1. Сіз үшін ең қатерлі жай не?
- Тілден айрылу! Авар хақының - «Ұлт тілін ұрпағыңа ұластырар ұрқың құрысын!» деген қарғысы қатерлі!
2. Сіздің қай жерде өмір сүргіңіз келер еді?
- Қай жерде тусаң сол жердің ауасы мен суы сенің жаныңның бөлшегі. Туған топырақтың жұғыны сенімен мәңгі бірге. Алақандай ұйық, ұлы мамық даланың майсаңын төсеніп, қыналы тасын басына жастанып, жұлдызды аспанды жамылып жатқан сәтің - сағыныш. Орыстың әйгілі даналарының бірі ғаламның жеке еншілігіндегі азамат Владимир Владимирович Новаковтың жандүниесінен адаспаған орыстың орманды алқабы екен. Оның тума тілі орыс болса да шыққан тілі ағылшынша еді. Бірақ, анасынан тамған уыз тамшы, бабасының ерек тектілігі оны қара мекенінен адастыра алмаса керек. Жалпы ақынның екі мекені болуы мүмкін. Қан – мекені, жан – мекені. Осы екі мекенде ақынның бар өмірі сағынышпен өтер-ді. Қазақтың салқар даласы, асқар тауларының құшағында өстім. Бір қанаты – ғарышты, екінші қанаты – сайын даласына байланған ақынның тұрағы жылқы сауырында, үні – таулардың бауырында жүрер-ді.
3. Сіз үшін ең мінсіз бақыт деген не?
- Алжымай өлу. Бақыт пен уақыт мазмұндас ұғым. Бақыт туралы біздің пайымымыздың өзі қарама - қайшы, кемшін. Себебі, көнегректік Сократтардың санакөзіне елестеген бақыт бізде мүлдемге жоқ емес, өзгешелеу болды. Мұңсыз бақыт көп, мінсіз бақыт жоқ. Ыбырай Алтынсариннің «Мұңсыз адам»-ында нұсқасы бар. Бақыттың қонар шағы да, ұшар шағы да болатын секілді. Егер мінсіз бақыт болар болса ол – тәңірден берілген сый. Француздың ақыны Поль Элюар (Paul Eluard) мінсіз бақыт дегісі келген болуы керек оны ол – «Хаһи сенім» деп ғарыштық сеніммен ұштастырды. Жұмекен Нәжімеденов болса, атақ та, байлық та емес, «бақыт деген немене, сұлу қыз ба?..» деді. Мұқағали болса - «жан - сонарым» дейді. Пенденің бәрі - «бақыт құшағында» өмір сүре алмайды.
4. Сіз қандай қателіктерді кешірім етуге лайықты деп есептейсіз?
- Меніңше сатқындық қателіктен де қатерлі. Пендеуи зұлматта қателіксіз жан болмаса керек. Қателікті кешу,айыптыны жазғырмау – парасат майданындағы қаракет. Қателік пен ағаттық аттас ұғым. Екеуінің де зардабы болуы мүмкін. Өмір - айып пен кінәнің арасындағы ақиқат. Көбінесе қателіктердің қарсы жағындағы әрекеттің түгелі уақыт аясында екшелген. Кешудің шарттарына лайық қателіктер болса оны кешу парыз. Дүниедегі барлық наным мен сенім, діни қағидаттар мен ұстанымдарда кешірім қисындары мөрленген. Кешірілмейтін күнә деп саналатын өрескел қателіктерден сақтануды Құран, Інжіл, Зәуір, Таурат сынды сансыз ұстанымдар ескертеді.
5. Сіздің ең сүйікті әдеби кейіпкеріңіз?
- Кекшіл жазушы Жорж Оруэллдің (Georqe Orwell) «Хайуанаттар бағы» атты памфлеті бар. Жалған дауырықпалардың шын бет-бейнесін тырнап қан-жоса қылған шығарма. Доңыздар көтерілісі, жаңа сайлау нәтижесі т.с.с. Доңыздардың билік жүргізуі! Сондай-ақ, Франц Кафканың (Franz Kafka) «Будан» дейтін қысқа памфлеті жарияланған. Құбыжық бейкесел бейне туралы, жартылай мысық, жартылай қозыға ұқсас!!! Шығарманы оқып отырып тіксінесің! Сайтанизмнің жасап берген былғанышты көрінісі.
6. Сіздің ең сүйікті тарихи кейіпкеріңіз?
- Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының Басқолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлы тарихи сөнбес тұлға. Оспан батырдың басы – қасында ат үстінде жау ұшағын атып түсірген Ақтеке би Қоңырұлы, Шірікшиде қапыда қолды болған Бүркітбай батыр Қияқұлы, Өр Алтайдың әнұраны Сұлубай батыр Сапиұлы, Мұса мерген Тұрықбайұлы т.с.с. Американдық тарихшы әйел Линда Бенсонның жазбаларынадағылар.
7. Сіздің ең сүйікті әйел кейіпкеріңіз?
- Бөрте, Тұмар ханым, Хади уаң, Әштәри.
8. Сіздің өмірдегі ең сүйікті кейіпкеріңіз?
- Мағырипа әжем, Мақидолда сері, Өкен досым.
9. Сіздің ең сүйікті суретшіңіз?
- Салвадор Дали, А.Ақанаев, Зейнелхан Мұқамеджан.
10. Сіздің ең сүйікті музыкантыңыз?
- Музыканы жан - тәнімен құлай сүйетін нақұрыстың бәрі. Хайуанда ботаның боздауы.
11.Сіз ер адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
- Өз бағасын сезінетіндігі рас болса.
12. Сіз әйел адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
- Жүрегін жатырына таза сақтай алатын жанқұрсақтылар.
13. Сіздің мінезіңіздің басты ерекшелігі қандай?
- Кемшілігім. Мұздай суық, оттай ыстық кезі бар.
14. Сіздің ең сүйікті ермегіңіз?
- Уақытым шыққанда Қараөткелдің өтінде жалаңаяқ ой кешу.
15. Танымал адамдардың ішінде өзіңіздің кім болғаныңызды қалар едіңіз?
- Танымал жандардың ығында қалмау.
16. Достарыңыздың қандай қасиетін жоғары бағалар едіңіз?
- Шын шырыл жанымен егіле жылай алатындарын.
17. Сіздің ең басты кемшілігіңіз?
- Өз кемшілігіммен санаспау.
18. Сіздің бақыт туралы арманыңыз?
- Немереммен сырласу.
19. Сіз үшін ең үлкен бақытсыздық не болар еді?
- Жарыңның ерте өмірден кетуі.
20. Сіз қандай болуды армандаған едіңіз?
- Қайырымшыл.
21. Сіз ұнататын гүл?
- Тасты жарып шыққан жалғыз бір тал десте.
22. Сіздің сүйікті құсыңыз?
- Боз торғай, Қараөткелдің жағалауынан ешқайда кетпейтін ақпейіл аласауысқандар.
23. Сіздің сүйікті жазушыларыңыз?
- Монтень, Мағауин, Рахымжан.
24. Сіздің сүйікті ақындарыңыз?
- Тұманбай, Эзра Паунд, Мұрат Шаймаран, Хайз.
25. Сүйікті есімдеріңіз?
- Олжас, Бүлдіршін, Раушан.
26. Нені жек көресіз?
- Алақаны терлеп жүретіндерді.
27. Сіз жек көретін тарихи кейіпкерлер?
- Жантық және жантықтандырылған Жантықтар.
28. Сіз қайран қалатын әскери оқиға?
- Сарсүмбені азат ету майданы.
29. Сіз жоғары бағалайтын реформа?
- КСРО-ның күйреуі.
30. Қандай қасиетті бойыңызға дарытқыңыз келеді?
- Иттің иесіне деген шыншылдығын.
31. Қалай өлгіңіз келеді?
- Тұяқ серіппей.
32.Қазіргі көңіл күйіңіз?
- Баяғыдай...
33. Ұраныңыз?
- Оян!
Бауыржан Майтай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.