Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдай»...

22.12.2015 4761

Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдай»

Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдай» - adebiportal.kz



«Мен кімді сүйсем, сол - Иса»

Иуда


krest-3.jpg


...Әлдебіреу ауыр күрсінгендей болды...


Үдей соққан жел көше бойына шашырай түскен жапырақтарды толқындата ұшырып барады. Жамырай жарысқан жапырақтар тамыры – тегінен ажыраған адамдай желдің ығына жығылып бағытсыз жөңкіледі.


Жел күшейе түсті. Ақ теректің салалы бұтақтары әйнектерді сабалай соғады. «Қайыршыға жел де қарсы» деген - осы». Ақтарып отырған қара сөмкені қоя салды да, жоғарғы жағы төрт елідей ғана ашық тұрған терезені тұтқасынан бұрай жапты. Кілем үстінде бір-біріне мінгесіп, қара, сары, көк - бірыңғай шымқай түсті төрт-бес сөмке жатыр. Кейбірінің ішкі тысы дүрдиіп, сыртқа шығып қалған. Сары сөмкенің қалталарын ағытып, сілкіп қалып еді, бір-екі теңгелік тиындар сылдырай шашылды. Іле, сөмке де жалп етті. Сол қолын тірей орнынан көтерілді. Екі бүйірін таянып, үйдің ішін тінти шолып тұр. Көзі киім шкафқа тоқтады. Есігін сол жаққа қарай сырғыта ашып, қаз-қатар ілініп тұрған қыстық киімдердің қалтасын қарай бастады. Қолын сүңгіте салмаған қалта қалмады. Бәрібір, түк жоқ. Арқасын қабырғаға сүйеп тұрған күйінде сырғи түсіп, сылқ етіп отыра кетті. Сол отырғаннан басын шеңбектей ұстап ұзақ отырды. Бір кезде сүйретіле тұрып ас үйге барды. Пышақ жүзімен тілінген тұстары нан қоқымымен бітеліп қалған сұр түсті гүлді дастархан жайылған үстелдегі табақтан бір тілім қатқан алып, тіске салып опырып жіберді де, ұрты бұлтыңдап төргі бөлмедегі диванға барып шалқалай отырды. Бөбежігі қозғалып, нанның соңғы шайнамын жұтты. «Т-ә-ә-ә-ә-к». Кенет, әлдене есіне түскендей атып тұрып, диванның бір басын алға қарай жылжытып, еденге үңілді: қоқыс аралас шаң басып жатқан елу теңгелік тиын көзіне оттай басылды. Ақшаның теріс бетіне бедерлене салынған елтаңбаға қарады. «О, мемлекетім менің! Халқыңды сонша зарықтырғаның қалай а?!». Бүйрек беті қозғалып, көз қиығы әжімдене зорлана жымиды.


***


Жел жуасыды. Ақ теректің баяу ырғалған ұшар басы төртінші қабаттағы бір бөлмелі үйдің терезесінен анық көрініп тұр. Қабырғаға ілінген сурет бетінде жапырақ көлеңкесі күн сәулесімен ойнай тербеледі. Басында қара шляпа, жейдесінің тамақ тұсын қылғындыра түймелеген, жүзіне келісті сақал-мұртын қырау шалған шал мен басына тартқан торкөз, шашақты ақ орамалдан самай шашы ағараңдай көрінетін кемпірдің суретіне қараған адам, олардың жүзінен төгілген мейірімді, адам келбетіне түскен уақыттың табын бірден байқар еді.


Қос қарияның суретіне арқасын беріп, теріс қараған күйі жазу үстеліне басын салып, толықша келген әйел отыр. Қимылсыз. Үстелдің оң жақ ернеуінен кішкентай крест салақтап тұр. Кресттің мойын байлар тұсы – әйелдің қолында. Тас қып ұстап алыпты. Үстел үсті – ретсіз қойылған кітаптар, әр тұста умаждалған әлденеше қағаз, тоқтап қалған сағат.


Арада қанша уақыт өткені белгісіз. Буыны босап, әлсіреген адамдай әрең басын көтерді. Өңі қудай. Басы салбырап, жон арқасына келетін шашы өңіріне төгіліп, екі бетін жапқан. Қыбыр етпей ұзақ отырды. Бір уақта аузы жыбырлап, шоқына бастады. Шынжырын қол сыртына қайыра тастап, титтей крестті саусақтарының ұшымен қыса ұстап, ерніне тақады. Крест ерінге тиер-тиместей ғана қалғанда:


- Сүйе алмаймын оны, Құдай-ау.


Өксіп жылап жіберді. Екі иығы селкілдеп, дауыс салмай егіле жылады. Шынжыры жиырылып, иек астында жатқан крестке әйелдің көз-жасы сырт-сырт тамып жатыр. Бір кезде алдында жатқан жарты бетке жуық әлдене жазылған қағазды алып, ужамдай ұстады. Жылаған қалпы орнынан тұрып, крестті алды да есікке қарай беттеді.


Әлдеқайда асыққандай жеделдете басып, баспалдақпен төмен түсіп барады. Жылап барады. Әйел қолындағы шынжыры салбырап, ырғалып бара жатқан кресттің баспалдақтың жақтау теміріне ілініп қап, үзіліп түскенін сезген жоқ.


Түймеленбеген, ұзын сұр плащының етегі желпілдеп, сыртқа шықты. Сарт етіп есік жабылды да, бес қабатты үйдің дәлізінде тағы да тыныштық орнады.


Тыныштықты тіршілік даусы бұзды: шойын темір есік шиқылдай ашылды. Иығымен итеріп тұрып, есікті құлыптады. «Айлық та кешікті-ау, әкең...». Елу теңге салған қалтасынан қолын алмаған бойы сатыларды санай басып төмен түсіп бара жатып, кілт тоқтай қалды. Еңкейіп, саты шетінде жатқан крестті алды. «Алтын!». Аударып қарады. «595». «Шынымен алтын екен. Құдай берді деген - осы». Іштей қуанғанымен, крестті я қалтасына саларын я қолын кеуде тұсына ұстап жүрерін білмей дағдарды. Қолын жоғары-төмен ербеңдетіп, далаға шықты. Аулада шүйіркелесіп отырған орыс әйелдерін көре сала, крестті қалтасына сала қойды. Неге екені белгісіз, орыс әйелдерінің бірі аяқ астынан мойнындағы крестін іздеп, мұны бас салатындай көрінді. Өз ойынан өзі шошып, жүгіре басып көшеге шықты. Артына бұрылып қарады. Қуып келе жатқан ешкім көрінбейді. Қолын қалтасына салды. «Құдайды» қалтама салып алғаным қалай болар екен?! Мұны өзі мойынға тағып, шоқынған сайын сүйіп, табынбаушы ма еді?! «Құдайды» белден төмен, шалбардың қалтасына сүңгітіп жіберу деген зор күнә болып жүрмесін?!». Тұс-тұстан қаумалаған оймен алысып, әбіржіп, өзін шын күнәһар сезіне бастады.


- Ой, Алла-ай...


Даусы шығып кеткенін байқамай қалды. Кенет, мұсылман екені есіне түсіп, жүзіне күнәдан арылған құлдың қуаныш реңі кіріп, болар-болмас жымиды. «Алланың берген несібесі ғой, не де болса. «Құдайларының» адам аяғының астында жатқанына мен кінәлімін бе? «Құдайға» құрметтері осы ма, баспалдақта шашылып жатыр. «595». Алтыннан құйған. Демек, «Құдайды» сатып алады. Сатып алған «Құдайды» тауып алса несі бар екен?! Тіпті қайта сатып жіберсе де болатын шығар». Сүрініп кете жаздады. Қараса, «Хан Ломбардтың» табалдырығында тұр екен. Қалтасынан кресті алып еді, елу теңге қоса шықты. Крест пен ақшаға кезек қарап біраз тұрды да ломбардқа кіріп кетті.


- Сатасыз ба, тапсырасыз ба?


Көзілдірік киген, шашын сары түске боятқан ақсары келіншек бұған күлімсірей қарады.


- Сатамын. Балалар тауып алыпты. Оны неғыламыз?! Мұсылманбыз ғой, мұның бізге мүлде керегі жоқ.


Крест сылдыр етіп таразыға түсті. Бес мың алты жүз теңге санап берді. Күтпеген жерден ақша тапқанына көңілі өсіп, шыға сала әйеліне телефон соқты.


- Алоу, айтсам сенбейсің, қызық болды.


Тәптіштеп бәрін айтты. Әңгімені үнсіз тыңдаған әйелі:


- Оны неге сатасың. Тапсырып қоймадың ба. Айлық түскенде алып, ақшадан қысылғанда тапсырып тұратын едік. Онсыз да бар алтыным ломбардта жатыр. Жарайды, неде болса, ақша жоқ кезде жақсы болды.


Базардан қайтты. Екі қолында екі дорба. Баспалдақпен көтеріліп бара жатып, крест тауып алған тұсқа аялдап, маңайын сүзе қарады. Шиыршықталған қағаз ғана. Алып, жазып қарады. Жарты бетке жуық хат екен.


Үйге кіріп, хатты оқуға кірісті.


«Мен Құдайды сатқан жоқпын. Сенімімді саттым. Сенім – қай заманда да өтімді тауар. Тіпті, өмірдің өзі – сенім саудасы. Адамдардың бір-біріне сенім артуының өзі сол сауданың басы. «Бір Құдайға сендік» дейді. Құдайға адамның сенімі керек пе? Жоқ. Сенім – адамға ғана керек. Адам Құдайға сенімін саудалайды. Тек Құдайға ғана емес... Ғашық жарға қолыңыздың жеткені – сеніміңіздің өткені. Қызметке тұрдың, тағы да сенім саудасы. Сайлауға бардың, сеніміңді саттың. Бар әлем сенім саудасының базары.


Мен де сенімімді саттым. Өтпеді – сүйе алмадым.


Сеніміңіз өз құнын өтеді ме?..»


Терезеге қарады. Үнсіз, тесіліп ұзақ қарады.


... Әлдебіреу күлімсірегендей болды...




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар