(Үштаған- интерпретация)
Құлшылық пен тіршілік
Рәбия жесірдің екі ұлы бар. Үлкені - базардың жүкшісі, кішісі -медресенің тәлібі. Өзі оң аяқтың тізеден төменгі тұсы жансызданып, балдақтың көмегінсіз жүре де алмайды. Күн ұзаққа ермегі әрі күнкөрісі көше бойында отырып қайыр сұрау...
Зәбірдің ес білгелі ұйқысы қанып көрмепті. Таң рауандап ата бере шөңкедегі суық сүтті шала ұрттап, базар дарбазасын ашуға жүгіреді. Күні бойғы міндеті - саудагердің қабын тасып беріп, жеткізіп салу. Қас қарая тараған базардың шашылған қоқысын жинап, су сеуіп сыпыру да мұның мойнында. Сосын, үйіне асығады. Алакөлеңке бөлмеде інісі намазын оқып, анасы балауыз шамның жарығына қарап отырады. Күндегі сурет - осы. Зәбір жылдам су жылытып, анасының мүйізденіп кеткен аяғындағы шаң мен кірді легенге езіп жуды да, құрғақ матаға орап қойды. Қазандағы ас қалдығын қырып тазалап, ертеңгі ішетін сүтті пісіріп болғанша, қараңғылық қоюланып ұйқыға құлай кеткенін сезбей де қалған...
Қадыл құлшылығын қаза қылған емес. Медресседе үйренген ілімін ұстазы үнемі өзгелерге үлгі қылып айтып отырады. Дауыс мәнері де жағымды. Енді бірер мезетте мешіттің мәзіні болмақшы.
- Е, Жаратушым, жарылқай гөр, қылған құлшылығымды өзің қабыл ет, дейді ол әдеттегі кифаясын оқып болған сайын. Өзінің уақыты аздығы себепті үй шаруасына қолғабыс етуіне мұршасы да бола бермейді. Әрі бұл лашықтың шаруасы ағасынан артылып та көрген жоқ.
«Ағаңның тілегін қабыл еттім...»
Қалың ұйқыдан селк етіп оянған Қадылдың құлағында осы дауыс жаңғырып тұрып алды.
- О, құдіретті күшті Жаратушым, ағамның тілегін қабыл еттіңіз бе? Ол дұға етті ме? Ол намаз да оқымап еді... Бұл қалай? Мен парызымды қаза қылмай, жатсамда тұрсам да өзіңнен медет тіледім ғой, Мейірім иесі? Менің тілегім жетпеді ме дәргейіңе?
«Уа, Пендем...», қараңғы мен жарықтың арасынан шыққандай бір дауыс тағы естілді.
- Сен, рас, парызыңды қаза еткен жоқсың. Ал ағаң құлшылық етуге уақыт таппады. Сенің мұрсатың дұға тілеуге жетті. Ол тіршіліктен артылған сәтін аналарыңның қамын жасауға арнады. Мен адамдардың құлшылығына зәру емес едім, анаң балаларының жәрдеміне мұқтаж тұғын. Мені әділ емес деуге дәтің жете ме, Пендем?, - деді дауыс иесі...
Ағаш пен Балта
Ауыл іргесіндегі тоғайда қадау Қарағай, топ Қайың, сырық Терек, жалбыр Қарағаш қатар өсетін-тұғын. Бір құтсыз қыста шана сүйреткен мұжық тоғайға келе қалды. Белінде жүзі қылпыған балта бар екен. Әлгі адам баласы ағаштарға кезекпен балта сілтеп, отын дайындауға кірісті. Әуелгіде балтаның әуенге бергісіз шыңылына елтіп, үнсіз мүлгитін ағаштар, күн өте келе қатары сиреп жатқанын көрді. «Қой, болмас, мынау балта жерде тірі ағаш қалдырмай бара жатыр. Мұны Жаратушыға жеткізейін», - деді қорқыныштан дір-дір қаққан Қарағай.
- О, Құдай, бізді ағаш етіп жараттың. Сая болсын дедің. Датымыз бар. Өзің дәргейіңде қарамасаң, мына темір балта жолындағыны жаппай сұлатып, ақыры ағаш қалдырмайтын түрі бар...
«Әй, сұңқылдамашы!» - деп күркіреп жіберді сонда Құдай Қарағайдың зарын аяқтатпай:
- Ол балтаның зады темір болғанымен, сабы ағаштан емес пе? Менің әділдігіме күмәнің қалды ма енді?- деді және...
Қошқар мен Теке
Қошқар мен Текені шал мен кемпір сойып жеп қойды. Махшар таңы алдында екеуі о дүниеде жолықты. Қошқар тозақта терлеп-тепшіп жүрсе, Теке жұмақта жатыр екен. Аңырған Қошқар Құдайға арызданып: «Мен үнемі әлсізді қорғап, әділ болдым ғой. Неге менің орыным жұмақта емес?» - деп сұрады.
Сонда Жаратушы: «Мақұлығым-ай, датың орынды. Амал дәптерің де оң екен. Бірақ, сен қожайының соймақ болып аяғыңды буғанда: «Мә-ә-ә, қазір сауырымның қытығы қанатын болды», - деп көзіңді жұмып жата бердің ғой. Осы қылығыңнан жұмақ қақпасына жарты қадам жетпей қалдың. Ал Теке сирағынан ұстағаннан бастап бақырып, қарсыласып бақты. Байғұсты өмірді сонша қорғап, сүйгені үшін жұмаққа жібердім. Менің әділдігіме шек келесің бе, ал?» - депті...
Суреттер ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.