Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Орынбасар Дөңқабақ: Мағжан – сазгер ...

12.02.2016 4031

Орынбасар Дөңқабақ: Мағжан – сазгер

Орынбасар Дөңқабақ: Мағжан – сазгер  - adebiportal.kz


Magzhan_Jumabaev.gif

Мағжан махаббатты мөлдіретіп жырлаған ақын ғана емес, сазгер екенін де біреу білсе, біреу біле бермейді. Солтүстік Қазақстан өңірінде Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы бар. Міне, осы ауылда ақынның өзін көрген Ақиден Ақанов деген кариямен ертеректе бір кездескенімде: «Ауылда Мағжан өз қолымен отырғызған ағаш өскен. Оны жұрт «Мағжанның қайыңы» деп атайтын. Бұрын сол қайыңның жанынан өтіп бара жатқанда, Мағжан әндерін ақырын айтушы едім. Сонда жанымдағы немерелерім: «Қаттырақ айтыңызшы, бұл қандай ән?» – деп сұрайтын. Ол кезде дауыстап айтудан қорқатынбыз. Енді ашық айтатын болдық қой. Мағжанның әндерін айтқанда көңілім көтеріліп, рахаттанып қаламын», – деген еді.


Мағжанның ел арасына кең тарап кеткен әндерінің бірі – «Сен сұлу» (Шәмшінің «Сен сұлу» деген әнімен аттас болғанымен, бұл әннің әуені мүлде басқа). Осы әні туралы ақынның жары Зылиқа: «Көңілі жадырап отырған сәттерінің бірінде мен Мағжанға: – Сенің Гүлсімге арнаған «Сен сұлу» деген өлеңің сондай қысқа, сондай тамаша, ал маған арнаған өлеңің ешкімнің есінде қалмайды-ау, – деп әзілдеп едім. Содан кейін бірде: «Ал мына өлең саған ұнай ма? – деп оқып берген мына шумақтар есімде қалыпты:



Шаңқай түсте өткір алтын күн сұлу,

Жымыңдаған жұлдыздар мен түн сұлу.

Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде


Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу, — деп келеді». Апай айтқан бұл әнді бертінде Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауының лауреаты, семейлік әнші Келдібай Өлмесековтің орындауында талай естідік. Ал «Ақсұңқар құс» деп аталған әні 1991 жылы «Өнер» баспасынан Жәнібек Кәрменовтің құрастыруымен жарық көрген «Қазақ әндерінің антологиясына» енген. Сол жинақтың алғысөзінде «Аққұм», «Қаракөз» әндері мен «Ілме» күйі Ахмет Байтұрсыновтікі, «Қызыл бидай» әні Жүсіпбек Аймауытовтікі, «Сен сұлу», «Сүй, жан сәулем», «Ақсұңқар құс», «Япыр-ай», «Дайди-дай» әндері Мағжан Жұмабаевтікі болып шығады», — деп жазылған.


«Мағжан басына қайғының қаншама қара бұлты төнсе де, қанына сіңген өршіл мінезден тайып, мойыған емес-ті»,— дейді оның көзін көргендер. Ол адам жанын түршіктірер әділетсіздіктің тауқыметін күн сайын тартып жүрсе де, рухани сұлулықтың көркем дүниесін жасаудан, сезімнің әсем алқасын өруден әсте танған жоқ-ты.

...Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де, Алаш өлмей көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін, 

— деп өлімнен де қаймықпайтынын ашық айтқан ақынның бұл өлеңі «Сағындым» деп аталады. Ал кейінірек Мағжан бұл өленіне де ән шығарса керек. Сол ән қазір ел қазынасына айналып отыр. Ән Бибіажар Махамбетованың орындауында таспаға жазылып алынған.


Мағжан әндерін тыңдасаңыз, бойыңызға бір жылылық тарап, қаныңыз қызып, ойыңызға қанат бітіп, намысыңыз ұшқындап, азаматтық рухыңыз асқақтап, ғажайып та сұлу сезімдерге бөленіп жүре бересіз.


Орынбасар Дөңқабақ


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған



Мағжан Жұмабаевтың "Дайдидау" әні






Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар