Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақ поэзиясының қызыл гүлі – Жанат Әскербекқызын...

19.04.2016 4939

Қазақ поэзиясының қызыл гүлі – Жанат Әскербекқызының кеші

Қазақ поэзиясының қызыл гүлі – Жанат Әскербекқызының кеші - adebiportal.kz



Кеше Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Айтмұхамбет Жанат Әскербекқызының «Бұлт болып көшеді өлең» атты әдеби-сазды шығармашылық кеші болып өтті. Оған қазақ әдебиетінің жанашырлары, ақынның өнердегі және ғылым жолындағы әріптес аға-әпкелері, сіңлі-бауырлары қатысып, шәкірттері кеш иесінің өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, жырларын нақышына келтіріп оқып берді.


IMG_9286.JPG


IMG_9277.JPG


IMG_9287.JPG


IMG_9265.JPG


Кештің шымылдығы Жанат Әскербекқызының өмірі мен шығармашылығы жөнінде түсірілген деректі фильммен ашылып, соңын ала белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың жүргізушілігімен жалғасын тапты.


«Ұлттық поэзиясының патшайымы Фариза апамыз бастаған қазақтың талантты ақын қыздарының көш керуенінде Жанат Әскербекқызының болмысы мен бейнесі ерекше көз тартады. Бүгін сіздер сол ақын Жанаттың, ғалым Жанаттың тұла бойындағы қазынасына көз жүгіртетін боласыздар. Бұл тек Жанат Әскербекқызының ғана тойы емес, бүгінде қазақ білімінің қарашаңырағы болып отырған Еуразия Ұлттың университетінің тойы десеңіздер де болады», - деді Аманжол Әлтаев кештің шымылдығын аша тұрып.


Осыдан кейін сахнаға шыққан кеш иесі Жанат Әскербекқызы жиналған қауымға алғысын айта отырып, жыр сүйер қауымға өзінің рухты өлеңдерін тарту етті.


Шара барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі атынан ақынды құттықтауға арнайы келген әдебиетші ғалым, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшысы Бауыржан Ердембекұлы сахнаға шығып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың құттықтауын оқып берді.


IMG_9266.JPG


«Ежелден адамзат баласына құтты мекен болған кенді Алтай мен қарт Тарбағатай таулары қойнауы толы қазынасымен, тіл жеткісіз әсем де тұмса табиғатымен, көне мәдениет ошақтарымен айдай әлемге танылған. Бабалардан қалған сөз асылының ұшқындары жаңа дәуірде Ұлықбек Есдәулет, Гүлнәр Салықбай, Несіпбек Айтұлы, Тыныштықбек Әбдікәкім, Нұрлан Мәукенұлы, т.б. ұлт ақындарының поэзиясында жаңаша үнмен, соны үлгімен жаңғырды. Олардың жыры ұлт руханиятының азығына айналды. Шығыста туған шоқ жұлдыздардың ішінде дара жұлдыз, аймаңдай ақын қыз – өзіңізді қазақ өнеріндегі тосын құбылыс деп білеміз. Көзі қарақты жұртшылық сізді балғын шағынан ел аузына ілігіп, «Ғарыш билер ғұмырымды», «Қаңтардағы қызыл гүл», «Көне түркілер әуені», «Қаз қанатындағы ғұмыр» және басқа да кітаптарымен көркемдік өресін танытқан нағыз интеллектуалдық поэзияның өкілі деп таниды. Сіздің жырларыңыз - таңғы шықтай мөлдір сезім мен биік парасаттың, табиғи талант пен нәзік талғампаздықтың қос қанаттасқан табысы», - делінген екен құттықтауда.


Сонымен қатар Астана қаласы әкімінің құттықтау хаты да тапсырылды.


IMG_9268.JPG


Осыдан кейін кешке Маңғыстаудан арнайы келген белгілі ақын Светқали Нұржан сахнаға шығып, Жанат Әскербекқызының шығармашылығы туралы өз ойларымен бөлісті.


«Өткен жылы 11 қараша күні Әбіш аға Кекілбайұлы өмірден озарынан тура бір ай бұрын Жанат екеуіміз сол кісінің үйіне бардық. Жанат дастархан басында отырып, сол кісіден сұхбат алды. Оның соңғы сұхбат екенін ол кезде біз білген жоқпыз. Сол жерде Әбіш ағам Жанат туралы бір пікірін айтып қалған. «Бұл – әдебиет әлеміне бес қаруы сай келген талант» деген еді марқұм Жанатты көрсетіп. Менің тілерім бойыңнан әрдайым сол бес қаруың түспесін, беліңнен шешілмесін. 2014 жылы қарлы қаңтарда Фариза апамызды мына Сарыарқаның төріне шығарып салғанымызда кешке бір теледидарда сұхбат болды. Сонда Жанаттың айтқан сөзі есімде қалыпты. «Егер амазонкалар дәуірі болғанда, Фариза апам солардың патшайымы болар еді», - деді. Ендеше мен де айтайын, егер сол амазонкалар дәуірі болғанда, сен де солардың бір сардары болар едің!» - деп атап өтті ол.


IMG_9291.JPG


Осыдан кейін сахнаға Асылзат Арыстанбек, Құралай Омар бастаған Жанат Әскербекқызының ақын сіңлілері шығып, әпкелеріне арнаған жырларын оқып берді. Соңын ала, Серікзат Дүйсенғазин, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин бастаған ақын бауырлары да апайларына арнаған жырларын көрерменге тарту етті.


IMG_9295.JPG


IMG_9298.JPG


IMG_9301.JPG


Кеш соңында оқу ордасының ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау сөзін университет проректоры, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Дихан Қамзабекұлы оқып берді. Сонымен қатар ол Жанат Әскербекқызына білім мен ғылымды дамытудағы айрықша еңбегі үшін университеттің ең жоғарғы құрмет белгісі – Л.Гумилев медалін табыс етті. Ал Жазушылар одағы атынан келген құттықтауды ақын Дәулеткерей Кәпұлы табыстады.


IMG_9305.JPG

 

IMG_9311.JPG


IMG_9313.JPG



IMG_9316.JPG


Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар