Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Раушан Байсейітова. Анаммен бір спектакльде ойнаға...

06.03.2018 7216

Раушан Байсейітова. Анаммен бір спектакльде ойнағанмын 12+

Раушан Байсейітова. Анаммен бір спектакльде ойнағанмын - adebiportal.kz

– Раушан апай, анаңыз өмірден өткенде ойын баласы болған екенсіз. Дегенмен ол кісі туралы ойыңызда қалған естеліктермен бөлісе отырсаңыз.

Күнделікті өмір ағымы қаншалықты өзгермелі болса, адамның көңіл күйі де еріксіз соған ілесіп отырады. Тек қана сәттілік пен қуаныш, табыс пен жетістік сыйлайтын күндер жиі кездесе бермейді. Көңілдің осындай қағажу сәттерінде серпіліс іздегендей болып, өзіңе ыстық көрінетін жайтқа жүгінетінің бар. Өзім үшін сондай қадірлі нәрсе – анамның өміріне қатысты, оның көзіне айналған заттар. Олар онша көп те емес. Бірақ былғары папкадағы сарғайған газет беттерінің, оның бейнесі әрқилы көрініс берген фотосуреттердің, қолтаңбалардың, хаттардың әрбірі оның өмірінен үзік-үзік сыр шертеді. Әрбір сөзі, әрбір қимылы, ән салғаны мен жымиғаны еміс-еміс есімде.

Мен оны «маматайым» дейтінмін. Ол кісі мен 8-ге қарай аяқ басқанымда дүниеден қайтты. Бар-жоғы жеті жарым жыл бірге өмір сүріппіз. Енді ойлап отырсам, бақытты шағым, арманым да сол жылдар екен. Бала көкірегі саңылаулы келеді ғой, не нәрсені де тез қабылдайды. Сол аз жылдардың өзі-ақ көңіліме бәрін тоқып кетіпті.

Өнер саласын таңдауыңызға анаңыздың ықпалы болған екен. Ол кісі сіздің өнерге бейімдігіңізді қалай байқады?

Әлі есімде, біздің ауланың балалары кешкісін есік алдында өз қал-қадерімізше концерт қоятын едік. Көрермендеріміз бен жанашырларымыз аз болмайтын. Соның ішінде бәріміз үшін маматайымның орны бөлек еді. Қазір сол сәттердегі анамның жанкештілігі еріксіз таңдандырады. Ойын балаларының өзіне уақыт тауып, шын пейілімен тыңдаушы, көрермен болатын. Біз де бар өнерімізді ортаға салатынбыз. Маматайымның жымия бас изеп құптауы немесе алақан соғуы барлығымыз үшін сыйлықтың үлкені еді. Ал жеті жасқа толғанымда жетелеп, би, өнер саласының үлкен маманы, хореография училищесінің көркемдік жетекшісі А.В.Селезневке ертіп әкелді. Ол кісіге: «Александр Владимирович, мына қызымның аяқ алысын байқап көріңізші. Би өнеріне бейімдеу секілді. Ыңғайы бар болса, оқуға берерміз», – деді. Сонымен бір жылдай сонда оқыдым. Анам қайтыс болған соң Мәскеудегі хореография училищесіне ауыстырылдым.

Анаңызбен байланыстырып айтатын қандай қызық оқиғалар есіңізде?

Айтпақшы, анаммен бір спектакльде ойнағаным бар. 1955 жылдары маматайым «Алтыншаш» операсында басты рөлді сахнаға алып шыққанда, спектакльде Алтыншаштың ормандағы монологы берілетін. Сол ормандағы кішкентай аңдардың бірін мен бейнеледім. Ес білгелі анам ойнаған спектакльдердің бірде-бірінен қалмаған мен үшін оның әрбір рөлі сырлы әлемдей сезілетін. «Бүгін опера сахнасына шығамын» деген күн біздің үй үшін үлкен мейрамдай саналатын. Ертелетіп жинала бастаймын. Бірақ, қанша бала болсам да, маматайым спектакльде ойнайтын күні тыныштық сақталуы керек деген қағиданы бұзбаймын. Әдеттегі тасыр-тұсыр ойынды қойып, аяғымның ұшымен жүремін. Жоқ, анам қатал емес-ті. Әсіресе мен дегенде шығарда жаны бөлек болатын. Алайда мен соны малданып, маматайымның мазасын алуды жөн көрмейтінмін.

1968 жылы анамның сүйікті операсы «Қыз Жібектің» мыңыншы қойылымы болды. Сонда мен үшінші актіде Жібектің түсіндегі Жібек рөлін билеп бердім. Қадірлі ана өнері мен өмірінің жалғасы барлығын сол кезде қатты сезінген едім. Халық үшін қызмет ету, оған қуаныш, бақыт сыйлау – анамның басты мақсаты болатын. Сол мақсат маған да ортақ.

Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар