Жапандағы жалғыз үй
Жалғыз үйді көргенде жапандағы
Құлазимын…бір мұңға батам-дағы…
Сонда барып оңаша тұрар ма еді,
Сарылтады ой осындай сапардағы,
Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі,
Жалғыз үйге құмармын жапандағы…
«Жалғыз ағаш жапанда егіледі,
Жапырағы жел соқса, төгіледі…»
Мұнар мұңға малынған төңірегі,
Жалғыз үй тек алыстан көрінеді…
Қара бала қараса қара жолға,
Қарап тұрып қабырғам сөгіледі…
Түсінер жан бар ма екен тегі мені,
Сұраңдаршы, сол бала не біледі…
Қарашада, қара үйде, қара бала,
Қара өлеңін тыңдайды дала ғана…
Қара талдай сарғайған жапырақпен,
Қарайлайды қарайған сағанаға…
Қарашада, қара үйде, қара бала…
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Қияны аңсап…
Қиялмен түрлене ме…
Ал мен неге құмармын жалғыз үйге,
Жетіспейтін көңілде бірдеңеге
Жету үшін…
Жетер кез бір келе ме?..
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Жалыққаным у-шудан шығар тағы,
Жабыққаным – жалғыз үй құмартады…
Жалғанған жол жүрекке …тартады ылғи,
Кетіп қалсам…
Кім маған кінә артады…
Мұңға батқан құмдағы үй мұнартады…
Жаным неге жапанды ұнатады,
Жанарыңды жасқа да шылатады…
Кешпен бірге қызарып, ойға батып,
Нұрға бөлеп оятар құба таңы…
Жаным неге жапанды ұнатады…
Ойдан кетпей осы бір күй кешегі,
Шақырады қырдағы үйге сені…
Ат үстінде тербелсең… бүлкілімен,
Дүрсілі де жүректің үйлеседі…
Кеңістіктен кеткенде бас айналып,
Тыныштықтан туған бұл күй деседі…
Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай…
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай…
Жер бетінде жүргем жоқ жетпей мекен,
Жүрегімді қойғаны-ай етпей мекем.
«Осы бір жан осы үйді аңсады-ау» – деп,
Біреу келіп неге алып кетпейді екен?..
Жүрегімді неге мұң сыздатады?..
Ізетті-ақ жан едім ғой ізгі атағы…
Ұрындым ба ұрымтал күзге тағы…
Бір білерім әйтеуір…
Бір кездері
Құмдағы үйге құлаған із жатады…
Жапандағы үй жанымды сыздатады…
ЖИДЕ АҒАШЫ
Қарап бұған күдікті күйде анасы ,
Күні бойы сыймайды үйге басы…
Жидегүлдің күнәсін арқалаған,
Жиі мұңға батады жиде ағашы…
Сүйгені үшін күйде еді сүйіп өлер…
Бәрі өткінші…
Не пайда, күйіне бер…
Саялаған…
Ал кейін аямаған,
Жидеге бұл Жидегүл жиі келер…
Өзен бойлап кететін туса өлеңі,
Қуартады енді бұл қу шелегі…
Тым тәттінің аяғы –у себебі…
Жиде куә күнәсін жуатындай
Күнікей қыз күнде оған су себеді…
Өңін демде өзгертті бүгін өмір,
Шыдайды ғой бәріне сірі көңіл…
Өсек өрті басылсын дегендейін,
Су себеді сұлу қыз күніге бір…
Үміт күтіп үйрендік өмірден біз,
Сағынышқы бөлейді көрінген күз…
Қызыл жиде төгілсе қызыл желмен,
Қызарады қызығы төгілген қыз…
Кім түсінер?…
Әзірге жүр егілмей,
Қайғы бұлтын әйтеуір түре білгей…
Сарғыш тартқан жапырақ дірілдейді
Сырғалының сыздаған жүрегіндей…
Күрсінуге ұласты күй көңілі,
Жасырады үзілген түйме мұңы…
Бақытты шақ кетті ме бастан ұшып,
Жұпар шашқан қайда әлгі жиде гүлі?…
Тойлап жүріп ұрынсаң тоңға мұндай,
Құдайым-ау, бере ме сор қалыңдай…
Қисық бұтақ желменен бұраңдайды,
Қисық біткен өмірдің жолдарындай…
Күйген асқа айналды… сүйген асы..
Сыр айтқызбай ұғар ма сыйлы ағасы…
Жиі мұңға батады Жидегүл қыз,
Гүл ашар ма енді бұл жиде ағашы?…
Тәттілік
Жүрегімді сыздатасың, өткен күн,
Құмды ауылда қалып қойды көп белгің…
Көкем менен апама еріп бардым мен,
Көк егіске көркем күні көктемнің.
Көкем алда, иығында кетпені,
Апам артта, қалар күтіп көп мені…
Қалып қойып, әрнәрсеге алаңдап,
Жүгіремін екеуіне жеткелі…
Күріштік қой, емес онда жеке бау,
Көкем маған көрінетін өте дәу…
Тұңғыш ұлды тұңғыш ерткен егіске,
Әке-шешем сонда жап-жас екен-ау!..
Жейтін жаздай бәрімізге қоректік,
Жегенелеп, қауын-қарбыз, тал ектік.
Жетіге әлі жетпесем де, еректік –
Көкке төбем жетіп жүрді сол күні,
Көкеме мен жүргеніме көмек қып…
Тәттілігі талай жырға жүк болар,
Қауынынан қауымға үлкен құт қонар…
Көкөнісін күтіп жүріп күн сайын,
Көкөрімі – менен жеміс күтті олар…
Жаздың күні Қызылқұмды қыздырып,
Жатса-дағы жатпайтынбыз біз біліп…
Бүкіл ауыл ұйықтай-тұғын тал түсте,
Үлкен жолға отырар ем үздігіп…
Қалса да артта қаншама асу, толқын, бел,
Ұмытпаймын, сол кездегі көркіңді ел…
Еркелеген қатар әке-шешеме,
Ең бақытты күндер екен сол күндер…
Үлкен жолға шығарып сап баласын,
Жемісімді көріп кетті анашым…
Көзәйнектің керек болмай көмегі,
Көкем бүгін көп ойлайды шамасын…
Сар далада сағым қуған ұл едім,
Сарылады, сағынбайды кім елін…
Оралмайды шырын күндер… білемін…
Бақыттымын дей аламын, бірақ та,
Неге менің ауырады жүрегім?..
Жетегімен көкке тартқан көңілдің,
Иә, біраз биіктерден көріндім.
Қояр емес қозған шоқтай қоңыр мұң…
Қызылқұмның ыстығына күйген ұл,
Суығына төзді талай өмірдің…
Көз алдымнан әлі күнге кетпейді,
Бетке алсам ба, сол бір әсем беткейді…
Ол жерге ешкім бүгін қауын екпейді…
Көкөністер қаптаса да көп мейлі,
Көк базарда көрдім таңдап талайын,
Көкем еккен қауынға еш жетпейді…
Бұл өмірдің ең тәттісі бала күн,
Бала күнді бақытыма баладым…
Қайда кеттің, қайта-қайта қарадым…
Қайран күндер, қайдан сені табамын?..
Тәттілік тек қауында екен қарағым…
Ащы тірлік…
Жүрегімде нала мұң…
Сыздансам да…
Сыздағанын білдірмей,
Жасыра алмай қояды айтып жанарым…
Бір-ақ сәтке оралшы сен,
Бала күн?!.
Біраз тірлік еттік біздер ел үшін,
Кейінгі ұрпақ келтірер ме кемісін…
Жылы жайда жылтыр өскен балалар,
Жылыжайдың жегенге мәз жемісін…
Балалығым, бүгін маған мұңсың тек,
Балдай қауын…
Түске кіріп жүрсің көп…
Балаларды жылда ауылға жіберем,
Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!..
Ауылға келу
Алдан шығып ауылдың өпті желі,
Көзіме ыстық көрініп кетті жері.
Дүрсілдеп кеп ентігіп тұрған пойыз,
Алып ұшқан көңілді жеткізеді…
Суы қазір кетсе де тым уланып…
Сырдың бойы көрінді сұлуланып,
Қызылқұмым саялы таудан гөрі,
Төгеді екен жаныңа жылуды анық.
Толқып тұрмын,
Көрмесем торығамын.
Заңдылыққа зарланбай жорығамын:
Сортаңына жерімнің тартты ма екен,
Кейде мына ұлыңның соры қалың.
Шыршасыз-ақ бұл өлке шырайланып,
Құла түзде құйын жүр шыр айналып.
Жүрегіме мөлдіреп құйылады
Ерте көктем ағатын лайлы артық…
Кой соңынан қорғампаз ит ереді,
Иесінің сенімін сый көреді.
Көріністен күлкілі күй келеді:
Шатақ шалдың қалай деп жүйкелері,
Шарбағына ешкілер сүйкенеді…
Қасқа жолда түйелер дымды көрмей,
Маңғаз басар бағасын шын білердей.
Көлік біткен айналып өтіп жатыр,
Сиырларды сыйлайтын үнділердей…
Көңілде мұң, қайтейін, көзімде мұң,
Қимастықты шым-шымдап сезінгенмін.
Вагон санап қоштасқан пойыздармен,
Қойшы бала қырдағы өзім дедім…
Қой баққанмен қиялы астанада
Қызықтым сол бейкүнә жас балаға…
Құмды ауылда қалдырып балалығын,
Тартады ол да күні ертең тас қалаға.
Тастап елді кетеді,
Мен де кеткем…
Әлінше әркім шаруасын дөңгелеткен…
Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,
Құм ішінде жатса да көмбе көптен…
Егіспенен басталып аңыз әні,
Ала жаздай қақтайды аңызағы.
Күннің нұрын сіңіріп күйіп өскен
Шығады ақын бұл жерден нағыз әлі…
Тірлікті айтып бітпейтін нетейін тек,
Ауыл – анам,
Кінәмді өтейін көп…
Шаршаған соң, шағынып келіп тұрмын,
Басымнан бір сипатып кетейін деп…
ӨМІР-ӨЗЕН
Арғы беттен тапқаннан соң айымын,
Күні бойы соған жету жайы – мұң…
Өзенге емес… қайғыға бұл батады…
Қайықшы шал қалдырмаса… қайығын…
Ұлы Сырдың жағасына жабысып,
Отырады кеткендей бір бағы ұшып…
Бітпейді деп бүгінменен бұл өмір,
Жұбатады толқындар да жарысып…
Қалғансырдың* қалақтай бір жігітін,
Күттіреді күндей сұлу күні-түн…
Қайықшының қабағына байлапты-ау,
Мұның барлық үкілеген үмітін…
Қырға шықса, қырына алар ел несін,
Жидырады жебей соққан жел де есін…
Көл айналған көкала үйрек қанаты,
Сусылымен басар көңіл пернесін…
Айлы түннен әуен тыңдап әрқилы,
Айкезбедей ай астында шалқиды.
Айдындағы ай сәулесін аулаумен,
Аймаңдай қыз көз алдында қалқиды…
Жетім жігіт жетілмейді деп пе едің…
Жабығады есіне алса, өткенін.
Күрсінісі күндік жерге жеткенін,
Сезеді ме тәкаппар қыз көп-көрім…
Қаттылыққа қайран жүрек көнеді,
Тәттілікті тек түсінде көреді…
Ащыкөлде өскен соң ба, бұл тірлік,
Ащылығын аямай-ақ келеді…
Қызылқұмға өте алмаған шағында,
Шағалалар жеткізбейді шағылға…
Жағалауды жағалаудан жалықпай,
Сары бала сарғаяды сағымға…
Бозарғанша ішкен кезде бозаны,
Бозбаланың өзек өртер өз әні…
Арғы бетке асырардай айқайын,
Күні бойы көкке даусын созады…
Көрінгенде көркем тоғай әр талы,
Көркеміне іңкәрлығы артады.
Талып ұйықтап кеткен кезде тал бойы
Таңғы шапақ тағы да алға тартады…
Тағдыр кімге тастай қойсын көпшікті,
Өгей ұлдай өнебойы өксітті…
Өмір бірақ… өріс аша бастады,
Қайықшы шал…
Қайынатасы боп шықты!..
Азабы мен ғажабы да тең келер,
Тіршілікке сүйген жарың өң берер.
Жаратқанның жар болғанын көрді ғой,
Жарылқасын Алла, деумен келген ер…
Шынға айналып аңсаған бар елесі,
Көрінді алдан көрікті өмір белесі…
Жағалауға келгенде қол ұстасып,
Күтіп тұрды… Ұлы Бақыт кемесі!
05 қазан 2013 жыл
*Сыр бойындағы ауыл
МҰҢ
Кең даланың кедірін,
Бұдырымен тегістеп,
Жер емген бұл ел үнін
Терең тыңдап, тегіс Көк –
Күркіреді Күн асты,
Күміс тамшы төгілді.
Інжу-маржан ризық,
Күнге күйген көкемнің,
Маңдайынан көрінді…
Күн шағылған кетпені,
Жер қыртысын аунатып,
Бейнетпен тер төккені,
Көктен нәсіп – жауды ақық.
Қызыр қонған Қызылқұм,
Ізі қалған бабаның.
Жұмағына әлемнің
Күнде жаяу барамын-
Егістіктің басында,
Әкесінің қасында,
Шайлада бір шай ішу,
Шаттығы еді баланың…
Сол күндерді еске алсам,
Жасаурайды жанарым!
Ұмытпайтын еш пенде,
Ерек сурет елдегі –
Көкте бұлт көшкенде,
Көлеңкесі жердегі –
Түйелердің керуені.
Қияға ұшу қиялмен,
Қой баққан ұл ермегі…
Қалың қамыс сыңсиды –
Естіледі Айдағы үн.
Жүрегімді шымшиды,
Мақпал самал – майда мұң…
Сол бір қызды кім сүйді…
Еске түсер қайдағың…
Қайда қалды балалық,
Қайда келдім – қайдамын?!.
Көлдің көркі – ән аты,
Көкіректі кернейді.
Көкала үйрек қанаты,
Көңіліңді тербейді…
Көп айтқанмен көріктім,
Енді қайтып ешқашан,
Көл жағалап келмейді…
Айта алмаған жан сырын,
Ақын ұлда бар ма айып?
Қайда дәурен балшырын,
Сары балаға сарғайып,
Сарсаң болған сары қыз?!.
Жаралы ғой жанымыз…
…Арқада бұл ақ боран,
Айналаның бәрі мұз…
Ал қызуын сақтаған,
Қызылқұмда әлі күз…
Көктем – өлең
Түлегендей күйге түстім түнде мен,
Шалдырған соң шалдықтырып шабыт бір.
Түрегелсем түлен түрткен түрменен,
Көктем келіп, тереземді қағып тұр…
Жазбай кетсем, жалым жидіп бір демде,
Жазалайды жайбарақат жай, тегі.
Күміс күмбір күзден күтіп жүргенде,
Қыс та кетіп барады ма, қайтеді…
Кешіккенде менің муза-періштем,
Күттім шыдап, түспесін деп сөз құны.
Көру үшін көркемдікті келіскен,
Кемеліне келу керек көз нұры.
Қыспен бірге күнімді ойлап өткен аз,
Көп өкініп отырамын. Ішім – от …
Көктем келсе, көңіл байғұс көкке мәз,
Уақыт өтіп кеткенімен ісі жоқ…
Наурыз лебі тұманды айдап басымнан,
Қанаттанып кездім бір сәт жер түбін…
Сүйіншілеп қардың құтын қашырған
Бәйшешектің ерлігіне елтідім…
Үмітіме үзеңгі арттым тыншып мен,
Тірлік көзі – көктегені көненің.
Қара талға қаптай біткен бүршіктен,
Өлең өсіп кететінін көремін!..
ЖАЗҒЫ ТҮН
Байыз тауып бар үнi,
Тынып қапты айнала.
Тыныштықтың тамыры
Бүлкiлдейдi жай ғана.
Салатұғын айдынға iз
Сап тиылған жел де тым.
Айна қылып ай-жұлдыз
Қызықтайды өз келбетiн.
Қыбыр етпей шөп басы,
Сыбыр етер үн де жоқ.
Жата кеткен тоқ басып,
Жота, беткей, жүлге кeп.
Тұрмын мен де тырп етпей,
Ырыс түнге ынта артып.
Сатырлатып жыр тeкпей,
Сары майдан қыл тартып.
Құм қойнынан құт eрiп,
Жусап жатыр қара дeң.
Айлы түннен сүт емiп,
Балбырайды бар әлем.
Сергектiктi сезiн сен,
Кeңiлiме түн ыстық.
Бiрер сәтке кeз iлсем,
Бұзылардай тыныштық...
Байыз тауып бар үнi,
Тынып қапты айнала.
Тыныштықтың тамыры
Бүлкiлдейдi жай ғана.
Бақыт туралы жыр
Бақыт деген мына сенің дәл қазір,
Бақыт жайлы жаза алмаған
шығармаң…
Мұқағали
Балдауренде қиялдауды қоймаған,
Көз талдырдым мұнаралы мұнарға…
Мен бақытты шығармын деп ойлағам,
Бақыт жайлы жазған кезде шығарма.
Шалдықтырса, шала ұйқылы түндерім,
Шақырады шаңқан сәуле бір нәзік.
Бақыт құсы қонбады ма, білмедім,
Бақыт жайлы жүрмін әлі жыр жазып…
Күнімменен күмістеліп күлкім де,
Күндей мұңды… күндер күнде өтеді…
Жалғыз ғана білетінім, бұл күнде,
Бақыт деген байлық емес екені…
Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,
Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау…
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау!.
Енді ешқайда бармаймын…
Неменеге жетісіп жиі күлем,
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Шаруа жасап жүрейін шағын ғана,
Шайтан тірлік шаршатты күйігімен…
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Құдай берген балалар, баспанам бар…
Енді қандай өмірде басқа мән бар?..
Қара шайға қайғысыз қатық та бар,
Іздегенің табылар тас қаламда әр…
Неге керек бос думан, даурықпа көп,
Өспейсің ғой өнбесті дау ғып та ерек…
Ішіп кеткің келгенмен… ішірткің – у,
Балаларға керексің…
Саулық керек!..
Желеу етіп, желікпей қаны азыңды…
Жазып жүре берсейші қағазыңды…
Құдіретті Құдайға құлшылық қыл,
Қаза қылмай бес уақыт намазыңды…
Енді ешқайда бармаймын,
Шақырмаңдар!
У ішкізіп ұйыққа батырмаңдар…
Жалған шаттық бір сәттік жарға итеріп,
Айырылу не керек ақылдан бар?..
Енді ешқайда шықпаймын,
Шақырмаңдар!
Оңаша бір күн кешіп көрсем деймін,
Даңғаза мен дақпыртқа белсенбеймін.
Жалған тірлік барлығы,
Мен сенбеймін!
Сертім осы! Сенбесең, сенсең мейлің…
Бала күнді баяғы аңсап жүрмін,
Тек ауылға бір барып келсем деймін!..
Ән аға
Шәмші Қалдаяқовқа
Жолықсаң да өмірдің қандайына,
Татымады қу тірлік таңдайыңа.
Отырардан басталған ұлы сапар,
Ән жолдарын салыпты маңдайыңа.
Тырналардай көктегі тізілді өлең,
Жүз жылдық мұң жатыр ғой жүзіңде ерен…
Жанарыңның жазуын жасырады,
Темекіңнің түтіні үзілмеген…
Асулардан әнменен асу үлгі,
Түсінбеді тасырлар тасуыңды.
Ащысынан тірліктің ашынғанда,
Ащы судан алар ең ашуыңды…
Енді сенсің – еліңнің ұран-әні,
Әуеніңе кім шыдап тұра алады?
Әлдилеген даланы әндеріңнен,
Қазақстан картасы құралады…
Махаббаттың мәңгілік жасыл бағы,
Сыр сұлуы сырын еш жасырмады…
Ақ бантикті ұмытқан Ақмаңдайға,
Ақ жаңбырдай сезімің басылмады…
Мың бұлағы Тамдының шапқылап бар,
Құйылады кеудеңе атқылап нәр.
Ақ еркенің ақ қанат арманымен
Ақ Жайыққа айналар ақ бұлақтар…
Ықыласын жүрсең де көріп көптің,
Жалғыздықты жаныңа серік те еттің…
Сыймай кеткен кезінде ел ішіне
Сыған қызбен сырласып, еріп кеттің…
Ақсұңқарға өзіңді балады ма,
Ғашық етті Қаракөз жанарына.
Іздеп өттің қаланы, даланы да…
Теріс мінез танытсаң қоғамыңа,
Теріскейдің тербелдің самалына…
Көкжиекке көгілдір көш кеткенде,
Көңіл ауып, қосылдым кештеп мен де…
Өмір – өзен…
Қайығын есіп келем,
Ес кеткенде айырылып ескектен де…
Көрікті әнің көп жерді көркем еткен,
Келем туған ауылға еркелеп мен.
Кейде сенің әніңе елтігенде,
Сөйлесемін Анаммен ерте кеткен…
Алаңсыз күн алыстап бар әдемі,
Сансыратты тағдырдың сан әлегі…
Қарапайым жер басып жүргізе ме,
Әуелетіп әкетті ән әлемі…
Айналдырып жібердің елді өлеңге,
Ұлылығын өнердің көрді әлем де…
Ән патшасы бәрінен биік болып
Ел патшасы еріксіз ерді әуенге…
Талантыңа талай ел таңдай қағып,
Бас бермей-ақ шабасың шалғайға алып…
Тұнған сезім тұла бой болғасын ба,
Есімің де кетті ғой әнге айналып…
Жасыра алар өмірдің кім шындығын,
Қадіріңді қайдан ел білсін бұрын…
Ескерусіз, елеусіз жүрген жерде
Ескерткіш боп еңселі тұрсын бүгін…
Жағасында Арыстың отырар кім?
Ойындасың жүректе оты бардың.
Оралдың ғой ән болып туған жерге
Тарқамайды тойы енді Отырардың!..
Көргенде сендей айнамды,
Құлпырып кетті күн мүлдем.
Бақыттан басым айналды,
Теңіздей толқып тұрдым мен…
Қызғалдақ теріп кетерміз,
Керемет екен кең дала!
Әлемде мынау екеуміз-
Сенімен және мен ғана!
Бөленіп нұрлы сезімге,
Бағым деп сені таныдым.
Жабығып жүрген кезімде,
Жарқ ете қалған жарығым.
Өзің деп өмір сүрем мен,-
Махаббат – өмір өлшемі.
Алланың өзі жіберген,
Тағдырым дедім мен сені.
Кездескен саған сол күннен,
Кернеді жанды шекер мұң…
Көз алмай тұрсам көркіңнен,-
Көз жұмбай мәңгі кетермін
23.05.2012
Құлай сүйгенім… қайдасың, Құралай мүсін…
Құлаған ақын көңілін сұрамаймысың?..
Қарақат көзің қадалса, қанат бітеді…
Ұмытар Асан қайғы да… сірә қайғысын…
Ай келбет ару, Күн шырай, Құралай мүсін…
Шабыт шалғанда шарықтап шабамын да айға,
Шақырады ылғи төсіне дала мұндайда…
Сен неге бәрін жаным-ау, жайып салмайсың…
Сезген соң сезім сәулесін жауабың қайда?
Жауабың қайда, жаным-ау жауабың қайда?
Өзіңе емес… Өлеңге батылы бардың,
Жүрегін түсін…
Жүдей ме ақының әр күн?
Мәжнүн боп кетпей тұрғанда шала есті шайыр…
Барлығын жиып қойғын да, шақырып алғын!..
Шалқысын әлем шайырмен… Шақырып алғын!
Шираздағы түркі аруы, табындырды мені өңің,
Бір меңіңе Самарқанд пен Бұқараны беремін…
Хафиз
Шаганэм сол, қымбаттым,
Қоштасудың қиын осы сәтінде,
Дауысыңды ең соңғы рет тыңдаттың…
Сергей Есенин
О, Теhран,
секілді әсем кілемі,
Айналасын қоршаған тау сілемі.
Алматыдан аумайды екен ажары,
Қызылқұмдай қыратының реңі,
Енді сені еске алармын үнемі,
Аруларын аялаған гүл-өңі,
Ақындарын ардақтаған жыр елі!
Парсы аруы бір қарап-ақ арбап ең,
Көз алдымда дөңгеленіп қалды әлем…
Есениннің қайтарар ем есесін,
Тілін білмей тірелдім ғой жарға мен…
Тоқтата алар енді қандай күш мұны,
Теhранның аз болғандай ыстығы,
Қымтап алған хиджабыңдай қап-қара,
Көздеріңнің өртеп жатыр ұшқыны…
Тәкаппар қыз екенсің ғой сен де аса,
Йілмессің Иран түгел толғаса.
Шапур шах та шамасына қарасын,
Шабыты зор мендей шайыр болмаса.
Хорасандық хор қызына ұнайын,
деп ойлап па ем,
енді қалай шыдайын…
Низамидің Аппағындай шырайың.
Тіл жетпесе… сезім тілсіз емес пе,
Қол да жетер…
Қолдаса егер құдайым…
Кездестік біз келелі бұл жиында,
Қызға қарау жоқ болатын миымда.
Қинады ғой қызыл тілім… қиырда.
Шардарада* шалқып өскен шайырға,
Парсы тілін біліп алу қиын ба?..
Өр ақын ем, өлеңде өзге өрнегі,
Сергелдеңге салмақсың ба сен мені…
Шарап ішіп кетер едім шарқ ұрып,
Омар hаям одан пайда көрмеді…
Парсы аруын деп ойлаған қатал кім?
Қара кеште қалың ойға батармын.
Шах Нәдірдің шашылғандай тәспісі,
Жарқырайды шамы түнгі шаhардың.
Суретші ақын сұлулыққа тойған ба,
Кірпігіңді көтер, кәне, ойланба.
Риза шахқа риза болып отырмын,
Мен келгенше пәрәнжіні жойғанға…
Бір жымиып, білдірдің сен не белгі,
Арқаланып кетемін ғой мен енді.
Жанарыңда жазылса егер жан сырың,
Тіл білмеу де… бола алмайды кедергі…
Қарамағын самайыма ақ қылау,
Жамбылда да аз болмаған шапқылау…
Көк көз ақын үшін көкте болсаң сен,
Қаракөздің қарымы одан қаттылау…
Қос қаланы сыйлай салған зор мына,
Хафиз ақын нағыз сақи болды ма…
Алматыны бере алмаймын мен бірақ,
Ташкентті ала қойғын орнына…
Түлеп тұрмын, түсіп тәтті күйге аз күн,
Біраз енді қинайды ғой бимаз мұң…
Құр сөзіңе құмартамын түсінбей,
Құрмасын жеп отырғандай Шираздың…
Бізді бірге көрсе өзгерер түр-өңі,
Сәлделінің атарға жоқ сірә, оғы…
Іздемеймін… Исфаханның анарын-
Хиджабың да жасыра алмай тұр оны…
Шексіздікке жетелейді шекер үн,
Білсең егер қазақ жыры не екенін,
Анық еді маған еріп кетерің…
Айтпай-ақ қой,
Ажарыңнан білемін,
Атың Зиба -әдемілік екенін…
Кетсем бе алып… қазақ құмар тойға аса…
Күнә емес қой… шариғатты ел ойласа…
Күткін мені,
Келер жылы келермін,
Жәннат жеңгең «виза» бермей қоймаса…
Теhран. 03.06.2010 жыл.
*Шардара – парсы тілінде «төрт қақпа» деген сөз.
20.11.2011. – бұл не дерек?
Бірдей келген күн, ай, жыл-бір керемет!
Кездеспейді дәл бұлай күндер ерек.
Осынау бір ғажайып қоңыр күзде,
Қоңыр қызбен пойызда бірге кеп ек!..
Жаратылыс жарқ еткен мүлде бөлек,
Қайталанбас сол ғажап күн керемет,
Іңкәрлықтан тұратын інжу әлем,
Келеді әлі біздерді нұрға бөлеп…
Аққуларға айтқызған аспанда әнді,
Махаббатқа жазылар дастан мәңгі.
Жәннат деген атыңды естігеннен,
Жәннаты да өмірдің басталған-ды…
Көңілім бір күмбірлі күйге оранды,
Келін күткен ойладым үйде анамды…
Түркістанға беттеген сол бір сапар,
Сезімдерге қасиет сыйлаған-ды…
Иітетін иманды санасына,
Даралығы лайық даласына,
Төрт ғаламды шарласам таппайтын қыз,
Төрт баламның айналды анасына…
Жиырмасыншы қараша!
Сыйың ба бұл?!
Керім қызға керемет қиылған ұл…
Қанат бітіп, қалықтап ұшатындай,
Құйылған- ды көңілге құйын дауыл.
Бір-ақ рет болатын бұл өмірде,
Біз кездескен бұл күнге – жиырма жыл!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.