Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Постмодернизм және біз...

28.07.2020 23769

Постмодернизм және біз 12+

Постмодернизм және біз - adebiportal.kz

Осыдан біршама уақыт бұрын модернизм, постмодернизм деген сөздер естілсе зиялы қауымның өзі үрке қарайтын. Енді міне біз қаласақ та, қаламасақ та бұл ұғымдар еркімізден тыс өмірімізге дендеп араласып, әдебиетімізге бойлап кіріп, мәдениетімізге сіңісті болып бара жатыр. Өйткені қазіргі уақытта өзімен-өзі оқшауланып, жеке дара өмір сүріп жатқан бірде-бір әдебиет, бірде-бір мәдениет жоқ. Нарықтық, ғылым-техникалық, постиндустриалды өркениеттер бір-бірімен қалай тоғысып, жымдасып, бір-бірін толықтырып, жетілдіріп жатса, әдебиет пен мәдениетке де жойқын ақпараттар дәуірі өз дегенін жасауда. Постмодернизм қашанда өміршең сананың жемісі. Ол қоғамды алға жетелеп, сананы сілкіндіруге жұмыс жасайды. Ол ескі мәннен жаңа пайым, өткен әлемнен жаңа әлем жасап шығуға құмар. Ол әдебиетте, мәдениетте, философияда, қоғамдық формацияның барлық өндіргіш күштерінде өмір сүріп келе жатыр. Одан қағыс қалған қалтарыс жоқтың қасы. Сонымен, бүгінгі талқымыздың тақырыбы "Постмодернизм және біз" деп аталады.

Постмодернизм дегеніміз не? Ол қандай құбылыс? Постмодернизм біздің ұлттық мәдениетімізге не әкелді? Қазақ қоғамы, қазақ санасы осы кезеңді қалай қабылдап, қалай өткеруде?

Береке ЖҰМАҚАЕВА, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры:

Қазір постмодернизм төңірегінде сан түрлі пікір бар. Соның бірі көркем мәдениет тенденцияларында пайда болған ағым деп түсіндіреді. Постмодернизм мәдениет пен қоғам өзгерісінде пайда болған өмір салтымыз, әр салада өріс алған даму бағытымыз дейтін пікір де бар. Қоғам өзгерісінде құндылықтар алмасуы, өнер түрлерінің бірінде ерте, бірінде кеш болсын барлығын тұтас қамтитын ағымдар мен бағыттар алмасуы болған, бола да бермек. Өнертанушылар, пәлсапашылардан бастап, әлеуметтану, саясаттану т.б. салаларда постмодернизм туралы түрлі анықтамалық жіктемелері қалыптасты. Адамзат қоғамы үнемі жаңаны іздейді. ХХ ғасырда модернизм деген қайта өрлеу дәуірі, жаңа дәуір деп ауыз жимай жатып-ақ ол постмодернизм ағымына қалай ұласып кеткенін қоғам аңғармай да қалған сияқты. Негізінде үлкен қоғамдық құрылымдар ауысында ағымдар мен көркемдік бағыттардың көбеюі бұрыннан байқалған құбылыс. Жарты мыңжылдыққа созылған модернизмнің өзінің ХХ ғасырдың орта ширегінде бірнеше бағыттары болғаны да мәлім: символизм, натурализм, футуризм, акмеизм, сюрреализм, имажинизм сияқты ағым-бағыттарының біразының ғұмыры өте қысқа болған да анық. Алғаш постмодернизм деген термин неміс философ-эссеисі Р.Панвицтің «Еуропа мәдениетіндегі дағдарыс» деген еңбегінде нигилистік ой бейнесінде сипатталған деседі зерттеушілеріміз. Постмодернизмді бірер сөзбен сипаттап айту, анықтама беру оңай емес. Оның бір себебі біз постмодернизмнің барлық сипаты мен ерекшелігін зерделейтіндей толық танығанымыз жоқ. Себебі ол даму, өзгеру үстінде. Ол бір жағынан әр кезеңнің бағасы өткен уақыт үдесінде айқындалатынынан да болар. Постмодернизмнің тууы, дамуындағы бірінен біріне алмасып, өзгеріп, түрленіп отырған жаңа сипаты барлығын айтушылар да бар. Антимодернизм, постмодернизм, метомодернизм ұғымдары осының дәлелі. Бір айқын мәселе постмодернизм қазіргідей техноқоғамда өнер, әдебиет, мәдениет, философия, саясаттану, әлеуметтану, т.т. көп салаға дендеп еніп кеткенін аңғарамыз.

«Постмодернизм біздің ұлттық мәдениетімізге не әкелді? Қазақ қоғамы, қазақ санасы осы кезеңді қалай қабылдап, қалай басынан өткеруде?» деген сауалға келер болсақ: барлық туындыға тән негіз мазмұн мен форма деген ұғымға оралатын сияқтымыз. Ұлттық мәдениет көркемдік әдістер мен тәсілдерден немесе ағымдар мен бағыттардан қағажу көрмеуі керек. Анығырақ айтсам, көркемдік әдістер мен тәсілдер, ағым-бағыттар мәдениетті түрлендіретін, дамытатын құралдар деген оң болар. Бұны субъективті пікір деп түсінген абзал. Себебі ұлттық мәдениетті қалыптастыратын негіздер – рухани құндылықтарымыз: ұлттық тіл, діл, салт-дәстүр десек, материалдық құндылықтарға бүгінгі өркениет өнімдерінен бастап көп дүниені сыйғызуға болады. Ұлттық мәдениетімізде өзгерістеріміздің бары рас. Бірақ ол өзгерістердің қозғаушы күші не? Немесе қайдан туындап жатыр? Жаһандану үдерісінен бе? Ғылыми негіздердің кірігуінен бе? Үштілді саясаттан ба? Постмодернизмнен бе? Өз басым соңғысын алғашқылардың шылауына байлаған болар едім. Өзгеріс біздің өзімізде, ой-жүйемізді, ұғым-түсінігімізде, өмір салтымызда, тілдік жүйемізде. Постмодернизм ең алдымен формаға негізделген дүние. Өзімізде бар мән-мазмұнға жаңа форма кигізе алмасақ, әлемішке қызыққан балаң кейіпке түсеріміз белгілі.

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

Бұл – күрделі философиялық/культурологиялық түсінік, бұл ретте постмодернистік философиялық теорияға сілтеме жасап тұр. Бір сөзбен айтып жеткізу қиын, қиын емес-ау, айтқанды түсіну оңай бола қоймас. Бірақ, баптанып тезге салатын болсақ, түк қиындығы жоқ. Атүсті жауап бергенді қалап тұрған жоқпын. Нұрлан! Мені шақыр, немесе үйден шығайын: тіпті, ашық дәріс ұйымастырып көрейік. Екі сағат ішінде, бүге-шігесіне дейін талқылап шығамыз.

Постмодернизм – әлеуметтік-гуманитарлық құбылыс. Бұл – таным жолы, таным методологиясы, өнердегі, қоғамдағы, тұлғадағы. Бәрін әрі бөлек, әрі жеке қарастыруымыз керек. Қайталама/басқа біреу тәрізді екі ойдың қайнары. Модернизмге туыс емес, қайшы. Тіпті, модерндік рационалдық бастауға “өлім тілеуші”. Өлім туралы тұжырымдаманы тұңғыш жариялаған – Фридрих Ницше. “Құдайдың жоқтығы” бүкіл философиялық ізденістерді басқа арнаға түсірді. XIX және XX ғасырлар тоғысында ақыл-ойдың билеушісі атанған модернизмді сахна төріне шығарған Ницше, Достоевский, сонымен қатар, Толстой, Уильям Джеймс.

Кез келген социо-гуманитарлық ізденіс – қоғамдағы жасырын не ашық жүрген парадигмалық/тектоникалық өзгерістердің екпіні. Айтатын сөз көп, бірақ, жүзбе-жүз кездесу кезінде ой көбірек айтылатын секілді.

Айгүл ҮСЕН,

ф.ғ.д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

Постмодернизм – заманауи философиялық ағым, жаңа әлеуметтік-саяси өмірдің шындығын жеткізетін көркемдік әдіс. «Сананы тұрмыс билейді» деген әркім білетін аксиома тек адамзаттың әлеуметтік сапасына қатысты емес, адамзаттың рухани дүниесіне де, оның ең биік сипатының бірі көркемөнерге, сөз өнеріне де қатысты. Әр қоғамның даму ерекшелігі мен рухани құндылығын жеткізудің жолы көркемдік әдіс те қоғамдық-әлеуметтік дамуға сай өзгеріп отырады. Ақын Қ. Мырзалы ағамыз «Күрделі кезеңнің өнері де күрделі» деп дәл айтқан. Қазір біздің қоғамдық даму бағытымыз күрделеніп барады. Өйткені біз капиталистік құрылымға, нақтылай айтсақ капитализмнің жаңа дәуіріне ендік. Толыққанды капиталистік сапаға көшу үшін өндіріс, экономикалық жүйе, қоғамдық сана өзгеру керек. Сананы өзгерту үшін «Рухани жаңғыру» концепциясы ұсынылды. Бұл концепцияның теориялық негізі болғанмен, оның практикалық шынайы негізі болмағандықтан біздің қоғам дағдарысқа ұшырап, жаңа әлеуметтік, мәдени, экономикалық, саяси дамудың кезеңіне шыға алмай отырған жайымыз бар.

Әрбір адам қоғамның әрбір клеткасы. Рухани дағдарыс пен әлеуметік-экономикалық дағдарыс бір-бірінен туындап жататын себеп пен салдар сияқты факторлар болғандықтан қоғамдық сана дағдарысы адамның рухани сапасының құлдырауына әкеліп отыр. Бұл әрине адамзатты тәрбиелеуші, рухани жетілдіруші көркемөнердің мазмұны мен мақсатының өзгеруі, қоғамдық құндылықтардың өзгеруінің белгісі. Бұл бүкіл әлемде өтіп жатқан заңды құбылыс.

Модернизмнің жалғасы ретінде, оның жаңа бір формасы, сапалық даму деңгейі ретінде пайда болған постмодернизмнің басты сипаты – плюрализм, яғни басымдыққа ие канондар мен заңдылықтардан бас тарту, дәстүр мен классикалық эстетикаға ирониялық көзқарас, айқындықтың жоқтығы, немесе жүйеге қарсылық, әдіснамаға қарсылық, ережелер мен шектеулерді мойындамау, шығарма жанрлық белгілер негізіне емес, керісінше олар шығарма жүйесіне бейімделу керек; біртұтастық, не дербестік пен бүтіндіктің болмауы, бөлшектік, бей-берекетсіздік, хаостың басымдылығы, әлемді жүйесіз, ретсіз, заңдылықтарсыз, кездейсоқтық дискурсында тану; көркем шығарманы түсінудің көп нұсқалылығы, көп қырлылығы, бір емес, бірнеше интерпретацияның болу мүмкіндігі, тереңдік орнына саяздық принципін ұстану яғни болмыстың, қоғамның проблемаларын тереңіне бармай, қарапайымдық пен анықтыққа ұмтылыс, еш мәні мен мағынасыз, қарама-қайшылыққа толы, кездейсоқтықтарға негізделген, бей-берекет өмірді түсінуге емес, сол қалпында қабылдауға бағыттау, өнерді ойын ретінде қарастыру, көркем шығарманы өмір шындыңғы ретінде жоққа шығарып, оны ойын ретінде құру; өзгеден ерекшелену, өзіне баса назар аударту, ешкімге ұқсамау, таң қалдыру, оқыс қадамдар жасап, еліктіру, дау тудырып, белсенді диалогпен талқылауға шақыру, күтпеген әрекеттерге итермелеу. Өзгелерден үзінділер алу, өзгенің сөздерін иелену, өзіндік ерекше болмыстан бас тарту, биік және тобырлық мәдениеттің араласуы, олардың арасындағы шектің болмауы. Постмодернизмді классикалық әдебиетке оның көркемөнерге қойған талаптарына қарсы манифест ретінде қабылдауға болады. Антиканондық, антиэстетикалық, антисистемалық... Байқап отырсақ, күрделі, жан-жақты, көп қырлы, өмірдің жүйесіздігіне, болмыстың берекесіздігіне бағытталып отыр. Сондықтан мұнда гуманистік идеялар емес, өзіндік бір түсінік, әлемді танудағы идеясыздыққа басымдық беріледі. Р. Барттың «автор өлімі» концепциясы, дүниені тек мәтін ретінде тану, шығарманы структуралық жүйеде талдау постмодерн тудырған жаңа әлемдік концепция.

Осы сипаттар әлемнің бір бөлшегі ретінде біздің көркемдік-эстетикалық жүйемізде орын алып отыр. Бұл заңдылық. Шындап келгенде мұндай шығармаларды көпшілік қабылдай бермегендіктен оқырман мен авторлар арасындағы байланыс та солғын. Абай өз шығармашылық кредосын «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» немесе «Түзетпек едім адамды» деп анықтаса, Мұқағали «Жазсам жазам өлеңді жасырмаймын, жаралы жүректерді емдеу үшін» деп белгілеген. Қазір өліара кезең, өтпелі уақыт. Яғни тұрақтылық пен сенімділік жоқ. Мұндай кезеңде шығармашылық та пессимистік сарынға бой алдырады. Өйткені бағыт – белгісіз, болашақ – бұлдыр. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында да осындай жай орын алған-ды. Қаламгерлердің бір тобы жаңа қоғамды қуана қарсы алып, ұрандата үн қосса, енді бір тобы оны қабылдай алмай, ескі күндегі тұлғаларды еске алып, тарихи мәселелерді жаңа күннің жат шындығына қарсы қоя суреттеген. Қазір де солай көп тарихи шығармалар жазылып, тарихтың бос беттерін толықтырып жатыр. Бұл сапада жақсы туындылар жазылғанмен, жаңа заманның шындығы суреттелмей, заманауи кейіпкерлер көрінбей жатыр. Тұщымды шығармаларды әлі күтудеміз.

Қазақ қоғамы бұл кезеңнен өз дайындығына сай өтуде. Белгілі қоғам қайраткері, арманда кеткен асыл ер Алтынбек ағамыз бір сөзінде, қала салу, әлемдік деңгейдегі түрлі іс-шаралар өткізу емес, қандай қоғам құру маңызды деген еді. Ұлттық құндылықтар мен адами қасиеттер қайбір елдің болмасын мазмұнын танытады. Біз формалық тұрғыдан тәуелсіз ел болғанмен, мазмұндық тұрғыдан әлі де боданбыз. Өйткені ұлттық идеологиямыз бұлыңғыр, ұлт ретінде түсінісетін, ұйыстыратын, біртұтас ететін тіл әлі де әлсіз, азаматтық қоғам құруға бастайтын тетіктер тоқырап тұр.

Қазіргі постмодернизм бағытында ізденіс жүргізіп жатқан қаламгерлердің еңбегі бар. Бұл көбінесе шағын жанрларда, өлең мен әңгімелерден көрінеді. Бізге ертеңгі ұрпаққа сөз өнерінің озығы ретінде көрсете алатын шығармалар тууы керек. Қазір сюжет көп, толған проблема, кейіпкерлер де айналамызда алуан түрлі. Қазіргі заманның шындығын сериалдар мен жеңіл жанрлар, әзіл-оспақ көрсетіп жатыр. Олар көркем дүние емес, тауар, ғұмыры қысқа эстетикалық құндылығы жоқ дүниелер. Осы порталдардан біраз әңгімелер оқыдым. Жақсы әңгімелер бар, дегенмен көпшілігінің көркемдік-бейнелілік сипаты әдеби шығарма деуге сай емес. Жастар жақсы шығармаларды көп оқу керек, үйрену керек. Олардың жаңашылдыққа деген ұмтылысы қуантқанмен, нәтижиесі ойландырады. Бұрын мұндай шығармаларды газет-журналдар жарияламайтын. Постмодернист жазушылардың озық үлгілерін оқып, түсініп, бүгінгі шындықты заманауи үрдісте жеткізу маңызды. Абай да, Мағжан да, Мұқағали да шығармашылықтың үйрену, еліктеу кезеңінен өтті. Кейін сол тұлғалармен тең тұратын, бәсекелесе алатын дүниелер тудырды. Осындай алыптардың жолымен жүрсек әдебиет артта қалмайды. Қаламгерлерді өнері дамыған өзге елге жіберіп оқытудан көрі, болмаса әлемнің қаламгерлерін жинап жиын өткізуден көрі бұл жолды таңдаған әрбір жас бұл ағымның биігінде тұрған туындыларды жеке, оқи отырып бойға сіңіріп, терең түсініп, жүрекпен қабылдаса тиімді болар еді. Жастардың шығармашылығына немқұрайдылық танытпай, дұрыс сын айтып, жетістігін көрсетіп, қолдау керек. ХХ ғасырдық басында қаламгерлердің барлығы дерлік сыншы болды. Ә. Бөкейхан Шәкерім поэмаларына сын айтса, А. Байтұрсынұлы Абай өлеңдерінің ырғақ жүйесін жөндеуді ұсынды. Аз жылдың ішінде осындай дұрыс сын негізінде әдебиет биікке көтеріліп, барлық жанрлар жоғары деңгейде дамыды.

Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын, әдебиет сыншысы:

Постмодернизм өткен ғасырдың ортасында батыс елдерінде, анықтап айтқанда АҚШ әдебиетінде пайда болған әдеби ағым. Ол кейін Еуропа елдерінде өріс тапты. Соңында жалпы әлемдік әдебиеттің басты ұстанымдарының біріне айналды. Бұл туралы жақсы білгісі келген адам АҚШ зерттеушісі Ihab Hassan-ның «The Postmodern Turn» атты еңбегін оқыса, көп дүниеге көз жеткізеді. Бүгінде постмодернизм өзі алғаш пайда болған кезден әлдеқайда байып, түрленіп, кемелденіп, соған сәйкес сан салаға жіктеліп кетті. Басқаша айтқанда жалпы атауда «постмодернизм» дегенді меншіктенгенімен, түп ерекшелігі тұрғысынан айтқанда бір-біріне мүлде кереғар дүниелер де осы атаудың туы астында өмір сүріп жатыр. Мұндай күрделіліктің көбінде батыс әдебиетінің философиямен өзектес дамуы жатыр. Айталық, постмодернистік философиядағы түрлі ағымдар сәйкесінше соншалық постмодернистік әдебиетке мүмкіндік ашты десек, қателесе қоймаймыз.

Бір кезеңде жасап жатқанымызбен, қазақ постмодернистік қоғамның өзегі емес, шеткері, шалғай аймағында жатыр. Соған орай біздің әдебиет те постмодернизмнен шалғайда жатқан әдебиет. Постмодернизмді былай қойғанда, күні батқан Кеңес әдебиетінен тыс, қазір бізде жөні түзу әдебиет жоқ десек те болады. Әдебиет болу үшін бірнеше шарт қажет. Оларды мен қысқаша «әдебиет тарихы, сыны, зерттеу, нарық» деп айтайын. Мұнда әдебиет тарихының маңызы өте зор. Айталық қазақ әдебиетінде Кеңес әдебиетінен тыс жарытып айтар әдебиет тарихы жоқ. Бар айтарымыз мақтанғанда «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», одан қалды «Жыраулар әдебиеті, зар заман ақындары» т.б. деп шұбыртып кете барамыз. Шындап келгенде, бізде жазба әдебиеттің тарихы тым шолақ, мардымсыз, соған сай құнарсыз. Неге олай екенін айтсақ, сөз ұзаққа кетеді. Батыс елдерін былай қойғанда, жаңа әдебиеті соңынала дамыған Жапонияның модернистік әдебиетінің тарихының өзі бір ғасырға жақындайды. Сол тарих кейін постмостмодернистік әдебиетке негіз қалады. Ал бізде модернистік әдебиеттің тарихын былай қойғанда жеке модернистік бағыттағы авторлар мен олар жазған модернистік шығармалардың өзі жоқтың қасы. 2000 жылға дейінгі кімнің қай шығармасын мынау «модернистік шығарма» деп атай аласыз? Олар туралы қандай зерттеу, сын еңбеткер бар? Әдебиетке негіз болатын әдебиет тарихы жоқ екен, одан бастау алатын өзге дүниелердің өмір сүруі тіптен мүмкін емес нәрсе. Сондықтан мен қазақ әдебиетін «постмодернизмнен шалғайдағы әдебиет» деп нық сеніммен айта аламын. Біздегі өздерін «измнің» төңірегінен көргісі келтіндердікі нақты айтқанда тұлыпқа қарап мөңірегенге саятын тірлік. Олар қайда, постмодернизм қайда?..

Сафина АҚТАЙ, жазушы, журналист:

Постмодернизм деген – кредит. Қазір әлемде 600 миллионнан астам мысық бар. Олардың көбі пәтерде тегін тұрса, жартысы – қаңғыбас. «Ит пен мысықтай» деген сөз тіркесін қолдануға қарсымын. Кейде ырылдасып қалатындары рас. Бірақ мысыққа теке, доңыз, әтеш пен тауықтан асқан зұлымдық жасаған кім бар? Қайта мұнда иттің әуселесі жоғары. Доңызға төленетін субсидия көп. Доңыз да Құдайдың жаратқаны ғой, бәлкім дұғасы қабыл болған шығар?

Бізде постмодернистік әдебиет бар ма? Постмодернистік шығарманың басты ерекшелігі не? Біздің қаламгерлер мен сыншылар санасында постмодернистік ұғымның өлшемі қандай?

Береке ЖҰМАҚАЕВА, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры:

Бізде постмодернистік әдебиет бар дейтіндердің де, жоқ дейтіндердің де қарасы көп. Көбіне постмодернистік әдебиет бар дегеннен көрі оның белгілерін іздеушілік басым. Ал постмодернистік белгілер Абай дәуіренде де болған дейтін пікірлер бар. Тәуелсіздік жылдарында әдебиетте көп өзгерді, түледі. Өткен дәуірге көз салу, тарихта жіберген олқылықтардың орнын толтыруға деген құлшыныс талай тарихи шығармалардың тууына түрткі болды. Қ. Мұханбетқалиұлының «Тар кезең», Ә. Оспановтың «Наркескен», М. Әбдікәкімұлының «Түркістан өлкесіндегі ойран», Т. Мәмесейіттің «Таңжарық», Ұ. Бегімбайдың «Алдаспан рухы», М. Мағауин «Шыңғысхан», Ә. Сарайдың «Ноғайлы», Т. Әсемқұлов «Тәттімбет сері», Ұ. Доспанбетов «Абылайдың ақ туы», С. Шүкіров «Шақпақ Жәнібек». Б. Төлеуғалиевтің «Шотан батыр». З. Тілеужановтың «Қаракерей Қабанбай» т.б. тарихи туындылардың дүниеге келуі сонын дәлелі. Бір кезең қоғамдағы олқылықтарды ашып айтпай, түпмәтінге жасырған тәсілдерге де көбірек кезек тиді. А. Алтай, Д. Қуат, Қ. Әбілқайыр, М. Мәлік, М. Алмасбекұлы т.б. қаламгерлердің шығармаларынан байқауға болады. Ал қазақ поэзиясында жаңашылдық белгілері бәрінен бұрын байқалды. Әсіресе жаңа форма іздеушілік көзге ұрды. Абай бастап берген аллетерациялық үлгілерге салынған (бір ғана дыбыстан басталатын өлеңдерден құралған кітап) тұтас поэзиялық жинақ та болды. Ромб, шеңбер т.б. формада тізбек құрған өлеңдер, жапон, монғол поэзиясындағы үлгілер де келе бастады. Қазақтың қара өлеңінен бұрыс ақ өлең үлгілеріне бой ұрғандар саны көбейді. Жалпы оқырман, адресат ұғымдарына қатысты түсінік те өзгере бастады. Бүгінгі қаламгер жазбасы кімге бағытталған? Автор өз мәтінінің түсінікті болуына мүдделі ме? Субъектілік қатынасы қандай деген мәселелер төңірегінде де сан салалы пікірлер туындауда. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы» тимеген соң поэзияны оқырман қаншалықты сүйіп оқиды, эстетикалық ләззат алады, танымдық өрісі өседі. Жалпы автор мен оқырман қатысы қандай? Бұл да уақыт сүзгісіндегі мәселелер. Қазақ әдебиетінде постмодернистік туындылардың жазылуы заңдылық. Әсіресе жастар шығармашылығында тың қадам мен жаңа өріс іздеу басым. Олардың көбін оқып, танысып үлгермей жатуымыз да мүмкін. Өз тарапымнан посмодернистік шығарма делінген Д. Амантайдің бірер шығармасын оқыдым. Тым жадағай, жалаң, форма іздеушілік басым. Постмодернизмнің белгілерін нысанаға алып отырып, құрап шыққан мәтіндер сияқты әсер береді. Көркем шығарманың бағасын танытатын негізгі критерий көркемдік пен қиыннан қиюласқан қисын десек, сол қисын жағы да ақсап тұрғаны байқалады. Меніңше толғағы піспей туған шақалақ сияқты етпей, мазмұнын келтіру маңызды болар. Көркем шығарма қай ағым мен бағытта жазылғанына қарамастан өнер туындысы ретінде оқырманын иландыруы керек. Мәселен еуропа каламгерлері (Умберто Эко, Франц Кафка, Томас Манн т.б.) шығармалары сияқты.

Өнер мен әдебиет саласында постмодернизмнің өзіндік ерекшелігі ретінде бірнеше белгілері аталып жүр. Соның бірі, өзіне дейінгі дайын үлгілерді қолданып жаңа өнім жасауға ұмтылыс. Постмодернизмнің бұл сипатын әлемдік мәдени дағдарыспен түсіндіреді. Яғни бізге дейін барлығы ойлап табылған, жаңаны жасаудан, түрлендіру маңызды деген тенденция басым. Оның бір белгісі гипермәтіндерден де байқалады. Шынайы сезімдер мен мақсат-мұраттарға келемеж жасау, негізгі ой-түйіндерді мысқылмен, әжуамен беру тәсілдері байқалады. Жиі форма ауыстырушылық, субьектінің алмасуы сияқты белгілермен қатар генеалогиялық, коммуникациялық, нарратологиялық (оның ішінде метанаррация, нарратив), номадологиялық сияқты белгілері де айтылып жүр.

Қазақ әдебиетінде постмодернизм белгілері қарастырыла бастады. Б. Майтановтың «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік жəне постмодернистік ағымдар», «Қазіргі қазақ поэзиясы жəне постмодернизм», А. Ісімақованың «Бүгінгі постмодернизм», «Бүгінгі дүниежүзілік əдебиеттану ғылымының мəселелері», Ж. Жарылғаповтың «Постмодернизм қандай құбылыс», Ж.Ж. Жарылғапов, С.У. Такиров, Ә.М. Жакулаевтардың «Қазақ прозасы: модернизм және постмодернизм» тақырыбындағы монографиясы, Г. Елеукенованың «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950–1980-х годов ХХ века», Ə. Қодардың «Постмодернизм жөнінде бірер сөз», Ж.Шəкеннің «Жаңашыл жастарға жаңа ағым жайында айтар сөз», С. Қасымның «Қазақ поэзиясындағы постмодернистік көріністер», Ə.-С. Əліəкбардың «Постмодернизм қазақ əдебиетінде» т.б. Аталған еңбектерде постмодернизмнің өзіндік белгілерінен бастап қазақ әдебиетіндегі көрініс-сипаты зерделенген.

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

Біздің заманымызда постмодернистік шығарманың жазылуы шарт емес. Бірақ белгілерін көре аламыз. Басты белгісі – модерн институттарының күйреуі. Симулякрдің күшеюі. Бірақ, барлық сипаты маңызды.

Айгүл ҮСЕН, ф.ғ.д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

Бізде модернистік әдебиет өте мықты екенін атап айтқым келеді. Өткен ғасырдың басында Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар, Бейімбеттен басталып осы күнге дейін жалғасып келе жатқан модернистік әдістің арқауында ғажап шығармалар жарық көрді. Оның негізінде психология ғылымының жаңа сапада көрініп, адамтанудың жоғары белесіне көтерілуімен байланысты болса, екінші жағынан мифопоэтиканың жаңаша жаңғырып, заманауи дүниетаным тұрғыснан интерпретациялануынан. Бұл ағымды биік көркемдік-эстетикалық деңгейге көтерген А. Сүлейменов, О. Бөкей, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Т. Әбдік, А. Кемелбаеваларды атап өтуге болады.

Постмодернизмнің көрнекті өкілі Ф. Кафка өз шығармаларын әдеби басылымдарға беруге лайық көрмей, өмірінің соңғы сағатында досынан қолжазбаларын өртеуді өтінеді. Бірақ досы оны баспаға апарып, жазушы шығармаларының кереметтігін әлемге танытады. Шындап келгенде Кафка төңірегінде дау көп. Бір сыншылар оның шығармаларын түкке алғысыз етсе, енді бірі оның ғажап екендігін айтып жеткізе алмай келеді. Бұл сипатты шығармаларды түсіну постмодернизмге енді ғана есік ашқан біздің оқырмандар тұрмақ, еуропа оқырмандарына да қиындық келтіруде. Классикалық дүниелерге, реалистік, романтизм әдісімен жазылған сүбелі, кемел шығармаларға үйренгендіктен оларды қабылдау әзірше қиын. Мүмкін оны ұғыну үшін оқырман да өзгеру керек шығар? Абай бір өлеңінде: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» деген еді, соған сай оқырманның да эстетикалық қабылдауы дайын болу керек.

Поэзияны структуралистік дискурста зерттеп жүрген академик М. Гаспаров орыс поэзиясындағы жаңа түр верлибрлерді түсінуге оқырмандар дайын емес деп осыдан ондаған жыл бұрын жазған-ды. Бұл батыста, шығыста әлемнің көп әдебиетіне кең тараған, терең сіңген түр. Біз жалпы өте дәстүршіл халық болғандықтан дәстүрден ауытқыған дүниелерді қабылдауымыз қиын. Сондықтан біздің әдебиетте дәстүрден тыс дүниелер көп емес. Ал әлем өнеріне өз жаңашылдығын дәстүр деңгейіне жеткізіп ұсынып отырған еуропа елдерінде индивидуализм жоғары тұрады. Олардың өнер адамдары өзгеге ұқсамайтын ерекше жол іздейді. Сондықтан өнердегі импрессионизм, символизм, футуризм, кубизм т.б ағымдар сол елдерде пайда болады. Бізде керісінше, ондай ерекшеліктерді мойындамақ тұрмақ, айыптап, жөргегінде тұншықтыратынымыз бар. 60-жылдардағы ақ өлеңге қатысты әдеби ортадағы даулар осы сөздің айғағы. Дәстүрден тыс дүниелер тек тәжірибие түрінде ғана көрініп, әрі қарай арнасы тарылып, өзінен-өзі жоқ болып кетеді. Менің ойымша шығармашылық адамға батылдық, жігер, өнерге берілгендік фанатизм деңгейінде болу керек. Сонда ғана жеңіске жетуге болады. Постмодернизм әдісін шығармашылық жолы еткен жас жазушыларда да осындай қасиеттер болса, бұл әдісті меңгеріп қана қоймай, мойындатамыз. Оқырман қандай әдіс болмасын, жақсы шығарманы барлық кезде оқиды, түсінеді, қабылдайды.

Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын, әдебиет сыншысы:

Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім ғой деп ойлаймын.

Сафина АҚТАЙ, жазушы, журналист:

«Запомни одну фразу: все будет, но не сразу».

Постмодернизм, постмодерн, постмодернитидің басты айырмашылығы неде? Әдебиеттегі структурализм мен постструктуралистік әдеби тәсілдерге қазақ әдебиетінде қандай шығармалардан қандай мысалдарды келтіре аласыз? Қазақ әдебиеті, қазақ қаламгері бұл ағымдармен қаншалықты таныс?

Береке ЖҰМАҚАЕВА, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры:

Постмодернизм қоғамның әр саласында (өнер, әдебиеті, мәдениет, философия т.т.) қалыптасып жатқан өзіндік ерекшеліктері мен белгілері айқындалған үлгіні, бағытты сипаттайтын ұғым десек, прстмодерн – әлеуметтік парадигма деп түсінеміз. Оны тереңірек түсіндіру үшін философтар Ницщенің «құдайсыз қоғам» туралы теорияларынан кейінгі «субъекті мен обьектілік» қатынасты жоққа шығарып, матриц, квант, виртуальды әлем сияқты қиял дүниесімен алмастыратын жаңа теорияларын зерделеу қажет болады. Ал постмодернити ұғымы тарихи кезеңді сипаттайтын қазіргі әлеуметтік теория тұжырымдарына қатысты.

Бүгінде қазақ әдебиеті структурализм мен поструктруалистік тәсілдерді қолданудан тысқары емес. Экзистенциалды-реалистік кірігуден басталып, психоталдауға сұранатын шығармалар легі ретінде Ә. Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры», «Күй», «Ханша-дария хикаясы», О. Бөкейдің «Айпара-ана», «Жасын», «Құм мінезі», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Жетім бота», Р. Сейсенбаевтің «Шайтанның тағы», «Өлілер құмды кезіп жүр», С. Санбаевтың «Ақ Аруана», Т. Әбдіковтің «Тозақ оттары жымыңдайды», М. Мағауин «Жармағынан» бастап, Д. Рамазанның «Жан», «Жын», «Пері мен пенде» шығармалары, Д. Қуат «Кірекей мен Күнекей», Асқар Алтайдың «Туажат», Д. Жылқыбай «Квант» т.б. шығармаларды атауға болады.

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

Біріншісі – философиялық теориялық атауы, екіншісі – нақты модерндік шығарма, үшіншісі – қазіргі посмодернистік заман немесе уақыт дегенді білдіреді.

Терминге абай болайық: структурализм мен постструктурализм – әдеби тәсіл емес, таным теориялары.

Айгүл ҮСЕН, ф.ғ.д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

Постмодернизмнің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Джон Хоукс өзінің маңызды шығармасы «Каннибал» романы туралы: «Мен бәрін сұмдықтан (кошмар) аламын, соғыс сұмдығынан аламын» дей отырып, көркем шығармашылықтағы концепциясын былайша айқындайды: «Романның басты жаулары – сюжет, кейіпкер, әрекет пен тақырыптың шарттылығы. Көркем прозаны қабылдаудағы үйреншікті дүниелерді алып тастасақ, толыққанды шын мәні мен нағыз құрылымы қалады». Постмодернизмнің бір сипаты көркем өнердегі өзіне дейінгі шарттылықтардан азат болу. Поэзияда үйреншікті ұйқас, ырғақ, тармақтан азат болса, прозада кеңістік пен уақыт, сюжеттік даму мен кейіпкерлер жүйесі. Олар заңдылықтарды терістеп, кездейсоқтықты мойындайды. Постмодернистердің дүниетанымында заңдылық жоқ, тек хаос және кездейсоқтық қана бар деген түсінік орын алған. Постмодерн – философиялық дүниетаным негізі болса, постмодернизм өнердегі ағым, көркемдік әдіс. Ал постмодернити деген осы негізде ойлау жүйесі, тіршілік ету қалпы. Бұл әрбір қоғам мен адамға тән сананың сипаты. Постмодернизм сипаты сан қырлы, полифониялы болғандықтан оны бір жүйеге түсірудің күрделілігін айту керек. М. Сервантестің «Дон Кихот» романының, Дж. Бокаччоның, Вольтер мен Стерн шығармаларының постмоденистерге ықпалы зор болған. Бұрынғы түсінік пен құрылымдарға пародия ретінде өмірге келген шығармалар көп. Мұнда жай түсініктегі пародия емес, әлдеқайда кең сипаттағы пастиш ұғымы келеді. Сонымен бірге постмодерндік өнер туындыларының астарында қалжың (черный юмор) зор роль ойнайды. Дүние болмысын қара қалжың астарымен суреттеу де бұл әдістің бір сипаты. «Ойын» ұғымының мәні, баламалы шындық деген ұғымдар да постмодернге тән түсініктер. Постмодернистер еш көркем шығарма шындық болмысты бере алмайды деген тұжырым жасай отырып, сюжеті мен композициясын құруды абсурдтық деңгейге жеткізеді. Мысалы Сервантестің «Дон Кихот» романы шынайы өмірден көрі қойылымға, не бір сюжеттік ойынға ұқсайды. «Шенна» деген романда адам мен Мефистофельдің саудасы туралы кең жайылған сюжет те адам сенгісіз негізде құрылады. Тіпті постмодернистік шығармалардың атауының өзі реалды түсінікке тосын: «Америка психопаты», «Жалаңаш ертеңгілік ас», «Тентектерге арналған мектеп», «Жарияланған өлім хроникасы», «Болмыстың мүмкін болмас жеңілдігі»...

Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын, әдебиет сыншысы:

Жоғарыдағы үш атау тек әдебиеттік емес, философиялық тұрғыдан қарастыруды, талдауды қажет етеді. Үшеуі үш үлкен сала, бір-бірімен тығыз қатысты әрі көп мазмұнды қамтиды. Сөз тым теориялық түс алып кетпес үшін бұл әңгімені кейінге қалдырғанды жөн санадым.

Сафина АҚТАЙ, жазушы, журналист:

Постмодернити – дәстүрлі ойлаудан бас тарту. Постмодернизм – ойлау тәсілінің өзгерісі. Ал постмодерн – жаңа көзқарасқа жаңа көзқарас. Ағылшын суретшісі Жон Уоткинс Чэпман постмодернитиді өнердің қалыптасқан қағидаларын бұзу деп санайды. Ал философ Мартин Хайдеггер «болмыстың ақиқатын тануды» ғана саф өнер деп бағалайды. Яғни «кескінге тоғытылу» бұл өнер емес. Әлдекімдер постмодернизмді «өлді» деп ойлайды. Жаңадан кейінгі дүние жоқ, ал жоқ дүние қалай өледі? Тіпті оның тиянақталған анықтамасы да жоқ. Сен нені өлтіресің? Постмодернизм бізге керек пе? Белгілі философ Бекет Нұржанов «Қазақстан үшін постмодернизмнің көкейкестілігі, бәрінен бұрын, егер біз әлемдік қауымдастыққа кеңестік державаның залалды бір сынығы емес, толыққанды мүшесі санатында енгіміз келетін болса, бізге әлі постмодернизмді өткеруіміз, оны меңгеруіміз әрі игеруіміз, сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік үдерістерді талдауға пайдалануымыз керек», - деген пікір айтады. Сонымен қатар постмодернизм жаңа заман адамының соны дүниетанымын, мәдениеттің жаңа қалпын, қоғамның жаңа кезеңін айғақтайтынын, ешқашан өзектілігін жоғалтып, ескірмейтінін, «желілік қоғамды», интернетті, ұлтшылдықты талдағанда ең басты тақырып болып қалатынын алға тартады. Бұл Бекет Нұржановтың «Модерн, постмодерн, мәдениет» кітабында толық қамтылған. Меніңше, қазақ әдебиетіндегі постмодернистік шығармаларға келер болсақ, гиппертекстік, интертекстік тұрғыдан алғанда, Дерриданың деконструкциясы, Гуссерельдің феноменологиясы, Жиль Делөздің мағына логикасы, Ролан Барттың семиологиясы, Фуконың дискурс тұжырымы, Бодриардың симуляциясы жалпы постмодернистік әдеби тәсілдің барлық сипаттары тұрғысынан Тілек Ырысбектің «Нұрсұлтан» поэмасын мысал етуге болады.

– Постмодернизм ағымын жаппай терістеудің немесе оны түсіндіруге тырысудың түпкі мәні оны түсінбеуден туады, ал оны түсіну постфилолсофиялық сауал деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

Жалпы, түсіндіруге болады, бірақ ол бірыңғай емес, ғылымда кез келген концепцияның жалпыға бірдей маңызы болуы тиіс.

Айгүл ҮСЕН, ф.ғ.д., Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

«Бізде толыққанды постмодернизм жоқ. Өйткені оны қалыптастырушы алғышарттар жоқ» деген пікірлер бар. Постмодернизмнің пайда болуының алғышарты ғылым мен техниканың дамуы. Алғашқы компьютерлік технологиялар, аспан әлемін зерттеудегі жаңа қадамдар адамдардың тұрмысын, көзқарасын, дүниетанымы мен сезімін мүлде өзгертуде. Біз бұл үдеріске толық қатыспағанмен, сол өнімдерді тұтынып, олар ұсынған жүйемен жүріп келеміз. Өйткені біз бұл әлемнің бір бөлшегі ретінде одан тыс қала алмаймыз. Бұл біздің еркіміз бен тілегімізден күшті. Дүние бұрынғыдан да тұрақсыз, өзгермелі, сенімсіз болып барады. Қазіргі кезеңде капитализмнің соңғы кезеңінде тұтыну психологиясы басымдық алып отыр. Осы тойымсыздық пен қанағатсыздықты тудырып, адамдар арасындағы әлеуметтік-психологиялық айырмашылық пен қайшылықты тереңдетіп жіберді. Бірақ осы қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер қазақ әдеиетінде толыққанды көріне алмай отырғаны өкінішті. Бұл әдіске негізделген тәжірибиелер жүріп жатыр. Адамзат дамуына қажетті мәселелерді заманауи негізде көтере алмаса өнер оқырманға қызықсыз болады. Оқырманды жоғалтып, өзге елдің өнерімен сусындаған ұрпақ ұлттық болмыстан алыстап, өзін түсінбейтін болады. Сондықтан ағымдарды жатсынбай, оларды игеріп, төл әдебиетімізде тамыр тартуына жағыдай жасалу керек. Жастардың осы бағыттағы ізденістерін «Әдебиет» және «Мәдениет» порталдарында жарияланған дүниелерден оқып тұрамын. Кейде мағынасыздықтан мән табудың өзі қиын сияқты, хаосты суреттеуден қиын не бар? Реализм, романтизм, модернизмді жоғары деңгейде меңгерген халықтың постмодернизмге келгенде күмілжуінің себебі бұл ағымның күрделілігінде деп ойлаймын.

Поэзияда мән мен мағынадан көрі, ой мен идеядан көрі құрылымды көбірек құнттап, сөз ойнату көбірек сезіледі. Сондықтан кей ақындардың тілі, көркемдік фигуралары адам түсінігі шеңберінен шығып жатады. Қ. Сариннің «Ешкімнің керегі жоқ» деп басталатын өлеңінен осы постмодернизм рухы сезіледі. Мұнда жалғыздығына көңілі толған жанның сөзінен шаршаған адамның, терең психологиялық күйзелістегі адамның оқшаулануы сезіледі. Модернизмдегі кейіпкер өмірді жатсынса, постмодернист кейіпкері тіпті алыстап, оқшауланған. Оның жүрегінде бұл үшін қайғыру жоқ, қиналмайды, өзі сол жалғыздыққа айналған. Өйткені осы болмысты толық мойындаған. Адамның жалғыздығын, өзге дүниенің оны түсінбейтініне, ұқпайтынына сенген, болмысқа бой ұсынған. Мұнда ең қорқыныштысы – үміттің жоқтығы.

Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын, әдебиет сыншысы:

Біздің қоғам өзін әлі таппаған қоғам. Бізде постмодернизм ағымын жаппай терістеу етек алған деп ойламаймын. Біздің әдеби ортада ондай қауқар жоқ. Себебі бізде Кеңес әдебиетінің ұғымынан өзге ұғым, түсінік жоқ. Біздің бүгінгі жағдайымыз Кеңес әдебиетінің тұрғысында тұрып өзіміз жете білмейтін әдебиет туралы сөз қозғаудан тұрады. Онда да теріс пікір айтуға үйір. Бұл енді, ойланып көрсең, күлкілі жағдай. Бізді былай қойғанда, ұлттық діңі мықты халықтардың өзі постмодернизммен сіз айтқандай шекесін қызартып жағаласпайды. Себебі, оған қарсы шығуға болмайтынын, оны тосып қала алмайтынын, мықтағанда оған сәйкесіп өмір сүру керек екенін ақылды бастар біледі. Ал білмесе, тек ақымақтар ғана білмейді. Өзің жасап жатқан дәуірдің ауасынан сен қалай бас тарта аласың? Өзіңді әлдебірдеңемен алдаусыратпасаң, өтірікпен өмір сүрмесең, одан бас тарта алмайсың. Измдерге байланысты айтайықшы, біреулердің мүмкіндігі бар, әдебиет жасайды, енді біреулер соны тұтынады. Біз әдебиетте де өндіруші емеспіз, тұтынушымыз. Масқарасы, біз жөні түзу тұтынушы да бола алмай отырмыз. Әлем әдебиетінің тарихына үңілсек, «изм» жасай алмағанымен, жақсы туынды жаратқан ұлттық әдебиеттер, авторлар жетерлік. Біз соған ұмтылуымыз керек. Солай істей алсақ та жаман табыс болмас еді.

Сафина АҚТАЙ, жазушы, журналист:

Философияның өзі үнемі өзіне дейінгілерді терістеуден тұрады. Бәлкім, оның әзірге соңғы бағыты – постмодернизм шығар. Адам сөйлеу мен қиялдаудан адам болды. Осы үшін когнитивті революцияға алғыс айтарсыз, десе де бір түйір бидайдың екі аяқтыларға тарттырған азабы аз болмады. Кейде барлығына кінәлі сол секілді немесе жағаға жүзіп шыққан жалғыз балық па?

– Белгілі философ Бекет Нұржановтың «Постмодернизмді түсіндіруге талпынған кез келген әрекет оны модернизмге айналдырады» деген пікірімен келісер ме едіңіз?

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

Бекет Ғалымжанұлы бұл жерде екі теорияның қайшылықты жағдайына назар аударып тұр. Яғни, постмодерннің өмір сүру шарты – модерн шарттарының қазаға ұшырағанынан туындайды, оларды тізе бастасаң, модернизм белгілерін жазып тізіп кетесің... енді постмодернизм емес, тіпті, постколониализм де емес, автофикшн туралы сөйлесейік.

Ардақ НҰРҒАЗЫ, ақын, әдебиет сыншысы:

Бекет Нұржановтың еңбектерін оқыған емеспін. Өткен жылы біреудің қолынан бір кітабын көргенмін. Жаңылмасам аударма еңбек қой деймін. Осындай кітап бар деді де, бетін сипауға да үлгіртпей ізінше алып кетті. Оқуға мүмкіндік болған жоқ. Байқаймын, әдеби ортада постмодернизмге қызғушылық басым. Жұрттың көбі оны философия тұрғысынан сөз етеді, әдебиет тұрғысынан қарастыратындар жоқтың қасы. Сол себепті де бірнеше жыл бұрын постмодернистік философияның поэзиямен үндестігі туралы еңбек жазуға қатты қызыққан едім. Соңынан бас тарттым. Бастысы уақыт жоғалтасың. Одан қалды көп дүниені аударып беру керек. Тер төгуің шарт. Еңбек дайын болса, оны кітап етіп шығарудың өзі шашыңды ағартады. Бүгінгі жұрт біреудің еңбегін бағалаудан да қалған. Артыңнан ит қосып қуып, өсектеп, қала берді жолыңды кеспесе көңілдері көншімейді. Содан кейін артық әуре тауып қайтемін дедім де, қолды бір-ақ сілтедім. Әсілінде, сондай еңбектер керек. Айгүл Үсен «Әдебиет порталында» жарық көрген мақалаларында поэзиядағы жаңашылдық туралы өте сауатты, тұшымды ой айтты. Шығармашылық практикада жүрген жас буынға сондай деректі зерттеулер көп дүние береді деп ойлаймын. Ол жалаң философиялық теорияға қарағанда әлдеқайда сіңімді болар еді.

Сафина АҚТАЙ, жазушы, журналист:

Бұл постомодернистік шығарма жазуға талпынған кез келген жазушы немесе ақын бірден модернист жазушыға айналып шыға келеді деген сөз. Бекет Нұржановпен келісуге болады.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар