Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Пауло Коэльоның «Дию және сеньорита Прим» кітабына...

24.08.2017 4231

Пауло Коэльоның «Дию және сеньорита Прим» кітабынан

Пауло Коэльоның «Дию және сеньорита Прим» кітабынан - adebiportal.kz

коэло.jpgТыныш қана, өз ережелерімен өмір сүріп жатқан бір ауылдағы дәмхана ұстайтын бойдақ қыз Шантальға сырттан келген кісінің ерекше әсері болып, сол арқылы жақсылық пен жамандықтың күресін, өмірдің, өлім мен биліктің жайбарақат адамдарға әсерін және одан әркім өз жолын табуға тиіс болуын көрсету кітапты қызықты етеді.

Бұл кітапта әр адамның жан-дүниесіндегі нұр мен түнектің күресі, бұл күрестің, өз арманына еру, өзгеше бола алуға деген ержүректік, бізге нағыз өмір кешуге мүмкіндік бермейтін қорқынышты жеңу жолында әркімнің күнделікті әрекетімен байланысы шебер бейнеленген.

Мен ылғи да адамның жанындағы және қоғамдағы ең терең өзгерістер өте қысқа мерзімдерде өтеді деп санадым. Біз онша күте қоймаған сәтте өмір біздің ержүректігіміз бен өмірімізде өзгерістер болуын қалайтынымызды тексеру үшін шақыру жасайды, және де, ештеңе болмағандай түр білдіреді, немесе біз оған әлі дайын еместігімізді айтып қоя салады.

Бірақ, ондай шақыруға тез арада жауап бере білу керек. Өмір кері оралмайды сондықтан артқа қарамайды. Мұндай жағдайларда, әрі кеткенде бір аптада, өз тағдырымызды қабылдаймыз ба, қабылдамаймыз ба, тезірек шешімге келуіміз керек.

* * *

Алдымен, уәделерге сену керек. Ал, бұл ғаламда ол өте көп: байлықты уәде етеді, жаныңды тазартуға уәде береді, өлгеніңше махаббаттан айнымауға уәде береді. Не қаласаң соның бәрін үйіп-төгіп қоюға да сендіретін адамдар бар. Осыған сай, өз өмірі өзгеруіне біреу кепілдеме берсе, соған илана кететін адамдар да көп. Уәде беріп, оны орындамайтын адамдар түбінде қажыр-қайратсыз, түкке арзымайтын болып кетеді. Арзан уәдеге сене салатындар да солай болады.

* * *

Кейбір қыздар бірінші кездескен адаммен, егер ол оны өзімен бірге алып кетемін десе, оны жүрегі қалап тұрмаса да, ілесе кетуге әзір. Олар түбінде сүйіп кетермін, көп нәрселер сияқты махаббат деген де уақыттың құзырына бағынатын нәрсе ғой деп ойлайды.

* * *

Кез-келген адамзат баласы, қолайлы жағдай туа қалса, жамандық жасай кетуге бейім.

* * *

Атағы бар немесе ақшасы көп адам өз сұрақтарына жауапты кітаптарды ақтарып, университетте дәріс алып, немесе білімі молырақ біреулерді жалдап-ақ тауып ала береді.

* * *

Жолынан адасып, сасып қалған адам, қоныс аударса өзін қайтадан табады.

* * *

Әулие Савиний деп аталып кеткен бір кісі қала сыртындағы үңгірде өмір сүреді екен. Ол күндіз ел арасында болып, түнемеге үңгіріне оралады екен. Бір күні үңгірде жалғыз түнеуден жалыққан ол қалаға келіп Ахаб деген араптың үйіне келіп түнеп шығуды өтініпті. Ахаб өңірдегі ең қорқынышты қанішердің бірі екен.

- Сен менің кісі өлтіргіш екенімді білмейсің бе, неге келдің? - деп сұрапты Ахаб.

- Білемін, бірақ мен үңгірде жалғыз түнеуден шаршадым. Бір түн түнеп кетейінші – дейді Савиний.

Әулиенің атағы өз атағынан кем емес екенін білетін Ахаб оған түнеуге рұқсат етіпті, бірақ ол атақ-даңқты өзінше түсінетін еді, және оны ешкіммен бөліскісі келмейтін, сол түні оны өлтіріп тастауды, сөйтіп бәсекелесінен құтылуды ойлапты.

Екеуі жатар алдында біраз әңгімелесіпті. Ахаб әулиенің сөздерінің тереңдігіне, қисынына таңырқапты, бірақ ол жақсылық атаулыға сенуден қалған адам еді. Әулиеге жататын төсегін көрсетіпті де, өзі пышағын қайрауға отырыпты. Әулие ұйқыға кеткенше оның не істеп жатқанын қарап жатып, ұйықтап кетіпті.

Таңертең оянса Ахаб пышағын әлі қайрап отыр екен. Әулиенің оянғанын көріп, ол еңіреп жылапты.

- Сен менен қорыққан жоқсың және мені айыптамадың. Түні бойы отырып, менің жақсылық жасай алатыныма, менің де біреуге түнемелік орын бере алатыныма сенген адамды өлтіре алмадым – депті.

Осы оқиғадан соң Ахаб өзінің қарақшылық жолын ұмытып, өзгеріпті және өзгелерді де дұрыс жолға бағыттайтын болыпты.

Ол тұратын қала да ізгі қалаға айналыпты.

* * *

Ауылда тұратын адамдар өздерін өркениеттің кесірінен аулақ тұру рахат деп сендіреді, бірақ олардың әрбірі ауаны ластайтын ығы-жығы автомобильдердің арасында, я болмаса, әрбір қадамы қатерлі тас джунглиде өмір сүрсек қайтер еді деп қиялдаудан танбайды. Оның себебі - үлкен қалалардың шаруаларды тартып тұратын магиялық әсері болады.

* * *

Адамдар екі жағдайда өздерінің армандарына жете алмайды: егер оның орындалуы мүмкін емес болса және тағдыр доңғалағы бірден өзгеше бағыт алып арманы орындалуы мүмкін бола кетіп, оған өзі дайын бола алмай қалғанда. Екінші жағдайда адамда қайда алып барары белгісіз жол алдында, түсініксіз жолға шақырып тұрған өмір алдында, үйренісіп және қалыптасып қалған нәрсенің бәрі ыдырап, мәңгілік ізсіз-тозсыз жоғалып кету қаупі алдында қорқыныш пайда болады.

Адамдар бәрін де өзгертіп тастағысы келіп тұрады, және де, сонымен бірге, барлығы бұрынғыдай қалпында қала берсе деп ойлайды.

* * *

Әлемнің бір түкпірінде болып-толып отырған, алдындағы тамағын шанышқымен шұқи бастаған адам ешуақытта осы қалпы көптеген адамдардың белі бүгіліп еңбектеніп, жерді ұқсатып немесе мал бағып, оларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, астын тазалап тер төгіп жүргенінің арқасында болып жатқанын сезінбейді. Шаруалар үлкен қалалардың тұрғындарымен салыстырғанда адамзат үшін керегірек болғанымен, өздерін ештеңеге тұрмайтындар деп санайтынының бір себебі сол.

* * *

Жақсылық пен Жамандықтың беті біреу ғана. Бәрі біздің жолымызда олар қашан жолығатынына байланысты.

* * *

Өмір – еш мағынасыз бәсеке.

* * *

Барлық адам дайын үлгіге сай сезінеді және ойлайды. Барлығы да өздерінің сенетін нәрселеріне ғана сенеді, басқа ештеңеге сенбейді. Олардың барлығын өз өмірлерін өзгерте алатын сәттерде қорқыныш баурайды. Шын жақсылық деген ылғи қорқақ адамдар толып жүрген жерде де, біздер өзімізді жамандықтан қорғап жүруді тілегеніміз үшін жәбір-жапа таратушы Жаратушының өзі тұратын көкте де жоқ.

* * *

Өмірде белгілі бір позицияны ұстануға қорқатындар кеңпейілді болып көрінуге тырысады. Біреуге қарсы тұрып өзіңнің дұрыстығыңды қорғаудан гөрі, өз ізгілігіңе сенген жеңілірек. Ержүректік көрсетіп, мықты қарсыласпен күреске түсуден, ренішті жұтып, намыстанғаныңды ұмыта салу анағұрлым жеңіл. Қашан болса да саған лақтырылған тас тимей жанымнан өтіп кетті деуге болады, тек сол реніштерді қабылдаған кездердегі түндерде ғана, өзіңмен өзің қалғанда өзіңнің қорқақтығыңа мұңаясың.

* * *

Барлығымыз барлығын басқарып отырмыз деп ойлаймыз, шын мәнінде ешқайсымыз ештеңені де басқарып отырғанымыз жоқ.

* * *

Мақсатқа жұмылған көзбен ұмтылуға болмайды.

* * *

Топастардың екі түрі бар. Біреулері бастаған ісін, қатерді сезіне қалғанда, тастай салады. Екіншілері қатер арқылы да бірдеңелерге жетуге болады деп санайды.

* * *

Қарсыласты әлсіретудің ең тамаша тәсілі – оның жағында екеніңді сездіріп, жоспарларымен келісу.

* * *

Әлі үңгірлерде өмір сүріп жүріп-ақ адам қару пайдалана бастаған, ол, әуелі тамақ табу үшін қажет болды, оның артынша-ақ қаруды басқалардың үстінен билік жүргізу үшін қолдана бастады. Әлем әлі жер өңдеуді білмейтін, қолда мал ұстап, оны пайдалануды игермеген кезде-ақ, дінді білмей, музыкаға рахаттануды үйрене алмай тұрып-ақ, адам күнін қарусыз өткізе алмайтын болыпты.

* * *

Адамдардың күнделікті бірін-бірі өлтіріп жатқанының бәрі, айналып келгенде, ақша үшін болып жатыр.

* * *

Бір адамның тарихы – бүкіл адамзаттың тарихы.

* * *

Билікшілер мен айлалылар дар ағашын ойлап табу арқылы ержүректікті – қорқақтыққа, сенуді – күдікпен қарауға, тәуекелшіл адамдар туралы тарихты – мақұлдай кететін сыбырға айналдырды.

* * *

Адамдар өздерін қалай болуы тиіс болса солай ұстайтыны, заң талаптарына мойынсұнудан емес, жазадан қорыққаннан келіп шыққан. Біздің әрбіріміздің бойымызда дар ағашы тұр.

* * *

Өмір сіз ойлағаннан гөрі күрделірек әрі байырақ.

* * *

Адамның басының сол жақ жартысында сана мен қисын орналасқан.

* * *

Жақсылық деген жоқ. Жақсылық жасаушы дегеніміз – құбыжықтың бір беті ғана. Адам осыны түсінгенде, біздің әлем – Құдайдың қолындағы ойыншық қана екенін түсінеді.

* * *

Отбасының үлгілі әкесі, кішкене балаларының киімдерін киюіне жәрдемдесіп тұрып, жұмысында жас сұлумен көңіл қосуды ойлауы мүмкін, бірақ оны әйелінің ашуы ғана ұстап тұрады. Әйелі де жұмысқа шыққысы және көбірек тәуелсіздікке ие болғысы келеді, бірақ ерінен тайсалады. Олардың балалары да қорқыныш пен жазалы болудан қашып, өздерін тәртіпті ұстайды.

Мына бір, сәкіде отырып, уайымсыз қалыпта кітап оқыған болып отырып отырған қыз, болашақта жалғыз қалып қоймас па екенмін деп қорқады.

Теннис ракеткасын ұстаған мына жігіттің де жүрегі, ата-аналарымның үмітінен шыға алар ма екенмін деп қорқып отыр.

Бай клиенттерге коктейль беріп жатқан мына официант та кез-келген сәтте жұмысымнан шығарып жібермес пе екен деп қорыққанынан тәртіпті.

Мына бір студент қыз балерина болғысы келеді, бірақ көршілердің өсегінен қорқып адвокат болуға әзірленіп жүр.

Темекі тарту мен спиртті ішімдік ішуді ұнамағаннан кейін тастадым деп жұрттың бәрін сендіріп жүрген мына шал да, шынында өлімнің қорқынышы басқаннан кейін солай еткенін жасырғысы келеді.

Теңіз жағалауында су шашып ойнап, күліп бара жатқан, қол ұстасқан мына екі жаста да, сайып келгенде, біз де қалтыраған, қуаты тайған, көріксіз шал мен кемпірге айналамыз-ау деген жасырын қорқыныш бар.

Аулақтағы біреуге қолын бұлғап, уайымсыз көрініп тұрған, жаңа ғана жұрттың көзінше қымбат машинамен келген, өңі күнге тотыққан мына бір мырза да, жақын арада бар байлығы күйреп, оны құтқарудың мүмкін болмайтынын ойлап, уайым шегіп тұр.

Қызметкерлеріне қатаң талап қоятын, өзі де тынымсыз еңбектенетін, клиенттері риза әрі шат болуға бар жағдайды жасауға тырысып бағатын мына бір отель қожайыны да, қанша адал болсаң да, есеп-санақтан бір кемшілік таба кететін шенеуніктер кездесе қалмаса екен деп қорқады.

* * *

Адамда жасырынып жатқан бір жарамсыз қылық та болуы керек, онсыз адам жетіле алмайды.

* * *

Құдай өзінің сенімді құлы «мені ұмытпады ма екен, көріп кел» - деп, сайтанды жіберіпті.

Сайтан барып келіп, «құлыңа бар жағдайды жасап қойыпсың, әрине сондықтан ол сені ұмытпапты, егер оған бергендеріңнің бәрін алып қойсаң ғана, оның кім екенін біле аласың» - депті.

Құдай солай етіпті. Өзіне сенген адамына бар бақытсыздық пен азапты үйіп-төгіпті. Адам барынша төзіп бағыпты, бірақ, бар игілігінен айырылып, жақындары өліп, денесін жара басып азаптанған бір күні өзін азапқа итермелейтін өркөкіректік жібергені үшін Құдайына тілі тиіпті. Сонда ғана Құдай оны бұрынғы жақсы жағдайына қайта келтіріпті.

Адам өз табиғатында күнәһар және оған Құдай берген қасиеттер – Құдайдың қайырымы, жақсы тәртіп үшін берілген сый емес. Мен өте жақсымын деп өркөкіректік таныта кетсек, онымыз үшін жаза аламыз.

Сондықтан да Құдай «мен өз қабілет-қарымыммен жақсы дәрежеге жеттім» деп мастанған құлын әуелі тәубесіне келтірді, соны түсініп өркөкіректігіне өкінген сәтте кешірді. Сөйтті де бұрынғы қалпына қайта оралтты.

Өзін-өзі әулие санағандар Құдайға күпірлік келтіреді. Адам өз әлсіздіктері мен кемшіліктерін біле жүруі тиіс.

* * *

Адам жүрген жеріне, қоршаған ортасына лайық. Ол үшін Құдай маған әділетсіз болды деп күпірлік ету орынсыз, өйткені ол соған лайық.

* * *

Жамандық ешуақытта соңынан жақсылық ілестіріп жүрмейді.

* * *

Кедейлік пен әділетсіздікті көргенде «Мен бар болғаны тозаң мен күл ғанамын» деп қайырымдылық жасаймын, жалқаулық пен бекершілікті көргенде «Мен Құдайдың жердегі көрінісімін» деп олардың жандарынан өтіп жүре беремін. Олай ету маған заттық және рухтық әлем арасындағы тепе-теңдікті сақтауға жәрдем береді.

* * *

Бір күні түнде ояна кетіп, өмірдің мағынасыз екенін аласұра сезінесің.

* * *

Ол әділетті болғысы келген, бірақ ақылды емес еді. Ақылды болғысы келген, бірақ саясаткер емес еді. Саясаткер болғысы келген, бірақ оған тәуекелі жетпеді.

* * *

Егер адамды өзіңе бағындырғың келсе, онда оған қорқуды сезіндір.

* * *

Жас келе біз бәріміз өлімнің келмей қоймайтынын сезінеміз. Сондықтан оны жайбарақат және ақылмен мойындауды үйрену керек, сонда ол бізді керексіз уайым-қайғыдан айырады.

* * *

Жақсылық пен Жамандықтың күресі, бәлкім, әр адамның жүрегінде әрбір секунд сайын жүріп жататын болар, өйткені періштелер мен сайтандардың күресі жүріп жататын жер – жүрек қой.

* * *

Үндемей қалу ылғи да келісу белгісі бола бермейді, кейде ол адамдардың тез ойлап, бірден шешімге келе алмауын ғана білдіреді.

* * *

Жұмаққа бара қалғанда да, адам онда барып қалғанын түсінбей қалса керек. Олай болатыны адамдар ең қолайлы жерде, рахат ортасында жүріп те азап шеккісі келеді, өйткені мұндай бақытқа қайдан лайық болып қалдым деп ойлайды.

* * *

Жамандық ешуақытта өзінен кейін Жақсылық әкелмейді.

* * *

Адамның өмірі өзі қалай өткізуіне байланысты қысқа немесе ұзақ болуы мүмкін.

Аударған Мырзагелді Кемел


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар