«Өзегін сағыныштың шөлі өртеген» (Нүкеш Бәдіғұловтың 90 жылдығына орай)
Еңбек жолын Қазақ радиосында жалғастырып, кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Жазушылар одағында кеңесші болды. Осылайша оның қызмет жолы журналистикамен, әдеби ортамен және қаламгерлер шығармашылығын қолдаумен тығыз байланысты өрбіді. 1999 жылы дүниеден өтті.
Қазақ поэзиясының кең өрісінде туған жерге деген сағынышты, адамдық борышты, ұлттың рухани тұтастығын өзек еткен ақындар аз емес. Солардың қатарында өмір жолы мен шығармашылық тағдыры туған елдің тарихымен, шекараның арғы-бергі бетіндегі қазақтардың қилы тұрмысымен сабақтасқан Нүкеш Бәдіғұловтың есімі айрықша аталады.
Нүкеш Бәдіғұлов 1936 жылғы 15 желтоқсанда Шығыс Түркістанның Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. Кейін тарихи Отанына оралып, қазақ әдебиеті мен баспасөзіне араласты. 1966 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдады.
Еңбек жолын Қазақ радиосында жалғастырып, кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Жазушылар одағында кеңесші болды. Осылайша оның қызмет жолы журналистикамен, әдеби ортамен және қаламгерлер шығармашылығын қолдаумен тығыз байланысты өрбіді. 1999 жылы дүниеден өтті.
Ақынның алғашқы өлеңдер топтамасы 1969 жылы «Жас керуен» жинағына енді. Одан кейінгі жылдары ақынның жыр жинақтары бірінен соң бірі жарық көріп, оқырманға кеңінен танылды. Атап айтқанда – «Бәйтерек» (1974), «Нұрлы жұлдыздар» (1976), «Күлімде шуақ» (1979), «Жарық сәуле» (1982), «Сырлы ағыс» (1984), «Енші» (1992), «Парыз» (1996), «Сыбаға» (2001), «Өмір сазы», т.б. жыр жинақтары жарық көрген.
Бұл кітаптардың атауларының өзі ақын шығармашылығындағы өмір, рухани мұра, адамдық жауапкершілік, үміт пен ізденіс секілді ұғымдардың маңызын аңғартады.
Нүкеш Бәдіғұловтың шығармашылығын бағалағанда бірнеше қырын қатар қарастырған жөн.
Біріншіден, оның өмір жолы Шығыс Түркістандағы қазақ ортасынан Қазақстанның әдеби өміріне келген қаламгердің тағдырын танытады. Екіншіден, туған жер мен алыстағы ағайынға қатысты тақырыптары шекараның арғы-бергі бетіндегі қазақтардың рухани тынысы мен байланысын пайымдауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, оның кітаптары бірнеше онжылдық бойы жалғасқан жемісті шығармашылық ізденісін көрсетеді.
Нүкеш Бәдіғұлов – қазақтың сөз өнеріне өзіндік үнімен келген ақын. Оның өлеңдерінде туған жерге деген іңкәрлік, алыстағы ағайынға деген алаң көңіл, адам өмірінің өткіншілігі мен азаматтық жауапкершілік мәселелері қатар өріледі.
Жәркен Бөдешұлы, Марфуға Айтқожина сынды ақындармен тағдырлас Нүкеш Бәдіғұлов поэзиясының маңызды қырларының бірі – сағыныш сезімі. Сағыныш – Нүкеш жырларында жеке адамның көңіл күйімен ғана шектелмейді. Онда ұлт тағдырының түйіншекті түйіндері мен адам жүрегінің тар шеңберге сыймайтын асау лүпілі бар.
Ақынның «Алыстағы ағайын» атты өлеңі осы тақырыпты айқын аңғартады. Мұнда ағайынның алыста жүруі жеке адамның ғана емес, тұтас қауымның жүрегіне салмақ түсіретін қасірет екені бейнеленеді.
Ағайын, алыс жүрген аңсап елін,
Сағынған жетер ме екен жан сәлемім?
Жел қуған қаңбақтайын тағдырларың,
Сыздатты жүрегімді қанша менің!
Іздемей жата алам ба сыңарымды,
Сыңарсыз айта алам ба жыр-әнімді?!
Қиырға кеткен тарап қимастарым,
Шулаттың кеудемдегі ұларымды.
Ақын шығармашылығындағы сағыныш тақырыбын ашатын тағы бір маңызды туындылардың бірі – «Жетпіс екі шақырым» өлеңі.
Н.Бәдіғұлов 1987 жылы жарымен бірге Қытайдағы туған-туыстарына бара жатқанда жол-жөнекей анасының қайтыс болғанын естиді. Анасының жүзін жиырма бес жыл көрмеген ақын елге жетуге асығып келе жатқанда, ауылына жетпіс екі шақырымдай жол қалғанда қаралы хабарға кезігеді.
Ақынның жары Роза Камытжанованың «Қазақ әдебиетіне» (10.03.2017) берген «Күрең мұң» тақырыбындағы сұхбатында осы жайлар хақында мынадай жолдар бар: «...Құлжадан ары қарай Шәуешекке келгенде Жұмабай Біләл, тағы да басқа кластастары бар екен, солар қарсы алып, анасының қаралы хабарын естіртті. Мен сонда өкіріп жылаған ер адамды тұңғыш көрдім. Ауылына жетпіс екі шақырымдай жол қалғанда, жиырма бес жыл көрмеген анасының жүзін көрем, қолынан сүйем деп көңілі алып-ұшып келе жатқанда, мұндай хабарды есту ағаңа өте ауыр тиді. Ағаңның:
…Айлық жолдай болып, сірә, жақының,
Айла таппай алжасып тұр ақылым.
Дос-жараным көңілін көпір еткенде
Жақын екен – жетпіс екі шақырым.
Ана өлімін естіртуге ақырын,
Жеткізбепті-ау жетпіс екі шақырым..., –
деп күңіреніп «Жетпіс екі шақырым» деген өлең жазғаны бар».
Мұнда ақынның жан күйзелісі табиғи әрі шынайы беріледі. Еш жасандылық жоқ. Қайғының өзі сөйлейді. Ақыл қайғылы хабардың ақиқатын түсінуге тырысқанымен, жүрек оны қабылдай алмайды. Анасына жете алмаған ұлдың жан күйзелісі оқырманды сол қайғының ішкі кеңістігіне жетелейді.
Нүкеш ақын сағынышты жай сөз түрінде бере салмайды. Өмірдің өз кескіні мен шынайы сурет өзекке толған ақ жалынды көркем айшықпен ақтарады.
...Әй, жас ұлан, бір сәт құлақ түр маған,
Қор болмайды іні ағаны тыңдаған.
Саған айтар уайымым бар, мазалап,
Көкірегімді көк шеңгелдей тырнаған.
Мұнда ақынның «уайымы», мазасын алған сағыныш-мұңы – «Көкірегін көк шеңгелдей тырнайды». Тек осы бір «көк шеңгелге» байланысты қаншама ойлар айтуға болар еді?! Нағыз ақын үні – жыр құдіреті де осындай «көк шеңгелде» тұр.
1996 жылы ақынның 60 жылдығына орай қазақ әдебиеті газетінде басылған «Нүкеш ақын» мақаласында қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы ақын өмірінің арғы-бергі бетке бөлінген қасіретті тағдырды қазық етіп талай жырлар тудырғанын айта келіп былай дейді: «Құдайға шүкір, жалпы қазақ ақындарының, әсіресе Нүкеш тағдырлас ақындардың бағы да, жолы да тәуелсіздіктің алтын қақпасымен бірге ашылды. Қараңызшы, Нүкеш жүрегі енді қалай аңырап тұрғанын:
Үш қарындас, төрт іні – бауырларым,
Қалғаның-ай шалағайда ауылдарың.
Тағдырдың жастай көріп дауылдарын,
Мезгілсіз ұялаған жаныңда мұң.
Күншуақ түсе ме деп кең өлкеден,
Шыбықтай мойнын созған көлеңкеден.
Ынтыққан жақсылыққа өмір бойы,
Өзегін сағыныштың шөлі өртеген».
Н.Айтұлы одан ары «Бүгінде қазақтың қабырғалы ақындарының біріне айналған Нүкеш Бәдіғұлов» дей келіп, ел мен жерге еселі еңбек сіңіргенін жазады. «Газетте істеген жылдарында Нүкеш Бәдіғұлов ақын ғана емес, майталман журналист екендігін де танытты» деген бағасын береді. «... Жарық дүние аспанына ынтыға қанат қағып келген келешек жас ұрпақ Нүкештей нысаналы ақынның да өміршең жырларымен ыстық ықыласпен қауышар!» деген ақжарма лебізін білдіреді.
Аталған өлең жолдарындағы «Өзегін сағыныштың шөлі өртеген» деген жолдардың өзі-ақ ақын жүрегінен тулап шыққан сағыныш жырының бір парасы болып көзге ұрады.
Осылайша, Нүкеш Бәдіғұлов поэзиясының лирикалық кейіпкері өз мұңын айтып қана қоймайды. Ол сол мұң арқылы адам мен туған жердің, ұрпақ пен ата-бабаның, өткен шақ пен бүгінгі күннің арасындағы байланысты іздейді. Сағыныш сарыны жеке сезімнен қоғамдық-рухани мағынаға, адамзаттық өреге көтеріледі.
Ақын шығармашылығындағы тағы бір маңызды ұғым – парыз. Бұл сөз қазақ дүниетанымында адамдық міндетті, ар алдындағы жауапкершілікті, елге қызмет етуді білдіреді. Ақын «Парыз»-ды – адамның мойнындағы міндет қана емес, туған жері, халқы, тілі мен тарихы алдындағы міндеті санайды.
Сол қарыз бен парыз сезінген жырдың бір сілемі – ана тілі мен ұлттық сана мәселесі. Н.Бәдіғұловтың тіл тақырыбындағы өлеңдерінің бірі – «Ана тілім алқадан жылап қайтты». Бұл туындыда ақын ана тілінің қоғамдық ортадағы жағдайын жеке адамның басынан өткен қорлық пен әділетсіздікке ұқсата бейнелейді. Ақын үшін тіл – адамдардың бір-бірімен сөйлесу құралы ғана емес, халықтың тарихи келбетін сақтайтын, ұрпақтың рухани жалғастығын қамтамасыз ететін бағалы құндылық. Әрине, Нүкеш Бәдіғұловтың тұтас өмір жолын ескерсек, өзге кеңістікте қалып, кейін тарихи Отанына оралған адамның ұлттық тіл мен рухани тамырдың қадірін терең сезінуі заңды.
Ақынның «Баһадүр бабам – Жәнібек», «Жәнібек, Жәнібек!», «Бабалар рухы – ұраным» секілді туындылары тарихи тұлғалар мен ата-баба мұрасын жырлау бағытын танытады. Мұндағы тарихи тұлға бейнесін тек мадақ нысаны ретінде емес, елдік пен ерліктің, жауапкершілік пен рухани сабақтастықтың символы ретінде қарастыра білуі – ақын шығармашылығының тағы бір қыры.
Н.Бәдіғұловтың поэзиясын талдауда тақырыптық мазмұнмен бірге оның көркемдік тәсілдеріне де назар аудару қажет. Қазақтың тілдік қоры мен сөз саптау тәсілі, лирикалық иірімдері жағынан ол құлашын кеңге жайған марғасқа ақынның бірі саналады.
Қорыта келгенде, Нүкеш Бәдіғұлов поэзиясының басты ерекшелігі – жеке адамның жүрек сырын туған жер, ұлттық жады және азаматтық парыз ұғымдарымен байланыстыра білуінде. Ақынның шығармашылық мұрасын тану – бір адамның әдеби өмірбаянын зерделеу ғана емес, өткен ғасырдағы қазақтың рухани кеңістігін, ел мен жерге деген сағынышын түсінуді қамтиды.
Оның:
Туған жерге сан әулет келер-кетер,
Жақсы-жаман талай іс елеңдетер.
Қаңбақ-тағдыр дәуірдің желі қуған,
Мына жалған сенен де, менен де өтер, –
дегенін еске алсақ, ақын өзінің тұтас өмірін бір поэмаға айналдырып, соның соңғы нүктесін де өзі қойып кеткендей сезіледі.
Ақынның жаны жаннатта, топырағы торқа болып, қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұрпақ жадында мәңгілік сақтала берсін!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Еуразия Жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
