Келісесің бе, ақ қайың?

                                                                                          (М.Мақатаев)                                               

                      

Қайың шайыр сен кеттің ғой халық қап,

Құшағымда алып өлең, алып хат.

Кітабыңнан ұшып барад ғазалдар,

Жүрегімнің аспанында қалықтап.

 

Мынау күнде мың атады, мың шығып,

Қайың ақын әжімдері мың шыбық.

Ғазалыңнан дала исі аңқиды,

Кітабыңнан сағыныш пен мұң шығып...

 

Көмейімнен төгіледі аңғал үн,

Мен іздеймін шайырлардың сан жолын...

Отыр ақын сағынышы тым терең,

Сүйеп алып иегіне оң қолын...

 

Түн және мен...

Мың сағынып, мың жылап,

Тереземді иіскейді мың шырақ.

Жапырақтың жанарымен қарайды,

Қайың ақын мұң жамалы тұнжырап...

 

Сені ылғи сағынамын мен неге?

Жалғыздық бар сендегідей менде де.

Мұқағали, көзіменен қайыңның,

Қарап отыр пәни менен пендеге...

 

Бұл өмірді мен де сүріп келемін,

Мен де бір күн қоштасамын өлемін...

Оқып көрші жапырақты сарғайған,

Қайың ақын жазып отыр өлеңін...

 

Соқпағы боп кеттің бе екен даланың,

Жауын әлде болдың ба екен тама мың.

Әлде мәңгі сәби болып кеттің бе,

Сәбиі жоқ құшағында ананың...

 

Біз өмірді, өзімізді жазамыз,

Өтер бәрі өмір – көктем, қаза – күз...

Терезесі емхананың жетімек,

Арғы жақта жүр дәрігер, мазасыз...

 

Кітаптардың жүрек – жыры соға алған,

Қайың ақын жапырағы тоналған...

Сен жүретін топырақ пен аспаннан,

Жырларыңды іздеп жүрмін жоғалған...

 

Сезіміңді іздедім мен түн, Айдан,

Ғұмырыңды іздеп келем жыл, айдан.

Ойларыңды іздеп жүрмін ойланған...

Мұңдарыңды іздеп жүрмін мұңайған...

 

Мен де келем сүрініп те, жығылып,

Тұрам қайта кірпігіме шық іліп.

Жылап алам кейде ешкімге білдіртпей,

Қайың ақын құшағына тығылып.

 

Самалменен жырың есті белден де,

Ғазалыңды мен оқимын жерден де.

Жүз өлеңің кірпігімде жүз тамшы...

Мың өлеңің мың сағыныш кеудемде...

 

Кейде жанға жоқ қуаныш, жоқ тыным,

Міне тағы таң оралды, атты күн.

Ақындардың бәрі жалғыз өмірде,

Фариза да қасымызда жоқ бүгін.

 

Ғазалыңнан тау жұпары еседі,

Ақын жаны ақынды да сезеді.

Қайыңдардан сені іздеп ақындар,

Алматының көшелерін кезеді...

 

Кімге айтам, жүрегімді, жайымды?..

Кім түсінед, көңілімді, ойымды?.. 

Ал мен болсам, іздеп жүрмін шаһардан,

Мұқағали болып кеткен қайыңды...

 

Жалғыздық

     

Кірпіктен құлап жанардың жасы,

Құшағына кеп тамады Айдың.

Қап-қара қалың бұлттардың шашын,

Күннің саусағы жұла тарайтын.

 

Мұңымды менің аңсаған шығар,

Жерде шіріген жапырақтар осы. 

Ізімнен менің шаршаған шығар,

Көшелер қойны, асфалттар төсі.

 

Қанаты Айдың қаусаған шығар,

Қауырсын аңсап жетім биігі.

Көзімнен менің шаршаған шығар,

Ақ Алатаудың ақбас иығы.

 

Еңсемді көріп жабыққан шығар,

Құшағын неге дала ашпады?

Ойымнан менің жалыққан шығар,

Шаһардың шерлі қара аспаны.

 

Алып кет мені, әкет қоқанға,

Сұрағы көптің, кімсің? атың не?

Кетсем бе екен шығысқа таңға,

Кетсем бе екен батысқа түнге... 

 

Жаңбырлар жетім...

Адамбыз, пенде,

Жылапсың сен де, жауыппын мен де.

Шаршаған щығар...

Шаршадым мен де...

Жабыққан шығар...

Жабықтым мен де...

 

Сорлы терезе, жылауық есік,

Автобус іші... жалғыздық үйі.

Терезелерден тұр суық есіп,

Үнсіздік әні, жалғыздық биі...

 

Жалғыздық сені шақырамын ба?

Айдың қабағын бұлт басып еді...

Сағындым күзді, жапырағында,

Сырласым еді, мұңдасым еді...

 

Кешегі көктем аңсаған шығар,

Ертеңгі гүлдер қамыққан шығар...

Бәрі де менен шаршаған шығар,

Өмір де менен жалыққан шығар...

 

 

 Тәуелсіздік – тірегім  (Бабалармен сырласу)

Қарып жатыр от кеудемді, шоқ ішті,

Бел аңсады тұлпарларын шабысты.

Мен көргем жоқ «тар жол, тайғақ кешуді»

Мен көргем жоқ ашаршылық, соғысты...

 

Білем бізге тас құшағын жат ашты,

Замандар-ай үсті жалын, шоқ асты.

Қар жамылып, мұз жастанған күнім жоқ,

Көргенім жоқ қара түнек қапасты...

 

Бабалардың соқпақ болды жолы шын,

Түн қапаста ғұмыр сүрді таң үшін.

Өсіп келем еркіндікте туғалы,

Қарыздармын бабаларға сол үшін...

 

Кітаптардан ғасырларға барып көр,

Сананы ой, көкіректі қарып шер.

Жанарымнан ғазал болып, жыр болып,

Төгілуде мөлдір - мөлдір әріптер...

 

Мөлдірейді жанарымда самсап мұң,

Жырын оқып ғасыр жазған сауқаттың.

Білмей жүрмін еркіндіктің қадірін,

Соры болып жүрмін тағы ауқаттың...

 

Намысыммен, арыныммен тасып ем,

Мен сүйемін жанарыммен, жасыммен.

Не істедім ұлтым үшін бүгінгі..?

Не істедім Алаш үшін осы мен..?

 

Жігерімнің аяғынан шалдым ба,

Намыс рухы тіреледі алқымға.

Кешір мені, рухы асқақ бабалар!

Не деп тағы ақталамын алдыңда?..

 

Көктем бүгін, қайда кетті күздерім?

Мен іздедім бабалардың жүз шерін.

Бұлттан көрдім қабақтарын қатулы,   

Топырақтан көрдім ғазиз іздерін...

 

Ойларымның аппақ шашын тарай түн,

Көмкерілген сағынышпен сарай мұң.

Бабалардың от жанарын көрсем деп

Мен қазақтың жанарына қараймын...

 

Болашақтың ақ жүзіне айна таң,

Бізді алға жетелейді ой қатаң.

Тәуелсізбіз...

Айналайын, бабалар!

Қабыл болды қай намазың, қай батаң?

 

Қарап тұрмын сонау мәңгі іздерге,

Жас жүрегім оранып-ап жүз шерге.

Анау аспан, мынау дала, осы ел,

Аманат қой мәңгі қалған біздерге...

 

Жүрек мұңға, толды тағы көл сеңге,

Мың айбат бар, мың жалын бар еңсемде.

Тәуелсіздік аманаты бабамның,

Мен қиянат жасамаспын өлсем де...

Уәде!

 

***

Қайда қалдым?

Қайда барам ұмсынып?

Шатқалдардан әжім шекем қымсынып.

Жанарымның қанатынан шық құлап,

Бара жатыр тағдырыма мұң сіңіп...

 

Қыс оралды өтекеріп-ап жыл айды,

Тереземді жел қылаумен сылайды.

Қос жанарым қаққан сайын қанатын,

Мөлдір-мөлдір қауырсындар құлайды.

 

Жер аңқиды тоз-тоз болған көңілім,

О, жанарым шақырады өңірің.

Бақыты мен, бағыты да белгісіз,

Тереземнен өтіп барад өмірім...

 

***

Тақтым ба жүрегіме мұң білезік,

Сеңдердей соқтығысқан мың мінезі.

Пенде ме, жапырақ па, топырақ па?

Білмеймін, біле алмадым кіммін өзі?

 

Бұл дала талай сүйді, талай бақты,

Төсінде сол көктемгі арай қапты.

Кей-кезде безінемін жат өлкеден,

Кей-кезде сағынамын сол аймақты...

 

Өзіме құшағымды жаймағанмын,

Нәпсімді босап қалса байлағанмын.

Өткінші мынау пәни жалған екен,

Өмірді мен басқаша ойлағанмын...

***

Қатты болып кеттік пе біз тастардай,

Самғасам ғой анау ұшқан қаздардай.

Тал басында мадақ айтып Аллаһқа,

Отыр әне, ойға батып бозторғай...

 

Мына аспан, мына жерде шын ғашық,

Кірпігінде сезім шығы, мұң жасы.

Әл-Әууәлға зікір айтып тұр ғалам,

Жүрегіңнің құлағымен тыңдашы...

 

Сағыныш жас кірпігімді тарашы,

Алыс емес жер мен көктің арасы.

Әл-Әәхирге сәжде етіп тұр әлем,

Жүрегіңнің жанарымен қарашы...

 

Жанарымның әйнегінен мұң ақшы,

Жұлдыз-хаттар әкеліп тұр түн хатшы.

Әл-Хакиим естиді Ол барлығын,

Жүрегіңнің тіліменен үн қатшы...

 

***

Өкпе деген жүгімізді босқа арттық,

Бәрі өтеді балалық та, жас, қарттық...

Көндікте біз бақыт үшін мәңгілік,

Біз бүгінгі қуаныштан бас тарттық.

 

Қалқып барад жанарыңда жыр теңіз,

Көздің нұрын қалайша біз сүртеміз.

Екі айрылдық екі жолда бүгін біз,

Ертеңгі күн болу үшін бірге біз...

***

Қармағымен сынық Ай,

Жұлдыздарды ұстасын.

Кірпігімнен шыбықтай,

Пып-пыр ұшты құс жасым.

 

Ойды нұрмен жуып ем,

Гүлге тұнды дала лық.

Ұстатпады қуып ем,

Көбелектей балалық.

 

От демімен мұң ғашық,

Кірпігімді үп, үрлер.

Тыныш қана тыңдашы,

Әлем толы зікірлер...

 

Тек Рахманға сенгенде,

Жан шуағы, жан оты.

Қалықтасын кеудеңде,

Жүрегіңнің қанаты...

 

 

***

Құс әнінде мадақ айтқан нота бар,

Ұшқан құстар аспан жазған хат олар.

Алатаудың бұл сәлдесін қарашы,

Тау имамға ұйыған бөк, жоталар.

 

О, сәулелер әр зәрреге тарашы,

Зікір, зікір жер мен көктің арасы.

Аспан деген жайнамазға жығылған,

Жұлдыздардың жамағатын қарашы.

 

Күзден қалған жапырақтар мыналар,

Көзге мұңдар, тасқа біткен қыналар.

Мөлт-мөлт еткен өкініштің сафтары,

Жанарыңнан ағып жатыр күнәлар...

 

Жүрек – Раушан өкінішпен солмақ па?

Күнәлар кеп жабысқанда балаққа.

Көздің жасы моншағындай тасбихтың,

Ағып барад зікір айтып Аллаһқа...

 

***

Мен гүлзарды, сағынады көк нұрды,

Аспанда бұлт бірнеше күн көп тұрды.

Жауыннан соң таудан соққан өкпек жел,

Су-су болған қайың шашын кептірді...

 

Жүрек білем ауырады, тоңады,

Сезім сезем сарғаяды, солады.

Ық іздеген көбелектер ұшып кеп,

Көкірегімнің гүлзарына қонады.

 

Қара түннің май шамдары жана мың,

Сөнген, жанған сан ұятым, сан арым.

Шұғыласын шашыратып аспанға,

Шырақтармен шағылысқан жанарым.

 

Тау басында бұлт шаштары желбіреп,

Мендік шырақ, анау жұлдыз, сол жүрек.

Сол жұлдыздың сынығының бір нұры,

Тамып кетті жанарыма мөлдіреп.

 

 

Қыс

 

Шапқылайды ақша қар, ақша пырақ,

Сар жапырақ аңсайды бақша бірақ.

Қыс қонады, қауырсын қанатымен,

Қара ағашты тоңдырып ақ жапырақ.

 

Кірпігінен түн қыздың түсып барып,

Ақ жапырақ қонады ұшып барып.

Ақ жапырақ жылайды ерігенде,

Саусағымда солады үсіп барып.

 

Қыс кететін, келетін бұл әу, бастан,

Күзде өтті қыс та өтед мынау бастан.

Ойлай, ойлай көктемді сағынды ма?

Қайыңдардың шаштарын қылау басқан.

 

Жылтырайды жанады шақпақ түндер,

Таң келеді арайлап атпақ күндер.

Керісінше біз жақа көктем келсе,

Ақ жапырақ солады аппақ гүлдер.

 

Ақ матамен күз шерін таңып жатыр,

Кең құшағы даланың тоңып жатыр.

Шамшырақ боп аспанда жанып тұрған,

Қара жерге жұлдыздар қонып жатыр.

 

Көзілдірігі буланып үй қарайды,

Қар мен бірге аяздар би қалайды.

Ақ сияға қаламын түн матырып,

Тереземе ғазалын шимайлайды.

 

***

О, жұлдыздар несін маған қарадың?

Жүрегімді шақты келіп ара мұң.

Ғырт, ғырт етіп басып келем ақ қарды,

Қайдан келіп, қайда кетіп барамын?

 

Кешегі күн жүректе түн, жүзде мұң,

Іздемеші сағынбашы күздерім.

Шалп, шалп етіп кешіп келем жайдақты,

Қайда қалып қалдың екен іздерім?

 

Жанарымда жасырынған тамшы үміт,

Ұшты көкке ұясынан таң шығып.

Ғұмырымның қарап тұрсам ізіне,

Табанынан бара жатыр шаң шығып.

 

Ай саумалы бұлт пердеден сүзіліп,

Жүрегімді ай қармағы жүз іліп.

Бара жатыр тағдырымның көз жасы,

Ғұмырымның кірпігінен үзіліп...

 

***

Сорап анау менің ғұмыр ізімдей,

Жазым – қыстай, көктем сынды күзім кей.

Оралармын, оралмаспын дегенмен,

Күтіңдерші үміттерің үзілмей...

 

Жүрегімнің дертін дала тез емдер,

Маған жылу сақтап қойдың сезем бер.

Мен де дос жоқ адамзаттан қайтейін,

Күтіңдерші қарлығашта, өзендер.

 

Бұлттар бәлкім пештен шыққан түтіндер,

Ұрттап алдым ақ жауыннан жұтым шер.

Жер жаһаннан өз орнымды тауып-ап,

Мен келермін тек сеніңдер, күтіңдер!

 

Жұлдыздар тоңады

 

Жұлдыздар неліктен алыста?

Неліктен жүрегім тоңады?

Түннің кірпігінен үзіліп,

Моншақтар түнекке тамады.

Не үшін жұлдыздар сөнеді?

Неліктен жанары солады?

 

Іздейді жұлдыздан ғұмырын,

Сағынған кешегі сол шақтар.

Жүректер жүректен алыстап,

Жанрлар жанардан алшақтар.

Аспанда жанады жарқырап,

Жанардан құлаған моншақтар.

 

Қара түн жауһарын жасырып,

Қап-қара қойнына көмеді.

Жамалын Ай қыздың мұң басып,

Бұлттардың қанаты төнеді.

Жердегі жұлдыздар жанарлар,

Солады бір-бірлеп сөнеді.

 

Аспанда қара бұлт қаптаса,

Көңілді қайғы мұң жаулайды.

Көзімнің мөп-мөлдір жасына,

Ұқсайды жұлдыздар аумайды.

Буланған сұп-суық демімнен,

Дірілдеп жұлдыздар жаурайды.

 

Қос алақаныңды жайып-ап,

Құлаған жұлдызды ал, ұста.

Шырақтар күтеді мені де,

Іздейді бөтен де, таныста.

Неліктен жұлдыздар аспанда...?

Неліктен жүректер алыста...?

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар