Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қытайдағы қазақ қаламгері «Қазақ хандығына – 550 ж...

18.08.2016 3094

Қытайдағы қазақ қаламгері «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалімен марапатталды

Қытайдағы қазақ қаламгері «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалімен марапатталды - adebiportal.kz


Жақында Шыңжаңда тұратын белгілі қаламгер Көбен Асқарұлының кеудесіне ақын Қа­зыбек Иса «Ақ жол» партиясы мен Қазақстан тарихшылары қауымдастығы атынан «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалін тақты, - деп хабарлады «Қазақ үні» ұлттық порталы.


кытай.jpg


Ақын, жазушы, зерттеуші, журналист, ҚХР Жазушылар одағы мүшесі Көбен Асқарұлы 1938 жылы қарашада ҚХР Алтай қаласы Қыран өзені бойында дүниеге келген. Оның әкесі Асқар Татанайұлы арғы бетпен бергі бетке аты мәлім айтулы тарихшы, Шығыс Түркістандағы Алаш қайраткерлерімен тізе қосып еңбек еткен қайраткер қаламгер еді.


«Ақ жол» партиясы төраға­сы­ның орынбасары, ақын Қа­зыбек Иса бұл марапат пен қаламгер туралы өз ойын былайша сабақтады: «Өздеріңіз білесіздер, зайырлы, өркениетті елдерде қоғамдық марапаттар мемлекет ұсынатын орден-медальдардан өте бағалы, құнды болып есептеледі. Қазақстан тарихшылары қауымдастығы мен «Ақ жол» партиясының «Қазақ хандығына – 550 жыл» медалі де маңызы зор сыяпаттардың бірі. Қазір осы құрметке бөленіп тұрған Көбен Асқарұлы ағамыз – белгілі шайыр, бірнеше кітаптың авторы, кезінде «Шығыс Түркістан елінде шығатын «Шұғыла» журналын басқарған азаматтардың бірі. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бұ кісі Ер-Жәнібек атындағы жүлдені иеленді. Сол жыр додасына алты жүздей шығарманың түскенін ескерсек, алдыңғы лектен көрінген Көбен ағамыздың қалам қарымы анық байқалатын болар. Сонымен қатар, Көбен Асқарұлы асқан отансүйгіштігімен, қажыр­лы қайраткерлігімен де сыйлы қаламгер. Тәуелсіз жас мемле­кетіміздің ертеңіне қатты алаң­дайтын, ұрпақ келешегіне, ел бірлігіне жаны ашитын тірі-шежіре қартымыз».


Ал өз кезегінде сөз алған Көбен Асқарұлы: «Қазақ елі Тәуелсіздік алған сәтте қатты қуанған екі адамды көрдім. Сол екеудің бірі менің әкем еді. Сексен сегіз жас­та болатын. Ғұмыр бойы Алаш қайраткерлерімен қанаттас жүрген ол алыстағы атажұрты Совет бодандығынан дербес шыққанын естігенде есі шығып: «Мен бақытты екем. Қазағымның азат мемлекет болғанын барып көрмесем де, көңілім марқайып кететін болдым!» деп көзіне жас алды. Әкем Тәуелсіз елін көре алмағанымен, артындағы ұрпағы көрді... Қазір осында отауым бар. Марқұм әкемнің арманы орындалды деп санаймын. Міне, енді Қазақ еліндегі іргелі партиялардың бірі «Ақ жол» ұйымының жоғары марапатына ие болып тұрмын. Бұдан артық қандай құрмет болуы мүмкін. Төбем көкке екі елі ғана жетпей тұрғаны рас», - деп толқыған жан тебіренісін аса ризашылықпен жеткізді.



adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар