Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚАЛАМГЕР, САҒАН АЙТАМЫН, ҮКІМЕТ, СЕН ТЫҢДА...

26.10.2016 4477

ҚАЛАМГЕР, САҒАН АЙТАМЫН, ҮКІМЕТ, СЕН ТЫҢДА

ҚАЛАМГЕР, САҒАН АЙТАМЫН, ҮКІМЕТ, СЕН ТЫҢДА - adebiportal.kz


Оқырман хаты


10498431_1508166629396422_8743270938350397580_o.jpg

Әлқиса, бір нәрсені ескертіп алайын: мен қаламгер (жазушы, ақын, драматург, т.б.) емеспін, сондықтан әдебиет туралы тек «Оқырман» статусымды пайдаланып қана сөз сөйлей аламын.


«Бізде неге Нобель жоқ?», «Әлем неге Толстой мен Айтматовты оқиды?» «Пәлен ел бізді қашан сөйлетеді?» деп жылаймыз да жатамыз. Өкпеміз басылған соң, саналы түрде бір сұрақ туады: «Әдебиетімізді әлемге таныту үшін не істеу керек?» деген.


Олимпиада үшін үкімет қалай жанталасады, сол жанкештілікті әдебиетке арнау керек, бітті. Спортта қалай ұлардай шуласақ, әдебиетте де солай жанкүйер болсақ қой. Тілегіміздің бағы жанып кетіп, үкімет жанталасты, жанкүйер де жанықты дейік. Дәл осы істің алдында бізді бір үлкен міндет күтеді. Ол – әлемде елдің туын көтеретін қаламгерді алдымен өз ішімізде анықтап алу. Оның бәріміз көріп жүрген бір ғана жолы – байқау, иә.


Осыған орай жазушы Аягүл Мантайдың ФБ-дағы постын жаза кеткім келіп отыр. «Осыдан біраз уақыт бұрын бір әдеби байқауға қазылар алқасының мүшесі болуға шақырды. Қаншама шығарманы оқисың, ой қорытасың, еңбек пе, иә, еңбек. «Жүз адамнан келіп түскен шығармаларды оқуға қаншама уақытым, қаншама энергиям кетеді» деп қаламақы туралы сұрадым. «Қаламақысы несі? Жұрттар қазылар алқасының мүшесі болғанға қуанады. Сізге жүз адамның шығармасын оқудың қажеті жоқ. Жүлде алатын қыз-жігіттердің ғана шығармасын оқысаңыз жетеді. Сіз тек қазылар алқасының мүшесі болуға келісіп, қол қойсаңыз болды», - дейді еш саспастан. «Сіздер жүлдеге лайық деп таныған адамның шығармашылығын мен мүлдем мойындамасам ше...» десем, «ол жағын сосын келісеміз ғой, сіз бірінші келісіміңізді беріңізші» дейді. «Менің принципім мен сіздердің әдебиетке деген көзқарастарыңыз мүлдем сәйкес келмейді» деп бас тарттым. Кім біледі, ол да «жаудан құтылдық» деп жеңілдеп қалған шығар. :)


...Кеше өзім жеке басын қатты қадірлейтін бір ағам әдеби байқаудың қазылар алқасының мүшесі болуға ұсыныс жасады. Бас тарттым. Шынымен, қазір уақытым жоқ. Әйтпесе, ол кісінің шынайылығына сенем.


...Кейде шын таланттардың қуаныштан көзіне жас алуына себепкер болғым келеді. Кейде таланттарды сындырып жатқан кезде күрессем де жеңіліп, олардың көз жасына қалам ба деп қорқам. Өзімді Мәскеуде өте еркін сезінем. Еркін тыныс алам. Мен біздің әдеби ортадан қатты қорқам... Бұл өзі әбден ластанған, ар мен ұятты аяққа таптап жатқан қорқынышты орта...»


Ал, ол әлгіндей әділетсіздікпен өтсе, не өнеді? Қайтпек керек? Онсыз қалай анықтаймыз? Байқау болмасын демеймін, болсын. Бірақ ЖАРЫС ЖАЗҒЫШТАРДЫҢ ЕМЕС, ОҚЫРМАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ӨТУІ КЕРЕК! Міне, сонда ғана жазғыштар түптің түбінде бір парақ қағазға емес, оқырманға таласуы керектігіне басы жетеді. Қаламгердің әр медалі – оның ОҚЫРМАНЫ.


Әлемдегі кез келген елдің әдебиеті мықты қаламгерінен бұрын (жазушы, ақын, драматург, т.б.) оқырмандарының қаншалықты кітап оқитынымен өлшенеді. Оның себебін: «Автор кітап шығарса да, оған баға беретін – көпшілік. Демек, автор кітап жасаушы да, көпшілік – оның тағдырын шешуші», - деп, В. Гюго баяғыда-ақ айтып қойыпты.


Осы тұста тағы бір проблема қылаң береді. Мойындайықшы, бізде қазір жазармандардың оқырманы – жазармандардың өзі немесе соның айналасындағылар. Былайғы оқырмандар жоқ демеймін, бар, бірақ аз, тым аз. Сонау кітап жетпейтін кезеңнің өзінде бір-біріне жармасып, егінші мен малшысы, жалшысына дейін кітап кемірді, қазір бәрі қолжетімді. Интернетке кітапты 4-5 мыңдап, басылымдардың бәрін енгізді. Түкіріктеп тұрып оқығым келеді десеңіз, мен барған кітапханалардың әрдайым орындықтары бос тұрады. Жағдай жасалған делік. Бірақ неге әлі оқырманның қарқыны бұрынғыдай емес? Міне, біз осының «диагнозын» табуға тиіспіз.


Фольклоры бар, Абайдан бері жалғасқан жазба сөз өнері бар – қазақ ешқашан әдебиеттен қол үзбеген ғой. Неге? Себебі: әдебиет ол – тарих; ол – саясат; ол – қоғам; ол – дін; ол – дәстүр; ол – білім; ол – ғылым; ол – тереңдік; ол – тіл; ол – идеология. Сайып келгенде, әдебиет – әмбебап. Е-е, бабаларымыз «бір оқпен сан қоян атуды» білген екен ғой.


...Өткен жылы бір әдеби жиында:


– «Әдебиет – ардың ісі» деген жаттанды сөзді неге қайталай береді? – дейді біреу. Сонда бір ұлттың тарихын, саясатын, қоғамын, дінін, дәстүрін, терең тілін, білім-ғылымын, әрбірден соң сол ұлттың идеологиясын арқалап жүру, арқалап өту оңай іс дей ме екен? Осы сөздің салмағын сезінбейтіндердің де әдебиетте жүргенін көру не деген өкінішті десеңізші?...


Әгәрәки, басқасын емес, тек оқырмандар арасындағы ашық пікірталас, ойталқыда дара шыққан, «медальға»(оқырманы) ең бай қаламгердің (жазушы, ақын, драматург, т.б.) абыройын асқақтата берсек, жан дүниесіне жанкүйер болсақ, үкімет қанатына су бүркісе, «Әдебиет – ардың ісі» деген сөздің салмағын сезінбейтіндер өздігінен-ақ ығыса берер еді де, мен секілді оқырманның көңіліне анадай өкініш орнамас еді.


Сөз соңының алдында бір сөз: Жүлдеге жүгірмеген кешегі арыстарымыздай жарыссыз-ақ әдебиетті жасауға болады, бірақ оқырмансыз әдебиетті жасау – кешіріңіз, қиялдың ісі. Қайталасам, айып етпеңіз, ұлтымыздың осы уақытқа дейінгі тарихын, саясатын, қоғамын, дінін, дәстүрін, терең тілін, білім-ғылымын, иә, ұлтымыздың идеологиясын бір өзінің өн бойына сыйғызып, арқалап кеп, жеткізгені үшін бізге дейінгі ӘДЕБИЕТке алғысымызды айтуымыз керек. Ал, осы күнімізді ертеңге аманаттау үшін дәл қазірден бүгінгі әдебиетімізге, оның «тағдырын шешетін» оқырманға жанымыз ашу керек. Жай емес, шырқырап тұрып һәм сөз бен іс қабысып келіп.


Егер анау хабарландыруда: «Оқырмандар арасында жарыс. Өз қаламгеріңді таңда!» – деп тұрса, аттандап ап жүгірер едім.


Сәлеммен, әдебиетін әлемде көргісі келетін оқырман.


Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар