Түн жарымында бір топ ит қала шетіне төгілген қоқысты тіміскілеп жүр. Оларды бастаған қарала қартаң төбеттің аты Орит. Ол қалай бұрылса, соңынан ергендер де сүмеңдеп, солай кетеді. Иттердің төртеуі Ориттің өз ұяластары болса да, онымен тура иықтасып қатарласпайды. Оритті сәл ғана алға оздырып қойып, өздері қалып та қоймай және озып та кетпей ара қашықтықты барынша сақтап желдіртіп жүргендері. Егер ұяластарының бірі өзінен сәл алға шықса, Орит арс ете қалады. Ондайда тұмсығын болмашы ғана алға оздырған иттің сол сәтте құты қашады. Озып кеткен төбеттің құйыршығын бұтына қысып, дереу шегінуі – бұлжымайтын заңдылық.
Ертеректе, азу тісі бүтін шағында Орит ондайларды оңдырмай жазалайтын. Аямайтыны соншалық, ондай итті тамақтан батырып тістейді де қатты сілкиді, әй-шәйға қарамай кеңірдегін орып жіберетін. Осы тәсілімен-ақ Орит тұқымдастары арасында атаққа шыққан.
«Менмін» дегендердің талайын бұрын дәл солай қан-жоса етіп, өзгелердің үрейін ұшырып тастағандықтан, төбет атаулы оның арсылын естігенде, құйыршығын тас қып қысып, қалтырап кетеді. Онымен қоймай бүкшіңдеп тұрып, бұттарын сулайды. Содан кейін қайта бас көтермей, үнемі бұғып жүреді. Төбеттердің көз құрты болған небір қабаған қаншық иттердің өзі Оритті көргенде ыңырси еркелеп, құйыршығын бұлғаңдатып, артын тосып әлекке түсетінін қайтерсің. Ал, кәнден иттердікі тіпті сорақы. Қалай дейсің ғой?
Қысқасы, дене бітімі ұсақ құртымыш кәндендер Оритті көргенде естерінен танып қалады. Ол үстінен төніп келгенде-ақ кәнден атаулы көкке қарап, төрт аяғын жан-жағына жайып тастап, шалқалап жата қалады. Бұл олардың жағымпазданған түрлері! Шыбын жандарын сауғалаудың, таланып қалудан құтылудың ең ұтымды амалы осы ғана.
Өктем төбет өзінің төрт аяғының астында «барым да, нарым да осы» деп ашық-шашық жатқан кәнденнің іші бауыры мен бұт, шат тұстарындағы әдетте көрінбей көмескі тұратын барлық дене мүшелерін түгендейді де іле-шала қайта бір рет қайыра жіті қарап шығады. Күллі сырына әбден қанық болған соң ашуы басылып, оған рақымшылық жасайды. Үрейі ұшып, әлсіз ғана қыңсылап жатқан, бойы бір-ақ тұтам бейшара кәнденді талап тастаудан Орит дереу бас тартып, үстінен аттап өтеді де өз жөніне кете береді. Пейілі түссе, артқы аяғының бірін жоғарырақ көтеріп, дыз еткізіп, сари салуы да мүмкін. Неше жерден бұдан асқан қорлық болмаса да, кәндендер үшін өздерін құтқарудың жалғыз амалы осы. Сол себептен де олар қорлық-зорлық біткеннің бәріне көнуге мәжбүр.
Бұралқы иттер көбінесе жүйрік келеді де, олар сол ұзын сирақтарының арқасында Ориттен қашып құтылады немесе алдында көрінген кез келген аулаға кіріп кетіп, бой тасалайды. Сосын, батырсынып жатып кеп абалайды. Оған ызаланған Орит жартылай ашық қақпадан зып етіп, басып кіргісі-ақ келеді. Бірақ, ауланың екі аяқты иесінен қорқады. Бірде асыранды овчарканы қуып келіп ауласында таламақ болып жатқанда әлгінің иесі шығып келіп, жұдырықтай тасты атып қалғанда басының мыңғы-дыңғысы шығып, талып түсе жаздағаны бар. Дереу есін жиып жанұшыра қашқан. Соның өзінде соңынан лақтырған тастары санына, жонына тиіп жатты. Бір тас сираққа келіп тигенде, сындыра жаздап, соның салдарын бір айдай ақсаңдап қалғаны бар. Содан бері екі аяқтылардың ауласына жоламай аулақ жүретін болған.
Шын мәнінде, Ориттің өзгелерден асып бара жатқан ештеңесі де жоқ. Егер барлық төбет күш біріктіріп жабылып таласа, Ориттің борша-боршасын шығарып тастайтыны анық. Өйткен жағдайда Ориттің қасындағы ұяластары да абалауға шамалары келмей, ай далаға өз беттерімен лағып, безіп-ақ кетер еді. Бірақ, сұқ иттер мен бұралқыларда ондай бірлік те, ұйымшылдық та жоқ.
Ал, небір асыл тұқымды мықты төбеттер байлардың ауласын күзетіп, шынжырға байланып, үруден басқаға шамалары келмей пұшайман халде тұр. Амал нешік, талай төбеттің ит ғұмыры осындай қапаста өтіп жатыр. Кейбір тоғышарлары тайыншадай болып семіріп, екі аяқты қожайындарының қойындарына кіріп алған. Ит тұқымының салтынан безіп, адамдармен бірге жатып, бірге тұрып жүр. Оларды ит санатына қоспай-ақ та қойған дұрыс.
Қарғыбауға байланған иттердің тірліктері құрысын. Бірақ өздері мәз сол өмірлеріне. Абаламақ тұрмақ, дұрыстап бір үре де алмайды. Ұлиын десе, иесінің таяғынан қорқады. Өздері қатарлас қаншық иттердің қарасын да көрмейтіндіктен, көңіл көтеру, құмар қандыру дегеннің не екенін де білмейді. Олардың арасында төбеттер басым болғанымен аракідік қаншықтар да кездеседі екен.
Әлгі иттерді екі аяқтылар қарғыбаумен тізгіндеп алып, жетектеп жүреді. Тұмсықтарына бірдеме кигізіп қояды. Не ауыз ашып үре алмайды, не бауыр жазып жүгіре алмайды. Олармен салыстырғанда бұралқы иттер әлдеқайда бақытты. Тамақ тауып жеуі қиындау шығар. Десе де, еркін жүріп-тұрады, қыл аяғы қалағанынша үріп, абалауға да жағдайы бар ғой.
Орит қазір біршама қартайып, азу тістен мәңгілікке айырылса да, арсылдаған үні сол қалпы. Ұяластары да, өзге иттер де оның арсылынан ығып, құйыршықтарын әлі күнге дейін қыса қалады. Шын мәнінде, мұндағы иттердің бәрі Ориттің шау тартып қалғанын көріп жүрсе де, азу тіс атаулыдан әлімсақта айырылғанын білмейді. Оның баяғыдай алға ентелеген жас төбеттерді арсылдап абалаған зор даусымен ғана ықтырғаны болмаса, алыса кеп түссе, таланып, жүнін жұлдырған тауықтай күлпаршасы шығатынын өзі ғана біледі. Ал, өзгелер ол жағынан бейхабар. Сыр білдірмей құр ырылдаудың, арсылдаудың арқасында ғана Орит міне, топты бастап, өзгелерден тұмсығын оздырып жүрген жайы бар.
Ориттің ұялас төбеттерінің арт жағында ежелден бірге келе жатқан жемтіктестері еріп жүреді. Олар бірақ Ориттің маңына да бара алмайды. Бар бітіретіні оның ұяластарының құйыршығын иіскеу ғана. Жемтіктес иттер тобын Алабай дейтін сары түсті төбет басқарады. Ол Ориттен әлдеқайда жас әрі азу тісі бүтін, дене бітімі де ірі төбет болғанымен, өте ұстамды, мінезі жұмсақ ит. Тым ақылдылығы оны әбден жуасытып тастағандай көрінеді. Қаптаған иттердің ешбірімен ырылдасып жатқанын көрмейсің. Оған Ориттің өзі де беталды тиіспейді, аздап қаймығатын секілді көрінеді. Өз бетімен бейтараптау жүретін, ешкімнің жеміне таласпайтын Алабайдың иттер арасында біршама шоқтығы биік төбет. Ол өзі де ешбір итке орынсыз соқтықпайды. Беталды үріп, мазаламайтын біртоғалығы тағы бар.
Жемтіктестердің соңынан онан-мұнан жиналған бұралқы иттер тобы ереді. Сұқит басқаратын бұралқылардың тұқымдары да санқилы. Іштерінде не жоқ дейсің. Көбі қиратылып, орны күрелген бұрынғы саяжайлардың жұртында қалған иттер. Арасында иелері елден көшкенде қалдырып кеткен тастандылары да бар. Бұларды басқаратын әлгі Сұқит Орит тұрмақ оның ұяластарының бірін көрсе, құйыршығын бұлғаңдатып жағымпаздануды ешқашан ұят санамайтын арсыздығы бар, ынжық ит. Өзінің үруі де біртүрлі. Қаншық иттерше шәуілдеген үні құлаққа түрпідей тиеді. Сондықтан да болар, бұралқылардың бәрі өздерінің осы бір жұғымсыздау бас төбеттерінен гөрі көбінесе Оритке жағынып, соны паналайды.
Алдына келіп құйыршықтарын бұлғаңдатып, еркелей қыңсылап, үнемі көңілін аулайтындықтан Орит те басқалардан гөрі осы бұралқы иттерді жақсы көреді. Бұралқыларға өзі жататын күркенің іргесінен әдейі орын сайлап қойған. Өзге иттердің жанкештілікпен тапқан жемтіктерін тартып алып, осыларға үлестіріп беретіні де бар. Ондағысы Орит өзін әділ әрі мейрімді төбет етіп көрсеткісі келгені болса керек. Ориттің арғы тұқымын ұяластардан емес, осы бұралқылардан таратып, оны қаңғыбастардан шыққан деп санайтын кәндендер тобы бар. Бірақ, өзара ғана қыңсылағандары болмаса, абалап үріп жеткізу қайда?! Тіпті, ол туралы ұли да алмайды. Неше жерден ит болса да жан тәтті ғой.
Иттер тобы түнімен жан-жағын тіміскілеп болып, таң бозарып ата бере өздеріне жатақ етіп алған жыраға қарай жортып бара жатқан. Анадайтын жерде қараң-құраң еткен екі сұлба көрініп, іле танауларын жас еттің иісі жарып кете жаздады.
Орит бастап, өзгелері қостап жетіп барса, қарындары беліне жабысардай ілмиген екі ит бір-бір семіз қоянды жәркемдеп, терісін ғана қалдырған екен. Орит хайуандарға тән ишарамен белгі беріп, әлгі екеуінен үріп жөн сұрай бастады.
-Сендер кімсіңдер, қайдан жүрсіңдер?
-Біз Құмай тазы деген ағайынды екі ит боламыз. Аңшы иеміз қайтыс болған соң қатыны мен бала-шағасы бізді үйлерінен қуып жіберді. Сол себептен өз бетімізбен күн көріп жүрген жайымыз бар – деді, тазының үлкені.
-Мен мына иттердің басшысы Орит деген боламын. Неге біздің мекенге баса көктеп келіп, рұқсатсыз тамақтандыңдар?
-Қояндарды қуып жетеміз дегенше осында келіп қалыппыз. Айыпқа бұйырмаңыз! – деді кішісі.
-Өйтіп құтылмайсыңдар! Қазір сен үлкен тазы менің мына Сұқит деген төбетіммен айқасасың. Жеңсең кешіремін. Жеңілсең өз обалың өзіңе!
-Ореке, біз өз тұқымдастарымызбен, яғни, ит баласымен айқасқа түспейтін әдетіміз бар еді.
-Сонда қалай? Қарсыластарың қандай жануар?
-Түрлі аңдарды ұстаймыз. Көбінесе қасқырмен айқасамыз.
-О, мынаның сөзін! Ілмиген түріне қарамай бұл қасқырмен айқасады екен. Бұл сөзіңе ит баласы сене ме? Қане ортаға шық! Сұқит қап!
Сұқит бір мәрте арс етті де бар екпінмен Құмай тазыға қарай атылды. Тазы шұғыл жалт беріп бұрылып еді, Сұқит омақа асып түсті де қаңқылдап, орнынан зорға тұрды. Алдыңғы аяғы сынбаса да қатты ауырсынған болса керек, ақсаңдап зорға келді.
-Сен неге менің Сұқитімнің аяғын зақымдадың? – деп, Орит Құмай тазыға дүрсе қоя берді.
-Мен оған тиіскен жоқпын. Өз екпінімен өзі жығылды.
-Сен орныңнан қозғалмай тұрып оны қарсы алуың керек еді.
-Олай болмайды. Мен итпен төбелеспеймін.
-Қасқырмен ғана айқасатын болдың ғой?
-Иә, солай.
-Ендеше, бәрің мына екеуін жабылып талаңдар! Көрсетіңдер, жұлқыласудың қандай болатынын, мына екі ілмиген бейшараға! – деп, Орит ақырды.
Бәрі тап бергенде Құмай тазылар зып беріп, лезде белден асып жоқ болды. Бір топ ит абаласып қуғандарымен олардың қайда кеткендерін таппай, көз жазып қалды. Сонда да топтасып үріп алға қарай жүгіре берді. Орит тоқтамаған соң олар да соның ізіне түсті. Біршама ұзап қаланың шеңберінен шығып кеткендерін аңғарғанда ғана жүрістерін тежеп, тілдерін салақтатып, шоқиып отыра бастады.
Әлі ентігі басылмаған Орит осы кезде әудем жердегі төбешіктің үстінде жайылып жүрген бір отар қойға көзі түсті. Әдетте атқа мінген шопан жүруші еді. Ондай ешкімнің қарасы көрінбейді. Қойлар еш алаңсыз жайылып жүр. Ішегі шұрылдап, қарны қатты ашқанын енді ғана сезгендей болды.
Иесіз жүрген қойлардан бірлі-жарымын ұстап жеп алып, қалаға қайтып кетсек қалай болар екен дегенді ұялас төбеттерге қыңсылап ишара білдіріп еді, олар да «табылған ақыл» дегендей үріп-үріп алды.
Топтасып алып, қойлар жайылып жүрген төбеге қарай тартты. Жақындай бергенде алдарынан еңгезедей ірі екі Маңтөбет кесе көлделең шыға келді.
-Оу, қандастар! Қайда ентелеп барасыңдар? – дегендей сұрғылт түсті төбет сұстана үн қатып үріп қойды.
-Бауырым, жол алыс, қарын аш. Бірер тоқтымен ауыз майлайық та! – дегенді ұқтырып, Орит іштей әлгі екеуінен зәресі ұшып тұрса да, білдірмеуге тырысып ақырын ғана үріп қойды.
-Олай болмайды. Қасқыр емессіңдер. Келген іздеріңмен кері қайтыңдар! – дегенді екінші Маңтөбет өктем дауыстап ырылдап ұқтырды.
Орит айбар шегуге жүрексінді. Бұралқы иттердің ішінен денесі ірілеу бір төбет ырылдап алға қарай ұмтылып еді, Маңтөбет оны мойнынан алып бір сілкіп, лақтыра салды. Оның тісі қаттырақ батып кетсе керек, ылдиға қарай домалай жөнелген бұралқының жанұшыра қаңқылдаған даусы жер жара жаздады.
Маңтөбеттің бұл ерлігінен қаймыққан иттер кері қарай бұрылып қаша жөнелді.
Қалаға жақындай бергенде, сол жақтағы әудем жерде қаптаған қара құстардың бірі ұшып, бірі қонып жүргенін Орит көрді де тура солай қарай бұрылды. Жақындағанда байқағаны – бір топ тазқарасы бар, қарақұсы мен кезқұйрығы бар алдарындағы жемтікті жанталаса шоқып жатқандары көрінді. Шауқарғалар мен сауысқандар да арасына топтаса кіргенімен оларды тазқаралар қанатымен бір қағып үркітіп қояды.
Анталаған төбеттер тұтқиылдан ырылдай келіп, жемтіктің жан жағынан бас салғанда қарақұстар дүр етіп ұшып, аспанға көтерілді. Ұялас төбеттер шабуылшылардың алды болып, жемтікке ауыз салды да жалмажан жеуге кірісіп кетті. Әлдебір тайыншаның өлексесі екен. Біраз уақыт жатып қалғанға ұқсайды. Көптің аты көп. Құстар оның етін сылып, шоқып жеп, тауысуға тақапты. Орит бір бұралқы иттің жұлып алған ортан жілігін бас салып тартып алды да шегініп барып мүжуге кірісті. Алайда, шағын жілікте тіске сыздық болатындай ет қалмапты. Құстар шоқып-шоқып түгесіпті.
Жілікті кеміруге тіс жоқ. Сүйекті жалай бергенмен ол ас болып жарытпайды. Кәріліктің азабын қойсайшы. Жемтікке үймелеген өзге төбеттер сүйек тұрмақ тасты да шайнап жіберерліктей арындары қатты. Мұның осынау мүшкіл халін өзге иттер білсе, аузында тіс қалмағаны бәріне мәлім болса, ұяластарының өзі оны басынады. Тіпті, ана бұралқы иттер де азуларын ақситып, айбар шегеді. Онымен қоймай жаман-жұтық кәндендердің өзі шәуілдеп үріп басынады. Қайтпек керек?
Ең дұрысы, аш қалмаудың қамын ойлап және өзгелерге сыр білдірмеу үшін қанша жерден тым ірілеу болса да бұл жілікті қалай да жұту керек. Тамаққа тығылмай ары қарай өтіп кетсе, кейінгісін көре жатар.
Осындай ойға келген Орит тәуекелге бел байлады да сүйекті ауызға салды. Неше жерден жас әрі бітімі шағын малдың жілігі болғанымен, не дегенмен де, ірі қараның сүйегі ғой. Ауызына зорға сыйғызып ары қарай жұтуға әрекеттенді. Кеңірдекке қарай барған соң ары қарай жүрмей кептеліп тұрып алды. Не ары, не бері жоқ. Демі бітіп өле жаздады. Бері қайтару жоқ, не болса да ары қарай сүңгіту қажет. Бар күшін салып жұтудың қамын жасады. Өлдім-талдым дегенде әупірімдеп жылжытты-ау, әйтеуір. Кеңірдегін жарып жіберердей сызып ары қарай өтіп кеткендей болды. Екі көзінен жас парлап шығып, ентіге дем алды.
Оның бұл қиналған кейпін таласып-тармасып жемтікке лап қойған ұяластары да, өзгелері де аңғармай қалды. Асқазаны толып, тойып қалғандай болды. Шоқиып біраз отырып қалды. Оған үнемі жағымпазданып жүретін Сұқит сол жағында бір асауға боларлықтай еті бар белдеме әкеліп алдына тастады. Орит етті сылып алып, шайнамай қылғыта салды.
Олар осы тойғандарын қанағат етіп, байырғы тұрақтары болған жыраға келіп жайғасты.
Арада үш-төрт күн өткенде Ориттің мазасы кетті. Әлгі зорға жұтылған ортан жіліктің шығуы қиямет қайым болды. Ішкі құрылысын түгелдей жұлып әкетердей азан-қазанын шығарып, тік ішегіне қарай таяғанда жаны тұмсығының ұшына келіп тірелгендей болады. Аласұрып, екі көзі алақтап қаңқылдай алмай қатты да қалды. Сүйекті жұтарда оны кейін қалай шығарарын ойламаса, оның зардабы ауыр болатынын Орит тым кеш ұққан еді. Ақыры, сол күйі аласұра жер тырмалап, дөңбекшіп жатып жан тапсырды.
Оның ашылып қалған аузының азудан да, тістен де жұрдай екенін көрген сұқ иттер мен бұралқылар одан бекерге қорқып, бостан босқа жылдар бойы басындырып келгендеріне көздері жетті. Соншама уақыт текке алданып, азусыз, тіссіз кәрі төбетке қор болғандарына налыған кейбірі ызаланып ырылдаумен болды. Қайсыбірі өкініштен ұлып та жіберді. Біразының зығырданы қайнап, бар өштерін ұялас төбеттерден алуды жөн көріп, тап берісті. Көптің аты көп. Ұялас төбеттерді тырп еткізбей жан-жақтан ызалана талап, әп-сәтте қызылала қанға бояды. Жеңіліп әлсіреп жатқан ұялас төбеттерге кәндендердің өзі шәуілдеп үріп, әне жер, міне жерінен тістелеп қояды. Біреулері тіпті, орнынан тұра алмай әлсіреп жатқан ұяластардың үстеріне сарып, мәз болады.
Бір топ ит ырылдасып, бірін бірі аяусыз талап жатқанда, қалалық тазалық басқармасынан тапсырма алған төрт аңшы жыраның өр жағына келіп тоқтап, иттерді көздеп тұрып, шетінен бытырлатып ата бастаған болатын.
2019 ж.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.