Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазіргі қазақ әскерінің ерлік рухы хақында бірер с...

12.05.2024 1061

Қазіргі қазақ әскерінің ерлік рухы хақында бірер сөз 12+

Қазіргі қазақ әскерінің ерлік рухы хақында бірер сөз - adebiportal.kz

“Әскерді мың күн бағып, бір күн соғысқа сал”,- дейді қазақ. Әрине, соғыстың бетін аулақ қылсын. Елімізде тек тыныштық болсын! Мамыр айының алғашқы күндерінен республика көлемінде жауынгерліктің, әскери рухтың маршы көңілде ойнайды. Бейбіт елдің азамат қорғаушысы болған әскерилердің елеусіз де, даңқты ғұмыры экран бетіне осы кезде ғана көтеріліп, осы кезде ғана еске түсетіндей.

Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа 1992 жылдың 7 мамырында қол қойылғанынан бастап, "Алаш әскерінен" кейін араға тоқсан жыл салып "Қазақ әскері", "Қазақ сарбаздары", "Қазақ батальоны" деген, қазақ атын иемденген қазақтың төл жауынгерлік күштері өмірге келді. Содан бергі жиырма екі жылда эволюциялық жолмен Қазақстан Қарулы Күштері өз әлеуетін, ішкі әскери дайындықты үздіксіз арттырып қана қоймай, халықаралық дау-шарға ұласқан бірнеше соғыс аймақтарында, БҰҰ құрамында бітімгерлік міндеттер атқарып үлгерді.
2003 жылғы АҚШ қарулы күштерінің Иракқа басып кіруі - ирак қоғамын хаостық дәрежеге дейін жеткізді. Осы тұста "Қазбат-1" атанған қазақстандық сарбаздарынан құралған бітімгерлік күштеріміз соғыстан зардап шеккен қауіпті аймақта өз қызметтерін адал атқарып, елімізге даңқпен оралған еді.

Қазақстан Қарулы Күштерінденгі бітімгерлік бригадалардың үш түрі бар.
“Қазбриг” бітімгерлік бригадасы құрлық әскерлеріне қарасты аэромобиль әскерлері құрамына кіреді. “Қазбриг” шартты түрде “Қазбат-1”, “Қазбат-2” және “Қазбат-3” деп атауға болатын үш батальоннан тұрады. “Қазбат-1” батальоны БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысады. Ал “Қазбат-2” Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысу үшін құрылған. “Қазбат-3” – Қазбригтің резервтегі бөлімшесі.
Үш ротадан тұратын “Қазбат-1” батальонында 550 әскери қызметкер (БҰҰ стандарты бойынша) бар. Керек-жарақпен қамту мәселелерін жеңілдету үшін әр рота 170 адамнан жасақталған.
Бұл бітімгерлік батальондар қойылатын талап: олар тек физиологиялық тұрғыдан әскери операцияларға дайын болып қана қоймай, бірнеше шет тілін білуі шарт. Бұл батальондар еліміздегі әскерилер арасында элиталық әскер деп саналады. “Қазбат-1” әр жыл сайын АҚШ, Ұлыбритания сарбаздарымен жаттығу өткізсе, “Қазбат-2” ҰҚШҰ құрамындағы елдердің жауынгерлерімен әскери дайындыққа қатысады. 

“Батыр майданда сыналады” дегендей, еліміздің ер-азаматтарының жауынгерлік соғыспен емес, осындай бейбіт маневрмен сыналса дейміз. 
Соңғы жылдардағы халықаралық геосаяси ахуалдың күрделенуі Қазақ мемлекетін де ойландыра бастады. Осыған дейін әлемнің екінші армиясы атанған Ресей Федерациясының қару-жарағын тұтынып келе жатқан біздің әскерилер соғыс қуатын жоғалтқан, бәсекеге қабілетсіз ресей қаруларынан бас тартып, оның орнын шетелдің озық үлгідегі қару-жарағымен айырбастап жатыр. Ел іргесінде соғыс болып жатса, армияның қамсыз жатуы әуелі елдің тыныштығына үлкен сын. ҰҚШҰ, ШЫҰ құрамындағы неше реткі әскери оқу-жаттығуда біздің жауынгерлер өте жоғары деңгейде жауынгерлік жетістіктер көрсетіп келеді. Әскери басқару құрлымын реттеп, жаңа заман қаруымен қазақ сарбаздарын жабдықтар болсақ, ежелгі көшпендінің жауынгер ұрпақтары қазір де ешкімге дес бермесі анық. 

Біздің қазіргі әскери әлеуетімізді әлемдік мықты әскери державалармен салыстыруға келмес. Бірақ, біз өзіміздегі әскери саланың көп тұсын қанша олқысынғанымызбен, іргеге жау келсе аттандайтын - алдымен осы өзіміздің қазақ сарбаздар. Алғашқы соққыны бетпе-бет қарсы алып, шабуылға кеудесін тосатын да осы біздің қара көз ұландарымыз. Ел іргесінің бүтін, балаларымыздың ұйқысы тыныш болуы қазақ сарбаздарының қасиетті борышсы болмақ! күндіз-түні мемлекеттің шекарасын күзеткен, ел амандығының кепілі болған жауынгерлеріміздің рухы асқақ, еңселері биік болғай!

(Суретті  ChatGPT арқылы жасаған Мейіржан Әуелханұлы)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар