Қасиетті қара өлеңмен қатар көпшілік қауымға айтыскер ақын ретінде танымал болған Серікзат Дүйсенғазинмен айтыс өнерінде бірге жүрген замандастары Б.Имашев, А.Тұрсынбаева, шәкірттері Ж.Бұлғақов, С.Әуезхан сахна төрінде Құлмамбет айтысының керемет үлгісін жасады. Әзіл-қалжыңға, ақ тілек пен ақ батаға толы бұл айтыс өрнегінен халық бір жасап қалды. Әсерге толы, жүректің қылын шертетін әсем әуезге де кезек берілді. Ақынның сөзіне жазылған бірқатар әндерді Музарт, Жігіттер тобы, Заттыбек Көпбосынов секілді белгілі эстрада әншілерімен қатар Тұрсынғазы Рахимов, Саят Нұрғазин сынды дәстүрлі әншілер нақышына келтіре орындады. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының өнер ұжымы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның лирикалық жырлар топтамасын көрермен қауымға ұсынды. Сондай-ақ, кеш барысында «Қарашығымда көшкен бұлт» атты ақынның алғашқы жыр жинағы мен «Мөлдіреген жанарың» атты ән мәтініне жазылған әндер жинағының тұсауы кесілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың арнайы құттықтау хатын Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы Т.Бозтайұлы табыстады. Өзі қызмет атқаратын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Серікзат ақынды университеттің Л.Н. Гумилев атындағы төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар осы кеште ақынға «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігінің президенті А.Нұрманов Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі болғандығын куәландыратын арнайы құжатты салтанатты түрде табыстады. Бұл сүйінші хабарға бізде қуанып қалдық. Ұлық мерекемен қатар келіп, үш сағатқа созылған керемет кештен алған әсеріміз де ерекше болды. Өнеге мен өнерге толы ақын шығармашылығына бізде толағай табыстар мен биік белестер тіледік.
Дайындаған: Салтанат Жүсіп