Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ой бөлістім халқыммен: тіл туралы толғам...

30.11.2019 6062

Ой бөлістім халқыммен: тіл туралы толғам 12+

Ой бөлістім халқыммен: тіл туралы толғам - adebiportal.kz

Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, әлемдік деңгейдегі саясаткер, реформатор. Ел басқарудағы ерекше қасиеттерінің бірі – нақтылық және іскерлік. Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіл туралы айтқан терең ой-толғамдарын ұсынып отырмыз.

***

Қазақ баласының мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінің тамыры тереңде жатыр.

***

Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады.

***

Түркі әлемінің эпостары – қазіргі түркітектес халықтардың тарихы мен мәдениетінің біртұтас екендігін терең түсініп, Жете сезіну үшін теңдесі жоқ құнды қазыналар. Сонау есте жоқ ежелгі замандардан бері бауырлас түркі халықтарының асыл қазынасы болып табылатын эпостар олардың даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде халықпен бірге жасасып, бірге сақталып келеді.

***

Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.

***

...Қазақтардың рухани әлемі, негізінен, ауызекі поэзия дәстүрінің ықпалымен қалыптасып отырған. қазіргінің талай елін қайран қалдыратын осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады.

***

Қазақ даласында поэзия тек ақын-жыраулардың ғана еншісі болып қоймаған, ол қазақ мәдениетінің барлық тамырына нәр берген.

***

Қазақты этномәдени тұтастық ретінде танып-түсіну үшін халықтың ауызекі сөзінің құдіреті айрықша мәнді. Әрине, жадау тірліктің жайдақ сөзі емес, бұл жерде әңгіме армансыз сұхбаттан туатын асыл сөз туралы болып отыр. Салиқалы сөз қазақылықты құлпыртудың кілті болған.

***

Өнер әрқашанда шынайылық пен үндестікке шақырып, ұлтаралық қатынастың әмбебап тілі қызметін атқарады.

***

Менің терең сенімім мынада: қазақ тілі мен мәдениетін дамыту міндетін шешпейінше, ұлттық саясат мүмкін болмайды.

***

Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл.

***

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.

***

Сөз бұзылса, ой да бұзылады. Тіліміз ішкі әуезінен айырылып, сынын жоғалтады.

***

Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол ұлтымыздың анасы.

***

Ана тілін қадірлеу – әр азаматтың перзенттік парызы.

***

Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары.

***

Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.

***

Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер, өйткені бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр.

***

...Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!

***

Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Ол шетел тілінде сөйлесе – тіпті жақсы. Бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып, көміп тастаса — ол кешірілмес күнә.

***

Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.

***

Жақсы шығарма – жан серігің. Сәтті сомдалған кейіпкерімен қоса қуантады, ойландырады, мұңайтады.

***

Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек.

***

Жалпы, екі заттан – діни фанатизм мен діни көрсоқырлықтан бірдей сақтанған жөн.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар