...Әдебиеттегі жас жазушы, жасамыс жазушы, қыз-келіншектер поэзиясы, жігіттер прозасы деп бөліп-жарып, әрқайсысына айдар тағып, соған орай пікір айтуға да келісу қиын. Шарттылықтың көкесі де осында. Бейімбет «Шұғаның белгісін», Мұхтар «Еңлік-Кебекті» жиырма жасқа жетпей жазған. Ендігі қырықтағы Талаптан, Жүсіпбек, Нұрғали, Асқар, Талғат, Мақсот сияқты, одан кейінгі Роза Мұқанова мен Айгүл Кемелбаеваны біреулер әдеби ортада жас жазушы дейді. Қайдағы жас жазушы? Олардың қалың оқырманға таныла бастағанына он жылдан асып кетті. Мен тіпті, отыздың о жақ, бұ жағындағы Дидар Амантай мен Әділбек Ыбырайымұлын да жас жазушы қатарына қосқым келмейді.
Соңғы үш-төрт жылда менің көзіме түскен, көңіліме орныққан төрт-бес қаламгер бар. Олар – «Хабар» агенттігінің қызметкері Дидар Амантай, Астанадағы бір ірі фирманың баспасөз хатшысы Әділбек Ыбырайымұлы, Думан рамазан, Дәурен Қуат және Мәдина Омарова. Мен көп есімдерді атай алмай отырмын, оған азаматтар ренжи қоймас. Дидар амантай мен Әділбек Ыбырайымұлы туралы әр түрлі пікір баршылық. Негізгі сын тілді орнымен пайдалану тұрғысынан айтылады. Екеуінде де үлкен еңбек, ой, білім, жазайын деген, осы өнердің соңына түсейін деген ниет зор. Біз ең алдымен осыған қуануымыз керек. Бірақ қазақ тілін ұқсата пайдалану жағынан екеуі де аздап сылти беретіні бар.
«Қазақ әдебиеті» биылғы жылы көктемгі бір санында Дидарды қатты сынады. Неге сынадың дегелі отырғаным жоқ, бірақ жөн-жосықты айтудың, қалай жазуды көрсетудің орнына сойылды сомдап тұрып жап-жас жігіттің маңдайынан дәлдеп тұрып ұра берсек, әдебиетімізден не қалады? Мысалы, Дидардың ойы көптеген жазушылардың ойынан үлкен. Егер тіл жағынан өзін жақсы дайындаса, түбінде Дидар әдебиетіміздің мақтанышы болуы әбден мүмкін.
Әділбек те сол сияқты.
Менің байқағаным, қазір жастарға газеттен орын тие бермейді. Анда-санда бір шығарма жарияланады, оның өзі есте қалмайды. Әділбек пен Дидар осы өнердің соңына түсті, сондықтан да өздерін мойындатты.
Дидахмет Әшімхан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы
Материал ықшамдалып алынды.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 2001 жылғы 23 қарашадағы № 47 саны
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.