Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Нұрсұлтанның нұрлы жолы» ел тәуелсіздігімен бірге...

18.11.2014 5704

«Нұрсұлтанның нұрлы жолы» ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасты

«Нұрсұлтанның нұрлы жолы» ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасты - adebiportal.kz
nazarbayev.jpgӘлем өз қауызына сыя алмай мазасынданып,  толған да толысқан дүниенің бүгінгідей тығырыққа тірелген тұсында  Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол - Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қайра қайра сана сарабынан өткізіп, көңілдің сабасына түскені де бар. ген сайын көкейге орныға түскені бар.  Бірін-бірі мұқалтқысы келген, бірінің-бірі жағдайын  жұқартқысы келген санкциялық саясат ұстанған бүгінгі әлем өз дағдарысының ауыр зардабын  тарта да бастағандай. Кей-кейде бұл мына дүние ағымы мен ағысының өз дамуының жаңа бір бағыты мен жаңа бір жолын табу үшін жанталасып жатқандығы ма деп те ойлайтының болады. Алайда, осы бір жанталасты дүниенің қабырғасын сөге бергенше, қалыптасып отырған қазіргі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты жоюдың бір амалын бірлесіп ойластырып, бірлесіп орайын келтіру де керек қой. Ол үшін дүниеге Назарбаевтай Президент керек! 
Елбасы  бізді, тәуелсіз елімізді тағы да бір дүние қыспағынан алып шығар жол бастады. Елбасы ол жолды мына сөзбен: - Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақ¬стан, әлемдік экономиканың бір бөл¬шегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді,- деп бастады. 
Мына заманның ақиқат тамырының соғысы осы! Соны Елбасы айта білді! Және де Қазақстан Президенті жиырма бірінші ғасырда  жалпы адамзат баласы тап болатын он түрлі қауіп пен қатер бар екендігін бұдан бұрын да, талай жыл бұрын  айтқан да болатын.  Елбасы айтқан сол сындарлы қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы болжаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар дүние есігін қағып, босағадан сығалап, әлем мазасын ала бастағаны да бар. Міне, әлемде болып жатқан сол сындарлы қатерлер мен болжаусыз жағдайлар қазақ елінің түндігін түріп кірмесін деген ниетпен Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауын да жылдағыдан ертерек жариялап, тағы да өзіне тән көрегендігі мен кемел ойлы кемеңгерлігін, өз халқына деген шынайы жанашырлығы мен тәуелсіз ел алдындағы ұлы жауапкершілігін тағы да таныта түсті. Біз және бізді қойып барлық дүние жұртының Назарбаевтың алдын болжағыш, ойлы да саналы ақылы мен парасат түйсігінің кеңдігі мен тереңдігіне сүйсініп-ақ келеді. Ал, біз болсақ Елбасының  заманауи ақиқатын өз бабалалары Төле бише толғап айтар, Қазыбек бише кесіп айтар, Әйтеке бише тесіп айтар шешендігі мен кемеңгерлігіне сүйсінеміз.
Сол сүйсіністі көңілмен Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауының тарихи маңызы жайында түйген ойымызды тарата айтар болсақ, ең әуелі Тәуелсіздік және әлем таныған Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрлы жолы екендігін айтқанды жөн санадық. Әуелден айтылып келе жатқан тарих қайталанады деген қағидатқа сүйенер болсақ, қазақ тарихы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын білсе», Қазақстанның ендігі жаңа тарихында «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасқандығын айтқан да ләзім! Және де бұл жолмен, яғни «Нұрсұлтанның нұрлы жолымен»  жүріп келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің Көкбайрағын көтерді, әлдемдік саясаттағы да, әлемдік экономикадағы да өзінің даму жолын қалыптастырып, айдай әлемге танылып, сол айдай әлемнің сыйы мен абыройлы құрметіне бөленіп,төрткүл дүниенің көзін салып, құлағын түріп отырар, ұлы даласынан тек қана жақсылық пен бейбіт өмірдің самалы ғана есіп тұрар іргелі мемлекетке айналды! 
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан дүние мемлекеттері тарихында түңғыш рет ядролық қару-жарақтан бас тартып,кезінде әлемді дүрліктіріп отырған өзіндегі Семей ядролық сынақ полигонын жапқан, сөйтіп,  мына дүниені қауіп пен қатерден құтқарған, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына (ОБСЕ) кешегі кеңестік мемлекттерді былай қойып, түрік тектес елдер арасында түңғыш болып төрелік жасап, Астана Саммитін өткізіп, әлемді бейбіт қатар өмір сүрудің жаңа қағидаттарына бой ұсындырғандығы да тарихи ақиқат!
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан Адамзат тарихында тағы да тұңғыш болып, қазақ топырағында Әлем діндері лидерлерінің бас қосуларын төрт мәрте өткізіп, мына дүниенің құрсаулы қаупінің бұлтын сейілте алған және де Адамзаттың өзімен бірге жасасып келе жатқан қасиетті Діндердің бір бірлеріне деген өшпенді кектерін сабасына түсіріп, сол діндер мен дін жетекшілерінң абыройын сақтап қалған, олардың бір-бірлеріне деген сенімдері мен құрметтерінің сөне бастаған шырақтарын қайра жаға білді! 
«Нұрсұлтанның нұрлы жолымен» жүріп келе жатқан Қазақстан өз тәуелсіздігінің жиырма үш жылға жетер жетпес уақыт аралығында ғасыр уысына сыя бермес және сол ғасырдың еншісіне бұйыра да қоймаған ғасырлық, тіпті планетарлық істер тындыра білгендігін Адамзаттың жаңа тарихы өз беттеріне алтын әріптермен жазып жатқандығы  тағы да ақиқат! 
Елбасы бізді әрдайым алға қарауды үйретіп келеді. Сондықтан да Елбасының: «бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз»,-деп айтқаны тағы да сол халқының қамын жеп, жұртының жайын ойлап, елінің ертеңін кеңінен пішкен кемеңгер тұлғаның тарих алдындағы жауапкершілігі болса керек. 
Айқын оймен айқын міндеттер белгіледі Елбасы!  
Елбасының Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен ежелгі қазақ жерінің бүгінгі қайнаған тіршілікпен байланыстырар күре жолдарымыз көп болсын, олар әлемдік талапқа сай болсын деуі де еліміздің бүгіні мен болашағы үшін айтылған сөз. 
«Қадірлі халқым! Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы»,-деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  туған халқына арнай айтқан осы бір өсиет сөзінің тарихи маңызындылығын біздің әрқайсымыздың  пайымдай білгеніміз жөн. Өйткені Елбасының Жолдауында: «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер!-дегені тағы да сол этносаралық келісім, елдегі тұрақтылық пен  ынтымақты сақтаудың баға жетпес тарихи маңызыдылығын еске қайра салып отырғандығы деп ұғынайық. Мына қасиетті тәуелсіз еліміздің  тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын  өзіміздің күн сайынғы қажырлы еңбегімізбен қолдап та, қорғап та  нығайта берудің, ел бірлігін көзіміздің қарашығындай сақтаудың тарихи сәті туды.
Сәтін салса, келер жылы қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілетіндігі жайында да айтқан Елбасы елдің рухани байлығын да молайтуды ұмытқан жоқ. Қазақ елі мен қазақ мемлекеті тап бір күні кеше ғана пайда болғандай, өздерінше еш дәйексіз тон  пішіп, өрекпіп жүргендерді сабасына түсірер жайды Елбасы өз Жолдауында айтып өткендігі өте орынды болды. Жалпы қазақ тарихы мен руханиятына тап бір Елбасыдай қамқорлық жасап, жанашыр болған абзал. Және де өзіңнің түп тамырыңды, түп тарихыңды да, өткенің мен бұрынғыңды да тап бір Нұрсұлтан Назарбаевтай білуді де, құрметтеуді де біздің бәріміз де Елбасыдан үйреніп, Елбасыдан өнеге алуға тиістіміз. Бұл ойды мен Елбасының Ұлытауды ұлықтауға үйреткен бір ғана өнегесіне қарап айтып отырмын. Елбасы Ұлытауды ұлықтау арқылы бүкіл қазақ тарихын, бүкіл қазақ хандығының хандары мен би, сұлтандарын ұлықтауға жол ашты.Елбасының сол ұлықтауы келіп,  қазақ хандығының 550 жылдығының салтанат құруына жол ашты. «Мәңгілік ел»  болуға бастаған Назарбаевтың нұрлы жолындағы ұлы сапарымыз сәтті болғай! 

                                                                 Жабал Ерғалиев, 
                                     жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
                       Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар