Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Рахымжан Отарбаев: Бас пен жамбас мүжіліп, соңында...

18.11.2015 3648

Рахымжан Отарбаев: Бас пен жамбас мүжіліп, соңында ізі қалмайтын тойдың керегі жоқ…

Рахымжан Отарбаев: Бас пен жамбас мүжіліп, соңында ізі қалмайтын тойдың керегі жоқ… - adebiportal.kz

Өткен аптада тарихы тұнған өлке Ақжайықтың бойында үлкен театр тойы өтті. Ол белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың атындағы Халықаралық театр фестивалі. Бір аптаның аясында Атырау халқының дүркіретіп өткізген шарасына жазушының шығармалары, еңбектері мұрындық болды. Арнайы елордадан барған сапарымызды пайдаланып, фестиваль иесімен сұхбаттасқан едік…


– Рахымжан аға, еліміздегі соңғы ауқымды мәдени шараның бірі өзіңіздің атыңызда өткізілген халықаралық театр фестивалі болды. Бұл фестивальге тікелей сіздің шығармашылығыңыз арқау болып отыр. Шымылдығын түрген айтулы өнер мерекесімен өзіңізді құттықтаймыз.


– Үлкен рахмет.


– Кеңірек тоқтала өтсеңіз…


– Атырау облысының әкімдігі, әдебиет басқармасы жыл басынан бері қаражатын қарап: «Рахымжан, сенің бір тойыңды жасап берейік!» деп жүрді. Киіз үйді тігіп, ат шаптырып, қойдың бас-жамбасын мұжи отырғанмен артында еш ізі қалмайтын тойдың керегі жоқ. Жасасаңдар, театр тойын жасаңдар, бұл өзіміздің мәдениетке, рухани баюымызға әсер ететіні сөзсіз, менің пьесаларымды қойып жатқан театрларды шақырайық, соларды күтейік, өнерін сарапқа салсын, марапатын алсын, міне сонда біз болып, сіз болып қазақ руханиятына жасаған игі ісіміз болсын, дегенім есімде. Жақсы, -деп келісімдерін берді. Алдымызда біраз тойлар өтті. Мәселен, қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткіздік. Содан кейін, міне Атырауда Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр тойы басталды. Ұлттық театрымыздың қара шаңырағы М. Әуезов театры бастаған қазақтың он театры атсалысты. Қырғыздың академиялық драма театры, Моңғолдың Баян- Өлгей аймағынан келген театр да өнерлерін ортаға салды. Сонымен он екі театр мәреден кетіп, сөреге де жетті. Ең үлкен қуаныш – араласы-құраласы саябырсып кеткен заманда үлкен театр қайраткерлері бас қосып, пікір алмасты. Қойылған пьесалар сараптамаға салынды. Жетістігі мен кемшілігі жіліктеніп айтылды. Міне, бізге ең керегі осы еді. Өйткені, бұл жерде қазылар алқасының төрағасы болып әйгілі Асанәлі Әшімов отырды. Бүкіл елге танымал қайраткер, үлкен тұлға Есмұхан Обаев болды. Мәскеуден «Художественная литература» баспасының директоры, орыстың атақты жазушысы Григорий Пряхин, Түркиядан Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Якуб Өмероглы, қырғыздан Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі С. Одуракаев, Моңғолядан ақын Сұраған Рахметұлы арнайы келді.


– Географиялық ауқымы кеңірек болды дейсіз ғой…


– Иә, Халықаралық фестиваль болғасын қазылар мүшесінің де солай болуы шарт. Бұл өнер қайраткерлері жан-жақтан басқа театрларды көрді, ендігі мақсат осы жандардың қазақ театр өнерінің деңгейі қандай екенін саралауында еді. Мәскеуден белгілі бір театр бір пьесамды қабылдап алып, қойып жатыр. Өкінішке қарай, бұл жолы үлгермеді. Мінекей, осындай мықты құраммен келген, өнердің биігінен көрініп жүрген өнерпаздар Атыраудың топырағын аспанға бір көтеріп кетті. Қуаныштысы күніне екі спектакльден жүрді. Алты жүз алпыс орындық театрдың залына халық сыймай отырды. Бұл не деген сөз?! Бұл біріншіден, халықтың театрға деген махаббаты қайтадан оянды деген сөз. Әсіресе, жастар жағы көп. Оларды ешкім зорлап әкеліп жатқан жоқ. Аудандардан арнайы Жәңгір ханды, Махамбетті, Бейбарысты, Мұстафа Шоқайды көреміз деп ақсақалдар келді. Өйткені, бұл жалғыз театрдың ойыны емес қой. Күнде көріп жүрмегесін қала тұрғындарының, қонақтарының көкейлеріне өзге театрлардың режиссерлік, актерлік шешімдері, қабылдауы қандай болады екен деген сауалдар туындап, ойындарын көргісі келді. Себебі, өзге театрдың ойыны қашан да таңсық келеді.


– Сіздің шығармаларыңызда тарихи тұлғалардың галереясы жинақталған. Мәселен, өзіңіз айтқан Бейбарыс, Жәңгір хан, Мұстафа Шоқай, Сырым, Махамбет, Исатай, Абай… Бұл тұлғалардың бейнесін сахна төріне шығару драматург ретінде міндетім деп санайсыз ба? Әлде тарих беттерінде қалдыру парызым деп есептейсіз бе?


– Бір қызық айтайын. Сексен бесінші жылы «Жас Алаш» газетіне Мұстафа Шоқайды сол кездегі екпінмен сатқын деп жазып жіберіппін. Уақыт өте ойландым… Апыр-ай, заман ауды, қандай тұлға болғанына енді көзім жетті деп. Ұят жасаған екенмін деп уайымдап жүргенімде, Қызылорда театры, халқы Мұстафа Шоқай жайлы жазып берсең деп өтініш етті. Екі жыл толғанып жүріп, қарама-қайшы ойлардан өттім. Не керек, жаздым. Бір ауыз қағыс сөзіме үлкен кешірім сұрадым. Тарихи тұлғаларды жазу барысында мен оларды көтерген жоқпын, керісінше сол ұлы тұлғалар мені көтерді. Өйткені, Бейбарысты, Мұстафа Шоқайды, Темірбек Жүргеновты қазақ сахнасына бірінші алып шықтым. Кино өнеріндегі бейнелерін айтпаймын, әрине. Қасиетті сахнаға алып шығуым менің үлкен бағым деп есептеймін. Оларға сахнада жан бітіру менің жазушылық парызым.


Оқырмандарыңызды алда қандай жаңа туындыларыңызбен қауыштырасыз?


– Ойымда әлі де жазу керек деп жүрген біраз шығармалар бар. Мәселен, Сәкен мен Галина Серебрякованың тағдыры жайлы сыр шертетін Сәкен Сейфуллин турасында жазу үстіндемін. Бұл өте қызықты тақырып. Театрдың директоры болған адаммын, сондықтан ішкі кухнясын жақсы білем. Осыған орай арнайы «Актриса» деген пьеса жазғам. Оның кейіпкерлері, кәдуілгі театрдың директоры, бас режиссері, театр артистері, театр сыншылары. Осылардың жан дүниесіне бойладым. Осы күнге дейін он жеті пьеса жазыппын. Тағы бір пьеса жазу ойымда жүр. Ол да мына актердің немесе актрисаның, болмаса режиссердің тағдырына қатысты. Өйткені, актриса я актер ана рөлді бір, мына рөлді бір ойнап содан шыға алмай жүреді. Адамның тағдыры өзгеріп кетеді. Психологиялық тұрғыдан өз тағдырын жоғалтып алады. Көрдіңіз бе?! Астары қиын. Әрбірден соң адамзаттық проблема. Өйткені, актер тек сахнада ғана емес жер бетіндегілердің бәрі актер. Ойнайды өзінше. Олар да өздерін жоғалтып алуы мүмкін ғой. Біз дүниеге пәк, таза сәби болып келдік. Бірақ, біз неге әбден кірлеп өлеміз? Ол өзімізден, өмір сүрген қоғамымыздың кесірінен. Өтірік айтамыз, жалған сөйлейміз, алдаймыз, қомағаймыз… Осы жолда Абай айтқандай, «Көп адам дүниеге бой алдырған, бой алдырып, аяғын көп шалдырған». Біреудің аяғын шаламыз. Біреу жағымпаз болып кетті? Біреу жан үшін емес, мал үшін дос болып жүр? Не үшін? Әлди-әлдимен тудық емес пе? Міне, осы мәселені сахнадағы актер өмірімен ғана байланыстырмай астарлы түрде қоғамдағы әр қайсымыздың орынымызды көрсету жоспарымда бар. Жалпы, кез келген шығарманы, әңгімелерді, повестерді адамзаттық проблеманың бір ұшына байлап қоймаса болмайды. Көбі айтып жатады, прозалық шығармаларымды қысқа деп. Көп сөзсіз-ақ, бәрін сыйғызуға болады. Ол біраз адамның қитығына тиюі де мүмкін. Шығармаларымды оқып, «халық жауы» деп жүргендер көп. Неге десеңіз, ылғи қазақты масқаралайды да отырады, дейді. Ал менің мақсатым осы бір астарлы ойлар арқылы бойына жұқтырып алған кесапаттардан, кінәлар мен күнәлардан арылса екен деп ойлаймын. Аяғын тарта бастаса екен деп ойлаймын. Мен шығарманы аяғына дейін езіп, оқырманның ауызына салмаймын. Біздің халық «…бай болып, мұратына жеткен екен» дегенге үйреніп қалған. Әй, көке! Оқып отырған адам ары қарай ойлануы керек қой. Жанын қинау керек. Әйтпесе, фотоға түсіргендей суреттеп берсем, менің жазушылығым бес тиын. Ой салмасам, қайғы алдырмасам. Жұмекеңнің сөзі бар: «Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім, ақымақты ойландырсам деп едім». Шығармашылық адамның міндеті де сол болса керек.


– Әдебиет қайраткерлерінің тарапынан оң бағаға ие болып жүрсіз. Өнер жолында аға деп сыйлар, үлгі тұтар адамыңыз бар ма?


– Әлбетте. Әбіш Кекілбаевтан сөзді қалай қолдану керек, қазақтың сөзі арқылы өз-өзіңді қалай байыту керек екенін үйрендім. Әбіш ағаның сөз қолданысы сұрапыл ғой, ғаламат қой. Оны жасырмаймын, өзіне де айтқанмын. Ал, Әбдіжамал Нұрпейісовтен сол сөзді стильге салған кезде қалай бабына салу керектігін үйрендім. Сол Әбдіжамал ағадан көбірек үйренсем керек, өз өзімнен сөз қызғанатын дәрежеге жеттім. Мен біреуден сөз сұрайтын адам емеспін. Қазақтың қара сөзін жетік меңгерген жанмын. Бірақ, ұлы байлықты шашқым келмейді. Былапыттағым келмейді. Қадірін түсіргім, аяқ асты қылғым келмейді. Сондықтан әбден сығындап, санап қолданам. Сөз сөзге көлеңкесін де, жарығын да түсіріп тұрады, айналайын. Сөз – киелі, жанды құбылыс. Оңды-солды сапыра беруге болмайды. Сенімен қарсыласады. Сол қарсылығын жеңу керек. Қарсылығын жеңбесең жазушы бола алмайсың. Ал қарсылығын жеңдім деп, қой айдағандай айдай берсең шаруаңның біткені. Сондықтан сол киені түсірмеу керек. Дүниенің бастауында сөз тұрғанын ұмытпаған абзал.


– Дұрыс айтасыз. Ағай, өзіңіздің қаламыңыздан туған «Нашақор туралы новелла» пьесаңыз еліміздің, шет елдің сахналарында көптеп қойылды. Әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Соның бірі елордалық Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры. Премьерасын көрдіңіз. Фестивальге де қатысты. Автор ретінде қалай қабылдадыңыз? Басқа театр ұжымдарынан ерекшелегі неде? –


– Біріншіден, мен сахнаға араласпайтын, премьераға бірақ баратын адаммын. Өйткені, әр спектакльдің басы-қасында жүретін режиссер бар. Жағаласуға болмайды. Жүрегі лүпілдеп тұрған актердің талабын қайтаруға болмайды. Драматург қашан да шикі материал береді. Ал оны қимыл-әрекетке салатын, аударып-төңкеретін режиссер. Ол кәсіби маман. Сондықтан бір шығармаң әр театрда әр түрлі шешім тауып жатады. Қ. Қуанышбаев театрының бір ерекшелігі актерлік құрамның, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейінің мықтылығында. Мейлі, Тілектес ойнасын, Ақыш Омар ойнасын әр қайсысын ерекше қабылдайсың. Және бұл жерде режиссердің әдемі шешімі бар. Мойнындағы галустугы ешқашан қисаймаған жан жаны қысылғанда өліп бара жатқан баласына еріксіз наша егеді. Міне, шарасыздық… Жалғыз ұлдың жолында не істемейсің? Ең мықты шешім. Бұл театр әр қойылымдары сайын осындай профессионалдық деңгейдің жоғары сатысынан көрініп келе жатқан ұжым. «Қаллеки» театры биыл 25 маусымын ашып отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, өте кәсіпқой, мықты, қуатты, профессионалдық деңгейдегі театр ұжымы. Мұндай қасиетті шаңырақта мықты мамандар болмаса, Әзағаң арнайы келмес еді ғой. Жиырма бес жыл біреулер үшін аз көрінер… Алайда, театр үшін шежірелі, үлкен уақыт. Мерейтойларыңыз құтты болғай. Ұлттық театрдың туын қашан да биіктен желбірете берсін.


Сұхбаттасқан: Гүлім Көпбайқызы,
«Қаллеки» театрының ақпарат менеджері
namys.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар