Белгілі сатирик ақын Оспанхан Әубәкіров консерваторияның актерлік факультетін бітірген ғой. Осы оқу орынын бітірерде дипломдық спектакль «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» болады да, Оспанханға Жантық рөлі тапсырылады.
Оспанхан Жантық рөлін өзінше ойнағаны сонша екі дай пікір ду ете қалады. Бір жағы – «Оспанханнан артист шықпайды» десе, екіншілер – «өзіндік ой-өрнегі бар» деседі. Дау өрши келе алдымен факультеттік, сонсоң кафедра, деканат қатыстырылған жалпы жиналыста қаралады. Онан да пәтуәлі пікірге тоқтай алмаған даушылар ректорат пен мемлекеттік комиссияға тіреледі. Соңғы сынақ Оспанханға «бес» деген баға береді.
Сонда Оспанхан:
− Ойнаймыз деп Жантықты,
Қалмады ғой жан тіпті,
Оспан артист болмас деп,
Кейбіреулер танытыпты, – деген екен.
***
Белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров күндердің бір күнінде үйінің жанындағы азық-түлік дүкеніне кірсе, шынының астында сіресіп жатқан ставрида балығын көреді. Сонда Оспанхан:
– Ассалаумағалейкум ставрида,
Әлі өтпей жатырмысың мыстан-рыба! – деген екен.
***
Оспанхан Әубекіров көшеде дем алып, серуендеп жүрсе, бір милиция келіп, дөрекілеу шыраймен:
– Әй, неғып жүрсің? – дейді. Сонда Оспанхан:
– Адам болған соң жүреді, ит болған соң үреді де! – деген екен.
***
Оспанхан бір дүкенге кірсе апыр-шүпір иін тірескен адамдарды көреді. Бұл не екен деп, мойын созып қараса: килосы жеті сомнан сиырдың тілі сатылып жатса керек.
Сонда Оспанхан басын шайқап: «Ойпырмай, баяғыда біздің Қаскелеңде осы сиырлар тілін қайда қоярын білмей, екі танауына кезек тығып тұрушы еді!» – деген екен.
***
Жазушы Дулат Исабеков тұңғыш рет машина сатып алып, оны тұңғыш рет Жазушылар одағына мініп келіпті. Дулаттың әріптестері жаңа көлікті апыр-шүпір қоршап, жақсы тілектерін айтып жатады.
Сол күні Алматының шыжыған шіліңгір ыстығы болса керек. Бір мезгілде ту сыртынан: «Уай, неғып шүпірлеп тұрсыңдар, жем терген тауықтай!» деген дауыс естіледі.
Дулаттың жанындағылар ошарыла қараса белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров дейді. Қолына күн ыстық болған соң шөл басуға Одақтың буфетінен алған екі шиша сырасы болса керек.
−Жай, мына Дулат жаңа тай мінген екен, соны көріп тұрмыз, – дейді тұрғандардың бірі.
Сол кезде Оспанхан: «Оу, бұл жақсылық қой... Сонда тай мінген баланы осылай үн-түнсіз қызықтап тұруға бола ма екен!» – деп жақындай түседі. Сонан соң «Апырай, не істеу керек!» – деп бір сәт қиналғандай шырай танытып тұрады да, дереу қолындағы екі шиша сыраның қақпағын тісімен опыра ашып жіберіп, Дулаттың машинасының дөңгелегіне лақылдатып құя бастайды. Құйып тұрып: «Қарайғанға қағылмай, сорайғанға соғылмай жүрсін!» – деген екен.
***
Әйгілі сықақшы, сөз шебері Оспанхан Әубәкіровтен бір жас ақын:
– Ос-аға, сіз ішімдік атаулыны қойып кеткен дейді... Сол рас па? – деп сұрайды. Сонда Оспанхан ойланбастан:
– Бұл жаңалықты өзім естігем жоқ! – деп жауап беріпті.
Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.