Танымал қазақ жазушысы, ақын, көсемсөзші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың туғанына 90 жыл толды.
Жазушы Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Уриций (қазіргі Сарыкөл) ауданы Маяк аулында дүниеге келген. 1947 жылы туған аулындағы жеті жылдықты бітірген соң Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1950 жылы бітірген соң,1951-1958 жылдары Атырау облысының Мұнайлы ауданындағы жетіжылдық мектепте, Қостанай облысы Пресногорьковка (қазіргі Ұзынкөл) ауданындағы Жаңажол орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне сырттай оқуға қабылданып, 1956 жылы бітіреді. 1959 жылы Қазақстан Журналистер одағына осы ұйымның алғашқы мүшелерінің бірі болып қабылданады.
1958-1963 жылдары Қостанай облыстық «Коммунизм долы» газетінің меншікті тілшісі болып журналистік қызметін бастайды. 1963-1965 жылдары өлкелік «Тың өлкесі» газеті редакциясында редактор болып қызмет етті. 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағы солтүстік өңірлік бөлімшесінің жетекшісі болды. Тоқсаныншы жылдар басында солтүстік аймақтық «Сарыарқа» (кейінірек «Жаңа Сарыарқа») әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналдың негізін қалады. Осы арқылы өңірдің әдеби, мәдени өміріне қазақылықтың қанын жүгіртуге өз үлесін қосты. Аталған журналдың бас редакторы болып қызмет атқарды.
1966 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма мүшесі болып қызмет атқарып, әдеби өмірге белсене араласты.
Алғашқы туындылары республикалық басылымдарда 1952-жылдан жарық көре бастады. «Жас жүрек» атты тұңғыш өлеңдер циклі 1956 жылы жарық көрген жас ақындардың жыр топтамасына енді. Шығармалары орыс, украин, қырғыз тілдеріне аударылған Нұрғожа Нарынбайұлы поэзия, проза, драма, публицистикалық жанрларда қалам тербеді. «Тұңғыш кітап» атты алғашқы шығармалар жинағы 1964 жылы жарық көрді. Бұдан соң жазушының әр жылдары «Кім табады?», «Қиядағы қақтығыс», «Көңіл көктемі», «Қаракүйік», «Дала демі», «Достар хаты», «Шұғыла», «Қырандар ұясы», Таңдау», «Өмір өрнектері», «То, что остается с нами», «Тың ырғақтары», «Тың түлегі», «Жауқазын шақ», «От кешкен балалық», «Өрімталдар», «Дәуір додасы», «Мәңгілік махаббатым», «Мама батыр», «Алтын той», «Тәуелсіздік таңы атты», «Үш таған», «Аққуым бар көлімде», Талқандалған тарихат» т.б. жинақтары жарық көріп, оқырмандарының ыстық ықыласына ие болды. 2007 жылы жазушының таңдамалы шығармалар жинағының 7 томдығы жарық көрді.
Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін 1998 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағымен марапатталды. 2004 жылы «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Қазақстанның мәдениет қайраткері» құрметті төсбелгісі берілді. Әдебиет пен өнерге сіңірген елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2006 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Қазақстан Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының иегері. Көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. Жазушы Нұрғожа Нарымбайұлы Ораз 2016 жылы 20 ақпанда сексен төрт жасында дүниеден өтті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.