Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қариялар азайып бара жатыр......

10.10.2018 8879

Қариялар азайып бара жатыр...

Қариялар азайып бара жатыр... - adebiportal.kz

Алдыңғы толқын – ағалар,

Артқы толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер.

Иә, Абайдан сөз қалған ба! Заман алға озып, жыл өткен сайын қазақтың қатепті қара нардай қайраткер тұлғалары – алдыңғы толқынның қатары сиреген үстіне сиреп барады. Қазақтың қабырғалы қаламгері, Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза – тұтас бір дәуірдің қиыншылығы мен қызығына, толысуы мен тоқырауына, тәй-тәйлап аттап, нық қадам басқан тәуелсіздігіне куәсі, алдыңғы толқын өкілі еді. Шерағаң сол кезеңдердің куәсі болып қана қойған жоқ. Ашпа-жалап жүдеу тірлікте адал еңбекпен тапқан қара нанның тәттілігін, маржандай төгілген қара тердің өтеуін, жебедей зулап жалт етер жасын ғұмырдың жықпыл-белестерін қарымды қаламымен тербетіп, қалың оқырманның жан жүрегін тербетті. Қоғам өмірінің бел ортасында қызу еңбек етіп, төртінші биліктің мұздай қаруланған тұтастай бір армиясын дайындаған даңқты «қолбасшы» болды. «Шерханның шинелінен шыққанбыз» дегенді мақтанышпен айтып жүргендер болса, осы армияның «солдаттары». Мақтаныш емей, немене!

Ақиқатты айқындап жариялар,

Бара жатыр азайып қариялар.

Дауыл тұрса, бүлк етiп толқымайтын,

Бара жатыр сарқылып дариялар...

Қазақ поэзиясының заңғары Мұқағали Мақатаевтың осынау жыр жолдарына жазылған Қалдыбек Құрманәлінің әні орындалғанда ойымызға биік-биік мінберлерде, зәулім-зәулім сарайлардың төрінде күндей күркіреп, ақиқаттың ақ семсеріндей жарқылдаған Шерағаң оралатындай.

Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады,

Толқынмен толқын жарысад...

Ұлы Мағжанның әйгілі «Толқын» өлеңін айтайын деген ойымыздың ыңғайына, дәстүр жалғастығына бағыттасақ, адуын айбары шалқар айдындағы алып кемені шайқалтқан алдыңғы толқынның ізін қуар жалғасының екпіні мен биіктігі қалай болмақ? Ендеше, алып теңіздің бетін айдындыра тулап, алып жартасқа екпіндей соққан ақжал толқынның бүгінгі жалғасы жарлауытқа жасқаншақтай жетіп шылп-шылп тие ме, әлде жағаға жетпей, жыбырлай бүлкілдеп, құмыға тынши ма? Бір кем дүние.

Отандық заңнаманың зергері Салық Зиманов, қара сөздің жампозы Әбіш Кекілбай, дана сөздің даңғылы Қадыр Мырза-Әлі, тура сөздің туындай Тұрсынбек Кәкішұлы, қаһарман Қасым Қайсенов... Арғы замандағыларды айтпағанда, өзіміз дидарын көріп, құлағымыз естіген бұл қариялардың көбі сырттай қарғанда тәкаппарлық пен паңдық тұтасқандай көрінгенімен, жақындап келсең қарапайымдылық пен мейірім шуағы жаныңды баурар кеңқолтық тұлғалар еді ғой. Шерағаң да сол толқынның қатарынан еді.

Неменеге жетiстiң, бала батыр?

Қариялар азайып бара жатыр.

Бiрi мiнiп келместiң кемесiне,

Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр!

Иә, қазақтың қайталанбас дара тұлғаларының бірі – Шерхан Мұртаза да алдыңғы толқынның ізімен келместің кемесіне мініп пәниден бақиға аттанды. Бақұл болыңыз, қазақтың қадірменді абыз қариясы.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар