Тау мен тасты жаңғырықтырған ғаламат бір гүріл естілді. Қиядан құлаған тастың сақ еткен дыбысынан Қойшыбайдың құлағы шыңылдап кетті. Бұл не қылған гүріл деп басын көтеріп, жан-жағына бажайлай қарап үлгергенінше болған жоқ: дәл қарсы алдындағы төбенің ар жағынан қайқаң қағып шыға келген тікұшақты көрді; пәтшағардың дауысы сай-сайды, төбе-төбешікті дірілдетіп, шайқап-шайқап жібергендей болды. Инелік құсап ауада жеңіл қалтқыған тікұшақтың екпінді желі Қойшыбайдың басындағы ақ қалпақты анадай жерге ұшырып әкетті. «Мына қызталақ қайтеді-ей!» дегенінше болған жоқ, жайлаудағы ақ шаңқан киіз үй мен қой қораның үстінен бір рет шыр айналып ұшып өткен күйі анадай жердегі жазық алаңқайға қонып та үлгерді. Оқыс шыққан гүрілге Қойшыбайдың қатын, бала-шағасы түгелдей үдере үйден шыққан екен, жан-жағындағыны жаппай жайпаған жел құйыны алып кететіндей киіз үйге тым-тырақай қашып тығылды.
Ұшақтан басында күнқағар қалпағы бар, ұзынша келген, сымбатты жігіт пен екі жас бала түсті. Үшеуінің де аяғында қымбат кроссовка, үстеріндегі киімдері мұнтаздай. Жігіт тікұшақтың моторы өшкенше еңкейе басып, Қойшыбайдың киіз үйіне қарай беттеді. «Бұлар кім болды екен?» деген дүдамал сауалмен Қойшыбай да келген кісіге қарай жақындады.
– Ассалаумағалейкүм! – деп жігіт дауысын соза қос қолдап келіп амандасты.
– Уағалейкүмассалам! – деп Қойшыбай да қалбалақтап қолын созды.
– Сізбен оңаша бір әңгіме бар, – деді жігіт бірден. – Былайырақ барып сөйлессек... Сөйтті де Қойшыбайды қолтықтап алып, оңаша біраз сөйлесті. Бір кезде тікұшаққа қайта оралды.
– «Қуыс үйден құр шықпа» деген халқымыз. Үйге кіріп, дәм татыңыз, – деді Қойшыбай.
– Дәмнен үлкен емеспіз, нан ауыз тиейін, – деп жігіт лып етіп үйге кірді де, кідірместен қайта шықты. Тікұшаққа жақындай бере Қойшыбайдың құлағына бірдеңені сыбырлады да, қалтасынан әппақ конвертті шығарып, сырт киімнің қалтасына сүңгітіп жіберді.
Екі бала тікұшаққа мінуге ыңғайланған әкелерінің артынан қалмай тұра жүгірген, жігіт оларға «здесь останетесь» деп жеки сөйледі. Тікұшақ гүрілдеп от алды да қалтылдап тұрып-тұрып, зәу етіп көкке көтерілді. Тап манағыдай бұлардың үстінен бір мезет шыр айналды да, зыр-зыр етіп көзден ғайып болды.
– Әй, балалар! Жүріңдер, үйге кіріңдер! – деп Қойшыбай біреуінің жеңінен тарта сөйлеп еді, сәл ересегі жақтырмай қолын серпіп жіберді. Екіншісі безірейген күйі «да, отстаньте вы» деп тікұшақ кеткен жаққа қадала қарап тұрып қалды.
– Өздерің біліңдер.., – деп Қойшыбай үйге кірді. Босағадан үлкен баласы сырттағы оқиғаның бәрін қалт жібермей қадағалап тұр екен, әкесі кіре бергенде сып етіп далаға шығып кетті. Ортаншы ұлы мен кіші қызы қорыққандарынан көрпенің астына кіріп кеткен екен, бастарын қылтитып бір-бір қарады да, орындарынан қозғалмай жата берді.
– Не қылған адамдар? Жәйша жүр ме екен? – деді әйелі.
– Жәй...Адамдар осы күні жәйша жүре ме? – деп Қойшыбай төрге озды да қалтасындағы конвертті тездетіп алып, желімделген тұсын быртиған саусақтарымен жыртып-жыртып жіберді де бір бума ақшаны көріп, есі шығып кетті.
– Бәлесіне қаласың...Таста, құрт көзін! – деп қатыны баж ете қалды.
– Есікті жап! Қазір санаймыз...
– Бұл не деген батпан құйрық? Басыңа пәле болып жабысады ғой сорлы...
– Саспа, қатын! Қазір, қазір... Қойшыбай кілең он мың теңгелік көк қағаздан тұратын бір бума ақшаны сытыр-сытыр еткізіп санай бастады.
– Бес жүз мың! Ойбай, қатын! Мынаны тық бір жерге!
– Мұнша ақшаны не қыламыз?..
– Қаладағы қыздың оқуына ақша керек, ана малды сат та ақша қыл деп құлақты сасытып бітіп ең. Міне, саған ақша!..
– Ойбай-ай! «Алмақтың да салмағы бар» деген... Тұқымымызбен құрып кетерміз...
– Болды, қатын. Мынаны тыға тұр. Әлгілер қайда?..
– Көзіңнен бір елі таса қылма! Бәрі дұрыс болады...
Қойшыбай көңілденіп, ысқыра әндете бастады. Балаларды байқастамақ болып, сыртқа көз тастап еді, әлгі екеуі тұрған жерінен ешқайда ұзамаған екен. Қойшыбай қиялға беріліп, аз-кем тұрды да, қолындағы ақшаны қайда жасырарын білмей аңырып тұрған әйеліне қарап:
– Қатын! Қазаныңды көтер! Қазақтың үйіне келген қонақ өз несібесімен келеді. Мен малды байқайын. Сен аналарға қымызың мен бауырсағыңды бере тұр, – деп тысқа шықты.
Алғашқы күні екі бала киімдерін шешпестен, ыдыс-аяққа шекелерінен қарап, «фу, грязно» деп тамақ та ішпестен жатып қалды. Қойшыбай ертесіне құлқын сәріден оянатын дағдысымен ерте тұрған. Ересек бала состиып ояу отыр екен. Кішісі «я хочу позавтракать» деп жылай бастады.
– Қазір завтрак болады, – деп Қойшыбай әйелін тұрғызды. Түнде желінбей қалған жас тоқтының етін қатыны мұздатып қойған екен, белдігіндегі қын-қалтадан бәкісін алып, жұқалап турады. Дастарханның үстін сары май, ірімшік, жент, қаймақ, сарыала бауырсаққа толтырып, балаларды таңғы асқа шақырды. Үлкені отырған орнынан қозғалған жоқ. Кішісінің әбден қарны ашқан екен, бауырсақты қаймақ пен майға кезек-кезек араластырып соғып алды.
–Тамақтанып болсаңдар, тысқа шығып, тау-тасты, анау жерде бұлақтың бастауы бар, айналаны көріңдер, таза ауамен сейілдеңдер! – деді Қойшыбай. – Ал сен, Айбек, қойды өріске шығар. Байбек, сен қозыларды қара. Айна апасының қасында болсын. Мен меймандарды қыдыртайын.
– Тәәк, сенің атың Әсет қой, – деп Қойшыбай ересек ұлға қарады. Ал сенің атың Есет. Аттарың қандай әдемі! Менің атым – Қойшыбай. По всем вопросам обращайтесь ко мне. Ясно?..
Екі бала бір-біріне қарады. Кішісі ашықтау әрі еркіндеу екен.
– Вы наша новая слуга? – деді ақырын.
– Почти... – деді Қойшыбай.
– Тогда дайте нам коня. Мы хотим покататься...
– У матросов – нет вопросов... Қойшыбай белдеуде тұрған торы атты ерттеп берді. Үлкен ұл бұрын атқа мініп жүрген болуы керек, лып етіп атқа қонды.
– А мне? Я первым хотел кататься, – деді кішісі жыламсырап.
– Ты тоже будешь. Но по позже, – деді Қойшыбай оған.
– А где наша охрана? – деді Есет. Жан-жағына жалтақтай қарады. Қойшы_бай күліп жіберді.
– Бұл жерде сендерді алатын жау жоқ...
Әсет пен Есет атқа кезек-кезек мініп біраз қызықтады. Біраздан соң бұдан да жалықты білем, екеуі қайнар бұлақтың басына барды. Қойшыбай соңдарынан ерді. Екі бала таудың төскейін жарып ағып жатқан бұлақ суына қызыға қарап тұрды.
– Шөлдесеңдер, ішіп алыңдар, – деді Қойшыбай.
– Может вода заразная, – деді Әсет.
– Ничего подобного. Это чистая вода. Қойшыбай миығынан күлді де, тұмаға қос қолын көсіп-көсіп жіберіп, салқын суды сіміріп алды. Балалар оның әрекетін қайталаудан тартынды.
Әсет күндікке ұялы телефонын шұқылаумен болды. Таудың биік шоқтығына шығып, байланыс желісін бірнеше мәрте тексеріп те көрді.
– Әуре болма, мұнда телефон ұстамайды, – деді Қойшыбай. Балалар оның сөзін құлаққа ілмеді. Сүт пісірім жердегі таудың биігіне алқын-жұлқын шығып, телефон желісінің ұстамайтындығына әбден көздері жеткен соң ғана ылдиға түсті. Екеуі бір-бірін кезек-кезек суретке түсіріп біраз жүрді. Қойшыбайдың үлкен ұлы оларды алыстан бақылап, балалардың қолындағы ғажайып құралды өз қолымен ұстап көруге аңсары ауды. Қала баласының ебедейсіз қимылдары күлкі шақыратындай еді. Әншейінде аудан орталығынан келген туысқандардың балалары бұларды жатсынбай, бірден ойынға қойып кететін. Мына балалар расында біртүрлі көрінді. Кешке дейін өздерімен өздері, бір-бірімен орысша сөйлесіп, Қойшыбайдың балаларына жақындамады.
– Ертең таудан отын жинауға барамыз. Сондықтан ертерек жатыңдар, – деді Қойшыбай кешкі астан соң. Балалар оның сөзін елең қылмады. Түннің бір уағына дейін телефондарын ақтарып, неше түрлі бейнебаяндарды көрумен болды.
– Ал, батырлар, тұрып таңғы астарыңды ішіп алыңдар, – деген Қойшыбайдың дауысына Әсет те, Есет те селт етпеді. Тағы да киімшең күйде жатқан екен, таңғы салқыннан бойлары тоңазыған болар, кеше жиіркене жамылмаған мақталы қалың көрпеге оранып алыпты.
– Что у вас меню не обновляется?..
Екі баланың үні жарыса шықты.
– Чем богат – тем рад, – деді Қойшыбай. – Придетсья потерпеть...
Балалар керіліп-созылып жиналғанша Қойшыбай балтасы мен арқанын сайлап алған еді. Екі баланы ертіп қалың қара-ғайлы бөктерді бетке алды. Кейде бұра-лаң, кейде созалаң жолдармен бірталай қыратты артқа тастады. Құлаған қарағайлардың қураған бұтақтарын балтамен шауып, бірталай отын жинады. Екі бала Қойшыбайдың шалт қимылына анда-санда бір қарап қойып, саусақтарының ұшын да қимылдатқан жоқ. Жинаған бұтақтарды екі-үш бума етіп арқанмен байлаған Қойшыбай екі иініне теңдеп салды да, төменге қарай жылжыды. Балалардың көтеруіне ыңғайлы шағын екі бума сол буылып, түйілген жерінде қалды.
– Он наша слуга? – деді Есет.
– Видимо так... Әсет иығын болар-болмас қиқаң еткізді.
Үшінші күні екі бала мүлдем еркінси бастады. Бірдеңе қажет болса дереу Қойшыбайды жұмсайды. Қойшыбай олардың айтқанын екі еткен жоқ. Анда бар десе барады, ананы әкел десе әкеледі. Бұл жолы қой жаюға шыққан болатын. Кенет балалардың бірі қойдың құмалағын байқап қалды.
– Фу, воняет, – деді Әсет.
– Бұл қойдың құмалағы, – деді Қойшыбай.
– Кумалак... Она сьедобная? – деді Есет.
– Әй, ты! – деді Әсет. Қойшыбай оған қайрылды.
Әсет Қойшыбайдың жеңінен тартып, қойдың құмалағы түскен жерге сүйреледі. Балалардың менмен қылығына іштей күйінсе де Қойшыбай сыр бермеді. Ана екеуі қойдың құмалағын мұның аузына тыққыштады. Қойшыбай оны шайнаған болып, байқатпастан түкіріп тастап отырды.
Сол күннен бастап екі бала Қойшыбайға ойына келгенді істейтін болды. Аяғындағы етігін шештіртіп, жалаңаяқ тастақ жермен жүгіртеді. Бұлақтағы суға басын тығып тұншықтырады. Атқа мінгізіп, жануардың шабын таяқпен түртіп тоңқытады. Қойдың мүжілген жілігін кезек-кезек лақтырып, мұны ит секілді алып келуге жұмсайды. Осының бәрін телефондарына түсіріп, түнімен қызықтап шығады.
– Ты наш раб! – деп Қойшыбайдың әбден зықысын шығарды. Ашу-ызасы мұрнының ұшына келіп, қаны басына шапшып тұрса да Қойшыбай олардың айтқанына көнді, айдағанына жүрді.
Балалардың келгеніне бір апта болған түнде Қойшыбай отбасын ертіп, алдын ала даярлап қойған орынға апарып жайғастырды. Үйдегі азық-түліктің бәрін қапшыққа салып алды. Киімшең күйі жатқан екі бала киіз үйде қала берді.
Олар оянғанда үйде жан баласы жоқ еді. Тырс еткен дыбыс, тырп еткен қимыл жоқ. Күнде шекесінен шікірейе қарап, менсінбей жүрген кішкентай балаларға дейін көрінбейді. Дастархан үстінде қатқан қара нан да жоқ. Қымыз құйылған торсық бос жатыр. Ұзын сырғауылмен қоршалған мал қорадағы қойлар да ұш-ты-күйлі жоғалған. Екеуі сыртқа атып шығып, маңайды шарлап шықты. Қойшы-бай балалардың әр қимылын алыстан дүрбі салып, бақылаумен болды.
Балалар киіз үйге бір кірді, бір шықты. Бұлақтың басына барып, қос қолдарымен көсіп су ішті. Биік төбенің үстіне шығып, жан дауыстары шығып айқайлады. Бастары салбырап, киіз үйдің көлеңкесінде біраз отырды. Артынша төбенің басына барып, маңайға қайта-қайта қарағыштаумен болды. Күндегі дайын ас көздерінен бұлбұл ұшты. Не болса соған жұмсайтын, айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш Қойшыбай құл, оның әйелі мен бала-шағасы ізім-қайым жоғалды.
Енді не болады?
Енді не істейді?
Енді қайтеді?
Қойшыбай аяқ дыбысын білдірмей, киіз үйге түнделетіп кіріп шықты. Екі бала әбден қорыққан болуы керек, бір-біріне жабысып ұйықтап жатыр екен. Дастарханның бір шетіне жарты таба қатқан нанды, бір баклашка қымызды қойды да, ақырын шығып кетті.
Осылайша бірде түнде, бірде күндіз келіп, балаларға байқатпай аз-аздан азық-түлік қойып отырды. Бірде шикі ет пен картоп, бірде етектегі өзеннен ұстаған патшабалық пен пияз қалдырып, екі баланың соларды шикілі-пісті қуырып, өзек жалғауына жағдай жасады. Өмірі дайын асты жегені болмаса, тамақтың қалай пісірілетінін білмейтін екі балаға картоп аршудың өзі бір мұң болды. Есеттің қолын пышақ кесіп кетті. Әсет қолын күйдіріп алды. Басында күлдібадам тамақты жиіркеніп жегісі келмеген қалалық еркетотайлар біртіндеп өздері пісірген азықтың бәрін жалап-жұқтап жейтін болды.
Қойшыбай оларға бес күннен кейін ғана көрінді. Онда да атпен жосылтып, киіз үйді алыстан орағыта өте шықты. Тірі пенденің пайда болғанын көрген екі бала өкпелері өшкенше артынан айғайлай жүгірді. Қойшыбай ештеңе естімеген адамша торы атпен тұстарынан құйғытып өтіп кетті.
Түс әлетінде тура киіз үйді бетке ұстап, жақындап келді де, маңайлай бергенде кілт бұрылып, таудан асып көрінбей кетті.
Кешқұрым дәл ірге тұстан тасырлата шауып өтті. Ана екеуі сыртқа атып шығып, бақырған-шақырған күйі қала берді.
Түнде балалар ұйықтады-ау дегенде киіз үйге білдіртпей кіріп, қастарына қисайды. Азанда қорылдап ұйықтап жатқан Қойшыбайды көргенде екі бала тап әкесін көргендей қуанды. Қойшыбай оларды көзіне де ілмеді.
– Жүріңдер, тамақтанып алыңдар! – дегенде екі бала арсалаңдап соңынан ерді. Қойшыбай қой қора жаққа беттеді. Қойдың құмалағын алып, бір-бірден балалардың аузына тыққыштап байқады.
– Ештье! Жеңдер! Тәтті ме? – деп қояды. Екі балада жан жоқ. Қарсылық танытпады да.
– Мен сендердің құлдарың болдым. Енді сендер менің құлдарымсыңдар! Сендер аста-төк дүние мен байлыққа бөгіп өстіңдер. Не ішем, не кием демедіңдер. Бәрі дайын. Алды-арттарыңда бір-бірден охрана. Бір-бір няня. Бір-бір үй күтуші. Аспаз, шаштараз, дәрігер...Қанша адам зырылдап жүгіріп жүр. Сендер Ақшаның құлы болып өсіп келесіңдер. Ал мен Ардың құлымын! Бір тілім нанды еңбекпен таптым. Енді сендерді менен құтқаратын жан баласы жоқ. Айтқаныма көнесіңдер, айдағаныма жүресіңдер! Естідіңдер ме?!.
Екі балада тіл жоқ. Бастарын қайта-қайта изейді.
– Барыңдар! Бұлақтың суына беттеріңді жуыңдар! Бүгіннен бастап мына қара қойды екеуің бағасың!..
Бір айдың ішінде екі баланың өміріндегі өзгеріс – аспан аударылып жерге түскендей, жер көтеріліп аспанға шыққандай болды. Қойды өздері бағатын болды. Отты өздері жағатын болды. Тамақты өздері істейтін болды. Кірді өздері жуатын болды...
Қойшыбай тағы жоғалды. Балаларға көрінбей, олардың қимылын алыстан бір күн бойы бақылады. Сосын кіші қызы мен баласын үйіне жіберді. Кішкентайларды көргенде екі бала естері шыға қуанды. Екеуінің беттерінен кезек-кезек сүйіп, туысқандарын тапқандай асыр салды. Артынан үлкен ұлы барды. Бір ай бұрын оқты көзімен атып жүрген балаға Әсет ұялы телефонын тарту етті.
Қойшыбайдың әйелі көрінгенде Әсет пен Есеттің тілі қазақша шықты.
– Апа! – деп етегіне оралды.
Тау мен тасты, сай мен саланы дірілдетіп, гүрілдеп келіп тікұшақ қонғанда сымбатты жігіт ағасын бір үйелмен отбасы қоршап алып еді.
Балаларының адам танымастай өзгергенін көрген әке бір күн түнеп, ет жеп, қымыз ішіп, әбден тыныққан соң Қойшыбайды оңаша шақырып:
– Қойшеке! Менде дүние бар. Байлығым әулетіме жетеді. «Осы бай адамдарда не уайым, не қайғы бар?» дейтіндер бар ғой. Менің уайымым – осы балаларым еді. Бұлар туғаннан еш қиындық көрген жоқ. Бір жерге барса ұшақ дайын. Күтуші, көмекші, оққағар... Бәрі бар. Бірақ бұлардың өмірге дайындығы болмады. Сізге ризамын. Балаларым адам болып қалыпты. Міне, уәде еткен ақша. Алыңыз. Бір жарым миллион теңге, – деп бір бума ақшаны қолына ұстатты.
Тікұшақ көкке көтеріліп, көзден ғайып болғанша Әсет пен Есет бұларға қарап қол бұлғаумен болды.
– Бұл кім өзі? Айтпадыңыз ғой отағасы, – деді Қойшыбайдың әйелі.
– Біздің инвестор ғой. Келесі жылы тағы келеді...
Қойшыбай бір атым насыбайды астыңғы дүрдек ерніне тастап жіберіп:
– Қызталақ! – деп қарқылдай күлді...
writers.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.