Сонау бір ертеректе журналистік әуестікпен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің жиырма жасында кенші болған кезін әжептәуір зерттеп, ол жұмыс істеген «33-34-ші Сталинуголь» (кейінгі «Майқұдық») шахтасына түсіп, сол көмір бассейнінің егде еңбеккерлерімен жүздесіп, ақын өмірі туралы бірталай дерек жинап қайтқаным бар.
Оған өзінің: «Қарағанды бір қараған секілді, күйе басқан кірпіктерін сәл ашып. Сонан кейін менің қоңыр бетімді, сүйді желі күн нұрымен таласып» деп басталатын «Лава циклдары» ықпал еткен.
Зерделі оқырман Ж.Нәжімеденовтің «Ақ шағыл» романындағы Әшімгерей шалдың прототипі – автордың өз атасы Нәжімеден екенін аңғарар еді. Оның ұлы Сабыр Екінші жаһан соғысында мерт болған сәтте Жұмекен төрт жаста көрінеді. Сондықтан немересін Нәкең ақсақал тәрбиелеген.
Жұмекен өзі туып-өскен Атырау облысындағы Ашақ ауылындағы мектепті тәмәмдаған соң сонда Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ бере бастайды. Сол кезде әл үстінде жатқан Нәжімеден қарт немересін шақырып алып:
– Балам, әкең ұлдан жалғыз еді. Сен де – сол... Бірақ артыңда екі қарындасың бар... Шешелерің аман. Күндерін көреді. Бұларға қарайламай Алматыға аттан, қалайда оқы! Ештеңеге алаңдамай жолға шық! – деп жөн сілтейді.
Ауыл-аймағына сыйлы болған дана қария сөйтіп көз жұмған.
Өкінішке қарай, ата аманатымен оқуға талпынып, сол кездегі Абай атындағы қазақтың педагогика институтының филология факультетіне құжат тапсырған Жұмекен шығарма сынағынан «екілік» алып (?!), «құлайды». Әлдебір әділетсіздік болған секілді. Күтпеген жерден тауы шағылған албырт жастың Қарағандыға шахтаға кетуге бел бууына осындай жағдай себеп болған.
Ол кейін кеніште жүргенінде, сәті түсіп, қарағандылық жастармен бірге Мәскеу қаласында өткен өнер фестиваліне қатысады. Дауысы жақсы болғандықтан, көркемөнерпаздар хорының ән бастаушысы ретінде Мәскеу сахнасында Ақан серінің «Қараторғайын» шырқайды, күй тартады. (Ол домбыраны солақай ұстаған).
Сол сапар қарағандылықтар бүкілодақтық деңгейде дүбірлеп өткен әлгі өнер сайысынан жүлделі оралады.
Соған куә болған кеніш басшысы дарынды жастың бағын байламауды ойлап, жолдама мерзімі бітпесе де:
– Жұмекен, сенің орның шахта емес, консерватория екен. Қабілетіңді қор қылмай, астанаға бар! – деп жұмыстан босаттырып, жоғары оқу орнына қажетті құжаттарын дайындап береді.
Болашақ жыр жұлдызының Құрманғазы атындағы консерваторияға қабылданып, Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиев сынды ұстаздардан дәріс алып, Шәмші Қалдаяқов ссекілді жолдастарымен табысатын кезі осы тұс. Одан СССР Жазушылар одағы жанындағы Жоғары әдебиет курсын түгескен.
Кейінірек өзі: «Менің болашағыма сенген қайран көкем (Нәжімеден ақсақал) әулие ғой! Шамам келсе үмітін ақтармын!» деп отырады екен.
Жарық дүниеге жұма күні келген Жұмекеннің азан шақыртып қойған аты – Жұмаддин. Ал, Сабыр атанып кеткен әкесінің есімі – Сабыреддин. Соған қарағанда, ақынның атасы Нәкеңнің ныспысы – Нәжімеддин болуы ғажап емес.
Дегенмен, мәселе атта ғана ма. Серке ақынның «ерке» есімі жыр әлемінде Жұмекен атымен-ақ жарқырады.
Жұмекен Нәжмеденов
Ақынның зайыбы Нәсіп жеңгейдің сөзіне қарағанда, Жұмекен үйде азық азайған сәттерде анда-санда базардан мол етіп ет әкеліп беретіні болмаса, шаңырақтың күйбең тірлігіне еш араласпай, тік жүріп, тік өткен кісі.
Жасырақ кезінде жолдастарының шашын алып беретін өнері болыпты. Өзі кейде «Баяғы он алты – он жеті жасымда төрт кісі қатар тұра қалып, шағыр, қияқ шапқанымызда шалғы тартудан ешқайсы ілесе алмаушы еді маған» деп мақтанып қоюды ұнатқан. Бірақ келе-келе ондай істерге мойын бұрмай, барлық уақытын тек жазуға арнауға ұмтылған. Жекелеген көңіл жететін жолдастарымен араласып тұрса да, шақырған жерден үнемі қашқалақтайтын сияқты. Нәкең айтады:
– Ылғи жұмыс бөлмесінің есігі жабық тұрады. Шаруасына бөгет болмайық, өлеңін жазып отыр ғой деп күнұзақ тамаққа шақыруға да батпай жүреміз. Әйтсе де жас балалары әй-шайға қарамай тарсылдатып үстіне кіріп те кетеді. Сонда оның жазу жазып емес, өз-өзінен домбырасына қосылып ән салып немесе күй тартып отырғанын көресің...
Көбінесе Жүсіпбек Елебеков репертуарындағы әндерді, Балуан Шолақтың «Ғалиясын» тербеуді қалаған. Кей-кейде:
– Ал, кеттік! – дейтін сияқты қос алақанын ысқылап.
– Түсіне қоямын, – дейді Нәсіп апай. – Ол «кезекті өлең сәтті жазылып бітті, енді белгілі әнші, әйгілі «Отырар сазы» ансамбліне шаңқобызды алғаш шығарған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артисі Гүлсара Піржанованың үйіне барамыз» деген сөз. Ондайда дереу балаларды киіндіре бастаймын...
Яғни, Жұмекен Гүлекең орындауындағы кезінде эфирге көп шығарыла бермейтін халық әндерін ұзақ тыңдап, шабытына нәр алған.
– Осы әдетінен өле-өлгенше жаңылмаған ол: «Өнеріне Нұрғиса ағамыз тәнті болғанымен, шынайы бағаланбай жүргендердің бірі – осы Гүлсара!» деп өкінетін де, – дейді тағы Нәсіп жеңгей.
Жұмекеннің үлкен ермегі – балалары болған. Уақытының тығыздығына қарамастан, солардың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп отыруды ұмытпаған. Оларға өзі пионинода П.Чайковскийдің, М.Мусоргскийдің шығармаларын, домбырмен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Мағауия Хамзин күйлерін тартуды үйреткен. Қазақ, орыс ақындарының дастандарын жаттатып, зеректігін аңдағанда:
– Менің балаларымның бәрі өзіме тартқан! – деп есі шыға қуанады екен...
Несіп апамыз Жұмекеннің 1963 жылы жасатқан концерттік домбырасын ақын қайтыс болған соң он жыл бойы ешкімге ұстатпай, шаңын сүртіп қана сақтап келіпті.
Ж.Нәжімеденовтің жалғыз ұлы Мағжанға арналған:
Үйден алыс шыққанда
Екі аманат қалдырам,
Бірі – ұлым, өзіңсің.
Екіншісі – домбырам... – деген өлеңі бар.
Соны ескерді ме, әлде ұлының әке атына дайық азаматтық жасқа жетуін күтті ме, анасы бертінде ақын домбырасын Жұмекеннің өз мұрагеріне тапсыруды ұйғарады. Оның үстіне Мағжан да дәл әкесіндей тәуір домбырашы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.