Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ХАНОРДАСЫ...

13.03.2018 8394

ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ХАНОРДАСЫ

ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ХАНОРДАСЫ - adebiportal.kz

(ақын Қаныбек Сарыбаев жөнінде)


Бірде іссапармен Ғабиттің ауылы Қызылжарда болғам.


Онда орман көрдім. Сол орманнан ағаш біткеннің талай тұқымын көрдім.


Қарсы бұтақты қарағайды, тас тамырлы еменді, жапырақтары омырауына біткен самырсынды...айтайын дегенім – құлап жатқан қайыңды. Әппақ болып, жер құшып жатқан ақ қайыңның өлімі – көз алдыма бәйкүнә сәби өлімін елестетіп еді. Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлең жолдарының қалай жазылғанын сонда ғана түйсініп, көкірегіме түйіп ем. Көз жасына ырық беріп ем. Ақын өлімі де нәзік аққайыңның тамырының бырт-бырт үзіліп, жер құшып жатқанымен пара-пар-ау! Халыққа түскен салмақты ғұмырымен көтеріп, соңғы он жылда қаншама таланттарымыз әлсіз балапандай үзіліп, кетіп жатыр, кетіп жатыр...


Күні кеше ғана емендей жайқалған Әбжаппар аға, қарағайдан тіп-тік Нәмет аға, жұмсақ күлкісін езуінен жия алмай кеткен Жұмамұрат аға, тай-құлындай тебіскен Өмірбай, Әлібек, Төрекелді соңын ала қазақтың басқа ақынынан жолы бөлек қасқа ақыны – Қаныбек аға, ол да кетті «келместің кемесіне мініп».


Бірақ, бірде-бір рэкеттің немес мафияның қолынан қаза тапқан жоқ. Өйткені, оларда рэкетпен бөлісетін ортақ ақшасы, мафиямен саудаласатындай биік лауазымы, орынтаққа таласатын дәрежелері де жоқ еді. Бұрындары аз да болса халқы ардақтап, «ақын, жазушы» деп көпшік қойғанға, мың қой айдағандай көтерілетін көңілдер, ел нарыққа көшкенде, жабағы жүні жығылып, әркімге жаутаңдай қарайтын мүсәпір күйге түсті. Ақын-жазушылардың рухы жығылуы – халықтың рухының жығылуы. Алты ақын атқа қонғанда, жер қайысқан қол болып көрінетін рухы асқақ ақындардың көзі тірісі бүгінде лақтырылған сүйекке мәз, тигенін бауырына басып, жеке-дара жан бағудың әлегімен жүр. Онда да сүйек тие қалған жағдайда...


Сенбейсіз бе? Ендеше ақындардың арқалысы, от ауыз, орақ тіл, әлі топырағы кеуіп үлгере қоймаған Қаныбек Сарыбаев ағаға құлақ асыңыз:


Елге ерек саналсақ та,
Айналдық жарамсаққа.
Ақындай бейшара жоқ,
Мынандай сараң шақты!


Немесе:


Жұмыстан да қағылдық,
Тұрмыстан да қағылдық.
Социализм заманын,
Құдай-ақы сағындық...


- Тәуелсіздікке жаңа қолымыз жеткенде, ақынның мұнысы несі? – деп таң қалатындар да табылар. Бірақ, ақын қай жетіскеннен айтты дейсің: «Арқа жылы болса егер, арқар шауып несі бардың?» кері де бұл!
Іле-шала:


Жанып бара жатырмын, жанып бара.
Иланбасаң - ішімді жарып қара.
Өзім жаққан отыма өзім күйем,
Құдайға да өкпем жоқ, халыққа да.

Жану керек қазақтың тұлғалары,
Жанғандардан жап-жарық нұр қалады.
Жанған біздің аспанда талай жұлдыз,
Уағында соларға кім қарады?

Ұлан болсаң ортаңнан оза туған,
Өзің күйіп өлесің өз отыңнан.
Құлайтыным белгісіз қай маңайда,
Көбік шашқан аузынан боз атымнан.

Жүйріктердің тағдыры қылдай неге?
Өліп барып озасың бұл бәйгеде.
Өмір шіркін ақынды қуып жетпей.
Орынына өзінің қылмайды еге!..


Иә, боз ат болдырып барып құлады. Құрманғазының «Көбік шашқан» күйі қайғының қара қобызын бебеулетті. Ақын біткен аңырап қалды. Ана – Түркістан ақын баласын қойнына алды. Қара күздің ортасы. Ақын тәнін қара жердің қойнына бергенімізге де, қара қыстың ортасында жүз күн болыпты.


Қазақты «тас түскен деріне ауыр» деген бар. Басқалар бет сипасып кетіп қалғанда, ақын шыққан қара шаңырақ қара жамылып, желдіртіп өте шыққан жылдарға өкпе айтарын да, өкпесін көпке айтарын да білмей, Ұғылан сынды жеңгеміз қалды артында. Улап-шулап балалары қалды артында. «Орнында бар оңалар» - деді халық. Орны оңалар-ау, сөнген шам жанар ма, тоқтаған жүрек соғар ма, бәрінен де қанасына симай тулаған шабыт қайта тұтанар ма? Қаныбек ақын қайтып келіп, арнасынан тасыған, ноқтаға ырық бермес асау талант халқын қайта қуанта алар ма?


Менің жанымды жегідей жеген солар. Аз өтсе де, ағамды аңсадым. Жүрек жырлады. Өлең жазылды:


«Кешір мені, жарық күн,
Жүре-жүре жалықтым.
Жүрегіме батады,
Жылағаны халықтың...»


Қаныбек ағаның бұл жыры, қарындасы – менің жырлауымда былай жалғанар деп кім ойлаған?!


Дәрменің жоқ жөндеуге,
Маңың толы кер кеуде.
Жан-дүниең жаралы,
Қалды ма жол өлмеуге!

Жетті хабар қаралы:
«Тіршіліктің жамалы.
Сөнді көзден»... дегенде –
Бойыма у тарады.

Құдірет пен араңыз, -
Байланысын қараңыз, -
Тұлан тұтып қара аспан,
Тұман жұтты қара күз.

Болмысыңды ірі еткен,
Шыққан жырың жүректен...
Жауып жатыр бетіңді,
Бұрқыратып күрекпен.

Жасын түскен емендей,
Ауды жүгің теңелмей.
Көмді жолдың бойына,
Қарап жатсын дегендей.

Салмағынан өлеңнің,
Қармағынан кереңнің.
Арбауынан өмірдің,
Шаршадың ба, неге өлдің?!


***


Анда-санда көріссек те, тіптен кездеспей жүрсек те, мені түсінетін бір адам бар мынау жұмыр жердің бетінде деп арқаны кеңге салып, тауға сүйенгендей болып жүретінмін. Өзі айтқандай «сөзіміз бір, өзіміз бір, тек киіміміз ғана бөлек» ағадан көз жазып қалғанда, орманда адасқан жандай күй кештім. Қабірінің басында кездескен Әселхан екеуміз бір-бірімізге көңіл айттық. Қаныбектің менің рухани ағам екенін білетіндердің бәрі маған көңіл айтты. Қабыл болсын! Ақын өлімі – ортақ өлім, ортақ қайғы!..


Тағы да өлең жазылды.
Талтүстен аса бергенде,
Алпыстан аса бергенде.
Жығылдың орға барыстай,
Ажалдан хабар келгенде.

Өлеңнің Ханы – Орда едің,
Таусылды қалай дәрменің?
Өкпеге қимай жүргенде,
Өлімге қияр жан ба едің?
Тұйыққа жаным тірелді,
Шулатып кеттің бұл елді.
Басымнан сипап, мақтаушы ең.
Арқамнан қағар кім енді?

Асу да асу, белес ең,
Сағым боп қалдың неге сен?
Шыңдардың биік төбесі ең,
Шындықтың шыншыл төресі ең!
«Ақынның елден несі кем? –
деуші едің, - кембеу несібем»,
Жалықтың ба, ақын болудан,
Қотыраш қойдан бәсі кем?!


Амал қанша! Өнердің кейбір адамдарында кездесетін қызғаныш атты қызыл шоқтан таза болмысын аяған тума талант кішкентай ізет көрсе – үлкен ләззат алатын. Өмірде біреулерге бергенін емес, алғанын айтатын адал жүрек, шын мәнінде туралықтың тура тартатын азулы көкжалы болатын. Өлеңдері жасандылықтан қандай таза болатын болса, соншалықұты жанға себетін шуағы мол еді.


Бірде теледидар қосып қалсам, Қаныбек ағам саңқылдап өлең оқып тұр. Және маған қатысты. Таң қалғаным, мені көргенде: сен туралы сөйледім, өйттім-бүйттім деп бір ауыз айтпаған. Шамамда театрда өткен кешім де болса керек. Онда:


Әңгіменің көшсем егер жөніне,
Кеп тұрғам жоқ, дәрежеңе, шеніңе.
Жаратқан үшін келдім, Құдайым,
Ақын етіп Ханбибіжан, мені де.

Жер бетінен бүгін кетіп қалса да,
Опындырмас оңбағандар қаншама!..
Жасай берсін, ақыл жүрек – Күн жүрек,
Бірдей сәуле шаштұғын баршаға!


Екі-ақ шумақпен қайырған ақын: «осы пікірімде мәңгілік қаламын!» - деп аяқтап еді.


«Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» - деп қайран Мұқағали жырлап кеткеніндей, шындығында да ақын жалғыз-ау! Бірақ, осы «жалғыздардың» да мұңдас-сырлас болатын адам іздемейді деп қалмаңыз. Іздейді, сұрайды. Мұңын бөліскісі келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын Қаныбек ағам маған «Шымкент келбеті» газеті арқылы хат жазыпты. Бұл хат емес-ау, менің өлеңдеріме жазылған рецензия десе де жарасымды. Мірдің оғындай, дәл тиетін өткір жолдардың соңында ақынның кіреукелі, мұңлы көңіл-күйін аңғарғандаймын.


... Үшбу сәлем жолданды жаны ризадан,
Ақындарға адалдық, қағида – заң.
Мұқағали ағаңның есіңде ме,
Дәметкені жылы сөз Фаризадан? – деп аяқталатын өлеңге көп ұзамай сол газет арқылы жауап бергем.


Ақын, неге шағындың,
Қамады ма, қалың мұң?
Емес еді бізге шарт,
Тіршілігі қарынның!

Жасым жетті дейсің бе,
Соған қайғы жейсің бе?
Мен де кейде білмеймін,
Кірерімді қай інге?!

Жырттық бұлттай аунаған,
Көңіл мынау – жаумаған.
Қоғам мүскін қалыпта,
Алаяқтар жаулаған!

Ой – сезімнен күйзелдік,
Қылмыс жіпке тізерлік.
Дақпырт таққа қонғанда –
Шындық өлген! Біз өлдік!

Тағдырымыз – табанда,
Жоқтың қолы – жағаңда.
Арыстандар қауымын,
Ит билеген заманда!

Еленбедің, елендің...
Сөзін айтпа төменнің.
Шырағысың - шындықтың,
Пырағысың - өлеңнің! – деп түйіндегем.


Аға бір жиында кездескенде, «Ақынсың!» - деп, қолымды қысты. Мен бұл сөзді бірінші рет Нәсіреддин Сералиев ағадан естігенмін. Қазір бәрі айтады ғой, бірақ, осы екі ағамның жөні бөлек!


Менің бір таңқалатыным – ақындар арасындағы байланыстың селкеулігі. Селт етпейтін сияқты. Бірінің қайғысына, бірінің қуанышына ортақтасу, емен-жарқын араласу жоқ. Осындайда баяғы Сәбеңдер мен Ғабеңдерді, Бейімбет, Сәкендерді, солардың ортасындағы үлбіреген жалғыз қыз Мариям апайдың бір-бірімен қарым-қатынасын елжірей қиялдадым. Мүмкін, уақыт, заман солай ма, бүгіндері зәуіде бір кездесіп қалғанда, өлгеннің күнімен әзер қыбырлайтын сияқтымыз. Міне, сол селқостық үшін бүгін өзімді кінәлап отырмын. Отырарға барғанымда Қаныбек аға қауқылдып алдымнан шығып, үйіне шақырып, Ұғылан жеңешем көйлек кигізіп, қайтар кезде ағатай: «Жазда кел, балаларды алып кел, сол кезде қауын піседі» - деп жік-жапар болғанын бағаламаппын, күн тәртібіндегі мәселе сияқты немғұрайлы қарағаныма енді өкінгенмен не пайда?!
Бірақ, қаралы хабар естігенімде, жүрегім сыздап, өзім өліп бара жатқандай күй кештім. Телефон соққан Құлбекке жыладым-ау деймін, сірә! Мен мұның бәрін жәй отырғаным жоқ, елуден асқан ақын бауырлар, біз енді бір-бірімізге сынасуға емес, жыласуға керекпіз.


Мүмкін, ақындар бұл мінімізді аузымен айтпаса да, жүрегімен сезетін шығар. Әбілда інім жиі іздеп келетін болды. Нармахан ағам, Алла бұйыртса, мен жайында баспаға кітап әзірлеп, өзінің келе жатқан алпыс жылдығын ұмытып жүр. Тәуба делік!


... Күні бойғы күйкі тірліктен қатты ұйықтап кеткен екем, таң алдында түсіме Қаныбек аға енді. Көңілі жай. Пейішке барған-ау, құп-құнақ, сұп-сұлу. Орнымнан ұшып тұрып, күнтізбеге қарадым.


«Қашан қайтып еді?!» Мың-сан қу тірліктен жетісі мен қырқына да қатыса алмадық. Елеп-ескеріп, есіңе салар кім бар? Қазан көтеруге қауқары жоқ отбасы мүшелері «Түркістанның құрметті азаматы» еді ғой, ұйымдастырушылар хабар берер деген болу керек, олар да үнсіз қалды.


Ағатай, неге түсіме кіресің?! Қолыма тағы қалам алдым.


Ұнаған ба, расында,
Дамыл тапқан жат ұя?
Көңілі қош. Басында –
Қазақия тақия.

Қаһары жоқ қыс мүлде,
Көктем лебі есіп тұр.
Әппақ қардың үстінде,
Боз тұманды кешіп тұр.

Интернаттың баласы,
Ауылына қайта алмай...
Тұрғандай, көзқарасы –
Бір нәрсені айта алмай...

Деді сосын бұрылып:
«Ет жүректі – мүк басты!»
Сұп-сұр жүзі құбылып,
Қара көзі от шашты.

Бір мақсатым өтелді,
- Қалма! – деді, - текке өшіп!..
Сұқ саусағын көтерді,
Кетті сосын көкке ұшып.

Бұл не тілім күрмеліп,
«Жалғызсың-ау!» деді ме?
Айта алмадым үлгеріп,
Ала кет деп мені де!


Айтпадым. Айта алмай қалдым. Қуанам ба, өкінем бе? Білмедім. Жер бетінде жақсы ғой. Мархабат бар, Сатыбалды бар, Әбілда мен Серік бар. Әуесқойларды айтпағанда, Одақтың елуден астам мүшесі бар екенбіз. Мүмкін, басымыз қосылар. Қосылғанда Құран бағыштармыз әз ағаның басына. Түсіме кіргені «неге ескермейсіңдер?» - дегені ме екен? Қалай болғанда да Сіз біздің жүрегіміздесіз. Жарқын бейнеңіз бізбен бірге. Бұл – құрғақ сөз емес, бәріміздің, өзіңіз білетін бәріміздің атымыздан айтылған сөз. Топырағың торғындай жеңіл болсын аға!


... Таң аппақ атты. Жазғаныма нүкте қойылды. Мойнымнан ауыр жүк сырғып түскендей. Бүгін халқының Қаныбегінің, от ауызды, қасқыр жүректі, дара тарланбозының көз жұмғанына жүз күн!

(«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2003-жылғы 23-қаңтардағы нөмірінде жарияланған).



ҚАБЫЛАН МІНЕЗ ҚАНЫБЕК


Мен ол кісі сонау 1991 жылы таныстым. Облыс орталығында бір айтыс болды да, Қазығұрт ауданының атынан мен келдім. «Шымкент» қонақүйінің үшінші қабатынды қасымда сол кезде мені қай жерде өлеңнің басы қылтиса, сонда жетелей жөнелетін ұстаздарым Қазыбек Тәжиев пен Болат Қалыбеков бар, кешқұрым үшеуміз аядай бөлмеде тынығып жатқанбыз. Бір уақытта сыртқы есік әлдекімнің тегеурінімен шалқасынан ашылды да, біреу ентелеп кіріп келді. Жай ғана кіріп келе қойған жоқ, аса бір асқақтау, адуындай мінезбен кірді. Келе салып бұрышта сүйеулі тұрған домбыраны қаттырақ қағып-қағып жіберде де:


Мен деген Сарыбаев Қаныбекпін,
Қайтқан жоқ Қаныбектен әлі де екпін,
Бағанағы сары бала мұнда екен ғой,
Қарсы келіп жығылған бәрі бектің.


«Сол баладан бірдеңе шығар» деген
Біразы жетті бізге мәліметтің.
Болса – құй, болмаса – х... ашығын айт,
Ақиқатты бастан-ақ тәлім еткін.
Сен болмасаң, аржақта ақындар көп,
Айтарыңды айт, әйтпесе әрі кеттім, - деп көсіліп барып бір-ақ тоқтады. Сол-ақ екен, құлағыма Болат ағам «ойбой мынау Қанекең ғой» деп сыбырлады. Содан не керек, сол түні біздің бөлмеде әрқайсысынан 5 сомнан есептегенде (күлмеңіз, жасырған түріміз ғой), 30-35 сомның ащы суын ішілді. Мен, ол кезде, әрине, ол пәлеңіздің дәмін онша айыра алмаймын. Көз алдымда өзіме өлеңдері арқылы сырттай таныс тірі ақын десте-дестелеп, кейде орынан тұрып кетіп, кейде әрлі-берлі бөлме кезіп өлең оқып тұрды. Әр сөзін қорытып алуға тырыссам. Қорғасындай-қорғасындай өлеңдер. Қанеке: «Жер емес, Аспанмын, Көбіңнен асқанмын...» - деп тұрды. Ол шынында да сол түні өзін аспан астында жалғыз тұрғандай сезініп еді-ау... Бір есімді жисам, шамамен таң атуға жақындап қалған кез болар, Болат пен Казыбек ағаларым бірі ұйқыда, бірі жоқ, Қанекем жалғыз өзі отыр екен. Қасына барған маған тесіліп ұзақ қарап тұрды да «Бұдан былай мен сенің ағаңмын, сен менің інімсің», - деп бетімнен сүйді. Сосын, қалай тез сауығып кеткенін қайдан білейін-ай, лып етіп жеңіл көерілді де шығып кетті. Қаққан қазықтай қалшиған күйі мен қалдым. Біздің алғашқы кездесуіміз осылай өрбіген болатын... Жаңа ғасырдың жаңа көктемі еді. Дүние көкпеңбек. Жұмыста отырғам. Мархабат ағам айтпақшы, біздің жұмысты «алды - парк, арты – арық». Қаладағы Абай саябағының қарама-қарсысында. Кейде екі қолыңды төбеңе қойып, көкшіл дүние – саябаққа қойып кеткің келеді. Ара-тұра бастығымыздың көзін ала бере зып ете қалатынымызды неісен жасырайын?! Дәл сондай күндердің бірінде кешке таяу сол баяғы тек өзіне ғана жарасып тұратын мінезбен Қанекем жұмыс бөлмемнің еісігін шалқасынан ашты. Әлде ол кісі жақындағаннан есік біткен өз-өзінен ашылып кете ме, кім білсін-ау. Табалдырықтың арғы жағында тұрып «Бастығың қайда, ей?» - деді. Мен де жұмысым бастан асып, шаршап отырғам. Қырсығып, «Бастық бағып отырған жоқ» дедім. Сосын, ал кеп бір сойқан басталды дейсіз. Қанекем бір оталып барып тежелді де «өй бастығыңды да, сені де...», - деп шықты да кетті. Тағы да сол баығы күйімде есі ауысқан адамдай отырып қалдым. Бір мезет ал кеп ашуым шықсын. Сосын қаладағы таныс-білістер арқылы ол кісінің ауырыңқырап, ел «Роща» атап кеткен жерде жатқанын біліп алдым. Қырсыққанда жол-жөнекей алдымнан біраз жолдастарым жолығып, туған күн тойлап кеттік. Өй, не керек, содан түнгі сағат он екілер шамасында әлгі ауруханасына әрең жеттім-ау. Түңгі қонақты кім қабылдай қойсын, есіктердің бәрі тарс жабық. Бергі бұрыштан ғана бір бөлменің жарығы жылтырайды. Сол терезенің түбіне бардым да, ішімде мықты қызуым бар, тура бір құрдасымды шақырғандай-ақ «Қаныбек» деп айқайладым. Біреу үңіліп қарағандай болды. Таныс дауыс «түн жарымында қаңғыған қаңғыған кім, әй бұл?», - деді. «Шық», - дедім. Шықты. Әріректе бір топ қайыңның түбіне барып отырдық. Қолында бір-екі шиша. Ұзақ үнсіздіктен кейін Қанекем: «бүгін нешесі!», - деп сұрады.Наурыздың он үші болатын. Сосын, ауыр бір күрсініп алды да: «бүгін менің туған күнім...» , - деді. Ары қарай әдетінше тісін шықыр-шықыр еткізіп алды да,


«Наурыздың туылыппын он үшінде,
Жолым болмай жүргені сол үшін бе?», -


деп басталатын өлеңін оқыды. Содан кейін ғана шешіле бастадық. Әңгіменің басы Мұқағалидан басталып, мен жыға тани да бермейтін жастармен аяқталады. Қанекеңнің есте сақтау қабілеті сонда мені қатты таң қалдырып еді. Әлдебір жас ақынның бір шумақ өлеңін жатқа оқиды да «керемет емес пе?» деп бетіме қарайды. Бас изей берем әйтеуір. Менің ұзақтау бір өлеңімді бастан-аяқ жатқа соққан кезде көзімнің алды лықылдаған жасқа толды да қалды. Ара-арасында Қанекем ұзақтау бір ойға түсіп кетеді. Екеуміз де үндемей қаламыз. Сосын, сол үнсіздікті Қанекем селт еткізер даусымен қайта бұзады:


Берген емес маған атақ бермейді,
Күндейді ғой, жүндейді ғой мендейді.
Ертең менің атымдағы сыйлыққа
Таласарын түсінгісі келмейді.
Өлеңімнің өлмейтіні хақында,
Қам жемесін жақыным да, жатым да,
Қазақтағы сыйлықтадың көбісі
Сыйлық алмай кеткендердің атында,


Деп еді ол толғана сөйлеп. Көктемнің түні. Сол түні таңда Қанекемді бөлмесіне шығарып салдым. Ол бір жан-дүниеңе көктем енгізіп, миыңда миллиондаған реакциялар жүріп өткен рахат бір сәт еді...


Тағы бірде Қанекеме кейін жазылған «Қаныбек айтыпты» дейтін өлеңімді оқып бердім. «Мені Қаныбекше түсініпсің-ау», - деді. Сосын, баяғы әдетінше үндемей тұрып-тұрып арасында:


Ұнататын өлеңімді, өңімді,
Сұлулардың сүлейі едім көңілді.
Тоңқандаған топастарға осыным
Төсектерін былғағандай көрінді, - деген шумақтары бар өлеңін оқып берді.


1997 жылы облыс орталығындағы облыстық драма театрында мүшайра өтті. Қанекем де келген. Қызулау қалпы шығып өлең оқыды. Жақсы өлең. Қазылар алқасы аздап бұрыңқырап жіберді ме-ау, ұрымтал жерден ұрыңқырап жіберді ме-ау, кім білсін, әйтеуір сол мүшайрада Қанекеме ешбір жүлде бұйырмады ғой. Бір мезет екінші қабаттағы фойенің терезесі алдында Қанекемнің жалғыз өзі отырғанын көрдім. Мені көріп, кілт бұрылды да, залға қайта кіріп кетті. Ашулы екенін біліп тұрмын. Сосын залдың артқы жағында отырып, мынадай «зәпіскі» жазып жібердім:


Сарыбаев Қаныбек,
Сабаңа түс сабыр ет.
Сіз де, біз де сандалып
Сағым қуған ғаріп ек.

Мүшкіл халді мүшәйра,
Мүлмүлкиге ұқсай ма?!
Алу үшін жүлдені,
Керек Сізге үш айла:

Бірінші айла – қалтаңыз,
Екінші айла – «қартаңыз».
Үшіншіден – пана етер
Керек тағы «қалқаңыз».

Осы үшеуі болмаса,
Мұнда келу далбаса.
Еленбейсіз тәңірге,
Жюри көзін салмаса.

Сарыбаев Қаныбек,
Сарсаңға бұл нағылет.
Сыра – бізден, сыр – Сізден,
Тілегімді қабыл ет!


Кішкене бір бала бір жапырақ қағаз әкеліп берді. Қағазда: «Әумин! Тілегің қабылданды, пендем!» деген жазу бар екен...
Баяғы ауруханада Қанекем тағы да жатыр екен дегенді естіп, көңілін сұрай бардым. Жүзі солғындау, жалт қарағанда жанарының бір қиығынан жарқ ете қалатын отты байқай алмадым. Әңгімелесіп біраз отырған соң, аяқ астынан «өлең оқиыншы», - деді. Ілеріде оқиын деп айтпай-ақ ақтарыла кететін ақжарма жүрек, ақпа бұлақтың сол бір сөзі жүрегімнің әлдебір тамырын бүлк еткізген сонда. Бір сағатқа жуық өлең оқиды. Әбден атқарылды. Сосын: «Ал, мен болдым. Енді өлеңді өздерің жазып алыңдар», - деді. Кеудемдегі бір уыс еті құрғыр өзінен-өзі шым-шым етті-ай сонда. Өлең оқышы деп еді, соңғы жазған, жабығу мен зарығудан туған ұзақтау «Мархаббатты жоқтау» дейтін циклымды (бұл жерде «жоқтау» деген сөзді іздеу, аңсау мағынасында түсінген дұрыс) түгел оқып бердім. Қабылан тектес мінезі бар Қаныбек – менің Қаныбегім жылады-ау сонда. Жасы толы жанарын жұмып отырып:


Саудагердей ойлайтын базар қамын,
Күні-түні сезем бір ажал барын.
Кімге мұра, кіге нәр болады екен,
Мұңы басым, жетімек ғазалдарым, - деген ол сонда. «Мені де біреу жоқтай ма екен?» деген. Ол біздің соңғы кездесуіміз екенін қайдан ғана білейін-ай... Ай, адамизаттарым-ай! Пендеміз ғой кейде Алланың әзірейіл атты періштесін «сұм ажал», «мейірімсіз ажал» сырттай қарғап сілеп жатамыз.Онымыздың бекер екенін біле тұра солай айтамыз. Соның бәрі жаныңа жақын жанды жоғалтудан, қабырғаға ауыр қайғыдан емес пе?!


Бір күні «Қанекеңнен айырылдық» деген естігің келмес сөзді де есіттік. Күні бойы жынды адамдай болып жүрдім де, түсінетін жалғыз кісі болғандықтан, бастығыма «ауырыңқырап тұрмын» деп үйге қайттым. Үйге қалай сиясың ондайда?! Канекем де сыймай кетті ғой. Үйге емес-ау, жердің бетіне. Адамдардын арасына. Өзі туған Түркістанға да, Отырарға да сия алмады. Бәлкім сыйдырмағанда болар, кім білген-ай...


Былтыр түсіме енді. Түсініксіздеу түсімді дәл түстеп бере алмаспын-ау, дегенмен Қанекемнің жүзі баяғы соңғы рет көргендегімдей аздап солғындау еді. Өлең оқығысы келе ме-ау, бірдеңе айтқысы келе ме-ау, сонау пионерлер айтысыннан-ақ қызыл галстуктерін сүйрелеп жүретін шәкірттері Бекарыс пен Жәкеңді сұрай ма-ау... Қабағы қатулы. Бұрылып жап-жарық бір есікке кіре бере оянып кеттім. Түңгі сағат үштің кезі екен. Ұйқылы-ояу Түркістанға, Бекарысқа қоңырау соқтым. Ояу екен. Беймарал футбол көріп отырған бола керек. Аздап ұрсыңқырап қойдым ба қайдам, әйтеуір Қанекеңнің басына барып, құран оқытуы керектігін айттым-ау деймін. Айналайыным-ай, ренжіп қалмады ма екен?..


Алдыңғы жылы ғой деймін, мен бір бастама көтеріп, оны Бекарыс інім іліп әкетіп, әлгіндегі өз өлеңіндегідей Қаныбек Сарыбаев атында үлкен бір мүшәйра өткізбек болғанбыз. Оған нарқасқа Нарағам (Нармахан Бегалыұлы ғой) бастаған, марғасқа Мархабат ағам мен хан қызындай Ханбибі апам және әр сөзін әдіптеп жазар Әбілда ақын қоштаған бір топ кісілер имзасын, яки қолдарын қойып, Бекарыс Түркістанға жөнеген. Қаланың әкіміне һәм сондағы әкім-қара, атқамінерлерге. Ол кеткеннен мол кетті. Қалтаевша айтсақ, «Хат та жоқ, қара қағаз да жоқ». Өмір бойы Түркістан деп, Отырар деп өткен, көшелерінде теңселіп жүріп, теңдессіз жырлар жанын жарып шыққан шайыр – «Қабылан мінез Қаныбек» атындағы мүшәйра солайша өтпей қалды. А-а-а-ай, адамизаттарым-ай...


Дүние сол қалпы. Келгендерді қарсы алады. Кеткендерді шығарып салады. Уақыт та баяғы орнында тұрғандай. Осы кейде «уақыт өтіп барады» деп шыр-пырымыз шығатыны бекер ме деймін?! Уақыт емес, біз өтіп барамыз-ау?!


Қанекемнен соңғы рет сырласқан аурухана маңындағы ақ қайыңдар сол орнында. Желмен бірге тербетіліп, сыбырлай ма-ау, күбірлейме-ау... Жалғыз өзім отырмын. Жалғыз өзім ғана. Әне-міне, бір бұрыштан Қабылан мінез Қаныбегім шыға келердей елегізимін.


Біраз уақыт бұрын басына барып қайтқам. Сонда: «О, Жаратқан-ай, дүниеге сыймай кеткен адуын ақынды мына бір төмпешіктің астына жасыра салған қандай кұдірет?» деп ем. Күпірлік жасадым-ау...


Сөйтсем, Қабылан мінез Қаныбек тірі екен ғой. Алматыға барсам да, Астанаға барсам да, қайда да болса алдымнан Қанекем шыға келеді. Ол тұла бойы өлеңге айналып кеткен екен дә. Алматыда жас ақындардың «жоспарланбаған» бас қосуы өтіп жатты. Бір уақытта Тараздан келген жас жігіт тура баяғы Қабылан мінез Қаныбекше орнынан ұшып тұрды да, Қанекемше тісін шықыр-шықыр еткізіп, тағы да сол Қанекемнің дауысымен Қаныбектің өлеңін жатқа соқты. Отырған орнымнан әзер тұрып барып, бетінен сүйдім. Сөйтсе-е-ем, Қаныбегім жалғыз емес екен. Өзге де Қаныбектер бар екен онда. Отырған жеріміз – Жазушылар одағының қарама қарсысындағы аядай саябақ болатын. Менің есімнен Шымқаладағы бүгінде Абай атам қатулана қарап тұрған саябақ пен аурухана маңындағы ақ қайыңдар кетпей қойды. Ал, болашақ Қаныбектер шеттерінен өлең оқып жатты. Қанекемнің өлеңдерін...

Бақытжан АЛДИЯР,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар