Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақ халқы Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығ...

27.01.2014 4335

Қазақ халқы Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды

Қазақ халқы Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды - adebiportal.kz
10c26569f82afac03fcb5ea3d19a3833.jpg
АСТАНА. 27 қаңтар. Бүгін қазақ халқы өзінің ұлы ақыны, қайсар қызы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды.

Ақынды соңғы сапарға шығарып салуға келген  ел билігіндегі азаматтар, депутаттар, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақынның замандастары мен үзеңгілес достары, жерлестері орны толмас қайғыға ортақтасты.

 

Қаралы жиынға келген қауымға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл –Мұхаммед Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді:
- Халқымыздың аяулы да, ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңа ортақтасып, көңіл айтамын. Фариза Оңғарсынқызы ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі еді. Оның талантынан туындаған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан жүрегін еріксіз баурап алатын. Ақын өлеңдерінен оның өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны, таң қалдырарлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуіріні айқын сезіліп тұратын. Сондықтан да, Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист, көрнекті қайраткер қызын ерекше қадірледі. Оның қоғамға сіңірген еңбегі тәуелсіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді. Халқымыздың өзіне көрсеткен зор сенімінің арқасында ол ел Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ақынның есімі ұмытылмайды, оның шығармалары әрдайым халқымызбен бірге жасай береді деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәнатта болғай.

 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
- Ұлтымыздың ұлы ақыны, халықтың музасы, қазақтың Фаризасы еді. Тірі күнінде-ақ аңызға айналған атын қалдырып, өзімен үлкен жүрегін алып кетті. Қалың жұртына ақ тілегін тастап, сол жұрты үшін қайғысын жастанып кетті. Тахауи Ахтанов ағамыз айтқандай, қызда болса ер азаматтың жүгін көтерген, бүгінгі заманның Махамбеті болды. Ақынның нұрлы бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

 

Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның Халық жазушысы:
- Біз Фариза екеуіміз бір жылы дүниеге келіппіз. Біріміз желтоқсанның басында, біріміз соңында дүние есігін ашыппыз. Біз әдебиетке қатар келдік. Бір біріміздің жазғандарымызды оқитынбыз. Ол халқының шексіз құрметіне бөленген санаулы ақындардың қатарынан болатын. Оның шығармашылық жолы құрметке толы болды. Сол жолынан таймай, мәңгілікке халқының қошеметімен аттанды. Қазақ зиялы қауымы мен халқының ықыласына бөленген ақын қызымыз қазақпен бірге жасай береді!

 

   

 

  

 

 

Ақын Фариза Оңғарсынова 23 қаңтарда 75 жасқа қараған шағында дүниеден өткен болатын. Артына өшпес мұра қалдырған ақынның әлі талай ұрпақ жатқа айтар жыры қалды. Фариза Оңғарсынованың есімі халқымен бірге мәңгі жасай береді!

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

Ғабит МАДАЛИЕВ (фото)


Қайнар көз: www.baq.kz порталы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар