Бүгін қазақтың ғажап қаламгері Дидахмет Әшімханұлының туған күні. Асқақ Алтайдың тамаша табиғатын қара сөзбен жырлап өткен жазушының әңгімелері туралы әдебиеттанушы ғалым Заңғар Кәрімханның талдау мақаласын ұсынып отырмыз.
Жазушы және «Жынды жел»
Жазушы Дидахмет Әшімханұлының ең таңдаулы әңгімесінің біреуі – «Жынды жел». Бұл – сөз жоқ, классикалық шығарма. Туындыны әдеби орта да, зиялы қауым да – жалпы жұртшылық жылы қабылдады. Ең әуелі әңгіменің атауы адамды қызықтырады. Неге жынды жел?
Әдетте жынды сөзі адам сипатына тән сөз болатын. Жынды адам, жынды неме, жындысүрей сынды сөздер адамның ұнамсыз қылықтарына айтылса, автор оны табиғат құбылысына тіркестіріп, жаңа эпитет тудырған. Ал шұрайлы да бай тілімізде желдің түрлері де өзара ажыратылады. Аңызақ жел, ескек жел, қара жел, алтын күрек жел, жапырақ жел, қума жел, өкпек жел, әуір жел, үскірік жел, қазанның қара желі, терімсал, қоңыр жел, самал жел, мырза жел, жайдақ жел, майда жел дегендердің қатарында жынды жел бұрын болған емес. Демек, авторлық сөз қолданысы: «жынды жел».
Әңгімеші шалдың баяндауында «Расында, Алас тайпасының қара қазығы қатындар болады. Тайпа солардың арқасында гүлдейді, бүрлейді, іргесі мықты, керегісі кең үлкен қауымға айналады» деген сөздерде көркемдік тәсілдер молынан ұшырасады. «Қара қазық» – эпитет, «Алас тайпасының қара қазығы қатындар болады» – метафоралық құбылыс. Ал «тайпа солардың арқасында гүлдейді, бүрлейді» деу оқиға мен құбылысты үдетіп жазу тәсілі градацияға мысал бола алады. Осы сияқты келесі сөйлемдегі «төбесінен құс ұшырмайды, үнемі қолдап, қолпаштап отырады» дегенді де қосамыз.
Автор кейіпкер баяндап отырған ежелгі уақыт пен өзі қатысып отырған бүгінгі уақыттың аражігін жымдастыруға да шебер. «Бұған күлетін түк жоқ, біздің бөріктілердің ішінде де шашы ұзындары болады ғой...» деп шалдың сөзін келтіреді де, бүгінгі уақытқа ауысып, мынадай реплика жасайды: (Шал еңкейе созылып менің тақыр басымнан сипап қойған. Алақаны сап-салқын екен. Тегі ыстығым әлі қайтпаса керек).
Метонимияны әдебиет теориясының атасы Ахмет Байтұрсынұлы алмастыру деп береді. Бұлай деп бір-бірімен өзара, іштен байланысты екі құбылыстың, бұйымның, нәрсенің атын бірінің орнына бірін ауыстырып қойып жұмсауды айтамыз. Бөріктілер сөзі – метанимияға айқын мысал. Ол ер азаматтар деген сөздің орнына жұмсалып тұрғаны айтпаса да түсінікті. – Бөріктілер демекші, – дейді сосын ол. – Бұл тайпаның еркектері... деп сипаттайды. Осы тұстағы эпитеттердің қатарын көрсетуге болады: алыс таулар, қыран бүркіттер, ұшқыр тазылар, құрым киізді қоңыр үйлер, кәрі кемпір, көкшіл бел, қара топырақ, сары топырақ, көкшіл құм, жылтылдаған бірдемелер.
Бұдан кейінгі сипаттауларда, яғни «...сары топырақ үстіне шашылып түскен құм іші... жылт-жылт жымыңдайды... Жалт-жұлт жарқырайды» деу арқылы жазушы белгілі бір ойды ерекше етіп көрсеткісі келсе, сөйлемнен сөздерді алып тастап, көп нүктемен көрсеткен. Әдебиеттегі эллипсистік тәсілдің өзін автор жарқыратып қолданады. Құмның іші әуелі жылт-жылт жымыңдап, кейін жалт-жұлт жарқырағаны қызықтырмай тұрмайды. Табылған зат – алтын болып шығады.
Осыдан кейін алтын сөзін сыбырдан шуылға, төменнен жоғарыға, кішіден үлкенге, адамнан табиғатқа қарай жүргізудің де жолын тапқан.
«– Ал-тын, – дейді әуелі әзер сыбырлап. Сосын бар дауыстарымен:
– Ал-л-тын, – дейді айқайлап.
– Алты-ын! Алты-ын! – дейді тау жаңғырығып.
– Алтын! Алтын! – дейді орман-тоғай шуылдап».
Көрдіңіз бе, сатылай адамнан табиғатқа, сыбырдан шуылға ұласқанын байқаймыз. Оның үстіне бір ғана алтын сөзінің әр түрлі дыбысталуынан әр құблыстың бөлек-бөлек дабыстағаны және бар: «ал-тын, ал-л-тын, алты-ын, алтын».
Алтын көрген қатындар қоя ма, автор жазуындағы «– Жоламаңдар! Бастарыңды шабамын! – деп күрегін айбалтадай ары-бері сілтейді. – Алтын керек болса, өздерің қазып алыңдар» деумен жалғасады. Ақырып тұрған әйелдің күрегі айбалтадай дегені – теңеуге айналғаны.
«Тапқандарын... шешіп жіберіп көйлектеріне түйеді... сыпырып тастап дамбалдарына толтырады. Жайшылықта біреуінің тобығы көрініп қалса жабыла бет шымшитын олар енді түп-түгел жалаңаш қалған жарқырап. Қызаратын қатын жоқ, қымсынатын қыз да жоқ. Бәрінің көзі алтында». Бұл әдебиеттегі, прозадағы ақ өлеңге қатты ұқсады. Әйгілі Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілегі» сияқты қара сөзбен жырлаған, мұнда сөз саптау, ритм, ырғақ, төгілген тіл, жатық стиль менмұндалап тұр.
Дәл осы оқиғаның шешімі: «– Бітті! Құрыдық! Алас тайпасының басына ақыр заман келді! – деп аттан құлап түседімен» түйінделген. Бітті сөзін құрыдыққа құрық жалғап әсерлеу құрдымды білдірсе, «ақыр заман» ұғымымен оқиғаның мәнін одан ары тереңдете түседі. Еркектердің аттан құлап түсуін де екі мағынада: алғашқысында болған оқиғаға тікелей қатысты көріністен соң аттан түсу болса, екіншісі былайғы өмірде де еркектердің орны ауысып, ел билеу, басқару жолынан жаңылғанын бейнелеп тұр.
«Жер аңсаған Сарыатан» әңгімесіндегі символдар
Алтай сынды сұлу да жұмбақ жаратылыстың сырын ашуға, қатпар-қатпар құпиясын тануға талпынған жазушының бірі – Дидахмет Әшімханұлы. Жазушының «Жер аңсаған Сарыатан» әңгімесінің түпкі идеясын әркім арқалай көруі мүмкін, көбінде туған жер тақырыбын толғаған шығарма деп бағаланған екен.
Біз аталған шығармаға басқа ракурстан қарап көруге талпындық, шығарманы асықпай оқып шыққанымызда өне бойын ұстап тұратын үш негізгі тінді байқадық. Олар: ер-тоқым, мама ағаш және мойыл.
«– Аға-ау, сорладым ғой!.. Шынымен, сорлап қалдым ғой!.. Күреңқасқа ерін сындырып тастапты... – Сырттан ентіге кірген Қожық табалдырық тұсына намазға жығылғандай жүрелеп отыра кетті».
Қожықтың ер-тоқымның сынғанына қатты күйінуін автор екі жағдайда көрсетеді: біріншіден, ер сынса, жауапкер Қожықты жұртқа тастау кету қаупі туындаса, екіншіден, жолға шығар алдында ердің шағылуы ырымға жаман, жол болмайды не әлдеқандай келеңсіз іс туындайды деген ой.
Ер-тоқым – қазақ үшін, кешегі көшпелі елдің дүниетанымы үшін маңызы айрықша зат. Көне көшпелілер өркениетінің ажырамас бір бөлшегі. «Атты ер қанаты» деп білген халық үшін атқа мінген адамның қолтығына жел беріп, ұшатын құстай қанатын қомдайтын дүние осы ер-тұрман ғой. Ер – құнды қазына, ер – киелі жабдық. Бұл әңгімеде бізге кездескен алғашқы символ – ер-тоқым болып шықты.
«– Ердің қасы емес аға, екі қапталы... Ат аунағанда айырылып кетіпті... Енді мен не істеймін? Неге мінем, а?.. Сен мені тастап кетесің ғой, а?.. Жалғыз өзім жұртта қалам ба сонда?.. Жо-жоқ, өлсем де қалмаймын мұнда. Күреңқасқаға жайдақ мінсем де сенімен кетем, аға! – Салбыраған, солқылдаған аққұйқа бас енді екі бұттың арасына кіріп кеткендей еді».
Бұл жолдардан біз ерді сындырып алғанына өзін кінәлі сезінетін Қожықтың абдырап қалғанын байқаймыз. «Неге мінем», «Сен мені тастап кетесің ғой» деп сауалдар санасын қамшылаған Қожық атқа ерсіз мінетінін және мінбегенде күнде жұртта жалғыз қалатынын сезіп, жыларман болып тұр. Қазақ табиғатынан ырымшыл халық қой, алыс сапарға шығарда келеңсіз көрініске тап болса, жаман ырымға балаған. Мұны автор да: «– Өй, ынжық! Ақжол тілеп алысқа аттанғалы тұрғанда, әкесі өлгендей өкіруін бұның!.. Қалай сені мына иен тауда иттей ұлытып жалғыз тастап кетем мен?! Кешегі бір қалжың сөзге шынымен сеніп қалдың ба? Өй, ынжық! Бүйтпесең, Қожық боласың ба?!» деп, негатив күйден позитивке ауысады.
Атқа ерсіз, жайдақ міну қазіргі кезде көзге үйреншікті болып кеткені болмаса, бұл кезінде жазалаудың бір түрі есебінде қызмет атқарған. Бірақ әңгіменің контексінде жазалау емес, кездейсоқ туындаған тосын оқиға Қожықты атқа жайдақ мінуге мәжбүр етті.
«– Шүу, жануар, – деді сосын қаражалдың басын сонау биіктегі асуға қарай бұрып.
– Шүу, – деді бұның соңынан күреңқасқаға жайдақ мінген Қожық та. Екі ат құлақтарын қайшылап, желе жорта жөнелді».
Оқу барысында кездескен екінші символ – мама ағаш. Кәдімгі ауылда, жайлау мен қыстауда ат байлайтын ағаш. Кей өңірде «ат ағаш» деп аталатыны да бар. Қалай болғанда да мама ағаш сөзінің мәні тереңде сияқты.
Он шақты жыл бұрын бір баспада редакторлық қызмет істеп жүргенімізде аудармашы Кеңес Юсупов ағамызбен көп әңгімелесуші едік. Сондай бір сөйлесуде «папа», «мама» сөздерінің мағынасына қарай ауысқан. Шетелден енген сөз деген біздің пікірімізді естіген білгір ағамыз бізге қарсы уәж айтты: бұл аталған сөздер түрікке тиесілі. Сөздің ұзын-ырғасы Кеңес ағамыз «қазақ «мама ағаш», «мама бие» деп бекер айтпайды ғой» дегенге тұжырған.
Міне, сондай мама ағаш ерттеулі атына мініп, әдеттегідей аң қарауға кетіп, қайта оралғанда құлап жатады. «Күнде есік алдында сонадайдан мен мұндалап, ағараңдап тұратын үш ашалы мама ағаш жерде құлап жатыр. Қаншама жылдан бері Есберген атын байлаған мама ағаш. Қаншама жылдан бері жауынға да, дауылға шыдап келген мама ағаш. Бұған жеткен не зауал?» деп жазады автор. Ағаштың құлау себебі ары қарай диалог арқылы ашылады. Ат ағашты құлатқан Қожық болмай, Ғазиза болғанын білген Есберген «басқаша сөйлесуге» амалсыз дағдарады. Мама ағашты қайта тұрғызып қояды.
«Сол күні кешкісін күндегідей аңнан қайтқан бұл үйге жақындап қалғанда, есік алдындағы мама ағаштың қайта құлап жатқанын байқады. Бұл жолы оны кім құлатты, неге құлатты деген жоқ, Ғазизаның ишарасын айтқызбай-ақ түсінген».
Бірер күн бұрын ғана ауруынан айыққандай ашылып, жадырап сөйлескен жан жарының бақиға аттанғанын астарлайды. Алдынан шығып күтіп алар адал жары, жүгіріп шығар балақайы жоқ, соқа басы сопиып жалғыз, жалқы қалған жігітке расында да «...енді мұнда қарайлайтын адамы, ат байлайтын қазығы қалмағаны белгілі еді...»
Мама ағаштың құлауы – үйдегі бір діңгектің, турасына көшкенде отанасының меңдеген дерттен жазыла алмай, опат болғанын білдірсе, сол арқылы бір үйдің, шаңырақтың, әулеттің де оты сөнгенін ишаралайды. Біздің қазақ ат байлайтын орда болсын деп тілек тілейді ғой. Ат ағашқа ат байлау – үй екенін, үйде кісі бар екенін сездіру белгісі.
Үшінші талдайтын символымыз – мойыл. Биіктігі 10 метрге жуық, қабығы қоңыр, жапырақтары кезектесіп орналасатын, сағақтары ұзын, эллипс тәрізді, шеттері өткір ара тісті, раушангүлдер тұқымдасына жататын ағаш түрі мойылды қазақ ерте заманнан білген. Оның гүлдері майда, ақ түсті, шоғырланып төмен салбырап тұратын, жапырақшалары бес-бестен ашылатын бұталардың кәдімгі мойыл дейтұғын түрі Алтай қалың қойнауында самсап өседі.
«Дөңгелек үстелдің жанында жантая қисайып шай ішіп жатқан Есберген:
– Шіркін, қазір Бұқтырманың жағасындағы мойылдар гүлдеп тұрған шығар! – деді қапелімде. Әншейінде мұндай сөзге мән бермейтін Ғазиза со жолы:
– Осы мойылыңмен-ақ шаршаттың-ау, – деп қабағын кіржің еткізсін. Сол екі ортада екі иығы солқ-солқ етіп, теріс бұрылған күйі жаңа ғана ішкен шайын түк қалдырмай ақтарды да тастады».
Мойыл үшін көңілге кірбің түсе жаздаған бұл сюжет әңгіменің басында кездессе, екінше рет мойыл жайлы әңгіме басқаша өріледі. Ас батпай, ішкен тамағын қайта шығарып тастайтын ауыр дертті күндерінің бірінде Ғазиза мұңлықтың аз күнгі бір сергек, серпімді сәттің арасында ашылып ауыз, шешіліп сөз айтатын жері бар еді ғой. Ол күйеуіне оның өзі бара беретін, бірақ өзі естігені болмаса барып көрмеген, тек жиі естіген мойылдар өсетін Мойылдысайды түсінде көргенін айтады.
«Айтпақшы, бүгін түсімде Мойылдысайды көрдім. Өзің айта беретін әлгі Бұқтырманың жағасындағы Мойылдысай ше... Сайдың ішінде сарқырап өзен ағып жатыр екен деймін. Сен өзен жағасындағы бір түп мойылдың уылжыған қап-қара жемісін ат үстінен үзіп жеп тұр екенсің. Маған да бір сабағын әперші деп жатып оянып кеттім, – деп Ғазиза өз кесесіне үлкен қара құманнан үстеп шай құя бастады. Шынымен-ақ құйғанын құйғандай тауысып отырған секілді».
Бар мен жоқтың, сау мен аурудың, бүтін мен бөлшектің, жақсы мен жаманның, еркек пен әйелдің, адам мен табиғаттың – егіз өрімдей болған күллі жаратылыстың жалғыз дәнекеріндей болған, шіркін, мойылға қолы жетпей Есбергеннен жаннан сүйген сұлуы да, жалғыз көрген ұлы да бақиға аттанып жүре берді. Мойыл іздеп жанұшырған Есберген ең қымбат жақындарын сақтай алмады. «Әттең, мойыл! Әттең, мойылдың бір тілім қабығы!» – деп зар жылатқан жалғыз сөз миына әбден сіңіп қалған секілді. Енді күндіз-түні сол сөз есінен шықпайды, тіл ұшына қашанда «мойыл» ілігіп тұрады, қарайғанның бәрі бұған мойыл болып көрінеді.
Кейіпкер Есбергеннің ғана емес, осыны оқып отырған оқырманның да жаны шүберекке түйіліп, мойылды бірге іздесіп кеткендей күй кешері анық. Себебі бір шаңырақтың, тұтас әулеттің бар тағдыры – жалғыз ұлда, ал жалғыздың тағдыры – мойылдың бір тал қабығына ілініп тұрған жоқ па.
Халық медицинасында кәдімгі мойылдың жемістерінен жасалған тұнбалар іш өткенді қойдыратын дәрі ретінде пайдаланылады екен. Сонымен бірге гүлдерінен жасалған тұнбамен көз ауруларын емдеуге болады. Өкпе ауруларын өсімдіктің гүлдері мен жапырақтарынан жасалған тұнбамен емдесе, мойыл қабығының қайнатындысын тер шығаратын дәрі ретінде қолданады, ал тұнбасымен ревматизмді емдейді. Халық медицинасының бұл емдерін кейіпкер де, кейіпкерді «сөйлеткен» жазушы да білген болып тұр ғой.
Есбергеннің есін алған ұзақ ойлар бірінен соң бірі жалғасып, алдыңғы көргендері көмескі тартып, жаңа арнаға ауыса бастайды. «Онда да көретіні – әлгі Мойылдысай... Мойылдысайдан майысып су алып келе жатқан мойыл көзді момын қыз... Момын қызды бір түп мойыл түбінде ұрлана күтіп, ұяла қызарып тұрған жас жігіт... Тасбұлақтың сылдыры... Жас жүректің дүрсілі...»
Қазақтың ұлттық таным-түсінігінде көз туралы ұғымның алар орны ерекше. Көзді әр түрлі сипттайды және біреуінде мойыл көзді деген суреттеу бар. Ән-жырларында «мойыл көзді қарағым», «мойыл көзді жанарым» деген ұйқастар да кездеседі. Айталық, Нұрлан Мәукенұлы: «Мойыл үздің мойын созып, Мойыл көзді момақаным. Мойыл ағаш ойың сезіп, Жая түсті алақанын» десе, енді бір жырында ол: «Мойылдың дəмi – тiлiңде, Тойымның сəнi – түрiңде. Мойыл көзiңмен күлiмде, Мойындар сенi пiрiм де…» деген жыр өреді. Мойылды қыз көзімен байланыстырған келесі жыр И. Сапарбайға тиесілі: «Қарақат көз, қарағым, мойыл – жанар, Қандай жiгiт қалаулы ойыңда бар? Он сегiзге жеткенше ойын болар, Он сегiзден өткен соң тойың болар» дейді ол.
Түйіндей келе, жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Жер аңсаған Сарыатан» әңгімесінде автор қолданған түрлі астарлау тәсілдеріне назар аударуды мақсат тұттық. Мұнда Ер – ашамайға мінген баладан ауылға қараған азаматтың ат жалын тартып мінгенінің белгісі, оның сынуы, шағылуы жолға шығар алдында жаман ырым болса, Мама ағаш – қазақ халқының кісі күтіп алу, қонақ сыйлау мәдениетінің көрінісі, оның құлауы да алда болатын қайғы-қасіреттен сигнал береді, ал мойыл болса – жесе тағам, ауруға ем, дертке шипа болуынан өзге тұмса табиғаттың төл туындысы, оның табылуы – өлімнен құтылу, табылмаса – өмірлік азап пен өзіндік жазғыру болып саналмақ.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.