Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қалихан Ысқақ: Жетім боп жүріп жетілдік...

23.10.2017 6823

Қалихан Ысқақ: Жетім боп жүріп жетілдік

Қалихан Ысқақ: Жетім боп жүріп жетілдік - adebiportal.kz

Қасиетті Алтайдың қайсар мінезді, өр рухты ұлы, ұлтымыздың абыз қариясы Қалихан Ысқақпен тележурналист Бейбіт Құсанбектің 1998 жылы «Өмір-өзен» хабарында жүргізген сұхбаты:

Бейбіт Құсанбек: Қай тақырыпқа салсаңыз да көсіле әңгімелейтін Қаһаңның барлық әңгімесі біздің хабарымыздың («Өмір –өзен») көлеміне сыймады, сондықтан «теңіз дәмі тамшыдан білінеді» демекші, сұхбатты әр жерінен ойып-ойып алуымызға тура келді. Жазушы халықтың рухани тірегі, біздің әңгімеміз де рухани дүниемізді түгендеуден, қазақы рухты іздеуден басталды.

Қалихан Ысқақ: Егер ағылшынның ғалымы Джеймс Червордқа сенетін болсақ, осыдан он жеті мың жыл бұрын Давос Тынық мұхитынан сонау Донға дейін Ұлы ел, орысша айтқанда «Великая империя» деген ұлы халық болған екен. Сол Джеймс Черворд 60 жыл бойы осы түркі халқының тарихын зерттеп, мынандай қорытынды айтады: «Тынық мұхитында үлкен бір апат болып, сол халықтың 60 миллионы су астына кеткен» дейді. Ал сол су астынан табылған заттар мен жер бетінен бүкіл Шығыстан табылған заттарды салыстыра келгенде, сондағы көптеген таңбалар-белгілердің барлығы бүгінгі қазақтың екі жүзден астам руының таңбалары, ру-тайпаларының таңбасы болып шыққан. Сонда айтады, дүниежүзілік цивилизация Шығыстың және оның ішінде бүгінгі түркі халқы деп аталған біздерден басталған деп дәлелдейді. Өзінің ғұмырында 1868 жылы бір рет шыққан екен Лондонда, одан кейін 1976 жылы Минскіде шыққан, екі-ақ рет шыққан кітап. Батыс Еуропаның тарихшылары бұған қарсы болып, кітаптың жарық көруіне көптеген кедергі жасаған. Жарайды, ол өз алдына, 40 жыл ішінде Олжастың зерттегені де осы мәселе, ол өзі осы кезге дейін зерттеп келе жатыр. Мынау соңғы жазып, жарық көрген «Мың бір сөз» кітабы тағы осыған айналып шығады. Бір нәрсе айтайын, бұл қазақ халқы деген – эпикалық халық, эпикалық халықты дүниенің жүзінен жоғалту деген ол қиын, жоғалмайтын нәрсе. Шындықта қай ғасыр болмасын, Шығыстан да, Батыстан да, жан-жақтан қазаққа деген тарихи зауал көп болған, бірақ соның барлығында да әлі күнге шейін біз жоғалмай келе жатырмыз. Қазақтың рухы, халықтың рухы жоғалуы мүмкін емес. Батыс тарихшыларының айтуынша, соңғы бірнеше ғасырдың ішінде түрік зорлығы деген болған дейді, «тюркское насилие» деген дейді. Оның біріншісіне олар Әділханды, шведтердің жазуынша Аттылы, соның жорығы, екіншісі Дулат – Ашбөрі ханның жорығы. Сонау Балқанға барып, сол жерде үкімет Балқар мемлекетін құрып балқарлардың, әлгі қазақтың айтатыны бар: «Басқан жерің Балқан тау, ол да сенің барған тау» деген, үшіншісі Шыңғысхан жорығы. Осыған байланысты үш ғасыр бойы, үш ғасырдан да артық, дүниежүзілік дипломатия мен разведка тек бізге қарсы жұмыс істеген, соның бір жемісі – кешегі Ақсақ Темір. Ақсақ Темір, оның бәленбай жүз жылдығын өзбектер былтырғы жылы атап өтті, біз қазақтар атағанымыз жоқ. Себеп: түркі халқының, оның ішінде қазақ халқының тарихындағы ең бір қаралы беттер Ақсақ Темірге байланысты. Өзі ауру, өзі таққұмар, атаққұмар адам тарихқа келген уақытында Еуропаның, Таяу Шығыстың бүкіл жағы дипломатиясымен, тағы да сол разведка осы Ақсақ Темір үшін қызмет істеген. Түркі халқы тұтас отырған, соларды быт-шыт қылу, ыдырату, аздыру, тоздыру болған. Ақсақ Темір содан көптеген дүниені ойрандап жеке-жеке хандыққа бөлініп отырған біздерді бірінен кейін бірін быт-шыт қылды. Мәскеудің түбінде отырған Тоқтамысты барып шауып, құртып, Констинопольде отырған Баязит ханды шауып, сөйтіп біздің бүкіл берекемізді алған.

Бейбіт Құсанбек: Біздің өзбек ағайындармен түп-тамырымыз бір бола тұра, осы Ақсақ Темірге байланысты екі түрлі көзқарас ұстануымыз неліктен деп ойлайсыз?

Қалихан Ысқақ: Екі түрлі көзқарас ұстану деген, негізінде, былай айтар едім, өзбектер болса кешегі XIV ғ. аяғы – XV ғ. басында ғана бөлінді бізден. Өзбек пен қазақ екеуі бір халық. Қазақта қанша ру бар, қанша тайпа бар, өзбекте де сол халық. Қазіргі өзбектің территориясында бұлар XVII ғасырда ғана барып орнықты. XV ғасырдан бастап, XVII ғасырда ғана барып орнықты. Ол кеше өзімізден бөлінген жұрт. Енді кешегі бұрынғы Советтер Одағынан тарап, әр Республика өзінің егемендігін алғаннан соң, халықтың рухын көтеру, егемендіктің бір белгісі ретінде өзінің өткен тарихын қаузап, соны қайтадан бір қарау керек болған уақытында Ақсақ Темір сол бір өзбектерге себепкер болған шығар. Сол осы оқиғаны олар пайдаланды. Ар жағынан олардың Ақсақ Темірге қаншалықты іші бұрып тұр, бұрмай тұр, оны өздері біледі. Әңгіме мынада, күні кешеге дейін Советтер Одағындағы Ресейлік ғалымдар бұл түркі халқында, қазақ халқында Ақсақ Темірден басқа ешкім болмағандай, соның көрін қазып, бас сүйегін алып, антропологтар оның бюстін жасап жүрді. Одан басқа адам толып жатса да... Соның барлығы кешегі Ресей империясына орыстарға сіңірген еңбегіне қайтарған уәжі деп есептеуіміз керек.

Бірді айтып бірге кетеміз, бірақ Шыңғысхан жөнінде осы уақытқа шейін біздің түсінігімізде, түсіндіруімізде бөтен басқадай болып келеді. 70 жыл бойы біз Ресей тарихшыларының түкірігіне қақырық қосып, Шыңғысханды қарғап-сілеп, балағаттап келдік. Оны қытайға апарып телідік, оны моңғолға апарып телідік. Бірақ Шыңғысханның оның екеуіне де ешқандай қатысы жоқ. Шыңғысхан кешегі қият, мынау отырған қарақалпақ халқы, сол қияттардан қалған тегі осылар. Өзінің әкесі Темірше, әкесінің аты – Есугей, оның әкесі – Қабылхан, оның әкесі – Қайтухан, оның әкесі – Түменхан, оның әкесі – Байсұңқар, аржағында оның сегізінші атасы ру боп кетеді – Бөріжеген. Шыңғысхан туралы Қытайдың анау «моңғолдың құпия шежіресі» дейміз. Ол неге құпия шежіре атанып жүр? Бір кезде бұл шығарманың түп нұсқасы, оригиналы түркі тілінде жазылған, оны қытайлықтар аударған. Сондағы мына соғыс өнеріне байланысты Шыңғысхан бүкіл тактикасын, стратегиясын Қытайда кәдімгі жоғарғы шенді гвардияда кәдімгі сабақ қып жүргізгенде құпия сақтаған, оның құпия кітап аталуы содан. Моңғол тіліне ол 1942 жылы ғана аударылды. Алдымен Қытайдың транскрипциясына салғанда, адамдардың аттары, рулардың, жердің аты өзгерді, одан қытайшадан моңғол тіліне аударғанда өзгерді. Негізінде оның түп нұсқасы түркі тілінде жазылған нәрсе.

Бейбіт Құсанбек: Түпнұсқа сақталмаған ғой, бірақ?

Қалихан Ысқақ: Түпнұсқа сақталмаған, сақталмаған дей береді, кім біледі оны, әдейі құртып та жіберуі мүмкін. Шыңғысханды осы уақытқа дейін біз теріс түсіндіретінімізге не себеп, ол ешқандай бір шапқыншылықпен біреудің жерін басып алуға зорлықпен келмеген адам. Шыңғысхан зорлықпенен таққа отырмаған, ол үш рет сайланған адам. Ең соңғы рет ақ киізге көтеріп хан сайлағанда он алты тайпа елдің өкілі қатысқан. Соның бөтені деп айтуға болатын біреуі ғана Таңқұт. Басқа он бес тайпаның өкілі барлығы бүгінгі қазақ руларының өкілдері. Соның бірі біз кешегі айта беретін «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтініміз сол өкілдің біреуі сол – Майқы би. Шыңғысхан бері қарай қозғалған уақытында ол ең алдымен кешегі Тұран империясын, Ұлы Түрік қағанатын қайта қалпына келтірем деп шыққан адам. Тұран империясының құлауына мынау Иран империясының күшеюі себепкер болған. Қазіргі мынау біздің отырған Отырардан, Сығанақ бар, тағы көптеген анау Сауран, көптеген қалаларымыздың барлығы кешегі бекіністер. Солардың барлығында ирандықтар отырған. Ал ел билеген аздаған қыпшақтан шыққан адамдардың барлығы өзінің елінің кәдімгі қанын судай ағызып отырып алым-салық жинаған. «Отырардың күйреуі» деген фильмі шықты, жалпы соның әдебиетте де біз Қайыр ханды күрескер етіп суреттеп келеміз. Ал Қайыр хан бар болғаны шахтың салық жинаушысы, шахтың қолшоқпары болған адам. Сондықтан, Шыңғысхан бұйрық берген: «Қалалар мен бекіністермен соғыспаңдар, қоршаңыз да аштықтан, шөлден құрту керек. Бірде-бір ирандық тұтқынға алынбасын, өлтіріліп, басы кесілсін. Әйтпесе, біз бұл жауды жеңе алмаймыз дағы, тауыса алмаймыз. Біздің лагеріміз жоқ, түрмеміз жоқ» деген бүгінгі тілмен айтқанда. Содан кейін барып мына Қазақстанның, қазіргі Өзбекстанның, бүкіл осы территорияның барлығын ирандықтардан босатып, қайтадан барып, Иранды шабатын себебі сол. Ираннан кейін барып, Қытайды шапты, Пекинді өртеді, одан барып Кореяны түктеді, одан кейін барып Жапонияны аралға қуып тастап, қайтып келе жатып, Қытайды екінші рет шауып, Пекинді екінші рет өртеп, Мұғалиға сұлтан деген атақ беріп, Пекинді билеуге тастап кетті. Моңғол болса ол моңғолда не шаруасы бар, Қытай болатын болса Қытайда не шаруасы бар? Соның барлығы Шыңғысханның тыпырлап жүргені сол Ұлы Түрік қағанатының басын біріктіріп, қайтадан ұлы ел қылу болатын.

Осы Ресейден келген басылымдар мен өзіміздің ана тіліміздегі басылымдардың қандай айырмашылығы бар? Жарайды, біз де сынаймыз, біздің басылымдар үкіметті де сынап жатыр, елбасын да сынайды, қазіргі экономикалық жағдайды да, барлығын сынайды. Бірақ бұл – сынау, сынаудың арғы жағында түзету деген бар, ауып бара жатқан жүкті қайтадан түзетіп қою деген бар. Соған жасаған ескерту, мұның арғы жағында жанашырлық жатады. Ал Ресейден келген орысша басылымдардың көпшілігі бізді жамандайды, ал жамандаудың арғы жағында не жатыр? Оның арғы жағында іріткі жатыр. Сен «ел емессің» деген сөз жатыр. Ел еместің арғы жағында десе, оның арғы жағында ел қылмауға тырысу деген нәрселер де бар. Оны көмкерудің, әдіптің астында жатқан көп дүниелер бар. Біз осы уақытқа шейін, мінеки, анау кеден дейміз. Кеден деген көп, оның ішінде біреудің әлгі бір түкке тұрмайтын колбасасын өткізбейміз, біреудің түкке тұрмайтын консервасын өткізбейміз деп соған дал болып жатырмыз, ал бірақ ең қиын нәрсе, ең бір залалды, зиянды нәрсе – мынаған деген ешқандай тосқауыл жоқ. Түбі үкімет тарапынан бұған бір шектеу болмаса болмайды, өйткені бұл экспансия деген нәрсенің өзі информация болып, тіпті басып бара жатыр.

Бейбіт Құсанбек: Бала кезіңізде жазушы боламын деп армандадыңыз ба?

Қалихан Ысқақ: Бала кезімде жазушы боламын деп армандағаным жоқ, бірақ бала кезімде бір нәрсе болды, мен Айнау апайым сол «халық жауы» боп түрмеге айдалып кеткен уақытында үйдің іргесіне киізге орап Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің шығармаларын көміп кеткен екен. Сонда жаңағы киіздің арасынан тауып алып мен титтей бала кезімде, төртінші класс оқып жүрген кезде Бейімбеттің шығармаларын, соның ішінде есімде қалғаны «Шұғаның белгісі» болатын. Соны оқып шыққаннан кейін ойлаушы едім: «Әй, ертең адам болсам, өссем, мен де Алматыға жетермін, со кезде Бейімбетті де көретін шығармын», – деуші едім. 1956 жылы студенттік кезімде Бейімбет ақталып, бірақ осындай лагерьде Бейімбет қайтыс болған дегенді естігенде, өзім қатты қапаландым да, осы бір сәт менің қолыма қалам ұстауға себепкер болды. Қалам ұстадым да, сосын кейін енді қалам ұстағанда жаза берген дүниенің барлығы ол шығарма емес, көркем дүние емес. Бірақ алдымда Бейімбет жатқаннан кейін, көкейімде Бейімбет отырғаннан кейін жаман жазуға өзім ұялдым. Бір жағынан, қалам ұстауға Бейімбет жағы түрткі болса, екінші жағынан, ол маған ориентир сияқты боп көрінді.

Бейбіт Құсанбек: Сіздің «Қоңыр күз» повесіңіз жалпы өмірбаяндық дүние ғой деп топшылаймын енді. Сондағы бас кейіпкер анау Қасым «Шұғаның белгісін» оқығанда ВККП тарихы кітабының мұқабасының ішіне салынған болады ғой. Бұл енді өмірдегі анандай шындықты сіздің жазушы қиялыңыздан туған нәрсе ме, қосқаныңыз ба?

Қалихан Ысқақ: Осының ішіндегі болған нәрсе – жаңағы Бейімбеттің шығармасы мен ВККП тарихы. Расында да, сол Бейімбеттің бүкіл шығармаларын анау латын әрпімен терілген ВККП тарихы дегеннің ішіне, алды – тарих, арты – ВККП тарихы, ортасында Бейімбеттің шығарылымдарының бәрін желімдеп тығып тастаған екен. Сол бір өмірден алынған нәрсе. Бірақ өзім интернатта өстім дағы, сол кездегі көрген нәрселерімнің барлығы, соның ішінде, сол шығарманың ішіне көрген нәрсеңді ғана жазасың ғой. Көрген нәрсемді сонда жаздым, бірақ ол менің тікелей өзімнің өмірбаяным деп айта алмаймын.

Бейбіт Құсанбек: Әкім Тарази айтады: «Жазушы болу үшін жақсы өмірбаян керек және талант керек» деп. Сонда сіздің мынау енді талант Құдайдан келетін нәрсе болса керек, сонда мына өміріңіздің, жалпы тағдырыңыздың қандай белестері, қандай бұраң- бұралғылары сізді жазушы етті деп ойлайсыз ба?

Қалихан Ысқақ: 1960 жылы әдебиетке келген менің замандастарымның жалпы аты жетімдер әулеті еді, өзімізге жетімдер әулеті деген ат қойғанбыз. Сол қазір біздің қазақ әдебиетін байқап отырсаң, мен ол өз қара басымды мақтанғаным емес, мақтаныш тұтатын нәрсем сол 1960 жылы әдебиетке келген жігіттердің барлығы да әдебиетке даяр келген сияқты боп көрінеді. Жетімдер әулеті дейтұғын себебіміз не? Жетімдер әулеті дейтұғын, расында да кіл жетімдер болатын. Біреуінің әкесі сонау 37 жылы халық жауы боп кеткендер, одан кейінгісі Отан соғысында қаза тапқандар. Содан қалған кіл жетімдер осы Алматыға жиналып оқуға түстік. Сол жетімдер әулетінің барлығына ортақ бір-ақ өмірбаян бар. Сол жетімдер әулеті мынау Сайын, Рамазан, Жұмекен, Әкім, Әбіш, содан кейін енді тағы толып жатыр. Соның ішінде жаңағы Қабдеш те сол біздің қатарымызда. Сол жетімдер әулетіне қосылатын мынау бізден сәл бір-екі жас үлкендігі бар Шерхан Мұртаза, одан кейін интернаттан, оқыған да шығарсың, осы топ өзі едәуір топ, кешегі қайтыс боп кеткен Әнуарбек Дүйсенбеев, Шәміл Мұхаммеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Оспанхан Әубәкіровтың өз әкесі атылып кеткен 37 жылы, Сағи Жиенбаев, оның барлығын санап тауысу қиын енді, осындай-осындай азаматтар, Мұқағали: «Біздер жетімдерміз, жетімдерміз, өстіп жүріп, бір күні жетілерміз» деген. Мінеки, осындай жетімдер әулетінің барлығына ортақ бір өмірбаян бар және осы менің замандастарымның әдебиетке келуіндегі кәдімгі мына табандылық, дайындығы, барлығы өз алдына, содан кейін көргені, оқығаны, әсіресе тоқығаны көп. Баяғыда Әбіштің шешесі айтып еді бір ағамызға: «Алматыға бір-бір жетімнің қолынан ұстап келген жесірлер едік, менің балаларыма да, басқаларына да тіл тигізбей отыр» деп біреуге жекіп тастағантұғын. Сол жетімдердің әдебиетке әкелген жаңалығы да басқаларға қарағанда ерекшеленіп тұратын себебі, сол жаңағы өмірбаянына байланысты, ол рас нәрсе.

Бейбіт Құсанбек: Жалпы өмірдің мәні неде деп ойлайсыз?

Қалихан Ысқақ: Өмірдің мәні өкінбей өтуде ғой, артыңда арманыңның қалмағаны, ал адам өле-өлгенше, ғұмыры таусылғанша армансыз болмайсың, арманның бәрі орындала бермес, бірақ соның ішінде өкініш болмағаны жақсы ғой.

Хабардың мәтінін қағазға түсірген Бейбарыс Бейбітұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар