Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

04.06.2024 1077

ҚАРА СӨЗДІҢ ҚҰДІРЕТІ 14+

ҚАРА  СӨЗДІҢ  ҚҰДІРЕТІ - adebiportal.kz

Ерболат Баятұлының «ДОС (Дүние. Ой. Сөз)» кітабы хақында аз ғана  ой-толғам…

Қазіргі қазақ руханиятының небір зіл батпан жүгін шама-шарқынша нық та қайыспай, құмбыл да келісті көтеріп жүргендердің қуатты бір буынын, сөз жоқ, пайғамбар жасына абыроймен көтерілгендер немесе соларға не өкшелес; не жетеқабыл; не еншілес; не тетелес тұлғалар легі құрайды. Бұлардың баршасы қазір ел-жұрттың көз алдында. Алдының өзі шығармашылық есептерін де бере бастады. Міне, осынау шоғырдың қадау бір өкілі – емен ұстыны, асыл бір дарасы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы, педагог-ұстаз, әдебиетші ғалым, философия докторы Ерболат Баятұлы екендігіне еш дау жоқ.

Иә, Ерболат Баятұлы, сөз жоқ, ақын-жазушы!

Иә, Ерболат Баятұлы, сөз жоқ, педагог-ұстаз!

Иә, Ерболат Баятұлы, әрине, әдебиетші ғалым әрі қарымды көсемсөзші!

Иә, бұл Ерболат Баятұлы үшін әрқашан айтылуға тиіс лайық әрі тиесілі нота, соны әрқашан бар дауыспен нұрын тасытып, айдынын асырып, абыройын айрықша әспеттеп келетініміз және шындық. Ерболат Баяттың есімі мен кітаптары әдеби жұртшылық пен қалың оқырманнан қағыс қалмағанын және білеміз. Бұған оның соңғы жиырма жылдың беделінде халқына ұсынған «Түсіме тау кіреді», «Уақыт белдеуі», «Уақыт бедері», «Уақыт шеңбері» атты жыр жинақтары, «Жұмақ әуені», «Арда туған ақиық» атты прозалық кітаптары және «Түркі, моңғол эпостарының сюжеттер типологиясының кейбір мәселелері», «Қазақ фольклортануының тарихы: XVIII–XXI ғасырдың басы», «Қазақ эпосы әлемдік эпостанудың контексінде» атты моно және ұжымдық ғылыми-зерттеу монографияларды айтар едік. Ал бұл кітаптарда негізінен оның поэзия, проза, драматургияға, қазақ әдебиеттану ғылымына, фольклортануға, тарихқа, философияға, өнерге, педагогикаға, мәдениеттануға келу, өсу, толысу, орнығу, төселу, кемелдену тәрізді заңды кезеңдерден сүрінбей, шалдықпай, шабысынан жаңылмай заңды өтуі тайға таңба басқандай сайрап тұр. Сондықтан шығар, мұның баршасы ең алдымен әдебиет пен өнерге, білім мен ғылымға, тарих пен мәдениетке қала берді біздерге, түптің түбінде өзіне абырой болды ғой. Бұл тұрғыда, сол кітаптардағы әралуан мәселелермен қайтадан жүздесе қалсақ, сөз жоқ, көзің талай-талай нәрселерге жетеді. Осы орайда, сол кітаптардағы әралуан көкейкесті проблемалармен қайтадан сырласып көрсең, сөз жоқ, көкірегің талай-талай нәрселерге қаныға түседі. Иә, Ерболат Баятұлының аты аталып, еңбектері түстелген тұста менің көз алдыма: бүкіл шығармашылық жолында өзі алуға тиіс биік мұраттарды, асқар асуларды өзіндік сырбаз, өзіндік сабаз қалпындағы суреткерлік болмыс көрсетіп келе жатқан азамат бар тұлғасымен тұра қалады. Ал оның мұншама ірі планда әрі соған соншама лайық қалпында тұра қалатын дара болмысы, меніңше, әдебиетші еңбектеріндегі қорғансыз жүректердің бірде әралуан нұрға, бірде әралуан шерге шомып-батып, батып-шомып тіршілік толқынындағыдай қаз-қалпында жүргендігінен шығар. Бәлкім, менің көз алдыма, оның мұншама ірі планда, әрі соған соншама лайық қалпында тұра қалатын сындарлы да сарабдал суреткерлігінің жаратылысы мен құпиясынан шығар. Шығар-ау емес, шынтуайты сол ғой. Ал оны, меніңше бір сөзбен түйіп айтсақ, Ерболат Баяттың шебер қаламын қапысыз танытатын еңбектерінің әрқашан әрқилы сүйіспеншілік пен әрқилы көнбістікке, әрқашан әрқилы суысулар мен әрқилы жылуарлықтың өзара кереғарлығына, мейірім шапағаттарына құрылатындығында болса керек. Сондықтан шығар, Ерболат Баятұлының қарымды қаламгерлік, салиқалы да дегдар зерттеушілік қырын түйіп айтар болсақ, онда оның бірталай дүниелері ұдайы дидактика, қазақ руханияты құдіретіне – квант генераторына, мәңгілік тіршілік талқысына – тағдырлар геммасына құрылатын әрі қарапайым, әрі жұмбақ иірімдерінде жатса керек. Әлқисса, жазушының баспа сиясы кеуіп үлгермеген су жаңа «ДОС (Дүние. Ой. Сөз)» кітабына егжей-тегжейлі тоқталып, соны нақтылы сөз етіп көрейік. Шынайы творчество адамының болмыс көрігінен жаралған көркем туынды немесе жаңа кітап халықтың қолына тиген соң, өз оқырманын қандай ой-сезімдердің шуағына, арман-қиялдардың сәулесіне, асқақ та шұғылалы мұраттар әлеміне қарай жетелейді? Адамдардың өзін-өзі әлеуметтік-рухани тұрғыдан жетілдіре түсетін құралдар қазынасын несімен толықтырады? Ал сол оқырман халық көркем туындыдан немесе жаңа кітаптан, асылы, қандай көркемдік эстетикалық нәр-құнар, ләззат тапты – деген өзегі ортақ, өрімі көп мәңгілік сауалдардан әдебиет те, автор да, көркем сын да, оқырман халық та ешқашан бейтарап қалған емес. Бәріміз жоғарыдағы сұрақтарға кейде бірлесіп, кейде жекелей сарсылып жүріп іздейтін жауаптарымыз болады. Оның өзі бірде жалпылама ортақ шығып немесе бірде белгілі бір тұрғыдан ғана қарастыратын, қамтитын дара жауаптар дәрежесінде болып жататыны және рас. Қайткен күнде де айналып табар түп қазығымыз біреу болғандықтан мүдделеріміздің де көбіне тоғысып жататындығы осыдан. Сондықтан шығар, жазушы Е.Баятұлының «Көкшетау» баспасынан шыққан «ДОС (Дүние. Ой. Сөз)» атты әр жылдары жазылған әңгімелері мен новеллалары, сентенциялары мен афоризмдері, әдеби-танымдық ой-толғаулары топтастырылған жинағын оқығанда, болмыс бітімі, философиялық бағыты авторының бір өзіне ғана тән көркемдік әлемінің айдынында желкенді қайықпен сапар шеккендей болдық. Ал мұның нәтижесін бір ауыз сөзбен айтсақ: «айтылған сөз бен сөзден туындаған ой сәулесінің дүниесі» тәрізді тың, жаңа форматтағы көркем-публицистикалық, деректі беллетристикалық, тіпті нон-фикшэндік стиль үлгісіндегі этно-педагогикалық, мифопоэтикалық жинақтың біртұтастығы, бедер-бітімі, алабөтен ерекшелігі төмендегідей. Біріншіден, біреуге еліктемеген, біреуге солықтамаған немесе дәстүр мен жаңашылдықтан тыс, аспаннан аяғы дік етіп түскен суреткер, я ғалым болған емес. Мұндай мектептен, өнер мен өмірдің заңынан, қатал тәжірибесінен Е.Баят та өткен. Ол ұлттық төл әдебиетіміздің тұма бастауынан, қайнар бұлағынан – ауыз әдебиетінің теңдессіз үлгілерінен күні бүгінге дейін арнасынан – профессионалдық парасатынан мол нәр алған. Жоғарыда аталған еңбектерінің бірталайы осының дәлелі. Бұған фольклортану, тарихнама, тарихи шежіре, этнография, саясаттану, мәдениеттану, әлеуметтану мен әлем әдебиетінің жауһар туындыларының тәлімінен бірсылырғы әрі бірқыдыру өткенін және қосыңыз. Екіншіден, қоғамымыздың әр кезеңіндегі руханиятын зерттеп-зерделеуде, аса өзекті мәселелерді мәдени контексте қарастыруда, тарих, мәдениет, әдебиет, әлеумет турасындағы орнықты ой-пікірлері арқылы шығармашылығы біртұтастандырылған ой зергектігі мен зиялылығы Ерболат Баятұлын жан-жақты ізденімпаздылығымен танытып келеді. Үшіншіден, уақыттың эстетикалық кеңістіктегі қатаң талабы ақын-жазушыларымыздан, ғалым зерттеушілерімізден сәтті тың ізденістерді талап етіп жатқанға ұқсайды. Жиырма бірінші ғасырға иек артқан тұста қарапайым жазылған көркем, публицистикалық, ғылыми дүниелердің бәрі қабылдана бере ме деген сауал қоюға мәжбүр болып отырмыз. Қаламы қатайып кеткен егде қаламгерлердің өздері де осынау үрдістің шаңына ілесу қамында. Соның бір куәсі жоғарыда тілімзге тиек еткен автордың «ДОС (Дүние. Ой. Сөз)» еңбегінің мазмұндық белгілері. Кітаптың мазмұнын құраған «Дүние», «Ой», «Сөз» атты бөлімдерде көтерілген көркемдік ізденістер, күрделі мәселелер, терең пайымдаулар заманауи көркем ойдың өзгерістеріне ілесе білген көкіректен ақ жарылған шынайылығымен, халық мүддесін білдірген азаматтық батыл позициясымен, философиялық ойлылығымен ерекшеленеді. Әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамы қыспақты-қысылтаяңды кезеңмен тұстас келіп, іздену, көркемдік биіктікті бағындыру жолдары да жеңіл бола қоймаған қаламгер атаулының қандай қиямет ой кешуінен, шығармашылық шиырлы соқпақтардан өткенін түсіне білген абзал. Бұл жайт Ерболат Баяттың шығармашылық өмірбаянына да етене жағдай. Әр қаламгер әдебиетке өзіндік ерекшелігімен келеді. Ол ерекшеліктер – негізінен, тақырып сонылығына, характер жасау, образ сомдау даралығына, ақиқат өмірді шынайы тани білуіне, қаламгер қолтаңбасының саралығына саяды. Әр жазушының болмыс-бітімі, қаламгерлік стилі, суреткерлік шеберлігі өзара ұқсас тақырыптардың өзінде бірін-бірі қайталаудан сақтайды. Қоғамда болып жатқан оқиғалардың баршасы жазушы жүрегі арқылы өтеді десек, Ерболат Баятұлы – көркем сөздегі алғашқы қадамынан бастап бүкіл шығармашылық ғұмырында өмірлік шындықты тұғырнама етіп алған, сол ақиқатқа барлық шығармасында адал болып қалған қаламгер. Қауырсын қалам алып, әдебиет әлеміне алғаш араласқан сәттен бастап-ақ, өзіне қатаң талап қойған қалам иесінің туындылары ойлы, іштей қайнайтындай иірімді, жинақы, шымыр шығып, оқырманын ұдайы баурап келеді. «Бальзактың соңғы махаббаты», «Қаған мен Хазірет», «Кері кеткен», «Әлкенбайдың әңгімесі», «Жат келін», «Әйел жаны», «Жеріну», «Әжімсіз жүрек», «Жұмақ әуен», «Кеуек», «Құланның ақыры», «Моника», «Акация гүлі немесе басы жоқ адам...», «Соңғы дем», «Мешін жылы» атты шағын шығармаларында жазушы оқып-білгендерін, өмірден түйгендерін жинақтауға ұмтылған. Бұл туындылардың бәріне тән бір ерекшелік – жазушы сомдаған кейіпкерлердің антипатиялық әрі симпатиялық ситуацияларда көрінуі, мінез-құлқы анықталатын перипетиялық көріністерде әрекет етуі, психологиялық жағынан ашылуы. Бұл тұста қаламгер кейіпкерлерінің кескін-келбетін айқынырақ таныту үшін конфликт тартыстан гөрі драмалық коллизияға көбірек жүгінеді. Бұлар жазушы шығармашлығының өне бойын көктей өтіп жатқан айқын белгілер болса, оның тың тақырыптарға баруы, таныс-бейтаныс қоғам сырын толғауы, оның ішкі қайшылықтарына үңілуі, сөйтіп оқырманның көз алдына екі өмір суретін әкелуі, өзара салыстыруға мүмкіндік туғызуы шеберлікті қажет ететін өнер. Қаламгердің мазмұн мен форма, тақырып пен идея, сюжет және образ жасаудың түрлі поэтикалық амал-тәсілдерін жақсы меңгергені көркем туындыларын оқыған жанға бірден байқалады. Бір есептен бұл дұрыс та, өйткені өмір шындығын ашу – көркем образдың негізгі тамыры. Белгілі ғалым Т.Ақшолақовтың: «Жазушы өмірді бейнелі браздар арқылы мүсіндейтіні белгілі. Ал образда жалқылық та, даралық та сипат бар. Образ бойында объективтілік те, субъективтілік қасиет бар. Сондықтан өнердегі образдың екі жағын бірлікте алып қарағанда, біз сол образ арқылы өмір шындығын аша аламыз», – деуі осыдан. Осы тұрғыдан зер салар болсақ, өзіндік стилін қалыптастырған қаламгер Е.Баятұлының шығаршылық қоржынындағы жоғарыда аталған шоқтығы биік әңгіме, новеллаларының бірегейлері «Бальзактың соңғы махаббаты», «Әжімсіз жүрек», «Соңғы дем» шығармаларындағы Оноре де Бальзак пен Эвелина Ганская, Иоганн Вольфганг Гете мен Ульрика, Людвиг ван Бетховен мен Элиза өмірдегі шынайы қалпымен, қарама-қайшылығымен, қателік-кемшіліктерімен, сүйініш-күйініштерімен, аңсар-армандарымен шынайы алына отырып, олардың сыртқы бейнесі мен ішкі рухани әлемі өзара тұтастықта, шыншылдықпен көрініс табады. Сол кезеңдердің шынайы көріністері осы миниатюраларда қаламгер шығармашылық шеберлікпен бейнелеп, бере алған. Әлемдік ой тарихында айрықша орыны бар тұлғалардың бірі Андре Моруа ойшылдар жайында ой толғай келе: «Трудно придумывать фразы, этим объясняется успех философов», – деген пікір айтады. Моруаның бұл пікір пайымы шығармашылық тұлғалардың қай-қайсысына да, оның ішінде қаламгер еңбегіне тікелей қатысты. Шындығында да, жазушылық ізденісінде өзіндік концепциясы болмаған, әр шығармасында оқырманына ой салмаған, ойландырмаған жазушының әрекеті – шығармашылық емес, нәрсіз-мәнсіз құрғақ баяндау, жадағай жазғыштық, жалаң сөзуарлық болмақ. Ерболат Баятұлы шығармашылық бағыт-бағдары айқын, көркемдік әлемі алабөтен теңдесі жоқ ерекше дарын иесі. Жазушы поэтикасы уақыттың арзанқол, кезеңдік талаптарына бой ұрмай, мәңгілік тақырып, мәңгілік проблемаларды көтеруімен құнды. Жазушы қаламынан туған «Бөрісырғақ», «Бақберген нағашым», «Баяғыда», «Ғалия», «Кек», «Дүние кезек», «Ірің көз», «Жусанның тегі», «Батагөй», т.б. әңгімелер шоғыры моральдық-адамгершілік, этикалық мәселелерді көтеруімен ғана емес, сюжеттік канондарды, характерлерді сомдау тәсілдерін қолдану жағынан да соны сипат танытты. Бұлардың қай қайсысы да қазақтың өмір-тіршілігін әр қырынан көркемдеп, көрсете білуімен бірге адамның жан дүниесіндегі күрделі құбылыстарды таным тереңдігі тұрғысынан ашуды көздейді. Көзқарас жітілігі, ой сергектігі, қиял ұшқырлығы, бір сөзбен айтқанда осы бағыттағы көркемдік ізденістер жазушы әңгімелерін толымды етіп көрсете білген. Әсіресе, көркемдік қуаты жағынан «Құланның ақыры» әңгімесінің орны бөлек. Мұнда қазақты қынадай қырған сұрқия кеңес саясаттың үскірік-ызғарын авторлық баяндаумен бермей, көркемдік компоненттердің бірі естелік монолог арқылы кейіпкерлердің аузына салу көп ретте сәтті шығатынын қаламгер ішкі түйсігімен сезіне алған. Шығарманың кейіпкері – ХХ ғасырдың отызыншы жылдары орын алған ауыр нәубеттің құрбаны әйгілі Сәкен Сейфуллин. Жалпы, осы шығармаларда адам баласының рухани құбылысы, әсіресе қазақ ұлтына тән жекелеген мінез-құлықтар, психологиялық шиеленістер арқылы айқын көрініс тауып отырады. «Метаморфоза» әңгімесінде екіжүзділік, опасыздық, сатқындық мәселесі көтерілсе, «Ғалияда» Ғалия әнінің тағдыр талайы жөнінде ой толғаса, «Жұмақ әуені» әңгімесінде адам мен қоғам арасындағы кейбір үйлесімсіз жағдайлардан өнер адамдарының зардап шегетінін жекелеген эпизодтық көріністер арқылы бейнелеп жеткізуді мақсат етеді. Жалпы, осы тұста айта кететін нәрсе – Ерболат Баятұлы әңгіме жанрында қалам тербеп, оның көркемдік қырларын шеберлікпен игере алғандығы. Айтар ойының айшықтығымен, теңіздей телегей мән-мазмұнымен, ішіне бүккен құпия-сырымен һәм самалдай ескен жаңашылдығымен ерекшеленетін бұл туындылар оқырман қауымның таным-түсінігі мен ой-өрісін өсіріп, көңіл көкжиегін кеңейте түсері анық. Автордың ұтып тұрған жері – замана шындығын ашып айтуға болмайтын ой-толғамдарды түрлі көркемдік әдіс-тәсілмен ишаралап, меңзеп ұсына білгендігі. Көріп-білгені, көңілге түйгені көп қаламгердің өмір философиясы туралы өз ұйғарымын қалың қауым оқырманмен бөлісуді құп көреді, әрі шығармашылықтың басты міндеті санайды. Кейінгі жинаққа енген әңгіме, повестерін талдап нақтылағанда байқалатын нәрсе – ол қаламгердің аңыздық желі, мифтік сюжеттерді өзінің шығармашылық мақсат-мұратына қарай бүгінгі өмірмен байланыстырып, шынайы бейнелей алғандығында жатса керек. Қаламгер әңгімелерінде басқаша реңмен көрініп, өзгеше тұрпатта танылады. Көне заманнан тамыр тартар аңыз, мифтер тек оқиғасының қызықтылығы, тартымдылығымен ғана емес, оқырманды әр алуан ойларға меңзейтін әлеуметтік – сезім сазымен де көңіл аудартады. Жазушының бұл шығармашылық ерекшелігі, «Қаған мен Хазірет», «Ұзақ сарын», «Бөрісырғақ», «Құзғын» сияқты әңгіме-новелалларынан жақсы байқалады. Осы әңгімелерінде жазушы мифтік сюжет, аңыздық желі арқылы туған жерді қастерлеу, табиғат ананы аялау, ата-баба дәстүрін ұстану, т.б. бүгінгі күні ұлтты ойландырып, толғандырып отырған өзекті мәселеге көңіл аудартып қоймайды, сонымен бірге оны шешудің оңтайлы жолын көлденең тартады. Мифтік, аңыздық сюжеттердің қаламгер әңгімелерінде дамуы, өрістеуі шартты түрде. Осы шарттылық көлемінің өзінде-ақ қаламгер жалпы қазақтың проблемаларын қозғап, келер ұрпақ үшін өнегелік, ғибрат боларлық маңызды жақтарына көңіл аударады. Ерболат Баятұлы, соңғы жылдары орыс әдебиетінде жақсы дамыған «Размышлизмы», «Измышлизмы», «Мысли вслух» тәрізді қысқа да нұсқа жанрды тереңінен меңгеріп, өзі де әр алуан этюдтер циклын жазуға көбірек ден қойып жүр. Сәт сайын сапырылысқан қат-қабат қарбалас өмірдің қарқынды ағысына ілесудің оңтайлы тәсілін тапқандай. Көңіліңді неше түрлі күйге түсіретін күйінішті, сүйінішті жайлар, мінездер, оқиғалар... Және ол Ерағадай хас шебердің қаламынан құйылып шықса, қай оқушыны бей-жай қалдырсын. Жазушы кітабының «Ой» бөлімінде «ой сәуле» атты философиялық тіркестері замана тынысы, қоғам мен адам мінезіндегі құбылыстар, қазіргі көңіл-күй сарындары тосын қырларынан бейнеленіп, әсерлі көрініс тапқан. Публицистің уытты тілі мен ұшқыр қиялы сананы сергітеді. «Дос жылатып айтады» деген тәмсілден туындаған ғибрат сөздер әр қазақтың жанын сақтап қалсам деп аласұрады. Ызалы күлкі, улы тіл, селебе сатира марғау сананы жарақаттайды, жаралы жанды емдейді. Бұл ретте, әлеуметтік-қоғамдық үстемдіктердің әр алуан жүйесі бойынша ет пен сүйекке сіңіп кеткен небір кіріптарлықтар шорынан, құлақкесті мәңгүрттік, дүбәралық психологияның небір инфекциялары мен вирустарынан арыла отырып, бар дауыспен жалпақ жұртқа: «Көзі – күлмің, сөзі – сырдаң, ойы – жылмаң! Осындай қулық сауған, пайда қуған пысықайлар көбейіп кетті. Маған солай көрінгенімен, анау замандарда да көп болған сияқты», немесе, «Жастайынан жағымпаздыққа жанын сатқан адамнан тұлға шықпайды. Расында дәл біздің билікке тұлға керек емес. Айдағанға жүретін, айтақтанғанға үретіндер керек», не болмасы, «Адам, адамды тани алмай келе жатқанда құдайды қайдан танып, білсін». Кітаптың «Ой сәуле» бөліміндегі сіз бен біз тыныстап отырған дәуірдің шытырман бедері барынша шынайы әдіптелген. Автордың қырағы жанары ешнәрсені қалт жібермей кез келген құбылысқа сергек үн қатады, иәки уақыттың жүрек лүпілін тамыршыдай дөп басады. Саяси-әлеуметтік, рухани болмысымыздағы елеулі оқиғалардың бәрі-бәрі боямасыз көрініс тапқан. Қайшылыққа толы уақыт бейнесі көз алдыңнан көшіп жатқандай өзіңе де таныс кейбір жайлар жадыңда жаңғырып, өткенмен қайта табысқандай боласың. Парасатты пайымға түсіретін қызықты кітап соңғы парағы жабылғанша иіріміне тартып еліктіріп отырады. Әр сөз, әрбір сурет бірімен бірі жалғасып, бірін бірі толықтырып бас-аяғы бүтін дүниеге ұласқан. Балталасаң бөлінбес тұтастық. Кітаптағы басты тұлға – авторлық «Мені». Бүкіл оқиғалар, мінездер мен әрекеттер соның көзімен көрініп, соның ой-тұжырымымен өріледі. Өкініш-күйініші, «әй, қашан адам, ел болар екенбіз» дегендей назалы көңілмен алаңдауы Абайдың жаралы жүрегімен үндесіп жатқандай. Мысал ретінде тиіп-қашты мына үзінділерге көз жүгіртіп көрелікші: «Өлермеңдік – өңеш созу, өз ұпайын түгендеп қалу. Ондайлардың өзгеге қайыры аз болады»; «Үміті ақталмаған, сенімі желге ұшқан халық – ең сорлы халық»; «Ұры-қары көбейген елде қарақшылардың, баскесерлердің болуы заңды. Екеуінің жатыры бір. Кіндіктері озбырлыққа байланған»; «Елді есалаң қылам десең арзан күлкімен алдап, дүмше молламен қорқытып отыр»; «Ақылың қулыққа қарай бейімделсе, ойың сұмдыққа қарай жүгірер»; «Тек Құдаймен қорқыту синдромы – бүгінгі дін мен саясаттың құралына айналды. Маған мейірімді Құдай керек!»; «Қазақтың өзі сенбей тұрған нәрсеге өзгені сендіргісі келетіні қызық. Қазақтың намысына тигің келсе руын жаманда. Қазақты қуантқың келсе баласын мақта»; «Қазақтың ең тыныш отырғаны бір кебісті бір кебіске сұғып отырады, – депті бұрынғылар. Қышынып, ұрыншақтанып отыратын қазақ әлі де жетіп артылады»; «Әзәзіл деп жүргеніміз Құдайдың назасына қалған, топ ортадан қуылған теке. Торада солай депті. Трагедияның ерхетипі осы. Оны – трагос деген. Ежелгі гректерде де солай. Қысқасы құдайдың қаһарына ұшырау», т.с.с. Міне, жоғарыдағы пікірлеріміздің дәлелін осы іспеттес сөз маржандарынан толық аңғаруға, көруге болады. Өйткені, бұл бөлімнің сүйегі осындай шоқтығы биік шымыр да алымды, салиқалы афоризмдерден тұрады. Тұғыры биік азаматтық позиция, қарымды суреткерлік, бүкпесіз, риясыз турашылдық – осының бәрі автор болмысын асқақтата түседі. Бұл арада, әркім әрқалай оқып көрсін дейік. Өйткені, жоғарыдағы мысалдарды ежіктеп жатудың, тәптіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық. Басы ашық нәрсе, сөздердің салмағы, дәйек-дерегі, шыншылдық сымбаты – тайға таңба басқандай емес пе? Барлық кілтипан, өзінің әдебиетшілік, ұстаздық қалыптасу жолында Ерболат Баятұлының болашақ суреткерлік болмысын дұрыс тапқанында. Бұған оның әдебиетке, тарихқа, өнерге қажетті өмірбаяндық қоржынмен, қарапайым дайындықпен, «сабыр түбі – сары алтынды» – мықтап ұстанған, өзіне-өзі қатал талаппен келгендігін қосыңыз. Сондықтан шығар, «ДОС» кітабына қажетті де басты әлеуметтік кодтарды, көркемдік шифрларды, мол тарихи-этнографиялық деректерді мақсат-мұратқа, мазмұнға, формаға лайық шақтап жымдастыруды, әдіп-тігістерін, кескін-пішімін өзара етене ұластырып жіберуді тәп-тәуір меңгерген деуімізге әбден болады. Меніңше, автор кітабын дәуір контексінсіз, ал дәуір контексін жазушы еңбегінсіз толық қарастыру мүмкін емес. Мәселен, жоғарыдағы мысалдардың өзінен-ақ, уақыт пен заман тынысындағы әралуан атрибуттардың өмірге, ал кітап мазмұнының күнделікті тіршілігіміздің қажет әрі бөлінбес атрибуттарына айналып кеткендігіне көз жеткізу оңай. Сондықтан болар, кітаптың соңғы «Сөз» бөліміндегі автордың азаматтық позициясына, қолтаңбасына, ұстаным-кредосына, парасат пайымы мен философиялық ой-толғамдарына, ремаркаларға, парадигмалық тұжырымдамаларға, тың ой-сезімдеріне, тап болған ситуацияларына, жас мөлшері мен өмірлік өткелектеріне сай тіл бояуын не тым қоюлатып, не тым сұйылтып жібермей, неғұрлым шектеулі-мөлшерлі доза бойынша мейлінше сергек, мейлінше сындарлы, мейлінше сырбаз, мейлінше әділ түрде жеткізуге мол күш жұмсағанын, соны түбегейлі мақсат-нысана етіп алуға ұмтылғанын аңғармау, байқамау мүмкін емес. Бұл тараудың мазмұны кезіндегі Асқар Сүлейменовтің «Шашылып түске тіркестер», Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі», «Күңгір-күңгір күмбездер», «Қарға тамырлы қазақ», Таласбек Әсемқұловтың этнографиялық этюдтері, Серікбол Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» секілді зерделі еңбектермен тамаша үндесіп жатыр. Біздегі бір өкініш, туған халқымыздың ұлылығын айта отырып, оның адам төзгісіз кемшіліктерін көре алмайтынымызда жатқандай. Меніңше, бұл ұлтжандылықтан гөрі халық санасының әріге иек арта алмас әлжуаздығының шеңберінен шыға алмағандығымыз десек ренжи қоймассыздар. Осы тұста туған жұртының кеміс-кемшін сипаттарын «ДОС» кітабында батыл әрі боямасыз, терімдеп тереңдете айта алған Е.Баятұлының турашылдығы, принципшілдігі баршамызға үлгі боларлық деңгейде. Оның уақыт, заман тудырып отырған небір күрделі проблемалар жайын, сол уақыт, заман тілімен яғни соның сөздік қорындағы қарапайым сөздерді тараушаның мүддесіне орай метафороға, тенденцияға, ең алдымен қисынға оп-оңай айналдырып жібере алатын ысылған, кемелдене түскен кәсіби шеберлігін, эрудициялық білімін, кәнігі біліктілігін, жете дағдысын аңғармау, көрмеу, сүйсінбеу мүмкін емес. Сонымен, «ДОС» атты тағы бір кітап рухани әлемімізге өз өрнегімен, биігімен енді. Ендігі баға – мәртебелі оқырманның өз еншісінде. Бұл еңбектің қазіргі қазақ руханиятының шыққан биігі мен деңгейін танытатын кітап ретінде өз орнын ойып аларына еш күмәніміз жоқ. Алдынан ақ қағазы кетпейтін, қолынан қаламы түспейтін Ерболат Баятұлының мына дүниеге Хакім Абайша қараған «ДОС» жинағымен тақылеттес, бұдан былай, «ТІЛ», «ДІЛ», «РУХ» еңбектері молая берсін деп тілейміз.

Аян ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар