Ақындар шаһары Алматыда 6 желтоқсан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жетісу ауданы әкімі аппаратының қолдауымен, «Тұлға-достық» қоғамдық қоры демеушілік жасап, қордың директоры, ақын Мұратхан Шоқан тікелей жауапты болып, жүзеге асырған авторлық жоба «Поэзия аллеясының» ашылу рәсімі өтіп, аллея халыққа пайдалануға берілді. Ашылу қарсаңында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аллеяны аралап көріп, разылық сезімін білдірді.
"Поэзия аллеясын" қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов ашып берді.
Іс-шараға қала әкімдігінен Данияр Алиев, Жетісу әкімі Мақсат Қиқымов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Кабиева, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан және ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса, "Тұлға-достық" қорының құрылтайшылары Арман Сарынов, Бақыт Қыдықов, Алмас Айдар, Алмасбек Нұғыман, Сабыржан Мұхаметхан, Ермек Кеңесхан қатарлы азаматтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аллеяға Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов атында ағаш отырғызылды. Жобаға қаржы бөлуші "Тұлға-достық" клубының азаматтары достық ағашын екті.
«Поэзия аллеясы» жобасының мақсаты: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау, қоғамдық сананың жаңғыруына үлес қосу болатын.
Жиналған жұрт отбасылық шеңберде ғұмыр кешпей, ел игілігі үшін елеулі іс атқарған азаматтарға разы болып тарасты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.