Бүгін Ыстамбұл қаласында Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен Еуразия жазушылар одағының ұйымдастыруымен Түркі әлемі жас ақын-жазушыларының бірінші фестивалі басталды.
Алғаш ұйымдастырылған шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Түркия мен Түрікменстаннан және басқа 22 түркі аймағынан келген 58 жас әдебиетші қатысуда.
Өз елдерінде кітаптары шыққан немесе әдеби ортада біршама танылған жас қаламгерлер Түркі әлемі әдебиетіндегі заманауи үрдістер мен тақырып, жанр алуандылығы жайлы пікір алысып, өзара тәжірибе алмаспақ. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылардың айтуынша, келешек түркі әдебиетін қалыптастырушы жастар елдеріне оралған соң бір-бірлерінің шығармаларын өз тілдеріне аударады деп жоспарлануда.
Сонымен бірге фестиваль барысында Әли Акбаш (Түркия), Анар (Әзербайжан), Төлен Әбдік (Қазақстан) пен Исмаил Бозкурт (Солтүстік Кипр Түрік Республикасы) сынды қаламы қарымды танымал ақын-жазушылар жас әдебиетшілерге дәріс оқып, өмірлік тәжірибелерімен бөліспек.
Бағдарламасы түрлі әдеби және мәдени шараларды қамтитын фестиваль 4 күнге жалғасып, 18-ші тамызда қорытындыланады. Фестиваль жұмысына сәттілік тілейміз!
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.