Әңгіме
Ай айналып, кібіртіктеп күні жеткен келіншегімнің босанғанына бүгін бесінші күн. Әке болып әлем тапырық күй кешкеніме бесінші күн. «Қыз деген: бетімнің қызылы, үйімнің қызыры» дейтін бұрынғылар, біздің де үйдің табалдырығынан Қызыр бабаның енгеніне бесінші күн. Жасы жетпістен жылжыған әкемнің «Кенжемінің кішкентайын көрдім» деп Тәңірге шүкіршілік айтқанына да бесінші күн. Мынау қара шаңырақта іңкәр дүниеге келіп іңгәлаған нәрестенің үні естілгеніне де бесінші күн. Әке–шешенің қадірін түсініп, «бес күндік мына жалғанның» мәнісін ұққандай болғаныма да бесінші күн.
Табанымнан тозып, қара санымның қалжырағанын сезбей бесік іздегеніме дәл бүгін бесінші күн...
Әлқисса... Бәрін басынан бастайын...
...Қысып тұрған қыс аяқталып, ылға–жылғаны ылай–батпаққа толтырып көктем басталғанда, соңғы күндері әр қадамы қыбырлаған, жүрісі жыбырлаған келіншегімді «жедел жәрдем» перзентханаға жеткізді. Таң мезгілінде жұмысқа тұрып кеткеннен кейін шешем хабарласып: «Келіннің толғағы басталды. Бірінші перхентханаға апара жатыр» деді. Осы хабардан соң қайдан жұмысың жүрсін. Бір сағаттай телефонымның бетіне телміріп отырдым да келіншегіме хабарлассам: «Бізді жаңа ғана екінші перзентханаға әкелді» деді ыңқыл–сыңқылы көбейіңкіреп. Бір әредіктен кейін қайыра шешем қоңырау шалды да: «Келінді үшінші перзентханаға орналастырды» деген соң, «Ой, шеше–ау, қаладағы барлық емханаларды адақтап жүрсіздер ме?» десем. «Иә, мына тұқымың өскірлер танысың болмаса бірден перзентханаға орналастырмайды екен ғой» деп еңіреп тұр. Жақында әйелі босанған бір әріптесім: «Перзентханадағы дәрігерлермен алдын ала әмпей–жәмпей болып алмасаң «анда бар, мында кел» деп қан қақсатады» деген. Соның айтқанындай «көресінді» содан көріп, бармағымды тістеп, санымды сабаладым...
Ол күні ешқандай хабар болған жоқ. Екінші жартың емханада жатса сенің де есікке қарай ентелеп, елеңдеп, елегізетінің анық жай. Түні бойы ерекше сезім бойды билеп, «толғатып» жатып ұйықтап кетіппін.
Ертесі күні таң сәріде жеңешем сүйінші сұрап бір үйлі жанды сүйінтіп тастады. Енесі екі жағына сөмкесін еңсеріп келіні мен немересіне жүгірді. Атасы Алласына тәубасын айтып үйде қалды. Басымыз бақыттан айналып, шаттықтан шадыман болып, біз де кеңседегі жұмысымызға зыттық. Зытқанда былай болды. Жеңгем хабарласқаннан кейін туған–туысымыздан сүйінші сұрап бөгеліп қалыппын. Жұмыстан бастықтың орынбасары қоңырау шалмасы бар ма?! «Неге кешігесің?» деген сұрағына:
– Басеке–е–е – деп даусымды сәл созыңқырап, көпіртіп көпшікті сала қойдым да – мен сәл–пәл кешігіп барам. Келіншегім босанып... Әке атанып жатырмын – дедім бар қуанышымды жасыра алмай. Дәл осы сәтте төр үйде отырған әкем ақырып қалды:
– Қайдағы әке? Оттапсың! Ол менің балам! Балажан болғанын қарашы мынаның?! – деп тағы бірдеңелерді бастырмалата жөнелді. Қалғанын естуге қауқарым жетпей тас жұтқандай тілімді тістеп, тұра бездім. Баланың тұңғышы қашаннан ата баласы екенін баяғыдан білетінмін. Біздің шаңырақтағы үлкен ағамды әкем бертінге дейін «Оның жөні басқа, жолы бөлек. Ол үлкендердің баласы» деп отыратынын тарс есімнен шығарған өзіме де обал жоқ.
Келіншегім екеуміздің ойымызда бұрыннан бар нәрсе нәрестемізді кәдімгі қазақы бесікке бөлеу еді. Үйдегі үлкендер жағына ойымызды сездіргенде, «мейілідеріңе сай пейілдерің ғой, тек бесікті кішкентай аман–есен туғаннан соң іздерсіңдер» деген–ді. Таңертеңгі хабардан соң таныс–тамырдың бәріне қоңыраулатып бесік іздей бастадым. Дәл бүгінгі күнге дейін бірі де қатындары қалжа жеп, балалы болмағандай бастарын шайқап, ойдағы дүниемді бірінен таба алмай әбден дал болдым. «Жақын жегжат–жұрағаттан шығып қалар» деп аса мән де бере қоймадым.
Кешкісін үйге келсем, маңымыздағы араласатын көрші–қолаң, әулетіміздің туыс–туғандары түгел жиналып алып гуілдеп отыр екен. Іздеп жүрген бесіктің жайын әкем айтса керек, үлкен дастарханның бұрышында отырған кетік тіс кемпір:
– Балам, бесік таба алдың ба? – деді. Мен үнсіз ғана басымды шайқай салдым.
– Оны несіне іздеп әуре боласың, арбаға жатып та талайлар арыстай азамат болып өсіп жатыр ғой – деді тағы да көрші кемпір. Шешем сөзге араласты.
– Балалардың дегені болсын. Кішкентайдың асты құрғақ болса, ұйқысы тыныш қой – деді көршімізге қарсылық білдіріп.
– Әй, соның қажеті мен пайдасы шамалы. Біздің үйдегі немерелердің барлығы әлгі анау орыстың ойлап тапқан ақ дамбалын киіп–ақ өсіп–өнді. (Ол кісіге бәрі орыс, айтпағы баланың дәретін сіңіріп алатын шетелдіктер ойлап тапқан жөргек еді) Сондықтан, шырақтарым, бесік іздеп қайтесіңдер?! Келіннің ұйқысы тыныш болсын десеңдер, бесік керек емес. Баланың бұтына әлгі ақ дамбалды кигізеді де, бауырына басып жата береді.
– Ойбай, екеуі орталарына алып жатса, түннің бір уағында ұйқысырап жатып жаншып кетпей ме – деп шешем байғұс шар–шар ете қалды.
– Әжеміз дұрыс айтады – деді талай жыл бойы шетелде білім соңыда салпақтап жүрген немере ағамыз сөзге араласып – Заманына сай адамы ғой. Сол нәрсенің түк пайдасы жоқ. «Бесікке жатқан баланың жамбас сүйегі орнына түспей, өскенде талтақ болып бітеді» деп ғалымдар айтып жүр. Миы шайқалады дей ме, тағы бірдеңесі бар...
– Шайқалса мынаның – деп әкем иегімен мені нұсқады – сенің миың шайқалмай ма, әке–шешең қырық жылға тарта құрық сүйреткенде барлығыңды сол бесікте өсірген. «Ғалымдарың да, залымдарың да» көки бермесін көп...
Әкемнің қатуланып сөзге араласқаны барлығының аузына құм құйды. Жиналғандар қайдағы–жайдағыны айтып қауқылдасып біраз отырды да, тарап кетті.
Ауылдағыдай емес, қалада тұратын адамдардың тірлігі біртоға болып келеді. Жер үйлерде тұратындардың өзі алғашқы жылдары биік–биік дуалмен қоршалған үйде тұратынына үйренісіп кете алмай тордағы бұлбұлдай зықысы шығады. Біз секілді қаланың шетінде тұратын сондай көршілеріміздің бірі былтыр ғана ауылдан жалғыз қызының қолына көшіп келіп, енді ғана темір қоршауда тұруға еті үйреніп келе жатқан Ақбөрте дейтін көрші әже еді. Ертесі күні сол келді.
– Ой, Аллай–ай ауылда тұрғанда жақсы хабарды да, жамантты да лезде естуші едік. Мынандай сүйіншілейтін хабарды неге айтпадыңдар? – деп кіріпі келді. Әкем мен шешем өп–өтірік жуып–шаюға кірісті.
– Жаңа ғана кетік кемпірден естіп осылай кірген бетім – деп Ақбөрте үйдегілердің ыңғайсызданғанын елең қылмады. Түпкі бөлмеде оны–мұны шұқылап шығуға асықпадым. Үшеуі әңгімелесіп тәуір отырды.
– Апа, сіздерде бесік жоқ па – деді шешем әңгіме арасында.
– Е, соны жаңа, көрші кемпір айтып отырғанда ашуым да қайта қозды емес пе?
– Тыныштық па? – деді әкем.
– Сол бесік дегеннен шығады. Былтыр бар жүгімізді буып–түйіп дайын отырғанда, қаладан балалар келіп «Сіз бара беріңіз» жүкті өзіміз апарамыз дегенінде кетіп қалған едім. Әлгі, албасты неме, әулетіміздегі талай баланы тербеткен бесікті ескі үйде қалтырып кетіпті.
– Жұртта бесік қалдыруға болмайды ғой – деді әкем тағы да.
– Менің де зар қақсап жүргенім сол. «Әй бесікте жатып өстіңдер. Өздеріңе болмаса да өзге біреуге беретін едік» деп жүрмін мен. Өздеріңнің балаларың жатқан бесіктерің қайда еді? – деді Ақбөрте әже әкемнің бетіне тесіліп.
– Біздікі бар болатын. Әнебір жылы қайнымыздың келіні босанғанда алған. Содан кеше сұрасақ «Шатырда жатып қаңсып қалыпты» деп ауыздары жалпиып тұр – деді шешем шарасыздық танытып.
– Айттым ғой, бұл кейінгілер тас жүрек! Қайтіп адам болар екен шіркіндер... Еуропа есірсе есіреді, америка көшірсе көшіреді. Онда тұрған не бар құдайым–ау? Адам баласының өз дегені, бағыт–бағдар етіп көздегені болмаушы ма еді... – деп бітіп болмайтын зарын айта жөнелді.
Аралас–құраластығы жоқ жандардан сұраудың өзі біртүрлі екен. Жақында ауыл–аймақтан көшіп келген дос–жарандардың барлығына бардым. Барлығының айтатыны Ақбөрте әженің әңгімесіне туыстас болып шықты.
«Адамның жанынан өзгенің бәрі сатылатын» қара базарды да араладық. Жоқ. Осыған дейін қазақ деген ұлт болмаған секілді. «Бесік керек» десең бетіңе бедірейіп қараған сатушының түрінен үрейленіп өзің қашасың.
Ғылым мен техниканың тілінде сөйлейтін бір танысымның кеңесін көңілге медеу тұтып, дүкендердегі бесіктерді де барып көруге тура келді. Құдды бір бесік емес, робот дерсің. Баланың кіші дәрет жібергенін де, ұйықтап қалғанын, көзі бадырайып ояна келген сәтінің бәрін саңқылдап тұрып, айтады екен. Құны кеңседе істейтін мен секілді қарапайым жұмысшының төрт айлық жалақысы. Ағаш шеберханаларына барып сөйлесіп едім, «Дайын тұрған бесік жоқ. Тапсырыс берсең бір айда жасап береміз» дейді. Бір ай сарыла күтсем жас нәресте бесіктен безіп кетпей ме?!
Үшінші күн дегенде екеуін перзентханадан шығарды. Сосын біздің қара шаңырақта шілдехана басталып, арты тағы да той–думанға ұласты.
Ертесі күні кеңседегі жұмысыма бара сала, бастығымның есігін тоқылдаттым:
– Әлгі айтқан шаруа бойынша келіп тұрмын – дедім кірген бойда.
– Нендей шаруа? – деді қабағын түйіп. «Кішкентайлы болдым» деп қуантып, бесік таба алмай жүрмін, жұмыстан босатасыз ба?» – деп «ренжіткенім» бар болатын. Соны тағы қайталадым.
– Ә, сол ма еді, бәрінен сұрастырдым таппадым – деп шынын айтты.
– Мен ертең ауыл жаққа барып келсем деп едім, «екі күнге жұмыстан сұранайын» деп келдім – деп төбеден түскендей етіп тоқ еткіздім.
– Әкімнің жақында есебі келе жатыр, мұрынымыздан шаншылып жүргенімізді өзің де білесің ғой – деп бұлтақтап, бұлданып отырды да, рұқсатын берді. Үйге келе салысымен ауылда тұратын нағашы апайыма «мен бүгін кешке барамын» деп хабар бердім. Анада сүйінші сұрағанымда «осылай да осылай» деп бесіктің жайын түсіндіргем. «Алып кет» деген өзі. Сондықтан солай қарай құстай ұшпақпын.
Қаладан үш жүз шақырым қашықтағы ауылға кешкісін батпаққа батып әрең жеттім. Мені көрген бетте көзі шарасынан шығардай бақырайып:
– Мына жүрісің не? От алуға келгендей жүрісің суыт қой деп – жымиа салды. Күмілжіп төмен қарадым.
– Оқу оқып жүргенде әрнені сылтауратып, аунап–қунап кетуші едің – деп көптен келмегеніме ренішін білдірді.
– Бесік керек. Бар келген жұмысым сол – дедім.
– Пәленбай мың халық тұратын қалада ағаш жоқ па – деп өтірік күлген болды. Мен шынымды айтып, тағы да басымды төмен салдым.
– Е, бәрі де жарылқайтындай қалаға қашып еді осы ауылдан. Енді салтынан безіп сандалып жүр десеңші – деді қабағын түйіп. Талайдан бері ауылға соқпай кеткен балаларын да жерден алып, жерге салды. Сол сөйлегеннен нағашы апам көпке дейін сөйлеп жүрді. Мен ол кісінің сырын жақсы білем. Тоқтау салуға ұмтылғанда жоқпын. Болмай қондырды. Ертесі күні таңертең ұйқыдан ертерек тұрып, дастархан басына шайға барғанымда кешегідей емес ашуы тарапты.
– Шалға айт – деді жездесіне сәлемін жолдап – Өмірге келген сәби оның баласы болса, менің де балам. «Балапаным» деп бауырына тықпаламай, бір сәт ауылға әкеліп атажұртқа аунатып алсын – деп шығарып салуға ыңғай білдірді. Дәл кетерде, көлікке отыруға оқталып жатқан маған тағы сөйледі:
– Үбірлі–шүбірлі бол. Жалғыз баланы көкпардың лағындай тартқылай бермеңдер... Жалғыз баласы бар адамның жаны мұрынының ұшында жүреді. «Жұмыс» деп кеңсе күзетіп, қағаз кемірмей баланы көбейтіңдер, бір–бірін жетектеп ертең–ақ ержетеді. Ал, ана ақымақ шалды алдай сал. «Бала сенікі» де, қазыр қайда барсаң дәкумет сөйлейтін заман емес пе? – деп күлімсіреп келді де маңдайымнан иіскеді. Бала кезімнен таныс әрі жақын иіс танауыма жетіп, кеңірдегіме не ары емес, не бері емес бір түйін келіп, кептелді де қалды...
Мен келгеннен кейін түс қайта атасы азан шақырып немересіне ат қойды. Баланы бесікке бөлегеннен кейін, көзі жылтырап жатып алды. Келіндерінің нақышына келтіре бесік жырын айта жөнелгеніне көңілдері марқайды ма, атасы мен енесі бөлмеден шығып бара жатқанында, балаларының танауы пысылдап ұйықтап кеткен еді...
...Мен егіліп отырмын. Әке болғаныма еміреніп емес. Біз жайшылықта анау дейміз, мынау дейміз. Ал іске келгенде олақсып кетеміз. «Ғылым мен техника ғасыры» деп сөйлегенде тайпалған жорғадай тайталасамыз келіп. Байырғы бабалар салтынан, ертеде өткен мейірімді аналардың мәдениетінен тым артта қалып қойғанымызға күйінген ыза еді бұл.
Құлағымның түбінен келіншегімнің айтқан әуезді әні кетер емес.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.