Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Самал Шаймерденова. Жетпістен астам әйелдің сыры м...

19.06.2024 2199

Самал Шаймерденова. Жетпістен астам әйелдің сыры мен тағдырын жазып алдым

Самал Шаймерденова. Жетпістен астам әйелдің сыры мен тағдырын жазып алдым - adebiportal.kz

Біз әдетте әйелдер прозасы деп бөлмейміз, дегенмен,   әйел қаламгерлердің қозғайтыны негізінен отбасы мәселелері, өмірдің мәнін іздеу, жеке адам ретіндегі қоғамнан орнын табу сияқты өмірлік маңызды тақырыптар болғандықтан, психологиялық жағынан ерекшелігі бар осындай бағыттағы прозаның өз аудиториясы барын, бұл аудиторияның оқырманы көп екенін жоққа шығармаймыз. 

Бүгінгі сұхбат беруші қонағымыз – прозаик Самал Шаймерденова. Самал Зікірияқызы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі. Шығармалары республикалық, халықаралық газет-журналдарға жиі жарияланып тұрған Самал біраз үзілістен соң әдебиетке қайтадан оралды.  2021 жылы “Іңкәр сезім” атты прозалық-поэзиялық жинағы жарық көрді.  2023 жылы “Махаббат жырлары” поэзиялық топтамамен кітабы шықты. Өткен 2023 жылы “Жетісу көктемі” республикалық проза конкурсының бас жүлдегері атанып, сонымен бірге Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған республикалық детектив байқауында 1-орынды жеңіп алды. “Жанр” әдеби клубының мүшесі.

Әйелдер тақырыбын өн бойымнан өткізіп, қан жұтып отырып жазамын

- Бастапқыда өлеңмен көріндіңіз... Проза жанрына келуіңізге не себеп?

- Прозаға да, поэзияға да жолдан қосылдым деп айта алмаймын. Атам: “Ақынға қарасөзден өлең оңай” деп, не сөйлесе де өлеңдетіп сөйлеп отыратын. Өлең құлағыма әбден сіңген.  Сосын апам да сөзге ұста, әрі әнші еді, жалпы өнердің ішінде өстім. Музыка мен әдебиет Жаратушының біздің әулетке берген дарыны, сыйы деуге болады. Әкем әл-Фараби атындағы оқу орнының филология факультетінің түлегі. Қызметке ерте араласыпты да, қысқа мәтіндер мен естеліктер жазғаны болмаса, көсіліп жазуға уақыты болмады. Мықты жазушы болар еді деп ойлаймын.

- Сізді оқырман Күлсімхан жайлы шығармаңыздан таныды, фейсбук парақшасында жақсы оқылып жатты. Басты кейіпкер жайында білетініңіз көп сияқты...

- Фейсбук желісіне “Жын аудару және Күлсімхан” деген шығармамды жарияладым. Көпшілік өте жақсы қабылдап, жалғасын сұрап жатты. Роман деп жоспарлағанмын, он шақты бөлім салдым да, тоқтатып қойдым. Себебі, оқиға өмірде болған, шынайы еді. Күлсімхан – балаларымның әжесінің прототипі. Ол кісі отыз жеті жасында жесір қалыпты. Екі құлағы тас керең, естімейтін. Он үш құрсақ көтерген де, перзенттерінің  жартысы Қытайда, жартысы Совет елінде өледі. Өмірден бір рақат көрмей өтіп кеткен қазақ әйелінің қилы да қиын тағдырын жазсам, осы кісінің мысалы да аз болмас еді.    Кенже келіні болдым. Әкесі дүниеден өткенде бір жарым жаста қалған ұл  қиқар өседі. Оқу оқымайды, жұмыс істемейді, үлкендерінің айтқанына көнбейді. Көше тілінде “бандит” болды. Полиция  қазір сондайлардың тамырын қырыққанымен, кезінде дәурені жүрді. Түрме, түрмеден шыққандар, олардың жаргондары, қылмыс, жындыхана тағысын тағыларды… көзіммен көрдім. Есіме түссе әлі  тітіркенемін. Қорқынышты. Енем өте жақсы адам еді. Өмірінің өзі бір кітапқа жүк. Прототипім осы кісіден басталып, бізге қожайын болған кісіге тірелгенде әрі қарай жазуға жүрексіндім. Батылым жетпеді. Бізде адам жоғалып кету, адам өлтіре салу деген сенсациялық жаңалық емес. Етіміз де, құлағымыз да үйреніп кеткен. Өзімді, балаларымды әрең құтқарып алғанда, тыныш өмір сүргім келді. Бірақ, жүрегімде тыныштық жоқ. Әлі де жалғастырғым келіп, қайта тастап мазасызданып жүрмін.

- Әйел демекші, біздің модернистер де әйел құқын көтерді. Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Мағжан... Кейде уақыт бізге де өзінен-өзі гендер тақырыбын ұсынып отырғандай көрінетіні бар. Бұл ешқандай да әйелдердің басшылық қызметке бару-бармауы, сайлауда көп дауыс алуына қатысты емес,  негізінен әйелдің  тұрмыста қысым көруімен байланысты, бұл - қоғамның өткір мәселесі. Соңғы кездері осы тақырыпты сөз ете бастауымызды қоғамның гуманизмге бет тұрғаны деп үміттенуге бола ма? 

- Әйелді еркектен бір саты төмен көру – қазақы қалыбымыз. Жалпы, ер мен әйел тең жаратылыс деп санамаймын.  Жаратушы алдымен Адам атаны жаратты, оған серік етіп Хауаны жаратты. Ер – топырақтан, әйел – ердің қабырғасынан жаралған. Бұл аңыз емес, ақиқат. Ақиқаттан адассақ, зор өкініш. Алайда, осы бір заңдылықты қате түсініп келдік. Жаңағы “бір саты төменді” – әйелді төмендету деп ұқтық. Жалпы, қай дәуірде де, қай мекенде де әйел тақырыбы ең өзекті тақырыптардың бірі болған ғой. Мысалы, 17-18 ғасырлардағы әлем әдебиетінде  сентиментализм бағыты жақсы дамыды. Еуропада осы кезеңде-ақ әйел психологиясы мен  табиғи болмысын бейнелейтін прозалар көп жазылған. Жак Руссо, Гюстав Флобер, Ги де Мопассандар  әйел образының  галереясын жасады. Қазақ әдебиетінде де әйел тақырыбын көтерген Міржақып Дулаттың "Бақытсыз Жамалы", Бейімбет Майлиннің "Шұғаның белгісі", Мұхтар Әуезовтың "Қорғансыздың күні", Сұлтанмахмұттың" Қамар сұлуы" қазақ әйелдерінің бағынышты болғанда тағдырын өзге біреу шешетін аянышты халін суреттеді.  Содан бері  әйел тағдыры, әйел тақырыбы өзгерді ме? «Иә!» – деуіміз мүмкін. «Мүмкін»,  –дей алмаймыз. Шұбыртып айтпасақ та ажырасудың көптігі, жарты отбасы, жалғызбасты ана, жетім бала деген жексұрын тіркестер әлі де әйел тағдырына жауапсыздығымызды, әйелдердің қорғансыз екенін дәлелдейді. "Бүгінгі әйелдер басшы да бола алады, жұмыс та істейді, қалауынша өмір сүреді" деп дау айтуы мүмкін ер-азаматтар. Бірақ, "әйел" деп, "төмен етекті" деп қарайтын сексистік көзқарас әлі бар. Өнерде де, әдебиетте де, өмірде де.Тұрмыста қысым, зорлық-зомбылық, қорлық көріп жатқан әйелдердің көптігін бәріміз білеміз. Бәрі біледі. Бірақ, үндемейміз. Қалыпты сияқты. Заңдылықтай. Басқасын былай қойғанда атышулы "Бишімбаев оқиғасы" әлемді тік құлақ еткен жоқ па? Бұл жалғыз ғана қанды қылмыс емес қой. Жетеді. Әрине, қарсымын! Мұндай тағдырды өз басымнан кешкен соң да, жүрегіммен қабылдаймын. Әйелдер тақырыбын өн бойымнан өткізіп, қан жұтып отырып жазамын.

Оқырманды жылату мақсат емес

- Автор ретінде кейіпкермен екі арадағы шекті сақтау жайында айтайық. Кейде жазушылар жазып отырғанда өзі байқамай өзінің бастан кешкен қиындықтарын шығармаға салады. Былайша айтқанда белгілі бір психотерапевтикалық әсер деген нәрсе көп  шығармада кездеседі. Оқырман ретінде шығарма басында басқа күйді, ортасынан ауғанда кейіпкердің,  сонымен бірге оны жазып отырған автордың ішінде де бірдеңе өзгергенін байқайсың, ал кейде ол тіпті морт сынып кеткен болуы да мүмкін, оны сезімтал оқырман ғана сезеді. Сізге оқырман ретінде жазушының шығарма ішінде жүргені керек пе әлде бейтарап отырғаны ұнай ма?

- Жазушы не жазса да өз басынан кешіп отырып жазады. Кейіпкерлерімен бірге өмір сүреді, қуанады, мұңаяды. Иә, рас, кейде кейіпкермен тағдырлас болып жатады. Сондайда әсерге беріліп өз прототипін жасап алуы да мүмкін. Егер идеясынан адасып, тақырыбынан ауытқып кетпесе, ештеңе етпес. Десе де әр кейіпкердің өзіне тән характері мен позициясы, өзіндік рөлі бар. Автордың мұңы мен сырын, қыжылын кейіпкер көтере алмауы да мүмкін. Жазушы осыны түсінсе, әр кейіпкеріне асқан жауапкершілікпен қараса ондай кемшіліктер болмайды. Жазушы – кейіпкердің құдайы. Өмір сыйлайды, тағдыр кеседі. Кейіпкеріңе шебер құдай бола алсаң, әрқайсының өзіндік образын қалыптастырып, өз тағдырын кештіресің.

- Кей жазушы жазғанда егілтіп, еңіретіп жіберуді мақсат қылатындай. Біздіңше, оқырманды жылату шеберлік емес, сіз қалай ойлайсыз? 

- Оқырманды жылату мақсат емес! Сезіндіру, ұғындыру – бастысы. Жылау, күлу, әсерлену оқырман деңгейіне тән. Оқырман он саусақ сияқты. Әрқайсысы әр түрлі. Оқырман аудиториясы да кең және көп салалы. Біріне әсерлі көрінген дүние екіншісіне ұнамсыз. Жүз пайыз баурап аламын деу де бекер. Жазушының міндеті шынайы бейнелеу. Образдарды ашу.

- Детектив байқауында жүлдегер болғаныңызды білеміз. Әдетте әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы, қорлық көруі көбіне қылмыс туралы шығармаларда болады, бірақ, бізде бұл жанр жеткілікті дамымағандықтан біз оны жай ойдан құрастырылған бірдеңе көреміз. Ал шындығында бұны жай нәрсе деп қарауға болмайды, бұдан қоғамның терең депрессиясы, жарақаты, ұзаққа созылған үрейі көрінеді. Әйел зорлау, аяусыз соққыға жығу, өртеп жіберу дегеннің бәрі осы үрейден. Ал енді ойдан шығарылған зорлық туралы оқу оқырманға ұнай ма деген сұрақтың өзі бір бөлек тұр. Бұған қатысты көзқарасыңыз қалай?

- Детектив жанрының шебері, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы қарсаңында детектив жанрына республика көлемінде байқау жарияланды. Студент кезімде естіген өте ауыр оқиғам бар еді, ойланып көрсем, дайын тұрған сияқты. Жазып көріп едім, еркін төгіле берді. Ол жердегі төрт кейіпкерімнің, басты кейіпкерім Балымның прототипі бар, қиялдан құралмаған, шынайы образдар. Характері де, оқиғасы мен тағдырлары да шынайы.  Сосын мұнда негізінен әйелдер тағдыры беріледі. Бұл менің дағдылы тақырыбым. Қаншалықты детектив жанрына келетін, келмейтінін білмеймін, өзіңіз айтқандай детектив енді ғана жазылып жатқан жанр болған соң, бақ сынап көргім келді. Дайындалдым. ҚР ІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қылмыстық құқық және криминология кафедрасының профессоры, философия докторы Балғожина Майгүлмен көп күн, түн сұхбат құрдым. Көп ақпарат алдым. Қазақстандағы әйелдер түрмелері, ол жердегі нәзік жандылардың темір тордағы өмірін түсіндірді. Детектив шығармада образ ашу, сюжеттік оқиғаларын дамыту мен беру жолдарын қалай жазғанда дұрыс, шынайы болатынын маманмен ақылдастым.

Мида піспеген ойды жазу өзіңді жалықтырады

- Суреткерлікке жету –  үлкен нәрсе. Жазушы мұраты. Құдайдан келетін сирек қасиет болғандықтан көбімізде бұл жетіспейді. Бұл жағынан кейінгілердің ішінде марқұм Ғалымбек  биік тұрып еді. Нағыз суреткер  кішкентай ғана оқиғадан көп нәрсені сезіп-біле алады. Ішкі көркем формаға жетуге деген талпыныс шығармашылық қиялдан. Адам жанының ең бір тереңін берудегі дәлдік жазушыға қайдан келеді?

- Ғалымбек біртуар жазушы еді ғой. Әр әңгімесі бір романның жүгін көтеріп тұр. Әңгімелерінен кемдік таппайсың. Өзіңе өзің сыншы болуды Ғалымбектен үйрену керек. Алтын іздегендер құм сүзіп, шайқап, түбінен түйіршіктей алтын тереді. Жазып отырғанда шексіз ойлардың әсерінен көп сөз жазасың. Суытып қою бар ғой, шығармаңа бірнеше рет қайта оралу барысында жаңағыдай елейсің. Кейде бірнеше сөйлемдегі ойды бір сөйлемге сиғызып жатасың да, кейде кемшін тұстарын сөзбен толтырасың. Ғалымбек осы процестерден жалықпаған болса керек, туындыларының көркемдік формасы да мінсіз. Тереңде жатқан нәрсе құнарға айналады. Енді соны ысырап қылмай, құнарын жоймай қағазға түсіру үшін қырағылық пен табандылық қажет.  Бейнелеу мен суреттеудің нормасын білу керек. Артық та емес, кем де емес, дәл беру – суреткерлік. Сюжет, идея, тақырып, кейіпкердің бір шығарманың өзегінде үйлесімі болмаса, суреткерді қайдам, тіпті жазушы да емессің-ау!

- Әлі көп дүние жазып тастаған жазушы болмасаңыз да, жазғандарыңыз бар, оқырмандарыңыз жеткілікті. Жазуыңыздан сезімталдық,  ойдың қуаты, инерция бірден байқалады. Бұл  мінезіңіз бе?

- Иә! Жаратылысы қыздың тағдыры белгілі ғой. Біреудің етегінен ұстағанда соның заңына бағынасың. Поэзия жазып жүрдім, газет-журналдар жариялап тұратын. Сосын жар болдым, ана болдым, арада біраз жыл әдебиеттен қол үзіп қалдым. Негізінде өнерлі адамға өнерден бейхабар әлемге бару қиын екен. Құса болғаным өз алдына, "екінің біріне беріле бермейтін" тағдыр жазған Жаратушыммен де өлеңдетіп сырласатынмын. Осы әдетім әдебиеттен тамырымды біржола үзіп тастамай, қуратпай, қиратпай сақтапты. Инерция дегеніңіз  сол күрескерлігім мен өжеттігімнің көрінісі болар. Сезімталдық болмаса ақын, жазушы бола ма? Интуиция деген сезімталдықты меңзесе, маған артығырақ берілгені рас…

- Байқасақ, прозаның өзіне тән бір қатал шешімі бар: автор бірден жөндем жазбаса, оқырман бұдан кейін не байқастап, не енді қайтып беттемейтін болады. Жалпы оқырманды жалықтырып алуға қандай нәрселер себеп болады деп ойлайсыз? Және кейіпкердің жан-дүниесін ашуға ең бірінші керегі не нәрсе?

- Поэзияда әсер басым. Жылт еткен ой санаңды соққанда шабытпен астасса, өлең туады. Жазбай тыным таптырмайды. Өлеңмен сүйесің, өлеңмен жерисің, өлеңмен өліп, өлеңмен қайта туасың. Прозада басқаша. Отыра қалып, жазып кете салмайсың. Әсерлі ой, ситуация миыңа түскенде дүние түкпіріне батып, тереңдей береді де, тұңғиығыңда айлар, жылдар бойы жатады. Ұмытпайсың. Бірақ, “осыны жазайыншы” деп жаза салмайсың. Уақыты, сәті келуі керек. Күшке салып жазсаң шикі дүние пайда болады. Сәті келгенде сол ойдың өн бойынан кейіпкерлер суырылып шығады. Тіпті кейіпкерлеріңнің түр-әлпетін көресің, мінез-құлқын барлайсың. Дауысына дейін естіп, әдеттерін бақылайсың. Осы процесті жіті зерттеп, зерделей алмасаң жазғаның сенімсіз шығады. Мида піспеген ойды жазу өзіңді жалықтырады. Шикі дүние нанымсыз. Мұндай шығармаң оқырманды да жалықтыратыны анық. Сосын тағы тақырып іздеп, тырысып, еліктеп жазған дүние жалықтыратын шығар оқырманды. Өйткені, ондай дүние мың бет болса да, туынды болмайды. Оқырман шынайылықты ұнатады.  Кейіпкердің жан-дүниесін ашатын - дайындық. Кейіпкерді тану. Өз кейіпкеріңді өзің зерттейсің. Онсыз ешбір кейіпкер ашылмайды, сыр алдырмайды. Тіпті, жуымай қоятын кездері болады. Кез-келген адамның атын беріп жаза берсең кейіпкеріңнен адасып, айырылып қаласың. Кейіпкер деген шығармаңда өмір сүретін пенде. Демек, сен оның тағдырын шешесің, ол шығармаңның тағдырын шешеді. Кейіпкерді ашу – кейіпкерді ырқыңда ұстамай, өз болмысымен жазу деп ойлаймын.

“Қазақстанның болашағы жоқ, шетелге кеткім келеді!” деп кесіп айтады

- Балалар мен жасөспірімдерге арнап жазып көрдіңіз бе? Нендей ерекшелігі бар екен?

- Балалар әдебиетіне біраз әңгімелерім, бір  повесім бар. Роман бастадым. Әзірге еш жерде жарияламадым. Балалармен жұмыс істеген соң, олардың психологиялық дағдылары, мінез-құлқы, әдеттері мен қалыбы жақсы таныс. Қазіргі балалар кезіндегі бізге ұқсамайды. Мүлдем басқа.  Еті тірі, еңбекке ерте араласады. Мейрамханада даяшы, көшеде курьер болып жүрген жастардың жасы он бес, он алты жастан басталады.  Еңбекке үйренгені жақсы ғой. Бір жағынан жаның ашиды. Түнімен жұмыс істеп, күндіз оқитын балалардың ғылым-білімге уақыты да, зауқы да болмайтыны түсінікті. Мені жасөспірімдер психологиясы қызықтырады.  “Сенде өтпелі шақ” деп баланың құлағына өз аузымызбен құямыз. Образға кіріп алғандар сол сөзбен ақталғысы келеді сосын. Қасарысу, қарсы қылық көрсету заңдылық сияқты. Біз үшін ата-ана Құдай еді, бүгінгі балалардың ата-ана, үлкендермен қарым-қатынасы еркін…  “Жаңа заманда баланы дұрыс тәрбиелеп жатырмыз ба?” деген ой түпсіз, терең. Сосын бүгінгі балалардың тілге деген қызығушылығына әрі сүйсінемін, әрі қорқамын. Кітап оқуға деген құштарлығын арттырғың келеді. Олар шетел әдебиетін оқығанды, ағылшын тілін меңгергенді ұнатады. Бұл заман талабы да болар. Сән екені де рас.  Жоғарғы сынып оқушыларымен сабақтан тыс көп сұхбат құрамын. Сыр тартып, сөйлескенде бағыттары айқын, болашағына сеніммен қарайтын балалар сүйсінтеді. Ойларын ашық, тура айтады. “Қазақстанның болашағы жоқ! Болашақта шетелге кеткім келеді!” деп кесіп айтқанда көңілім пәсейіп, ұнжырғам түседі. Бұл ашық ақпарат заманының әсері деп ойлаймын. Түрлі әлеуметтік желілерде отырады. Ел елде, жер жерде не болып жатқанын жіті бақылайды. Елден кетіп, шетелге ағылып жатқан қазақтардың қыжылын тыңдайды, арғы өмірін барлайды. Жас болған соң, сараптай алмайды. Олардың бәрі шетке кете салмайды ғой әрине, бірақ, ішке түскен ой өмір бақи іште жатады. “Тек қана Отаным үшін! Елім, жерім үшін!” деген принцип қалыптастыру мұғалімнің ғана міндеті емес. Қоғам, ата-ана, орта дегендердің әсерінен сақтап қала алмаймыз. Балалар мен жасөспірімдердің бағыты, пайымы, мінез-құлқы, қоғамдағы орны мен бағасы жазылуы керек. Өйткені, бұлар біз кешкен тағдырды бірге кешуші. Екі баланың бірі жартылай отбасында өсіп жатыр. Екі баланың бірін әке емес, ана бағып, тәрбиелеп отыр. Айтсаң таусылмайтын проблемалы өміріміздің басты кейіпкерлері  – бала. Бала – болашақ! “Болашақ қандай болуы керек?” деген алаңдаушылық бәрімізге жүк болмай, ертеңіміз бұлыңғыр. Отанымыз да, тарихымыз бен құндылықтарымыз, әдебиетіміз  осылардың еншісі мен мұрасы емес пе?!

- Сіз мектеп мұғалімісіз, оқушылардың шығарма жазбайтынын мәселе қылып көтеріп жүрсіз. Жалпы әдебиет оқулықтарына қатысты қаншама кемшілік барын да білесіз, өзіңіз бұған нақты не ұсынасыз? Мысалы, сізді осы шаруаны реттейтін билігі, құзыры бар жауапты адам деп есептейік, шаруаны неден бастар едіңіз?

- "Қазақтың қаламгерлерінің үндеуі" – деген пост жариялағанмын фейсбук желісіне. Резонанс тудырмаса да, таралымы өте көп үндеу болды.  Министрліктің назарына ілікті, көптеген ақын, жазушы аға, апайлар пікір жазып, хабарласып жатты. "Жетісу" газетінің бас редакторы, журналист, ақын Жұматай Оспанұлы "Есті алған эссе" деген тақырыппен  газетке жариялады. Мұның бәрі жай айқай болып қала беретінін білемін. Сол өкінішті. Оқулықтардың кемшілігін, грамматиканың  жүйесіздігін айтудан кенде емеспіз, барлық мұғалімдер айтып жатыр. Нәтиже жоқ.  Эссе керек емес демеймін, керек! Бірақ, кемі 9-сыныптан әрі жаздырған дұрыс.  Бала бастауышта мазмұндама жазып, жадын жаттықтырып, орта буында (5-9 сынып) шығарма жазып үйренуі керек. Сонда ғана эссе жаза алады. Шығарма мен эссенің айырмашылығын білмейтін бала өзінің не жазып отырғанын да ұқпайды ғой.  "Құзырлы" адам болмай-ақ қояйын. Ол түгілі жазушыға мектептің бүгінгі шаруасын тындырып, жазушылықты параллель алып жүрудің өзі мехнат. Сабақ өту ғана міндетіміз болса ғой, шіркін!..."Неден бастау керек?" деп сұраса: "Ең алдымен қазақ тілі мен әдебиеті, сосын тарих пәндерінің оқулығы мен жылдық жоспарын өзгертуден бастайық!" –  дер едім.

Шығарма  автордың өзін ғана айналшықтап тұрса, құнды емес

- Бүгінгі оқырманның талғамы, танымы басқа. Бүгінгі жаңа әдебиетте қозғалыс  бар және жанрлардың арасынан түзу тартылған шекарасы сүртіліп, араласып кеткеннен кейін ол әралуандыққа өтіп, стилистиканың бұлыңғырлығын да жаңа әдебиетке тән белгі түрінде  қараймыз. Ал бірақ осы нәрселер оқырманға қалай көрінуі мүмкін, олармен санасу керек пе? 

- Жақында әдебиет зерттеуші, сыншы, ғалым Гүлмира Сәулембектің “Модернизм және постмодернизм бағыттары"  атты курсын оқыдым. Көп сұрағыма жауап таптым. Заманауи әдебиет қалыптастырмай дүние жүзіне таныла алмаймыз. Әдебиетте түрлі бағыттар келіп, кетіп жататыны заңдылық. Бұл да сол үрдіс. Қазір, әсіресе, жастар жаңаша жазып жүр.   Алихан Жақсылықтың “Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?” романы мен Әлібек Байболдың "Мұтылғаны"  осы тұрғыда қазақ әдебиетіне жаңаша тыныс берді десем қателеспеспін. Интертекстпен жазу, құрылым бұзу, оқырманмен ойнау, шарықтау шегі асқақтамайтын, шешуі жоқ шығармалар оқырман үшін жаңалық деп ойлаймын. "Оқырманмен санасу керек пе, жоқ па?" – деген сұрағыңызға осылай екіұшты жауап берейін. Алайда, "Былай жазсам оқырманға түсінікті болар; Оқырманға ұнар; Таң қалдырайын"– деп жазу  қате шығар. Қалай жазғың келіп тұр, солай жаз. Жақсы дүние жаза алсаң оқырманы болары хақ!

- Жалпы прозада әлеуметтік және жеке адамдық құндылықтар арқылы тұжырым жасау мақсаты болуы керек пе, әлде әдебиеттің мақсаты басқа ма? Сіздің жазудағы мақсатыңыз не?

- Әлеуметтік жағдайлар ой тудырады, тақырып болады. Шығарма автордың өзін ғана айналшықтап тұрса, оған жеке басының қыжылы мен проблемасын, тағдырын тықпаласа құндылық емес. Мұндай мақсатпен жазылған дүние – автобиография, бәлкім, естелік болар.Мен көбіне әйелдер тақырыбына барып жүрмін. Жетпістен астам әйелмен сұхбат құрып, сырлары мен тағдырларын жазып алдым. Әрқайсысы әр қилы өмір кейіпкері. Әйелдердің әлемі таңғажайып һәм құпияларға толы екені белгілі. Күрескер әйелдер өте көп, жазмышына тәуелді әйелдер одан да көп. Көзге көрінбейтін қиындықтармен арпалысып "елден ұят", "балам жетім болмасын" -деген принциппен мәнсіз ғұмыр кешіп жатқан нәзік жандылардың, аналардың статистикасы белгісіз. Қалай жазбайсың?  Сосын аталарының қызы болған соң ғибратты әңгімелер, аңыз, әпсаналар құлағыма сіңген. Жазу стилім де сол үлкендердің сөйлеу стиліне ауып тұрады. Этнографиялық жанрды ұнатамын. Этно шығарманы көп жаздым деп айта алмаймын, бала күнімде аталарымнан естіген аңыз бар еді, "Қасқыр емген кейуана" атты хикаят жаздым. Бұл прозам "Жетісу көктемі" республикалық әдеби конкурсынан бас жүлдені еншіледі. Мұндай дүниелерді рахаттанып отырып жазамын.  Соған қарағанда, мақсатым – дәстүрді жазу шығар.

- Жақында оқырманды нендей жаңа дүниемен қуантпақшысыз?

- Жаңа айтқанымдай, мұғалімдік пен жазушылықты қатар алып жүру өте қиын. Қырықтан астам әңгіме, төрт повесть жазыппын. Оннан астам прозам аяқсыз тұр. Жазып жүріп, басқа саланың қауырт шаруаларына тұмсығыңды тығып алғанда, әсеріңнен айырылып, суып қаласың. Уақыт ұзаған соң кейіпкер де жатсынып, қашып, жуымай қояды. Сосын басқа дүние  бастайсың. Ол да қалады. Күйім мен күйігім осы. Десе де, жаңа повесть жазып жатырмын. 

- Әдебиеттің дамуына кедергі болатын факторларды атап көріңізші. 

- Әдебиет үшін трайбализм, бақталастық, тамыр-таныстық қауіпті. Бұл шын жүйрікті танып, таңдауға кедергі. Әдебиет біртұтас ұғым дегенімізбен, ішінара топқа, жікке бөлініп алу бар екенін бәріміз білеміз. “Қандастар”, “жерлестер”, “руластар” болып жіктеліп алады. Оның үстіне  біз қандастарды, қандастар бізді жатырқап жататыны тағы бар. Жергіліктілер жетпіс жылдан астам уақыт орыстың отары болған соң түсінігіміз де орысшалау. “Жоқ, мен туған ауылда орыс болмады, таза қазақы ауылда өстім” деп уәж айтатындар табылса да, психологиямызға  бодандық нышаны сіңген. Сөз арасына орыс тілін іле сөйлеу – әдетіміз. Қандастар осыдан жерінеді. Қысқасы, әдебиетте ғана емес, өмірдің өзінде әзірге сіңісіп, біртұтас қазаққа айналып, бір жүректей соғып кете алмай жатырмыз. Қазақ кешкен қилы тағдырдың салдарын күні бүгінге дейін тартып келеміз.  Бізде онсыз да калька көп еді, әр жақтан әкелген диалектілермен араласып, әдеби тіл нормасы бұзылды. Ең бай, шұрайлы қазақ тілінің тағдырына алаңдаулымын. Калькалар мен өңірлік сөздерден қашан арыламыз? Қашан қазақ тілінің күрмеуі шешіледі? Кім шешеді? 

- Қаламгерді қолдау дегенді қандай түрде көргіңіз келеді?

- Бұрынғыдай газет-журналдан, шыққан кітабыңнан оқып қана танитын кез емес қой қазір. Әлеуметтік желілерде отыратын көпшілік бірін-бірі оқып, біліп, танып жатады. Тым жақсы жазатын ақын, жазушылар да, олардың оқырманы да бар. Оқырмандар арасында танымал ақын, жазушылар да көп. Бірақ, көбінің кітабы жоқ. Кітап шығаруға қаражаты жоқ. Мына тұрған Ресейдің өзінде әдеби клубтар мен баспалардың ұзын саны жүзге жетіп жығылады екен. Қаламгермен контрактіге отырып, кітабын шығарып беретін баспалар бізде тым аз. Олардың өзі көбіне атағы бар, ақшасы көп адамдардың кітабын шығарып жатады да, жастар мен жағдайы келмейтін ақын, жазушылар тасада қалады. Егер баспалар осындай қаламгерлерді іздеп, саралап, кітаптарын шығарып беріп жатса әдебиет үшін қолдау болар еді.

- Әңгімеңізге рахмет. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар