Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқастық түрленімдер...

22.06.2024 1314

Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқастық түрленімдер 14+

Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқастық түрленімдер - adebiportal.kz

Қазіргі өлеңдердегі ұйқастардың жаңаша түрленулері туралы айтқанда мұндай ізденістердің көпшілігі дәстүрлі ұйқастар аясында жасалып жүргенін баса айтуымызға тура келеді. Бүгінгі ақындардың ұйқасты түрлендіріп қолдануы өлеңнің синтаксистік құрылыс жүйесін, ырғақ жүйесін байыта түсуге мүмкіндік береді. Көбінде дәстүрлi ұйқастардың жаңа ырғақтық-интонациялық серпiн тудыруы жаңа ұйқастың туындауына негізгі себеп болады.

Неге үнсіз қалдың,

Сарғайған жұрттың сағымын аңдап,

мұңданып,

Баяғы ескі әніңді айтшы,

Қайтадан, қалқам, тыңдалық.

Біз терген гүлдің қауашағына

үскірік салып өрнегін,

Біз жүрген жолдың сүрлеуін қымтап,

Леппенен мүлгір шырмауық…

Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңінде он сегіз буыннан тұратын біртұтас ырғақтық-интонациялық құрылымдар тармақтарға бөлініп, күрделі, көпбуынды өлшемдер қара өлең ұйқасына түскен. Өлеңнің тармақтары синтаксистік жікке орайластырыла бөлініп, тармақтарға тасымалданған. Сонда қара өлең ұйқасы түрленіп, былайша жаңаша өрнек шыққан: аәбвбгғдб. Күрделі өлшемнің тасымалдануы мен қара өлең ұйқасының түрленуі арқылы өлеңнің интонациясы да құнарланып, эмоционалдық маңызы арта түскен. Ұйқасушы негіздер бірыңғай үш буынды толымды ұйқас болып келетіндіктен, он сегіз буынды өлшемнің тармақталуына негізделген өлеңнің интонациясы бірқалыпты әрі салмақты. 

Бір көзде – өмір.

Бір көзде – өлім.

Безерген.

Бір көзде – жас бар.

Бір көзде – қан бар.

Сезем мен.

Бір көзім – ашық.

Бір көзім – жабық

байқадым,

бейнесі ғана дірілдеп тұрды көземнен.

Ақын Ұмтыл Зарыққанның осы бір өлең жолдарын қара өлең ұйқасының жаңаша түрленген түрі десек болады. Өлеңнің ырғақтық-интонациялық құрылымы негізінен он үш буынды. Алайда ақын синтаксистік параллелизмге құрылған 5 буынды тармақтар арқылы ырғақтық құрылымды бөлшектеген, «безерген», «сезем мен» деген екі ұйқасушы негізді жеке тармақ еткен. Бұлай ету осы сөздерге логикалық екпін түсіріп,  интонациямен айрықшаланады. 

Бақыт құсы бола алам ба басқаның?! 

Бір үмітім сеніп еді – сезгенмін. 

Бір күдігім жерiнеді – төзгенмін, 

Барлығын да келетіндей тастағым, 

Барлығы үшін келетіндей өзгергім.

Ерлан Жүністің өлеңінен алынған бұл үзіндінің ұйқас кестесі: аәәаә. Ақын қазақ поэзиясында сирек кездесетін ұйқас түрі – қаусырма ұйқасты түрленте қолданған. Бұлайша жаңа ұйқас түрін жасау өлеңнің ырғақтық-интонациялық өрiсін кеңейтеді. Ұйқастың аәәаә болып өзгеше ретпен келуі, тармақішілік ұйқастың, қайталаудың қолданылуы дауыс толқынының түрленіп, лирикалық кейіпкердің сезімін шынайы жеткізуге септігін тигізеді.  Қазіргі поэзиядағы ұйқастың жаңа үлгiсiнiң бірі шалыс ұйқасқа құрылған шумақтардың жұптасуы арқылы жасалған. Бұл үлгіні ақын Ерлан Жүніс шығармашылығынан сол кездестірдік. Мұндағы біріккен шумақтарда екіге бөлуге келмейтіндей логикалық тұтастық бар.

Дәл төбемнен жұлдыздар зуылдайды, а, Ұмай, 

Ал менікі жоғары, 

Сен де айтшы биік деп. 

Ертең бәрі қалады, 

Маңдайымнан сүйіп кет. 

Көз жасымдай бұл жұлдыз, 

Қайта айналып тұнбады. 

Жаным сүйген сүмбіл қыз, 

Бір қайырын қылмады.

Бұл үлгi қазіргі поэзияда кеңінен таралмаған. Ақын да бұл ұйқас түрін белсенді қолдана қоймаған. Өлең шумақтарының алғашқы тармақтары «а,Ұмай» деп аяқталатын қаратпа сөз негіз болған желілі ұйқаспен басталып, олар шумақтағы ұйқастан тыс қалып отырады. Ал өлеңнің соңғы шумағы алдыңғы шумақтардағы ұйқастан тыс қалған «а,Ұмай» деп аяқталатын тармақтарды соңғысынан басына қарай орналастыру арқылы құралған. Бұл өлеңнің эмоционалдық-экспрессивтік бояуын қоюлата түседі. Бүгінгі өлеңдердегі жаңа ұйқас түрленімдері ерікті ұйқастар аясында көп жасалады. Қазіргі қазақ поэзиясында ерікті өлең түрі белсенді қолданысқа енгендіктен, өлеңнің ырғақ жүйесіне ерікті ұйқастар негіз болып жүр. Осы күнгі ерікті ұйқастардың ерекшелігі өлеңнің әр тармағының буын сандары жүйелі түрде келмейді, ұзынды-қысқалы болып келе береді. Қазіргі ақындарда ойды ширықтырып, сөйлемді барынша созып, оншақты тармақтан барып бір-ақ аяқтаған өлеңдерді де кездестіреміз. 

Көңілсіз қорғандарына 

Селсоқ сүйеп иегін 

тұншығып 

шылым шегіп отырар шаһар... 

Қайыр... 

Мұнаралар іздейді құдайды 

Сөз өлерде киелі... 

... Анда 

тек шайыр күрсініп, 

мұнда 

тек сұлу жылайды!...

Ерлан Жүністің «Іңірдегі пессимизм» өлеңінің құрылысы басқа өлеңдерінен өзгеше. Мұндағы ұйқас тармақ соңында ғана емес, тармақ басында да, тармақ ішінде де кездеседі. Ұйқасушы жұптарды тізіп көрсек: бермейді-сенбейді, қалада-санада, маған-саған, көнесің-елесі, иегін-киелі, тұншығып-күрсініп, қайыр-шайыр, құдайды-жылайды. Ақын өлеңді ерікті түрде ұйқастырады. Соған сай синтаксистік құрылымдарды тармақтарға бөліп-бөліп тастағандықтан әрі тармақ өлшемдері әртүрлі болғандықтан, өлеңнің ішкі ұйқастары бірден аңғарыла қоймайды. Өлеңнің ырғақ жүйесін тауып оқығанда ұйқассыз өлең сияқты бет-бетімен кетпейді. 

Тағдырдың жазғанын көремін, 

біреудің дұспандығын, 

қастығын, 

жалған достығын, 

ластығын көтеріп келемін, 

көтере беремін... 

Бəлкім, момақан Түнім, 

Саған, 

мұным күлкілі. 

Мен өлсем, 

Сөз көтере алмай 

өлетін шығармын 

бір Күні!

Ақын Бауыржан Қарағызұлының бұл  өлеңі қысқа-қысқа тармақтарға бөлінген, сондықтан ұйқастарының арасы алшақ. Тармақтарға жіктелген егіз ұйқасқа құрылған шумақ десек те болады, бірақ бірінші ұйқасушы жұп мұнда үшеу, сонда тармақ соңындағы ұйқасушы негіздер былай болады: көремін – келемін –беремін, күлкілі – бір күні. Өлеңде тармақішілік ұйқастар да бар: қастығын, достығын, ластығын. Ақын өлеңнің ырғақтық-интонациялық жүйесін түрлендіру үшін оларды жеке тармақтарға тасымалдай отырып, ұйқас өрнегіне өзгешелік енгізуге тырысқан. 

Екеуміз дерттілерденбіз: 
сертті берген ұл. 
сертті берген қыз. 
ең аяулы мұңымның куəсі етіп 
сенің адалдығыңның көк тиын құнын 
арқалап жеттім Көктемге. 
несін сұрайсың? 
мұздан тоңғам мың. 
өрттен өлгем жүз. 
қайғы-шалдың таяғына ұқсас көлеңкемді 
өз елесіне 
ертті келген Күз . 

Ал ақын Әсел Кәрібайдың өлеңінен алынған үзіндіні қазіргі заманғы ерікті ұйқастар ретінде қарастыра аламыз. Біртұтас синтаксистік құрылымдарды тармақтарға бөлшектей отырып жасалған шумақта бір ғана ұйқасушы негіз бар:  дерттілерденбіз – сертті берген қыз – өрттен өлгем жүз – ертті келген күз. Айнымалы ырғақтық жүйеге құрылған өлеңде толымды бес буынды ұйқас тармақ соңындағы ырғақ тудырушы негіз қызметін атқарып тұр десек болады.  Осы күнгі ерікті ұйқастардың белгілі бір ұйқасу реті жоқ. Олай дейтініміз бүгінгі ерікті өлеңдерде шумақ бірізділігі сақталмайды, өлең өлшемі де жүйелі боп келмейді. Шумақтар көбінесе өлеңдегі ой өрісіне орай тиянақталып отырады немесе мүлдем шумақсыз болып келеді. Сондықтан бүгінгі ерікті өлеңдердің ұйқас кестесін түзуге талпынбадық. Қазіргі поэзияда кездесетін жаңа ұйқастардың көпшілігі бұрыннан бар ұйқастарға құрылған ырғақтық-синтаксистік бірліктерді түрлендіре отырып, қазақ өлеңінде соны ырғақ тудырып, күрделі ырғақтық-интонациялық иірім жасайды. Сондай-ақ бүгінгі ақындар ұйқастарына дыбыс пен буын сәйкессіздігі тән, ұйқастардың дыбыстық сапасында еркіндік байқалады. Қазіргі ақындар буынның ұйқастағы симметриялық сипатын сақтамай, ашық және бітеу буынды сөздерді ұйқас негізіне еркін алып жүр. Әсіресе, қазіргі ерікті өлеңдер үшін бұл қалыпты үрдіске айналып кетті. Қазіргі өлеңдердегі ұйқастың толымдылығы төрт буыннан асып, бес, алты буынға дейін жетеді. Бүгінгі қазақ өлеңінің ұйқасы үш-төрт буынмен шектеліп қалмайтынын, бес буынды ұйқастың әдеткі үрдіске айналғанын ғалым Б.Қабош өз еңбегінде тілге тиек еткен болатын. Қазіргі заман поэзиясын саралай келе ақындар өлеңдерінен бес буынды ұйқасты молынан кездестірдік. Айталық, төмендегі шумақты «5+5» буын болып келетін он буынды өлең өлшеміне мысал ете аламыз:

...Бір жарық мекен байқала ма алдан? 

Болмаса, тоқта, мен түсем! 

Духаналар мен мейханалардан 

Мұңымды ішем, Дерт ішем! 

Ерлан Жүністің өлеңдерінен бес буынды толымды ұйқасқа құрылған түрлі өлшемдегі өлеңдердің үлгілерін көп келтіре беруге болады: жолықпаймын ғой –қорықпаймын ғой, ауырды басым – сәуір жыласын, өлем бе, құрысын – өлең оқылсын, жастық сарғайды – достық болмайды, тағы басқалары. Біз бір ақын өлеңдері көлемінде айтып отырғанымызбен, осы бес буынды ұйқасты қазіргі ақындар шығармашылығына берік орныққан деп сенімді түрде айта аламыз.  Жас ақын Еділбек Дүйсеннің өлеңдерінен де ақын үшін бес буынды ұйқаспен өлең өру еш қиындық тудырмайтыны аңғарылады. Солардың біршамасын тізіп өтсек: бейне өрік талша – күйге еніп те алса – кейде өліп қалсаң; жол арымаған – жөн еді маған – обалы маған, іңірдің шөлі – жырыңның соры –  ғұмырдың соңы, сезімге ұласып – сезім жуасып – көзіңді басып, тағы басқалары… Қазіргі қазақ поэзиясындағы өлең ұйқасының күрделене түскені сондай, алты буынды ұйқастарды да кездестіруге болады. 

Өткінші бәрі,/ қашанғы /қараша сұрайды, 

Күзгі аспан неге /бізбенен/ таласа жылайды?! 

Көзінің жасын /қорғамай/ жерге құлатқан, 

Аспан дегенің/ адамнан/ аласа сыңайлы.

Ерлан өлеңінің өрнегі 5+3+6 болып келетін 14 буынды өлшемге құрылған өлеңіндегі қиыннан қиыстырылған ұйқастың үндестігі толымды. Өлеңді оқығанда алты буынды ұйқасқан бунақ сәл оқшауланып, лирикалық кейіпкердің сезім тынысы үздіге шығады. Өлеңнің ұйқас қатары былайша түзіледі: қаншалық шыдармыз – аңсар ұқтырармыз  – қарсы алып тұрармыз; тысқа да қарармыз – құсқа да қарармыз, ұштала қалармыз, тағы басқалары. 

Деуші едім бұрын,/ дегенім/ келгенін қарашы, 

Сұрағанымды/ тәңірім/ бергенін қарашы, 

Тағы да, қалқам,/ бір жұлдыз /сөнгенін қарашы, 

Тағы да, қалқам,/ бір гүлдің /семгенін қарашы.

Бұл мысалды эпифораға құрылған алты буынды ұйқас ретінде қарастырдық. Оқырмандарының ой-сезіміне неғұрлым әсер етуге, көңілін аударуға эпифораны ұтымды қолданғаны анық. Өлеңде тармақтық қайталау да сәтті қолданылған. Жалпы ақын өлеңдерінде қайталауға мағыналық салмақ жүктеп, эмоциялық-экспрессивтік мәнін арттыра түсетінін баса айту керек. Қазақ поэзиясындағы ұйқас төңірегінде ақындар мен әдебиеттанушылар арасында түрлі пікірлер бар. Әдебиеттанушы ғалымдар осы күнге дейінгі қазақ өлеңі ұйқасының түрлерін анықтап, әрқайсысына ат беріп, әр дәуірдегі ұйқастың жасалу ерекшеліктерін, даму жолдарын саралап берді. Қазіргі поэзияға ой еркіндігі форманың еркіндігін әкелгенін алдыңғы жазылған мақаламызда  да айттық. Бұл еркіндік ұйқас туралы қалыптасқан түсінікті өзгертуге әрекет етіп жатыр. Бүгінгі поэзиядағы азды-көпті ізденістер мен жаңалықтар осы өзгерген түсініктердің жемісі. 

Америкалық ғалымдар Р.Уэллек пен О.Уорреннің «Ақырында, мәселенің енді бір жағын қарастырар болсақ: өлеңнің барлық контексіне ұйқас қандай дәрежеде қажет, ұйқасқан сөздер жай ғана жолдың аяғын толтыру үшін алына салды ма немесе өлеңнің яки өлең жолының мәнін тек ұйқасқан сөздер арқылы беруге бола ма? Ұйқастар тармақтың қаңқасын түзуі мүмкін, бірақ керісінше де болады – олардың соншалықты маңызы жоқ, оқырман өлеңде ұйқастың бар-жоғын да байқамауы мүмкін»,  – деген пікірі бүгінгі қазақ поэзиясында да үлкен мәселе боп көтеріліп жүр. 

Әрине, поэзиядағы мазмұн мен форманың, яғни пішіннің таласы бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Десе де ширыға түскен кезі қазіргі поэзияның дамуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі өлеңдер өзгеше түрде дамып келеді. Қазақ поэзиясы жаңа ағымдар сарынына бой алдырды. Қысқасы, өлең туралы ойлау кеңдігі мен еркін форма ХХ ғасырдағы қасаң, қатып қалған қағидаларға бағынбайтынын шын мойындатты.  Бұл ақындардың дәстүрлі ұйқас шеңберінде ғана қалып қоймай, поэтикалық ойды еркін самғатуына  жол ашты. Жалпы әлем әдебиетінде белең алған үрдістерді қазіргі поэзияның да дамуы оның құрылымына да өзгеріс әкелгенін дәйектеуге барынша  тырыстық. Бұл өзгерістер бүгінгі өлеңдердегі ұйқас жүйесінен де анық көрінеді. Қазақ поэзиясынан ойып орын алған дәстүрлі ұйқастар бүгінгі күні де өз жалғасын тауып, поэзияның мағыналық, түрлік тұрғыда дамуына орай жетіліп, құрамы жағынан күрделеніп, жан-жақты байи түсті. Қазіргі ұйқастар грамматикалық тұрғыдан да алуан түрлі болып келеді. Ұйқастардың грамматикалық құрамы мен дыбыстық сапасы арқылы бүгінгі қазақ поэзиясындағы құрылымдық ерекшеліктерді нақты саралауға болады. Сонымен қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңашылдық өрісінің кеңейгені тек мазмұндық тұрғыдан ғана емес, формалық жағынан да байқалады. Қазақ өлеңіндегі түрлік, ырғақтық, ұйқастық жаңашылдықтарды қазіргі ақындар шығармашылығынан да көптеп кездестіре аламыз. Абай шығармашылығынан бастау алған қазақ өлеңіндегі мазмұндық және формалық ізденістер мен жаңалықтар қазіргі поэзияда да жалғасын тауып, өзіндік даму, қалыптасу жолын көрсетті. ХХІ ғасырдың басынан бері қазіргі қазақ поэзиясында дәстүр арнасында және дәстүрден тыс өлшем-өрнектер, ұйқастар жасалып жатыр. Бұл қазақ поэзиясының, сонымен қатар өлеңтану ілімінің де жетіліп, өркендеуіне негіз болды. Бүгінгі  қазақ өлеңі жүйесінде дәстүрлі өлшемдердің басым екенін байқаймыз, жаңа өлшем-өрнектердің көпшілігі дәстүрлі өлшемдердің сабақтастығы арқылы жасалып, орнығып келеді. Өлең өлшемдерінің ішкі құрылымының, яғни ырғағының өзгеруі – жаңа сабақтастықтардың негізі. Қазақ поэзиясында ырғақтық элементтер  күрделеніп, күрделі өрнектер, көпқұрылымды өлеңдер дүниеге келді. Осы ретте поэзияға енгізілген мұндай жаңа өрнек-өлшемдерге бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі өлшемдерді жоққа шығарады деп қарауға болмайды.. Қазақ өлеңіне енген жаңаша өлшем-өрнектер өзгеше өрілгенімен, құрылысы жағынан орныққан өлең түрлерінен, қазақ өлең жүйесінің қалыптасқан заңдылықтарынан алшақтай қоймайды, солардың табиғи сабақтастығына негізделеді. Қазіргі көп буынды өлеңдер ырғағы жағынан өзіндік ерекшелікке ие. Өлеңдердің жаңа ырғақтық-интонациялық сипатқа ие болуы бүгінгі поэзияның даму барысын көрсетеді. Өлеңнің эмоционалдық-экспрессивтік мазмұнына орай тармақтарды тасымалдау, тыныс белгілері арқылы өлеңнің интонациясын айқындау өлеңнің ырғағын түрлендіруге айрықша әсер етеді.  Қазіргі өлеңдердегі прозалық элементтер мен графикалық формаға жататын жаңаша ізденістер де қазақ өлеңіндегі дәстүрлі ырғақтардың түрленуіне ықпалын тигізді.  Дәстүрлі өлшемдерге құрылған тармақтарды тасымалдау жолымен бірнеше тармақтар жасай отырып, өлең ырғағын түрлендіру сексенінші жылдар поэзиясынан бері келе жатқан үрдіс. Бұл өлеңнің ішкі логикалық өрісіне орай жасалатыны белгілі. Өлеңнің логикалық немесе интонациялық екпіні айқын болған сайын, ырғақтың әсері де эмоционалдық мазмұн арқалайды. 

Біз осы көлемді мақаламызда тұтас ырғақтық-интонациялық құрылымдарды тасымалдау арқылы жасалған жаңа ырғақтық сабақтастықтарға шолу жасауға тырыстық. Бүгінгі қазақ поэзиясы дәстүрлі өлшемдердің жаңаша сабақтастықтарынан тұратыны нақты мысалдармен көрсетілді. Қазіргі қазақ поэзиясында дәстүрден тыс ырғаққа құрылған өлеңдер белең алғаны да анық. Бүгінгі ерікті өлеңдер, яғни верлибрлер, ақ өлеңдер, прозалық өлеңдер деп жүргеніміз соның айғағы. Мұндай дәстүрден тыс түрлік ізденістер әсіресе, жаңа ғасырдың екінші онжылдығындағы жас ақындар шығармашылығының негізгі өзегіне айналып барады десек те болады. Бұл үрдісті де қазақ поэзиясының көркем-бейнелілік, ырғақтық-интонациялық жүйесін дамыту жолында жасалған қадамдар ретінде бағаладық. Қазақ әдебиеттануында верлибрлер туралы зерттеулер жоқтың қасы, қазіргі қазақ верлибрінің өзіне тән сипаттары өлеңтанулық тұрғыда нақты анықтала қойған жоқ. Бұл тақырып төңірегінде дау-дамайдың бары да жасырын емес. 

Біз бүгінгі өлеңтанудағы өзекті мәселелер қатарындағы осы тақырыпқа тоқталып, верлибрлердегі ырғақ жүйесін сөз еттік. Мұндай ерікті өлеңдерде ырғақ тудырушы элементтер ретінде тұтас синтаксистік құрылымдарды өлең тармақтарына бөлшектеу және оларды ажыратушы тармақаралық кідірістер көрініс табатынын нақты мысалдармен дәйектеп көрсеттік. Сонымен  поэзияның жетіліп, дамуы ұйқас жүйесіне де өзіндік әсерін тигізді. Ұйқастың грамматикалық құрамында, дыбыс сапасында, қолданылу сипаты мен буын құрылымында да өзіндік ерекшеліктері бары анықталды. Бүгінгі ақындардың шығармашылығында дәстүрлi ұйқас негiзiнде жасалған жаңа ұйқастар басым. Көбінесе жаңа ұйқастар дәстүрлi ұйқастардың жаңаша жүйеленуi арқылы түзілген. Осы жаңа жүйелердiң берiк орнығып, дәстүр сипатына дейін жетуі алдағы күннің еншісіндеБұл мақаламызда қазіргі заман ақындарының өлеңдеріндегі дәстүрлі ұйқастарға шолу жасап, бүгінгі поэзиядағы ұйқастың жаңаша түрленімдерін сараладық, сондай-ақ бүгінгі поэзияға ене бастаған алты буынды ұйқас түріне де мысалдар келтірілді. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясын зерттеуші ғалым С. Ержанова: «Біздің поэзиямызға рухани және формалды ағымдар жетіспейтіндей. Демек, қазақ поэзиясы үшін алдағы меже – формалды ізденістерге бару және рухани кеңістігін кеңейту. Мұның өзі, ең бірінші, ақындық даралықты тудыруға мүмкіндік береді. Ақын шығармашылығының ерекшелігі оның тыңнан түрен сала білуінде. Тыңнан түрен салу шын талантты, рухани кемеліне келген, кесімді пікір, шешімді ой айта білетін поэтикалық тұлғадан көрінсе керек», – деген екен өз зерттеуінде.  Қазіргі заман ақындары да тыңнан түрен сала бастады. Жаңа өлеңдерден ырқына көндірмей қоймайтын жаңа ағымның сарыны байқалады. Мұндай жаңа өлең түрлерінің дүниеге келуін поэзиядағы соны құбылыс ретінде қабылдау, бағалау  үшін де сол межеге көтерілген өлеңтану ғылымы мен сыны қажет екені анық. Қазақ поэзиясында белең алған жаңаша ойлау жаңа форманы туғызғанын мойындағанымызбен, сол жаңа өлеңдердің формалық, кескіндік сипатын, ырғақ пен ұйқас жүйесін таныту бүгінгі өлеңтанудың алдында тұрған өзекті мәселе. Осы мәселені өзек ете отырып, осы жазбамызды қазіргі заман ақындарының шығармашылығына шолу жасап, негізгі ізденістерге талдау жасауға тырыстық. Қазақ өлеңінде жаңа түрдің туу, даму процесі жүріп жатқаны белгілі. Біз осы мақаламызды мұндай жаңа өлең түрлерінің өзегінде дәстүрлі форма мен өрнек-өлшемдері жатқанын, соның негізінде жаңа ырғақтар мен ұйқастар тудыру мүмкіндігін сараладық. Қазіргі қазақ поэзиясы тақырыптық әрі идеялық тұрғыдан байып, мазмұн жаңашылдығымен ерекшеленсе, сол мазмұнды байыта түсуде өлең формасы мен өлшем-өрнектерінің де маңызы зор екенін аңғардық. Қалай десек те өлеңдегі еркін ой мен еркін формалар ендігі уақытта біздің өлең туралы таптаурын түсініктеріміз бен теорияларымызды келмеске кетірмек. Расында, өлеңтану саласындағы осы күнге дейін сүйеніп келе жатқан еңбектердің біразы қазіргі қазақ поэзиясын тану үшін жүгінуге жарамай қалды, яғни өз уақытының үддесінен шыққанымен, тозығы жетті. Өйткені поэзияның дамуы, өлең мазмұны мен түрінің жаңаша сипат алуы өлең құрылысын дамытпай, оны өзгертпей қала алмайды. Қазіргі өлеңтану да поэзиямен қатарласа, үзеңгілесе дамып отырғаны абзал. Бүгінгі қазақ өлеңінің теориясы поэзияның дамуынан туындаған теориялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ырғақтар мен ұйқастар жайында ізденген осы еңбегімізді өлеңтану саласындағы мәселелерге азда болса үн қосу деп есептейміз. 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар