Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қуаныш Қожабайұлы: Мінезі тасып бара жатса Несіпбе...

08.11.2016 4104

Қуаныш Қожабайұлы: Мінезі тасып бара жатса Несіпбекті сынасын

Қуаныш Қожабайұлы: Мінезі тасып бара жатса Несіпбекті сынасын - adebiportal.kz



15033877_721141738039983_1094556353_o.jpg
Аманжол Жаңай деген ақын жігіттің "Сәлем хат" деген өлеңін "Әдебиет порталы" жариялапты. Өлең былай басталады: Оу, өзгенің қатыны, қалың қалай?" Аманжолдың өлеңі үшін мен ұялдым. Ақберен Елгезек "Өлеңдері жақсы екен. Мінезді екен" деген пікір қалдырыпты. Мен жақсы өлең оқи алмадым, мінез емес, тоғышарлық көрдім. Ақынның қарапайым пендеден айырмашылығы неде? Ақын жердегі жапырақтан үзілген өмір көреді, аспаннан бейбітшілік, ақ түсткен пәктік т. б. жалғаса береді. Сұлулықты бірінші байқайтын ақындар. Қасіретке терең күңіренетіндер де ақындар. Жалпақ жұртқа ақынның сұлулықты көре білуі, сүюі, әдемі жеткізе білуі ұнайды. Сол сұлулықтың біреуі - әйел заты. Аманжолға тұрмысқа шықпаған қыздың мынау өлеңді оқыған соң өкінетініне күмәнім бар. Босқа кеткен уақытына өкінуі мүмкін. Тұрмысқа шықпағанына қуануы ғажап емес. Жалпы, этика, мораль деген дүниелер бар. Аманжол ақынның соны білгені жөн-ау. Ал мінезі тасып бара жатса, тіліп түсетіндей өлең жазсын. Өзінің "поэт песенник" деген атағы аздай, артына бір топ сондай ақын қалдыруға талпынып жүрген Несіпбекті сынасын! Эпиграмма жазсын, арнау жазсын, әйтеуір мінезін көрсетсін соған. Ал, әйелге мінез көрсету кімнің қолынан келмейді? "Қатын" деп кім ақыра алмайды? Мінезі әйелге емес, еркекке көрсету керек, жаулассаң жігітпен жаулас! 
Қазір біреуден "Жәңгір хан кім?" деп сұрасаң Махамбеттің 
Хан емессің, Қасқырсың, 
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын! - деген төрт жол өлеңін айтып береді. Бүгінде Оралдың қақ төрінде Жәңгір хан атындағы университет бар екендігі, оның қазаққа көмектесу жолын басқалай таңдағандығы, медресе ашқандығы туралы айтылмайды. Неге? Кім кінәлі? Ешкім кінәлі емес. Жәңгір Хан дуалы ауыз, мінезді Махамбеттің қаһарына ұшырады. Болды. Ақын құдіреті осында. Ақынды халықтың басына көтеретінінің мәнісі де осы. Дулат пен Жаяу Мұсаның өлеңдеріндегі Шорманның балалары, Барақ сұлтан секілді кейіпкерлер жаман болмаған. Бірақ олардың бүкіл ісін ақынның бір шумақ жыры шайып кетті. Сәкен "Өзге сөздің патшасы - сенің сөзің, Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол" дейді. Сөз құдіретін түсінетіндер біліп жүрер. Ешкім "ақын боламын" деп ақын болмайды. Көкірек көзі бірдеңені көрген соң, жүрегі сезген соң шығарады өлеңді. Бірақ сол өлеңді жеткізу тілдің ісі. Сондықтан "тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін" өлең шығара білу керек. Замандасыма Абай мен Мағжан секілді әулие бол деп отырған жоқпын. Ұқсап баққанның айыбы жоқ деген дүние менің пікірім!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар