Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті және Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Ой-сана» орыс тілі білгірлерінің республикалық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – ұлтаралық қарым-қатынас жағдайында белсенді көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған шығармашылық бастамаларын жүзеге асыру, орыс тілін еркін меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау.
Байқау екі кезеңге бөлінді. І кезең – үш тапсырма аясында, ІІ кезең – «Шабыт жұлдызы» бөлімі мен марапаттау рәсімінен тұрды. Сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, орыс тілін жақсы білетін, сараланып, өз мекенінде дараланып келген үздік 16 оқушы қатысты.
Жаңылтпаштан (І тапсырма) жаңылмай өтіп, диалогта (ІІ тапсырма) дара шапқан, «Эссе жазу» бөлімінде (ІІІ тапсырма) әсерлі мәтінімен ерешеленіп, озық идея, теориялық сауаттылығымен көзге ілініп, актерлық шеберлігімен барша қауымды, қазылар алқасын тәнті еткен Шығыс Қазақстанның үкілеген үміті Ермұханбетова Ақмарал Ермұханбетқызы бас жүлдені қанжығасына байлады.
Қадірлі қонақ ретінде ҚР Мәжіліс депутаттары Ә.Т. Бимендина мен Н. М. Петухова, ҚР Ресей ынтымақтастық өкілдігінің басшысы Виктор Леонидович Нефедов, Қазақстан Орыс қауымдастығының басшысы Бунаков Юрий Захарович, Қазақстан Республикасындағы Ресей федерациясы елшілігінің кеңесшісі Е.В. Лысенко қатысты. Лауазымды тұлғалар ІІ кезеңнің алғысөзін алып, жүректен шыққан жылы лебіздерімен бөлісіп, құттықтау сөздерімен құлақ қандырды. Байқау соңы концерттік бағдарламаға ұласып, марапаттау рәсімімен мәреге жетті.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.